Асылбек Байтанұлы: Бұған Сағадиев кінәлі емес
Бөлісу:
«Әліппенің» орнына «Сауат ашу» кітабы енгізілді», «жоғары және одан кейінгі оқу орындарындағы мамандықтар тізімінен «Қазақ тілі», «Қазақ əдебиеті», «Қазақ тарихы», «Лингвистика», «Шығыстану» пəндер алынып тасталды» т.б. алаңдаулы пікірлер елдің іші мен әлеуметтік желілерді дүрліктіре кезіп жүр. Әрине, бұл – елдігіміз, егемендігіміздің ертеңгі баяндылығы үшін орасан үлкен сын. «Тоқсан келейін деген жасым ба еді, быламық жейін деген асым ба еді» демекші, егемендіктің ширек ғасырынан асқан тұста біріміз шешім қабылдап, келесіміз жанталаса қол жинап жататын мәселе емес-ақ еді. Амал не, мұны да көрдік. Түбі қайырлы болғай, әйтеуір. Дегенмен, осы салдардың себебі де болмаушы ма еді. Біз төменде осы мәселенің туындап қорладануына Сіз бен Біздің (қазақ қоғамының) қатысына көз жүгіртуді жөн көрдік.
Бұл күйге бүгін емес, көптен кірдік,
Алды-артын аңдамаған бетпен кірдік, -
деп ұлт ұстазы Ахаң, Ахмет Байтұрсынов айтпақшы, бүгінгі білім саласындағы өзгерістер мен шешімдер 26 жылдағы өзіміздің жүрген жолымыздың, еккен ағашымыздың ащы жемісі емес пе? Министр Сағадиевті атарға оғы жоқ болып жүрген қазаққа таңым бар. Бұған кінәлі өзге емес, қазақстандық қоғам, оның ішінде мемлекетті құраушы ұлт - ҚАЗАҚ, сол ұлт өкілі Сіз бен Біз кінәліміз. «Тамшыдан теңіз құралады» дейді. Тамшы лай болса, теңіз қайдан мөлдір болсын. Демек, Сіз бен Біз өзіміз лаймыз, бұлыңғырмыз. Мүмкін, өзіміз өмір сүріп отырған қоғамымызға, басқарып отырған билікке жабармыз. Алайда қоғам деген Сіз бен Біз епмеспіз бе, билікте отырғандар да сол Сіз бен Біздің қандас бауырларымыз емес пе? Сіз бен Біз бір-бірімізге саналы түрде талап қоя алмасақ Анаған, Мынаған,Оған өкпелеп неміз бар? Лай суда мөлдір тамшы болушы ма еді? Жалпы, Сіз бен Біз тәуелсіздіктің жиырма алты жыл жүзінде білім мен ғылымды біртіндеп жайлай бастаған жемқорлыққа қарсы топ болып, қоғам болып елең еткізерліктей күреске шықтық па? Жоқ. Бірлі жарым адамдар айқайлап, аттандады, ақыры ақ қарғаға айналып, үні басылды. Ал, керісінше мына Сіз бен Біз білім мен ғылымдағы жемқорлықты күнделікті өмір салтына айналдыруға барынша үлес қостық. Қалай дейсіз ғой? Ендеше, Сіз бен Біздің білім ғылым саласындағы әдепкі, мойынсал салтымыздың біразына мысал келтіріп көрейікші:
- балабақшаға баланы орналастыру үшін бармақ басып көз қысып жүріп кезекті қағыстыратын, белден басып орналастыратын Сіз бен Біз емеспіз бе?
- ғылым туралы түсінгі де қалыптаспаған бастауыш сынып оқушысына ғылыми жоба «жаздырып» оны «қорғатып» жалғандыққа жол ашып, дәмін алдыратын Сіз бен біз емесспіз бе? Мұғалімнің портфолиосын қампитып, санатын көтергеннен басқа, сол бала содан ғылым қуып, білім қуып кетті ме? Жоқ.
- мектептегі ығай мен сығайдың баласына оқысын-оқымасын, өтірік баға қойып, алтын медальге сүйреген Сіз бен Біз емеспіз бе? «Жетектеген тазыға түлкі алдырудың салдары» бүгінгі билігі бар білігі жоқ, орынтағы бар, ойламы жоқ, құлқыны құрдым жас басшылар. Сіз бен Біздің өніміміз.
- қалалық, аудандық, облыстық пән олимпиадаларын өткізіп, оны шалынған қоңырау мен берілген тапсырмаға қарай қорытындылап, қалжаға жиналған әйелдерге сый таратқандай бөліске салатын тағы да Сіз бен Біз емеспіз бе? Қоғамдағы енжар, ынжық жастар қайдан шықты? Сіз бен Біздің «жігеріміздің нәтижесі».
- оқушылардың нақты білімін тексергеннің орнына жоғарыдан келген жаттанды есепті толтырумен күн өткізіп, каникулдан бір апта бұрын қорытынды шығарып, оқушыны босаңдыққа салған да Сіз бен Біз.
- баланың білім, таным көкжиегін кеңейтетін, отанына, елін-жеріне деген сүйіспеншілігін орнықтыратын мектеп оқулықтарымызды жыл сайын кітап шығарушылар мен таратушылардың көкпарына беріп қойып, баламыздың бірізді білім алуын талап ете алмаған, қадағалау жасамаған да Сіз бен Біз. «Әліппеден» бастап, әдебиет оқулығына дейін айырылу қаупінің бір басы осы емей немене?
- мұғалімдердің санатын көтеру, мараптаттау, көтермелеуді саудаға, сауын сиырына айналдырып алған да, бюджеттен ақша бөлініп тұра мектептегі жөндеу жұмысына т.б. ақша жинауды жүйелі жолға қойған да Сіз бен Біз.
- білім көтеру курстарына барып, түк берері жоқ болса да, дым түсініксіз шетелдік аударма кітапты бірнеше ай талқылап, тест тапсырған болып, үстеме алып жүрген және Сіз бен Біз. Осыдан бір керекті дүние алдық деп айтыңызшы?
- баламыздың бейімін, мүмкіндігін ескерместен, елдің баласынан қалмасын деп түкке қажеті жоқ мамандықпен бәсекеге қабілетсіз арзан-құрзан жоғары оқу орнына түсіріп, қайран қаржымызды, алтын уақытын рәсуа етіп, ақыры базарда, көшеде сенделткен де Сіз бен Біз.
- ұлттың ұлт болуы – ана тілін сақтап, барлық салада қолдануы екендігін біле тұра, тәуелсіздіктің ширек ғасыр тарихында оның болашағына сенімсіздікпен қарап, ұрпағымызды орысша оқытқан да Сіз бен Біз немесе Сіз бен Біздің туыстармыз – қара көз қазақтар.
- қолымыздағы байлығымызды, билігімізді пайдаланып мемлекеттік бағдарламамен баламызды шетелге жіберіп, ол оқып жатыр ма, білім игеріп жатыр ма, қадағалаусыз, бассыз-баусыз жіберіп, өзге елдің өз елімізге түкке пайдасыз ілім-білімін алып келіп шөре-шөре күй кештірген Сіз бер Біз емей кім?
- 2010 жылға дейін кандидаттық, докторлықты, одан соң магистратура мен докторантураны тамыр-таныстықпен саудаға салып, плагиат диссертация жазып, жазғызып, ақ адал жолмен жүрген талай шын ғалымды, ғылымға ынтық қаншама жасты шетке қағып, ғылыми мақала түгіл өтініш жаза алмайтын басымызбен ғылым мен білімнің айналасында жүрген де Сіз бен Біз. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, бірақ мұны жалған деп айта алмайсыз.
- ғылыми зерттеулер мен оқыту-педагогикалық жобаларға бөлінген миллиондаған қаржылар мен гранттарды, стипендияларды т.б. бармақ басты көз қыстылықпен ұтып алып, анадан-мынадан көшіріп немесе магистранттар мен студенттерге жазғызып жүріп, не орысша не қазақша емес сапасыз еңбектер мен оқулықтарға аты-жөнімізді ұялмай қойып, шытырлатып шығарып, пытырлатып сатып, қалтамызды қампитып жүрген және Сіз бен Біз.
- ұлттық таным мен тағылымға негізделген ұсыныстар мен жобалардың бәрін ысырып тастап, менталитеті мүлде жат шетелдердің қаңсығын таңсық көріп, қыруар қаржы төлеп мектеп ашып, шетелден мұғалім жалдап, оған қырғын болып баламызды беріп, тіл үйрену – білім мен тәрбие алудан мүлде басқа дүние екенін тәркі еткен Сіз бен Біз емеспіз бе? Өз елінде отырып өзгенің таным көкжиегімен өсіп жатқан ұл-қыздар ертең ұшпаққа шығарады деп ойлап жүрміз бе Сіз бен Біз?
- Сіз бен Біз осы біздің мектепте нені қалай оқытып жатыр дегенге көз жүгіртіп көрдік пе? Осыған байланысты, қоғамдық сұрау салу, мәселе көтеріп дабыл қақтық па? Жоқ, енжар қалпымыздан танған жоқпыз. Өзге ұлт өкілдеріне, біздің реформалар, шынын айтқанда «екі қойым – бір сом». Жапа шегетін – қазақ руханияты, қазақ білім, қазақ ғылымы екенін Сіз бен Біз кеше бірлесе ойландық па?
Айта берсек, көпке кетеді. Мұндай білімде, мұндай ғылымда қандай береке, қандай бәсекеге қабілеттілік болмақ? Біз саясатпен айналыспадық, басқарушы биліктің өзге де ісіне араласпадық делік. Ендеше, Сіз бен Біз ширек ғасырдан астам уақыт жүзінде білім-ғылым саласын қадағалайтын салауатты позициядағы қоғамдық ұйымдарды неге құрмадық? Ширек ғасыр жүзінде әр министр өзінше реформа жүргізгенде, бірлі-жарым тұлғалардың шырылдаған жанайқайына неге ел болып үн қосып, дер кезінде тыймадық? Өзгеге енжарлық танытсақ та, білім мен ғылымға келгенде олай болмаса керек еді ғой. Жиырма ғасыр бойы елсіз, отансыз күй кешіп жүріп ту тіккен еврей халқын еврей еткен – білім емей немене? Білім – ұлттың айбатты көк семсері. Ендеше, біз сол көк семсерді айбындыра жалтыратып қайраудың орнынан ширек ғасыр бойы құмға көміп, тотқа жегізумен болғанымыз ба?
Іріңді шиқанның жарылатыны сияқты, осылардың бәрі Ерлан Сағадиевтің тұсында ұшынып, ұшығына жетіп отыр. Қарапайым қазақ мектебі, Назарбаев зияткерлік мектебі, колледж, жоо оқу үдерісінде қызмет еткен тәжірибеміз, ата-ана ретіндегі қатысым тұрғысында, мұның бәрі үшін бүгін Сағадиевке толық кінә арта алмайды екенбіз. Жарайды, Сағадиевті петициялатып, шулап жүріп кетірдік делік. Қоғамдық белсенділігімізді бір рет жаппай көрсеттік делік. Осымен ширек ғасыр бойы қордаланған мәселе шешіле қала ма? Осымен Сіз бен Біздің құлдық санадан бастау алатын жемқорлыққа бейім қоғамдық сана-құлқымыз өзгере қала ма? Сағадиевтен кейінгі министрдің тұсында бәрі жіптіктей болып шешіледі деп ойлайсыз ба? Келесі министр де Сіз бен Біздің арамызда жүрген, өз қоғамымыздың бір мүшесі емес пе?
Қысқасы, білім мен ғылым саласын қоғамдық қадағалаудың механизмін құру және оны үнемі назарда ұстауға қол жеткізбей, әрбір қазақстандық, әсіресе әрбір қазақ азаматы осы саладағы жоғарыда біразын тізіп шыққан, әдепкі жағдайға айналған жемқорлыққа үлес қосушы емес, онымен күресуші болмай, нәтиже шықпайды. Қазақтың тілі – ұлтымыздың жаны, ал әдебиеті – лыпылдаған қаны, тарихы – жамылғаны алтын тоны деген болар едік. Жанымыз жабырқамасын, қанымыз сұйылмасын, тонымыз тозбасын десек, Сіз бен Біздің қоғамдық белсенділігіміз жоғары, әділеттілік жолындағы күшіміз бірлікті-бекем болуы тиіс.
Асылбек Байтанұлы
Бөлісу: