Әмірхан Балқыбек: «Өлең туралы ешкім өлеңнен артық айта алмайды»

Бөлісу:

27.03.2017 7141

Ақын сөз ойнатуды ғана емес, әрбiр сөздiң iшкi мәнi мен тарихи мазмұнын да бiлуге тиiс. Түйсiгiңе тiлтану ғылымының тамыры тым әрiде жатқан секiлдi сезiледi. Ескiден қалған Бабыл қышпарағында «Тәңiрiнiң құпия төрт есiмiн ашқан адам пайғамбар дәрежесiне көтерiледi» деген сөздер жазылыпты. Сөз тану – Тәңiрi тану. Ежелгi Бабылдың кезiнде-ақ сөздiң жасалу жолдарына, трансценденталдық түпкi мәнiне, iшкi энергиялық қуатына назар аударыла басталғандығы байқалады. Сөз тасасынан Тәңiрi сығалайды, соны көре бiлуiң керек.

***

 

Құдайдың  бiр  аты  ар  болса,  әдебиет –  сол  ардың  iсi.  «Өлеңге әркiмнiң-ақ  бар  таласы»  деп  ұлы  Абай  айтқанымен,  Құдайдың жердегi шаруасымен екiнiң бiрiнiң айналыса беруге құқысы жоқ. Iшкi дайындығы, рухы да жетпейдi. Мұхаммед пайғамбар әлдебiр поэзия  туралы  әңгiмесiнде  «Ақын  болмысы  Алланың  қазынасы» деген екен. Демек, ақынның бүкiл шығармашылығы, тыныс-тiршiлiгi көктегi сол тылсым жаратылыстың жетегiнде жүрмек.

 

***

 

Мұхаммед пайғамбардың өзi де өмiр бойына асылзада поэзияның шын жанкүйерi болып өткен деседi. Әттең, бүгiнгi мұсылман қауымы «Құранның» Мұхаммед арқылы  көктен  түсуiне поэзияға  қаншалықты  қарыздар  екендiктерiн бiр сәт сезiнсе ғой. Олар Мұхаммед рухының биiк, жанының таза болғандығын ғана бiледi. Ал осы тазалыққа ол кiсi қалай жеттi, ол жағында шаруалары жоқ. Жан қысылғанда боқтық түрiнде болса да шындық айтылады дегендей, осы жағына назар аудара алар өресi болса, молдасы бар, басқасы бар бүкiл мұсылман әулетi нағыз  өлең құмарлар  әулетi  болып  шыға  келер  едi-ау.

 

***

 

Құдайдың бiр аты Ар болса, бiр аты Сөз. Бiр кездерi «Сөзбен Күндi тоқтатып, қамал бұзған» құдiрет иелерi екi аяқты пенде бiздiң арамызда да болған дейдi ескi аңыздар. Өзiмiз кешегi күнге дейiн мойындамай келген бақсылар поэзиясы осындай тылсым күшке ие. Қалай дегенмен де, бақсылықтың практикасына үңiлетiн болсақ, бiр кездерi поэзия адамның жаны ғана емес, тәнiн емдеуге де, тұрмыс-тiршiлiгiне қарасуға да қолынан келгенше ат салысқандығының куәсi боламыз. Ендiгi жерде поэзияны трансцендентальдық деңгейде түсiндiруден оның жердегi нақты жағдайына қайта оралатын болсақ, осындай рухани мұраға ие ақындарды да соңғы уақыт iбiлiс иектей бастағандығы аңғарылады.

 

***

 

Таза поэзияның, оны жасайтын шабыттың құдiретпен тiкелей байланысы бар екендiгi анық. Поэзия болмысы трансцендентальдық қасиетiнде пендеуи  түсiнiктен  қаншалықты  жоғары  тұрғанымен,  төңiрегiн дегi күрес-тартыс, одан өрбитiн нақты оқиғалар басқаға мегзейдi. О бастағы көтерер туы Аспани болғанымен, поэзия және Ақын саясаттан, қоғамның өмiрiнен, ортаның әсерiнен ешқашан бейтарап қала алмақ емес. «Ақын жаны кiрпияз, жамандыққа төзе алмайды».

 

***

 

Әдебиет ауылына тарихи философияға тiсi батпайтын, Тәңiрiнiң өзiн көшеде тiрi кездестiре  қалса тепкiлеп кететiн дiлi дүмбiлез «дарындар» қаптай бастады. Өлең былай тұрсын, прозаның өзiнiң ой жүгiртер алаңы тым тарылып кеттi...

Әдебиет тек өткендi жазу емес, белгiлi бiр дәрежеде болашақты болжаудың да құралы екендiгi ұмытылып қала бердi. Тарихи оқиғаларға  параллель  жүргiзу,  жеке  адам  түсiнiгiнiң  қатпарларына саяхат жасау, кеңiстiк пен уақытта еркiн қозғалу сынды әлемдiк әдебиеттiң ең соңғы әдiс-тәсiлдерiнен мақұрым қалған қазақ тiл өнерi ендiгi жерде құр жалаң қызыл сөздiлiкке айналып бара жатқандай...

 

***

 

Әдебиет – рухани майдан алаңы. Рухың мықты болмаса тәнiң, жан-жүйкең таяқ жейдi. Бұл жағынан алғанда әдебиетшi де спортшы секiлдi, жақсы көрсеткiш байқатуға тырысады. Бiрақ, спортшыға жақсы көрсеткiш байқатамын деп тәнге есiрткi егу қаншалықты зиян болса, әдебиетшiге де жалған елiктеу-солықтаудың тиiмсiздiгi соншалықты айқын. Бiр Мұқағалидың

аруағы риза болар, ал Данте, Шекспир, Лермонтов аруақтары ше? Жеке ақын шығармашылығына, ақын өмiрiне көз жұмып табыну қажет еместiгiн осы мысалдар-ақ дәлелдер. Шығармашылықтағы осы жеке басқа табынушылық дертi әдебиетiмiз өресiн әлi күнге өсiрмей келе жатыр. Қазақ әдебиетiнiң бiр адам шығармашылығына тән ойлау шеңберiнде қалып қоя беруi, бүкiл адамзаттық ой кеңiстiгiне шыға алмауы – бұл да ғаламдық поэзия рухының, әдебиет рухының алдындағы әлсiздiк.

 

***

 

Ақынға арашашы керек пе?

Осы сауал менi соңғы кездерi жиi ойлантады. Мен өзiмнiң Махамбеттiң басын алған, Абайды соққыға жыққан халықтың өкiлi екенiмдi жақсы бiлемiн. Ақан серiдей жаны сұлу перзентiн ғұмырының соңында жалғыздықтың арқанымен байлап, Бiржан салдай саңлақ ұлын бiлегiнен қыл бұраумен шандыған да менiң халқым болатын. Менiң халқым... Тек менiң халқым ба?..

 

***

 

Асылы, бiзге ақынға деген көзқарасты көне гректерден үйрену керек-ау. Олар Гомердi, оның қиялын ғана мойындап қойған жоқ, кейiпкерлерiн де мойындады. Көне грек ақындары он екi ерлiк жасап, тағдырдың талқысынан сүрiнбей өткен Гераклдей ажалды пендеге Құдайлардың санатынан ойып орын алып бердi. Ешбiр грек өз ақындарына «бұларың қате ғой, бұларың күпiршiлiк қой» деген жоқ. Ал бiзде ше? Бiз ақынның жандүниесiн, онда болып жатқан iзденiс-тербелiстерiн  түйсiне,  түсiне  аламыз  ба?  «Әр адам – бiр әлем». Сыныққа сылтау iздей берсек, осы сөзiмiз де күпiршiлiк болып шықпай ма?

 

***

 

Менiңше, қазақта өлеңiмен ғана емес, өмiрiмен де өзiнен кейiнгiлердi бiраз елiктiрген, тамсантқан, тiптi әурелеген ақын бар. Ол – Мұқағали. Оған елiктегендердiң бiразы «Ұлы бола алмай iшемiз» емес, «Мұқаң бола алмай iшемiз» деп жүрiп сорлап қалды. Алыптардың кейде ергежейлiлермен осылай да әзiлдесiп ойнайтыны бар.

 

***

 

Мұқағали ақын айтқандай «зымияныңыз да, зиялыңыз да – ақындар».

Олар да жұмыр басты адам. Бәлкiм, есiмдерi тарих парағына бас әрiппен жазылуға тиiс адамдар. Олардан перiште жасауға талпынудың еш қажетi жоқ. Бұл адам емес, Алланың қолындағы шаруа болар. Ал перiште жасауға талпына берсек, бұл ақынның қиялилығы емес, бiздiң қиялилығымыз болып шығады. Қияли болып отырып, ақын жырындағы ақиқат қисынын тап басамын деу – бос әурешiлiк. Шамасы, бос әуре болмас үшiн не iстеу керек,ендiгi жерде осыған бас қатыруымыз керек-ау.

 

***

 

Қазiргi ақындар iстiң емес, құр сөздiң ақындары болып бара жатқан секiлдi. Бiлемiз ғой Расул айтатын тәмсiлдегiдей, имам Шәмiл секiлдi  бiреу шығып, бiр сығып  алса,  көбiсiнiң  өлеңдi қойып  кететiндiгi де анық. Сiлкiлеп алатын адам жоқ, сөз тегiн болғасын осылай жөн-жосықсыз сайрайды-ақ келiп. Онысы құр бөспелiкке айналып бара жатқанымен де iсi болмай сайрайды.

 

***

 

Өлең туралы  ешкім өлеңнен артық айта алмайды. Әйтсе де, оқырманмен  жақсы  жыр  кітабының  қауышуы – той, осы тойда әркім өз құттықтауын, пікірін айтуға құқылы.

 

***

 

Ақын төбелесе бiлуi керек. Қажет жерде өз шығармашылығын жұдырықпен де қорғай алатын болуға тиiс. Бұл – ақындық өнердiң жазылмаған заңдылықтарының бiрi. Бiздiң Махамбет, орыстың Пушкинi, венгердiң Петефиi... сөзiмiзге дәлелдi ондап, жүздеп кел­­тiруге болады. Жасық адамнан ақын шықпақ емес. Ал жалынды адамда шалт басқан қимылдардың да болатыны анық.

 

***

 

Рас, ақын мына өмiрге өз өмiрiнiң тек нұрлы жағын ғана қалдырып, қара жағын өзiмен бiрге көрге алып кетуге тырысады. Қай-қай ұлы суретшiнiң де асыл мұраты осы. Бiрақ суретшi мұраты осы екен деп, бiздiң оларды түсiнбеуге тырысуымыз бiздiң қателiгiмiз болып шықпай ма? Өйтер болсақ, медальдiң екiншi бетi қайда қалады? Сосын, екiншi бетi жоқ медаль бола ма?

 

***

 

Мұқағали ақын айтқандай «зымияныңыз да, зиялыңыз да – ақындар».

Олар да жұмыр басты адам. Бәлкiм, есiмдерi тарих парағына бас әрiппен жазылуға тиiс адамдар. Олардан перiште жасауға талпынудың еш қажетi жоқ. Бұл адам емес, Алланың қолындағы шаруа болар. Ал перiште жасауға талпына берсек, бұл ақынның қиялилығы емес, бiздiң қиялилығымыз болып шығады. Қияли болып отырып, ақын жырындағы ақиқат қисынын тап басамын деу – бос әурешiлiк.

 

***

 

Екiнiң бiрi iшкiш болған деп бiлетiн Есенин табиғатында шымыр денелi жiгiт болған. Америкаға барғанда ондағылар оған спортшы болатын-ақ жан екенсiз деп тамсаныпты.Сол Есенин келбеттi де жiгiт екен. Бет әлпетi бiр қарағанда бейкүнә перiштедей көрiнетiн болған болса керек.

Алғаш кездескендер анадай тентек өлеңдер мұның қай жерiнен шықады екен деп те ойлайды екен.Сол Есениндi өлең оқып тұрған кезiнде көрген бiреу айтыпты:

«Мынау тек мықты өлең ғана жазып қоймайды, қажет болса адамды да өлтiре алады».

Бiзге де сондай ақындар керек. Байрон, Лермонтов, Петефи сияқтылар. Жылауықтар емес!

 

***

 

Ғажап! Осы біз жастарымызды болашаққа тартар тамырына балта шауып жатқан жоқпыз ба? Мұқағалидан бастау ап, Жұмекеннен тұшынбаған, Төлегеннен шөл басып, Қадырмен қорланбаған, сосын Тұманбайдың тұмасына ынтықпаған, Жұматаймен уанып, Кеңшілікпен ойға батпаған талапкердің түбі жарып шығуы неғайбыл-ау! Неғайбыл емес, жарып шықпайды ол. Ал, біз мақтаймыз келіп.

 

***

 

Суретшi мен әдебиетшiнiң миссиясы бiр. Әлде Микеланджело, әлде да Винчи айтты дейтiн «Сурет – көзбен көретiн өлең, өлең – құлақпен еститiн сурет» деген сөз бар. Осы сөз – ақиқат. Буырқанған Пикассо, жаймашуақ Матисс, сырлы Модильяни, аласұрған Сутин, сабырлы Сезанн – осы бағалауларды ұлы ақындарға қаратып та айтуға болады. Тек ақындарға емес, прозашыларға да.

 

***

 

Поэзия – қайшылықтардың перзенті, философия – қайшылықтарды бір ізге түсіру, жүйелеу, үйлесімін табудың құралы. Ницщеде бар ғой, олимптік (вертикаль, жоғарыға) және дионистік (төменгі, төрт стихия перзенті) дүниетанымдағы, яки болмыстағы адам деген анықтамалар... Қысқасы, шығармашылық иесі өмірін ақын боп бастап, философ боп аяқтауға тиіс.

 

(Ақынның әр жылғы мақалалары мен сұқбаттарынан)

 

 

Әзірлеген: Асылбек Жаңбырбай

Бөлісу:

Көп оқылғандар