Жадыра Байбұланова, ақын: Рак дегенді естігенде бәрі өлімді ойлайды, мен өмірді ойладым...

Бөлісу:

24.03.2017 22511

-Жадыра, сіздің есіміңіз аталғанда оқырмандарыңыз қай өлеңіңізді есіне бірінші түсіруі мүмкін?
-Қарап отырсам көп өлеңдеріме тақырып қоймайды екенмін. Бірақ, шынайы сезімнен туып, көп жерде оқылғандықтан, бұл ретте «Ромео мен Джульетта қойылымы» деген өлеңімді айтар едім.

- Менің ойыма сіздің есіміңіз аталғанда "Келші, қосылып жылайық, көктем..." деген өлеңіңіз оралады. Жиі жылайсыз ба?
-Күннің күркірі мұңды қозғасын,
Өзгесі бізге лайық деп пе ең?
Сенде – ақ жауын, менде – көз жасы,
Келші, қосылып жылайық, Көктем?
деп басталатын өлеңім ғой...Өмірде адам өтірік күлуі мүмкін, бірақ өтірік жылай алмайды ғой. Жиі жылаймын... Көз жасы деген шынайылық қой. Көз жасында аңсар бар. Көз жасыңда тағдыр бар. Көз жасында тазалық бар. Мүмкін, өтірік күліп жүретін адамнан қарағанда, шынайы жылай алатын адам бақыттырақ шығар... 17 жасымда жазған өлеңім есіме түсіп отыр. "Жырлап өту тағдыр болса,
Жылап өту тағдырым"
деген...

-Сіздің шығармашылық әлеміңізде кім мейілінше патшалық құрады?
- Сезім...

- Өзіңізге қандай сауалды жиі қоясыз?
- «Мен сүйетін ғұмыр неге қысқалау?..»

-Байқағаным публикамен көп айналысасыз. Жаңа өлеңдеріңізді үнемі әлеуметтік желіге салып отыру Сіз үшін бұл қаншалықты қажет?
-Әзірге өлеңдерімнің жинағы жарық көрген жоқ. Сондықтан, әлеуметтік желіден болсын, оқылса деген ниет қана...

-Жақында кітабыңыз жарық көреді деп естідік. Жаңа кітабыңыздың оқырмандарыңызға ұсынар қандай жаңалығы бар?
-Қарағандыда жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшенов атындағы мүшәйра бар. Мүшәйрадан бас жүлде алған ақынның кітабы шығарылады. Сол мүмкіндік биыл маған беріліп отыр. Жалпы, кітаптың барлық дизайны жасалып бітті. Жақын күндері баспаға жібереміз. Кітабымның атын "Қағаз жүрек" деп қойдық. Өйткені, кітаптағы өлеңнің бәрі менің жүрегімнің қағазға түскен көшірмесі ғой. Кітаптың жаңалығы әуелі дизайнға мән бердік, сосын атын хэштег арқылы қойдық. Себебі, қазір барлығы интернетке көшіп жатқанда, біз интернеттегі кейбір үрдістерді кітапқа алып келуді жөн көрдік. Бұл оқырмандарға қызық болады деп ойлаймын.

-Сол мүшәйрада "Үздік ақын" номинациясын иелендіңіз. Осы жүлдеге сізден өзге лайық ақындар болды ма?
-Қарағандыда мықты ақындар көп. Олардың денінің кітаптары шыққан. Осы жолғы қатысушылардың арасында өзімнің лайықпын деп ойлаймын. Бұл жоба былтыр бесінші жыл қатарынан желтоқсан айында өткізілді. Демек, қатысып жатқан ақындардың жыл бойғы шығармашылығы ескеріледі деген сөз. Екіншіден, ол жерде ешқандай қазылар алқасы болмайды. Тек қатысушы ақындар жабық түрде өздері бұл номинацияға кімді лайық деп тапса, соған дауыс береді.

-Сіз кімге дауыс бердіңіз?

Ерік Нарын деген жас ақынға...

-Өзіңіз ақынның жарысыз. Бұл әңгімеден аттап кете алмаймыз ғой. Сіз тұрмысқа шығарда ақын ретінде жұтылып кетемін деп қорықпадыңыз ба?
-Отбасын құрарда, қандай құрбандыққа да болса дайын болдым. Бірақ, бақытыма орай, Ол менің Өлеңімді өзімнен артық түсінді, қолдады. Сол себепті, қос ақын қосылса, біреуі міндетті түрде құрбан болады деген қатып қалған қағиданы дәл қазір жоққа шығарғым келіп отыр.

-"Өмірде белгілі - бақытты жандармыз,
Өлеңде - кереғар"
дейсіз?..

- Өлең деген адамның жан дүниесінде болып жатқан сезімдердің бір сәттік көшірмесі ғой. Бір отбасы болсақ та, адам ретінде дүниені қабылдауымыз, сезінуіміз, қорытынды шығаруымыз екі бөлек. Демек, өлеңге деген көзқарасымыз да әрқалай. Бұл жердегі кереғар деп отырғаным осы болса керек. Бұндай қарама-қайшылық шығармашылықта тек өсуге ғана алып келеді деп ойлаймын. Көп адамдар әлеуметтік желіге жарияланған өлеңдерге қарап "екеуіңе не болып жүр, бәрі дұрыс па?" деп сұрап жатады. Өлеңнің бәрін біздің отбасымыздағы жағдай екен деп, ақпарат ретінде қараудың қажеті жоқ... Әйтпесе, біз де басқалар сияқты бірқалыпты, қоңыр тірлігімізді кешіп жүріп жатырмыз.

-Кейде әлеуметтік желіде сіз өлең жариялаған соң, Мирас та өлең салып отырады. Өлеңмен жиі диалог құрасыздар ма?
-Жалпы, үйдегі шығармашылық аура бір-бірімізге әсер етпей қоймайды ғой. Көбіне менің мінезім тұйықтау болғандықтан, сөйлегеннен гөрі өлең жазған жеңілдеу сияқты көрінеді. Мүмкін, Мирас өлең жазған шақтарда, мүмкін мен өлең жазған шақтарда ойды ой, сезімді сезім қозғап диалог жазылатын кездер болатын шығар. Бірақ, барлығы дерлік емес...

-Шыныңызды айтыңызшы, салыстырмалы түрде қазіргі кезде Мирас екеуіңнің поэзияда кімнің десі басым?
-Шынымды айтсам, ондай бір салыстырулар жүргізбейді екенмін. Бірақ Мирастың поэзиясы қашанда биік.

-Өткен жылдар сіздің сырқатыңыз біраз жақындарыңызды уайымдатып қойды. Қазір денсаулығыңыз қалай?
-Иә, екі жылға жуық уақыт бұрын қатерлі дертке шалдығып, біраз алаңдап қалғанымыз рас. Көп адам рак деген сөзді естіген бойда, Өлімді ойлайды. Ал мен Өмірді ойладым! Өмірді қаншалықты шексіз сүйетінімді ойладым. Сол алға жетеледі. Қазір денсаулығым бірқалыпты. Өмір сүргім келеді! Өлеңмен емделіп жүрмін.

- Қазір лирикалық өлеңдер көп жазасыз. Сезім. Махаббат. Ынтызарлық. "Мұның бәрі кімге?" деген сұрақ қойлмай ма сізге?
-Жалпы, қызғаныш деген уақытпен бірге сарапталып, байыптылыққа, сабырлылыққа қарай ауа беретін сияқты. Алғаш отау құрған кезде менің тарапымнан қызғаныш көп болды. Жастық шығар. Ал менің лирикалық өлеңдеріме Мирас ешқашан араласқан емес. Өйткені, ол поэзияға бекзада өнер ретінде қарай алады. Ойлап отырсам, өмірімді ауырғанға дейін, ауырып тұрғаннан кейін деп екі кезеңге бөліп қарайды екенмін. Иә, қазір жүрегімде бір арпалыс болып жатқан сияқты. Өйткені, өмірдің бағасын білдім. Әр сәтімнен өлең алып қалғым келеді. Сіз айтып отырған сезім де, ынтызарлық та, іңкәрлік те өмірді өзгелерден артығырақ сүйгендігімнен шығар. Басқа ешқандай астар жоқ...

-«Кеше біреу дастарxаннан дәм татып,
Бүгін дұшпаныма айналды...» дейсіз. Басыңызға іс түскенде алыстап кеткендер көп пе?

- Бұндай өлең жазған болсам, демек бәрі жақсы деп айта алмаймын ғой. Өмірдің өзі қайғыға ортақтасу мен қуанышты бөлісуден тұрады деп ойлаушы едім. Талай жандардың бет-пердесінің шешілгенін көрдік қой. Ауыр сәттерде адамды қолдай алмасаң, тым болмаса үнсіз қалу керек шығар.
Мұндай жағдайлар шығармашылықта да болып жатады. Орынсыз қызғаныштарын білдіріп, аяқтан шалуға тырысатындар баршылық...

- Ақындардың ой әлемінің тазалығы дегенді қалай түсінесіз?
- Ақын атқа, атаққа ұмтылып, жүрегін кірлетіп алмауы қажет. Дүние кірген жүректен дүбәра ойлар шығады. Ақын үшін ой тазалығы деген - Өлеңге деген адалдық болар.

- Жалпы, шығармашылық лабораторияңызда қай қаламгердің ықпалы басым?
- «...Маңдайыма сыймай кеткен жазуды,
Қағазға әкеп теремін».

Оқу бір бөлек, жазу – мүлде басқа. Өлеңде өзімнің шынайы сезінген дүниемді жазамын.

- Қазіргі әдебиетке келіп жатқан буынның "мені" өте жоғары. Өздерін ақын, жазушы деп таныстыра береді. Бұл қаншалықты дұрыс?
- «Маңдайға жазған бәрін тағдыр дедік,
Қағазға жазған бәрін ақын дедік» деп шимайлаппын бірде. Ақын ең алдымен адамдығын сақтап қалуы керек деп ойлаймын. Қазіргі жастардың "менінің" жоғары болуы - айналасының өтірік қолпаштауы, әдеби әділ сынның болмауынан шығар. Біреуді көңілжықпастық жасап мақтай берсең, шынымен өзін мықтымын деп ойлап қалар...

Аяқталмаған ертегі

Кетсем ғой жоғалып...
Жазылған адаммын соры анық.
Сенде арман күйремеуші еді ғой, сол үшін,
Мен сені сағынам, балалық!

Несіне бойжеттім?
Жыласам, айтады қой деп кім?
Мен өмір болар деп ойлағам түсіндей,
Тойыма киетін көйлектің...

Өкінем шын, сенші...
Көрінбей біреулер күлсе ерсі,
Биік өкше кигенде өзіме көп үлкен,
Тобығым таярын білсемші...

Өмірім – өліара,
Ертекке көп сенгем, содан, ә...
Мен соңын естімей, ұйықтап қалушы ем –
Екеуі бақытты бола ма?..

«Ромео мен Джульетта» қойылымы

Театрға барғанбыз.
Ең бақытты шығармыз деп барлық осы жаннан біз.
Көз алдыңда кіріп келді,
Бір кездегі арман қыз.

Жиып қойып маңайды,
Көз астымен сен де оған қарайсың, ол да саған қарайды.
Қасындағы ер жігітін аядым,
Мені қойшы, жарайды.

Менікі – жай бақылап...
Қайран, жүрек!
Қайдағысы еске түсіп жатыр-ақ.
Тағы өтірік құшақтайсың,
Бəрін сезем, ақымақ!

Ең қиыны – жыламау,
Бірін бірі ұмытпаған екеуге – шыдау əрі шыдамау!
«Шын сүйгендер қосылмайды» –
Қойылымның түрі анау!

Көз алдымда сурет па?
Əлде мəңгі жазылмайтын сезім деген қу дерт па?
Екі ғашық сендер болсаң, мен кіммін,
Ей, Ромео-Джульетта?!

***

Мен кешірім өтінемін –
Өзің жайлы ойым үшін өзгерген,
Қаштым қаңқу сөздерден...
Шаштарымнан, жасқа жетпей ағарған,
Кейде жалған күлгені үшін – көздерден,
Және соған сенген барлық адамнан,

Мен кешірім өтінемін –
Кешірім бер, болса маған бір өкпең,
Дәл осыны тілеп пе ем?
Өлеңнен де, саған арнап жаздым көп,
Ең бастысы – көп қиналған жүректен –
Ұмытуға тырыс дедім мәжбүрлеп!

Мен кешірім өтінемін –
Жауап бермей қалған xаттан, оқылып,
Сөнгені үшін от-үміт.
Естелікке тек көміліп қалғанда ой,
Шын жылармын...
Қалған бәрі – өтірік!
Өйткені Өмір сонысымен жалған ғой...

***
Шын айтам, менің кінәм жоқ!
Сағыныш бәрін құртатын...
Әйтпесе, мендік шыдам боп,
Жолданбай әлі жүр xатым.

Бар оған әсте дәлелім,
Күтпеймін xабар сенен еш.
Сен айтқан әннің әуенін,
Ыңылдап жүрген мен емес...

Сағынышқа ерсем, көрінді,
Тым тәтті болып, балдай сор.
Жасырып талай нөмірді,
Қоңырау шалған сол ғой, сол...

Өксік боп кейде өзекте,
Тұрып қалған да – Сағыныш.
Ұмытқан бәрін мезетте,
Ұмытпаған да – Сағыныш.

Шын айтам, менің кінәм жоқ,
Сағыныш бәрін құртатын!
Әйтпесе, менде күмән көп –
Хаттар көп әлі жыртатын...


***

Осылай боларын сезгем-ді,
Сезімді шығарған қай олақ?
Түнімен жылаған көздерді,
Таңертең бояп ап,

Жүрудің ауырын мұншама
Білсең ғой... Керегін тағы емдеу!
Жанарға шық тұнып тұрса да,
Жымиып «сәлем!» деу...

Бітпейтін не күй бұл, қоймайтын?
Таяқ жеп жүрсем де тартыстым!
Бақытты рольдерде ойнайтын
Бақытсыз әртіспін.

Жан-жағым қол соққан адамдар –
Біз өмір – ойын деп ұғындық.
Қойылым бітсе егер, тараңдар!
Шымылдық.

***

Сен кеттің. Жаным жалғыз.
Алыспыз сағымнан біз...
Осынша неге ұнады,
Орамал тағынған қыз?

Сол қызды дара көрсең,
Ұстаман, бара бер сен!
Қайтемін, байламына,
Байланып қала берсең?

Аппақ па ол Ол сүттен, мейлі...
Жанарды шық тербейді.
Өлеңнен өзге менің
Қолымнан түк келмейді!

Бар жанға, сірә, мұнша,
Жүрегі шын ауырса,
Мені де қоса ала ма,
Сен үшін дұға қылса?..

***

Қыдырып келеміз –
екеуміз һәм жалғыз...
Айнымас әлемде бөлек әр.
Өмірде белгілі – бақытты жандармыз,
Өлеңде – кереғар.

Мен сенде білмеймін дәл қандай ой барын,
Себебі жасанды сөзіміз –
Біз күннің айтамыз жылынбай қойғанын,
Суынған өзіміз, өзіміз...

Менің де, сенің де тұрған жоқ қолыңда,
Ей, тағдыр, сен неткен шебер ең!
Біз барған қойылым соншалық көңілді,ә?
Шыға сап жыладым неге мен?

Өзіміз әртіс боп барамыз неге біз?
Рольдермен қайтеді ауыссақ?
...Үнсіздік үшеуміз қыдырып келеміз,
Ал сезім жылайды дауыс сап...


***

Жылы жаққа кетпеңдерші, ей құстар!
Мұнда да күн жылынар.
Жат өлкеден бақ іздеген байқұстар
Жүрегінде жүгі бар...

Тым алысқа кетпеңдерші, құстар-ау!
Жақын ба өзі жылы жақ?
Мен сүйетін ғұмыр неге қысқалау,
Күту неге тым ұзақ?..

Қоштасқанда қап кетеді өкініш,
Сүйген ауыр, себебі!
Мені тастап кетпеңдерші, өтініш!
Ол да оралам деп еді…

Бөлісу:

Көп оқылғандар