Амангелді Кеңшілікұлы. Абай және әлем

Бөлісу:

24.04.2017 10689

(Ресейдің әдебиет зерттеушісі, профессор Николай Аркадьевич Анастасьевтің «Абай. Самғау салмағы» («Абай. Тяжесть полета») кітабын оқығаннан кейінгі туған ой)

Салыстырмалы тұрғыда алсақ, біз Абай мұрасын шамамыз келгенше біраз зерттедік. Әуезов іргесін қалап кеткеннен бергі уақыт ішінде әдебиетте ізін қалдырған талай ұрпақ ұлы ақын шығармашылығын өз дәуірінің биігінен бағалап, сөз өнерін өрге сүйреген әр буын кемеңгер туындыларының тереңіндегі құндылықтарды тауып, жаңалық ашты.

Абайға қарап бетке ұстар бағытымызды анықтап, ойымызды түзедік. Кемеңгердің шығармалары ғана емес, өлеңінің әр жолын сана сүзгісінен өткізіп, сарапқа салдық. Тереңірек зерттеген сайын, қазақта ұлы ақынның мұрасынан артық рухани байлықтың жоқ екеніне көзіміз анық жетті. Ұлттық рухымыз тірі тұрғанда қазақтың Абайға деген махаббатының мәңгі сөнбейтінін түсіндік. Аласапыран замандардың алашапқыны жанымызды көкпарға салып, халықтығымызды тамырымен жұлып тастай жаздаған алмағайып замандарда Абай тағылымынан алған тәліміміз арқылы біз халықтық қасиетімізді жойып алмай, аман сақтап қалдық. Өткен ғасырдың басындағы Алаш арыстары Ахмет пен Міржақып, Әлихан мен Мағжандар жанын пида ете отырып, бізге Абай рухына адал болуды аманаттап кетті. Ұлы ақын дүние салған бір ғасырдан астам уақытта Абайсыз өмір сүрген дәуіріміз болған жоқ. Құдайға шүкір! Бәрі жақсы. Бәрі дұрыс. Бәрі заңды.

Дей тұрсақ та поэзия «пайғамбарының» қайталанбайтын талантын, өнердегі даралығын, тұтас бір ұлттың санасына сәулесін шашқан данышпандығын, келешекке жол салып кеткен кемеңгерлігін мойындағанымызбен, ішкі бір түйсікпен әлем әдебиетінің төрінен өзіне лайық орындарын еншілеп алған алыптардың қатарында Абай есімінің аталмай жататыны ащы да болса – шындық. Мысалы, өркениетті елдерде испан жазушысы Сервантестің есімін білмейтін адам жоқ шығар. Ұлы қаламгердің «Дон-Кихот» романы тұтас бір халықты айдай әлемге танытқан ұлттық брендке айналды. Тургеневтен бастап күні кешегі Борхес пен Маркестерге дейінгі ғұламалардың «Дон-Кихот» жайында майын тамызып жазған, оқымасыңа қоймайтын қаншама ғажайып эсселері бар.

Ағылшын ақыны Шекспирді ешбір елдің драматургі де, жазушысы да елеусіз қалдыра алмайды. Тіпті, орыстың суреткер жазушысы Толстойдың ұлы драматург туындыларына көңілі толмай сынаған зерттеуінің әлемде үлкен дау-дамай туғызғаны Шекспир есімінің барша адамзатқа ортақ тұлғаға айналғанын аңғартқандай. Әлемді қаламымен бағындыруға серт еткен француз Бальзакты оқымаған пенде зиялы азамат саналмайды, мәдениеті дамыған мемлекеттерде. Дүниежүзілік әдебиет деген ұғымды қолданысқа енгізіп, өзі де соның символына айналған немістің ойшыл ақыны Гетені кім білмейді. Атақты «Фаустты» тілге тиек етпеген әйгілі суреткерді таба алар ма екенсіз. Ал, орыс жазушылары Гоголь, Толстой, Достоевский, Чехов туындылары ХХ ғасыр прозаиктеріне үлгі-өнеге болып, жаңа заман әдебиетінің бет-бейнесін айқындап берді. Соңғы елу жылдың ішінде сөз өнеріне көп өзгерістер алып келген Ресей мен Батыстың жаңашыл ақындары мен жазушыларын да әлем оқырмандары жеткілікті дәрежеде танып үлгерді.

Ал, Абай ше? «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген гуманистік идеяның ұрығын сепкен кемеңгерімізді өзімізден басқа кім біледі? Суреткер Әузовтен кейін ұлы ақынымыздың дүниежүзілік әдебиеттегі орнын белгілеп беру үшін іргелі істер жасалды ма? Әлем оқырмандарының қазақ Абайға қарағанда беларусь Быков пен қырғыз Айтматовты көбірек білетінін өкінішпен болса да мойындауға тура келеді.

Осы тұрғыдан алғанда Абай шығармалары өз Отанының шекарасынан алыстап кете алмаған Пушкин туындыларымен тағдырлас. Қаза тапқанына екі ғасырға жуық уақыт өтіп, ұлы ақынның творчествосы жайында Ресейде мыңдаған еңбектер жазылса да Пушкин есімі де әлем оқырмандарының санасына мықтап орныға алмай қойды. Кезінде орыс жазушысы Владимир Набоков шет ел оқырмандарына Пушкинді жақынырақ таныстырмақ ниетпен «Евгений Онегинді» прозаның тілімен ағылшын тіліне аударғаны мәлім. Сондағы ішкі ойы дүниежүзіне кеңінен таралған ағылшын тілі арқылы Пушкинді ең алдымен Батыс жұртшылығына, одан әрі әлем оқырмандарына таныстыру болды. Бірақ жазушының бұл ойы жүзеге аспай, сәтсіздікке ұшырады. Орыс әдебиетінің негізін салған ұлы ақынның шәкірттері болып саналатын Толстой мен Чехов шығармашылығына тәнті болған әлем оқырмандары бәрібір проза тілімен жазылған «Евгений Онегинді» қабылдай алмай қойды. Неге?

Тамырын тым тереңге жіберген ұлттың ақыны болғандықтан Пушкиннің музасында орыс халқы ғана қабылдай алатын жұмбақ тылсымдар көп. Өте көп. Соған қарамастан ұлы ақынның қазақ тіліне сәтті аударылған шығармалары аз емес. Хәкім Абайдан бастап ұлтымыздың көптеген талантты шайырлары Пушкин туындыларының шымқай бояуын солғындатып алмауға бар күшін салып, ана тілімізге аударды. Бір ғана «Я помню чудное мгновенье»-ні қазақша сөйлетуге тырысқан талантты ақындарымыз қаншама. Қалай десек те Пушкин жырларының Алаш жұртына тараған насихаты кемшін болған жоқ. Сәтті шыққан талай аудармалардың арқасында орыстың ұлы ақынын қазақ оқырмандары жылы қабылдап, жүрегінің төрінен орын сайлап берді.

Ал, біздің Абайымыздың тылсымы терең поэзиясына терең үңіліп, оның барша адамзатқа ортақ гуманнистік идеяларының маңызын халқының санасына сіңіруге тырысқан қандай атақты орыс ақынын айта аласыз? Сұрау салып, зерттеп көрсек миллиондаған ресейліктердің ішінен Абайдың бір өлеңін оқыған жалғыз орысты таба алар ма екенбіз? Әй, қайдам. Танымылдығы жағынан 10 миллионнан астам қазағы бар данышпан Абаймен салыстырғанда авар жұртының талантты ұлы Расул Ғамзатов әлдеқайда бақыттырақ. (Мысалы, авар ақынының «Тырналар» өлеңін алыңызшы. Аударма да қалай сәтті шыққан. Жеңіс күніне орай «Тырналар» әні Мәскеудің аспанында қалықтағанда көңілі тебіреніп, көзіне жас алмайтын пенде жоқ. Ғамзатов жайында орыс тілінде жазылған қаншама зерттеулер бар. Ақынның таланты мен адамдық табиғаты мейлінше шынайы ашылған Ресей киногерлері түсірген фильмнің өзі неге тұрады).

Жиырмасыншы ғасыр басынан бергі жазылған жүздеген еңбектерде Пушкин шығармашылығы жеріне жеткізіліп дәріптелді, бір ауыз сөзбен болса да орыс ақынының рухани мұрасына тоқталмай кеткен қазақтың сыншысы мен әдебиет зерттеушісі кемде-кем. Міне осы тұрғыдан алғанда:

Слух обо мне пройдет по всей Руси великой,

И назовет меня всяк сущий в ней язык,

И гордый внук славян, и финн, и ныне дикой

Тунгус, и друг степей калмык, - деген ақынның асқақ арманы қазақ топырағында артығымен орындалды.

Ал, біз болсақ Абайдың орыс тіліне аударылған өлеңін оқығанымызда ұлы ақынымыздың тереңдігі мен ойшылдығы келекеге ұшырағандай бір күйді басымыздан кешетініміз неліктен? Ресейдің атақты ақындары мен жазушыларының әдебиет туралы жазған еңбектерінен Абайды ауызға алған сынық сөйлемді де таппайсың. Қазақтың Пушкин мұрасына деген тағылымында, ұлы ақынның рухына адал қызмет етіп келе жатқан тағзымында ешқандай кінәрат жоқ. Тіпті, діні мұсылман, қаны мен жаны жағынан бізге әлдеқайда жақын Шығыстың ұлы шайырлары жайында мардымды ештеңе білмесек те, Пушкинннің өмірі мен шығармашылығы туралы біздің білмейтін мәліметіміз жоқ. Әрине, білген жақсы ғой. Бірақ ұлттардың бір-бірінің әдебиетіне көрсететін құрметі екі жақты болуға тиіс емес пе? Көзімізге түспей жүрген болса ғафу өтінеміз. Басқаларын айтпағанда, Кеңес заманында қазақтың талантты шайырлары Олжас пен Мұхтарлармен талай дастархандас болған Ресейдің атақты ақындары Евтушенко мен Возненскийдің көл-көсір әдеби мұрасында да Абайдан тағылым алып, шынайы көңілмен ұлы ақын рухына тағзым етіп, тебіренген бір ауыз сөз жоқ. Ресейлік "Культура" телеарнасындағы әлем әдебиетінің алыптарының шығармашылығын жан-жақты таныстыратын "Игра в бисер" бағдарламасы да біздің Абайымызға арнап бір хабар түсірмеді. Таяуда интернеттен орыстың танымал әдебиеттанушысы Дмитрий Быковтың көпшілікке арнап оқыған жүздеген дәрісін тыңдап шықтым, сенесіз бе ол бір рет те Абай есімін аузына алмады. Міне осыдан кейін Ресей астанасы Мәскеудің "Чистые пруды" саябағында Абай ескерткішінің орнатылуы, екі ел арасындағы достық қарым-қатынастың символынан гөрі, қазақты алдарқату үшін жасалған ишарадай ғана көңілсіз әсер қалдыратынын кімнен жасырайын.

Шығармаларын өзге елдің тіліне тәржімалаудан басқа да ұлтының мақтанышына айналған таланттарын әлемге танытудың жолдары бар емес пе. Неге біз сол жағына назар аудармаймыз. Белгілі бір дәрежеде Ресей оқырмандары жақсы білетін, танымал әдебиеттанушы Николай Анастасьевтің `ЖЗЛ` сериясымен орыс тілінде жарық көрген "Абай" және "Мухтар Ауэзов" атты кітаптары көзге көрініп тұрған осы бір олқылықтың орнын сәл де болса толтырғандай.

Біз Абайымызды Еуропа оқырмандарына таныта алдық па? Совет үкіметі құлап, тәуелсіздіктің арқасында екі ел мәдениетінің арасындағы шекаралар жойылғанымен, неліктен әлі күнге дейін Абай адамзат баласы үшін сыры ашылмаған жұмбақ әлем болып келеді. Бір қарағанда бұл бағытта аз жұмыс жасалып та жатқан жоқ. Абай өлеңдері сан-мәрте шет тіліне аударылды. Соған қарамастан біз ұлттық кемеңгеріміздің әлем әдебиетіндегі алатын өзіне лайық орнын белгілеп берудің жолын таппадық.

Менің ойымша ұзақ жылдан бері кілті табылмай келе жатқан күрделі сауалдың жауабын орыс әдебиетінің мысалынан іздеген абзал. Орыстар та күні бүгінге дейін ұлттық ақындары Пушкин мен Лермонтовты әлем оқырмандарына дұрыстап таныстыра алмай-ақ келеді. Оның ең басты себебі данышпан Абайдың дүниетанымына қатты әсер еткен орыстың екі ұлы ақыны сонау ХІХ ғасырдың өзінде мәдениеті озып кеткен Еуропа үшін аса үлкен жаңалық болған жоқ. Пушкин мен Лермонтовты оқи отырып Батыс жұртшылығы олардың поэзиясынан Шекспир мен Байронның орыс топырағындағы вариациясымен танысқандай көңіл-күйді басынан өткереді.

Алайда, Абайдың жөні бөлек қой. Ол тек орыс әдебиетінің қайнарынан ғана сусынын қандырып қоймай, Шығыс даналығын да бойына сіңіріп, ұлттық шеңбердің аясында шектеліп қалмай, әлемдік мәдениеттің ортақ қазынасына да айнала алатын ойды айта білген адамзаттың да ақыны емес пе. Осы ретте Мұхтар Құл-Мұхаммедтің әлем әдебиетінің айдынында еркін жүзіп жүрген Америка әдебиетінің білгірі Николай Аркадьевич Анастасевқа қолқа салып ұлы Абаймыз жөнінде кітап жаздыртуы осындай бір үлкен талпыныстан туған нәтижелі жұмыс болды.

Әрине, ол қазаққа Абайдың кім екенін үйрета алмайды, бірақ бүгінде ілуде біреуі ғана білетін Абайды Ресей зиялы қауымының жаңа буынына жеткізу үшін ол барлық күш-жігерін салып жұмыс істеді.

Ол Абайды біз білетін Гете, Байрон, Шиллер, Пушкин, Лермонтовтармен ғана емес, Еуропа жұртшылығы түгел мойындаған Монтень, Паскаль, Кьеркегорлармен шендестіре талдап, қазақ кемеңгерінің парасат деңгейін солармен қатар қойды. Дат данышпанын қарастыра келіп, Ницше, Сартрға құрық тастап, сол буынның ақыл-ой түйсігінің түп-тамыры әріде екендігін көрсетті.

Ең қызығы "Абайымызды әлем оқырмандарына танытудың жолдары бар ма?" деген тұрғыдағы ұзақ жылдар бойы жаныма тыныштық бермей жүрген сауалдың жауабын да мен Анастасьевтің осы кітабынан тапқандай болдым. Дәлірек айтсам, "Абай" атты кітаптың соңындағы үш зияткер - Николай Анастасьев, Мұрат Әуезов және Мұхтар Құл-Мұхаммедтің аталған тақырыпты талқылаған сұхбаттасуында күрмеуі күрделі сұраққа жақсы жауап беріліпті. Тақырыпқа байланысты үш зиялының сұхбаттасуындағы пікірлердің көңіліме қонғанын да жасыра алмаймын. Енді сол сұхбатта әңгіме болған тақырыпқа ой қыдыртып, қысқаша шола кетейік. Міне осы пікір алмасудағы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің бұл мәселеге тереңірек үңіліп, назарымызды Абайдың шығыстық бастауларына аударғысы келген ұсынысында жан бар.

"Істі жөн-жосығымен жүргізе білсек, Абай иран және араб тілді әлемде әбден-ақ әйгілі бола алады. Өйткені, оның поэзиясы парсы поэзиясымен үндес, ал парсы поэзиясының арабтарға қандайлық әсер еткені белгілі. Шығыста араб тілі - ғылымның, трактаттардың тілі; парсы тілі – поэзия тілі, түркі тілі – әскери өнердің тілідеп саналған. Рас, Әлішер Науаи түркіше де, парсыша да жазған. Абай онымен анық астасып жатады, сондықтан қайталап айтамын, көкейіміздегіні көңілге қонымды етіп атқара алсақ, бәрі де қолдан келеді. Әрі бүгінгі таңда, біз ислам әлемінің бір бөлігіне айналған кезде, солай болғанына сөз жоқ: қазақтар мұсылмандар ғой – Батыс бізге өздерін Шығыспен байланыстырып тұратын көпір сынды қарайды. Қазақстан – зайырлы мемлекет, ондағы дінге сенушілердің басым бөлігі мұсылмандар мен православиеліктер. Біз екі тілді қатар меңгергенбіз. Батыс демократиясының құндылықтарынан тіпті де бас тартпаймыз, сонымен қатар ұлттық мәдениетімізді де сақтап, дамытып отырамыз. Міне, осы телқозылық сипатымыз, тегінде, бізге баршаның басын біріктіртіп тұрады.

Мұның бәрін неге айтып тұрмын? Айтпағым тағы да сол жай – осындай жағдайда Абай жыры өзінің жаһандағы араб елдерінен бастап әрі қарай жалғастыра алар еді. Бар мәселе әдеби және баспагерлік менеджменті дұрыс ұйымдастыра білуде» (Н.Анастасьев «Абай», 460 бет).

Жөн сөз. Егер аударма сәтті шыққан жағдайда Абайдың ұлы поэзиясының таңғажайып үні Қытайға да жете алатынына сенім мол. Батыс пен Ресейге мойнымызды созып, жалтақтай бермей бір жарым миллиардтан астам адам тұратын Қытай еліне Абайымызды жан-жақты танытсақ та аз олжа емес. Оның үстіне Таң дәуірінде Қытай елінде түркі тамырлы ақындардың жыр төккенін ескерсек, көшпелі халықтардың өлең өрнегінің қытай поэзиясына жат емес екені бесенеден белгілі емес пе.

Өткен ғасырдың 70-80 жылдары көркем аударма проблемалары баспасөз бетінде көп талқыланды. Әрине, әртүрлі, тіпті кереғар пікірлер де айтылды. Нәтижесінде бәрінің қол қойған ортақ пікірі мынаған сайды. Ақын өзінің ана тілінде неғұрлым табиғи жазса, оны өзге тілге аудару соншалықты қиын. Бірақ бұдан поэзияны аударуға болмайды деген ұғым тумаса керек. Белгілі қытайтанушы ғалым, жазушы Мұрат Әуезовтың айтуынша, басқа тілдердегі оқырмандардың ақынның өзінен де гөрі, оның туған жеріне, өскен шаңырағына қызығушылығы маңыздырақ болып табылады. Мысалы, Орта ғасырлардағы қытай және жапон поэзияларында қағазға қаріп боп түсуі жағынан да, көркемдік өрнегі жағынан да ұқсастық бар. Алайда, қарап отырсаңыз, жапонның ескі жырлары орысшаға қандай төгіліп түскен. Таң дәуірінің қытай ақындары болса, сондай нашар аударылған.

Көзге ұрып тұрған осынау айырмашылықтың себебін Ресейдің ірі синологы Любовь Дмитриевна Позднеева жақсы түсіндірді. ХХ ғасырдың басында Жапония әлемдік саясат театрының авансценасында жұлқынып шыға келгендей болды. 1905 жылы Цусимада орыс флоты талқандалды. Бүкіл әлемде, әсіресе, Ресейде, оған дейін көп таныла қоймаған осы елге ерекше қызығушылық оянбауы мүмкін емес еді. Ақыл-ойдың алыптары Жапония феноменін байыптауға кірісті, таңдаулы тәржімешілер жапон әдебиетін аудара бастады. Ал Қытай өзіне ешқандай дәл мұндай қызығушылық танытқан емес. Ия, белгілі жай ғой, Анна Ахметова қытайларды (сол сияқты корейлерді де) аударған, сонымен бірге оның бұл іспен құлықсыз, күнкөріс үшін айналысқаны да белгілі. Басқасын былай қойғанда, поэзияға қажетті жағдай да, ақындық шабыт та атымен болған емес.

Қазақ поэзиясының да орыс әдебиетшілерін, тіпті шығармашылықтың бетке ұстар тұлғаларын да тұтастай алғанда енжар күйде қалдыратынының себебін даланың тарихына, Қазақстанның қазіргі ахуалына шындап қызығушылықтың жоқтығынан іздеген дұрыс шығар.

Бөлісу:

Көп оқылғандар