Маржан Ершу: Фариза Оңғарсынова әдебиетте әйелдер галереясын жасады
Бөлісу:
Сәуірдің 14-і күні Астана қаласындағы Ұлттық Академиялық кітапханада ақын-аудармашы Маржан Ершудың «Мен тас едім, су түбінен қозғалдым...» атты жыр кеші өтпекші. Кешті белгілі сатирик Көпен Әмірбек жүргізеді. Осы орайда ақынмен жолығып, аз-кем әңгімелесіп қайтқан едік.
- Маржан апай, Елімізде өтетін әдеби байқаулардың әділ болмайтыны туралы әлеуметтік желіде өз сыни пікіріңізді жиі айтып жүресіз. Ал сіз орын алған байқаулар қаншалықты әділ?
- Әдеби байқауларға құмар емеспін, соңынан қалмай қатысқан да емеспін. 2001 жылы «Шабыт» фестивалінде бас жүлдегер болдым. Сол кезде жүлдесіз қалған ақын жігіттер бірігіп, «Алтын орда» газетіне: «Биыл «Шабытта» әділетсіздік болды. Маржанға ағалары бас жүлде алып берді», – деп мақала жазды. Сол «Шабыттан» қаншама дарын танылды, солардың бәрін біле ме қазір? Ерінбеген етікші болып еңбек етіп жүр ме әдебиетте?! Әдеби байқауларда ақша басты орын алып тұрған сияқты қазір. Менің ойымша, мұндай байқауларда орын алған адамды емес, шығармаларды насихаттау керек. Сонымен бірге қазылар алқасынан бөлек, жасырын сыншы-әдебиетші-ғалымдар құрамы жасақталып, жүлде алған шығармаларға рецензиялар жазылып, көпшіліктің талқысына түсуі керек. Сонда шығарма да, шығармасы арқылы талант та танылмай ма?! Қазылар алқасы да «жеті рет өлшеп, бір рет кесер еді».
- Сіздің әдебиетке лирикалық өлеңдеріңіз арқылы келгеніңізді шығармашылығыңызбен таныс оқырмандар жақсы біледі . Мұнан соң тарихи тұлғалар туралы эпикалық поэмалар жаздыңыз, әрі ғылыми- танымдық еңбектеріңіз тағы бар. Бұлай шығармашылығыңыздың бағытын өзгертуіңізге не себеп?
- 2003 жылы Махамбет Өтемісұлы бабамыздың 200 жылдық мерейтойы қарсаңында жазған ең алғашқы поэмам – «Махамбет» болатын. Бұл поэманы жазуыма түрткі болған ұстазым академик Зейнолла Қабдолов еді. Ол кісі үнемі «Ақынды өсіретін – тақырып. Жеке басын жырлаудан аса алмаған ақын үлкен ақын бола алмайды» деп Белинскийдің сөзін қайталап отыратын. «Ақын болам деген адам талмай іздену керек, ойлай білу керек, Махамбет туралы лирикалық поэма жазылған жоқ, сен ұмтылып көр»,– деді. Мен алты ай қиналдым. Лирика шықпады. «Махамбет» деген тарихи поэма жазып шықтым. Поэманы жазарда көп ойландым. Шындығында, Махамбетке барар жолды, кілтті Жұмекеннің «Жаңғырық» поэмасынан таптым. Тәкен Әлімқұловтың «Қарой» атты шығармасын қайта-қайта оқыдым, бұл шығармада жазушы табиғат арқылы Махамбет образын берген. Және Махамбеттің ақтық демі үзілерде әйелінің атын айтып, «Әуес» деп үн қатқанын қабылдай алмадым. Сондай арпалысты ойлардың құшағында жүргенде бір күні түс көрдім, сол түсімнің негізінде поэманың «Бас» дейтін бөлімін жазған ем. Поэмам алғаш рет «Ақ Жайық» газетінде жарық көрді. «Шіркін-ай, жазғаныңның бәрі осы «Махамбеттей» мөлдіреп тұрса ғой, бірақ Исатайсыз Махамбет болмайды, поэмаңды толықтыр», – деген еді Зейнолла аға. Кейін бұл поэмам баспа бетінде көп қорлық көрді. 2003 жылы «Жалын», «Сарыарқа» журналдары поэмамды бар бояуынан айырып, үзіп-жұлып, өлең жолдарын өзгертіп басты. Ал сол жылы Атырау облысының Әкімінің қолдауымен шығып жатқан «Атыраудың ақын-жазушылары» 100 томдығының «Нарын» деп аталған 58 томына өлеңдерім еніп, өлеңдерімді әбден қорлап, өңін кетіріп шығарды. Кітабым шықты деп қуанып жүрсем, ол кітаптың ішіндегі сорақылық сол, редакция алқасындағылар өлеңдерімді бас-аяғын ретсіз қысқартып, өңін айналдырып, құр шатпаққа, өлеңсымаққа айналдырып жіберіпті. Кітап кітапханаларға таратылып, дүкен сөресіне түскен. Әдебиет ауылына бет алған, «базарға кетіп бара жатқан» жас ақын үшін бұл зор соққы еді. Қиналдым. Жарықтық Карл Маркс: «Өмір –күрес»,– депті ғой. Бәрін де уақыттың сынына салу керек болды. Авторлық құқық туралы айтысты жылы жауып қойдым да, шығармашылыққа шындап кірістім. Кезінде екі журналдың да бас редакторы Мұхтар Шаханов пен Нұрғожа Ораз кешірім сұрады, екі журнал редакциясында да сол жерде қызмет істеген адамдар бүлдірген екен өлеңдерімді. Қызығы сол, екі журналдағы екі қызметкер де кіші жүзден, өзімнің батыстық жерлестерім болып шықты, ол кісілердің айтуынша. Ал «Атыраудың ақын-жазушылары» 100 томдығының 58 томы мәселесі алдағы уақытта сотта қаралмақ.
- Поэзиядан прозаға көшкенде шығармашылық адамында ішкі трансформация қалай жүреді екен?
- 2004 жылы «Шырақ» атты кітабым арқылы мен қазақ поэзиясына жаңалық әкелген едім. Бірақ сол кезде, маған таңғалғаны ма, білмеймін, ақын-жазушы қауымы жақ ашпай қалды. Бұл жағдай мені іштей күйретіп жіберді. Сондай құлазып жүргенімде, бір сазгер әніме сөз жазып берші деді. Жазайын дедім. Қолыма қалам алсам, бір шумақ түгіл бір жол өлең жаза алмай қиналдым. Өлең менен кетті-ау деп қайран қалдым. Бұрын өлең жазбаған, қалам ұстамаған адамдай селсоқпын. Жырсыз, көңілсіз күндер өтіп жатты. Қайтейін енді, кейде өз-өзімнен «Айта-айта Алтайды, Жамал апам да қартайды» дегендей, мен де мына күйіммен «Шырақ -Шырақ» деп қартаятын шығармын деп күліп қоям. Содан бір күні қайтадан жазғым келді. «Асалы-Көкетай» деген поэма бастап едім, оным хикаятқа айналып кетті. Осылайша прозаға біртіндеп ене бердім.
- 2004 жылы «Шырақ» деген кітабыңызды «Айек» деген бүркеншік атпен шығардыңыз.Бізде бүркеншік атпен кітап шығару үрдісі әлі қалыптаса қоймады ғой, әдеби орта қалай қабылдады?
- Жоғарыда айтқанымдай, 2003 жылы кітабымды бүлдіріп басқаны жаныма батты. Еліміз тәуелсіздік алғалы бірде-бір жас ақынның өлеңі осылай қорланған емес. Бірақ мұңға берілмей, алға қарай жүруім керек еді. Маржан – су түбінде жататын тас қой. Айды аспанға бір-ақ шығарайыншы деген арманшыл жас көңіл, ақындық жүрек осы «Айек» деген бүркеншек атты қалады. Псевдоним хикаясы осылай шықты. 2004 жылы «Шырақ» деген кітабым «Айек» деген бүркеншік атпен шыққанда, біреулер күлді, біреулер күле алмады.
- Қазіргі заман әйелдерінің бейнесі көркем әдебиетте неге көрініс таба алмай жатыр?
- Бұл сұрағыңыз орынды. Фариза Оңғарсынова әдебиетте әйелдер галлереясын жасады десек те болады. Мен де біраз үлес қосқан сияқтымын. «Қыздар туралы хикая», «Бағы асқан теңіз», « Қайран қыз», «Дина», «Хиуаз» т.б туындыларым тарихтағы әйелдер тақырыбын қозғайды. Баяғыда Ділдә Матайқызы Тасмағамбеткеліні туралы «Алақан» атты поэмамды жазып болғасын, Фариза апама хабарласып, «Оқып шығып, пікіріңізді айтыңызшы», – дедім. Фариза апамыз психолог адам ғой. Екі күннен кейін телефон соғып: «Бұл не? Түк түсінбедім, аш қарынмен оқыдым. Осылай да жаза ма екен? Сен менің Кәмшат Дөненбаева туралы поэмамды оқысаңшы»,– дегені. Содан Фариза апайдың «Кәмшатын» тағы бір рет оқып шықтым. Ойландым. Сосын апайға телефон соғып: «Фариза апай! «Кәмшатыңызды» оқып шықтым. Қазір мұндай поэма жазу мода емес. Бүгінгі әйел заты темір тұлпардың құлағында ойнайды. Өздері де темірдей қатты. Сіздің поэмаңызда басқа шауып, төске өрлеп бара жатқан шойын әйел бейнесі көзге ұрып тұр. Бұл Кәмшатта жан-жүрек, жүйке жоқтай. Ол неге егістік алқабында тракторы бұзылып, қолдары күс-күс болып, неге қиналып қалмайды? Әйел болып неге еңіреп жыламайды? Себебі, Кәмшат – коммунист. Коммунисті жылатуға болмайды. Егер сіз осындай халін суреттесеңіз, Кәмшаттың соңынан ерген сіңлілері трактордан қорқып, егіс алқабынан қашып кетер еді ғой?! Сіз кінәлі емессіз! Бұған социалистік реализм кінәлі!»,– дедім. Фариза апай менің сөзіме күлді де, трубканың тұтқасын қойды.
- Фариза апай туралы айтып жатырсыз ғой. Осы орайда Ақұштап Бақтыгерееваның «Қазақ әдебиетіне» жарияланған «Менің Фаризам» атты сериалы мақаласы туралы пікіріңізді білсек?
- Фариза мен Ақұштап. Екі ақын . Екі тағдыр. Екі мінез. Екеуі де жырсүйер қауымға етене таныс әрі жақын тұлға. Екеуі де мінезді ақын. Бірақ бір-бірінің табиғатында қарамақайшылық бар. Әйелдер поэзиясының қиындығы да, күрделілігі де сонда жатқан сияқты...
Фариза мықты! Ақұштап Бақтыгереева да осал емес. Ақұштап өзіндік ақындық әлемі бар, қыз мұңын сыбызғыдай сызылтып, әйел жүрегін шуақтай мөлдіретіп жыр жазған ақын. Айтса қылыштай кесіп айтатын, кейде бағзы заманғы би-шешендердей төкпелетіп сөйлеп, сөзіне бас шұлғыта білетін ақын. Кейде шынды сырдай, бар мен жоқты жырдай жеткізетін ақын. Расында, кейінгі кезде Ақұштап апай «Менің Фаризам» деп, Фаризаны айналып жүр, толғанып жүр, ойланып жүр. Жақында кітап та жарыққа шықпақ көрінеді. Фариза өмірден өткен соң, Ақұштаптың қаламынан «Менің Фаризам» туды. Ақұштапқа заман келбетін, әдеби өмірдің ұңғыл-шұңғылын көрсету үшін Фариза әлемі көмекке келді ме деп ойлаймын. Фариза арқылы шамырқанып, ойға ой қосуымыз керек те шығар. Әлем әдебиетінің көшіндегі аңыз тұлғалар туралы ақиқат пен аңыздардың жиынтығы біздің әдебиет әлемімізге еніп келе ме? Фариза – қазақ ақын әйелдері арасынан шыққан бірегей қаламгер, халықпен етене араласқан танымал тұлға. Аңыз адам. Аңыз адам әрқашанда халық назарында. Сол үшін ол туралы жазуға, білуге елдің бәрі құштар. Аңыз адам өмірінің қиындығы да, күрделі де осында жатыр. «Қазақ әдебиетінде» жарияланған Ақұштап Бақтыгерееваның «Менің Фаризам» мақалалар сериясы көпшіліктің ашу-ызасын да, қызығушылығын да тудырған сияқты. Әлемнің танымал әйелдері – Мэрилин Монро мен Коко до Шанель т.б. туралы ақиқат пен аңыз әлі күнге дейін айтылуда. Біреу өтірік, біреу шындықты жазады, біреу ұнатып, біреу ұнатпай жазады. Біреу сүйсініп, біреу құлшынып жазады. Өйткені, олар халық ұнатқан тұлғалар болғандықтан оқылады. Әркімнің өз көзқарасы бар. Өз таным-түсінігі бар. Сондықтан алғаш рет «Менің Фаризам» деп сөз бастаған Ақұштап Бақтыгерееваға, «Өресізді қайтейін, өлігіңмен алысқан» ( Әлия Дәулетбаева) деп саусақ безеп, өлең жазып Ақұштап ақынның бетінен тырнаудың еш реті жоқ... Фаризаны «өлікке теңеп», Әлияның өзі бүлдіріп отыр. Кім айтты Фаризаны өлді деп?! Жауһар жырларының жүрегі соғып тұрғанда Фариза мәңгі тірі! Мұндай естеліктерді эмоциямен емес, санамен оқу керек. Мысалы, естелік мақалада мені таңқалдырғаны – «бір кездегі маңғыстаулық адайлардың Фаризаның туған күніне шетелдік дубленка іздеп сабылуы, Фариза тек шетелдің қымбат тонын ғана кием» депті. Фаризаға қарсы сөйлеген адай әйелдеріне сөгіс жарияланатын», – деп жазады Ақұштап. Егер бұл шындық болса, о заманның адайлары не деген мәрт дейсің, қазіргі бай-қуатты адайлар адайдың аты шыққан ақын қыздарын танымайды, тойда ән салатын әншілерге ғана ынтызар.
- Әдебиеттегі қыздар туралы айтылса, көбіне өлеңде ғана емес, жеке өмірінде де «жалғыздық синдромы» басым сияқты көрінеді. Әрине, тағдырды ешкім таңдамасы анық. Дегенмен, өлең шіркін жардың орнын қаншалықты алмастыра алады?
- 2010 жылы Атыраудың Махамбет ауданында жұртшылықпен кездесуім өтті. Кеште залдан қағазға жазылған біраз сұрақтар берілді. Бір бума қағазды алып, микрофонға жақындап, шетінен оқып, жауап беріп жатырмын. «Жігітің бар ма?» деген сұрақ екен оқып тұрғаным. Мен залға қараймын. Зал маған қарайды. Сасып қалдым. «Неге болмасын, менің бес жігітім бар»,– дедім. Залға қараймын, тым-тырыс. Сосын күлдім де: «Егер сіздердің білгілеріңіз келсе, түстерін түстеп, аттарын атап берейін»,– дедім, зал тынып қалған. «Бұл жігітке бала жастан ғашық ем, ол менің жүрегімде, оның аты – Поэзия, Екінші жігітке бертін келе ғашық болдым, шексіз сүйем, оның аты – Проза, Тағы бір үшінші ғашығым бар, оның аты – Аударма, Сатира деген асылым да бар, Әдебиеттану деген аяулымды қалайша ұмытам? Осымен бесеуін түгендедім. Бірақ қазір бір жігітке қатты көңілім ауып жүр, ол маған қарай ма, қарамай ма, білмеймін. Шындасам оны да өзіме қаратып алам. Ол жігіттің атын айтсам күлмеңіздер, оның аты – Драма. Осындай ардақтылар күндіз күлкімді, түнде ұйқымды ұрлайды. Қайтейін енді»,– деп едім, зал қыран-топан күлді кеп.
- Аударма демекші, Орхан Памуктің «Сезім музейін» аударып, оқырмандарға ұсындыңыз. Осы әйгілі шығарманы аудару барысында нобелианттың авторлық аурасын қаншылықты сезіндіңіз?
- Памук – психолог, бұл шығармасында осы заман келбетiн, қоғам дамуындағы адамдардың материалдық игiлiктерге құмартуы, адам бойындағы жағымсыз мiнездердiң тез өрiс алуы, тiптi күндердiң күнiнде махаббат деген аяулы сезiм де музейде қалып қоя ма, бiр замандардағы қылыш, дулыға сияқты деген үлкен ой айтып отыр, бiрақ ол ойын ашық айтпайды. Осы тұспалдауының өзi көркем сөз зергерi Ғабит Мүсiреповтiң «Адам баласы қоғам шылауында өседi» деген сөзiн еске түсiредi. Орхан Памук бұл романы туралы былай деп жазған: «Сезiм музейi» – ең алдымен, махаббат туралы роман. Романдағы махаббат хикаясы – ХХ ғасырдың екiншi жартысындағы Стамбулдық бай бiр жiгiттiң басынан өткен махаббаты. Бұл романда махаббат деген ұлы сезiмдi психологиялық, мәдени-антропологиялық тұрғыдан түсiндiрiп жаздым. Махаббатты жеңiл-желпi баяндағым келмедi. «Мен саған ғашықпын, көргенше асықпын» дегендей. Махаббаттың сүйiнiшi мен қуанышын ғана емес, қайғы-қасiретiн, жан азабын да сезiндiргiм келдi. Махаббат адамның дәрежесiне, өресiне, жынысына, iшкi мәдениетiне, мемлекетiне, тiптi дiнiне де қатысты...» Орхан Памук осы сөздерiмен-ақ, бiраз жайды ұқтырып тұр. Романда қыз бен жiгiттiң арасындағы қарым-қатынас ашық суреттеледi. «Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да...» деп жырлаған Мағжандық отты жүрек Орхан Памукте де бар.
- Белгілі ақын Аманқос Ершуовтың қызысыз. Өлеңнің ауылы сізге алыс емесін әкеңізбен байланыстыруға болады ғой?
- Ақындық – біздің ата-бабамыздың қанымен жалғасып келе жатқан өнер. Менің аталарым – батырлығымен де, шешендігімен де ел есінде қалған адамдар. Әлі есімде, ең алғаш мектепке барғанымда, мұғалім апай маған «Ершуова» деді. Өкпелеп үйге келген мен Назар атама: «Мұғалім фамилиямды қате айтты, балалар мазақтады. Атамызды неге Ершу деп атаған, басқа ат таба алмаған ба?» – дедім. Сонда атам: «Ер – аттың ері, атқа мінгенде «шуу» деп қамшы басады. Ер деген – азамат, жігіт. Жігіт аузына су құйып алғандай жақ ашпай жүре берсе, нағыз жігіт бола ма?! Ершу деген атты осыған байланысты қойған. Ершу атаң сол атына сай адам болды», – деген еді. Тағы да бір есімде қалған оқиғаны айтып бергім келіп отыр. Әкем Аманқостың бала кезі екен. Бірде ақшам уақытында балалармен үйдің бұрышында асық ойнап отырады. Кенет есік сарт етіп ашылғандай болады да, бала есікке жалт қарайды. Ауызы ашылып, көзі бақырайып, бір орнында қатып қалады. Үйге басында тақиясы, үстінде шапаны бар бір қария кіреді де, босағаға отыра қалып, екі қолын жайып, әлдене деп күбірлейді де, бетін сипап, орнынан тұрып, есіктен шығып жүре береді. Есіктен көзін ала алмай қатып қалған бала ортадағы үстел басында шай ішіп отырған әжесіне: «Әже, әже, көрдіңдер ме? Жаңа үйге бір ата келді. Басында тақиясы, үстінде шапаны бар. Мына жерде отырып бірдеңе деді де, бетін сипап, шығып кетті»,– дейді. Мұны естіген үй ішіндегі үлкендер не дерлерін білмей, шошымас үшін баланы ұшықтайды. Осы сурет әкемнің ойында сақталып қалады. Кейін өзі өлең жазғанда «бұл өлеңнің киесі шығар» деп те ойлайды. «Әкеңнің ақындық қасиеті нағашыларынан дарыған» деп отыратын әжем. Әкем Аманқос ауыл мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, интернаттың директоры болды. Бала кезімізде біздің әр түрлі қылықтарымызға орай, табан астында өлең шығаратын. Қара сөзден гөрі өлеңнің адамға әсері күшті екенін байқап, ақын болуды армандап өстім. Әкемнің тәрбиесі қаламды серік етуіме ықпал етті.
- Анаңыз жайлы да айта отырсаңыз?
- Анам – Алтын мектепте математика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген. Махамбет Өтемісұлының «Өтемістен туған он едік» атты атақты өлеңіндегі Өтемістің оныншы ұлы Досмайылдан тарайтын ұрпағы. Мектепте оқып жүргенімде республикалық балалар басылымдарына өлеңдерім мен мақалаларым жарияланып тұратын. Ата-анам мені құптап, үнемі ақыл-кеңес беріп отырды. Бірақ оқуға студент болып қабылданғанымда, олар маған: «Енді өлең жазба! Сабағыңды оқы! Өлең жазған адам «қияли» болып кетеді», – деп ақыл айтып, мені орта жолдан тоқтатуға тырысып бақты. Тіпті «Сенен ештеңе де шықпайды, сен талант емессің. Тек атаққұмарлыққа жақынсың» деп ұрысқан кездері де болды. Әкем «Қарағым-ау, ақын болу рахат емес, бұл деген сор-бейнет. Біздің заманымызда ел жыр оқыды, ақынға ықылас-құрмет болды. Сенің заманың басқа. Жазуды қоя алмасаң, қарасөз жаз» деген де болатын. Ал менің ішкі дүниемде «Мен жазамын не жаза алмаймын» деген екіұдай сұмдық «соғыс» жүріп жатқандай болатын. Бәрібір «Өлең жазамын!» деген сенімім мықтырақ болып шықты.
- Маржан апай, алдағы шығармашылық кешіңіз сәтті өтсін! Әңгімеміздің соңында оқырмандарға бір өлеңіңізді ұсынсаңыз?
- Татардың ұлы ақыны Ғабдолла Тоқайдан аударған өлеңдерімді ұсынайын.
ҒАБДОЛЛА ТОҚАЙдан
(аударған Маржан ЕРШУ)
Ұрланған мағына
(1908ж)
-Аманбысың, ақын дос-ау, неге мұңды жанарың,
Деп мен оған жылыұшырай қарадым.
-Халім нашар! Жазғанымды ұрлайды ел!
Мұндай сәтте аласұрмай тұрмай гөр!
-Неге мұнша жасығаның, айтарыңды ірікпе!
Үндемесең көңіліңде көбеймей ме күдік те
-Ақындардың бәрі оңбаған! Өлеңімді тонайды!
Ой-ырғағын, мағынасын, ұйқасымды қалайды.
Ыза болам мен соларға. Түк айтпаймын жақ ашып,
Мағынаңды ұрлай берсе қандай ақын боласың?
Ақынды аяп, оқыдым мен бар кітабын жиып ап,
Түк мағына таппадым-ау. «Ақындығы» қиын-ақ!
«Антұрған-ай! – дедім сонда, жарнамаңыз жүдетті,
Су татыған кітап оқып... Тектен –текке күн өтті!..
Екі жолдастың әңгімесі ( 1910 )
-Жолдасым-ау! Сөйлегін сен не жаңалық, не хабар?
Естігенше бұл көңілім қалай ғана жай табар?
-Көңілім пәс, шаршаулымын. Уақытым жоқ бос сөзге,
Жақындама, жаныма сен, жақтырмаймын шуды өзге.
- Жүректегі саған деген достық-отым өшпепті,
Айтсаңшы енді, жолдасым-ау! Кімдер ?... Қайда?.. Не істепті?..
- Ел аузында ескі сөз жүр. «Мылжың» дейді сен жайлы,
Бұдан артық сен үшін жақсы хабар болмайды.
«Жұлдыздан» да қорқады (1912 ж.)
( « Жұлдыз» – 1906 жылдан 1913 жылға дейін Қазанда татар байлары шығарған газеттің аты).
Қамыс көрсе, қояннан әл кетеді,
Қорқақтығы тұла-бойын терлетеді.
Қоян бір күн жүгіріп көлге келді,
«Жемтікпін бе?» деп енді ол сенделеді.
Бақалар көріп қалып қоян-басты,
«Бақ-бақ» деп қорқып сонда суға қашты.
Миығынан күліп қойды қоян сайда:
«Қояннан қорқатындар кетті қайда?»
****
Жолаушылап шықтым ұзақ сапарға,
Көрші ауылға жеттім тек күн батарда.
Түрлі ойлармен таң атырдым көз ілмей,
Үй иесі де ұйықтамады өзімдей.
Ертеменен аттанбақшы боп едім,
Асыққандай ат-шанамды жеңемін.
Үй иесі жақын келіп арбама,
Әлденені салып жатты дорбама.
-Сыйыңыз ба? – деп едім мен -, Бұл қандай?
Үй иесі қысылып бір қалғандай:
«Жұлдыз» деген газет еді, болар саған керегі,
Өзім тіпті оқымадым, сен оқырсың деп едім.
Мұңайдым да... Күлдім іштей... Газетті де алмадым,
Жол бойы мен бақалар мен қоян жайлы ойладым...
Бөлісу: