Әлия Дәулетбаева, ақын: Әйел дегеніңіздің өзі - өлең емес пе?
Бөлісу:
Әдебиет жынысқа бөлінбейді. Дегенмен, мына дүниеде тек нәзік жандар ғана сезінетін және әйелдің жанымен айтылатын ғана шындықтар бары рас. Эмили Диконсон, Анна Ахматова, Марина Цветаеваның, өзіміздің Фариза, Күләш, Ақұштап, Гүлнәр Салықбайдың өлеңдері осының дәлеліндей. Әйел табиғатына ғана тән нәзіктік пен сезімталдықты аңғармау нағыз көрсоқырлық болса, қазақтың аяулы ақын қызы Әлия Дәулетбаеваның да шығармашылығындағы сазы мен назы үйлескен жауһар жырлардың жылы лебін сезінбеу мүмкін еместей.
Ақынның күні кеше «Жан дауыс» атты екінші жыр кітабы жарық көрді. Белгілі жазушы Нәсіпбек Дәутайдың жылы лебізімен жарық көрген кітап ақынның екінші жинағы. Сұхбат осы қуанышты хабарға орай алынды.
- Әлия әпке, кеше ғана жарық көрген кітабыңызға құтты болсын айтамыз. Оқырман қауымды сүйіншілей келген бұл кітаптың алғашқы шыққан «Сол бір сәуле» кітабыңыздан ерекшелігі неде?
- Рахмет! Өлеңсіз өткен біраз жылдарымнан соң жарық көріп еді «Сол бір сәуле». Ылғи мазалайтын өзіне-өзі көңілі толмаушылық, таусылмайтын жербетілік жанбағыс көп уақытымды ұрлады. Өндіре жазып жүргенім соңғы кездер шығар. Онда да сол баяғы айына бес өлең ғой. Дегенмен жаңа жинағымда «жанымның дауысы» анығырақ шығатынын оқырман байқауы тиіс. Өмір дегенді бұрын екі-ақ түсте көретінмін. Ақ пен қара. Сөйтсем, ол құрғырың құбылып тұрады екен. Соны аңғардым. Азаматтық, ұлттық намысымды ширықтыратын оқиғалар көп болды. Соңғы екі-үш жылда күйгенім мен сүйгенім, көргенім мен түйгенім – бәрі осында.
- Бірінші жыр-жинағыңыз шыққанда аса қуанбағаныңызды айтқан едіңіз, екіншісі жарық көргенде әсер қалай болды?
- Есейге сұхбат бергенде солай деп айтқаным есімде. Ол жинақ қазақтың мықты ақындары Дәурен мен Танагөздің жанашырлығының арқасында жарық көрді. Шынын айтсам, сондай сапалы көркем кітаптың ішіндегі өлеңдеріме көңілім толмаған. Жалпы жастық максимализмге онша-мұнша ұрынбаған, байсал тартып тұрғаны да шамалы немқұрайлы мінезім бар. Намысым кететін жерде болмаса, негізі салқынқанды адаммын.
- Әйелдер мен әдебиет, дәлірек айтқанда, әдебиеттегі әйел мәселесі сонау бағзы замандағы Сапфо ханымнан бермен қарай қызылшеке айтыс тудырумен келеді. Жалпы, «әдебиеттегі әйелдер» бөле қарау қаншалықты дұрыс?
- Бұл өзі бір жауыр болған сұрақ қой. Әйел-ана-отбасы деп пафосқа ұрынбай-ақ қояйын. Талантты адамдарды жынысқа бөлгенге әуелден қарсымын. Әдебиет болсын, басқа болсын. Мен өлең жазған кезде ішімде «әйел» отырмайды. Адам отырады. Барлық күйініш-сүйінішімен, қасірет-қайшылығымен... Әрі-беріден соң әйел дегеніңіздің өзі өлең емес пе? Өлеңді өлең жазса, онда тұрған не бар?
- Ақын қыздардың кең көсіліп жырлаған табысты тақырыбы – махаббат, сүйіспеншілік екені рас. Өзіңізді кең ауқымға шыға алмаған шығармашылық иесі ретінде сезінбейсіз бе?
- Шығармашылық ауқым деген не өзі?! Өлшемі қандай? Оны білмейді екем. Көкірек көзім жеткенше жазамын. «Сіз» деп ізетті махаббаты жырлаған да күндер болды. Ерлер тілін тістеген сәтте ақиқатты айтқан да кездер өтті.
- Кезінде Фариза Оңғарсынова атындағы әдеби ұйым құрылып, оған өзіңіз жетекшілік еткен едіңіз? Ұйым қандайлық жұмыстар атқарды? Бүгінде немен айналысуда?
- Өткен жылы желтоқсан айында «Фариза жұлдыздары» деген атпен тұсауы кесілді. Фариза есімі мақтау-мадаққа зәру емес. Дүниеде қазақ тұрғанда Оңғарсынованың жұлдызы сөнбейді. Біздікі – тірісінде шапағатын көрген ұлы ұстазымыздың қалқасында тұрып, жас таланттарға қолдау көрсету. Өлеңді қалай жазуды үйрету емес (ол өзі мүмкін емес нәрсе ғой) , өлеңді өлтірмеуге үгіттеу. Қанат бітіру. Бұл клуб осы мақсатта құрылды. Өңірде шығармашылық орта қалыптастыруды армандадық. Облыс мәдениеті мен руханияты соңғы жылдары билік тарапынан үлкен қолдауға ие болды. Біз де әлімізге қарай қызмет еткіміз келеді. Ғ.Сланов атындағы кітапханадан Ф.Оңғарсынова атындағы кабинет жасақтап жатырмыз. Шығармашыл жастарға жиналуға таптырмайтын орын. Жас ақындардың туындыларын насихаттау, интеллектісін көтеру мақсатында түрлі форматтағы басқосулар өткізіп келеміз. Облыстағы жас ақын-жазушылардың антологиясы шығады, шығармашылық кештері өтеді.
- «Өнердің құны бір тиын болған заманда
Өлермендікпен өртеніп жаздым бір өлең», - деген едіңіз бір өлеңіңізде. Әлбетте, өнерге, өлеңге өлермендік болмаса тұшымды дүние де тумасы анық. Дегенмен, өлермендікпен жазылған шығармалардың өзіне де лайықты баға берілмей жатқан сынды.
- «Ақын өлтіру» ойыны ауық-ауық жүріп тұрады ғой біздің сахнада. Ақынға оқ шығындаудың қажеті жоқ. Қасақана танымай, әдейі елемей... Ақкөйлек көкірекке сол жетеді. Шын ақын бәрібір жаза береді. Қоғам керексініп жатыр ма, жоқ па? Төлегенше айтсақ, сол өзін елемеген қоғамның жарасының аузында тұрады. Ең бастысы, іштегі дерт шықсын. Ел тауып алады кейін. Ақиқаты асқынғанда іздейді ақынын. Сондай бір кездер болған біздің елде де. Қазір шүкірміз. Атырау Бақытгүл екеумізді алақанына салып отыр. Туған елдің махаббатын сезген соң қанаттанасың. Анау-мынау жел сөзді елемейтін асқақтығымыз да содан шығар...
- Жаңа кітабыңыздан бір өлеңіңізді оқысақ...
- Аты жоқ өлең
Көңіл неден күпті еді,
Есіркеген кімді кім?..
Талайыма біткені,
Тесік қоржын тірлігім.
Расы осы, расы,
Сенбегенің неткенің?..
Ессіз күнім қыр асып
Екіндіге беттедім.
Қолқаға у тұндырып,
Сайтанды да ұнатқам.
Мен біреуді жынды ғып,
Мені біреу жылатқан.
Қиялыңда тозатын,
Сол күндердің бәрі аңыз,
Жауапсыз хат жазатын,
Сүрме кірпік қара қыз.
Сауап атын шақырып,
Арқаладық обалды.
Адастық та аһ ұрып,
Алданбайтын боп алдық.
Көздерім ғой күлетін,
Айтпаңызшы сенем деп.
Өзім ғана білетін,
Ақиқатым-өлеңде.
- Тамаша! Оқырманға тарту етер, асыл жырларыңыз көп болсын!
Сұхбаттасқан: Наурызбек САРША
Бөлісу: