Амангелді Кеңшілікұлы: Сұлулықтан жаратылған жазушы
Бөлісу:
Жапон жазушылардың ішінде ең алдымен Нобель сыйлығын Ясунари Кавабата алды. Түрлі көзқарастардың болғанына қарамастан Ясунари Кавабатаға осы мәртебелі сыйлық әділетті берілді деп ойлаймын. Бұл тек жалғыз жазушының шығармашылығына ғана емес, сұлулықтан жаратылған, сан ғасырлық дәстүрі бар жапон әдебиетіне берілген – әділетті баға, ұлы құрмет. Нобель сыйлығын алған кездегі оқыған дәрісін Кавабата «Жапон сұлулығынан нұрланған жырлар» деп атады. Басқа жазушыларға қарағанда оның туындыларында жапон рухының тереңдігі, жан әлемінің сұлулығы айрықша көрініс тапты.
Жапон өнерінің ерекшелігін білмейтін оқырман Кавабата творчествосын аса терең түсінбеуі де ықтимал. Шығыс пен Батыс өнерінің білгірі, профессор Ясиро Юкио бірде жапон өнерінің ерекшелігін өлең іспетті бір ғана жолмен түсіндіруге болатынын айтыпты. Қызық. Біз болсақ қазақ өнерінің түсіндіріп бере алатын сөз таба алмай қиналамыз.
Кавабата жапон әдебиетіндегі ұлттық құбылыс. Жазушының шығармашылық шабыты мен ақындық қиялы туғызған туындылары Акутагава мен Абэнің жазғандарына мүлде ұқсамайды. Дзэн-буддизм өнерінің не екенінен хабары бар адам ғана Кавабата шығармашылығына терең бойлай алады.
Будда секталарының екіге бөлінетіні аян. Бірі адам жандүниесіне көмекті сырттан күтсе, екіншісі, адамның өз рухының талпынысы арқылы жол табуға, хақиқатқа жетуге болады деп ойлайды. Жапондар ұстанатын дээн-буддизм осы екінші жолды дәріптейді.
Жапон мықтылығының бір құпия сыры да осында. Ол өз қолынан шыққан әрбір дүниеге барынша әдемілік беруге тырысады да өмірдің әрбір қас-қағым сәтін бағалауға үйретеді. Жапон қолынан шыққан әр дүние –жапон рухының көрінісі.
Әңгімемізге қайтып оралатын болсақ, Кавабатаның повестерінде оқырманды еліктіріп әкететін шытырман оқиға да, драма да жоқ. Бірақ онда дүниенің тылсым сырына үңілдіріп одан ләззат алғызатын, бұрын-соңды байқалмай келген елеусіз нәрсеге оқырман назарын аудартқыза білетін бір жұмбақ сиқыр бар. Сұлулықтан жаратылған ол туындыларды оқығаныңда жан сарайың тазарып, адамға еркіндік ләззатын сыйлайтын әдемі музыканы тыңдағандай әсер аласың.
Ол жазған шығармаларында қандай да бір оқиғаны тұтқынға алып, сол төңіректе ғана әңгіме қозғауды мұрат етпейді. Оқиғаның табиғи жолмен өрбуіне еркіндік береді.
Кавабатаның туындыларын тәржімалаған аудармашылар оның жазған дүниелерінің басты ерекшелігі тіл байлығының молдығында және жапон халқының дүниетанымын білетін адам ғана Кавабата шығармашылығындағы жарқыраған сұлулықты бағалай алатынын айтады.
Жазушы творчествосының концепциясы –сұлулық. Ол сұлулыққа жанасу арқылы ғана әлемді құтқарып қалуға болады деп ойлады. Сұлулықты қадірлейтін және оны түсінетін оқырман ғана Кавабата туындыларының бағасын біледі. «Менің бүкіл өмірім –сұлулықты іздеу, және мен оны соңғы демім таусылғанша іздейтін боламын» деп жазған еді ол.
Кавабата мемлекеттің тағдыры оның күштілігіне емес, халықтың рухани әлемінің сұлулығына байланысты болады деп есептеді. Жазушының бұл айтқан сөздерінің жаны бар. Өз басым жапон халқының рухының мықтылығын олардың жан әлемінің сұлулығымен байланыстырамын.
Әрине, басқа дәстүрде тәрбиеленген, анықтыққа, нақтылыққа, әдемі құрылған сюжетке үйреніп қалғандардың Кавабата туындыларын түсіне алмауы әбден мүмкін. Ол үшін жанның ерекше құрылымы қажет.
***
Ұлы жазушы 1899 жылы Осака қаласында дәрігердің отбасында дүниеге келді. Төрт жасында әке-шешесінен айырылып жетім қалды. Ал жеті жасқа толғанда әжесі, 15 жасқа толғанда атасы да дүние салды. Тұл жетім болып қалған жазушы шешесінің туыстары, яғни нағашыларының қолында тәрбиеленді. Мектепті, кейін Токиолық император университетінің қарамағындағы жоғарғы оқу орнын тәмамдаған соң әдеби журналда жұмыс істеп, Кана Кикути және тағы да басқа танымал жазушылардың назарына ілігеді. Ол тек көркем әдебиетпен ғана шұғылданған жоқ, сонымен қатар газетте тілші болып та жұмыс істеді. Саясаттан іргесін аулақ салып таза шығармашылықпен ғана айналысты. Университетте оқып жүріп «Жаңа толқын» деген әдеби журналды шығарып, тырнақалды туындылары осы басылымда жарияланып тұрды.
1924 жылы Кавабата әдебиеттегі достарымен бірге «Әдебиет дәуірі» деген журнал ашады. Басылымның маңайына топталғандар натурализм мектебінің ықпалымен дүниеге келген жапон әдебиетінің ескі мектебінен бас тартып, өнерде жаңа жол іздеді. Жас жазушылар «өнер –өнер үшін» деген қағиданы берік ұстанып, еуропалық куббизм, экспрессионизм және тағы да басқа модернистік ағымның ықпалында болды.
Дегенмен, Кавабатаның жазушылық таланты университетті тәмамдап, бірнеше әңгімелері жарық көргеннен кейін ғана мойындала бастады. Әсіресе, «Идзудан шыққан биші» деген повесінен кейін ол Жапониядағы ең танымал жазушылардың біріне айналды. Бұл повесте уайымшыл студенттің Идзу түбегіне жаяу саяхат жасап, биші қызды кездестіріп Токиоға жақсы көңіл-күймен оралғаны жайлы баяндалады.
1920 жылдары Кавабата Токионың плебейлер өмір сүретін Асакуса аймағында тұрады. Сол жылдары ол шығарма жазу техникасының түрлі стилдерін ойластыра бастайды.
Дей тұрсақ та Кавабатаның есімін әлемге әйгілі еткен шығармасы «Қарлы өлке» романы болды. Осы роман жарық көргеннен соң ол Жапониядағы ең ұлы жазушылардың бірі ретінде атала бастады. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін жазылған «Мың қанатты тырна», «Таудың күрсінісі», «Ұйқыдағы арулар» және тағы басқа туындылары жарық көріп, ол шығармалар жапондардың ғана емес, әлем оқырмандарының да қызығушылығын туғызып, 1968 жылы Ясунари Кавабатаға әлем әдебиетіндегі ең ұлы марапат - Нобель сыйлығы берілді.
Алайда Нобель сыйлығын алған соң бірнеше жылдан кейін Кавабата өзіне-өзі қол салып, газға уланып өлді. Әлем мойындаған жазушының өмірден дәл осындай өкінішті жағдайда өтуінің себебін түсіну қиын. Олай дейтін себебіміз, Кавабата Нобель сыйлығын алып тұрып «бұл өмір қаншалықты ауыр болсын, өзіне-өзі қол салу сананың нұрлануына алып келмейді. Менде Акутагаваға да, соғыстан кейін өзіне-өзі қол салған Дадзай Осамуға (1909-1948) да не аяушылық, не жанашарлық сезімі жоқ. Менің авангардист-суретші досым болды. Ол да жас кетті және өзін-өзі өлтіру туралы көп ойлайтын. Өзін-өзі өлтіру рух мықтылығының белгісі емес» деген болатын. Кавабатаның бұл қадамын жазушының соңғы күндеріне куәгер болған кейбіреулер «Кавабата өз дарынының Мисимадан төмен екенін білетін, бұған дейін Нобель сыйлығына тек Мисима лайық деп келген ол өз ары мен ұятының құрбаны» деп те түсіндіреді. Тіпті біреулер өлерінің алдында Кавабатаның түсіне Юкио Мисиманың жиі-жиі кіргенін айтады.
***
«Менің барлық өмірім –сұлулықты іздеуден тұрады, көзім жұмылғанша мен оны іздейтін боламын» деген екен Кавабата. Расында да сұлулықтың ауылын аңсаған ол жүрегіндегі дүбірмен алысып, шығармашылық шабыты туғызған хикаяларының бәрінде де әдемі әлемді іздеді. Бұл жолдағы шығармашылық сапарында ол жалғыз емес еді. Ой мұңын емген Кавабатаның замандасы жазушы Мусякодзи Санэацу да «Сұлулықтың құпиясын тауып, Табиғаттың тылсым сырын түсінгенімізде өмірдің мағынасы ашылады» деген болатын.
Жазушы барлық саналы ғұмырын Сұлулықтан жаратылған әлемнің мағынасын іздеуге арнады. Адамның рухы күйреп жатқан заманда әлемді құтқарып қалатын оның бойындағы сұлу сезімдерді қалай тірілтуге болады? «Әлемді сұлулық құтқарып қалады» деген болатын данышпан Достоевский. Өйткені сұлулық ақылдың айтқанына көнбейді, бірден жүректің мекенін жаулап алды. Себебі, Сұлулық заңы - Өмір заңы.
Жапон жазушысы Ясунари Кавабатаның 2009 жылы «Амфора» баспасынан жарық көрген «Бамбуктың үні» деп аталатын шығармалар жинағын және 2005 жылы «Азбука –классика» баспасы шығарған «Таудың күрсінісі» романын оқып шыққанымда осындай бір ойлардың ағысы жанымды толқытып жіберді.
Кавабата шығармаларындағы таңғажайып, жібектей нәзік, ақындық шабытпен кестеленген сөз қолданысы алыстан естілген әдемі музыкадай жанымды арбап алды. Байсалды баяндау тәсілі табиғаттың сұлулығына тәнті ете түсіріп, жазушы өрнектеген әдемі өлкені көзіңмен көргендей әсер аласың. Кавабатаны оқығанға дейін кілті табылмай, жұмбақ болып келген басқа бір мәдениеттің құпия әлемнің табиғатын тани түсесің. Ұлттық бояуын сақтай отырып Кавабата дәстүрлі әдебиетінің шекарасын кеңейтіп, адамзаттың жүрегіне жол таба біледі. Өйткені жазушы шығармаларындағы суреттелетін шықтай таза сезімдер, сұлулықты бағалай білетін талғамы бар оқырманның жүрегіне жол таба білетін баршаға түсінікті тілмен жазылған.
Әсіресе, маған Кавабатаның «Идзудан шыққан биші», «Қарлы өлке» және «Мың қанатты тырна», повестері қатты ұнады. Аталған туындылардан алған әсерім көл-көсір.
«Идзудан шыққан биші» хикаясында алып бара жатқан керемет ситуация жоқ. Бірақ қолдан ситуация жасамай, оқиғаның еркін тыныс алып, өздігінен өрбуінде шыныдай таза шынайылық бар. Кавабата оқиғаны аяқтамай тастап, оқырманның өз бетінше ой қорытуына мүмкіндік туғызады. Жазушы хикаяларының сезім қылын шерткен поэтикалық иірімі тамылжыған табиғаттың әсем көрінісіндей сиқырымен жаныңның пернелерін тербеп жібергендей болады. Ақындық шабыттан туып, ақ өлең үлгісімен төгілген Кавабата шығармаларының басты ерекшелігі – оның суреткерлік құдіретінде. Ол қылқан жапырақтары сарғая бастаған, жұпар иісі аңқыған жалғыз қарағайды да, құстардың үнін де, жаңбырдың тырсылын да асқан щеберлікпен суреттейді. Кавабатының шығармаларын оқығанда сөзбен жеткізіп бере алмайтын сұлулыққа тәнті болып, мүлде ерекше, беймәлім мәдениеттің жұмбақ әлемінің есігінен аттағандай боласың. Ол әлемде өмір сүру дәстүрі де, әлеуметтік жағдайлар да, сезімің мен ойыңды білдіру ерекшелігі де мүлде басқаша. Мүлде бөлек.
Дзэн ғылымы Кавабатаға классикалық мағынадағы сұлулықтың құпиясын тануға, болмыстың мәңгілік сауалдарының жауабын табуға көмектесті. Өмір дегеніміз не? Сұлулықтың мағынасы неде? Өлімнің жұмбағы қандай? Суреткерлік шеберлігінің арқасында жазушы жалған дүниеге жас баланың көзімен де қарай алады және өмірлік тәжірибесі мол адамға тән данышпан шешім де жасай біледі. Оның шығармаларында зұлымдық пен зорлыққа орын жоқ, Кавабата әлемінде өлімді жеңген ұлы махаббаттан жаратылған сұлулықтың патшалығы салтанат құрады.
Кавабатаның суреткерлік тұрғыдағы сан-қырлы талантын танытқан туындысы - «Қарлы өлке» повесі. Дзэн өнерінің дәстүрін ұстанған жазушы өз туындысында тағы да сол мәңгілік адамдық құндылықтарға баса назар аударады.
«Қарлы өлке» хикаясы соғыс жүріп, Жапонияда зорлық-зомбылық үстемдік етіп жатқан заманда жазылды. Қызық! Адамдық құндылықтардың бәрі аяққа тапталып, зұлымдықтың жалы күдірейіп тұрған өліара мезгілде Кавабата сұлулық, махаббат, рухани тазалық туралы терең ойға батып толғанады. Жазушы шығармасы ескі жапон әдебиетінің дәстүрі үлгісінде жазылған.
Хикаяның сюжеті –екі жастың махаббаты. Бас кейіпкер Симамура - белгілі бір жұмысы жоқ, тез елігетін, аса терең сезім мен маңызды қадамға баруға тәуекел ете бермейтін зиялы жігіт. Екіншісі тәні ғана емес, жан әлемі де әдемі, сыртқы көркемдігімен қатар жан әлемі де ерекше сұлу болып жаратылған шет аймақта тұратын - гейша Комако. Ол бар жан-тәнімен Симамураға ғашық болып қалады. Жас жігіттің жаны мен тәнінің сұлулығы Комаканың бар болмысын билеп алды. Алайда жігіт пен қыздың дүниені тану туралы көзқарасының қайшылығы екеуінің бақытты болуына кедергісін келтіруде.
Дзэн өнерінің эстетикалық принципі ойды сығымдап айту тәсіліне негізделіп құрылғандықтан көп жағдайда кейіпкердің өзі емес, оның мегзеуі оқырманның қиялын тербеп, қызығушылығын туғызып, суреткер мен оқырман арасындағы сырласудың алтын көпіріне айналып жатады. Кавабата ойдың айтылмай қалуына баса назар аударады. Ишарада – қасиетті мән мен сұлулықтың сиқырлы сыры жасырынған.
Сұлулық туралы дзэн өнеріне арқа сүйей отырып жазушы өз хикаясына Йоконың образын енгізеді. Басқаша сөзбен айтқанда Йоко –сұлулықтың символы. Бұл қыздың тәнінен де, мінезінен де, сыңғырлаған сөзінен де сұлулықтың лебі аңқып тұр. Алайда сұлулық дегеніміз анда-санда көзіңді алдайтын елес сияқты құбылыс болғандықтан, Йоканың бейнесі шығармада кейде ғана қылаң беріп қалады. Бірақ осы қас-қағым сәтке ғана Йокамен ұшырасып қалудың өзі бас кейіпкерді шаттық сезімінің бесігіне бөлейді.
Кавабата өз кейіпкерлерінің жан әлемін, олардың күйзелісін таңғажайып пейзаждар арқылы ашады. Мұндай тәсілді жапондардың ежелгі ұлттық дәстүрінен табуға болады. Табиғаттың сұлу аясында ғана адамның бойындағы нәзік сезімдері оянады емес пе?..
***
1952 жылы Жапония Академиясы өнерінің әдеби сыйлығын иеленген «Мың қанатты тырна» повесінің сюжеттік негізі етіп жазушы жапондардың «Шәй рәсімін» алады. Міне осындай дәстүрлі рәсімнің үстінде жас жігіт Фумико мен сиқырлы сұлулығымен көз тартатын жас қыз Юкико кездеседі. Бойжеткеннің қолында ақ қанатты тырналардың суреті кестеленген алқызыл мата болады. Шығармадағы тырналар – өмір бойы адам жаны аңсап жүретін сұлулық пен тазалықтың символы.
Повесте суреттелетін шәй дәстүрі шығарманың идеясын ашуға мүмкіндік туғызады, осы рәсім үстінде адамдардың мінезі мен табиғаты таныла түседі. Жапон эстетикасы көне дәстүрді жаңғыртып, оны биік өнер дәрежесіне дейін көтере білді. Шәй беру дәстүрі барысындағы басты талап - гармония, тазалық пен тыныштық. Қараңғы ойы бар адамға шәйханаға кіруге болмайды. Көне заманнан бері келе жатқан дәстүрдің мәнісі күйбең тіршіліктен құтылып, өз сезіміңді тазартып, өз-өзіңмен қалуға мүмкіндік беру болып табылады. Шәй дәстүріне жанасқан пенде рухани тазару рәсімін басынан өткереді.
Кавабата шығармасы дүниеге басқаша көзбен қарауға, өмірдің қарбаласында байқала бермейтін сұлулықты сезінуге мүмкіндік туғызады. Жазушы өлі заттардың өзіне жан бітіргендей етіп суреттейді. Олардың да өз өмірі бар. Кавабата шәйдің ыдыстары туралы да тірі адамның өмірін сипаттағандай етіп, шеберлікпен әңгімелейді. «Ескі шыныаяқтар.. оларға үш жүз, тіпті төрт жүз жыл да болған шығар, дүниеде әлі олардың қаншамасы бар!.. Дұрыстап қарасаңыз өмір дегеніміз осы шыныаяқтардың жылтыраған үстінің астында қайнап жатқандай. Кикудзи оларға қарағанда, дәс осы шыныаяқтардай таза және пәк әкесі мен Фумиконың шешесі көзіне елестейді». Кавабата заттарға құрметпен қарайтын жапондықтар санасы сұлулықтың нақ үлгісіндей өнер бұйымдарын да, күнделікті тұрмыста қолданатын заттарды да құдайдай көретінін көрсетеді.
Жапондықтар өздерін өмірінің ажырамас бөлігіне айналған әдемі заттармен қоршай біледі, гүлдермен, өнер туындыларымен. Міне сондықтан да Кикудзидің шәй рәсімі ғимаратының қабырғаларында ғажайып картиналар ілініп тұр. Ол бөлмеде ылғи да тірі гүлдер тұрады. Кикудзи сол әдемі гүлдерді тамашалай отырып, өмірдің ағысы мен мәңгілік сұлулық жайлы қиялға шомады.
Жапондардың ұлттық мәдениетінде адамдар ылғи да табиғатпен үйлесімділікте болуға ұмтылады. «Мың қанатты тырна» повесінің кейіпкері оны ылғи да айналасынан табады. Саябатқа келе жатып Кикудзи жабайы өсімдіктің қауызын киіп алғанын аңғарады. Оота ханыммен қонақ үйде бірге өткізген түннен кейін үйіне келе жатып, таңның шұғыласын көреді. Кавабата шығармалары әлемнің жасырынған сұлулығы жайлы әңгімелейді. Нобель сыйлығын алғандағы дәрісін Кавабата «Жапон сұлулығынан нұрланған жырлар» деп атады. Алайда осы дәрісінде жазушы «Мың қанатты тырна» хикаясы арқылы шәй рәсімінен басқа дүниені айтқысы келгенін тілге тиек еткен болатын. «Қарға, ай мен гүлдерге қарағаныңда досың жайлы бұрынғыдан да терең ойлайсың» - шәй рәсімінің негізінде осындай бір сезім жатыр. Шәй үстінде жолығу – сол баяғы «сезімдердің түйісуі». Жақын достардың жыл мезгілінің ыңғайлы уақытында қадірлі кездесуі. Айтпақшы, егер де сендер «Мың қанатты тырна» повесімде мен жан сұлулығы мен шәй рәсімінің көрінісін суреттегім келді деп ойласаңыздар, қателесесіздер. Керісінше мен бүгінгі шәй рәсімінің тұрпайылыққа жол беріп жатқанын ескерткім келеді және оған қарсымын».
Шын мағынасындағы шәй рәсімі дәстүрлі өнердің біріндей жаныңды жаман ойлардан тазартуға септігін тигізеді, cананы оятып адам рухының азаттануына мүмкіндік береді. Адамның жаны таза болған жерде ғана ұлы бақытқа қол жеткізе аласың. Сыртқы әлемнің тұрақсыздығы –адамның сезімі мен ойының ластанып кетуінің көрінісі. Кавабатаның «Мың қанатты тырна» хикаясын оқып отырғаныңда қоғамның таза болуы үшін рух тазалығы болуы керек екеніне көзің жете түседі. Қоғамдағы бейберекетсіздікпен бірге адамның ойы да тұрақсыздыққа ұшырайды. Ақыл-ойдың тынышталуы ғана дүниені сол қалпында көруге, өтірікті шындық ретінде қабылдамауға мүмкіндік береді. Міне сондықтан да «Вималакирти сутрада» айтылғандай «Егер ойың таза болса - бәрі де таза, егер ойың лас болса - бәрі де лас». Сол себептен де Кавабата өз хикаялары арқылы әсемдік сезімінің жоғалуының адамзатты апатқа әкеліп соқтыратынын жырлайды. Ұлы Шекспир де дәл осыған ұқсас ойды айтқан жоқ па еді, бір кездері.
Тот у кого нет музыки в душе,
Кого не тронут сладкие созвучья,
Способен на грабеж, измену, хитрость.
Темны как ночь, души его движенья
И чувства все угрюмы....
Бөлісу: