Асылбек Байтанұлы: Есептің емес, шабыттың ақыны

Бөлісу:

01.03.2017 4578

Қазақ поэзиясында өзіндік орны бар, аға буын ақындардың бірі Серік Тұрғынбеков – өз оқырмандарын қалыптастырған қаламгер. Ақын өлеңдері мен поэмалары әлдеқашан оқ өлеңдерінде ақындық мінез бар. Серік Тұрғынбеков өлеңдерінен бірде Сарыарқаның салқар даласын аңырата ескен сабат самалды сезінесіз. Енді бірде апшыны қуыра аңқалатқан аптап аңызаққа тап болғандай күй кешесіз. Ал енді бірде Арқаның орай да борай соққан ақ боранын анық аңғарасыз. Бұл – босқа айтылған әдепкі айшықтау, көркемдеу емес. Жалпы өлеңнен ақынның мінезі аңғарылып тұрмай ма! Серік Тұрғынбекұлы – кейбір жылпыл қабыршақты балықтай бағыт-бағдары бұлыңғыр ақындар қатарынан емес. Ақынның кез келген өлеңінен ел сөзін ұстар азаматтық позициясы, ақындық айбарлы үні айқын менмұндалап тұрады.

42f0f6b1440932d34823821a99b319dd.jpg

Махамбеттен үлгі алдым, Қасымдардан.

Қалған бір көз мен шығар асылдардан.

Ашық күнде, аспаннан жай түскендей,

Ащы даусым шығады – ашынғаннан.

Күлдібадам күлбілтесі көп көлеңкелі қоғамның төлтумасы іспетті қиқоңыз тірлік кешкен кейбір пенделердің күйкі тірлігі мен ниеті ақын өлеңдерінде айпарадай болып сайрап жатыр:

Еңіреп, жылап есіл жыр –

Боздайды күнде інгендер.

Өлексе күйін кешіп жүр,

Өлгісі келмей жүргендер.

Жамылып атын тірінің

Жүрегі ғана дүрсілдер...

...Өлгендер қайта тіріліп,

Тірілер күнде өледі.

- Рас-ау!, - дейсіз. Бес күндік ғана қас қағым мынау жалғанды таусылмас сонардай көріп байлық пен мансаптың құлына айналып, «қысқа күнде қырық өліп», әрі мұнысын ар емес тіршілік етуге сән көретін, беті жылтыр, іші өлексе пенделердің тірлігіне неге адами биіктен миықтан күле қарамасқа! Ақындық өнердің қасиеті, мүмкін құдіреті – бір шумаққа күллі ғұмырды сыйғызып жіберу болса керек.

Балалық – ерте өліп кетті.

Жігіттік – тер төгіп кетті.

Алаулап маздап жанған махаббатым.

Күлге айналып – өртеніп кетті.

Бар сезім – ақылға айналды,

Әр сөзім – нақылға айналды.

Боз дала – тақырға айналды.

Бозбала – пақырға айналды.

Мұндағы әрбір тармақтағы айтылар ойды ақынның өз басынан өткен дәурен десеңіз де, соғыстан кейінгі ашпа-жалап кезеңде туған бүкіл бір буын ұрпақтың басынан өтіп, бізге жетіп отырған дәуір шындығы десеңіз де, жаңылыспайсыз. Шындық – осы.

Ақын дегеніңіз де бәйгеден дәмелі қызбатабан жүйрік сияқты ғой. Жүйріктің де бабы келіссе, бағы келіспейтін кеп және бар. Бабы келіспесе де жүйрікпен жарысқан жабының «батыраш-барақпайлықтың» байырғы жолымен бағы асатыны, шын жүйрікті қу томарға сүріндіретіні тағдыр тәлейі және бар. Бұл тағдыр Серік ақынды да айналып өтпегенге ұқсайды.

Арыны күшті Ақын ем,

Жалғаған жақын-жырақты.

Құйғытып келе жатыр ем,

Қапысын тауып құлатты.

Құлатты өңшең жырынды.

Қадірін білмей қаламның.

Аралар қайда бұрынғы,

Масаға неғып таландым?! ...

– «Аһ» ұрғанымды қайтесің?!

Таусылды ақын амалы,

Құла түз – шапқан құр аттай.

Жағымпаздардың заманы,

Қоймайды жарға құлатпай.

Адам келу екі жоқ мынау ғұмырда кім болып тусаң да, ғұмыр бойғы еткен еңбегіңнің шынайы бағасын көріп, жемісін жеген дұрыс қой. «Иттің құлы байқотан» алып жатқан әлдебір атақ, сыйлық деген біреуге көзқұрт, біреуге көңіл жұбанышқа неге қол созбасқа. Бірақ та: «жағыну мен табыну қолдан келмей, арнасында шалқып бір толған көлдей» ар ақынының қолынан бұл келмейтін іс екен:

Атымды шақырмаймын атақпенен,

Ісімді танытпаймын шатақпенен –

Мен үшін қалам – қанжар,

Сол қанжарды

Бұлтартпай әділдікті айту үшін,

Биліктің тамағына тақап келем.

Жоғарыда айтқанымыздай, былайша айту үшін де кеудеге марқа жүрек, табанға бұдырмақ бүр анық керек болар.

Ұлтын шынайы мүлтіксіз сүйетін, оның жетістігіне риясыз қуанып, зар-мұңына қабырғасы шынайы қайысатын, әрі қайысып қана қоймай, өткір, уытты тілмен тіліп-тіліп, төгіп-төгіп айтып тастау – нағыз ұлтшыл ақынның қолынан келетін іс. Қазір өзі кәдімгі «патриоттың» баламасы «ұлтшыл» деген сөзден ат тонды ала қашып, «ұлтжандыға» тоғанақтайтын үрдіс пайда болды ғой. Ендеше, Серік Тұрғынбекұлының мына өлеңін оқиықшы:

Сүйе алмасам ұлтымды,

Ойлағаным – қарақан бас-құлқынды.

Сақта Құдай, сатқын болып кеткеннен,

Сақтай алмай – салт пен дәстүр ғұрпымды.

Мен ұлтшылмын – ұлтыма бас иемін.

Ұлтым үшін отқа түсіп-күйемін.

...Сөйлемейді домбыраның қос шегі,

Нықтап тұрып орнатпаса тиегін.

Ұлтын сүю, ұлтының салты мен дәстүрін, әдеті мен ғұрпын қастерлеу де ұлтшылдық па екен?

Мен ұлтшылмын – мен сияқты кім-кім де,

Ұлтын сүймей өмір сүру мүмкін бе?!

Елдің сыйқы, жердің шырқы бұзылса,

Түнде – ұйқым келмес, күндіз – күлкім де.

Ұлтшыл болудың қарапйым формуласын ақын жыр тілімен оп-оңай түсіндіріп береді. Тарихи танымсыз ұлттың болуы да мүмкін еместей.

Мен ұлтшылмын – арғысы мен бергісі.

Танылғандар еңбегімен елге ісі.

Ұлтшыл болу – ұлтын сүйген ұрпақтың,

Тарихына тастап кеткен – белгісі.

Осындай кесек сөзі айту үшін де кесек туған кескекті ерлердің сойынан болу да керек шығар. Кіл өңшең қол бастаған батырлар, ел бастаған көсемдер мен сөз бастаған шешендердің, құлан жүйрік топжарғандар мекені Торғайдың құнарлы топырағынан шыққан ақындар осылай толғанса керек-ті:

Мен ұлтшылмын – жолын қудым әкемнің,

Босағасын паналамай жат елдің.

Алған беттен, айтқан серттен таймайтын,

Ахметпін, Міржақыппын, Сәкенмін!

Ақын түсінігіндегі ұлтшылдық – өзіміз ғана болайық, өзге күнін өзгеше көрсін дейтін ұстанымнан ада. «Өз ұлтыңды сүю арқылы өзге ұлтты жарылқай аласың деген» гуманистік жалпыадамзаттық гуманизмге үндейтін сарын.

Мен – ұлтшылмын – көкірегімде – сөз кені,

Тамшы жаспын ағып түскен көздегі.

Өз ұлтымды сүйгендігім үшін де,

Кеудесінен итермеймін өзгені.

Ақынның тілі ұшына тиектелген мына бір әттегене-айлардың» не екенін, замананың сұңғыла оқырманы өзі бағамдар.

Мен ұлтшылмын! «Әттеген-ай, әттеңі» –

Таусылмайтын өмір неткен тәтті еді?!

Ұлтшылдықты айыпты деп санасаң,

Жар басына апар-дағы – Ат мені!

Міне, нағыз ұлт ақыны ғана осылай, мақтабике, мәймөңкелемей, «айтарын айтып қалар» еді.

Білдің бе, досым, бір менше –

Шашыңды әбден ағартып...

Ұлық боп өмір сүргенше,

Ұлтшыл боп өлген көп артық!

Осы бір жолдардан атақ пен биліктің құлы болып қайран ғұмырды сарп етіп, түбі атаусыз-алқаусыз, тұңғиыққа тастаған тастай шолп етіп ғайып болар өзге пенде болғанша, азат ойлы ақын болудың азабы мен рақатын қатар сезінген ақын жанының қуанышын аңғарғандаймыз.

Серік Тұрғынбекұлы өлеңдері оқырманды жалықтырмайды. Өзіне тән ішкі иірімімен тартып отырады. Өйткені, онда шынайылық бар. Осы ретте ақынның замандас-қаламдас тұрғыласы, белгілі сыншы Әшірбек Сығайдың айтып қалдырған мына бір пікірін келтірсек артық болмас: «Серік шын мәнінде ақын, мінезімен, тұрпатымен, болмысымен, жүріс-тұрысымен, тіпті, бет-әлпетімен ақын. Есептің емес, нағыз шабыттың ақыны. Әдебиетті бүлдіретін арамшөптер. Сол арамшөптерден сақтану үшін Серіктердің денсаулығын тілеуіміз керек. Серік сияқты ақындар шын мәнінде бүгінгі күннің қоңырауы,өткендіескеалушы,болашақтыңболжаушысы, мұндай шайырлар бүгінгі қоғамға, адами ортағанағыз Алла-Тағаланың жіберген елшісіндей көрінеді».

Күн бар ма буырқанып, бұлқынатын.

Қолына домбыра алса жыр туатын.

Әр елде «баран» да көп, «харам» да көп,

Қазаққа бәрінен де жылқы жақын.

Осыған отырамын басым қатып,

Арғымақ – жүйрік болу асыл бақыт.

Жүйткіп бір кең далаға кетсем бе екен,

Дүниені тұяғыммен тасырлатып..., -

деп ақынның өзі жырлағанындай, қазақ әлемін қажырлы қаламнан туған отты жырларының тұлпар дүбірімен сілкіндірген алаштың арда ақыны Серік Тұрғынбекұлының өлеңдерін оқығанда туындаған ойлар еді. Қазақ жырының мерейі асқақтай берсін!

Асылбек Байтанұлы

Бөлісу:

Көп оқылғандар