Заман Төлеуов: Латын әліпбиіне көшу өркениет талабы
Бөлісу:
«Ештен кеш жақсы» демекші, тірі адамды жетектейтін үміт деген ұлы сезім бар екені рас. Ширек ғасырдан астам боз тұманның бүркеуінде келе жатқан қазақ халқының да дүр сілкініп, сәулелі тұсқа шығар кезі жеткен тәрізді. Бұл сәтті «Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы» деуге тура келеді. Діңінде рухы жоқ, бойға қарын тоқтық қана бақуат беретін «байлықтың» дәмін татқандар мен татпағандар да осы жүрістің соңы азуға апаратынына күмән келмес кезеңге жетті.
Елбасының жан шырылындай халыққа ұсынған арнауы – жарға тірелгендік емес, жардан аттап өтудің жолдары. Рас, халық санасы тұрмыстық мешелдіктің кеселінен «от басы, ошақ қасылық» деңгейде қалды. Басты мақсат мал-жан, тоққарын тірлік қана болып кеткендей. Батырлықтың басты қасиеті – жүректілік десек, біз сол жүректің де қайда екенін ұмыта бастадық. Қандай асқарлы арман мен ұрандар айтылып жатса да, тұрмыстың құлы екенімізді күнделікті өміріміз басқа ұрғандай еске салады.
Рухани жаңғыру. Бұл әсіресе қазақ халқына аңсарлы сусын, қазақтың қанын алмастыру емес, оған соны қуат пен өзіндік қодын енгізіп, түлету және намыстық биігікке шығару болар. Қандайда дүние тозар, күні жеткенде. Егер халықтың ұлттық құндылықтарын ұрпақ бойына сіңдіріп отырмаса – халық та тозар. Осы орайда ұлттық мәдениет хақындағы айтылған ұсыныстар өте орынды. Үкімет тарапынан қолдауға ие болмай, өз бетінше өркендеуі қиын екенін осы өткен уақыт дәлелдеп берді. Шығармашылық - жеке бастың шаруасы емес, бүкілхалықтық тіпті әлемдік іс екенін ұққанымызға тәуба дегім келеді. Өте кенжелеп тұрған аударма мәселесі дамыса, ешкімнен бойы мен ойы аласа емес қазақ туындыгерлері әлемдік бірегейлер ортасынан ойып тұрып орын алатынына күмән жоқ.
Латын әліпбиіне көшу өркениет талабы болар. Әрине, бұл қадамға түрлі астар да жабыстырып жатыр. Десек те жаңа технологияға қол жеткізуге мүмкіндік беретін әр тетікті тануымыз, меңгеруіміз сөзсіз шындық болуы тиіс.
Сананы тұрмысқа билетпеу үшін – бастапқы экономикалық жаңғырудың жемістерін жете бөлісіп, ең бастысы рухани байлық екенін дәлелдейтін дәйекті қадамдарды нық атқару қажет.
Бөлісу: