Бесеудің ойы: айтыс

Бөлісу:

28.04.2017 32983

Осы жолғы көтеретін мәселе айтыс өнерінің айналасында болмақ. Бүгінгі таңда біз көріп, тыңдап жүрген қыз бен жігіт айтысы, әзіл айтыс және қайым айтыстан өзге айтыстың ұмытылып бара жатқан қандай түрлері бар? Оқу орындарында ақындарды дайындау қаншалықты дұрыс? Жалпы, айтыс әдеби жанр ретінде қаншалықты зерттеліп жатыр? Осы сұрақтар төңірегінде ой қозғайтындар:

I. ҚАЗІРГІ АЙТЫС ӘДЕБИ ЖАНР РЕТІНДЕ ҚАНШАЛЫҚТЫ ЗЕРТТЕЛІП ЖАТЫР?

Қойлыбай АСАНҰЛЫ: Ауыз әдебиетіндегі айтыс үлгілірі жайлы алғашқы пікірлерді XIX ғасырда өмір сүрген ағартушы-ғалымдар жазбасынан кездестіруге болады. Ш.Уәлихановтың «Таңдамалы» шығармалар жинағында (Алматы:Жазушы, 1985) айтыс жайындағы пікірі аталмыш өнердің табиғаты мен ұлттық ерекшелігін баяндаса, В.В. Радлов «Образцы народной литературы тюркских племен, живущих в Южной Сибирии Джунгарской степи» (Часть 3, СПб., 1870) атты еңбегінде қазақтардың шебер де шешен сөйлейтіндігін, ауызекі сөзінің өзі өлең болып төгіліп тұратын айтқыштық қабілетіне назар аудартады. Сондай-ақ Ә.Диваевқа арналған «Тарту» жинағы (Ташкент: Түркістан республикасы. Баспасөз мехкамасы.1924) М.Ж. Көпейұлы «Қазақ фольклоры: ауыз әдебиеті үлгілері» (Алматы: «Алаш» баспасы. 2006 ж. 3 том), А. Янушкевич «Күнделіктер мен хаттар» (Алматы: Жалын, 1979) жинақтарында кездесетін айтыс өнеріне қатысты ой-пікірлер халық шығармашылығын әр қырынан танып, біле түсуге мол мүмкіндіктер туғызады.

XX ғасырдың алғашқы жартысында Айтыс өнерінің әлеуметтік мәнін ашып көрсеткен қадау-қадау пікірлер А. Байтұрсынов «Шығармалары» (Алматы:Жазушы, 1989), Х.Досмұхамедұлы «Аламан» (Алматы:Ана тілі, 1991) еңбектерінен бастау ала отырып, М. Әуезов «Айтыс өлеңдері» («Айтыс» 2-том. Алматы.«Жазушы», 1965 ж.), «Совет ақындарының айтысы» («Айтыс» 3-том. Алматы: «Жазушы», 1966 ж.), С. Мұқанов «Айтыстар туралы» («Айтыс» 1-том. Алматы: «Жазушы», 1965 ж.) «Айтыстар» (Алматы: «Жазушы», 2005 ж.) ғылыми мақалаларында жүйелі түрде жазылады. Бұл зерттеулердің барлығы айтыстың өміршең екендігін, күнделікті өмірге тікелей қатысы бар жанр ретінде, халық мүддесінің насихаттаушысы әрі оның жоқтаушысы ретінде танылатындығын тілге тиек етеді.

Айтыс өнері туралы XX ғасырдың алғашқы кезеңдерінде айтылған осы мәндес пікірлер кеңестік дәуір тұсында да үзбей жалғасып, ғалымдардың келелі пікір, ғылыми пайымдауларына арқау болды.

Ауыз әдебиетінің арналы саласы ретінде Айтыс өнері қашанда әдебиетші ғалымдар назарын аударып отырды. Айтыстың жанрлық, мазмұндық, көркемдік, тілдік, синкреттік қырларын ашып көрсетуде зерттеушілеріміз аз жұмыс жасаған жоқ.

Жоғарыда келтірілген алыптар тобы қатарында С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, Ғ. Мүсіреповтердің ақындар айтысы туралы айтқан келелі пікірлері де аталмыш жанр табиғатын жан-жақты аша түседі. Айтыс тақырыбына қатысты зерттеудің ғылыми өрісі Ә. Қоңыратбаев, М. Ғабдуллин, Б. Кенжебаев, М. Қаратаев, Қ. Жұмалиев, С. Қирабаев, Р. Бердібаев, Ш. Елеукенов, С. Қасқабасов, С. Садырбаев, К. Сейдеханов, Е. Тұрсынов, Н. Төреқұлов, А. Сейдімбеков, Қ. Сыдиқов, Х. Сүйіншәлиев, Б. Әбілқасымов, М.Жармұхамедұлы сияқты ғалымдар еңбегінде жалғасын тауып отырды .

Осы еңбектердің ішіндегі атап айтарлығы ұзақ жылғы пайымдаулар мен ғылыми талдаулардың, пікірлердің қорытындысы іспеттес 2001 жылы жарық көрген М. Жармұқамедұлының «Айтыс өлеңдерінің арғы тегі мен дамуы» атты монографиясы болды. Айтысты синкреттік жанр ретінде таныған ғалымдарымыз аталмыш өнердің табиғатын әр қырынан ашып көрсетуде нәтижелі еңбектерге қол жеткізді. Сондай-ақ айтыстың пайда болу, даму, қалыптасу кезеңдерін қарастыру барысында аталмыш өнердің өміршеңдік мұраттары жан-жақты сарапталды.

Әдебиетші ғалымдардың айтыс өнері туралы осындай іргелі зерттеулері Тәуелсіз Қазақстан тұсында, одан әрі жанданып, түрлі ой-пікір дискуссиялар нөпіріне ұласты. Айтыс туралы проблемалық мақалалар мен ғылыми пайымдаулардың БАҚ-ында жиі жарияланып, қызу талқыға түсуінің де өзіндік себептері бар еді. Ең алдымен 1984 жылдан басталған теледидарлық айтыстың аудиториясы Республика аумағын тұтастай қамтуы болды. Айтыстың бұқаралық сипат алып, миллиондаған көрерменнің көзайымына айналуы, аталмыш өнерге деген халақ ықыласын тудыруымен қатар, оның жетістігі мен кемшілігін де сарапқа салып отыруына қолайлы жағдайлар жасады. Баспасөзде, теледидарда, радиода жазылып, айтылып жатқан проблемалық мақала, хабарлар айтыс өнерін әр қырынан танып білуге мол мүмкіндіктер туғызды. БАҚ-ындағы ой-пікірлердің дені айтыс өнерінің бүгінгі ахуалын сын тезіне алса, кейбіреулері оның (айтыстың) жеткен жетістіктері мен қоғамдық маңызын ашып көрсетуге тырысты. Қалай дегенмен де тәуелсіздік жылдарындағы айтыс өнері төңірегіндегі қарама-қайшы пікірлер нәтижесіз болмады.

2003 жылдың 19 наурызында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Қазіргі айтыс: дәстүрлі келешегі. Көкейкесті мәселелер» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция болып өтті. Конференцияда қазіргі айтыстың дәстүрі, келешегі һәм көкейкесті мәселелері қарастырылды. Осы конференциядағы ғылыми баяндамалар негізінде «Көкейкесті әдебиеттану» сериясы бойынша «Қазіргі айтыс: дәстүрі, келешегі» (Астана Күлтегін.2003) атты ғылыми жинақ жарық көрді. Кітаптағы «Айтыстағы диалог» (әдіснамалық пайымдаулар) Ж. Жақыпов, «Жұмбақ айтыстарының көркемдігі» Ш. Керім, «Қазіргі айтыс: тарихы мен проблемалары» С. Қирабаев, «Айтыстың драмалық сипаты» Р. Нұрғали, «Айтыстағы зарзаман шындығы» Б. Омарұлы, «Айтыстың жанрлық жүйесі» Б. Рақымов, «Айтыс тілінің синтаксисі» М. Серғалиев, «Айтыстың жанрлық метаморфозасы» А. Шәріп, «Қазіргі айтыстың көркемдік ерекшелігі» Ж. Аймұхамбетова, «Қазіргі айтыстың тілдік ерекшеліктері» Ж. Асылбекова мақалалары айтыс жырларының әр қырын ғылыми тұрғыдан сипаттаған өзекті пайымдаулар қатарына жатады. Сондай-ақ, 2013 жылы белгілі ғалым, айтыс ақыны Аманжол Әлтайдың жетекшілігімен ғылыми жоба ретінде жарық көрген «Айтыстану» кітабыныңда көтерер жүгі салмақты.

Қарлығаш ӘУБӘКІРОВА: Қазақ фольклортану ғылымының негізінде айтыс жанрының зерттелуі соқа тимеген тың тақырып десек артық болар. ХХ ғасырдың І-ширегіндегі А.Байтұрысыновтың «Әдебиет танытқыш» атты еңбегінен бастап кешегі Қ.Асанов ағамыздың айтыстың публицистикасын зерттеген монографиясына дейінгі аралықта біршама зерттеу еңбектері бар. Өз ой өрімімді айтар болсам, мәселе, айтыстың зерттелмей жатқанында емес, қазақ ғылымының кенжелеп қалғанында. Екі күннің бірінде дүйім жұртты ұлардай шулатып үрген білім және ғылым министрлігі мен зиялы қауымның, халық арасындағы түсінбеушіліктерді естіп те, көріп те жүрген боларсыз. Сондықтан, айтыстың зерттелуі туралы сөз қозғағанда, әуелі қазақ ғылымының етек-жеңін жинап, оң-солын танып, дұрыс бағытта дамуына баса назар аудару қажет. Қазақ ғылымы қай уақытта заманына сай құбыласына бет бұрса, сол уақытта айтыстың зерттелуі де дұрыс бағытта, сауатты әрі сапалы жүргізіледі деп ойлаймын. Бір сөзбен қорыта айтар болсам, қазіргі айтыстың зерттелу деңгейіне көңілім толмайды.

Серікзат ДҮЙСЕНҒАЗЫ: Қазіргі айтыс тақырыбында бірнеше докторлық, кандидаттық диссертациялар қорғалды. Мұхамедрахым Жармұхамедов, Қойлыбаев Асановтар докторлық диссертация қорғаса, Балғынбек Имашев, Шырынбек Қойлыбаевтар қазіргі айтыстан кандидаттық жұмыстарын қорғады. Бауыржан Карипов деген азамат қазіргі телеайтыс тақырыбында PhD докторлығын қорғауға дайындалып жүр. Оның сыртында шығып жатқан монографиялар, мақалалар қаншама. «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының» бастамасымен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, Қорқыт атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінде, Тараз педагогикалық институтында Халықаралық, республикалық ғылыми конференциялар өтті. 2012 жылы Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің қазақ әдебиеті кафедрасы филология ғылымдарының докторы, белгілі айтыс ақыны Аманжол Әлтайдың жетекшілігімен «Айтыстың интеграциялық сипаты» деген тақырыпта Білім және Ғылым министрлігінің арнайы грантын ұтып алдық. Сол гранттың негізін «Айтыстану» деген ғылыми жинақ шығардық. Қазақ ұлттық өнер университетіндегі Қорқыт атындағы ғылыми-зерттеу орталығы профессор Мырзатай Жолдасбековтың жетекшілігімен айтыстың жеті томдық жинағын шығарды. Оның ішінде екі-үш томы қазіргі айтысқа арналған. Айтыс фольклорлық жанр ретінде де, әдеби жанр ретінде де болашақта зерттеле береді.

Жұлдыз ҚОЖАБЕКОВА: Қазіргі айтыс әдеби жанр ретінде ауыз толтырып айтарлықтай зерттеліп жатыр деп айта алмас ем. Айтыс туралы зерттеулер курстық, дипломдық, магистрлік жұмыстардың деңгейінен аса алмайтындай көрінеді маған. Ал әдеби жанрдан гөрі «әдеби сын» деп есептейтін көпе көрінеу кім көрінгеннің айтыс ақындарының жеке басына пікір білдіруін, өнерінен гөрі ақынның өзі туралы айтатын теріс пікірлерді көптеп кездестіреміз. Сын айтылуы тиіс, бірақ кәсіби маман сауатты пікір айтсын, ал басқалары «бөтен сөзбен» өнерді былғамауы тиіс. Зерттеулер бар, бірақ өте аз.

II.ҚАЗІРГІ ТАҢДА АЙТЫСТЫҢ ҰМЫТЫЛЫП КЕТКЕН ҚАНДАЙ ТҮРЛЕРІ БАР?

Айбек ҚАЛИЕВ: Қазіргі айтыста қолданылып жүрген айтыс түрлері көбінесе сүре айтыс, ішінара түре айтыс, кейде жұмбақ айтыс пен қайым айтыстар. Ал, өтірік өлең айтысы тым аз, қолданылған күннің өзінде тек элементтері ғана кездеседі. Жер өлең, су өлең, тау өлең айтыстары мүлде қолданылмайды десе де болады. Қазір не көп, той көп, мысалы қыз ұзату тойына ақындарды шақыртып «аужар», «жар-жар» айтысын тірілтуге болады ғой. Көп жылдар бұрын халық ақыны Қонысбай Әбіл қызын ұзатқанда Жібек Болтанова екеумізге жар-жар айтысын айтқызған еді, халық жылы қабылдады. Жоғарыда айтылған айтыс түрлерінің қолданылмауы немесе сирек қолданылуы қазіргі айтыстағы ақындарға берілетін уақыттың тығыздығына байланысты деп ойлаймын. Екіншіден ақындардың сол айтыс түрлерін заманауи көрерменге лайықтап жаңаша формада жеткізе алмай жатқандығынан болса керек.

Қойлыбай АСАНҰЛЫ: Бағзы дәуірлерден бері халықпен бірге жасасып, қалыптасып, дамып келе жатқан айтыс өнері де әр заманның бедерін, уақыт тынысын айшықтайтын рухани жәдігерлеріміздің ең маңызды саласы болып саналады. С. Мұқанов өз зерттеулерінде қазақ айтыстарын:

1. Әдет-ғұрып;

2. Қайымдасу;

3. Жұмбақ айтысы;

4. Дін айтысы;

5. Ақындар айтысы деп топтастырады.

Орта мектепке арналған қазақ әдебиеті оқу құралында Қ. Жұмалиев айтысты:

1. Бәдік айтысы;

2. Жар-жар;

3. Мал мен адамның айтысы;

4. Өлі мен тірінің айтысы;

5. Жұмбақ айтыс;

6. Салт айтысы; а) қыз бен жігіт айтысы;

б) ру айтысы.

7. Осы күнгі айтыстар, – деп жетіге бөледі.

С. Мұқанов пен Қ. Жұмалиев пікірлерін зерделей отырып, М. Жармұқамедов: «Қазақ айтыстарын жіктеп топтастырудағы кейбір даулы мәселелер М.О. Әуезов зерттеулерінде ғылыми дұрыс шешімін тапқандығын» айтады. Ол өзінің «Қазақ әдебиеті тарихының» алғашқы кітабы мен соңғы басылуындағы айтысқа байланысты жазған тарауларында айтыс өлеңдерін ірі екі топқа бөліп қарастырған. Олар:

1. Әдет-ғұрып айтысы;

2. Ақындар айтысы. Автор әдет-салт айтысына «Бәдік» пен «Жар-жарды», ал ақындар айтысына рушылдық, жұмбақ, дін айтыстарын жатқызады.

Айтыс өлеңдерін мазмұндық, пішіндік өзгешеліктеріне орай ғалымдарымыз келтіргендей түрге бөліп қарастырғанның еш сөкеттігі жоқ. Мысалы:

1. Әдет-ғұрып, салт айтысы: а) «Аужар», б) «Бәдік», в) «Жар-жар», г) «Мал мен адамның айтысы», д) «Жан-жануар, хайуанаттар айтысы», ж) «Өлі мен тірінің айтысы».

2. Қайымдасу айтысы: а) «Жұмбақ айтыс», б) «Дін айтысы», в) «Қыз бен жігіт айтысы».

3. Әлеуметтік айтыс: а) «ХХ ғасырға дейінгі елдік-әлеуметтік айтыс», б) «Қазіргі кездегі ұлттық сипаттағы айтыс».

Айтыс өлеңдерін мазмұн, пішініне қарай осындай үш түрге бөліп қарастырсақ, ештеңеден ұтылмайтын сияқтымыз. Керісінше, ғасырлар бойы қалыптасып, дамып келе жатқан төл өнеріміз – Айтыстың болмыс-бітімі бөлшектенбей, өзінің тұтастығын, тамыры тым тереңде екендігін таныта түсері хақ.

Ал қазіргі айтыста аталмыш өнердің бұрынғы түрлері неге көрінбейді деген сұрақтың тууы заңдылық. ХХ ғасырдың 80-інші жылдары ұйымдастырған ақын Жүрсін Ерманның телевизиялық айтыстарында Айтыстың: сүре, түре, қайым, қыз бен жігіт, өтірік айтыс үлгілері түгел көрсетілген. Тіпті заман ыңғайына, ақындардың біліктілігін аңдау мақсатында «тақырып» айтысы да болған. Тіпті кейінгі кездерде аракідік көрсетіп жүрген «Құлманбет» айтыстың сипатыда сол кезде көрніс тапқан. Қазір бірақ айтыстың түрі қалған. Ол сүре айтысы. Көп жағдайда «Қыз бен жігіт» айтысы деп шығарғанымен оның өзі көп жағдайда сүре айтыстың сипатында өтіп жүр.

Қарлығаш ӘУБӘКІРОВА: Атам қазақта «Елу жылда ел жаңа» деген сөз бар. Кенжелеп қалып қойған айтыстың қайым айтыс, жұмбақ айтыс, өлі мен тірінің айтысы, төрт түлік малмен айтыс, аруақпен айтыс, өлі мен тірінің айтысы деген көптеген түрлері бар. Себепшісі – Уақыт. Уақыттан асқан сыншы жоқ. Халықтың дамуына, қоғамның өзгеруіне, саяси-әлеуметтік, діни-таным негіздерінің алмасуына байланысты мұндай үрдістер тарихта бұған дейін де болған, бола да бермек. Оған ешкім де кінәлі емес. Күні кеше бар өмірін малымен ғана бағдарлайтын көшпенді қазақ бүгінде отырықшылыққа бет бұрды. Қалаға келді. Өмір сүру тәмсілі өзгерді. Дүниетанымы да біршама соққыға ұшырады. Енді халыққа қойылым ретінде өлі мен тірінің айтысын шоу ретінде ұсынуға болатын шығар, алайда, шынайы құбылыс ретінде көпшілік қабыл алмайды деп ойлаймын.

Серікзат ДҮЙСЕНҒАЗЫ: Айтыстың кейбір жанрлары мүлдем ұмытылды дегенге келіспеймін. Сүре айтыс, түре айтыс, қыз бен жігіт айтысы қазір үнемі сахнада. Ал жұмбақ айтыс, өтірік өлең айтысы, қайым айтыс деген айтыстың түрлері ара-тұра көрініп қалады. Бірақ үнемі шығып жатыр десек өтірік болар. Осыдан біраз жыл бұрын Жүрсін аға айтыстың осы түрлеріне арнайы мән беріп, бірнеше айтыс өткізген. Ұмытылды деп жүргеніміз тұрмыс-салт жырларында кезігетін бәдік айтыс, өлі мен тірінің айтысы, т.б. айтыстар болар.

Жұлдыз ҚОЖАБЕКОВА: Қазіргі айтыста айтыстың көнеден келе жатқан түрлерінің барлығы дерлік қамтылып келеді деп есептеймін. Сүре, түре, қыз бен жігіт, ақындар айтысынан бөлек, айтыстың сирек кездесетін жұмбақ айтыс, өтірік айтыс, қайым айтыс, тіпті жазба айтыс, Құлмамбет түрі сияқты қазіргі ақындардың назарынан тыс қалып отырған жоқ. Сондықтан, айтыстың түрлерін қазіргі айтыс ақындары қолдарынан келгенше дамытып, өлтірмей, өшірмей келер ұрпаққа жеткізіп келеді деп есептеймін.

III.ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕГІ ЖАЗБА АЙТЫС ПЕН «ШОУ АЙТЫСҚА» ДЕГЕН КӨЗҚАРАСЫҢЫЗ ҚАНДАЙ?

Айбек ҚАЛИЕВ:«Шоу айтыстың» бастапқы идеясы жақсы еді. Бұл жобаның авторы Бақытжан Қасымов менің айтыстағы алғашқы шәкіртім. Басында ақылдасқанда Тоқтар Серіков, Роза Әлқожа, Еркін Нұржанов, Төреғали Төреәлі сияқты бұрын айтысқан әншілерді айтыс ақындары арасындағы әншілік қабілеті бар ақындармен жұптастырып, бірінші бөлімде айтысып, екінші бөлімде ән айтып жақсы бір бағдарлама дайындамақ болған. Бірақ өкінішке орай көлденең кісілер араласып, бұл идея мүлде өзгеріске ұшырап, ақыр соңында көрермендердің наразылығын тудырды.
Ал әлеуметтік желілердегі жазба айтыстарға келсек, оған қарсылығым жоқ. «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» демекші әркім қабілет-қарымына қарай айтыса берсін, оқырман өзіне қажеттісін талғам таразысынан өткізіп алады.

Қойлыбай АСАНҰЛЫ: «Шоу айтысқа» мүлдем қарсымын. Онсызда өзінің төлтума сурып салмалық қасиетінен ажырап, толғау, арнауға ыңғайланып бара жатқан өнерді одан әрмен сүреңсіздендіру ешкімге абырой әпермейді. Қазақтың айтысы шоусызда, даусызда халықтың рухани сұранысын қанағаттандырып келе жатқан өнер. Айтыстың өн бойынан аталы сөз бен рухты ойларды, ащы әжуә мен мысқылды, әдемі әзіл мен қапысыз қалжыңды халқымыз ертеден-ақ аңғарып, содан рухани ләззат алып келген.

Қарлығаш ӘУБӘКІРОВА: Шоу айтысқа қарсымын. Айтысты құнсыздандырып, мазақ қылғандай әсер алдым. Біртүрлі жүрегім қабыл алмады. Кінәлі мен емес, әрнеге аса сезімталдықпен қарайтын сезімтал жүрек... Ал, әлеуметтік желілердегі айтыстың жөні бір бөлек. Өткенде ғана, Мұхамеджан ағамыз бен Дәулеткерей ағамыздың арасында болған ФБ айтыс – таза пікір, ой жарысы деп айтуға негіз бар. Жүлде де жоқ, бүлде де жоқ, ой таласы. Ондайда қызықтап, оқимын, назардан қалдырмауға тырысамын.

Серікзат ДҮЙСЕНҒАЗЫ: Шоу айтыс тәжірибе ретінде бір-екі рет өткізілді. Көпшіліктің қарсылығына ұшыраған соң жұмысын тоқтатты. Оның мақсаты бұрын айтысқан Т.Серіков, Т.Төреәлі, Р.Әлқожа т.б. сияқты танымал эстрада жұлдыздарын айтысқа қосу арқылы ұлттық өнердің жастар арасында аудироиясын кеңейту болатын. Бірақ кейбір айтысқа қатысы жоқ әртістер араласып кетіп қадірін кетіріп алды. Енді ол болмайды деп ойлаймын.

Ал әлеуметтік желідегі жазба айтысты қолдаймын. Себебі, жазбай айтыс деген жанр бұрыннан бар. Тұрмағамбет Ізтілеуов, Қарасақал Ерімбет, Кете Жүсіп, Қаңлы сияқты Сыр бойындағы атақты ақындардың хат арқылы айтысқанын білеміз. Бұл соның жаңа заманға бейімделген түрі. Қайрат Құдайбергенұлы деген мұнайшының фейсбук әлеуметтік желісінде ұйымдастырған айтыстарында қазылар алқасының құрамында болдым. Еліміздің түпкір-түпкірінен небір таланттар сөз сайыстырды. Маған ұнады. Бұл да айтыстың жаңа заманға бейімделген бір жанры болары анық

Жұлдыз ҚОЖАБЕКОВА: Жазба айтыстың атақты өкілдерінің бірі Ақтөбенің Алға ауданында жерленген Әбубәкір Кердері бабамыз айлар бойы алыстан күтіп жүріп, талай мықтылармен сөз майданының жазба түрін дамытқан екен. Қазір «Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» заманда, әлеуметтік желілерде жүргізілетін жазба айтыс сол кешегі Әбубәкірлерден қалған дәстүрлі өнердің бір түрін дамыту деп есептеймін. Оң көзқарастамын. Ал «Шоу айтысқа» келер болсақ, адам заманға қарай бейімделуі қажет шығар. Қазіргі таңда бізде шоу-бизнеске деген жастардың қызығушылығы басым, сондықтан сол шоу-бизнес өкілдерін осы төрге шыққан төл өнерімізді дәріптеуге тарту арқылы айтысқа аудитория жинаса, жастардың қызығушылығын оятса неге құптамасқа? Бәрібір шоу-айтысқа қатыстық екен деп әншілер ақын, ақындар әнші бола алмайды...

IV. Өнер университетінде айтыскерлерді дайындайтын мамандық ашылып жатыр. Жалпы, ақындарды қолдан дайындап шығару қаншалықты дұрыс?

Айбек ҚАЛИЕВ: Кез-келген адамды ақын етіп оқытып шығару мүмкін емес. Ал өнер университетіндегі айтыс ақындары бөлімі оқушы кезінен танылған ақын балаларды таңдап алып оқытып жатыр. Ол жерде айтыс өнерімен қатар орындаушылық шеберлік, мысалы үшін аспапта ойнау, дауысты тәрбиелеу, мақам, әуен сияқты айтыс ақынына қажетті музыкалық білім де бірңледі. Біз одан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Ана жылдары Еуразия университетінде де осындай бөлім ашылып, қазіргі айтыстың жарық жұлдыздары Еркебұлан Қайназаров пен Иранғайып Күзенбаев, Асхат Ізтілеуовтер сол жерден тәрбиеленіп шықты.

Қойлыбай АСАНҰЛЫ: Актерді, Мұғалімді немесе Инженер мен Ұшқышты оқытып, мамандыққа дайындаған дұрыс. Осы айтқан мамандықтарға деген қызығушылық сол балалардың бойында болады әрине. Ал ақын, айтыскер дайындап оқытып, шығару бүртүрлі қызықтау естіледі екен. Бәлкім осы өнерге бейімі бар балаларды теориялық тұрғыдан шыңдау шығар. Менің өз ойымша ақындық - Ананың ақ сүтімен, Атаның қанымен, Туған жердің топырағымен даритын аса сирек қасиет. Тек Тәңір берген сол қасиеттің қадірін төмендетпеу керек.

Қарлығаш ӘУБӘКІРОВА: Айтыс мамандығы ашылғанына наразылығым жоқ. Себебі, айтыс мамандығына инженер болуды армандап жүрген, екі ауыз сөздің басын құрай алмайтын, қазақтың руханиятынан ада адам келе қоймайтын шығар. Бұлақ көрсең көзін аш демей ме? Өлеңге икемі бар жас дарынды терең біліммен қаруландырып, өнердің киесін ұғындырса, сол тәрбие көрген тәлімді шәкірттер қазақ руханиятының жолында еңбек етсе несі айып? Айтыс қазақтың ұлттық идеологиясын насихаттайтын, демократиясын(сөз еркіндігі) танытатын қуатты күш. Осы күшті дұрыс пайдаланса, бұдан қазақ зардап шегеді деп ойламаймын.

Серікзат ДҮЙСЕНҒАЗЫ: Оны қолдан ақын жасап шығару деп түсінбеу керек. Сүйінбайдың шәкірті Жамбыл, Ақтайлақтың шәкірттері Түбек бастаған он жеті ақынды ешкім қолданған жасаған жоқ. Олар анасынан ақын болып туған еді. Тек соларды шыңдады, бағыт-бағдар берді. Өнер университетіндегі жас ақындарды да солай қабылдау керек. Ол жерде сөзді дұрыс қолдануды, өлеңге сауатылықты, домбыра тартуға шеберлікті, сахнада отыруды, т.б. үйретеді. Ол айтыс сахналық өнер болғандықтан ақындарға үлкен пайда әкеледі. Әншілерді, термешілерді, актерлерді оқытқанда ақындарды неге оқытуға болмайды. Айтыс та ел алдында, сахнада өмір сүретін өнердің түрі ғой. Сондықтан оқынтан дұрыс деп ойлаймын.

Жұлдыз ҚОЖАБЕКОВА: Жалпы ақындар өте шынайы, кез келген жағдайдан оң пікір іздейтін халықтың өкіліненбіз. Сондықтан ,өнер университетінен айтыскерлер дайындайтын мамандық ашылса, бұл да айтысты дамыту үшін жасалып жатқан жақсы бастаманың бірі деп қабылдаймын. 99 пайыз еңбекпен келетін дүние ғой негізі, ол жерде де комиссия деген болады, 1 пайыз талантсыз балаларды қабылдамайды деп ойлаймын. Ал көп ізденіп, көп оқып, айтыстың теориясын, әдіс-тәсілдерін білген адамнан мықты айтыскер шығатынына сенемін.

V.АЙТЫСТЫ СИНКРЕТТІК ӨНЕР ДЕСЕК, ҚАЗІРГІ АЙТЫСҚА НЕ ЖЕТІСПЕЙДІ?

Айбек ҚАЛИЕВ: Айтысты синкретті өнер деп жүріп тым театрландырып алған сияқтымыз. Әсіре театрландыру айтысты шынайылық қасиетінен айырады.

Қойлыбай АСАНҰЛЫ: Қазіргі айтыс физиканың формуласы сияқты. 3 кезек, 20 минут. Оның екі кезегі амандасу, қоштасу. Бір кезегі үйдегі дайындаған тапсырманы орындау. Естеріңізде болсын 20 жыл айтыс сахнасында жүрген ақын ретінде һәм осы өнердің зерттеушісі ретінде айтарым:- айтысып отырып аяқ астынан басқа әуенге ауысып ән айтып кеткен ақын ол суырып салған сөзін емес, міндетті түрде жаттағанын айтады. Мен бұл пікіріме 95 пайыз сенімдімін.

Қазіргі айтысқа, әсіресе соңғы 4-5 жылдың көлемінде өтіп жатқан айтыстарға табиғилық, өзінің бағзыдан келе жатқан төлтума қасиеті, сурып салып айта білу қасиеті жетіспейді. Айтысты кәсіпке айналдыру үрдісі белең алып барады. Ақша, дүние жүрген жерде пендешілік үстемдік құрады. Жас талап екі-үш шумақ өлең шығарса: Өй, сенен жақсы айтыскер шығатын сыңайлы, жақсылап дайындал, запас шумақтарың болсын деп кеңес беретін- замандастарымызға қандай уәж айтасыз. Осы алдын ала дайындалу, загатовка құрау нағыз айтыскер болатын талай жастарды, жыршыға, термешіге айналдырып жіберуде. Шіркін, солар сурып салып айтудың ләзатын, жан –жүйеге әсер етер алапат қуатын сезініп өссе ғой деп ойлайсың...

Қарлығаш ӘУБӘКІРОВА: Біріншіден, қазіргі өнерге де, өмірге де жетіспейтіні шынайылық. Біртүрлі, бәрі жасанды, бәрі жария. Сыры жоқ өнердің қадірі де болмайтын секілді. Екіншіден, терең білім. Әлі күнге қыз бен жігіт айтысы өтірік сүюден, саяси-әлеуметтік тақырыптар билікті даттаудан аса алмай жатыр. Әрине, барлық ақындар деп айта алмаймын. Кезіндегі, Оразалы, Дәулеткерей, Бекарыс, Айбек ағаларымыздың айтысындай айтыс болса деп қоямын(іштей). Кейінгі толқыннан қазақ хандығының айтысындағы Аспанбек пен Болатбектің, Еркебұлан мен Иранғайыптың айтыстарын бағалаймын.

Серікзат ДҮЙСЕНҒАЗЫ: Қазіргі айтысТА мақам мәселесі бар. Ақындарымыз айналасы бес-алты мақаммен айтысып жүр. Оған белгілі бір дәрежеде теледидар да әсер етуде. Батыста отырған бала шығыстағы ақынның мақамын экран арқылы құлағына сіңіріп өседі. Сондықтан бұрынғыдай емес, мақам ассимиляцияға түсіп кетіп жатыр. Бұрынғыдай ақындарды мақамы арқылы қай өңірден екенін айырудан қалдық. Сондықтан әр өңірде айтысты оқытатын мектептер ашылу керек. Ол музыка мектептерінің ішінен сынып болып ашылса да болады. Айтысқа мемлекеттік дәрежеде мән берілгенде ғана бұндай түйткілді мәселелер шешіледі деп ойлаймын.

Жұлдыз ҚОЖАБЕКОВА: Бір ғана Балғынбек ағамыздың өзі неге тұрады, тірі театр ғой. Ән керек пе, әзіл керек пе, салмақты ой керек пе, салихалы сөз керек пе, аспапта ойнау..т.б барлығын көре аласыз. Мәселен, Республика сарайы толы халықты әзіл кештерінде бірнеше адам жүріп күлдірем деп «бүлдіріп» алатын жағдайлар жиі кездеседі, ал ақын қолында аспабынан басқа ештеңесі жоқ жалғыз адам мыңдаған, тіпті кейде миллиондаған халықты аузына қаратып, аспапта ойнай отырып, ойын «жігін шығармай» халыққа әдемі әуенмен жеткізуі қажет. Осының өзінде бірнеше өнер тоғысып жатыр. Айтыс –дала мінбері, сахнадан отырып ақын күйіп тұрған мәселеден күлкі де туғыза алады, елдің мәселелерін де жырлай алады, тарихты да толғай алады, халықтың көңілін бірде құзға шығарып, бірде құлдиға түсіреді. Айтыс деген өнердің ішіндегі ең қиыны, ақынның әр сахнаға шығар алдындағы жүрек толқынысын ешқандай сезіммен салыстыруға келмейді. Сондықтан, қазіргі айтыста көркемдік қуат та мықты, әзіл де, ән де, сән де, салихалы сөз де бәрі бар.

Бөлісу:

Көп оқылғандар