Шынай Рахметұлы: Сын жасқаншақ, қорғансыз жанрға айналып барады
Бөлісу:
Әдебиеті мен баспасөзі жоқ ел – ұлт болып қала алмасы айдан анық. Моңғолияны мекендеген аз ғана қандас бауырларымыз өткен 70 жылда өз ана тілінің қаймағын бұзбай сақтап қалғандығына зор ықпал еткен басты фактор – ата жұртта жарық көріп келген дәстүрлі қазақ баспасөзі деп біледі.
Өлгий қаласындағы белгілі жазушы-журналист, еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Шынай Рахметұлын әңгімеге тартқан едік.
Шынай ақсақалдың поэзиялық, прозалық шығармалары он шақты кітап болып жарыққа шыққан. Он шақты пьесасы сахналанған. Моңғол-қазақ, қазақ-моңғол көркем аударманың түбін түсірген қаламгер. Өткен жылдың өзінде «Айдағы секпіл», «Асудағы арпалыс» деген екі повесі, оншақты әңгіме, өлең, толғау, бір пьесасы оқырманға жетіпті.
Қазіргі күні «Кірешілер» атты повесть, бірнеше әңгіме, екі өлең жазып, бір қытай романын моңғолшадан аудару үстінде екен.
- Шіке, 1993 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н. Назарбаев Ұланбатырға барғанда, сіздің сөзіңізге жазылған бір әнді әнші Меруеш Монғолиядағы қазақтардың сәлемі ретінде орындап жеткізгенде, ол кісі көзіне жас алған еді. Ол сәт те бүгінде тарихқа айналды. Елбасының көңілін босатқан лирик ақын, сіз бүгін қайдасыз?
- Атамекенде емес, қара мекендемін. Жағымпаздықтан аулақ адамды бүгінгі таңда кім елеп-ескереді, Қазақ елінің Президентімен сәлемдесуге сол жолы өзім бара алмай, сөзім барғаны секілді, әлгі бір ауыз сөзбен бедел тапқандар онда барғанда, ойып тұрып орын алғанда, өзім жүрмін ғой арманда. Мен ғұмыр бойы қазақ ұлтына, әдебиетіне қызмет еткеніммен, «біздің жыртысымызды жыртқаны да» деп, мәдениетке еңбек сіңірді деп, шашбауымды моңғол көтергендіктен, «моңғол болып кеткені сол шығар» деп, ол жақтағылар маңдайдан сипап, құшақ жая қарсы алғалы отыр ма?
Қазақ әдебиетінің таңдаулы үлгілерінен қажымай моңғолшаға аударып насихаттаған Жәмлиха, Қаһар, Жүкел және өзің де, Қуандық, қайдасың? Барайыншы мен де, Астанам бар ғой десем баспанам жоқ, егделеген шақта ел аралап, әр үйге бір қонақтап өтер жайым жоқ. Дәл сол өзің көргендей, жүзім қалмаса да жұмыр жер бетінде аз да болса ізім қалар ма, керекке терек деп біреулер сөзімді алар ма деп дәурен озған сайын қажетті-қажетсіз бірдеңелерді қара күркемнің бір бұрышында бұрқыратып жазып отырмын да.
- Социализм тұсында іргетасы қаланған Монғолиядағы қазақ әдебиетінің қазіргі халі нешік?
- Біздің керейдің қалындық таңдап ел аралаған екі жігіті найман еліне барып бір ақ ордаға түсіп қонған екен. Жігіттерді күтіп сыйлап, әңгіме-дүкен құрып отырған отағасы қыз сынағандарды біз де сынайық деп ойласа керек, сөз арасында: «Елдеріңнің жақсысы кім, жайсаңы кім, солардың да атын атап, түсін түстеп айта отырыңдаршы» дегенде екі жігіт біріне бірі қарап қойып: «Осы біз екеуіміз ғой!» депті. Сонда қонақтарға шәй құйып отырған әлгі үйдің бойжеткен қызы шімірікпестен: «Тіфу, игі-жақсысы сен екеуің ғана болсаң керейлерің келіскен-ақ ел екен, адыра қал!» деп беттеріне былш еткізгендей болғанда екі жігіт кірерге тесік таппай, жер шұқи берген екен дейді. Соларға ұсап мықтылырдың бәрі көшіп кетті, я өшіп кетті, енді мен ғана қалдым деу ұят қой, кәрісі азайғаны болмаса жаңа өскін жас талаптар қаулап келеді.
- Монғолиядағы қазақ әдебиеті жайында атажұртыңызда бірқатар ғылыми-зерттеу еңбектер жарияланды. Кандидаттық диссертациялар қорғалды. Осы әдебиетте айтарлықтай қолтаңбаңыз бар аға буын өкілі ретінде сол еңбектерге қалай баға берер едіңіз?
- Жасырары жоқ, мұндағы азғантай қазақ қауымы онда жоқ, мұнда жоқ нағыз тұйықталып, ауыр күйде қалған диаспора деуге келеді. «Етжақын туыс-туған жарым-жартыңды атажұртыңа аялап көшіріп алғанбыз. Енді соларға тартылып, келгің келмейін десең де өз күшіңмен келесің, келмесең солармен араласып тұру үшін екі аралықта салпақтап жүре бер, тапқан-таянғаныңды сергелдеңге жұмсап, мысың құрып» деген сыңайда ол жақ жайына тастады.
Ал бұл жақ «Осы жер Алтайдың баурайы біздің түп тұқиянымыздың мекені еді-ау» дегенімізге қарайтын емес «Жартыларың еліміз анау деп көшіп кеткен, есің барда елің тап» деген көзбен қарайтын болды. «Су ішкен құдығыңа түкірме» дегендей ондайдың қайсыбірін айтып сөге берейін.
Екінші жағынан, бұл жақтағы ағайындарымның шынында есі кеткен бе деп кейде күмәнға батамын. Ат төбеліндей аз қазақ дін тазалығын, ұлт тазалығын бекем ұстауы құба-құп. Алайда шағын ру ішінде, нағашы, жиен, тіпті бөле арасында құдаласып, қан жақындасу шегіне жетті-ау деп ойлаймын. Зардабы біліне бастаған бұл үлкен қасірет, бұл қазақ ұлттығының зәру мәселелерінің бірі болары айтпаса да ұғынықты болар.
Ал өздеріңізге мәлім, социализм тұсында, социалистік қоғамның айтулы берешектерінің бірі де осы болуы керек, Қазақстаннан шығарылған қазақ тіліндегі дүркінді баспалардың бәрі де бізге күн құрғатпай келіп тұруы қазақ болып қалуымызға үлкен ықпал еткен болса, оларды емге іздесек таппағалы жиырма жылдан асып кеткен жоқ па, өзің жіберген дисертацияңнан басқа Моңғолиядағы қазақ әдебиеті жайында атажұртымызда жарияланған ғылыми-зерттеу еңбектер тақырыбында менен емтихан алып «екі» деген баға қойсаң, өкпелемес едім.
Ондай еңбектер жазыла берсін-ақ, мен оқымағаныммен қазақ әдебиетінің тағдыры, келешегі үшін керек, тек ондай еңбектер сын көтерерліктей шығармаларға арналған болса және сипай қамшыламаған, қайсыбір мүшайрадағыша мырзалықпен қарап, шүлен таратқандағыдай болмаса ғана. «Же, шапаным, же» деген ғой Қожекең шапанының жеңін табаққа малып...
- Монғолиядағы қазақ әдебиетін зерттеу ісіндегі ішінара кеткен қателіктер бар ма? Артық-кем тұстарын да атап өтсеңіз.
- Қолда мәлімет жоқтығын жоғарыда айттым, шын сырым осы. Ал жалпы әдеби сынға келер болсақ, қайсыбір туындының олқы жақтарын әшкерелеп қатты сынап, оны жөнге келтірудің орнына, көпірте мақтау жағы таразының басын төмен басып бара жатқан жоқ па? Шығармашылар да біразы заманға сай мақтансүйгіш болып алған. «Мырзалар, ханымдар» демесең олар ренжіп қалады, көпшік қойсаң мәз болады. Тіпті Әуезов, Мұқағалилардың орнына өздерін қойғызғысы келетіндер барын мен білемін. Сәулесі бары мінін тауып бергенге қуанады. Мәнсабы, даңқы зорларды, дәулеті молдарды әділ сынға алу тіптен қиын. Олар ештеңеден тайынбайды. Қайсыбіреулері сырпыта жаза беріп, өздерін ақылап дәріптетіп асыра мақтатуға әуес. Сол үшін де сын жасқаншақ, қорғансыз жанрға айналып барады. Мұндай әрекет ұлттық әдебиетке қамшы емес, тұсау.
- Сізді ақындық, аудармашылық, журналист-публицистік еңбегіңіздің сыртында тарихшы, шежіреші ретінде оқырман кауым кеңінен таниды. Елдегі қазақтар тарихының ақтаңдақ тұстарынан кеңірек мәлімет бере кетсеңіз.
- Қайсыбірін айтайын, мешеулік, қорлық, зорлық-зомбылықтың барлығын феодализмге жаптық, көзімізді социализм ғана ашты дедік. Шын мәнінде қазақтың коммунизмі сол феодализмде болып, өтіп кеткенін айта алмадық. Айтсақ халық жауы атанып, атылып кетер едік. Жаппай сауатсыз болғанбыз, славян қарпымен көзіміз ашылып, көкірегіміз оянды деп мүсәпірсідік.
Жаппай араб жазуымен-қасиетті құран әлі-биімен ілім игерген ғұлама ата-бабаларымызды надан атандырып, құдай, аруақ алдында күнәһар болдық. Қазақ деген халықты қыздарының бостандығын табанға таптап барлығын малға сататын тасбауыр, дүниеқоңыздар бейнесінде суреттедік. Сөйте тұра теңіне қосыла алмай, обалды кеткен қыздар туралы нақты дерек таппадық, қалың малдың малдың есесіне қыруар кит пен жасау, қыздың еншісі келіп, екі жақ тең түсетінін ашып айта алмай аузымыз буылды.
Қазақстанның Баян-Өлгиймен араласып, барыс-келіс жасап тұрған жалғыз көштік жол аумағын Ресей басып алғандықтан тұйықталып қалғанын, Оспан батыр большевиктік үш елмен бірдей жауласатын ақымақ айуан емес, азғана қазағының азаттығын, ар-намысын қорғаған нағыз қаһарман болғанын айта алмай, оған қарсы қару алып шыққандардың ерлігін дәріптедік.
Қазаққа моңғол ағайындар ет бауыры елжіреген мейірбан, жақсы көргендігі үшін аялап Баян-Өлгий атты ұлттық аймақ орнатып берген деумен келдік. Ол дәуірде моңғол халқының жан саны жеті жүз мың шамасында ғана аз, жері кең, егер бұл өңірге қазақ табан тіреп, қорғап тұрмаса, осы батыс өлке иен қалған еді. Егер қазақ болмағанда әлі күнге дейін қыдыңдаумен келе жатқан Қытай мен Ресейдің ту-талапайында кететінін жария етсек, пролетарлық интернационализмге қарсы ұлтшыл ғана емес нацист, фашист атанып, әлдеқашан абақтыда шіритін едік.
Дамбийжа лама лаңы, патшалық Ресейдің ақ гвардияшылар тонауы, саяси нәубет, Алтайдың арғы бетіне ауа көшкен үркін-қорқын, партиялық диктатура, жаппай коллективтендіру, қазақты моңғолдандыру саясаты тәрізділер бұрын да біршама жазылғандықтан, қайталап жату артық болар. Моңғолияда ислам және будда-дәстүрлі екі-ақ дін өмір сүрумен келген. Дінді жоғалту желеуімен мұсылман мешіттері жойылып кеткенде Ғандын мен Эрдэнзудағы ғибадатханаларда ламалар гу-гу иман үйіріп, отыра берген. Баян-Өлгийде қай уақытта да жұмыссыздар сабылысумен келеді. Оларды армияға тартып, ауыр жұмыстарға салған. Осылардың кейбіреуі бүгін де ақтаңдақ, құпия.
- Өзіңіздің ізбасар шәкіртіңіз ретінде кімді ерекше атап айтар едіңіз? Жалпы, өзіңізден кейінгі буын әдебиетшілерге көңіліңіз тола ма?
- Өзімді шәкіртке ұстазбын деуден ұяламын. Ұстаз, Ана, Ұлы атанудың жолы бөлек, үлкен. Кім көрінгенді олай атай беру қисынға келмейді. Мұғалім оқушыларын тастап қойып өзі шекарада сауда істеп, боқшылық қуып жүрсе, оны ұстаз деуге бола ма?
Кеше жазғандарымды бүгін ұнатпайтын жаман мінезім бар. Бұрын шыққан кітаптарымды шығындалып бекер шығарыппын-ау дейтін кезім аз емес. Күні бүгінге дейін өзімді ұлы дарын иелерінің шәкірті санатында танимын. Маған өздерін шәкіртпін деп жүретіндер бар шығар, олар менің жазғандарымнан артықтау жазып шығарса екен деп ойлап жүремін. Шәкіртіңмін деп жүретін біреу өлең оқығанда, қырымнан қысыламын. Ондайдан не пайда? «Пәлен оқушыға сабақ бердім», «Түген сәбидің кіндігін кескен едім», «Менің жүгіргенімнің арқасында біздің төңіректен Мырқымбай депутатқа тоқсан бес пайыз дауыс берді» деген секілділер бедел табумен бірдей, өзінің еңбегін бағалатып жоғарыдан сыйлық, мәнсап, марапат алатын анықтама жасаумен ұқсас нәрсе, меніңше. Шәкәрім дейтін ізбасар шәкіртім бар деп Абай атамыз айтқан ба, жоқ па білмедім.
- Аймақтағы қазіргі әдеби үдерістің халі нешік?
- Керуен кідіріссіз жылжып жүріп келеді. Цензура келмеске кетіп, еркіндік үстемдік алса да бостандық деген осы екен, әдебиет деген осы болар деп, ырықтан шығу, көркемдіктен алшақтау баршылық. «Көш жүре түзелер», бұрынғыша кітапты өкімет тарапынан қолдап шығарып беретіндей мүмкіндік жоқ, нарық талабы саралап, оқырман сатып алатын туындысын бастырып шығаруды жазғыштардың өздері де терең ұғынатын болар.
Жасы елуден асқан «Шұғыла» журналы бұл аумақтағы әдебиеттің басты айнасы болумен келе жатқандығы көңілге медеу. Моңғол елі қазақтың құсбегілік өнерін ЮНЕСКО-ның мәдени мұра қорына тіркетіп үлгіргені секілді әдебиетін де әлемдік деңгейде қанағатты насихаттайтын болды. Бүгінгі қазақ әдебиетінің таңдаулы үлгілерін ағылшын, жапон, қытай және басқа тілдерге тәржімалауды қолға алса, сырт көз-сыншы, жақсы туындылар екшеліп, дүниежүзілік дәрежеде бағаланар деген үміттемін. Әлемдегі адамзат баласы қан төккіш қарумен емес, ақылмен соғысатын, адамның денесін алыс-жұлыспен азаптап қинайтын спорттық олимпиаданы тастап, рухани талант сайыстыратын кезең жақындап келеді.
- Баян-өлгийдегі қазақ бауырластарымыздың болашағын қалай елестетер едіңіз?
- Бұлдыр. Қазынасы жер қойнауында көпсіп жатқан, сөйте тұра қарызға белшесінен батқан осы елдің ат төбеліндей қазағын былай қойғанда, моңғол жұртының өзі болашағына шүбәлі-ау деймін. Оңалатын мүмкіндігі бар: басындағылардың басы істесе, обырлықтарын тыйса, сөзден іске, саясаттан экономикаға батыл бет бұрса. Ал бұл жақ жатсына бастаған кезеңде қазақ баласы қайда барады, ұлттық Отаны, іргелі елі бар, сол елінің берекесі - бойтұмары.
Мені елеп-ескеріп әңгімеге шақырғандарыңызға рахмет. Уақытым бөлінді деп өкінбеймін. Біреулер өз аяғымен барып та сұхбат беруге асық. Бірақ мен үшін өзімді көпіртіп мақтап насихаттаудан қысқа ғұмырдың енді қалған аз уақытын ойлағандарымды қағаз бетіне тезірек түсіріп үлгіру қымбат, қажеті болар десе ол жақтағы қаламгерлер мені өз қастарына тартып алуды ерте бастан қарастырмас па еді?
Әңгімелескен:
Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ
Бөлісу: