Нармахан Бегалиев: «Есенғали Раушанов бұрынғыша жаза беру керек еді...»
Бөлісу:
Ғабит Мүсіреповтің қасында Флобер жіп есе алмайды
– Нармахан аға, жалпы әдебиетке қызығушылығыңыз қай кезден басталды? Әдебиет әлемі сізді қалай баурап алды?
– Менің әдебиетке қызығушылығым 6- сыныпта оқып жүрген кезден басталды. Көптеген кітаптар оқыдым. Әдебиетке қызығушылықтың басы Саттар Ерубаевтан басталды десе де болады. «Менің құрдастарым» романы ол кезде дүрілдеп, жұрттың қолдан-қолға тигізбей оқитын шығармасы болатын. Саттардан кейін бірден Ғабит Мүсіреповке ауысу әрине, қиындау. Дегенмен талғап оқуға тура келді. 7-сыныпта Ғабит Мүсіреповтің «Оянған өлкесін» оқып шықтым. Осы күнге дейін кейбір сөйлемдері есімде, жадымда жатталып қалған. Жалпы, қазақ прозасындағы менің үлгі тұтатын нағыз жазушы деп санайтын жазушымның біреуі осы, зерделі сөздің зергері – Ғабит Мүсірепов. Біздің бүгінгі прозамыз ақпарат құралдарының тіліне көшіп кетті. Қарасөз жазатын қаламгерлеріміздің Ғабит шыққан биіктен төмендемеуін ылғи тілеп жүремін. Бірақ өкінішке қарай, менің ол арман-тілегімнің орындала бермейтін кездері көп. Жалпы дүниежүзілік әдебиетте ең мықты стилист деп француздың жазушысы Флоберді мойындайды. Оның да шығармаларын толық оқып шыққан адаммын. Әруақтарды жарыстырғым келмейді-ақ, дегенмен біздің Ғабит Мүсіреповтың қасында ол жіп есе алмайды десе де болады.
– Мүмкін ол аудармашының кінәсі шығар? Сіз Флоберді түпнұсқадан оқымадыңыз ғой...
– Мүмкін солай да шығар... Ғабеңнің көркемдігі өзінің жасаған кейіпкерлерінің сана-сезіміне, іс-әрекетіне байланысты болып отырады. Мәселен, Ғабең «Темір пештің үстіндегі қара құман шырт-шырт түкіріп қояды», – деп жазады. Қатардағы жазушылар «темір пештің үстіндегі қара құман қайнап, төгіліп жатыр» деп жаза салар еді. Прозадағы көркемдік дегенді мен осылай қабылдаймын. Күнде өздерің естіп, біліп жүрген «Бір тал кессең, он тал ек» деген тіркес бар. Саясатқа керек шығар, күндегі ұранға пайдалануға болатын шығар, бірақ көркем әдебиетте бұлай етіп жаза салу мені қанағаттандырмайды. Мәселен, Қалихан Ысқақ ағам: «Әр томар әр ағаштың моласындай» деп жазады. Бұл бір жағы керемет көркем, екіншіден сіздің ойлауыңызға кеңістік қалдыратын сөйлем. Томарды елестетіп тұрып, түрлі ойға кетесің. Осының түбінде де «Талды кеспе, табиғатқа зиян келтірме» деген ұран жатыр ғой. Көркем әдебиет күнделікті баспасөздің тілімен жазыла салса онда ол көркем әдебиет болмас еді, мен оны осы күнге дейін жаттап жүрмес едім. Қазақ прозасы талантсыз емес. Талантты жазушыларымыз да, шығармалар да көп. Бірақ соның барлығын талғап, талдап оқитын деңгейі биік оқырман аз. Әдетте, сын жазатын болсақ, бір шығарманы басынан аяғына дейін баяндап шығамыз. Бұл оқырманды қынадай қырып берумен тең нәрсе деп ойлаймын. Сіздің аузыңыздан естіп алғаннан кейін ол кітапта не бар екенін оқиға қуалап оқитын оқырман өмірі оқымайды.
Прозада Тәкен Әлімқұловты ерекше айтпай кетуге болмайды. Тәкен – қазақ әдебиетінің классигі. «Классик» деген сөз француз тілінен аударғанда «негіздеуші, негізін қалаушы» деген мағына береді. Бейімбеттен кейін әңгіменің қалай өрбуін негіздеп берген бірден-бір жүйрік жазушымыз осы – Тәкен Әлімқұлов. Тәкенді оқығанда да, оқиға қумай, күйдің ырғағына беріліп, күйдің табиғатын түсінетіндей болып оқу керек. Тәкен өлең де жазды. Өлеңдері онша биік деңгейде болмағаннан кейін жинақ шығаруды қолға алмаған болуы керек, бірақ өмірінің соңына дейін өлең жазып жүрді. Қазақ «қыз десе тоқсандағы шал басын көтеріпті» деп сөйлейді ғой. Ал Тәкен осыны көркем тілде «Ымырттың таңсәріден дәмесіндей» деп береді. Тоқсанға келіп отырған әлгі шалың – ымырт, атып келе жатқан таңсәрі – уыздай жас қыз. Осыны тікелей айта салса, дұрыс шығармашылық болмас еді. Жаңағыны түсіну үшін оқырманның деңгейі керек. Менің сүйіп оқитын жазушыларым – Тәкен Әлімқұлов, Қалихан Ысқақ, Әбіш Кекілбаев, Төлен Әбдік. Оларды кезінде жата-жастана оқыдық. Әлі де оқимыз. Сонымен бірге, Мархабат Байғұттың «Әдебиет – пәннің періштесі» дейтін керемет повесі бар, соны жақсы көремін.
Тынымбай Нұрмағамбетов пен Әдіхам Шілтерханов - біздің қайта ояну дәуіріміздің жазушылары
– Нармахан аға, сіз негізінен Кеңес кезінде қалыптасқан жазушыларды атап отырсыз. Ал тәуелсіздік алғалы қазақ прозасына ойлы туындылар қосылды ма?
– Рас, баспасөз беттерінде де «тәуелсіздікке арналған шығармалар жазылмай жатыр» деген дүние жиі айтылады. Меніңше, бұл – дұрыс емес пікір. Тәуелсіздікті бейнелейтін шығармаларымыз аз шығар, бірақ бар. Өте жақсы туындылар бар.
– Атап айтыңызшы. Қандай шығармалар бар?
– Тынымбай Нұрмағамбетовтың «Мешкей» деген повесін айтқан болар едім. Тәуелсіздік алдық, еркіндік берілді, жұрттың бәрі саудаға шықты. Бір кедей адамның балалары қалаға келіп, бизнес жасайды да, джип мінетін, жеке коттеджде тұратын жағдайға жетеді. Солай әкелерін қалаға көшіріп әкеледі. Онда «швед үстелі» дегенді жасап тастаған. Бұрын жарымаған, кедей боп өскен әкелері анадан да, мынадан да жейді. Азаннан кешке дейін аузы тамақтан босамайды. Содан балаларының біреуі байдың қызына үйленетін болып, әкесіне: «Сіз құдалыққа жүресіз. Құдалыққа барғанда жей бермеңіз, ұят болады», – дегенді айтады. Солай жолдан пәленбай тандыр нан, самса жегізіп, тамағын тойдырып алып барады. Сөйтсе, құдалыққа барғаннан кейін де көзқұмарлық қойсын ба? Анадан кішкентай көрейін, мынадан кішкентай жейін деп, жаңа бай отыра алмайтын жағдайға жетеді. Ақыры оны көтеріп апарып орынтаққа жайғастырады. Сол орынтақта отырғанында қарны тырс ете қалады делінеді хикаятта. Ақыры төтенше жағдайлар комитетінің тікұшағын шақыртып, сонымен қалаға алып кетпек болады. Зембілге салып, көтеріп кетіп бара жатқанда әлгі мешкей: «Бізді қоя беріңізші, жоғарыдағы кісі не болды екен?» – дейді. «Жоғарыдағы кісі» деп өзінің ауданының әкімін айтты ма, облысының әкімін айтты ма, кімге айтқанын өзі біледі. Бірақ құлқынына тыйым сала алмай жүргендерді сынаған нәрсе ғой. Тынымбай осының бәрін ашып айтпаса да, әлгі «Мешкей» дейтін бір повесімен суреттеп берді. Оның алдында «Бөрібайдың тымағын ит алып қашқан қыс» деген керемет әңгімесі болды. Осының тақырыбының өзіне қараңыз. Бөріні ит мазақ қып жүргенін айтады. Бұл да қазіргі заманның бір көріністері. Тынымбай мен осында тұратын ақсақал жазушы Әдіхам Шілтерхановты біздің қайта ояну дәуіріміздің жазушылары деп атар едім.
– Тынымбай Нұрмағамбетов жиі ауызға алынғанмен, Әдіхам Шілтерханов туралы баспасөз беттерінде онша көп айтыла бермейтіні неліктен?
– Көп айтылмайтын себебі, ол кісі ұзақ уақыт шаруашылық басқарды, кеңшарларда директор болып істеді, әдебиеттің соңына толықтай түскен жоқ. Қызметте жүргенде жасырып әңгімелер, повестер жазып жүреді екен. Бірде мынандай оқиға болды. Жазушылар одағының насихат бюросының жұмысымен Аян Нысаналин, Тұрсынай Оразбаева үшеуміз Отырар ауданына әдебиетті насихаттауға бардық. Сапарымыз аяқталып, аудандық партия комитетінен қайтайын деп отырғанымызда Әдіхам Шілтерханов деген кісі хабарласты: «Осындағы тұрмыстық комбинаттың директорымын. Осылай жасырынып келіп, кете бересіңдер ме? Қазір барамын», – деді. «Ол кісінің бізде не шаруасы бар?» – деп ойладық. Келді-дағы әй-шәйға қарамай: «Үйге жүресіңдер. Дастархан дайындап отырмыз», – деді. Жасы үлкен адам екен. Бір жағы жолымыздан ұялдық. Үлкен кісіге сәлем беру – парызымыз еді ғой. Біз бұны жасамадық. Сол қателігімізді Әдекең түзетті. Кейіннен байқасақ, ол кісінің Саттар Ерубаев жөніндегі зерттеу кітабын жазып, жариялап қойған кезі екен. Біздің көзімізге шалынбаған. Қазір де сен бұл кісінің жиі насихатталмайтынын айтып отырсың. Шаруашылықта көп өмірін өткізіп алды әрі өзін-өзі көрсетуге көп ұмтылмайтын адам. Қазіргі данагөйлердің, абыз қариялардың ең соңы деп айтуға болады. Жалпы, проза жөнінде айтқанда бір нәрсені ескерте кеткім келеді. Сол кездегі талантты жазушыларымыздың өзі сәл нәрсе болатын болса «мен» деп шыға келетін. Кезінде «Жас алашта» жарияланған «Мен» деген мақаланы да оқыған шығарсың. Ал жоғарыда аты аталған француздың жазушысы Флобер: «Жазушы өзінің жазып отырған шығармасына барлық жерде қатысуы тиіс. Бірақ әлемді түгел билеген Құдай сияқты еш жерде көрінбеуге міндетті», – дейді. Сол принципті ұстаған жазушылардың бірі, әдебиетіміздегі қайта ояну кезеңінің өкілі – осы Әдіхам Шілтерханов аға. Кейін жекеменшік баспамнан ол кісінің үш томдық шығармалар жинағын шығарттым. Сонда оқып отырып таңғалдым. Империяның қылышынан қан тамып тұрған кезде «Ақжалдың ақыры» деген хикаят жазды. Күләй дейтін жалғызбасты кемпір Отырар ауданындағы Сырдың жағасындағы бір тоғайда жалғыз үй отырып, Ақжал атты баптап жүреді. Әскерге кеткен азамат бәйгені жақсы көретін көкпаршы екен. «Сол келсе, осыны соған мінгіземін» деп ойлайды. Асырасілтеушіліктің кезінде кейбір әпербақандар осы Ақжалды етке өткізуге алып кетеді. Әскерден келген жігіт атты қалай да алып келмек болып, мал соятын комбинаттың алдына барса, Ақжалдың терісі мен құйрығының ілулі тұрғанын көреді. Ақжалдың ноқтасын байқап, өзі сол ноқтаға асылып өледі. Осыны қараңыз. Жігіттің солай өлуі қызыл империяға деген қарсылық емей немене? Қарсылықтың көкесі осы. Жалғыз өзінің ештеңеге шамасы жетпейтін еді ғой. Міне, біздің прозамыздағы тәуелсіздікке ұмтылуымыз осылай көрсетілген. Және бұл жазушының «Қабылдың әңгелегі» дейтін хикаяты бар. Онда сол кездегі саясатты сынау керемет орын алған. Қабыл дейтін шал әңгелектің жақсы бір тұқымын ойлап тауып, соны егіп жүреді. Кейін ол әңгелек боп жетілген кезде дәмі тіл үйіретін, таңдайды тамсандыратын өнім болып шығады. Дәнегін «Келер жылы егемін» деп іліп қойған жерінен қытай торғайлар шағып кетеді. Мұнда да түсінген адамға үлкен астар жатыр. Хикаятта соңғы кезде бозторғайлардың, бұлбұлдардың, қырғилардың көрінбей кеткені, тек қытай торғайлардың қаптағаны тілге тиек етіледі. Бұған Қаратауда фосфор өндіреміз деп күнде жарылып жатқан жарылыстар, оқ-дәрінің иісі әсер еткенін айтады. Сол арқылы экология бұзылды, содан кейін қырғи бұл жерден безіп кетті. Кейін біреулер «Қабылдың әңгелегі» дегенді базарда «Кабулдың әңгелегі» деп сатып жатқанын көрдік. Олардың түсінігінде дәні Ауғанстаннан әкелінген көрінеді. Ақиқатында ол – Қабылдікі. Осы үш томдықты Шымкентке келіп, қонақүйде жатқан белгілі журналист Нұртөре Жүсіпке біздің бір жігіттер «Оқитын бірдеңе табыла ма?» дегенінде апарып беріпті. Сонда Нұртөре: «Мен мынандай жазушыны осы кезге дейін неге білмегенмін? Туындылары керемет екен ғой», – деген көрінеді. Әдіхам өте қарапайым жазады, қарапайым жаза отырып көп нәрсені аңғартты. Мұның бәрі ұзақ әңгіме. Қысқасы, Әдіхам Шілтерханов та, Тынымбай Нұрмағамбетов те халықтың тұрмысын, салт-дәстүрін, сөз қолданысын өте жетік білетін жазушылар. Қалихан Ысқақты да осылардың қатарына қосар едім. Тәуелсіздік жылдарында Өмірзақ Мұқайдың да «Жұлдыз» журналында тамаша бір туындысы жарияланды. Бұл әлгі дінге шексіз берілушілік пен кәдімгі өмір ағысы арасындағы немесе жауыздық пен момындықтың ортасындағы тартыстар. Мұның бәрін жазушы ашық айтпайды, жабайыланып кеткен қасқырлар мен иттің арасындағы немесе мұсылман дініндегі жігіттің христиан дініндегі қызға ғашық болуын баяндау арқылы береді. Осы хикаяттың ақырында қасқырлар ауыл итімен шағылысып, сол иттен туған қасқырдың бөлтіріктері ауылға кіруден қорықпайтын болады. Осының өзі қазіргі біздің неке мәселесін айтып отырған сияқты. Өзіңнің ұлтыңнан тумаған адамнан жауыздық күтуге болады дегенді жазушы астарлап жеткізіп отыр.
Қазіргі проза жазушылардың көбі «Біз қарапайым, халыққа түсінікті тілде жазамыз» деген сылтау айтады. Бүкіл Кеңес елдері ішінде Ленинмен Кремльде қатар тұрған бір-ақ ақын бар. Ол – Демьян Бедный. Ол Лениннің идеологиясына адал қызмет етті. Сол адал қызмет етіп жүрген ақынды Лениннің сынағаны былай деп сынағаны бар: «Демьян Бедный – грубоват. Он идет за читателем, а надо быть немножко впереди», – деп. Оқырманның соңынан сүмектемей, алда жүру керектігін айтады. Сондықтан қарапайым жазам дегендерге менің ешқандай қарсылығым жоқ, бірақ қарапайымдылық пен қарабайырлықты шатастыруға болмайды. Ол екеуі екі әлем. Керісінше, жазушы оқырманнан бір қадам алда жүру керек, оның деңгейіне түсуге болмайды.
Қадыр Мырзалиев маған «Өлеңнің өнбейтін жолына түсіп алдың» деген еді...
– Аға, әңгімеміздің ауанын поэзияға қарай бұрсақ. Сіз үшін нағыз ақын қандай болуы керек? Өзіңіз қазақ поэзиясына не бере алдыңыз?
– Ақынмын деп жүргендердің шығармашылығын мен үшке бөліп қараймын. Біреуі – тақпақшылар, тақылдатып тақпақ жазады. Ол сахнадан оқуға, жұртқа түсінікті болуға өте жақсы. Екіншісі – өлеңшілер. Өлеңшілер ойына келген нәрсесін төрт жолға немесе одан да ұзақ жолдарға түсіріп, өлең жасайды. Қарап тұрсаң мұнда ұйқас та, ырғақ та, белгілі деңгейде ой да бар, бірақ мен олардың барлығын поэзия деп қабылдай алмаймын. Поэзия – сазды ырғақтар мен мәнді-мәністердің бір-біріне үйлесе кірігуімен туындайтын көркем әлем. Осы тұрғыдан қарағанда көп ақындар кезінде үлкен атаққа ие болып, жұрттың құрметіне бөленіп жатады. Өйткені ол жұрттың деңгейінде жазды, жұртқа түсінікті болды. Ал нағыз ақын болашаққа жұмыс істейді. Абайды кезінде түсінбейтіндер көп болды. Абайды әлі де түсінбейтіндер көп. Абай – өте күрделі ақын. Менің бала кезімде оқыған Абай басқа, жігіттік шағымда оқыған басқа Абай, енді мынау жетпістің төртеуіне келіп оқығандағы Абайым басқа Абай. Бәлкім ол 90-ға келгенде басқа Абай болып шығуы мүмкін. Ақынның құпиясы, кереметтілігі осында, оның уақытқа жеңілмейтіндігінде. Әлгі тақпақ өлеңдер де, әңгімемен айтуға болатынды төрт жолға түсіріп баяндаған өлеңдер де уақыт өте келе ұмытылып кетеді, олар уақытпен тайталаса алмайды. Сондықтан өлеңдегі бірінші шарт, ырғақ болуы қажет. Екінші шарт, мәністі мән болу керек. Содан барып көркем образ болу керек. Қадыр Мырзалиев ағам маған бір жолы: «Нармахан, сен өлеңнің өнбейтін түріне түсіп алдың ғой», – деді. Мен таңғалдым. «Өлеңнің өнетін, өнбейтін түрі бола ма?» деп ойладым. Өлең жазылмайды, өлең сенің жаныңды қинап жүріп шығады. Бәлкім бір өлең бір жылда, екі жылда, үш жылда аяқталмауы мүмкін. Жүректен шықпаса, жүрекке жетпейді дейтін сол. Бір мысал айтайын, менің 1974 жылы шыққан кітабымда «Түнгі жаңбыр» дейтін өлең бар.
Көксеген ем,
Тылсым түнде көк нөсер төксе деп ем,
Уақыт кетіп барады көк асфальтта,
Көк тамшы боп бір-бірін өкшелеген. Бұл өлеңге образдылық, көрініс жағынан ешкім дау айта қоймас. Бірақ осы өлеңді жазған соң үш жыл баспасөзге ұсына алмадым.
– Неге?
– «Көксеген ем» дегеннен кейін «Тынық түнде көк нөсер төксе деп ем» деп берсем, менің жүрегімнің лүпіліне «тынық» деген сөз келмейтіндей. Сол күйде өткізіп жібере берсек, оны кез келген баспасөз де, ақпарат құралдарының электронды түрлері де қабылдай берер еді. Бірақ өзім олай істей алмадым. «Бұл сөздің орнына не қою керек?» деп екі жыл ойланып жүрдім. Демек, мұндағы кемшілік «тынық» деген сөздегі «н» әрпінің тұрғанында деп ойлап, осыны «тымық түнде» деп өзгертсем, «тынық түнге қарағанда тымық түннің құпиясы көбірек болады ғой» деп ойлап жүрдім. Бірақ бұл сөз де менің жүрегімнің лүпіліне сай келмеді. Бір күні маған үш жыл бойы жеткізбей жүрген «тылсым» деген сөз екенін түсіндім. Ол –«тымықтан» да, «тынықтан» да құпиясы ішінде сақтаулы тұрған сөз. Оның үстіне өзім айтқан сазды ырғағы да «көксеген ем», «төксе деп ем», «көк нөсер» дегендегі «с» дыбысына «тылсымдағы» «с» дыбысы жетпей тұр екен. Өлең тек қана ұйқасып қоймай, оның ішіндегі әріптер мен дыбыстар бір-біріне сәулесін түсіріп, сәулеттендіріп тұруы тиіс деп ойлаймын. Өлеңнің құпиясы сонда. Әңгімені өлеңмен баяндаушыларға қарсы екенімді айттым. Баяндау – әңгіменің жолы. Өлеңнің жолы – образ, көркемдік, сұлулық. Қысқа ғана нәрсемен жұртқа мол шапағат беру. Әбдікәрім Ахметов деген ақын ағамыз болды. Бірде сол кісіні Нәсіреддин Сералиев ағамыз ертіп келіпті. Ол уақытта аудан орталығы Темірландағы газетте жұмыс істеймін. Екеумізді таныстырды. Сонда Әбдікәрім аға: «Алда сорлы бала-ай! Сен екенсің ғой», – деді. Бірінші сөзі осы болды. Ол кезде баламын. Сөзін көңіліме ауыр алып қалдым. «Сенің әр жолыңда бір образ тұрады. Бір өлеңге бір образ жетпей ме? Жаныңды осынша неге қинайсың?» – деді сосын. Әлгі Қадыр ағаның «Сен өлеңнің өнбейтін түріне түсіп алдың» дегенін осыдан барып түсіндім. «Осынша образдың саған не керегі бар?» деген болуы керек. Жалпы, менің түсінігімдегі өлең қарасөзбен айтуға болмайтын нәрсені жеткізуге тиіс. Абайдың «Көзбен көр де, ішпен біл» дейтіні осы. Өлеңді көзбен көресің, ішпен білесің. Ол содан кейін ерсі де болмауы керек. Образсыз да өлеңдер болады. Өте қарапайым жазылады. Құдаш Мұқашев дейтін ақын ағамыз өмірден ерте өтті. Өте жақсы ақындарымыздың бірі еді. Оның «Аманат» дейтін екі-ақ шумақ өлеңі болды. «Аманат» жаңа үйленген жігіттің жарына айтып бара жатқан аманаты. Ол әскерге кетіп бара жатыр ма, жоқ оқуға ма, ол жағы беймәлім.
Қайғы деп мұны сезінбе,
Жыл қосар әлі-ақ араны.
Аяулы жарым, өзіңде
Домбырам қалып барады.
Сүйесең кетер сырғанап,
Ілулі тұрсын тұсыңда.
Мен жоқта келген бір қонақ,
Шертемін десе, ұсынба.
Өлеңнің ішкі мәнін, мазмұнын бірден түсінесің. Интимдік жағдайды, өте ерсі жағдайды айтып отыр ғой. Ал бірақ осы өлеңді мен өзімнің туған қызымның алдында да оқуға арланбаймын, ұялмаймын. Міне, өлеңнің құдіреттілігі осылай болуы керек.
Төлегеннің «Арман сапары» кітабын өзіне жатқа айттым
– Аға, сіздің Төлеген Айбергеновтың жанында бірге жүрген досы, жолдасы болғаныңызды ақынның қызы Салтанат апайымыздың аузынан естіген едім. Төлеген ақынмен таныстығыңыз қалай басталды?
– Қазақ поэзиясында алтын ғасыр атанған ХХ ғасырда көптеген мықты ақындар келді. Соның ішіндегі менің жаныма жақыны – Төлеген Айбергенов. Оның «Арман сапары» дейтін жыр жинағы 1963 жылы жарық көрді. Сол кітаптың тұсаукесері Шымкент педагогикалық институтының 36-бөлмесінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің кафедрасында 20 шақты адамның қатысуымен өтті. Төкеңді бұдан жыл бұрын бір рет көргенмін. Сабырхан Асанов, Надежда Лушникова, тағы-тағылар бір үйде дастархандас болғанбыз. Ол отырыста Төкең менің көңілімнен онша орын ала қоймады, өлеңдері де аса тарала қоймаған. Өйткені, ол Сабырхан Асановтың аты дүрілдеп шығып тұрған кез еді. Біз Сабырханның өлеңдерін жаттап жүргенбіз.
Жанарыңнан жарық күн сөнсін, мейлі,
Сонда да қорланбаймын, кемсінбеймін.
Ох, мені осы қанша ақын менсінбейді?!
Ох, мен өзім қаншасын менсінбеймін, – деп жүретін Сабырхан болатын. Ол кезде поэзиямызда идеологияға бағынбайтын, еркіндікке шыққан ағыс сияқты нәрсе бар еді. Кейін сол Сабырхан аға:
Бір толқынға бір толқын,
Еркелеп жүр теңізде.
Бір толқынды бір толқын,
Желкелеп жүр теңізде, – деп өлең жазды. «Толқыннан толқын туады, толқынды толқын қуады» деген Мағжанның өлеңі болатын болса, Абайда да осындай жолдар бар. Сосын осы Сабырхан жазды. Ол еліктеу ме, басқа ма, онысын білмедік, әйтеуір Сабырханды ұнатып жүргенбіз. Қайтып Педагогикалық институттағы тұсаукесерге оралайық. Төлеген Айбергенов отты, ішіне жалыны сыймай тұрған, екпіндеп сөйлейтін, өлеңді біз құсап емес, төрт жолын бірдей демалмастан оқып шығатын ақын екен. Ең соңғы сөзге келген кезде демі жұтылыңқырап, жетпей қалатын. Солай екпіндеп тұрып: «Мен Ғафу Қайырбековке өзінің «Құрдас» дейтін жинағын соңынан басына дейін жатқа оқып бердім», – деді. Арамызда Әнуарбек Жақыпбеков дейтін физика-математика факультетінің студенті, өзі сықақшы ақын жігіт болатын. Сол кездері республикалық «Мәдениет және тұрмыс» журналында, «Қазақ әдебиетінде» сықақтары қардай борап шығып жататын. Сол жігіт Төлегенге «бірдеңе айтайыншы» дегендей қолын көтерді. «Айта ғой, шырағым», – деді ол. «Сіз Ғафу Қайырбековтың жинағын оқыдым деп несін айтып тұрсыз? Осында бірінші курста оқитын Нармахан деген студент бар. Сіздің қолыңыздағы жинақты сол жігіт те жатқа айтып береді», – деді. Жинақ қолымызға тигеніне көп болмаса да, расымен жаттап алғам. Шыққанынан кейін көп ұзамай, тұсаукесер болып жатыр ғой. Төлеген маған «Оқисың ба?» – деді. Бозбалалыққа да еркін енбеген кезім, жүрексініп: «Оқимын, бірақ соңынан басына қарай емес, басынан аяғына қарай оқимын», – дедім. Төлегеннің есте сақтау қабілеті керемет болатын. «Шырт ұйқыда жатқан кезімде оятып, қазақтың сүйегі баяғыда қурап қалған бір ақынының атын айт, бір шумақ өлең оқып беремін», – дейтін өзі. Сондай керемет жады бар адам мен өлең оқуға көтерілгенде қолындағы өзінің «перзенті» – «Арман сапарын» ашып қарап тұрды. Кітаптағы өлеңдер басынан аяғына дейін оқылып бітті. Жұрттың бәрі тыңдап отыр. Біздің Әбіш Байтанаев дейтін керемет ұстазымыз бар еді. Кафедра меңгерушісі болатын. Сол сұрағанда «осы жалғыз кітап еді» деп бермей отырған Төлеген кітапты ашты да қолтаңба жазып, жұрттың көзінше оқыды: «Нармахан! Сіз бен біздің арамыз көздің жасы, жүректің қанымен жазылған мөлдір, таза жырлардай сенімге толы. Мен сенің азамат ақын боларыңа толық сенемін. Тек, тек тез дәлелде. Адал көңілмен автор Төлеген Айбергенов», – деп қол қойды. Сосын мен «Төке, жаңылып кеттіңіз. Мен өлең жазбайтын едім», – дедім. Аңтарылып менің бетіме қарап тұрды да: «Жазбасаң, түбінде жазасың», – деді. Сөйтті де, кітабын маған беріп кетті. Осы кездесу Төкең екеуіміздің арамыздағы ағалық-інілік достықты шешті деп айтуға болады. Төлеген Сарыағашта кешкі мектептің директоры болатын. Осы кездесуден кейін апта сайын, не араға екі апта салып, жатақханада жататын Нармаханды іздеп келіп тұратын болды. Сонда келгендегі тірлігі – жаңа жазған өлеңдерін оқып береді. Бетіне қарап отырып бір оқығанынан жаттап алып, Төкеңнің өлеңін мен өзіне қайтара оқып беремін.
Төлегеннің өлеңдерін сауатсыз редакторлар күзеп жүр, ал мен оларды ақынның өз аузынан жаттағам
– Досыңыздың жырларына ақын ретінде қандай баға бересіз?
– Төлегеннің кітаптарының барлығы сауатсыз редакторлардың, деңгейі төмендердің кесірінен түзетіліп емес, күзетіліп шықты. Кітаптағы түзетулердің Төлегеннің өзінің жазған нұсқасында қандай болғанын мен жақсы білемін. Осыны Төлегеннің Қорлан деген қызына, кейін Салтанатқа да «Сендердің қолдарыңда қандай қолжазба сақталғанын білмеймін, бірақ менің миымда сақталған нұсқа былай болатын» деп айтып отырып біразын түзеттірдім. Бірде өлкелік Комсомол комитетінде хатшы әрі бізге орыс тілінен сабақ беретін ағайымыздың кабинетіне барсам, онда Төкең отыр екен. «Өлең жаздың ба?» – деді. Жазғанымды айттым. «Бір шумақ оқы», – деді. Байқайын деген болуы керек.
Бір ұшқыны жалт еткен жанарыңның,
Жаныма бақыт екен жаңа білдім.
Махаббат саған деген таза менде,
Алғашқы ақ қарындай жаңа жылдың, – деп өлең оқып едім, Төлеген: «Жазасың деп ем, бастап жазыпсың ғой. Бірақ бұл өлеңді өңделік. Анау ақ қар болғаннан кейін оның таза екені белгілі боп тұр ғой. «Таза» деген сөздің орнын «аппақ» дегенмен алмастырайық. «Махаббат саған деген аппақ менде, Алғашқы ақ қарындай жаңа жылдың» болсын. «Тазаңнан» гөрі «аппақ» дұрыс. «Ақ қар» дегеніңді «аппақ» үстемелеп тұрады. Содан кейін есіңде болсын, тасқа бастырарда (машинкаға жаздыру) қадағала, ықтиятта. «Аппақ» боп кетпесін, «ә» әріпімен басылсын», – деді. Көрдің бе, Төлеген бір әріптің әсеріне дейін көңіл бөлген адам еді. Сөйткен адамның өлеңдерін қате беруге болмайды ғой. Мысалы, оның «Кегейлі дәптерін» оқитын болсақ:
Кегейлім – жердің еркесі,
Жас жаным толқып тұр менің.
Бердақтың сүйген өлкесі,
Әжінияз айтқан жер ме едің?– деп келеді. Қарапайым ғана жолдар сияқты. Бала кездің өзінде мені көп ойландырған тіркесі «жердің еркесі» еді. О заман да, бұ заман, жердің еркесі бола ма? Ақынның қиялында болатын шығар, жарасатын шығар, оқырманның ойын сан-саққа жүгіртетін шығар... Бұл шумақ кітаптарына өзгеріссіз енді. Ары қарай:
Әлемнің жүзін селдеткен,
Жаңбыр күй сенің бетіңде.
Даланың төсін гүлденткен,
Алғыр ой сенің бетіңде, – боп кітапта жүр. Қазіргі оқырманның барлығы осылай оқиды. Мұндағы «алғыр ой» Төлегеннің сөзі емес. Ол «Алғыр ми» болуы керек. «Жаңбыр күй» – «Алғыр ми». Редакторлар данышпандық жасап, өзгертіп жіберіпті.
Төкең біздің әдебиетімізге бұрын болмаған үлгіні алып келді. Біз әдетте ақсақ ұйқас, шалыс ұйқаспен жазып жатамыз. Төлеген осының ешқайсына жатпайтын ұйқасты әкелді.
Су алған сайда әжемнің,
Сырғасы қалған Кегейлі.
Сырласы қалған Кегейлі,
Мұңдасы қалған Кегейлі, – деген өлеңіндегі ұйқаспайтын жол бірінші қатарда тұр. «Кегейлі» сөздің қайталауы, ал ұйқастың бәрі осы жолдардың соңында емес, басында «сырласы, мұңдасы, сырғасы» боп тұр. Бұл Төлегеннің біздің әдебиетімізге алып келген жаңалығы болатын. Бірақ бұның бәрін жұрт жете танып жүрген жоқ. Мысалы үшін, «Туған жер» деген өлеңінде:
О, менің туған мекенім!
Жанымның қаршығасы сен.
Шырқағым келіп кетеді,
Жазбаған ән шығарсың сен, – деп кітапта жүр. Мұнда шалыс ұйқас болып тұр. Үшінші жол «мекенімге» ұйқас болу керек еді ғой. Бір дыбысқа мән беріп отырған адам ұйқассыз өлең жазбайды. Төлегеннің маған оқып бергендегі «Кегейлісі»:
О, менің туған мекенім!
Жанымның қаршығасы сен.
Білмей де жүрмін не екенін,
Жазбаған ән шығарсың сен, – болатын. Төлегеннің өлеңдерінде ұйқасынан бөлең дыбыстардың өзі сыңғырлап, сәуле шашып жатады. Бірде Төкеңнен осының сырын: «Мұның бәрін қалай жасайсың? Бұл қарақалпақтың поэзиясында бар ма?» – деп сұрап едім, «Сен қызық екенсің. Ілияс Жансүгіровті оқымағансың ба? Мән беріп, қайта оқып шық. Сағынайдың асындағы мына бір жолдарды есіңе ал. «Сағынай саптыаяққа сиіп өлді, Тоқпақтай тоқсан төртке келіп жасы» – деді. Бірінші қатардың бәрінде өңкей «с» тұр, екінші қатарда өңкей «т». Қазақтың қарапайым күйі өңкей дыбыс ырғағынан тұрмай ма?! Сол дыбыстар қайталанып отырмай ма?! Осы күйдің ырғағындағы поэзияны біздің әдебиетімізге Айбергенов алып келді. Өз басым осы күнге дейін сөз қайталауға қорқамын. Төлеген қорықпайды. Оның қорықпайтыны – қуаты бізден әлдеқайда күштілігінде.
Есен-сау армысыңдар, бармысыңдар?
Армысыңдар, қария қарлы шыңдар, – дейді. Осы өлеңінде «армысыңдар, бармысыңдар» сөзі де екі рет қайталанады. Бұлай қайталау – күйге жараса беретін нәрсе. Төлеген сол күйдің тілін поэзияға алып келіп тұр. Әйтпесе:
Ақ залдар, ару вокзалдар,
Вокзалдар, ару ақ залдар.
Тілеулес жерге аттандым,
Тілеңдер, маған ақ жолдар, – деген өлеңіндегі бірінші-екінші жолға мән бер. Айтайын деп тұрған ой біреу-ақ. Бірақ екі жолға созып, күйдің табиғатына поэзиямызды жақындастырып отыр.
Сол Төлеген қайта-қайта маған келіп жүретін кезде 20-21-дегі жігітпін ғой, желігім басылмаған. Бір жолы жатақханадан да, институттан да таппай кетіп қалыпты. Әлгі Әнуарбек Жақыпбеков деген студентке жолығып, «Нармаханды таппадым. Әбіш Байтанаевтың үйіне кетіп бара жатырмын», – депті. Ол – біздің кафедра меңгерушіміз, профессор, филология ғылымдарының докторы. Содан арада бірер апта өтіп кетті. Төлеген келмеді. Әбіш ағамыздан: «Әбеке, Төлеген жаңа өлеңдер жазып па?» – деп сұрап едім, «Атамекен» деген керемет толғау жазыпты», – деді. «Оқып берді ме?» – деп едім, «Оқып берді, мен магнитафонға жазып алып қалдым», – деді. Дереу ағайымның етегіне жармасып, үйіне бардым. Барсақ, желігіп жүрген қарындастарым өлеңнің үстіне «Твист» биін жазып жіберіпті. Бірінші бөлімнен екі-ақ шумақ қалыпты. Төкеңнің кітаптарын оқысаңыз, «Қазақстан» деген өлең бар:
Ол күндер өтті, кетті оралмасқа,
Бұл күнде Балхаш басқа, Арал басқа.
Партиялық парасаттан туған қала
Айналды көрген көзін ала алмасқа, – деп басталады. «Ол күндері қай күндер? Мұның алдында бірдеңе тұр ғой», – деп ұзақ ойландым. Содан баяғы магнитафоннан алып қалған екі шумақ есіме түспей ме? Сөйтсем, «Атамекен» толғауының басы мен алып қалған екі шумақта былай басталады екен:
Елді жау қуып тықты қысымға айдап,
Намыстар найзалардың ұшында ойнап.
Жер жатты желкесінен қанға бөгіп,
Кек жатты кеуделерде тісін қайрап.
Ойласаң ол күндегі бүлікті өткен,
Ыза-шер бауыр етін тіліп кеткен.
Тұтқынның қайта оралу арманы боп,
Сығалап көкірегінде үміт кеткен.
Мен қазір Төлегеннің қыздарына: «Менің айтқаныма сеніңдер де, «Қазақстан» деген өлеңінің алдына қалғанын жоғалтып алсақ та, осы екі шумақты қояйықшы», – деймін. Сонда «оралмасқа кеткен күннің» қай күн екені белгілі болып тұрады. Ал Төлегеннің «Өмірге саяхатына» редакторлық еткен Әмина Шалабаева деген әйел «Туған жер» деген өлеңін өзгертіп:
Ай маңдай, алуан дарынның,
Тері боп тамшылайсың сен.
Сан жүйрік армандарымның,
Тұлпарын қамшылайсың сен, – деп берген. Бұл қандай дарынсыздық! Ең болмаса, қазақтың «Жүйрік қамшы салдырмайды» дегенін білмей ме? Төлегенді неге түзетеді. Ақынның маған оқып беруінде бұл өлең:
Ай маңдай, алуан дарынның,
Тері боп тамшылайсың сен.
Құлагер армандарымның,
Құлағын қайшылайсың сен, – болатын. Егер мен ол кісінің әруағына адал болмайтын болсам, «құлагер арман» деген тіркесті өзіме пайдалана салар едім. Ал бірақ Жұмекен ағаң айтпақшы, «Тірілер кешіреді, әруақ кешірмейді». Біз осы принципті ұстадық. Төлегенге ақырына дейін адал болып қалдық. Бір сұхбаттың көлеміне ауырлау болып кетер, осымен тоқтайын, тірлік болса Төлегеннің осы жақтарының бәрін зерттеп, кітапта түзетілмей басылып жүрген өлеңдерінің бәрін түзетіп, бір мақала жазамын ғой деген ойдамын.
Жұмекен Нәжімеденов жылтырақтан гөрі ойлылықты артық көрді
– Ал қазіргі ақындардан кімнің поэзиясы көңіліңізден шығады?
– Маған образсыз, метафорасыз, теңеусіз поэзия жасаған ақындардың өлеңдері көшеде жалаңаш кетіп бара жатқан қыз секілді елестейді. Жұрттың бәрі жалаңаш қызға бір рет қызығып қарауы мүмкін, екінші орамға дейін соңынан ілесіп баруы мүмкін, үшінші орамға келгенде «ұятсыз екен» деп қолын бір сілтемей ме?! Поэзия мейілінше ұяң болуға тиіс. Қазақтың қыздарының ұяты қандай болған болса, поэзиясы да сондай ұяңдықты тілеп тұрады. Осы өлшеммен, кейінгі жастарды да қалдырмай оқуға тырысамын. Бірақ Жұмекен, Сағи, Тұманбай шыққан биіктен қазіргі жастарымыздың көбі төмендеп қалып жатыр. Ол да бір әдеби үдеріс шығар. Қазіргілердің мен жоғарыда айтқан нәрселерге көңіл аудармай, тек төрт жолды ұйқастырып, ойына келгенді өлең ете салатыны ұнамайды. Ұнайтындар жоқ емес, бар. Шәмшия Жұбатова деген қарындасымыз сонау 70-80 жылдары «Қамшы» және «Босаға» деген тамаша өлең жазды. «Қамшысында» күйеуіне келіншек:
Қараң қалсын, мен ас берген тегене,
Тегене ас жұқпай жүр ме немене?
Көкке шапшып бетiңнен ап жатқанда
Қолың сынғыр, сабамайсың сен неге?!
Әй-шайға да, келтiрместен мұршаға,
Үнсiз күйде өлiмшi қып бiр саба.
Сенде қамшы, менде бұрым болса егер
Елге күлкi болар ма едiк мұншама, – дейді.
Біздің қазақы қалпымыздан айнып бара жатқанымызды Кеңес үкіметі кезінің өзінде Шәмшия осылай өлеңмен жазып отыр. Ал «Босағасында» Шәмшия тың игергенімізді, басқаны жазбайды, тек «үйге қонақ кеп жатты, солардың бәріне орын беріп, өзім сырылып босағада қалдым», – дейді. Бұл біздің Қазақстанда орын алған шындық. Украинға да, орысқа да төрімізді беріп, өзіміздің аяқасты болғанымыз рас. Өлеңнің тұжырымында Шәмшия:
Босағама сүйеніп тұрсам-ау мен,
Қонақтардың бәрін де шығарып сап, – дейді. Бұл қарасөзбен айтуға болмайтын нәрсе ғой. «Бәрін көшірейік» деп тұрған жоқ. Әдемі келтіреді. Ханбибі Есенқараева қарындасымызда да ұтқыр жолдар бар.
Дәнегіндей өріктің,
Маған ауа жетпей тұр, – дейді. Бұл кешегі Кеңес кезінде қысылғандықты, ауа жетпей тұрғанын көрсететін нәрсе. Бәлкім махаббат мәселесіне де алып келіп тұрған болар. Менің түсінігімдегі поэзия ешкімге ақыл айтпауы керек. Оқырманға ойланатын кеңістік қалдыру керек. Сенің түсінігің де дұрыс болып шығуы мүмкін, менікі де. Ол – поэзияның құдіреті. Бізбен үзеңгі қағыстырып поэзияға Есенғали Раушанов келді. Бірақ осы ақын кейін неге екені Жұмекен секілді басқа ағысқа түсіп кетті. Бастапқы ағыспен жүргенде де керемет болар еді деп ойлаймын. Есенғалидың алғашқы «Шыршық» деген өлеңіне қараңыз:
Шыршық ағатын,ыршып ағатын,
Жыршы болатын бар ағын.
Шыршық ағатын, шымшып ағатын
Ақ қайраң санын жағаның.
Мен айтып отырған сазды ырғақ, ішкі үйлесімдер осында жатыр. Жұмекен Нәжімеденов те поэзияға керемет екпінмен, сұлу сазбен келді. Екінші кітабынан бастап, басқа ағысқа көшіп кетті. Жылтырақтан гөрі ойлылықты артық көрді. Алғашқы өлеңдерінің бірі «Алматыда»:
Жатыр жақпар... Қарағайды аралайды жел ескен,
Жапырақтар, жапырақтар сыбдыр-сыбдыр кеңескен.
Тау сулары таусылмады, сыңсып тұрып ағады,
Қыз толқындар бірін-бірі шымшып күліп барады,
Айдалада ақбоз мінген Алатау бір ақ батыр,
Айналада тал-қайыңдар, тал қайыңдар сапта тұр.
Қызыл гүлдер «үзілдік дер» баяула жел, баяула,
Қызыл гүлдер, қызыл гүлдер ұйқыда ма, ояу ма? – қандай керемет! Ең соңында қызға:
Жүрші, жаным, қыдырайық, неғыласың жалғыз қап,
Алатаудың ақ қарынан әперейін балмұздақ! – дейді. Жүрегіңе жылы тиеді, жаныңа жағымды нәрсе. Кейін поэзиясы күрделі болып кетіп, әдебиетшілер мен оқырмандар тарапынан лайық ала алмай жатқаны содан деп ойлаймын. Өткен жылы философ Ғарифолла Есіммен бір дастархан басында отырып қалдық. Жұмекен туралы кітап жазған екен. Менімен әңгімелескеннен кейін «Бір кітабым жеткіліксіз екен. Жұмекен туралы ойымызды кезектесіп айтып отырып бір кітап жазып шығайық», – деді. Жұмекеннің прозасы да қазақ әдебиетінде теңдесі жоқ туындылар. Оны түсіну керек. Ол өлгенде:
Оңай емес өлімі Жұмекеннің,
Парасаттың бір жасқа қартайғаны, – деп жазған болатынмын. Тұстастары өздері ұстап отырған журналына «Жұмекеннен басқа ақын жоқ па?» деп тарлық қылып, баспай тастады. Бірақ менің бағытым арнау өлең емес. Менің жазатыным – шөп-шөлең. Мен өзім соншалықты сыйлап жүрген Төлегенге де, Жұмекенге де, Тұманбай мен Мұқағалиға да еліктемедім. Өйткені, жалғыз аяқ жолмен жалғыз адамның ғана алда жүретінін білдім. Сондықтан менің еліктегенім табиғат болды. Табиғат – Алланың жаратылысы. Табиғат – Алланың өлеңі. Сондықтан табиғатты жазған адам жаңылмайды деп ойладым.
Сұхбаттасқан Марфуға ШАПИЯН
Фотосуреттерді түсірген Әйгерім БЕГІМБЕТ
Бөлісу: