Əбіш Кекілбаев: "Үлкен жүрекке ие ақын – үлкен ақын!"
Бөлісу:
Әйгілі Леонардо да Винчи бейнелеу өнері жайлы кітабында «Бейнелеу өнерін (живописті) жек көретін адам философия мен табиғатты да жек көретін адам... Суретші заттардың өз бейнесін көреді, ал ақын тек көлеңкесін көреді...» дейді де (поэзияны «Соқыр сурет» деп бағалайды. Ол өнер-өнердің ішінде бейнелеу өнерін бірінші орынға, мүсін өнерін екінші орынға, музыканы үшінші орынға қояды да, ал поэзияға (күллі әдебиет деп ұғыңыз. — Ә. К.) бар болғаны төртінші орынды зорға қияды.
***
Революциядан кейінгі қызу таластар тұсында жаңа заман, жаңа шындық, өмірде жаңа серпін орнауына байланысты енді лириканың заманы өтіп, эпостың заманы туды деген пікірлер айтылған. Оған Максим Горькийдің өзі де құлақ асқан. Сонда да жұрт өлең жазуды қояр емес. Сонда да жұрт өлең оқуды қояр емес. Поэзия өзінің көп ғасырлық тарихында қауым назарынан қағыс қалып көрген жоқ. Ендеше, оған асыра мақтау-мадақ айтып, басын оздыру біздің міндетімізге кірмейді. Өлеңнің біздің адвокаттығымызсыз-ақ жерде қала қоймас түрі бар.
***
Голланд Рембрандт бейнелеу өнерінде революция жасады. Ол өз өнерінде адам өміріндегі, қоғам өміріндегі гармонияны ғана емес, дисгармонияны да көрсетті. Өйткені, ол адамзат қоғамында әлі талай қайшылықтар бары ашылған түс еді. Поэзияның ерекше көркейіп өскен тұсы да сол кезеңге сай келеді. Әлемдік лирикаға Байрон мен Шеллидің, Гете мен Шиллердің келуі соған айғақ. Демек, қоғамдық құбылыстағы елеулі өзгеріс, үлкен сілкіністер тұсында адам, жеке адамның жан дүниесі, ондағы бұрқаныс-бұрқақ суреткерлер көңілін ең алдымен баурайды. Ондай тұста адам жанына үңілудің ең бір тиімді жолы — лирика боп шығады.
***
Ерте грек лирикасының шығуы біздің заманымызға дейінгі VII – VI ғасырлар тұсында Грецияда ескі қоғамдық қатынастар күйреп, әлеуметтік қайшылықтардың күшею тұсына дәл келеді. Рулық құрылыстың, ежелгі коллективтердің күйреу, тайпалық қоғамнан адамдардың бөлініп шығуы болмысқа деген индивидуалистік көзқарастың қалыптасуына себепші болды. Ол оған дейінгі грек фольклорындағы жоқтау (эллегия), әшкерелеу (ямб), мадақтау (гимн) сияқты формалар негізінде әлемдік әдебиет тарихындағы алғашқы индивидуалдық лирика үлгілерін туғызды.
***
Белгілі бір әлеуметтік құбылыстың әдебиетке, өнерге жасаған ықпал-әсері сол оқиғаның тарихтағы хронологиялық мерзім аясымен ғана өлшенбейді. Жоғарыда тоқтап өткен ежелгі лирика шежіресіне үңілсек, рулық қоғам күйреп, еркіндікті алғаш көре бастаған тәуелсіздік ой ерте грек лирикасын тудырды, ал республика құлап, империя орнаған тұста кеше азын-аулақ азаттық бостандықтың дәмін татып, соны көксеген тәуелсіздік ой рим лирикасын тудырды. Мұндай құбылысты орыс поэзиясынан да айқын байқауға болады. Азаматтық бостандық, демократия идеялары Россияға да кең тарап, сол жолдағы қозғалыс өршіген түс орыс әдебиетіне Пушкин сияқты ұлы лирикті әкелді. Ал, ондай қозғалыстың жеңіліске ұшырап, күйзелген тұсы сол идеялар мен идеалдарды жалғастырушы ұлы Лермонтовты берді.
***
А. Блок, В. Брюсов, С. Есенин лирикасына үңілер болсақ, дауыл алдындағы табиғат тынысындай ұлы сілкініс, ұлы даму алдындағы қоғам тынысын танимыз. Мұнда өмірге елтіген ләззатшылдықтан гөрі әлденені ынтыға күткен, толқи күткен, абыржи күткен рухани күйзеліс, тебіреніс басым. Лириканы өрбітетін де сол адам жанындағы мазасыз, тебіреніс, мігірсіз арпалыс. Ендеше, Леонардо да Винчи поэзия заттардың сырт бейнесін беруде дәрменсіз деп сынаса, адамдардың жан-дүниесіне ықпал еткен болмыс құбылыстарының ішкі бейнесін беруде поэзияның, оның ішінде лириканың мүмкіндігі тіптен шексіз. Сөйтіп, лирика көзінің алдындағы нәрсенің өзін көрмей, көлеңкесін ғана көретін «соқыр сурет» емес, болмыс құбылыстарының сонау жетіқат тереңдегі тұңғиық сырларын да айнытпай танитын сұңғыла сурет болып табылады.
***
Туған поэзиямыздың көл-көсір жазирасының сонау түптерінен жарқырап көрінген ұлы Махамбеттің творчествосына-ақ үңіліңізші. Қазақтың ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің арасындағы алтын көпір тәрізді осы тамаша ақын жырларынан өз замандастары творчествосында атымен ұшыраспаған соны сипаттар көзге ұрады. Ол тұста түпсіз уайымға, тұңғиық мұңға бой ұра бастаған қазақ жыры Махамбет творчествосы арқылы күрескер рухқа, өміршең оптимизмге, өз дәуірінің қат-қабат қалтарысына терең бойлай алған шыншылдыққа ие болды. Махамбет творчествосындағы жаңа мазмұн қазақ поэзиясына тұр сонылылығын да әкелді.
***
Мазмұн байлығына лайық түр байлығын жасаудың теңдесі жоқ үлгісін көрсеткен қазақ ақыны – Абай. Қазақтың жазба әдебиетінің негізін салған Абай қазақ поэзиясында шын мәнінде ұлы революция жасады. Ол өзінен бұрынғы қара шанақ домбыраның қоңыр әуезіне бағынған ауыз әдебиетінің үлгі-өрнегі ақын мен оқушы алдынан болмыс пен уақытының қол-көсір сыры мен сымбатын ашып беретін жазба поэзия үшін тым кедейлік көрсетінін дұрыс түсінді. Ұлы Абайдың қазақ өлеңінде бір өзі ашқан соны түрлерінің саны одан кейінгі жазба ақындардың бәрі қосылып жасаған соны түрлердің санынан әлдеқайда көп.
***
Поэзия – адам жанын тебіренткен, айтылмай, бейнеленбей тынбайтын өктем рухтың бейнесі; ақынның өзге жұрттан артықшылығы – бүкіл болмыспен, табиғатпен табысып, кез-келген кісі тебірене бермейтін құбылысқа тебіренетіні, кез-келген кісі әсерлене бермейтін нәрседен әсерленетіні. Бұл – ақынның табиғаты. Өлең ең әуелі тап осындай табиғаттан жаратылуы керек, ол сонда ғана табиғи; әйтпесе, жазып отырған кісінің өзін-өзі күштеуінен туған шығарма оқушыны да тебірентпейді. Бізде ұзақ уақыт поэзияның табиғатын, ақынның міндетін бұлай түсінбейтін қисық қисындар да орын алды. Көбіне-көп ақынды кез келген ой мен сезімді былайғы жұрттың қолынан келе бермейтін поэтикалық түрге түсіре қойғыш кісі деп түсіндік. Бұл қате түсінік әлі аласталып болған жоқ. Қазіргі поэзияда жасанды өлең неге көп дейтін сауалдың да ең түп жауабы осы. Бірақ, ондай одағай түсінікті өлең төңіректеген көлденең адамдар иемденіп жүрсе бір жөн ғой, ара-тұра мұндай аңғал қағидаға талантты-талантты деген ақындарымыздың да иланатыны бар.
***
Азаматтық – ақынға, өлеңге сырттан таңылатын жанама қасиет, жанама сипат емес. Азаматтықты сырттан іздеп, сырттан қарастыратын ақын шынайы азаматтық, өреге де ие бола алмайды, шынайы өлең де жаза алмайды. Онда өлең жазу процесі өнерге атымен жат өлең жасау процесіне айналады. Азаматтық – өлеңнің, өнердің табиғи болмысы. Азаматтық – ақындықтың ең түп табиғаты. Суреткердің былайғы жұрттан ала бөтен айрықша қасиеті де – оның айналаға, өмір құбылыстарына өзге жұрттан ала бөтен елгезектігі, өзге жұрттан ала бөтен сезімталдығы, айрықша азаматтық құштарлығы мен рухани белсенділігі. Күллі дүние мұңын мұң қылып, күллі дүние қуанышын қуаныш қылу – тек суреткерлердің, ақындардың ғана қолынан келетін қасиет. Сондықтан да өрелі тақырыптарды игеру суреткердің бойындағы әлгіндей өрелі өсудің заңды нәтижесі болғанда ғана табысқа жетпек.
***
Ақынның ақиқатқа барар тек жалғыз-ақ жолы бар, ол өз жүрегінің үстімен өтеді. Оған соқпай бұлтарып өтетін жолдың бәрі ақиқаттың да ауылына соқпайды. Ақын жырының ең алдымен тек өз жүрегінің терең тебіренісінен тууы – өлеңге қойылар ең басты талап, өлеңнің ең терең табиғаты. Онсыз жерде, ақын қаншама ұлы ой, ұлы идеяларды өлеңге түсірсін мейлі, ол бірден көкейіңе қонып, көңіліңді баурар жан сыры болмай, әншейін ұйқастырылған уағыз болып шығады. Рас, өмірдегі мәнді-маңызды ойлар мен идеяларды уағыздау да керек. Бірақ, кез келген лепірме уағыз жақсы өлеңнің орнына жүре алмайды да, ал шынайы өлең небір ұлы идеяны насихаттайтын мәнді уағыз, мәнерлі өсиеттің қызметін қашанда атқара алады. Олай болса ақынның жан сыры – өлең арқылы ақиқат табудың, қоғамның өрелі шындығын ашудың ең бір ұтымды жолы.
***
Ұлы талантты мода қуу тудырмайды, уақыт тудырады. Ол өзінің үздік таланты мен ересен еңбегіне тарих қандай орын қалдырса, сол орынға ғана ие болады. Өнер озып келген бір ғана атқа жүлде беретін ат бәйгесі емес. Оның аспаны кең. Оған көп жұлдыз ғана көрік бола алады. В. Маяковскийдің: «Бір-біріне ұқсамайтын әртүрлі ақындар көп болсын», – дейтіні де сондықтан. Поэзия тіршілігіне осы көзқараспен үңілер болсақ, бізді қазіргі қазақ поэзиясында әртүрлі жақсы ақындардың шығып келе жатқаны көп қуантады. Біз бүгін қазіргі қазақ жырында тек жақсы жырлар ғана емес, жақсы ақындар да баршылық деп айтуға аузымыз әбден барады.
***
Қоғам және ақын – поэзияның ежелгі болмысы. Ақынды қоғам талабы өсіреді. Ақын поэзияны өсіреді. Қоғам талабы өзінен-өзі даритын күн нұры емес. Тіпті, өсімдік екеш өсімдік те топырақ құнарын жер қойнынан өзі тартып ап, өзі сіңіреді. Ақын да қоғам талабын үлкен рухани белсенділік, творчестволық ізденіс үстінде игереді. Белинский қоғамның ақынға ықпал жасайтын жолдарын санап та береді. Мінез-құлық, білім, бағыт... Әрине, қоғамның суреткерге ықпал ету жолдары жаңғыз бұлар ғана емес. Мінез-құлық, білім, саналы еңбектің белгілі бір бағытын табу тек қоғамға ғана емес, адамның өзіне де байланысты.Ең алдымен, адамның өзіне байланысты.
***
Бақсақ, ақын үшін ең зымыран тұңғиық та – жүрек, ең шырқау биіктік те – жүрек екен. Ақынның қоғамдық болмыстың тұңғиығына да, асқарына да бірдей ұмтылған өзгеше еңбегінің жаңғыз-ақ өлшемі бар. Ол – оның адам жүрегіне қаншалықты жақындай алғаны. Ақынның қиын да ұзақ сапары бір жерден басталып, тап сол жерге қайта келіп тіреледі. Ол жердің аты да – жүрек. Сөйтіп, жырда жаңғыз-ақ адрес бар, ол – жүрек. Жыр жүректен шығып, жүрекке жетуі керек. Жыр сапарында да жүректен шыққанмен,жүрекке жете алмай жататын жүргіншілер болады. Ақиқаттың мекені де – жүрек. Болмыстың, төңіректегі тіршіліктің қамын мол ойлап, мол толғайтын жүрек қана соны құпияларды көбірек ашып ақиқат ауылының қарасын бұрынғыдан да көбейте алады. Сондай үлкен жүрекке ие ақын –үлкен ақын. Ондай ақынның өлеңі – иен ақиқаттың бұрын өзіміз біліп, өзіміз түйсінбеген соны сырларын мол табатынымыз да сондықтан.
***
Өнердің де заңы болатыны рас. Бірақ, онда ешқандай ережеге орын жоқ. Әлгі сыншыларымыз айтып жүрген өлең қалайда төрт буын болып ұйқассын, барлық жолдағы буын саны тепе-тең болсын дейтін «техникалық заңдары» – өнердің заңы емес, қара дүрсін ережелер. Ондай-ондай ережелер қай тұста да болған. Ондай-ондай ережелер қай тұста да бұзылып отырылған. Әлгі сыншы Пушкин , Блок, Некрасовтар өлеңнің техникалық заңын бұзбады деп, оны ұлы ақындарға айтқан мақтауым деп ұғады. Егер өлеңде техникалық заң болса, ең алдымен оны осы әйгілі үш жаңашыл бұзған болар еді. Олардың тамаша творчествосы талай-талай қасаң қағидаларды жоққа шығарды.
***
Бізде дәстүр мен жаңашылдық туралы сөз болғанда, ең көп әңгіме туғызған мәселе – он бір буынның тағдыры. Он бір буын қазақ поэзиясын талай-талай асулардан асырып келді. Оған арнап қанша қошамет, қанша мадақ айтсақ та артық емес. Бірақ, он бір буын үшін осынша қызыл кеңірдек болып айтысудың орны да жоқ еді. Біз түрдегі жаңашылдық туралы сөз қозғасақ, қазақ өлеңінің байырғы түрлері тозғындық көрсетті, енді ол еш кәдеге аспайды деп жатқан жоқпыз. Біз қолда барға қанағат дейтін самарқаулық пен сәл соны бірдеңе көрінсе тосырқай қарайтын үркектікке қарсымыз. Біздің қалайтынымыз – қолда барды құрту емес, көркемдік арсеналымызды байыту. Өлең алқабы, өнер алқабы кең. Талант жетсе, көңіл жетсе, онда әртүрлі ақынға да, әртүрлі стильге де орын жетеді.
***
Өнер үшін, яки өнерпаз үшін бір-ақ өмір бар, ол – ізденіс, үздіксіз іздеу, табу, ашу, Бұдан жалыққан жерде әуелі өнердің күні, сосын өнерпаздың күні таусылады. Өнерге тек осындай қатал тағдырдың тезіне шыдауға тегеуріні жететін нағыз ер жүрек адамдар ғана келуге тиісті. Осы арада өнерге биік талап қоюға байланысты екінші мәселенің басы ашылады. Ол – өнерпазға биік талап қоя білу. Өнер шекарасын қызғыштай қори білу. Біздің поэзиямызда әлі күнге етек алып келе жатқан орта қолдылық «модашылдық», сартап штамп пен сартабай даңғойлық, ең алдымен, осы өнер шекарасын қырағы қори білмеуден шығып жүрген індеттер. Кейінгі жылдары жас поэзияның оқушы қауым алдындағы беделін пайдаланып, қалайда жаңа ақын табуға, жас ақындардың санын көбейтуге әсіре құштарлық әнтек байқалады.
***
Өнерде «өлі нүкте» болмайды. Онда тек кемелдену мен кер кету ғана бар. Мұны жақсы қарқын танытқан жас ақындарымыз естеріне мықтап ұстауға тиісті. Жас буын поэзияның қазіргі табыстары, жақсы бағыты оған қойылатын талапты да биіктете түседі. Бүгін таңда қазақ поэзиясында заманымыздың биік талабына лайық өсіп-өркендейтін жас буын бар. Енді тек оның осы қарқынынан танбауына қам жасап, шын талантты тек биік талап қана өсіретінін ұмытпасақ болғаны, Туған поэзиямыздың жарқын ертеңіне сонда ғана зор сеніммен қарай аламыз. Өлең көкжиегі солай кеңи бермек...
(Жазушының әр жылғы сыни мақалаларынан)
Әзірлеген: Асылбек Жаңбырбай
Бөлісу: