Сұраған Рахметұлы: Көркем шығарма түпнұсқадан аударылуы қажет
Бөлісу:
Сұхбаттың жалғасы
– Сіз әлемнің атақты ақындарына тәржіма жасадыңыз. Поэзиядаға тәржіма жөнінде түрлі көзқарастар бар. Бұл туралы сіздің ойыңыз да бөлекше болуы мүмкін?
Тәржіма жөнінде айтар болсақ... (ойланды). Өлеңді тәржімалаудың сан-мың тәсілі бар. Мысалы, Тан дәуіріндегі әдебиеттің алты тілде аударылған нұсқалары көп. Соның барлығын оқып, салыстыру – басқа мәселе. Өлеңді аудару өте күрделі. Кейбір өлеңдерді сөзбе сөз аудару керек шығар, кейбірінің мағынасын терең түсіну жағына кемшінбіз. Ақынның не айтқысы келгенін жан-жақты зерттеу қажет. Ешқандай аударманың ығына жығылмайтын өлеңдер болады. Соны қайтадан түпнұсқадағы тіліне аударып көрсе мүлде өлең болмай шығуы мүмкін.
Поэзияда «аударма таңдау» деген үрдіс қалыптасып келеді. Мысалы, мен Борхестің өлеңдерін аударып көрдім. Атақты «Ауытқу» деген өлеңі қағаз бетіне төгілген қара сөз сияқты түсті. Ақ өлең кейпіне еніп кетті. Қалайда өлең болғызудың тетігін табуға ұмтыласың. Батыстың ақындары бүгін өлең жазса, орыстар өздеріне ертеңіне аударып беріп отырады. Жетістік қой. Бірақ, жақсы аударылды ма, жаман болды ма оған мән беріп жатқан ешкім жоқ. Жалпы көркем шығарма түпнұсқадан аударылуы қажет.
– Әңгіме жалпы әдебиеттің жанрлары тұрғысынан талқыланып жатыр ғой. Осы ретте қазіргі қазақ драмасының хал-ахуалына диагноз қойып кетсеңіз?
Мен соңғы жылдары драма саласын байқап жүрмін. Бұл салада не түрлі көзқарастар бар. Жетістіктері мен кемшіліктері де жетерлік. Біз бұл салада әлі күнге дейін мүмкіндіктеріміздің барлығын пайдаланған жоқпыз және де жақсы туындыларға орын бермедік. Оны елемедік. Мысалы, өткен жылы ғана Оралда Мұхтар Әуезов театрының қойған «Бейбарыс сұлтан» драмасын сол ұжымның режиссерлері мен актерлері әлемдік деңгейге бір-ақ шығарды. Оны көрген көремендердің екі көзі төбесінен шықты. «Бейбарыс сұлтан» оншақты жылдан бері қойылып келе жатыр.
Виктор Гюгоның «Аластатылғандары» мюзикл ретінде Лондон мен Нью-Йоркте 20 жылдан астам үздіксіз қойылған ғой. Осындай деңгейдегі 10 драманы аударып әлемге ұсынсақ қандай болар еді?.. Біз жаттанды, таптаурын, жуас күйімізден шыға алмай келе жатырмыз. Ал, енді драма мен киноның ортасында шатақ бар. Сахнаның әртістері киноға қарай жамырап кетті. Кинодағы сөз саптау мен сахнадағы кейіпкердің арасы жер мен көктей ғой. Бейнелеп айтсақ, түземдегі ақ кемпір мен қара шал сахна тілінде сөйлемейді. Олардың арасындағы бала да басқаша сөйлейді. Кино мен сахна өнерін қосып жіберуге болмайды. Актерлар көзіне көрінген кинода ойнайтын болды. Көзіне көрінген образды сомдайтын болды. Қуандық Қыстықбаевтан басқа кинода өз образымен көрермендерді тәнті етіп жүрген кім бар? Басқалары сахнадан келген. Бұлай болмайды.
– «Ақын болатын адам прозадан бұрын, өлең оқыса жетеді» деген пікіріді жиі еситін болдым. Ақын ретінде, ізденудегі тәжірибеңізді айтып кетесіз бе?
Жалпы ақында талант, білім, түйсік, сезім, мұң, шер – бәрі болу керек. Соның ішінде талап қойылатын қатаң дүние – ақынның жан-жақты білімді болуы. Ақын күллі әдебиетті шамалауы дұрыс емес пе? Барлығын білуге мүдделі. Тек қана өзінің төрт жол өлеңіне тамсанып, ертеңінде әлеуметтік желіде тағы бір жақсы досының өлеңіне сүйсініп жүретін болса, ол ақын алға қарай жүрмейді, ол ұшқыр ақын, біраздан кейін болдырады. Ақын білімсіз, түртіншек болса ұлы поэзия иісініп кетпей ме?!
– Сонда талантының арқасында жазылған алғашқы өлеңдеріне малданып, халық алдында ақынмын деп жүре береді ғой?
Иә, тек қана талантының арқасында біраз уақыт жүреді. Оның заряды біткен күні бәрі бекер болып қалады. Прозаны оқу деген сөз – ол бізді үлкен әдеби ортаға, зерттеулерге апарады.
– Бізде әдеби ортаны ұйымдастыратын, зерттейтін бүтін Одақ отыр емес пе?
Жазушылар одағы отыр ғой, олар бар ғой. Гамлеттің «боламыз ба, әлде болмаймыз ба?» деген сауалын білесің бе? Жазушылар одағы қазір сондай күйде отыр.
– Сұраған аға, жарты ғасырдан астам уақыт Моңғолия мемлекетінде өмір сүріп, қазақ әдебиетіне өзіндік үлес қостыңыз. Қазақстанға қоныс аудару жоспарыңызда бар ма?
Ешқандай жоспар жоқ. Елге тура тарту – ойда. Бұдан басқа жолды көріп тұрған жоқпын. Маған басқа ашық тұрған есік жоқ. Әрине, туған жердің топырағы ыстық, қимайсың. Бірақ одан да үлкен қимайтын құндылықтар бар. Қазақтың әдеби қара шаңырағы қайнап жатқан Астананың маңына келу арман!
– Шығармашылық орта салыстыруды жақсы көреді. Осы орайда Моңғолияның әдебиеті жайында, бүгінгі бет-бейнесі жайында аз-кем білгіміз келеді?
Әрине, ол өте күшті әдебиет. Прозасы, поэзиясы, әжептәуір драмасы бар. Бірақ олардың көбі ұлттық деңгейдегі дәстүрлік бағытты ұстанады. Ал енді әсіребатыстық бағыттағылары да бар. Бір бөлігі шығыстық, тибеттік, үндіқытайлық бағыттағы әдебиетті тұтынады. Әрқайсысының өзіндік айтайын дегені бар. Олар өз арасында қарқынды бәсекелеседі. Сын мәдениеті жақсы дамыған. Өйткені қалайда болсын, олардың 100 жылға жуық тәуелсіздігі бар. Бізге қарағанда, қаншама жыл бұрыннан бері өзінің ана тілінде сөйледі, өз дегенін айтты. Моңғолияда жариялы ашық әдебиеті, төл басылымдары қалыптасқан. Соны оқып, соған қуанады. Олар да қазақтар өткен үлкен қиыншылықтарды бастарынан өткерді.
– Ақын ретінде өзіңіздің бағаңыз берілді деп ойлайсыз ба?
Баға ақынға тірі уақытында соншама беріле қоймайды. Сараң кәделік! Оның өзінің қатаң табиғаты бар. Бұл қоғам ақынға тірісінде баға бермей-ақ қойсын, бірақ ренжітпей жүрсе болғаны. Мысын құртпай, сағын сындырмай жүрсе, баға бергеннен артығы сол деп ойлаймын. Қазір ақындардың мысын құртып, сағын сындырумен айналысатын топ бар. Олар ақындардың үнін өшіруге өмір бойы әрекет жасайды. Хакилықтан қаңқу сөзді жақсы көретін, ұнататын оқырман пайда болса қауіпті!
– Өлең жазғанда аударманың ығына жығылып кетпейсіз бе?
Жоқ. Мен көп жағдайда кітап оқып жүрген кезімде немесе аударма жасаған кезде өлең жазған емеспін. Қалай ауытқып кеткеніңді өзің де байқамай қалуың мүмкін.
– Ақын елге ақыл айта ала ма?
Күллі адамзатқа ақыл айтып, мораль оқитын ақынның өлеңі уақыт өте келе кәдеге жарамай қалады. Адамдарды қор санап, өзін көсемдікке шығарған ақын ақын болмайды. Оның қасіреті де сол. Ақынға ең қауіпті әрекет – өзіне-өзі тамсану.
– Қандай адамдарды еркіңізден тыс жек көресіз?
Екіжүзді, мысықтілеулі пенделер аса қауіпті. Олар фәни дүниедегі барлық харамдықты игерген ең қатерлі вирустар.
- Әдеби әңгімеңізге көп рахмет!
Сұхбаттасқан Бағлан Оразалы
Бөлісу: