Кітап туралы кітапқа барар жол
Бөлісу:
Қай халықтың болмасын ұлттық мерейі – қашан да асыл қазынаға айналған адамдарынан, оларды тұғырына қондырған білім қайнарынан қуат алады. Тіршіліктің қандай саласында қызмет етпесін, «Надандық дегеніміз тозақ, одан шығар жол жоқ» деп Рашид-әд-дин ескерткендей, қазіргі заманда кімнің тозақ отына күйгісі келеді дейсіз. Бірақ, соның өзінде, әсіресе мәдениет, ағарту мәселелері тікелей толғандыратын оқу орындарында, жалпыға бірдей білім беру мектептерінде жазушы – кітап – оқушы – талғам тақырыбы рухани игілік ырысы ретінде ұстаздардан бастап шәкірттерге дейінгі барша ізгілік әулетін ешқашан самарқау, бей-жай қалдыра алмайтыны белгілі. «Бір жүз елу тараудан тұратын ақыл оқып берсең де ақымаққа ойыншық көрінеді» деп XIV ғасырда бабаларымыз (Саиф Сараи) қатты түңілгенімен, соңғы сөз орнына ұсынылып отырған бұл толғаныстар біздің ғұмыр бақи ойлана беретін, жастарға бағыштап қада қазықтай оралып соға беретін көкейкесті күйіміз.
1. Рухани ұлы мұрат
Әлем картасы ала-құла. Деректер мен көрсеткіштердің өзі әр тілде сөйлейді. Жарық дүниеге дайын біліммен келетін тірі пенде жоқ. Шыр етіп жерге түскен сәттен бастап нәресте үшін бүкіл өмір оқылмаған қалың кітап тәрізді... Еңбектеп, қаз-қаз басып, бірте-бірте тілі шығады. Ер жетіп, есейеді... Ол ғұмыр бақи осы өмір кітабын оқып өтеді.
Санақ төрелігі өзі айтсын. Білім табалдырығын бала біткен тұңғыш аттайтын бастауыш мектептер көрсеткіші: біздің Елімізде, қалай дегенмен, жас ұрпақты қамту аясы тұрғысынан – жүз бүтін, мектеп жасындағы бүлдіршіндердің бәрі де өз заманы, ортасының игілігін еркін игеруге ерікті, қолында – қалам, қолтығында – «Әліппе». Мектеп – жеті жасқа толған әр баланың он жыл бойы аялайтын екінші мамасы.
Қайыршылық пен жоқшылық зардабын тартып отырған, адамға адамның қысастығы, қиянатты жүзі безеріп маңдай алдыңнан шығатын мешеу дамыған елдердің тағдыры қандай аянышты еді. Еңсесін енді көтере бастаған Сауд Аравиясында күні кешеге дейін мектеп жасындағы бүлдіршіндердің тоқсан бөлігі әліпті таяқ деп білмейтін, қара танымайтын сауатсыз, ғылымыңыз не, біліміңіз не, үш ұйықтаса түсіне кірмейтін. Ал қазіргі Мавритания халі ше? Әр он баланың тоғызы дәл осы аянышты тағдырды қайталайды. Мали, Чад... О, тізе берсеңіз, елдің ат төбеліндей азын-аулақ ауқатты тегінің рыздығы дегеніңіз не, жалпы халықтық рухани несібе тұрғысынан жер бетінде ащы әділетсіздік сорын жұтып, көз жасы бұла, көкірегі толы қасірет – қаншама адам саусағын санап отыр.
ЮНЕСКО осы таяу жылдарда ғана бүкіл дүние жүзі бойынша әр елдің халыққа білім беру жүйелерін талдап, қазіргі нақты өмір шындығынан бір қорытынды шығару үшін, болашақ ұрпақ мүддесін жан-жақты ойланып, жалпыға бірдей бұқаралық білім беру жүйесін жетілдіру мақсатымен халықаралық зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін арнаулы топ құрған еді. Әлеуметтік, экономикалық негізі әрқилы, дүниенің түкпір-түкпірінен жеті ел қатысқан сол Халықаралық ұжым өз жобасын жария қылып, жұртшылық назарын аударған. Жаңа білім жүйесінің конструкторлары бірауыздан мақұлдап, ЮНЕСКО талқысыма ұсынған батыл жоба, таяудағы жиырма-отыз жылда жүзеге асырылар жиырма бір ұсыныс әр адамның балалық шағынан бастап, бүкіл ғұмыр бойы оқып-үйрену, өз бетімен іздену, үздіксіз білімін тиянақтау мұратына негізделген.
Білім – дүниенің кілті. Білім дегеніңіз – ғылым. Ғылым дегеніңіз – электроника, теледидар, ғарыш... Адамзат ұрпағының қазіргі бүкіл рухани, ғылыми-техникалық игілігі осы білімнен тамыр тартқан.
Мектеп – білім бастауы; кітап, кино, жоғары оқу орындары, радио, теледидар, баспасөз – қазіргі заманда қай елдің, қай халықтың болмасын ұлттық мәдениетінің негізін қалайтын, мерейін өсіріп, шаңырағын көтеретін ұлы тірегі.
Кейінгі жылдардың қуанышы құлшындырады: кеңес елінде жылына орта есеппен 1309,6 миллион дана кітап жарық көрген екен.
Бұл кітап баспасы тарихының алғашқы жүз елу жылында бүкіл дүниежүзі шығарған кітаптар қорынан да асып түседі. Социологиялық зерттеулерге назар аударсақ, небір қызық көрсеткіштердің куәсі боламыз. Таллинн қаласы тұрғындарына қойылған сұрақтар нәтижесі: әдеби кітаптарды оқи ма, жоқ па, – жауабы қаралған 2420 адамның бәрі дерлік үзбей оқып жүретін боп шықты. Он бір адам ғана жауап бермей, тек біреуі «кітап оқымаймын» деп белгі соққан. Мыңдаған шақырым жол жүрсең де кітап дүкенін кездестіре алмайсың деп қынжылған Канада жазушысы Дайсон Картердің елімен енді осы
Нақты өмір шындығын салыстырып көріңізші...
Дон Кихоттың қызметшісі сонау бір заманда тіпті қожасының кітапханасын түн орнымен құртып жіберуді де қиялдаған. Ақжүрек мырзасының «алжасуын» сол кітаптардан көрген еді. Қазір заман өзгерді, білімге, ғылымға көзқарас өзгерді. Қазіргі дәуір нышаны дейтініңіз де осы. Соңғы жиырма шақты жылдың өзінде, бұрын-соңды қолына кітап ұстап көрмеген кең дүниенің езілген, қайыршы 800 миллион халқы бірте-бірте сауатын ашып, көкірегі оянып, білімнің, ғылымның, рухани өнер игілігінің не екенін сезіне бастаған.
Бірақ өмірде әлі де қаражүзді кедергілер көп-ақ. Рей Бредбери ғылыми-фантастикалық романдарының бірінде жандарм тәртібі үстемдік жүргізген мемлекеттің сұмдық суретін бейнелеп беріпті: кітап атаулыға өлім үкімі кесілген...
Бір кезде әйгілі Амстердам, Брюссель кітапханаларына өрт қойған зұлымдық қылмыстың сан алуан сұрқия көрінісін адамзат ұмытаалар ма екен. Александрия, Оксфорд кітапханалары... құрту, қыру, жою. Не деген сұсты ұғым?! Өшпенділік, ыза-кек... Дін басылары Джордано Бруноны да тірілей отқа лақтырды. Насимидің терісін сыпырып, қорлап өлтірді. Күні кеше ғана фашизм Гарсиа Лорканың көкірегіне жалғыз оқ қадап, Муса Жалилді дарға асқан. Атам заманнан келе жатқан қарақшылық қаруы бір-бірінен аусайшы.
Бұлардың жазығы не? Не үшін? Ғылым, білім салтанатын қорғағаны үшін, ақындық, азаматтық жүрегі үшін, әділет жолында айбынды күресі үшін! Мұның бәрі тек кітапқа, ғылым, білім, өнер атаулыға, жеке бір адамдарға қарсы көтерілген уытты қаһар емес, мұның артында ізгілік шапағатына, заман, дәуір шеруіне қанжарын кезенген қандыбалақ жыртқыш, зұлымдық сұсы тұр.
Пабло Неруданың қасиетті Отанын қанға бөктіріп, ізгі ниетті адамзат ұрпағын қатты күйіндірген Чили қасіреті – әскери-фашистік өктемдік осындай қарақшылық сұмдығының бірі еді.
Чили халқы үмітінің уақытша шегінісі оның тарихи еңбегі мен тәжірибесі маңызын кеміте алмайтынын әрдайым ескере отыруға тура келеді: қажетті жағдайлар туа қалған күнде гүлденудің бейбіт жолы баяндырақ болуы мүмкіндігі жөніндегі ғибраттық тұжырымды Чили қайғысы тіпті де жоққа шығарған жоқ. Бірақ ол азаттық мұраты өзін қорғай алуға тиіс екендігін мықтап тұрып еске салды. Ол қазіргі заманғы фашизмге қарсы, сұқ пиғылдардың тіміскі әрекеттеріне қарсы қырағылыққа үйретеді, бостандық, еркіндік жолына түсушілердің бәрімен халықаралық ынтымақты күшейтуге шақырады.
Әділдік, азаттық үшін, жер бетіндегі баянды бейбітшілік үшін күрес – татар дәм, бір үзім нан үшін ғана күрес емес, ол – бүкіл ізгілік жұрағатының ұлы тиянағы адам намысын қорғау жолындағы теңдік, бауырластық, ғалам жарастығы үшін күрес, ар-ождан тазалығы, ғылым, білім үшін күрес. Жоқшылық пен зорлықтың, қиянат-қорлықтың ауыр азабынан айығып, жұрттың бәрі жұмыр жердің жүзінде адамгершілік, білім, парасат тілімен терезесі тең салтанат құратын күн де келеді әлі.
Біреулерге бұл, әрине, тек әзірше ғана қол жетпес алыс арман боп көрінгенімен, бастан кешкен қилы кезеңдердің тарихи сабағы, бауырластық ынтымақтастық, бостандық пен тәуелсіздік жолында күресіп жатқан бүгінгі әр алуан халықтар тәжірибесі болашаққа нық сеніммен қарауға қыруар дәлел-деректер тауып береді.
Заманына сай шығармалар жазып, халқынан лайықты бағасын алған көркемсөз шеберлері қазіргі бейбітшілік саясаты жетістіктерінде әлеуметтік ізгілік мүддесі үшін ғұмырлы туындылар ұсынған көп ұлтты халықтар әдебиетінің де елеулі үлесі бар екенін мақтаныш сезіммен атай алады. Бүкіл дүииежүзі қаламгерлерін әсіресе тегіне, түріне қарамай, ар-ождан еркіндігі, теңдігі жолындағы күрес мұратына біріктіру бағытында жүзеге асырылып жатқан ізгі нышандардың мәні өте-мөте ерекше.
Қарап отырсаңыз, адамзат ұрпағына қызмет ететін игілікті, ғылыми-техникалық, рухани қазынаның бәрі де ғасырлар бойғы адамдар арманының ақиқатқа айналған ұлы ырысы екен. Адам тек өз қарабасының қамы, мұң-мұқтажы жайлы ғана емес, бақытты өмір сүрсем деген жұпыны талап-тілегінен бастап, өз ортасы, төңірегі, елі, жері, жарық дүние, бүкіл әлем тағдыры туралы ойланған.
Өз құдіретіне өзі сенген жерде маңдай тер, білек күші, ақыл-ойымен құдіретіне құдірет қоса білген. Жылт еткен үміті арманымен ұласып, ал арманы алдындағы айқын мақсатымен сабақтасқан жағдайда ғана ол өз арманын өнерпаздық еңбегімен өмір шындығына айналдыра алған.
Есептеп көрсе, қазір адамзат игілігіне қызмет ететін барша двигательдер қуаты екі миллиард ат күшінен де асып кетіпті. Бұл бүкіл жер шарын ораған дүлей дауыл, жел күшінен үш жарым есеге жуық қуатты. Ал адам баласы өзі жасаған құрал-жабдықтар көмегімен жылына үш мың текше шақырымдай жер қыртысыи қопара алады десек, күні-түні тынымсыз таудан құлап арқырап аққан жер бетіндегі бүкіл өзендердің теңіздер мен мұхиттарға ағызып әкелетін топырағының шамасы он бес текше шақырымдай ғана. Бұл – адам еңбегі табиғат тасқынынан екі жүз еседей мықтырақ деген сөз.
Осы бұлшық ет, маңдай тер, адал еңбек, ақыл-ой құдіретінің ар жағында өз тұрмысын жеңілдетуді көксеген адам баласының бір кездегі қияли арманы жатқан. Сол арман күндердің күнінде ақиқатқа айналған.
Адам мен арман – егіз.
Ғалам әдебиеті асыл қазыналарының бірі, біз өз жазбаларымызда орала беретін ежелгі Вавилоп мұрасы Гильгамеш эпосынан бастап, бүкіл халықтар тарихындағы батырлық, ерлік жырларының қай-қайсынан да адамзат ұрпағының ең ізгі арман-үмітімен сабақтас
әр қилы іздену жолдарын аңғару тіпті де қиын емес. Жарық дүние тағдырын азалы ауыр жағдайларға душар ететін өлім жайлы ойланып, тәңірлер тәлкегіне қарсы шығып, Гильгамеш те жұмыр жерге жарасты бақыт тілеген, өлмес өмір іздеген. Ұлан-ғайыр кең әлемді кезіп, мәңгілік ғұмыр жырын шерткен Қорқыт қобызының зарлы сарыны да ұрпақтан ұрпаққа дүние сұлулығы, баянды бақыт туралы аялы арманына дем беретін рухани сүйеніш боп қала берген.
Біз енді осы байырғы халық аңыздарының жаңа мағынасын жаңаша сезінеміз. Адам өзі өлсе де, ешқашан оның ісі өлмесін!
Халқына, еліне, Отанына адал қызмет еткен жас жігіттің ақтық сыры ретінде берілетін. С. Ерубаевтың «Мәңгілік өмір туралы жырын» іштей бір қайталап көріңіз. Өмір мен үміт жалғасы дегеніміз осы емес пе екен!
Арман қашан да ұлы идеялар мен ғұмырлық мұрат-мақсаттардың негізі болған.
Өз бетімен бүтіндей жаңа құрылықаралық (трансконтинентальдік) ұшақ үлгісінің жобасын жасап, мамандарды таңқалдырған Архангельск электр станциясының кезекші қызметкері (механигі), 26 жасар Н. Амосовтың о бастағы жастық арманы қандай өрісті еді. Бірақ Амосов тарихта алтын әріппен әспеттелетін өз орнын қиналған адамдардың бойындағы ауыр қасіретке қарсы күрестен тауып, бірте-бірте мәңгілік өмір дастанын дәрігерлік саласында жазып шықты. Өз арманын адамзат ырысына айналдырудың айқын үлгісі болған, лениндік сыйлықтың иегері, біздің замандасымыз хирург Амосовтың жүрек, өкпе ауруларын емдеу саласындағы, адам өмірін ұзарту жолындағы мың-сан операциясы, ғылыми еңбектері, жаңалықтары оның есімін қазір бүкіл әлемге әйгілі етіп отыр.
«Адамдар ешқашан қайғы-қасірет дегенді білмесе екен, өзара керіспей, ренжіспей, ғұмыр бақи бақытты өмір сүрсе екен!» – Сәбилік шағынан жадында сақталып қалған жұмбақ, сиқырлы «Жасыл шыбық» жайлы аңыздың осы лұғат сөздері Лев Толстойдың бүкіл арман-үмітінің, шығармашылық еңбегінің тиянақ тұғыры, демеуші күші болған. Жас кезінде өз шаруашылығын ұйымдастыруда помещиктер мен шаруалар мүддесін өзара ұштастыра жүргіземін деп дәмеленген граф Толстойдың бұл арманын өмір ағымы, жеке меншік психологиясы быт-шыт қылғанымен, ұлы жазушы көркем шығармаларында ізгі арманынан, алғашқы сертінен танған жоқ. Замандастарына, кейінгі ұрпаққа адамгершілік жайлы рухани өлмес мұралар қалдырып кетті.
Адамдар ешқашан қайғы-қасіретті білмесе екен дейтін ақ тілеу бұл күнде барша ізгі ниетті адамзат ұрпағының айнымас анты болуға тиіс. Ұлы Отан соғысының орны толмас ауыр құрбандығын, қыршынынан қиылған, қасірет шегіп боздаған жетім-жесірлердің көз жасын еске ала отырып, әрбір арлы азамат жер бетіндегі баянды бейбітшілік жайлы ойланбай тұра алмайды. Еркіндік жорықтарының ұлы жеңісін, тәжірибесін бірте-бірте сезініп, өз азаттығы үшін арпалысып жатқан, теңсіздік әлемінде адамға адамның қиянатын, озбырлығын бастан кешірген дүниежүзінің езілген халқы бұл сөздің қадір-қасиетін түсінеді.
Ел мен елдер арасында бәтуаласу жарастығын жариялап жататын түрлі-түсті шарттар, әсіресе Батыс пен Шығыс саясаткерлерінің соңғы жылдардағы салиқалы келіссөздері осы адамзат арманының көкейкесті көп сұрақтарына жауап іздегендей.
Соғыста қалжыраған әрбір жауынгер үшін Бейбітшілік – арман. Ал қазір бұл – біздің алдымыздағы айқын мақсатымыз. Біз Бейбітшілік бағдарламасын жүзеге асырып жатырмыз!
Ізгілік арманының қашан да туы биік. Атом қуаты – адамға адам зорлық таңатын, тамырыңпан қырқатын қарақшы қаруға айналмасын! Херосима қасіреті ешқашан қайталанбасын! Жер, су, ауа, адам еңбегі, ғарыш... – бәрі-бәрі ақ, сары, қара деп бөлмейтін, Адам деген бір-ақ айбынды құдіреттің ортақ игілігі болсын!
Міне, бүгінгі заманның жыры.
Бұл тек жер басқан тірі пенденің ешқайсысы үшін арман боп қалмай, жұмыр Жерді төбесіне көтеріп, күн көзіне тура қарап, мөлдіретіп, алақанға салып аялап көрсететін ұлы шындығына айналсыншы!
Қазіргі заманғы көркем әдебиет парызын сөз еткенде де біз дәйім осынау рухани ізгі мұрат үдесінен шығамыз.
Адам баласының пейіл бояуы әлі де ғасырлар картасының жүзіндей алабажақ. Бір жерде болмаса бір жерде әлдекімге кезелген мылтық дүрбісі, тірі жанның өңменіне қадалар оқ сұсы, өлім сұсы тұрғанда, бір халықтың бір халыққа озбырлығы – отарлық өзгі үстемдігі бар кезде әрбір ойланатын жүрек саусағын жылы суға малып, жайбарақат мүлги алмайды. Жазушыға тек шекараны күзету емес, жалпы адамзаттың тыныштығын күзету тапсырылған. Оның қаруы – қанжар емес, қалам.
Ендеше бүгінгі заман әдебиетінің әлеуметтік орнын айқындайтын басты меже де: ұрпақ пен ұрпақты рухани жалғастырып жатқан, адамгершілік пен азаттық мұратын жырлайтын, ой-өрісіңді кеңейтіп, болашақ өмір келбетін тек ізгілік жүзінен іздейтін, бейбіт еңбек пен жарасты тұрмыс салтанатын дәріптейтін, жер бетінде әлі де қыруар қамкөңіл жүректерге шапағатын дарытып, үміт шырағын жағатын таза шеберлік, сұлулық үлгілері деп білу керек.
Шын жазушы дүниенің тылсым дірілін бүкіл табиғатымен қабылдайды. Қуанышты көзімен көреді де, жан күйзелісін көкірегімен сезеді. Оған тек салтанаттың жарқыраған нұр-шуағын жырлау ғана емес, көз жасының күнәкәрін де табу керек; қиналған адамның мұқалмас қайрат-қажырын, рухани жылуын – бәрі-бәрін жазу керек.
Бұл ең алдымен қайғылы, қасіретті пенде ешқашан өзін жар кемерінде тұрғандай жалғыз сезінбесі үшін керек.
Жазушының заман алдындағы жауапкершілігі қашан да жаны жаралыларға сүйеніш боларлық осындай сын сағаттардан басталған.
Оның қоғамдық күші, әлеуметтік-тарихи мән-мағынасы күретамыр қасиетті парыздан қуат алған.
Жер-ананың жотасы танктың емес, трактордың ғана шынжыр табанына тірек болсын! Жазушының не жазса да жүрек түкпірінен толғауға тиіс бір-ақ девизі осы.
2. Кітап кімге керек
Жалпы мәдениет тарихында адамзат ұрпағының, әр халықтың алатын орны оқыған кітабының санымен айқындалады. Э. Лабуле бір кезде осы алуандас пікір айтқанда «мынау оқитын кісі» деп сән үшін ғана шіренетін сөрелер де болатынын, әрине, ойламаған шығар. Біз бұл күндері өндіріп оқып жарытпасақ та, түрлі-түсті мұқабалы кітап атаулының біразын сырттай иеленіп, сатып алып, көңіл көншітетін ұрпақтың өкіліміз. Оқығаныңнан гөрі келешекте оқылатын, оқылуға тиіс, оқылуы мүмкін кітаптардың сұлбасын шамалаудың өзі талайымызға әжептәуір ләззат сыйлайды. Біз тіпті бұған кәдімгідей мақтана да аламыз. Сатып алған кітабыңның санымен болса да әйтеуір ел санатында жүргенің жақсы ғой.
Не дегенмен, кейінгі жылдардың мықты бір жетістігі, талай үйлердің
төріндегі көз жауын алатын, жұтынған асадалдар беделі сопитас шараларды, қазмойын құтыларды бүйірінен түртіп ығыстырған сәнді мұқаба, салмақты кітаптарымен мерейлі бола бастады. Бұл – сөз жоқ, заман талабы, жақсылық шарапаты, рухи кемелдік нышанының білдіртпей бойыңа дарып, бірте-бірте төріңе ене бастауы.
Біреу әдетте бүгін оқымасам ертең оқырмын деп кітап жинайды. Әлдебіреулер қатарынан кем қалмауын ойлайды. Жұрт таласып, жақсы кітап деп шарқ ұрып жатса – тегін болмағаны, бұл да жеткен жеріне дейін іздеу салып көруі керек. Енді бір топ өзім оқымасам да, балаларым оқысын, ұрпағым оқысын дейді. Әсіресе болашаққа сенген, ұрпағына сенген осы адамның пейілі қандай таза еді! Шынында да, кім біледі, күндердің күнінде ата-ананың ақ тілеуін ақтайтын кітапқұмар бір ғұлама тап осы шаңырақтан шығып қалар.
Егер біз үміт жетегіне беріліп, барша кезде дәл осылай ойлай алатын болсақ, шетімізден оптимист болып шығамыз.
Ақылды кітап қашан да адам тәрбиесіне қызмет еткен. Адам тағдыры толғандырып, есімі тарихқа алтын әріппен жазылған заманымыздың ғажайып педагогтарының бірі, ауыл мұғалімі В.А. Сухомлинскийдің жеке меншік қорында он мың кітабы болған. Өз шәкірттерін тәрбиелеу үшін, адамгершілік үлгісі, ақыл-ой даналығы үшін қарапайым ұстазға рухани асыл мұрамен суарылған жан-жақты білімдарлық ауадай қажет еді.
Қишиневте тұратын, молдава университеті философия кафедрасының аға оқытушысы Е.И. Колесник жылына орта есеппен отыз шақты газет, жүздеген журнал, кітапшалар жаздырып алады. 1945 жылдан бастап жиналған 80 мың журналды былай қойғанда, 42 мың кітаби басылымды көз алдыңызға елестетіп көріңізші, Бұл иесінің ғана қызғыштай қоритын құлыптаулы кітапханасы емес, бұл қазына қазір Кишиневтің 1500 үйелменіне қызмет етеді.
Баспасөзде әр кезде тиіп-қашып сөз болып жүрген М. Әуезов, С. Мұқанов кітаптары жайында әңгіме, әйгілі қаламгерлердің оқу, іздену өрісін, талғам-танымын жан-жақты таразылайтын, жете талдайтын білікті сөз мұражай қызметкерлерінің келешекте жұртшылық назарын аудара кең тоқталатын қасиетті тақырыптарының бірі болар. Мен тек осы орайда өзім тым әріден жақсы білетін, өрістегі қозылардай қай отарға қосылып кеткенін біле алмай, қайсыбір кітабынан оқта-текте көз жазып қалып, із кесіп жүргенімен, мұрты мұқалмай, әлем әдебиетінің үздік үлгілерінен мейлінше жүйелі құрастырылып, тірнектеп жиналған Қадыр Мырзалиев кітапханасын атамай қала алмас едім.
Біздің астанаға тұңғыш қадамымыз сонау елуінші жылдардың орта белінде, Қадыр университеттің жоғарғы курсында оқып жүрген кезбен тұстас келді. Алдыңғыларға еліктеп, айналаңа ашық жанармен қарайтын арманшыл балаң шақтың алғашқы әсері ешқашан ұмытылмайды. Артында қол ұшын беріп қарайласар тірегі жоқ, болмашы студенттік айлығын тіршілік дәм-тұзы мен ұлы арманына тең бөліп, кітап жастанған, қағаз кемірген, анда-санда Тастақ бойында жалдамалы бір бөлмеден келесі бір хұжыраға көшерде көңілшек жеткіншектеріне кітап тасыттырып қоятын шынашақтай жігіт сол кездің өзінде-ақ тұрғыластары қызыға қарайтын кішігірім құпия бір қазына боп көрінетін. Содан бері... содан бері... әлсін-әлсін сұрыпталған, екшелген, оқылғандары орын алмастырып, айырбасталып, жаңарып, толығып тұратын, баға жетпес құны санмен емес, сапамен өлшенетін қайсар кітапхана қандай белестерден өтті, – оны әрине көрші-көлем, көлденең көзден гөрі ізгілік иесінің өзі айтып бергені жақсы. Ал мен Қ. Мырзалиев ақын ретінде, білікті, парасатты, азамат ретінде ең алдымен өсіп-өнген өз кітапханасына қарыздар деп есептеймін. Ғұмыр бақи ұққаным: кітап жинайтын адам қашан да дәл осы Сухомлинский, Колесник, Мырзалиевтердей болса ғой, адам игілігіне қызмет ететін ұлы мұраттарды үлгі тұтса ғой.
Одақтың Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі Мемлекеттік комитетінің бір кездегі төрағасы Б.И. Стукалин «Правда» газеті оқушыларының сұрақтарына қайтарған жауабында социологтар есебі бойынша жеке адамдар қолында қырық миллиардта кітап жинақталып қалғанын айтқан. Бұл бүкіл мемлекеттік, қоғамдық кітапханалар корынан бірнеше есе асып түседі. Осыншама қисапсыз байлық барлық жерде бірдей өз оқушысын тапқан ба? Сөз қадірін ұғатын бүгінгі ұрпақ жаның сүйсінер ғажайып ырыстың рыздығын түгел татқан ба?
* * *
Кітап жинау, кітап саудасы, кітап таңдай білу, насихаттау, оқушы талғамын тәрбиелеу мәселелері – бүгінгі таңдағы ең көкейкесті тақырыптардың бірі. Біз өз еліміз жағдайында бұл әңгімелердің әсіресе бір саласы – кітап насихаттау, тарату, санын белгілеу, жалпы кітап саудасын ұйымдастыру бағытында бір ғана «Қазақ әдебиеті» газеті бетінде берілген қаншама пайдалы пікір алысуларға куәгерміз. Соңғы бір-екі жылдың өзінде республикалық тұтынушылар Одағының төрағасы мен Ғ. Мүсіреповтен бастап, белгілі қазақ қаламгерлерінің біразы мүдделі ортақ әңгімеге азды-көпті өз үлестерін қосты. Талай іскерлік ұсыныстар айтылды, кітап өтпейді емес, жетпейді деп жатты. Үлгілі де кездейсоқ кітапханашылар тілге тиек болды. Алып-сатарлық, саудагерлік сұмдығы жайында да ойлана бастадық.
Бірақ бұл шындап келгенде мәселенің тек бірер буыны ғана еді.
Талғам тәрбиесі, таңдап оқу, кітап жинау, айырбастау мәдениеті дегеніңіз, әділіне көшсек, біз әлі мықтап қолға алмаған, талқыламаған, күні бүгінге дейін жүрдім-бардым, босбелбеу тақырыптардың бірі болып қалғаны өкінішті-ақ, өкінішті-ақ.
Әйгілі «Литературная газета» бұдан талай жылдар бұрын Е. Осетров мақалаларымен оқушы талғамы, кітапқұмарлық сәнқойлығы (модасы), жалпы кітап атаулыға көзқарас жайында қызулы да қызықты бір талқылаулар ұйымдастырған. Ойлы көкіректердің біразына бұқаралық баспасөздің игі әсері тимеді деп айта алмаспыз.
Әйтсе де мына бір соңғы деректерге назар салып көріңізші. А. Рубиновтың «Сауда шырғалаңы» дейтін сынына орай Ресей Мемлекеттік сауда тексеру орнының бастығы А. Ф. Малков жауап берген («Литературная газета», 9 маусым, 1982). Кітап саудасына байланысты із кесу кезінде анықталған қылмыстарды әр жерден бір шолып шыққанның өзінде төбе шашың тік тұрады.
Тюмень облыстық кітап саудасы қоймасының директоры Писарев бір ғана қаңтар айында (1982) халық сусап отырған 1316 сомның қат кітабын жалғыз өзі иемденген (бір адамның сол кездегі орташа айлық жалақысымен шағып қараңыз!), 5800 сомның кітабын өзге қызметкерлері қағып алған. Свердлов облысында тексерілген 89 дүкеннің 45-інде сауда тәртібі бұзылған. Читаның Кітаптар үйінде жаздырып алатын басылымдарды сатушылардың өздері пышақ үстінен он-ондап бөлісіп, жасырын тізімдермен таратқан. Чувашияда қандай да басылымдарға тек бір-ақ рет жазылуға болатын ұтыс билеті он шақты реттен «рейс» жасағаны анықталған. Горькийде 233 жыртынды қағаздар (макулатура) талоны дүкен мен саудагерлер арасында әрлі-берлі астыртын өтіп, әлдекімдердің тек пайда табу көзіне айналып кеткен. Алып-сатарлық, әр түрлі есептер үшін қоқыстар қалқасында, жертөлелерде құпия сақталған Джек Лондон мен Флобер, тек санаулы адамдар қолына бума-бумасымен өткен Дюма, Стендаль, В. Высоцкий кітаптары... – тізе берсе кітап дейтін қастерлі, қасиетті ұғыммен де рухани байлығыңды емес, тұрмыс-жайлық әл-ауқатыңды, жасанды «мерейіңді» үстемелейтін қылмысты «қазына» бөктеруіңе болады екен ғой.
Бұл деректерді мен текке келтіріп отырғаным жоқ. Ешқандай сәуегейлік емес, дәл осы көрсетілген өрескел кемшіліктер біздің республикамызда да желі тартқан. М. Рахманбердиев пен Ә. Бөпежанова «Қазақ әдебиетінде» жазған, астананың қақ төріндегі, іргесіндегі «бұқпа базар» хикаясының тірі «кейіпкерлері» қайдағы бір Тюменьнен, Горькийден, Чувашиядан жер ауып келген алып-сатарлар емес, тұп-тура өз топырағымыздан өсіп-өнген, сауда орындарымен жең ұшынан жалғасқан қылмыскерлер. Ескі-құсқы қағаздарыңды қабылдау тораптарына өткізіп, әділ жолмен талон алудың орнына бес сомыңды қисаң, жымысқы қолдан табу анағұрлым оңайырақ. Кітап дүкендерінде қажетті басылымдарға жазылам деп ұтыс билетінен үміт еткеннен гөрі азын-аулақ беделіңмен өтетін жеріңді алдын-ала ойластыра бер. «Қазақкітап» бірлестігі «Классиктер кітапханасы» түзілісін өз қызметкерлерінен бастап баяғыда-ақ тізіммен таратып жіберген. Қос томдық «Әлем халықтарының мифтері» энциклопедиясы өзгеден гөрі осы саланың санаулы мамандарының бірі С. Қасқабасовқа керегірек еді. Ол енді қайтеді, әлдебір саудагер қандай құнға баласа да, ғылыми жұмыстарының болашағы үшін амалсыз қолдан сатып алуға бар.
Кітап кімге керек? Кітап ең алдымен сусаған адамына, мұқтаж адамына, оқитын адамына керек. Бірақ, амал не...
Ерте ме, кеш пе, біздегі сауда тексеру орны жоғарыдағы Ресей тәжірибесінің қатал да әділ сабағын тұп-тура қайталап, халық алдында, қалың оқушы жұртшылық алдында өзінің қырағылық қызметінен әйтеуір бір есеп беруі қажет-ақ. Кітапқа байланысты қылмыстың үлкен-кішісі болмайды. Республикалық кітапқұмарлар қоғамы, мұғалімдер, мектеп оқушыларынан бастап, бүкіл ел болып, кітап – табыс көзі емес, рухани игілік, ақыл-ой даналығы, мәдени қазына, шын мәніндегі білім бұлағы деп ұғатын, қадірін білетін ойлы, парасатты адамдардың қолына жетуі үшін аянбай атсалысуы тиіс.
Ащы деректерді келтіру арқылы біз бәрінен бұрын мәселенің байыбына тереңірек көз жеткізуді ойластырып отырмыз. Е. Осетров қазіргі заманғы қайсыбір «кітапқұмарларды» «сараң серілер» мен «ақылман жеткіншектер» деп жіктеген. Мейлінше дәл осы анықтамаларды біз де қолданып көрелік. «Сараң серілер» – мейлі, төрт қабырғасы түгел сіресіп тұрсын, бәрібір шын мағынасында кітап жинаушылар бола алмайды, олар – қор жинаушылар. Құнды, сәнді кітаптар оларға тоғышар, топас тіршіліктерін сырт көзден перделеп, өздерін тек парасатты адам қатарында көрсету үшін ғана керек. Бәсеке үшін, әлдекімдерден қолының ұзындығын дәлелдеп, қызғаныш «қызығы» үшін, кершолақ мерейінің «үстемдігі» үшін... «Ақылман жеткіншектер» де дәл осы өңірден табылады. Бұл – бей-берекет, бет-алды оқу. Бәрін «білуге» тырысып, үстірт, талғамсыз оқу. Оқиға қуалап, сырғытып өтіп, даналық сырын жете ұғынбай, автор ойына, шығарма табиғатына, құпия-қазынасына бойламай, қайран уақытын қор қылу.
Гәп сенің тек оқыған кітабыңның санында емес, ең алдымен, қандай кітап оқығаныңда, қалай оқығаныңда, яғни оқуыңның сапасында, санаңа сіңіріп, ақыл-ой даналығынан сабақ ала білуіңде.
Әдетте кітапқа байланысты сөз қозғалғанда, әркім өзі ғажайып әсер алған әлдебір шығармаларды міндетті түрде оқу жұрттың бәріне парыз деп есептеген жағдайда он-сан атаулар, авторлар тізімі беріліп, нақты бір тақырыптар төңірегінде пікір алмасулар да болып жатады. Бағалы кітаптарды насихаттаудың бұл да бір баянды жолы.
Біздің бүгінгі толғаныстарымызда да, бәлкім, қазіргі кездерде мәні бар деп ұққан кейбір бағыттар аңғарылып қалар.
Бірақ, ең алдымен, бір қағидаттың басын ашып алайықшы. Әлдебір ақылды адамның, не ақылдымын деп есептеген адамның ұсыныс-пікірін ғұмыр бақи малданып қай оқушы өмір сүреді. Әркім бәрібір ұзын жолдың бойында рухани несібесін өзі айқындауына тура келеді. Мұндайда, әрине, кеңесудің, жұрт пікіріне құлақ асудың кейбір мәселелерді анықтап алуға азды-көпті септігі ғана тиюі мүмкін.
Шын мәніндегі ақылды, ойлы оқушының қалыптасуы тек кітап оқумен шектелмейді, мәселе түйіні, сайып келгенде, мынау айқара жарық дүниені, өмірді, тіршілік құбылыстарын жан-жақты тану, өмірдегі өз орнын айқындау жолындағы әр адамның құлшыныс-қимылға, іс-әрекетке деген белсенді қатынасына байланысты. Ең бастысы, мектеп қабырғасынан бастап, ұстаздар мен ата-аналардың, кітапханашы, мәдениет қызметкерлері мен қаламгерлердің, бүкіл баспасөздің, бәрінің де көздейтін ортақ мүддесі – парасатты, жасампаз жаңа адамды тәрбиелеу. Ал, кітапсыз – тәрбие тұл. Ендеше бұл – ең алдымен, жас буынды сұрыптап-талғап нені оқуға, қалай оқуға және не үшін оқуға тәрбиелеу деген сөз. Әркім құмартатын өз тақырыбын, қызықтайтын өз өрісін, керек десеңіз, тіпті өзі қалаған сүйікті бір жазушысын жаза баспай табуына, тануына көптеп-қаумалап көмектесу деген сөз.
Осы сара бағыт көкірегіне ұялап, табиғатына дарыған оқушы, өз мүддесін, арман жолын ұққан оқушы, ойлы оқушы нені оқу керек екенін көп жағдайда бас бұйдасыз өзі-ақ шешеді.
* * *
Кітап оқу – өнер. Әр адам өз мамандығына орай, жалпы қызығатын, құмартатын тақырыбына, талғам-талабына, қабілетіне қарай толассыз шығып жатқан қыруар өнімдер тізбегінен қажетті кітаптарын таңдай білуінің өзі – өнер.
Мүмкіндігінше кеңірек қамтып, көп оқу, тынымсыз оқу парыз, әрине. Бірақ біздің заманымызда, әсіресе дәл қазіргі қомдасқан қауырт кезеңде ғасырлар бойы адамзат ақыл-ойы тудырған қисапсыз рухани байлықты түгел санаңа сіңіріп, жан-жақты білімдар болу оңай шаруа емес. Мұндайда тек талғам таразысы ғана сүбелі сөзін сұрыптай алады.
Ф. Петрарка кез келген кітапты талғамай оқи беру қанатыңды қайырып, өз бойыңа дарыған ақыл-ес, асыл қасиетіңді тонағанмен тең деп ұқты. Д. Рескин адам баласы онсыз да қысқа ғұмырын, азын-аулақ бос уақытының бірде-бір сағатын құнсыз кітапқа текке сарп етпеуін арман қылды. Осы таяудағы жылдардың бірінде Д. Гранин В.И. Ленин атындағы Мемлекеттік кітапханада оқушылармен кездесуде өзін нашар кітаптарды мейлінше тез оқитын адамдар қатарына қосты.
Ф. Петрарка – Д. Рескин – Д. Гранин. Осы үшеуінің де жалпы кітап атаулыға көзқарасында өзара бір сабақтастық бар. Демек, өзіңді-өзің тонайтын құнсыз кітап та, нашар кітап та болады екен. Кітап дейтін қасиетті ұғымның табиғатына жараспайтын мұндай көңілсіз түсінік қайдан туады? Нашар кітап, құнсыз кітап неге шығады? Кез-келген оқушының осындай сұрақ қоюға қақысы бар ма? Бар. Әрине, ешкім жаман кітап жазайын деп ойламайды. Шөп те – өлең, шөңге де – өлең дегендей, майысқақ сынның қолпаштауымен өзін кәдімгідей халық тәрбиешісі тұрғысында ұғынып және соған әжептәуір сеніп, оқушыға еш жаңалық ұсынбайтын көшқұлаш жазбаларын кең жазира романға балаған алдамшы тоқпейілдіктен де біз біржола арылып болғанымыз жоқ. Сондай өз сауатын жөндей алмай жатып әзірше ғана жазушы санатында жүргендердің талайының өресі жеткен жерінен ортақол, кейде тіпті арзан, жасық дүниеліктер де тоғытылып туып жатады. Баспаларда әлі де бүгінгі күннің биік талғам-талабымен жете санаспау, кітап әйтеуір өтеді деп сан қуалап, әр түрлі есептерге, көңілшектікке жол беру басым. Бұл бүкіл әдеби сынның, талғампаз оқушы қауымның бірлесіп күресетін ортақ өрісі, біздің шын мәніндегі бір осал буынымыз.
Жасыратыны жоқ, әлі де сауаты төмен азын-аулақ оқушылардың болмашы қажетін ғана өтеп, тіршілік сахнасынан шығатын жұпыны кітаптар да, мың-миллион оқушының рухани сүйенішіне айналып ғұмыры жанған ойлы туындылар да баршылық. Бізге тек мың миллионның тілеуін тілеу керек. Кезінде қалын көпшілік дуылдап қол соғып, кейін жылдар жотасында біржола ұмытылған дүниелер Пушкин заманында да болған. Қазақ әдебиеті де өз тарихынан ондай баянсыз парақтарды біршама біледі. Уақыт – ұлы төреші. Әйтсе де, кешеуілдеп жететін сол төрелікті сарғайып күтпей, бүгінгі оқушының қамы үшін кітап сапасы, талғам тақырыбында, жалпы сауатымыз, іздену өрісіміз жайында білікті ұстаздар, кітапханашылар, кітапқұмарлар, әдебиет, мәдениет қайраткерлері ағынан жарылып өз ойларын ортаға бір салар ма еді.
Сауат демекші... бізге енді жасырынбақ ойнаудың еш қажеті жоқ. Ащылау болса да тек әділіне жүгінейік. Уызына жарымаған төл қандай?
Парасат-білім де – тиянақ-тұғырымен, қайнар бастауымен!
Қазіргі заманда адамзат ұрпағы мәдениет бастауының бір ұлы бұлағы – қадым дәуір (антик) әдебиеті мен өнерінің даналық жетістіктерінен бейхабар отырып, «мен білімді адаммын» деп өзіңді-өзің қызықтау мүлдем ақылға сыймайтын құбылыс. Ал Гомерді түсіну үшін белгілі бір тарихи, мифологиялық дайындықтан өту керек.
Оның ең бастапқы оңай, төте жолы – Н.А. Кунның «Ежелгі Грекня мифтері мен аңыздары» дейтін әйгілі кітабы. Халық даналығы ғажайып мұраларының қалың көпшілікке арналған мазмұндамасы. Орыс тіліндегі бесінші басылымы бойынша «Мектеп» баспасы 1979 жылы тұңғыш рет Қазақ тілінде шығарған. Бұл кітапты жөндеп насихаттай алмаған мерзімдік баспасөзді кіналаймыз ба, әлде өз шәкірттеріне жанашырлық жасап, ақыл қоса алмаған жергілікті ұстаздарға, ересектерге сын дейміз бе? Қолдан-қолға өтіп, кез келген жеткіншектің қойын кітабына айналар осы бір айтулы туынды мәдениеті мен әл-ауқаты, құрылысы, болашағы кісі қызығарлық Темір қаласының (Ақтөбе облысы) орталық дүкенінде күні кешеге дейін тізіліп тұрған. Жазушылармен кездесуде, клубта естелікке қолтаңба аламын деп, құндысын да, құнсызын да көп талғамай қыруар жинақ ұсынған өрімдей жастардың бірде-біреуі осы кітапқа мән бермеген-ау, мән бермеген.
Әсіресе қазақ жастарының, Толстой, Достоевский мен Әуезов, Мүсіреповті оқитын бүгінгі ұрпақтың кенделеу қалып, көп біле қоймайтын бір тақырыбы – әлемдік өнер тарихына байланысты. Рас, кейінгі жылдарға дейін қазақ тілінде жөнді әдебиеттер болған жоқ. Бірақ жан-жақты ізденетін, қызығатын кітапқұмар жастар орыс тілінде болса да он-сан үлгілер таба алатын еді ғой. Қазір жағдай әжептәуір түзеліп келе жатыр. Бізге енді қорашсынбай бәрін әліппелік танымнан бастап, өз мүмкіндігіміздің қызығын көру керек. Лев Любимовтың мектеп оқушыларына, көпшілікке арналған «Ежелгі дүние өнері», «Батыс Европа өнері», «Ежелгі орыс өнері» дейтін үш томдығы қазақ жастарының қолына тие де бастады. Орыс тілінен Ә. Кекілбаев аударған «Кемпірқосақтың түсі қандай» дейтін, бейнелеу өнеріндегі әр алуан ұғымдардың мән-мағынасын түсіндіретін сөздік те жасөспірім жеткіншектерге мол мағлұмат береді-ақ.
Ал 1972 жылдан бастап Герман Демократиялық Республикасының «Ферлаг дер Кунст» (Дрезден) баспасы мен мәскеулік «Искусство» баспасы бірігіп, неміс, орыс тілдерінде қатар шығарып келе жатқан көп томдық «Өнердің ықшам тарихын» қазақшалау тек жоғарғы класс оқушыларына, жастарға ғана емес, бүкіл халқымызға қуаныш сыйлайтыны даусыз. Қазірдің өзінде немісше, орысша он шақты кітабы жарық көріп үлгерген бұл қызық басылымды республикалық «Өнер» баспасы келешекте түгелдей қазақ оқушыларының игілігіне айналдыруды ойластыра бастағандай («Өркен» апталығымен сұхбатымызда біз бұл жайында бір-жар дерек келтіргенбіз. 1993 жылға дейін қазақша жарық көріп үлгергені әзірше үш том – З.С.). Кітап қадірлейтін ойлы ұрпақтың келер жылдарда бір қадағалайтын қазынасы осы туындылар болар әлі. Одақ бойынша тұңғыш рет жүзеге-асырылып жатқан, қалың ел сусап отырған мұндай бағалы еңбектің орыс тіліндегі әр кітабын тек бір-бір данадан ғана алдырып, бүгінгі оқушының мұқтажын мүлдем ескермеген астанадағы Орталық кітапхана «Өнер» баспасы шығаратын қазақша басылымдарға енді қандай «жомарттық» жасар екен?
Ал осы кітапханадағы жаңағы онсыз да сыңар «Антик өнері» томының екі жүзге тарта түрлі-түсті суретін астыртын қиып алып, қоғамдық, халықтық меншікті өзінің күйкі бас пайдасы үшін жымқырған безбүйрек оқушы жайында не деуге болады? Дәл осы кітаптың өзінде ежелгі Грекияда қылмыскерді тас театрлар алаңында көпшілік көзінше тағы аңдарға талататын қатал бір жаза айтылады. Біздің адамгершілік, моральдық қағидаларымызбен бұндай жаза, әрине, сыйыспайды. Әйтсе де, «мәдениетті» ұры ар алдында ұрпақтар үкімінен қашанға бой тасалап қала берем деп ойлайды екен? Қаныңды қыздыратын, жастарды жанашырлыққа, қырағылыққа
Шақыратын бір көңілсіз гәп осы арада жатқан жоқ па?
* * *
Біз бүгінгі әңгімемізді негізінен кітап қадірін білетін жеткіншек жастарға арнадық. Асыл уақытын қор қылып, жүйесіз, талғамсыз, беталды оқымай, өз тақырыбын, өрісін, қызығы мен қуанышын ерте бастан адаспай тапса деген игі тілек бұл. Ал кітап жинадым деп құр босқа бәсеке желігіне берілген «сараң серілер» мен кітап оқуды мүлдем азап санап жаны қиналатын жатып-ішерлерге бұл сөзіміз мүмкін жетер, мүмкін жетпес. Бірақ соларды күнде көріп жүрген ата-аналар, ұстаздар, тәрбиешілер арасынан біз өзімізбен тілеулес, мүдделес талай жандарды табармыз. Шындап кіріссек, жетесіз кержалқаудың қандайын да құлағынан сүйреп, кітап құшақтатып, қалқитып қою қолымыздан келеді. Тек мұнымыз «кітаби даналықтан ақымақтың топастығы екі есе танылады» деп Ж. Мольер айтпақшы, жамау-жасқау білімді желімдеп жапсырғандай жасанды сүлде боп шықпағай. Қалай болғанда да, біз бәріміз бір заманның ұрпағымыз, келер күндер алдында қызармаудың бір орайлы жолдарын іздестіріп көрелікші!
1983 жыл
Зейнолла Серікқалиұлының шығармаларынан
adebiportal.kz
Бөлісу: