Мемлекет жазушыларға тегін жұмыс істетуді әдетке айналдырды
Бөлісу:
(сауалнама)
- Қазаққа қандай әдебиет керек?
- Модернизм, постмодернизм ағымдарының ұлт әдебиеті үшін маңызы қандай? «Постмодернизмді бойындағы интеллектуалды шығармашылық қуаты сарқылғандар жасайды» деген пікірге сіздің көзқарасыңыз?
- Жастар шығармашылығында пессимистік сарынның басым болуының себебін сіз қалай түсінесіз?
Оңайгүл ТҰРЖАН, ақын:
«Біз қазір бос қалған залдарда әдебиет туралы әңгіме айтып жүрміз»
1.Мен өз студенттеріммен кітап оқу мәселесі жайында жиі сөйлесемін. Сонда олар «апай, қазақ әдебиетінде оқитын ештеңе жоқ» дейді. Олардың айтып отырған «ештеңе жоғы» олар шетелдік әдебиеттің стилі мен шетелдік мазмұнға қызығып кеткен. Оның үстіне бүгінгі таңда қазақ проза жанры шабандап қалды. Оған ең басты себеп – қаржы мәселесі. Қаламгерлер қазір тегін жұмыс істеуге мәжбүр, мемлекет те оларға тегін жұмыс істетуді әдетке айналдырды. Бұл өте қауіпті жағдай. Оқырман қандай әдебиет сұраса да, оған ұсына қоятындай ештеңеміз жоқ болғандықтан да, біз оларға не керек екенін білмейміз. Білетінім, 60-70-80 жылдар әдебиетіндегі стиль бүгінгі оқырманды қызықтырмайды.
2. Мен әдебиет теориясын терең білмеймін. Сондықтан да постмодернизм, модернизм дегеннің шекарасын да айыра алмаймын. Әдебиет – ең алдымен халыққа керек. Мынау модернизм, мынау постмодернизм деп олардың да, қаламгерлердің де бастарын қатырудың не қажеті бар және мұның әдебиетке немесе оқырманға тигізер қандай да бір пайдасы бар ма өзі? Оқырманға оқылатын дүние беру керек. Менің білетінім, қай замандікі болса да, жақсы дүниенің ешқандай «измдерге» бағынбай, жаңа дәуірдің де талабына сай өмір сүре беретіндігінде. Біз қазір бос қалған залдарда әдебиет туралы әңгіме айтып жүрміз. Оқырмандарымыз 1990-жылдардың басында ол залдардан тарап кеткен. Рас, қазір оқырмандар орала бастады. Бірақ олардың барлығы дерлік шетел әдебиетінің, солардың модный жазушыларының «залдарында» отыр және тек соларды ғана оқиды. «Интеллектуалды шығармашылық қуаты сарқылғандар» түгіл, әлі сарқылмағандар да қазір ештеңе жаза алмауға айналды. Мен қазақ әдебиетіне қатыстыны ғана айтып отырмын. «Қазір әдебиет – әдебиет үшін» концепциясы өмір сүруде. Яғни, әдебиетшілер өздері жазып, өздері оқып, өздері қол соғып, өз іштерінде қайнауда. Бұл да – қауіпті. Әдебиеттің мақсаты – қоғамды ілгері дамытуға қызмет ету. Әдебиеттегі идея – қоғамның қозғаушы күшіне айналу керек. Ал бізде қазір қоғам бір бөлек, әдебиет бір бөлек. Бір кездері «шетелдіктер кітап оқымайды» деген ұран тасталып, шетелдерге еліктегіш біздер дереу ауыл-ауылдағы шағын кітапханаларды жауып, кітаптарды өртедік. Өзім куәмін. Ал кейін білсек, шетелге барғанда көрдік, олар кітапты «өлтіріп» тұрып оқиды екен. Олар идея іздеп оқиды екен. Идея іздеп оқу – бұл ежелгі дәстүр. Біз, қазақ, бұл дәстүрді «өртеп» жібердік.
3.Жастар шығармашылығындағы пессимистік сарынның қандай да бір қауіпті жағы бар деп ойламаймын. Жас адам, әсіресе, шығармашылық бағытындағы жастар өздерінің басындағы кейбір сәтсіздіктерді керемет мұң-қайғыға айналдырып көрсететіні – ежелден бар нәрсе. Жастар дегеніміз – максималистер. Ол сарыннан біраздан кейін арылады. Өйкені, өмір одан да асып кеткен сәтсіздіктерді тосатын болады. Өмір дегеніміз – құлау-тұру-құлау және қайтадан тұру. Сол кезде олардың қазіргілері «ойыншық» болып қалады. Екінші жағынан, ой тереңдігі жоқ кезде, оқырманның назарын бірдеңемен ұстап тұру үшін пессимистік сарынға жүгіну амалына көшеді. Ал кейбір оқырмандар, әсіресе, жастар қайғы-қасірет немесе адам шошырлық жағдайлар туралы жазылғандарды оқығанды ұнатады. Өйткені, ондай шығармаларды оқу жеңіл, ойланудың қажеті жоқ. «Көбік» киноларды көрген сияқты ғой. Ал дұрысында ойы терең, жарқын дүниелер қажет. Қазақ «жақсы сөз – жарым ырыс» концепциясымен өмір сүруі керек.
Раушангүл ЗАҚАНҚЫЗЫ, ақын, әдебиеттанушы:
«Қазақ әдебиетін батыс әдебиетінің қалыбына салып зерттеу бізге не береді?»
1. «Қазаққа қандай әдебиет керек?» деген сұраққа жауап бермес үшін, «қазаққа не керек?» деген сұраққа жауап іздеу керек секілді. Жаһанданудың көмекейіне жұтылып кетпеу үшін, қазақ болып өмір кешу үшін керекті ұғымдар бар. Дәл осы жерде әулие болып, оларды тізбелемей-ақ қояйын. Қазақ адамының ұлттық мінезін сипаттайтын көркем шығармалар керек. Мінез – сана мен жанның біріккен көрінісі. Қазіргі қазақтың жанына не керек, неге мұқтаж? Соны ұққан жазушы немесе ақын жаза баспайтын секілді. Тұрсынжан Шапайдың «Қазақтың жаны» кітабының көп жас жазушыға бағыт-бағдар берері анық. Қазіргі әдебиет дәл қазіргі тарихи кезеңнің сұраныстары мен қоғамымыздың мүддесіне қызмет ету керек деп ойлаймын. Шетелдегі қазақтар әдебиетіне өте көп көңіл бөлінуі керек. Қажығұмар Шабданұлының «Қылмыс» романы – бүкіл қазақ оқуға міндетті шығарма. Меніңше шетел қазақтарының әдебиеті мектеп бағдарламасына енгізіліп, жоғарғы оқу орындарында арнайы курс болып өтілуі керек.
Сонан соң қазаққа шынымен көркем әдебиет керек. Менің ойымша, қазақ оқырманының талғамы биік. Тіл бейнелілігін айтып отырмын. Қазақ әдеби тілінің байлығын ұлы ақын-жазушыларымыздың шығармаларынан білеміз. Қазақ тілінің қаймағы ірімеген көркемдігін Асқар Алтайдың «Тамұққа түскен сәуле» романынан байқадым. «Көк шымылдық аспан мен ақ кебін жердің арасы кіреуке мұнар». Философиялық астары бар сурет. «Дүниені еркін кыдырған күн нұры тәкаппар сұлудың қаздиған кірпіктеріндей қар бетіне қадаулы» дегені қандай көркем!
2. Жалпы осындай «измдерді» ұлттық әдебиетті талдауға қолданудың қаншалықты қажеті бар деп сұраққа сұрақ қойғым келеді. Айып көрмеңіз, қазақ әдебиетін батыс әдебиетінің қалыбына салып зерттеу бізге не береді? Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышы» қазақтың қарасөзі мен өлеңсөзін талдаудың барлық терминологиясына тұнып тұр. Модернизм, постмодернизм – әлем әдебиетінде Батыс елдерінде болып өткен үдеріс. Қазақ әдебиетінің басқа ортада, басқа мәдениет пен ділдің мекенінде өніп, өркендеп жатқанын ескеруіміз қажет. Көркем шығарманы өз топырағының ұғымдарымен талдасақ, ұтатын секілдіміз. Ағым деп бір емес, бір топ жазушылардың жаңа үрдіске бой ұруы десек, осылардың қазақ әдебиетіндегі орны қаншалықты? Модернизмді қазақтың символизм әсерімен өлең жазған ақындар деп, оны қазақ әдебиетіне тән ағым деуіміз қаншалықты әділ? Ал көркемдік тәсіл тұрғысынан модернизмнің де, посмодернизмнің де белгілерін әр кезеңде жазылған әр түрлі шығармалардан ұшыратамыз. Жалпы Еуропа әдебиеттануындағы түсініктерді көшіріп, оларды қазақ әдебиетіне күштеп кигізу мағынасыздық секілді көрінеді. Бұл «әлем әдебиетін білмеу керек» деген түсінік емес. Постмодернизмде жаңа ұғым-түсініктерден іздегенін таппаған мәдениет өкілдері адамзаттың ортақ түп-негізіне, аңыздар әлеміне қайта оралды. Маған сенбесеңіз Мирча Элиаденің еңбектерін оқыңыз. Ал қазақтың қай ақыны мен жазушысы аңызға жүгінбейді? Онда қазақтың ақын-жазушысының бәрі постмодернист.
1973 жылы Алматыда Азия-Африка жазушыларының бесінші басқосуы өтеді. Осы басқосу туралы мажар басылымдарында да мақалалар жарияланады. Пал Фехер «Әдебиет және өмір» (Élet és irodalom) газетінде «Mифтерсіз Шығыс. (Aфрика-Азия жазушыларының бесінші кездесуі әсерінен туған жазбалар)» мақаласында сөзді француз жазушысы Андре Малраукстан бастайды: «Андре Малраукс – өмір бойы мифтік Шығысты іздеген жазушы. Шығыс халықтарының азаттық үшін төңкерістерінің куәгері ғана емес, әскери қызметте жүріп, оларға тікелей араласады. Басын қатерге тігіп, көтерілісшілерге жәрдем жасап, Қытайдағы, Үндіқытайдағы, Үндістандағы көтерілістерге қатысады. Неру, Маомен жеке таныстығы бар жазушы де Гольдің тапсырмасымен Будда ескерткіштерін көреді. Саясатта да, әдебиетте де реалист болғанына қарамастан, құпия шығыс жанын іздейді. Мақала авторы осы батыс жазушысын шығыстың ұлы жазушысы деп Мұхтар Әуезовпен салыстырады: «Малраукспен шамамен бір уақытта, 50 жылдардың ортасында Индияға бір кеңес-қазақ жазушысы аттанады. Мұхтар Әуезов – бүкіл болмыс-бітімімен шығыс адамы тегі жөнінен де, мәдениеті жөнінен де. Ол дүниеге келгенде халқы хат танымайтын, тек аңыздары, батырлық эпостары бар болатын. Өзі де – ХХ ғасырдағы еуропалық мәдениетін орасан қажырлылықпен меңгерген көшпендінің ұлы. Әуезов – саясаткер емес, ғалым, әдебиет тарихшысы, ғажап фольклорист, ауыр томдардың авторы және Малраукс секілді реалист жазушы. Төңкеріске француз замандасы секілді романтикалық қатынасы жоқ. Малраукс қазақ жазушысынан төрт жас кіші. Әуезов ақша, қару жинап, әскери ұшаққа отырмады, ауыл мектебінде бала оқытты. Индияға сапарында маңызды дипломатиялық қызметпен емес, жазушы ретінде ешбір аңыздарсыз елмен танысуға тырысты. Ол да Бенареске барды, ол да Будданың моласын көрді. Мифті мәлімет үшін ғана әнгімеледі. Оны толғандырған басты нәрсе Будда мен Шива ескерткіштерінің көбіне зарар келтірілуі еді. Әуезов – керемет жазушы, қазақ әдебиетінің негізін қалаушы. Малраукс Шығыстан Европада жоқты, Азияны Европадан өзгешелейтін қасиеттерді іздеді. Әуезовке аңыздар таңсық емес, мифтердің арғы жағындағы аяусыз ақиқатқа аңсары ауған. Еуропалықтар біздің аңыздарымызға ғашық, олар Шығысты іздеді. Ал біз не іздейміз?
3. Асқар Сүлейменовтің «Өмір – ене, өнер – құлын» деген сөзі бар. Қазір өмір жастарға өгей шеше болып тұр. Бізде жастар нарыққа бейімделу керек, өз күнін өзі көріп үйрену керек деген ұғым қалыптасқан. Елімізде жастар саясаты бар ма? Оларға қолдау бар ма? Ол дүркін-дүркін өткізілетін жарыс, мүшәйра немесе он ақынның кітабын шығару, болмаса, бірді-екілі пәтер кілтін беру емес. Ол – үзбей жасалатын қамқорлық. Еуропа елдерінде жастарға мемлекет өте үлкен қолдау жасайды. Бұл – бір себеп. Екіншіден, жас ақын-жазушылар құндылықтардың ауысқан кезін бастан кешіруде. Жастар – қоғамның жүрегі, адам қасірет шексе, салмақ жүрекке түседі. Сол секілді қазір сол салмақ жастарға түсіп тұр. Әсіресе, рухани тұрғыдан. М. Әуезов айтқандай «Әдебиет-өмір айнасы».
Мүмкін қазіргі жастардың кейбір туындылары сырттай күйреуік көрінуі мүмкін. Бірақ оның астында ғаламат күш жасырынып жатқанына сенімдімін. Ата-бабалардың күрескер рухы олардың қанында тулап жатқанын білемін. Мағжан сөзімен түйіндесем: «Мен жастарға сенемін!»
Алмаз МЫРЗАХМЕТ, жазушы:
«...потенциалын толық көрсете алмаған тұлғаның депрессиялық күйі»
1. «Тас дəуірі тас таусылған соң аяқталған жоқ». Металды қорыту технологиясы шыққаннан кейін, тарих қойнауына қайта айналып келер кезегін күтуге кетті. Ғалам тарының қауызына сиған кезеңге келдік. Ғаламтор қазақ қоғамының да ажырамас бөлшегіне айналып үлгерді. Бұл – уақыттың талабы. Уақыт – ұлы əмірші. Ол өз дегенін жүргізбей қоймайды. Жаңа технологиялар па йда болып жатыр. Сондықтан, өнер, оның ішінде сөз өнері де өзгеріске ұшырайтын жаһандану кезеңінде ұлттық бояудың доминант болуына салмақ салу керек. Ол тек тіл ғана емес. Тіл – оны сақтап отырған адам ресурсына тəуелді болуы мүмкін. Доминант болып қалу үшін көркем əдебиетте қазақтың психологиясын айшықты образдармен салынған суреттер көбею керек. Сюжет, портрет, фабула-форма арқылы да қазақтың даралығын, мінезін көрсетуге болады ғой. Қазақ əлемге ортақ ситуацияда қандай шешім қабылдайды, нені аңсап тұрады, неге бұлай? Бізге қай тілге аударылса да, еш өзгермейтін ұлттық ерекшеліктері қанық суреттер керек. Қонаққа уақытында келген адамға «неміс» деп, шошқаның майын жегенге «орыс» деп айтатынымыздай, əр ұлттың өз өзгешелігі мен ерекшелігі бар емес пе? Біз қазақтың бекзада халық екендігіне басымдылық салуға тиіспіз. Əлем де соны күтіп отыр. Жапон мəдениеті қандай?! Біздің жұрт жапондықтардың технологиясын пайдалана отырып, ғаламтор дендеген ғаламшарды бағындыру қажет. Жаңа технологияларды меңгеру керек. Əдебиетте де, басқа салада да. Уақыт келді.
2.Мен кейінгі кезде кейбірі əдіс, кейбірі ағым деп атап жүрген постмодернизмге «процесс» деп қарағанды жақсы көрем. «Жаңаның жаңасына» ауысу – процесс емес пе? Жаңа ұрпақ ескі ұрпақтың құндылықтарына қарсы шықса, ол – қайшылық. Қайшылық болмаса, даму жоқ. «Қорқамын кейінгі жас балалардан...» деп сізге, уақыт өте келе сіз де айтуыңыз бек мүмкін. Садақ атылғалы пайда болған қозғалыс – жарық жылдамдығына дейін артты. Бұл əдебиетке де əсер етіп жатыр. Біз тоқтап қалмас үшін процесті бойымыздан өткізу керекпіз. Арба аттан озбайды ғой. Сатылап, жедел болса да, процестен өткен абзал. Сіңімді болу үшін. Барлық жанрларды, ағымдарды, əдіс-тəсілдерді қазақ əдебиетінің «қазанында» қайнатып көрсе, қазақ оқырманына ұлттық нақыштағы «ыдыспен» ұсынса... Сəйкесінше, еуропалық, Латын Америка əдебиеттеріне жат емес шығармаларды сол тілдерге аударып, қазақ жазушылары танылса, несі бар? Атақты постмодернистердің барлығы үлкен философтар. Сондықтан шығармашылық қуаттың сарқылуы емес, шыңы деп айтқым келеді.
3. Əркім өзі үшін жанталасқан қатігез, жемқор қоғамда потенциалын толық көрсете алмаған тұлғаның депрессиялық күйі болуы мүмкін... Оқырман сезіміне әсер етудің жолы аяушылық, жылау, мұң деген қате пікірдегілердің талпыныстары болуы да ықтимал.
Сауалнаманы жүргізген
Аягүл МАНТАЙ
Бөлісу: