Әлия Бөпежанова: Азаматтық формуласы немесе Әшімбаев жұлдызы
Бөлісу:
Сағат Әшiмбаев — ХХ ғасырдың соңғы ширегiндегi қазақ көркем сыни ойының — «Азаматтық формуласы».
Өзінің көлемді бір туындысын осылай атаған оның осы формуламен бүкiладамзаттық құндылықтар мұхитына жүзудiң айқын көрiнiсi. 70-90-жылдар арасында жанрда өнiмдi еңбек еткен Әшiмбаев шығармашылығы — осы кезеңдегi ұлттық сыншыл ойдың кивнтэссенциясындай әсер бередi. Сол кезеңнiң қоғамдық және әлеуметтiк құрылымын, рухани-мәдени өмiрiнiң ерекшелiгiн, қоғамның және оның iшiнде жазушы қауымның әдебиетке және оның мiндетiне деген көзқарасын бiлгiсi, зерттегiсi келген жан, кейiнгi жас ұрпақ мiндеттi түрде сыншының кiтаптарын зерделеп оқуы шарт. Оның шығармаларында уақыттың қоғамдық және әдеби-эстетиткалық позициясы да анық-қанық жүлгелендi.
Табиғи хас сыншылық таланты, терең бiлiмi, қапысыз талғам түйсiгi нәтижесiнде кеңестiк әдебиет пен оның идеологиясының өлшемдi-мөлшерлi эстетикасы шеңберiнен шығып кетiп отыратын, әдебиеттiң жасампаздық рухына, тәрбиелiк миссиясына ерекше мән беретiн сыншының өмiрi мен өнерi — биiк азаматтықтың, халқына, ұлтына ұлы қарапайымдылықпен қалтқысыз қызмет етудiң жарқын үлгiсiндей. Бұл ретте ол — әдебиет сыншысы Әшiмбаев қана емес, мемлекеттiк биiк тұрғыдан ой айта бiлген, елiнiң бүгiнi мен болашағына жаны ауырып, сол үшiн де тер төккен, алаңдап күн кешкен; сонау 37-жылдары түбiрiнен қиылып кеткен зиялы хас қауымның жалғасындай тұлға болды.
Әшiмбаев 70-жылдары сын жанрында бірден көзге түсті. Мұның себебі, бiрiншiден, сыншының табиғи талантын, сонсоң сол талантын аялай бiлген өзінің көзқарақтылығын алға тарту керек. Екiншiден, қай шығармашылық иесiн сөз еткенде де оның кезеңiн, ортасын естен шығаруға болмайды. Әшiмбаев сынға келген кез — әйгiлi 60- жылғылардың жалпы сыни ой-танымымызға төңкерiс жасап барып, объективтi-субъективтi себептермен үнсiз қалған кезi едi. Iшкi дайындығы мол, рухани iзденiстер аясы кең, дүниетанымдық тұрғыдан қалыптасқан, рухани iлкiмдi жас жiгiттiң алдыңғы серке буынның заңды жалғасындай болып, бостау тұрған сыни ой кеңiстiгiн бiрден жаулап алғанына таңданатындай ештеңе жоқ. Бұл — әдеби-көркем ойы өрелi елдер үшiн табиғи нәрсе.
Ал, Әшiмбаевтың есiмi көпшiлiктiң аузында, болмысы көңiлiнде жүруi нелiктен? Бұған бiрер сөзбен жауап қайыру оңай емес. Дегенде, ой таратып көрсек мынадай пайымға орын беруге болар едi: сын, бiр есептен, престиждi жанр. Алғашында жанрға қалам тартушылар саны аз болмайды, алайда оның ауыр жүгiн соңына дейiн алып жүруге не бiлiм-бiлiгi, не күрескерлiк қуаты, не эстетикалық құнары жетпей көбi бiрте-бiрте сын керуенiне iлесуге жарамай қалатыны бар. Әшiмбаев жанрдың ауыр жүгiн қайыспай көтерiп, талмай еңбек еткен, өмiр — өнер жазықтығында сыни ойды парасатпен суарған, сонысымен де биiкке көтерген қайраткер. Оның болмысындағы басты қасиеттердiң бiрi — жасампаздық қуат, күрескерлiк рух бүкiл өнерiнiң де, өмiрiнiң де алтын өзегi болды.
Жақсы-жаманның ара жiгiн ажырату оңайға соқпай, әдебиеттің бәсі төмендеген тап осы кезеңде қазақ руханиятында, жалпы қазақ елінде сыншы Әшiмбаевтай тұлғаларға аса зәрулiк бар. Ол — сыншы Әшiмбаевтың еш мақтан-көлгірсіз қайраткерлiк болмысына — үлкендi-кiшiлi қай мәселенi де, ең алдымен елдiк, яғни мемлекеттiк тұрғыдан зерделеп, қарастыра бiлетiн көрегендiк-көзқарақтылығы, санаткерлiгiне; рухани орта қалыптастырып отыратын сирек талантына; жылт еткен жаңалықты тани-бағалай алуы және оны рухани айналымға түсiруге ұмтылатын жан сергектiгiне, түйiп айтқанда, Асқаралы Азаматтығына деген зәрулiк.
II
Cыншы Әшімбаевпен таныстығым оның «Сын мұраты» атты жинағынан басталды.
Бұрынғы бір мақалаларымда да жазған едім, тағы қайталауға тура келеді: Жамбыл облысы, Сарысу ауданының орталығы Саудакент (бұрынғы Байқадам) ауылында мықты кітап дүкені болатын. «Сын мұраты» атты форматы шағын жинақты сол дүкеннен, ұмытпасам, 1975 жылдың көктемінде алған едім. Қазақ әдебиеті туралы мазмұнды жинақты сыншының азаматтық позициясы, әдебиетке деген талабы мен талғамы, рухани кеңістігіне қызыға бас алмай оқып шықтым. Ал, сыншы Әшімбаевпен сол жылдың күзінде «Жұлдыз» журналында таныстым. Ол менің енді жаза бастаған кезім еді.
Алғашқы жазған сын мақалам – сол кезде өте танымал болған бір жазушының романы туралы еді. Ол романды дос-құрбыларымның бәрі ауыздарының суы құрып мақтаған-ды, бірақ, маған еш ұнамады. Содан іштей бір қарсылық туды да, романды «оқиғалары жасанды, қызыл сөзі көп» деген сыңайда қатты сынап мақала жазып, «Жұлдыз» журналына жолдадым. Араға шамалы уақыт салып жазушы Тынымбай Нұрмағанбетовтің баспасөзге шыққан екі әңгімесі туралы «Туған ауыл түтіні» атты екінші мақаламды жаздым. Өзімше талдап, мақтап жаздым. Жастайымнан оқырманы болған соң ба, әйтеуір бар білетінім - «Жұлдыз», тағы сонда жолдадым. Екеуі де жарық көрген жоқ, жауап та болған жоқ. Үшінші жазғаным - Саттар Ерубаевтың «Мәңгілік өмір туралы жыр» балладасы туралы эссемді тағы «Жұлдызға» бермекпін. Содан бір күні өзім жүрегім лүпілдеп, Жазушылар Одағына келдім. Журнал үшінші қабатта екен, сын бөлімінде ешкім жоқ, эссемді бір кісі «сындағы жігіттерге беремін» деп алып қалды. Республикалық «Қайнар» баспасына жаңадан жұмысқа тұрған кезім. Ертеңіне жұмыста отырғанымда редакциямыздың меңгерушісі Қыдуар аға Мертенов шырылдаған телефонды көтеріп, амандасқан соң, тұтқаны маған ұсынды. Телефоннан бейтаныс дауыс амандасқаннан соң «Мен Сағат Әшімбаев деген ағаңмын, «Жұлдызға» келіп кете аласың ба?» дегенде, құлап қала жаздадым - өзім шығармашылығын қатты сыйлайтын сыншы өзі телефон соғады деп кім ойлаған.
Содан ертеңіне түске қарай «Жұлдызға» бардым, мен жеткенше түскі үзіліс болып қалды. Үзілістің бітуін күтіп екінші қабаттағы вестибюльде отырдым. Сонда ақын Мұқағали Мақатаевты алғаш және соңғы рет көрдім (бұл бөлек бір әңгіме). Үзіліс аяқталып, Сағат аға келді, журналдың сын бөлімінің меңгерушісі екен. «Эссең ұнады, сонсоң танысайын деп шақырдым» деді. Бірталай әңгімелестік. «Бұл қайдан шыққан бала?» деп ойлады ма, маған көп сұрақ қойды. Жастық дегенді қойсаңшы, мен сартылдап жауап беріп отырмын. Сонда Сағат аға, «Әлия, сенімен танысқаныма қуаныштымын, бізге автор бол. Мына роман туралы рецензия жазып бересің бе?» деді. «Ия». Сонымен романды екі күнде оқып шығып, тез арада сыни сарыны басым рецензия жазып бердім. «Роман ұнамады ма?» деп сұрады рецензияммен танысқан Сағат аға. «Нашар роман» дедім. «Түк ұнамады ма?» Қайталап сұрағаны ұнамай қалды. «Ұнаған тұстарын бас жағында жаздым ғой...» «Жақсы» деді сонда сыншы. Содан көп ұзамай рецензиям журналда жарық көрді. Әбден қысқарған, сыни сарын азайған, дұрысы мәдениленген. Алғашында іштей ренжіңкіреп қалдым, бірақ, тағы екі-үш қайтара оқып едім, бәрі орнында, орнықты сияқты көрінді. Бұл - менің сыншы Әшімбаевтан алған алғашқы сабағым еді...
Сағат аға «Лениншіл жас» газетіне бас редактордың орынбасары қызметіне ауысып кеткенше хабарласып, пікірлесіп тұрдық. Журналдың тағы бірнеше тапсырмасын орындадым - ағаның бір қасиеті – авторлардың материалдарына үлкен жауапкершілікпен қарайтын - жазған рецензия-мақалаларымның бәрі де жарық көрді.
1979 жылы Сағат аға «Жалын» баспасына қызметке келді. Мен сонда жастармен жұмыс және сын редакциясында редактор едім. Абай даңғылындағы Баспалар үйі руханияттың ортасы болған кез. Барлық баспа сонда шоғырланған. Сағат ағаның келуі біздің бәрімізге, әсіресе, жастарға қуаныш болды. Редакция жұмысынан қалт босасақ, небір қызғылықты әңгіме айтылады. Қазақ, одақ, әлем әдебиетіндегі жаңалықтар, жалпы әдеби процесс, қазақ қоғамының өзекті мәселелері. Осы әңгімелердің бәрінде де Сағат ағаның үні, пікірі басым естіледі – ол әлдебір рухани нұр, жылылық таратып тұрар еді. Жылылық демекші, Сағат аға жаны жылы, жүрегі үлкен, өте бауырмал азамат еді. Оған қай-қайсымыз да ойымызды, тіпті проблемаларымызды еркін айтатыныбыз. Ол кездегі басты проблема, әрине, кітап шығару болатын. Сағат аға жастардың кітабын жоспарға енгізу, жастарды пәтермен қамтамасыз ету мәселелерін Одақ секретариатында, ал, жас сыншыларды тәрбиелеу мәселесін сын туралы арнайы пленумда көтергенін білеміз.
Аптаның бес күні Баспалар үйі қыз-қыз қайнап жатса, сенбі, жексенбіде сол маңда, Гагарин даңғылы мен Жамбыл көшесі қиылысында өтетін Кітап базарына жан бітетін. Сол базарға кейде Сағат ағамен, кейде Өтежан ағамен бірге мен де баратын едім. Өзара кітап алмастыратынбыз. Ол базардан кейде Қадыр Мырзалиевті, Әубәкір Нілібаевты көретінбіз. Бір базарда Сағат ағаның маған Ян Парандовскийдің «Алхимия слова», В.Шукшиннің «Я пришел вам дать волю...» кітаптарын сыйлағаны, ал, Г.Маркестің сол кездері қаны жерге тамбай тұрған «Жүз жылғы жылғыздық» романын 25 сомнан түсірмей тұрған бір азаматты шамалы арзандатуға көндіргені есімде. Сағат аға мен Өтежан ағаның жас алшақтығына қарамастан жақсы дос және базардағы кітап саудаласу әдістері мүлдем бөлек болатын.
1980 жылдың алғашқы жартысында ма екен, Сағат аға Бүкілодақтық Авторлар Агенттігінің төрағасы қызметіне тағайындалды, сол жылы маусым айында мен «Қазақ әдебиетіне» жұмысқа шақырылдым. Сыншы Әшімбаевпен газет жұмысына байланысты, Одақтың жиын-пленумдарында, сын кеңесінің отырыстарында пікірлесіп жүрдік. Сағат аға сол кездесулердің өзінде жаңа, жақсы кітап немесе баспасөзде шыққан жақсы мақала туралы ойларын ортаға салатын. Жақсы дүниеге қуанып, қуанышын бөлісетін.
Бір жолы Сағат аға үйіне қонаққа шақырғаны бар. Белгілі жазушы, «Қазақ әдебиеті» газетіндегі әріптес Дидаш, Дидахмет Әшімханұлы екеуміз ағаның аяулы жары, белгілі жазушы, журналист Шәрбану апайдың берекелі дастарханынан дәм таттық. Аға ер жетіп қалған ұлдарымен таныстырды. Қонақ бөлменің бір қабырғасын тұтас алып тұрған бай кітапханасын тамашаладық. Сондай бір әдемі отырыс, сол кештегі ақжарқын көңіл, біздерге деген құрмет, құнарлы әңгімеге көңіліміз байып қайтқанбыз. Жалпы Сағат аға адамды сыйлауға, білімдіні қадірлеуге келгенде бөлекше болатын. Білімнің, зиялы білімнің қоғамды өзгертетініне сенетін. Шығармашылығында әдеби үдеріс, жаңа шығармалар, жекелеген қаламгерлермен қатар әдебиеттегі жауапкершілік, әдебиеттің қоғам келбетін түзудегі роліне ерекше мән беретін. Ол қай мақала, қай кітабында да сыншының жауапкершілігін ғана емес, жалпы қоғамдағы жауапкершілік мәселесін жоғары қоятын.
1985 жылы қыркүйек айында Әдебиет сыншылары Халықаралық ассоциациясының (ӘСХА-МАЛК) Алматыда өткен ІХ конгресі қарсаңында Сағат ағамен сұхбат жасаған едім. Ол «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған сол үлкен сұхбатымызға «Сын – жауапкершілік немесе бәріне жауап берушілік» деген тақырып ұсынған-ды. Сыншының танымында, әдебиет, оның ішінде әдеби сын асқаралы міндеттерге қызмет етуі міндет. Көкейкесті мәселелер сөз болған сол сұхбатта Сағат аға айтқан ой-пікірлерден бірер үзінді келтірелік:
«...тобырға тән тоғышарлық психологиядан жоғары тұрудың бір шарты – өз уақытыңның қоғамдық-әлеуметтік проблемаларын шешуге азаматтық санамен атсалысуыңнан көрінеді. Ал, бұл атсалысу ешқандай да абстрактылы ұғым емес. Әрқайсымыздың өз орнымызда, өз шама-шарқымызға қарай қоғамдық, ұлттық, адамгершілік мүдделерге барынша адалдықпен шынайы қызмет етуіміз – сол атсалысудың бір түрі боп саналады. Осы шынайы қызмет ету, яғни аталған мүдделерге деген адалдықтың өзі айналып келгенде біздің бойымыздағы мемлекеттік жауапкершілік сезімнің нақтылы көрінісі болып та табылады.»
Бұл үзінділерден сыншы Әшімбаевтың мемлекет әдебиетке ерекше маңыз беріп, жазушы қауымын ерекше құрмет тұтқан сол кезеңде, яғни осыдан отыз екі жыл бұрын айтқан ой-пікірлері тап бүгінде де өзектілігін еш жоймағанын көреміз.
Сыншы Әшімбаевтың «адамдар бойындағы мемлекеттік мүддеге деген шынайы жауапкершілік сезімді тәрбиелеу...» таланты ол 1986 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Қазақ КСР Телевизия және радиохабарын тарату жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы болып қызмет істеген жылдары да айқын танылды. Ұлттық телеарнаның жаңаша стратегиясын қалыптастыруға барынша күш салып, ұлт үшін маңызды істер жасауға ұмтылған сыншының «Парыз бен қарыз» бағдарламасының да орны ерекше. Осы бағдарламаның бір хабарына Сағат ағаның шақыруымен менің де қатысқаным бар. Азаматтық болмысы, ел алдындағы жауапкершілігі өте жоғары Әшімбаевтың 1986 жылғы Желтоқсан кезіндегі батылдығы, қайраткерлігіне; жалпы бүкіл шығармашылығы халықтың ұлт болуы жолында үлес қосқанына қалың жұртшылық куә.
Сағат ағамен соңғы сұхбаттарымыздың бірі көрнекті жазушы-драматург Асқар Сүлейменовтің М.Әуезов атындағы академиялық драма театры сахнасында режиссер Әубәкір Рахимов қойған «Төрт тақта – жайнамаз» спектаклі туралы болды. Сағат аға, театртанушы Әшірбек Сығай үшеуміздің «Иман жоқ болса...» атты сұхбатымыз 1989 жылдың күзінде «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланды. Театр өнері туралы да бірталай қалам тартқан, «Қан мен тер», әсіресе, атақты актер Н.Жантөрин Мольер ролін сомдаған «Жендеттер» спектаклі туралы керемет мақала жазған Әшімбаев Асекең, Асқар Сүлейменов шығармашылығын да жоғары бағалады.
Шығармашылық жолдың қай-қайсысы да оңай емес. Дей тұрғанда сыншы шығармашылығы ерекше жауапкершілікті, біліктілікті, көл-көсір білім, талдау мен жинақтау, концептуалды көзқарас, терең дүниетанымды, құрылымдық ойлам талантын қажет етеді. Сын – әдебиеттің ой-санасы, деген қағидадан келгенде, сыншы Сағат Әшімбаев шығармашылығы әдебиетіміздің кеңістігін кеңейткен, ой-идеяларын өзектендіре түскен жасампаз шығармашылық. Мұндай сыншы, бір есептен, әдебиеттің бақыты. Әдебиет сөзін және әдебиет арқылы елдің сөзін сөйлеп өткен сыншы, қоғам және мемлекет қайраткері, мен үшін қадірлі ұстаз Сағат Әшімбаевтың жарқын бейнесі қашан да руханият көгімізде жарқырап тұрады.
Бөлісу: