Ерназар Ыбыраев: Тісің ауырса…

Бөлісу:

14.04.2017 6268

(Әзіл әңгіме)

Алла сақтасын деп сөйлейік. Тіс ауырғанды дос түгілі дұшпанымның басына тілемес едім. Тіпті “Қазір сенің жаныңды аламын!” деп тұрған жаналғышқа да тілейтін ауру емес екен.

“Қай жерің ауырса – жаның сол жерде” деп қазақ босқа айтады. Тісің мен ішің қатар ауырсыншы, сонда білер едің жаныңның қай жерде екенін. Ішің ауырса, әжетханаға барасың да құтыласың… Ал тісің ауырса, қайда барасың?

Өмірі тісіме ет тұрып көрмеп еді, бір кеште аяқ астынан азу тісім қақсап ала жөнелді. Үйде жалғызбын, аяйтын әйел төркіндеп кеткелі төрт күн болған. Бүгін кеп қала ма деп, болашаққа “үмітпен” қараймын. Бастапқыда сабырлы едім, қояр емес, әкетіп барады. Атып тұрып, үйді кезіп кеттім. Сол жаққа қисайған басты қос қолдап демеп, бір қалыпты тепеңмен зырқырап жүрмін. Бармаған бұрыш, кірмеген тесік қалмады. Айдап отырып ваннаға кірем де, атып шығып кухняға барамын, столды үш айналып залға кірем. Ондағы қуыс-қуысты түгендеп, жатын бөлмеге тартам. Тіс басылар емес. Ауырғаны одан сайын үдеп бара ма қайтеді? Ақырын еңкейіп едім, біраз басылған сияқты болды. Енді еңкейе ентелей жүріп, манағы “маршрутты” 10 айналып өттім, болмайды. Секіріп столдың үстіне шығып, шифонердің үстіне шынтақтай жатып біраз тыныстадым. Болмайды, басылмайды. Секіріп түсіп шкафка басымды тығып алдым. Енді жүгіріске үн қосылды. (Абырой болғанда үйде ұлдар жоқ, каникулға ауылға кеткен). Үн болғанда қандай, үн-зар, дерсің. А,а,а,а,а. О,о,о,о. У,у,у,у,у. Алла-ай, Алла-ай, м,м,м,м,м, и,и,и,и – міне менің үнзарым. Еңкеңдеп отырып холодильникті ашып жіберіп бір уыс мұзды опырып ап қарш-қарш шайнап жібердім, болмайды. Енді біраздан соң, осы еңкейген күйіме де зар болып қалдым, еңбектеуге айналдым. “Апыр-ау, бойым жер тартып бара ма” деп те ойладым. Ілулі тұрған атамның ташпиғын алып басымнан үш айналдырдым да, мойныма іліп алдым, мойнымнан сыпырып жағыма бастым. Тіс басылар емес, әкетіп барады. Ташпихтың тоқсан тоғыз тасын уыстап дұға да оқыдым. Тіпті ташпихты уыстап аузыма да салып алдым. “Алла, бар болсаң қайдасың?” деп зар илеймін.

Бас жерде, тоңқаңдап із кескен иісшіл тазыдай сүзіп жүрмін, зарлап жүрмін. (Күлме, шын сөзім).

Сүзіп келіп, кіре берістегі аяқкиімдер полкасын таптым. Бұл мен тінтпеген тың мекен, жаңа объект. Өз бәтеңкемді жазбай таныдым. Сол-сол-ақ екен, тісімнің ауырғаны сап тыйылды. Ой, Алла-ай, тіпті жазылып кетті. Біраз жатып енді басымды көтерейін десем, сырқырай жөнелді. Маңдайымды тағы да еденге тақ еткізіп ем, басыла қалды. О, ғаламат, бұл не? Еденнен басымды көтермей спальныйға жылжысам, тағы бастайды қақсап.

Не де болса менің жанымды сақтайтын осы бұрыш, осы нүкте болды. Мойны талып, желіге мойыған тентек құлындай шекемнен шаншыла тұралап жатып қалғып барады екем, есік қоңырауы шар ете қалды.

– Өзің аш! – деп айқай салдым.

Шақұр-шұқыр есік ашылып, әйелім кіргенін білдім, түрін көрмесем де, қандай күйде екенін сезіп жатырмын.

– Иә, бұрынғың басқаша еді, мынауыңды не дейміз? – деді сызданып.

– Мұны ма, мұны тоңқайып жатып тіс емдеудің жаңа тәсілі дейміз, – дедім мен де қиястанып.

Ол еңкейіп, аузымды иіскеді де, бөтен иіс болмаған соң:

– Өй, не болды саған, не көрінді, әлде тышқан аңдып жатырсың ба? – деп ол да қисық сұрақ қойды.

– Тыңда! – дедім де, ханның алдында төрттағандай жаныма сауға сұраған жазалыдай, бар мән-жайды айтып бердім.

– Енді не істейміз? (Күліп тұрғанын сездім).

– Ертең барып жұлдырып тастаймын, қазір арқама бірдеңе жапшы, – деп ем, келіншегім ішек-сілесі қатып күліп алды.

– Әу, сен осы жерде түнемексің бе?

– Енді қайтем, түнеймін! – дедім.

Ол сылқылдаған күйі арғы бөлмеден ескі жалбағай тонымды әкеп, тоңқайып жатқан менің арқама жаба салды.

– Шай іш, – деп табалай мазақтап, кухняға кетті.

Жыным қайнап:

– Әй, есекке де жабуды бұлай жаппас, қымтасайшы кішкене, деп ақырып жібердім. (Ол іші түйіліп кухнядан шыға алмай қалды).

Не керек, көрер таңды есіктің көзінде атырып, таң ата басымды қолыма алып зымырап поликлиникаға тарттым. Бөгелек қаққан жылқыдай басты шұлғи зарлаған күйі дәрігердің алдынан бір-ақ шықтым. Враш жалғыз екен.

– Қайда отырайын?

– Мында. Креслоға… Азу ма?

– Азу.

– Нешеу?

– Білмеймін, сол жақтың бәрін жұл! – дедім.

Дәрігер қарап жіберіп:

– Восьмой, удалить.

– Көндік.

Бырт-бырт етіп екі укол кетті.

– Шесть минут подождите...

Алты минөті алты жылғы жазалаушы каторгыдай өтті-ау әйтеуір. Укол тарады, ауыз қалды даладай боп, астыңғы ерін мен жақ бөлек те, бас басқа біреудікі секілді. Ырбиып отырмын, көмей қайда, тіл қайда, белгісіз. Қысқышы мен тістеуігін қатар аузыма жақындатқанда байқадым: дәрігердің қолы Қобыландының қолындай дәу екен. Мына қолдар тіс жұлатын емес, бас жұлатын қолдар ма дерсің.

– А,а,а,а,а,а.

– Тихо, тихо…

Жылқының ұры тісін егегендей ауызға кергішті қойып, кірісіп кетті. Ауыз ауыз емес, дала сияқты, ішінде екі-үш жігіт тас қопарып жатқандай. Тістеуігі тісімді мықтап қапты ғой деймін, қазан басымды мойныммен қоса ырғап-ырғап, сықырлата жұлып алғанда, астыңғы жағым дәрігердің қолында кеткендей болды.

– Все, все, – деп дәрігер, бір түкіртіп алды да, қазанның ішін тазалағандай жұлынған тістің орнын тазалап, бармақтай мақтаны тістетті де:

– Мың теңге! – деді.

Бастан құлақ садақа, неше теңге болса да аяйын деп тұрған мен жоқ. Мың теңгемді ұсындым да: мың вахмет – мың воолғыр, – деп жөніме кеттім.

Бөлісу:

Көп оқылғандар