“Жыр маржаны” атанған Маржан Ершудің кеші өтті
Бөлісу:
Бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында ақын, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағы мен Еуразия жазушылар одағының (Түркия) мүшесі, ф.ғ.к Маржан Ершудің «Мен тас едім, су түбінен қозғалдым…» атты жыр кеші өтті. Ақынның айтуынша, кеш 15 сәуір туған күніне орай жыр сүйер қауым үшін арнайы ұйымдастырылған.
Әдебиеттегі алдыңғы толқын аға-апалары «Жайықтың жыр Маржаны» деп атаған өр мінезді ақынның жыр кешін белгілі сатирик-жазушы Көпен Әмірбек жүргізді. Оның айтуынша, Маржан Ершу - Махамбет Өтемісұлының «Өтемістен туған он едік» атты өлеңіндегі Өтемістің оныншы ұлы Досмайылдан тарайтын ұрпағы. Сөз барысында сатирик ақын қарындасының өлеңді егін еккен диқан сияқты баптап өсіретіндігін тілге тиек ете келе, оны «Диқан қыз» деп атады.
Кеш барысында Маржан Ершу «Қыздар» атты поэмасын көрермендерге оқып беріп, тарихына қысқаша тоқталды. Оның айтуынша, қыздар бес топқа бөлінеді: "Күдікшіл қыздың қылығы", "Намысқой қыздың байламы", "Арлы қыздын көз жасы", "Арманшыл қыздың жүрегі" және "Беймаза қыздың күнделігінен". Аталмыш поэмадан үзінді:
Кеште ақынның жырлары оқылып, сыңғырлаған ән де айтылды. Әнмен қатар күмбірлеген домбыраға да кезек берілді.
Қазіргі қазақ поэзиясы толысып келе жатыр. Қазақ поэзиясы бүгінгі күні азуын айға білеген ақындардың бірі ретінде Маржан Ершуді (Айек) танимыз. Кеш барысында, жүргізуші «Әйек» есімін Сұлтан Бейбарыстың анасының аты екенін де тілге тиек ете келе, «Маржан поэзиясы өршіл рухымен ерекшеленеді, ақынның жырларында отаншылдық, өрмінезділік пен ұлттық рухтың жалыны бар» деді.
Ақынның жыр кешіне Қажығали Мұхамбетқалиев, Тұрсын Жұртбай, Талғат Теменов, Дәулеткерей Кәпұлы т.б. зиялы қауым өкілдері мен қатысады.
Кеш соңында оқырмандар сұрағына жауап беріліп, жақында жарық көрген «Сезім музейі» (аударма Орхан Памух) атты кітабына қолтаңба берумен ұласты...
Поэзия мен прозаны қос қанатындай көрген Маржан Ершу, ІV Халықаралық «Шабыт» фестивалінің Гран При иегері, Халықаралық Түркітектес елдер поэзия фестивалінің жеңімпазы, Сұлтанбек Қожанов, Жақыт Таранжы, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы әдеби сыйлықтардың иегері атанды.
«Шырақ», «Пырақ», «Аламан», «Таңғы шық», «Жапырақ-ғұмыр», «Дариға ғұмыр, жыр-жүрек», «Ерік Құрманғалиев», «Ораз би», «Сезім музейі» (аударма Орхан Памух) атты кітаптардың авторы.
Маржан Ершудің «Исатай-Махамбет», «Дина», «Алып», «Қыран», «Жаңғырық», «Балапан», «Рысалы батыр», «Ораз би», «Алақан», «Байқоңыр», «Жиырмасыншы ғасыр. Қара өлең», «Самсун», «Бағы асқан теңіз», «Жанар», «Қыздар» т.б поэмаларымен қатар «Құдыретті қобыз туралы ертегі», «Ит пен бала туралы ертегі», «Балта туралы ертегі» «Ақшабақ ару мен Шортан батыр туралы ертегі», «Аспид туралы ертегі», «Терістік жел мен бала туралы ертегі», «Шам мен жыр туралы ертегі», т.б ертегі, аңыз-хикаялар және бірнеше прозалық, сатиралық шығармалар жазған ақын түрік әдебиетінің көптеген ақын-жазушылардың шығармаларын қазақ тіліне тәржімалаған. Бірнеше әдеби-танымдық мақалалардың авторы. «Махаббат туралы аңыз», «Исатай-Махамбет» атты драмалары бар. Атырау қаласы Әнұранының авторы.
Бөлісу: