Булгаковтың үйі
Бөлісу:
Мәскеуде филология факультетінде оқитын студенттердің бір-біріне жиі қоятын сұрағының бір парасы мынадай: «Ясная Полянаға бардыңыз ба?». Егер Ясная Полянаға жолыңыз түссе, «Толстойдың туған жерін көрген қандай бақыттысыз!» деген жауапты естисіз. «Достоевскийдің балалық шағы өткен үйде болдыңыз ба?», «Булгаковтың пәтерін көрген боларсыз?», «Пушкиннің, Чеховтың, Есениннің жалдап тұрған үйіне жолыңыз түсті ме?». Ұлы ақын-жазушылардың тұрған үйін көргендер қандай әсер алғанын, естерінде не қалғанын жарыса айтып, пікірлерін ортаға салып жатады.
Толстойдың Ясная Полянасында да, Мәскеудегі үйінде де болдым. Графтың екі үйінен де ақсүйектік салтанатты, байлықты сезінуге болады. Ал Есениннің пәтері... кедейшіліктің исі шығады. Есениннің жалдап тұрған пәтерінде екі адам айналып жүре алмайды. Чеховтың Мәскеудегі төрт жыл жалдап тұрған екі қабатты үйіне де жолым түсті. Жазушының жазуға жағдайы болғанын, әлеуметтік тұрмысы жақсы болғанын аңғарасыз. Ал Михаил Булгаковтың пәтері... Жазушының «Шебер мен Маргаритасын» оқып, сүйсініп, оның өмірбаянынан сыр шертетін естеліктерді түгел шолып шықтық қой. Әріптестері Булгаковтың ақшаны тапқанымен тез жұмсап тастайтынын, ақша ұстай алмайтын, қолы ашық жан екенін жазады. Кедейшіліктен көз ашпаған отбасын кейде әйелінің әкесі салған ақша «құтқарып қалса», кейде әйелінің алтындарын ломбардқа өткізіп, жан баққан.
Тепкішекпен төртінші қабаттағы Булгаковтың пәтеріне жаяу көтерілдік. Кіреберіске бас сұққаннан өзімізді басқа бір әлемге тап болғандай сезіндік. Бірінші қабаттан Булгаковтың пәтеріне дейін қабырғаларға жазу жазып, сурет салып тастаған. Жо-жоқ, қабырғадағы суреттерді кәсіби суретшілер салмаған. Булгаковтың үйіне келген кез-келген қонақ өзінің қаламымен қабырғаға сурет салып, жазу жазса болады.
Булгаков үйінің қызметкері: «Қабырғаға сурет салғыңыз келе ме, әлде жазу жазасыз ба, өзіңіз білесіз. Арада біраз уақыт өткесін қабырғаларды бояп, барлық сурет пен жазуды өшіреді. Қайтадан адамдар сурет салып, жазу жазады. Ешкімді әкімшілік жауапкершілікке тартпайды. Жоғары жақтан арнайы рұқсат берілген. Булгаков – өте еркін жазушы еді ғой, оның үйіне келген қонақтар да өзін еркін сезінеді», - деді.
Біз де шимай-шатпақ қабырғаға өзіміздің тілегімізді жазып кеттік.
...Булгаковтың үйіне кіргенімізде әріптестері мен бірінші әйелі жазғандай жазушының отбасы тым қарапайым тұрғанын сезіндік. Бірінші бөлмеде жерде, үстел үстінде жазушының кітаптары үйіліп жатыр. Ас бөлмесіндегі ыдыстар да жақсы сақталыпты, тек ретсіз қойылыпты.
Булгаков алғаш рет өзінің жеке кабинеті болғанда қатты қуанған екен. Музей қызметкерлері дәлізде басқа қонақтармен сөйлесіп тұрғанда Булгаковтың креслосында отырып, тыныс алдық. Жазушының үстелінде отырғанда көңілімде бір алаңдаушылық сезім болды. «Музей қызметкерлері кіріп қалып, ескерту жасай ма» деген қорқыныш емес, Булгаков кіріп келіп, «бұл менің үстелім ғой» дейтіндей сезімде болдым.
Сомерсет Моэмнің (медицина мектебінде оқыған) мынандай пікірі бар: «Адам ауырғанда, қорыққанда бетіндегі бетпердесін шешіп тастайды. Дәрігер адамдардың сол сәттегі шынайы бейнесін: өзімшілдігін, ашкөздігін, мейірімсіздігін, болмаса, керісінше мейірімділігін, жанкештілігін, адамгершілігін көреді».
Мамандығы дәрігер Булгаков шығармашылығы арқылы өз қоғамының ғана емес, біз өмір сүріп жатқан қоғамдағы да (болашақта да) қаншама адамның бетпердесін шешті...
Аягүл МАНТАЙ
Бөлісу: