Қуандық Шамахайұлы: Бұл мақала бұрынғыдан өзгерек
Бөлісу:
Мемлекет басшысының осы жолғы мақаласы бұрынғыдан мүлдем өзгешелігімен менің назарымды ерекше қатты аударды. Елбасы өзі атап көрсеткендей «Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін еместігіне» шүбәсіз сенуіміз керек.
Қазіргі таңда шынын айту керек, біздің зиялы деп атап жүрген топтарымыздың да, іс басында отырған элитадағы танымал өкілдеріміз де тым ескіше ойлайды. Олар үшін өмір сүрудің мәні шолақ белсенділікпен науқаншылдыққа бой ұру, жағымпазданып-жарамсақтанып күн кешу бәрінен маңызды болып кеткендей. Мұндай әрекеттен халық әбден мезі болды, жиіркеніш тудыратын жағдайға жетті.
Жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз үшін шынайы болмысымызбен адал еңбек етуіміз қажет қой. Шын мәнінде, бүгінгі күні адал еңбектің құны мардымсыз. Барынша әділ жүріп, тер төгіп еңбек етіп көрші! Сол мекемеде алдымен тізгін ұстап отырған түрлі деңгейдегі басшы-қосшыларға көз түрткі боласың. Сол адалдығың мен еңбекқорлығың үшін шеттетілесің. Мұны мәдениеттің қай түріне жатқызуға болады?!
«Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді» дегенді және «Бұл жүйе жең ұшынан жалғасқан тамыр-таныстықты көтермейді» дегенді ел Президенті әкім-қаралар мен шенеуніктерге қарата айтқан болар деп ойлаймын. Сондықтан, осыдан кейін түрлі шенділер мен шекпенділер қыруар қаржы жұмсалатын артықшылықтарынан бас тартулары керек. Мысалы, топ-тобымен оққағарлар ұстау, қымбат көлік мініп өздерін құдай санауларын және жалақыларын тым көбейтіп жібергендерін сезіп, азайтар деп үміттенейік.
Елбасының жазуына қарағанда, біздің ел білімге бөлінетін бюджет шығыстарының үлесі жөнінен әлемдегі ең алдыңғы қатарлы елдердің санатына қосылған екенбіз. Бірақ, соны кім, қалай игеріп жатқанына назар аударылғаны жөн секілді. Қазір жоғары білім жүйесі терең дағдарысқа енді. Білікті мамандар ғылым мен білім саласынан кетіп жатыр. Мұның басты себебі, ЖОО мен ғылым саласының менеджментінде орын алған қателіктерде болып отыр. Қысқасын айтқанда, ол жерлерде көзбояушылық, біліксіздік, сыбайластық-жемқорлық, парақорлық, жершілік кең етек жайған.
«Біреуге өзіңнің көзқарасыңды еріксіз таңуға ешқашан болмайды» - депті, Елбасы. Бұл өте маңызды мәселе. Бізде теріс болсын, дұрыс болсын, басшының айтқан жөн деген қасаң үрдіс нық қалыптасқан. Плюрализмнің мінбері болатын Парламентте, БАҚ жүйесінің өзінде бірер басшының көзқарасы ғана күшпен таңылады. Депутат спикердің қас-қабағын бағады, БАҚ шенеуніктердің құлақ кесті құлына айналып барады. Елбасының «...өздерінің субъективті пайымдарын тықпалауға да ешкімнің қақысы жоқ» дегені осы жайды меңзеген болса керек.
«Гуманитарлық зиялы қауым өкілдері еліміздің жоғары оқу орындарындағы гуманитарлық кафедраларды қайта қалпына келтіру арқылы мемлекеттің қолдауына ие болады» - дегенді бұл салада шынайы әділ сайлау жүргізуді, саланы түбірімен өзгертуді атап көрсеткен деп түсінемін.
Ұлттық аударма бюросын құра отырып, әлемнің үздік 100 оқулығының қазақ тілінде шығарумен қатар үздік көркем әдеби туындыларды да түпнұсқадан ана тілімізге аударылғаны абзал.
Елбасы музейлер мен галереялар қорын байыта түсуді мақалада ерекше атапты. Олай болса, Астанада музейлерді оңтайландыруды, біріктіруді, қысқартуды қолға алғалы жатқаны мемлекет басшысының идеясына қарама-қайшы болғалы тұр. Бұл да ойландыратын мәселе. Сөз бен істің бірлігі болмайынша даму мүмкін емес.
Елбасы бағытты айқындап берді. Ендігі кезекте оны жүзеге асырушыларды қатаң сынақ күтіп тұр.
Бөлісу: