Қалихан Ысқақ туралы қаламдастарының айтқандары

Бөлісу:

14.03.2017 5082

Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ: ...Ол (Қалихан – adebiportal.kz) жүрген жерде көк тұман ере жүретін еді-ау. Жас кезінде темекіні көп тартатын, будақ-будақ көгілдір түтінді шүйкедей созып, ауаны желпи, әңгіме созып отыратын. Қайдағыны қайдан тауып айта береді?! Қайдағыны қайдан біле берген десеңізші. Оқтын-оқтын тісінің арасынан тілін жылтыңдатып, сылқ-сылқ күліп қояды. Күлкіден езуіңді жиғызбайды. Шалдармен шалдарша, балалармен балаларша, келіншектермен келіншектерше сөйлесетін. Әсіресе, ақ жаулықты кейуаналарды көргенде, қандай арқаланып кетеді дейсің. Ол кезде Асқардың, Жұмекеннің, Қайраттың, Бектің, менің аналарымыз тірі еді. Қалиханды көргенде бір жылы бәрі келін боп бірге түскен абысындарын көргендей, мәз-мейрам болып бір жадырап қалатын. Әңгімелері қандай жараса кететін десеңізші! Ондайда иегің қышып, сөздеріне киліге көрме! Киліксең көресіні көресің! Жан-жақтан шап бергенде, жаныңды қояр жер таппайсың. Әсіресе, Қалиханның тілін безеп, саусағын кезеп, жараған буыршындай соңыңа түсіп бергенін көрсең, азар да безер боп, әрең құтыласың. 

Жалпы, Қалихан отырған жерде басқа ауыздың қажеті не? Тек естігендеріңді құйып алар құлақ болса, болғаны да! Қарабайыр қазақ тұрмысының жілігін шағып, майын алғандай қылып, Қалихандай жетік білетін ешкім жоқ. Қазақ жаны мен қазақ мінезіне ондай қанық адамды қолыңа шырақ алып іздесең де табылмайды. Ал қазақ тарихына кезек келіп, көсіліп сөйлей жөнелгенде, бәрімен бірге өсіп, бірге жүрген бе деп таңдайыңды қағып, тамсанасың. Ал ол сөйлейтін қазақ тілінің ғажайып сұлулығына, сөзінің мәнділігіне, сөйлемінің дәмділігіне, иірімінің әуезділігіне, суреттемелердің дәлдігіне таңғалмайтын жанар, тамсанбайтын құлақ бар ма екен?! Қысқасы, Қалихан отырған жерде бәріміз де тіл мен жақтан айырылатынбыз. Ал алдындағы ақ қағазына аш күзендей емініп, қаламсабын кеміріп, езуіндегі шылымын әлсін-әлсін бір сорып қойып, төгілтіп жазып кеткенде ше?! Әлгі естігендеріңіз қаз-қалпында қайта тіріліп, қарға аунаған түлкідей болып, қырмызыдай қырық құлпырып, жайнап шыға келетін. Сен жазған романдарыңды, әңгімелеріңді, повестеріңді, пьесаларыңды, киносценарийлеріңді, тіпті өзге тілдерден жасаған аудармаларыңды оқығанда, тыңдағанда, көргенде осындай дархан талантқа таңғалып, тамсанып, тоғайып, молайып, байып шыға келетінбіз...


Әкім ТАРАЗИ: Жаратқан Иеміз көрнекті жазушыға қиын тағдыр берді. Қалихан жетім өсті. Тұрақтап тұратын үйі болған жоқ. Балалық шағы ағайындарының шаңырағында, сол үйлердегі жеңгелерінің қабағына қарап, жалтақтаумен, жаутаңдаумен өтті. Әкесін 1937 жылы атып жіберген, шешесі қиындықты көтере алмай өмірден өткен. Бұл сол жылдардағы қазақ баласының көпшілігіне тән тағдыр еді. Солардың ішінен бес-алтауы, мүмкін оншақтысы шығып сол заманның қатал, сұрғылт бейнесін жасауы міндетті болған шығар? Міне, Қалихан солардың біреуі әрі бірегейі. Ол барлық шығармаларында өз балалық шағының, сондай-ақ, өзі өмір сүрген заманның нақты бейнесін жасады. Кейін ержетіп, Алматыға келіп, достар тауып, жазушы атанған, ел құрметіне бөленген кезі туралы ол бірде-бір шығарма жазған емес. Бұған заманы емес, тағдыры себепші болды. Қазақ әдебиетіне Қалиханды адамдардың мұң-қайғысын, қасіретті заманды жазу үшін Жаратқан Ие жіберген өкіл деп ойлаймын. Қиын кезді жаза отырып, қазақтың ең көрікті жері – Алтайдың панорамасын, Алтай қазақтарының образын жасады. Тау арасындағы тіршілікті көрсетті. Шыны керек, оның «Ақсу – жер жәннаты» деген романын алғашқылардың бірі болып қолжазбадан оқығанда түсінбедім. Өйткені, мен далада, кейінірек қалада өмір сүрген бөлек тұрмыстың адамымын. Соңынан екінші, үшінші рет оқыған соң барып шығармаға басқаша қарадық. Жалпы, біз бір-бірімізді мұқият оқитын едік. Оқып қана қоймай, бір-бірімізге қатал сыншы да бола білдік. Сондықтан да біздің буын қазақ әдебиетіндегі ең мықты буын болып қалыптасты. Мұны қазір сыншылар айта бас­тады. Бір-бірін сынамай, тек мақтай беретін қаламгерлер тез ұмытылып қалуы мүмкін. Ал, Қалиханның шығармалары қазақ әдебиетінің еншісіне өтті деп ойлаймын.


Мархабат БАЙҒҰТ: Жетпісінші жылдардың басында жас жазушылардың республикалық кеңесі өткен. Семинарлар бойынша бірнеше классикке бес-алты талапкер бөлінген. Классик атанып үлгергендер Асқар Сүлейменов, Қалихан Ысқақ, Төлеген Тоқбергеновтер еді. Сонда ғой, Қалихан ағамыз Дидахметтің, Әлібектің және менің бір-бір шығармамызды биіктете көтеріп, бір-бір әңгімемізді сойып салғаны. Содан бері Қалиханды қасиетті ұстаз тұтатынбыз. «Қоңыр күз еді» повесі үшін бұрыннан-ақ қолын құшырлана қысқымыз келетін...


Несіпбек Айтұлы: Қазақ әдебиеті тағы да бір қара­нарынан айырылды. Қалихан Ысқақ қазақ прозасының көшін бастаған тегеурінді топтың қасқа маңдайындағы хас талант-тын. Әдебиет есігін «Қоңыр күз еді» повесімен айқара ашып кірген қайран Қалағамның қаламының ұшы құтты еді. Алтайдан шыққан қаламгер інілерінің көшбасшысы, қазақ әдебиетінің алтын жағасы болатын. Сөзге салса шешен еді, топқа салса көсем еді. Арқа сүйер асқар тауымыз еді, ақыл сұрар абызымыз еді. Ел ісіне келгенде баладай елгезек, жаны даладай дарқан-тын. Орны бөлек еді, ұлтына әрқашан керек еді...


adebiportal.kz

Бөлісу:

Көп оқылғандар