Светқали НҰРЖАН: ЖҰП ҚАҒЫС

Бөлісу:

04.04.2017 8744

Жағада

Мұхит-дүние.

Толқыған адам-ағыс,

Бір қарасаң, сықылды ажал алыс.

Қағып кетед шабақша шапшығанды,

Аңдып тұрған күн-ажал – шағала құс...

Көктен аңдып тұрғанда шағала құс,

Бағаңызды, шабағым, шамалаңыз!

Толқын – жөргек...

Бұлт – кебін...

Адам – ағыс...

...Біз де бүгін, мінеки, жағада-мыс...

21.07.10 ж.

Қайда аттанды ол?..

(Ли Байша)

Бұлт-перденің ар жағында он төртінен толған Ай,

Бір сапарға ол да аттанып бара жатыр, жалған-ай!

Қар перделі терезеден айдай ару телміріп,

Бір сапарға аттанды ол да...

Сөнді шамдал...

Соңғы үміт...

18.01.11 ж.

Маймылдықты мойындау

Мына жүрген адамның бәрі маймыл,

Ішінде – мен: ең залым кәрі маймыл!

Таспарандап өлтіріп тастар еді –

Шын бейнемді әлі ешкім танымай жүр!..

Барым осы!

Шыным сол!!

Ырас айтам!!!

Қай құрдымға құлатар мына сойқан?

Күнә-сайқал күйлеген көкірегімде –

Шала-шайтан жанып тұр, шыра-шайтан!..

Ырас айтам!..

17.06.13 ж.

Бәз аңсар

Заря Жұмановаға

Аяусыз жылдар араларымызға қанжар сап,

Аяулы жандар қалды алшақ.

Тұмадай мөлдір, баладай сол бір аңғал шақ,

Кеткенің бе енді?

Өткенім бе енді –

Көктегі үндерді мәңгі аңсап?..

...қапасты бұзып шыға алармыз ба қармансақ?..

Аяймын несін ғұмырдың мынау қалған шақ? –

Төлейін соны, жылдарым, сол бір балдан сат!..

Садақа болсын жолыңа барлық мал-мансап,

Белес боп кешкі

Көмескі от төкші,

Елестеп кетші алдан сәт!..

...Сәулесін салсын қараңғы жаққа барған шақ...

05.12.13 ж.

Қайрау

Бұл жолда нар жығылып, піл бүгілген,

Пайда жоқ дүрлігіңнен, «кімдігіңнен».

Малғұнға жүрегіңді тақ қыларсың, –

Құдайға байланбасаң кіндігіңнен...

Бұл жолда зіл тайсақтап, нән бұрылған,

Һайла жоқ тоғанақ, тең, сандығыңнан.

Биіктет – кеудеңдегі Бірдің тағын,

Күйіп кет – пәруәнаша шамға ұрынған!..

Іңір мен Таңның алмасуы

Аз ба, көп пе қалған ғұмыр –

Кім береді жауабын?

Өлегізген шамдалды іңір

Сөнсе, – төнер зауалым...

Тыс қалдырмас сағадаттан,

Айттық Адам, Һауа әнін. –

Елегізген Ғаламат Таң

Енсе, – сөнер зауалым...

Уағда

Өзі таңдап, берді маған сынды Алла,

Қайтем зарды кереңге айтып тума – НӨЛ?!

Жендеттерің тықты буып зынданға,

Мен бәрібір келем қайтып, Туған Ел!..

Мен өзіңнен ажыраман ешқашан,

Тілді тістеп үнсіз және қала алман.

Зынданға емес, көрге қамап тастасаң, –

Бір Тірі Нұр жанар, бәлкім, моламнан?..

Тыйым

Енді тілің келер ме екен тобаға? –

Сен, өйткені бас тартпайсың харамнан!

Маған, бірақ жеркенбеуге бола ма –

Харамнан да жеркенбейтін адамнан?!.

Түрің жоқтай кеңесімді құп алар,

Дұға өтпейді! –

Бас тартасың сыйымнан.

Айтшы, достым, менде қандай кінә бар –

Харам түгіл, халалдан да тыйылған?!

Мисекерлік

Қамап алды үйімді ымырт,

Жыртып жұлдыз түнекті.

Кеміруде мыйымды құрт,

Жылан сорып жүректі...

Бергені де Жасағанның,

Қалды аспанда алау-із...

Құрттан шақпақ жасап алдым,

Ал жыланнан – балауыз...

Сағадат

Ит біткен күллі мен жаққа қарап абалап жатыр, абалап!

Дұшпаным түгіл, достарым түгел табалап жатыр, табалап!

Мен болсам жүрмін Құс жолы жақта оранып Айдың сәулесін,

Һүр қыздарменен,

жұлдыздарменен Ғаршының Бағын аралап...

Қандай сағадат?!

Қамамақ еді, таламақ еді алдымнан ашып түрмесін,

Жерге тыққасын алмақ ед Ңөңнен сияпа менен жүлдесін...

Үруін тыйып кілең бұралқы ұлиды жұртта жер тырнап –

Мен кеткен жаққа,

мен жеткен Баққа ене алмайтынын білгесін!

Неткен ғаламат!?.

Тәуба табу

Китке күйлеп, ал кейде итке күйлеп,

Діттедің кеп, әйтеуір, күйттедің – боқ...

Бар-дүр менде жалғыз-ақ артықшылық –

Сен өйткенмен, мен қасқа үйткенім жоқ...

Басқа келген кетер ме бәле тегін? –

Өтті неше әреке, тәреке-күн!..

Жүрегіме мың алғыс –

Көріп қойған

Боқтан да артық нәрселер бар екенін!..

Сары шымшық

Жұлдызымен көшкен шақта Таң сыңсып,

Жанарымнан бозаң қырға тамсын шық.

Қауырсыны жүрегімді сәл шымшып,

Шырлайды-ай бір көкірегімде сары шымшық.

Шақта мынау түн етегі түрілген,

Дүниенің көріп қойып дүмін мен –

Түнді оятып, қырды оятып дүбілгем,

Қоңырау ғып сары шымшықтың үнін мен...

Түн тұрмас

Мені көрсе қуанды ұлтым,

Қуантсам деп суалды ұртым.

Тығып қойды тар қораға

Жұдырығы жуан құлпым...

Тұра бермес буалдыр түн,

Бізге де ертең туар бір күн.

Қуам құртын жүрегімнің,

Түнегіңнің жуам бұлтын!..

18.02.14 ж.

Сол көздің тартуы

Сол көзімнің тартады асты жырпылдап,

Жүрегімді осқылайды бір тырнақ.

Естілді Үрей аяғының дүрсілі –

Көкірегімді көріп едім тың-тыңдап...

Қашан ғана жанар екен жанда шам? –

Таң дидарын көре алам ба самғасам?

Оң қабағым тартып қай күн –

Үмітім

Жүрегіме із салар екен ол қашан?..

Күзгі көңіл-күй

Төлежіп шыңның құздары міскін,

Шашпайды, тіпті, мұз-қары да ұшқын.

Қара күз – мынау,

даламыз – қырау,

Жұлдызды ықтырды ызғары қыстың.

Сүйегі мұздап тоңғанда атырап,

Жылады-ай бейбақ орман қақырап...

Тоңған қалтырап жүрегімді көр,

Толған Ай... ол да – солған жапырақ...

1.Айға өкпелеу

Тауысқан кім төзімімді түтіп бұл? –

Шырпы-шалға айналыппын, – қытықты ұл.

Тереземді Қара Жегі кеміріп,

Кенеземді нәжіс-түтін тұтып тұр...

Салқы Ай, сені мақтамады қайсы өлең? –

Арзуым ең – жаз-қанатын жайса әлем!

Аспан жақтан – Жаббар-Хақтан бір хабар

Жеткізбейсің!..

Жеріп кеттім, Ай, сенен!..

Кешір...

2.Ай ақталған

Сәлем жолдап сансыз жұлдыз самсаған,

Шүпілдеп тұр сан хабар – Сен аңсаған.

Хайдан* рұқсат болмағасын шарам не,

Ай болғанда не дей қоям мен саған?!.

Сәлем болсын саған, бірақ тіке бұл,

Сәл шыдасаң, – түтеленбек біте кіл.

Сәмиғ*-Алла – «сабырлының жанында»,

Шыннан арзу болсаң, – шындап күте біл!..

Кешір...

19.02.14 ж.

--------------------------------------------------------

Хай* – Алла-Тағаланың Тірі сипаты.

Самиғ* – Алла-тағаланың Естуші сипаты.

Пері қыздың терезесі

Дуалы шөл бар кептірген, пай, кенезені! –

Жағаға келем жаласа лапыл ішімді...

Ұсақ толқынды сұр теңіз –

Ай-терезелі

Пері қызының үйінің шатыры сынды.

Мақұрым жанмын Жат Әлем ережесінен,

Өзекті жалап барады тұншыға жалын! –

Тығылып барып, үңіліп терезесінен,

Тыңдаймын пері қызының сыңсыған әнін...

23.02.14 ж.

Қазақ байлығы

Мәс-кебісті мас ешекше билеткен,

мас-керімді таққа дейін сүйреткен;

мәші-қарды мәңгі-ңөңге күйлеткен,

Есі барды әңгілерге илеткен –

қайран қазақ байлығы!..

Есең қайтар қай күні?

Һалал татпай к...т-қатпарға боқ қатқан

құлтекені ширек ғасыр оттатқан;

шата-дінді төрге күйлеп шығарып,

ата-дінді көрге сүйреп соттатқан –

қайран қазақ байлығы!

Есең қайтар қай күні?..

24.10.13 ж.

Жыл келгенде

Жыл келді ғой!

Қалмаңдаршы оянбай!

Дидарларың пәк сәулеге боянғай!

Жаз таңының Нұр Самалын аңқытып,

Өлілерді тірілте гөр, Хай-АЛЛА-ай!!!

«Тіріл!» деген болса Хақтың өкімі –

Тез жете гөр, Хай-Алланың өкілі!

...Қалтылдап тұр табалдырық-таразы,

Жарқылдап тұр күннің алтын кекілі!..

14.03.14 ж.

Сана-мерез

Обырланған, тобырланған тұл-сана,

Жебірленген, темірленген пұл-сана,

Кебінделген, нөмірленген тіл-сана,

Жебірейленген, жөгігөйленген құл-сана,

Жегікөзденген, өлібезденген кір-сана...

Бүлікбеттенген, жүлікк...ттенген күл-сана,

Сүлік-шекпенмен қырық шектелген дін-сана,

Сейфтермен бейіттелген түн-сана...

Енді қашан тазармақшы бұл сана?..

...Санамда дерт көп екен ғой мұншама?!.

Есік жабар

«Ат» дегенім, есек болды, – не шықты?

«Тас» дегенім, кесек болды, – не шықты?..

Есек, кесек – екеуледі, өшікті,

Бітемекші-ей, ауа кірер тесікті.

Отын қылмақ мен бөленген бесікті,

Тоқым қылмақ біз ұстанған жосықты.

Бірақ олар бәрін-бәрін кеш ұқты...

...Інім, мықтап жауып алшы есікті!..

Даңқ

Түннің іші. Елдің бәрі жүр шулап,

Көрмейді ешкім Ай жатқанын жиекте.

Қаптаған ит таласып жүр ырсылдап,

«Даңқ» атты сүйекке!

Ит ырылы толып алған бау-баққа,

Жыр, сыр өлген...

Қарашы иттің әуресін!

Ал мен болсам, аулақта

Жалап жатам Айдың тәтті сәулесін...

01.04.14 ж.

Қошқар-Ата – Қолтық қонысы.

Ақырғы арпалыс

Талғандай қанатым,

Басылды желігім.

Тәніме – Қара Түн

Жасырды өлігін.

Енбек боп мұнша әуре –

Жарық Таң сыналап.

Жылайды Бір Сәуле –

Табыттан сығалап...

30.06.14 ж. Арал-Жалаңаш.

Құл мен патша

Суат берген жанға Тәңір,

Адастырмас Құт-Құбылаң.

Рухыңды самғата біл –

Құл-тірліктің тұтқынынан!..

Самғат!

Хайдан азық әпер,

Еніп Худың бақшасына! –

Күллі дүние тәжім етер –

Екі Ғалам патшасына!..

30.07.14 ж.

Діл-Білгенің көз жасы

Хақ жақпай ма жүрегіңе шамды алғаш,

Таң қалмассың нұр-дария құйса шын?!

Діл-қарындас кірпігінен тамған жас

Талқан қылды жанның қара шишасын!

Біржолата қонып басқа құт-арман,

Шайтан қашқай –

қылып келген мұнша әуре!

Көкірегімде тамшы жастан тұтанған

Лып-лып қағып тұр қанатын Бір Сәуле...

06.06.15 ж.

Жұлдыз көшкен

Мына әлемге бардай төте қатысым...

Теріскейден бұлт үреді көпек боп.

Құбыланың ашу үшін қапысын,

Ай барады жұлдыздарын жетектеп.

Көпек бұлттар тағы оқталды үрмек боп...

Мен де жұлдыз – Құбылаға беттеген.

Ай соңында... көзден жасым дірдектеп,

Ағып кетпей... аман жетсем деп келем...

15.05.16 ж.

Ай жетім

Бізге Көктің бұйырушы ед қай төрі? –

Ай да жетім!

Мен де жетім!

Күшік те!

Мәңгілікке ұйықтап кетсем қайтеді –

Тұмсығымды тығып алып ішікке?..

Оятпақ ем Өлі менен Кереңді,

Осы арманмен кешкенім шын мың сынақ!

...Әй, бәрібір, ұйықтатпайды мені енді –

Бұлт астынан жетім күшік қыңсылап...

18.01.17 ж.

Бөлісу:

Көп оқылғандар