“Үстімде сұр шинелім...» немесе жазушы Қалмұқан Исабаев туралы естелік
Бөлісу:
Қаламдас ағаларымның арасынан майдангерлерді – кешегі Екінші дүниежүзілік соғыстың алғашқы күнінен ақырғы сағатына дейін қатысып, отбасына, ортамызға Жеңіспен оралған жауынгер-қаламгерлерді көрген сайын есіме өзі де от кешкен жалынды ақын Қасым Аманжоловтың:
«Үстімде сұр шинелім,
Ақсаңдай басып келемін...», – деп басталатын өлеңі оралады да, ол ағалардың әскери шені старшина ма, полковник пе, бәрі де төрт жылғы сұрапыл соғыстың нышаны болған солдаттық сұр шинелді киіп келе жатқан сияқтанады. Өкінішке қарай, саны жыл санап сиреп, көзі тірілеріне «қарға адым жер мұң болып» қалды. Жазушылар одағында өткізіліп жататын жиын-жиналыстарға барған сайын мәжіліс залының табалдырығынан аттап кіре кідіріп, алдыңғы орындықтарға көз жіберіп, «үстімде сұр шинелімділерді» іздеймін. Қатар түзеп, иық түйістіре жарасып отыратын сол ағалардың бүгінде бос тұрған орындары көңілімді қаңыратады, өз еркіммен барып отырудан тартына беремін, құқым жоқ сияқтанады. Осы пікірімді бірде қарт жазушы Қалмұқан аға Исабаевқа телефон арқылы айттым. Қалекең үйінен шығуы тиылғалы бір жыл болған майдангер екі-үш ағамыздың бірі еді. Жазушылар одағындағы бір мерейтой туралы мағлұмат бергім келген.
– Ай, Ғаббас, қайталап қаттырақ айтшы! Менің аяғым мен құлағым ымыраласып алып, екеуі де кері кете бастады, қызық, ей! – деді, әдетінше сөзін күле аяқтап. Ескертуін екі етпей орындадым.
– Ә, түсіндім, түсіндім. Мәселе құқықта емес, сенің шал болғың келмейді, шалдардың орнына отырғың келмейді, мәселе сонда! – деп балаша мәз бола күлді. Қалекең қалжыңқұмар жан еді ғой. Күлкілі жәйтті тыңдағанды жақсы көргеніндей, өзі де қисынын келістіріп айтатын. Әншейінде байсалды қоңыр үнді кісі болса да, күлген сәтінде дауысы жіңішкеріп: «Е, иә, иә, қызық, ей, е, иә...» дейтін. Өмірінің соңғы үш айында жарасымды күлкісін ести алмадым: «аяғымен ымыраласқан құлағы» аяғынан «озып кетіп» естуді қойған.
2015 жылдың тамыз айында 90 жасын тойлап, төрт айдан соң бақиға аттанып кете барған Қалекеңнің бізге, ертеңгі ұрпаққа қандай кітаптар қалдырғанын көзі қарақты қазақ біледі. Төрт жылғы жорық жолында, Германияның Ильменауында комендант болғанында, әйгілі Ертіс-Қарағанды каналының құрылысшылары қауымында үлкен істің басынан аяғына дейін жүргенінде көріп-білгендері туралы тартымды, деректі хикаяттар, романдар жазды.
Қалекеңнің кейін Ильменаудағы Гете мұражайына арнап Гете-Лермонтов-Абай үшеуіне ортақ «Қараңғы түнде тау қалғып» атты өлеңнің қазақшасын ойдырып жазған ескерткіш тақта апарып, Абайдың өзі аударған сол өлеңге шығарған әнінің магнитофон таспасына түсірілгенін нотасымен қоса сыйлағаны азаматқа жарасқан ерекше жаңалық болды. Қала тұрғындары, келіп-кетіп жататын меймандар мұражайда болып, Абай әнін ұйып тыңдайтын көрінеді.
Іскер, ілтипатты, қарымды Қалекеңнің Берлин көшелерінің біріне Абай атын, ал Семейдің бір көшесіне Гете атын қойдырған еңбегі ой көзі ояу қазақты да, немісті де тәнті еткен танымды оқиға болғаны баршаға аян.
Қаламгер Қалекең сонау тың және тыңайған жер игеру кезінде шовинистердің қара қанжарлы атаман Ермакқа Павлодарда орнатқан дәу ескерткішін құлатуға бастамашы, қадағалаушы болғаны мәлім. Ол жолғы күресі туралы өзі де, жергілікті журналшы-жазушылар да деректі мақала жазған. Жақында бір газеттен (қайсысы екені есімде қалмапты) біреудің (өкінішке қарай, кім екеніне мән бермеппін) сол қарақшының ескерткішін өзі құлаттырғаны жайында шоқтықтана жазғанын оқып, Семей атом полигонына қарсы күрес туын жанпидалықпен көтерген Кешірім Бозтаевтың аруағынан аттап кеткен атаққұмар ақкөздер тобы есіме түсіп, «ерікті ауызға бөрікті бас» қана емес, есек арба сиып кете беретін заманда еріксіз таңданбас ешбір ерсілік қалмауға айналғанына іштей тағы бір тіксіндім.
Баукеңнің – Бауыржан Момышұлының «Найзадан қол босаса, қалам алдым» дегеніндей, Қалекеңнің коменданттығы, басқа да әскери қызметі 1954 жылдың күзіне дейін қолына қалам алдырмады. Әйткенмен әдебиетке, шығармашылыққа құмарлық-құштарлығы көкейінде көктеп жүрсе керек, елге оралысымен «Баян» атты әңгіме болып гүл жарды. «Жұлдыз» журналында жарияланған ол туындысын оқырман қауым, әдеби сын жылы қабылдап, бұлақтың көзі ашылды да, очерк пен әңгіме, күнделік пен естелік, хикаят пен роман көші түзілді. «Қолымды мезгілінен кеш сермедімді» ескерген, сезінген Қалекең өндіре жазып, өмір-тірлік өрісін өкінбестей танып-түйсініп, тіпті қазу-салу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқан «Ертіс-Қарағанды» каналы құрылысшыларымен 500 шақырымды бірге жүріп, «жаяу жазушы» атанды да. «Бір күні кешкісін сол жолдың бір бөлігінде басқалардан оза оңаша кетіп, қасқырларға жем бола жаздапты» дегенді де естідік. Соның анық-танығын өзінен сұрағанымда Қалекең қолын сілтей күліп: «И-и-и шікі-і-ін, бұ қазақ енді қасқырға жала жабатын болды-ау!» деді.
Талабы сан тармақты Қалекең мұрағаттан да мұрат тауып, арыда атақты Шоң би, Айқыз өмірлерінен роман жазса, беріде ғұлама Қаныш Сәтбаев хақындағы көлемді зерттеу еңбегі де жоғары бағаланды.
Халық Батыры Баукеңнің: «Соғыс туралы шындықты... тіпті мына біздер, соғысқа қатысушылар да, оны түбегейлі, ұңғыл-шұңғылына дейін біле бермейміз. Соғыс хақындағы шындықты табу өте қиын, ал оны жинақтау, қорыту одан да күрделі. Соғыс туралы ақиқатқа жету – өте үлкен мәселе», деген сөзі бар екен. 1944 жылы қаңтарда майданнан Алматыға келіп қайтқан жолы болашақ Ғылым академиямызда болған кездесуде айтыпты. Ол кездесуге Қаныш ағамыз бастаған ғалымдар, Мұхтар ағамыз бас болған жазушылар қатысыпты. Қалекең бірде сол тарихи оқиға туралы әңгімеледі де:
– Саған бір өтінішім болғалы тұр, орындайсың ба, тек тура айт! –деді, әзіл-шынын айырғысыз дауыспен. Мен еркелене қалжыңдаса беретін әдетіммен:
– Ильменауда қалған жеңгелеріміздің біріне қазы-қарта апарып келу керек болса да, орындаймын! – дедім.
– Әй, сен бар ғой, – деп күліп алды да, жазбақ кітабына қажет екі жәйтті атап: – Ресей мұрағатынан әлгі сұмырай Мирзоянның Сталинге, Саяси бюроға жазған хаттарының көшірмелерін алғаныңды әнеукүні айттың ғой, сол жолыңмен тағы бір рет жүріп өтерсің, – деді.
Иә, «сол жолыммен» жүріп өтіп, Қалекеңе мына екі жауапты табыс еттім (қысқа нұсқасы):
*СОКП Орталық комитетінің 1-хатшысы Н.С.Хрущевтың тапсыруы бойынша 1955 жылы жүргізілген ресми тексеру нәтижесінде мыналар анықталған: 1921-1954 жылдар аралығында саяси айыппен жиыны 3.777.380 адам тұтқындалып, одан 642.980 адам атылған. Лагерьлерде 2.369.220 адам қалған, 765. 180 адам жер аударылған. «Халық жауы» ретінде тұтқындалғандар саны – 1.344.923 адам, одан атылғаны – 681.692 адам.
Бұл ақпаратты: КСРО Бас прокуроры Руденко, Ішкі істер министрі Круглов, Заң министрі Горшенин растаған.
*1941-1945 жылдардағы соғыс жайын жан-жақты зерттеп, нақты деректерді жинаған Ресей Қорғаныс министрлігінің компьютерлік банк орталығы мынадай мағлұмат берді:
КСРО Армиясы мен флотының майдандағы шығыны - 6,1 млн. адам;
Фашистердің тұтқынында қаза болғандары - 2,5 млн.;
Фашистер басып алған жерлерде өлтірілгендер - 17, 6 млн.
Яғни КСРО шығыны - 26, 2 млн.
Германияның жалпы шығыны - 7, 2 млн.
АҚШ, Англия, Франция, Жапония және басқалардың жалпы шығыны - 1 млн. адам шамасы.
Демек, 1941-1945 жылдардағы соғыс құрбанының жалпы саны - 34,4 миллион адам.
Осы мағлұматтарды алған күннің ертеңінде Қалекең телефон соғып:
– Ғаббас-жан, ей, әлгі сұмырай Солженицынның «Совет Одағының билік жүйесі, Сталин 110 миллион адамды қырды» дегенін оқығанда «есектің миын жеген жәдігөй!» деп күле салып едім, одан кейін алаяқ Хрущев ХХ съезде: «Сталин 10 миллион адамды «халық жауы» деп жазықсыз құрбан қылды!» деді, құдай-ау, бәрі өтірік екен ғой?! – деп таңданды.
– Қалеке, көп кешікпей Сталин мен Гитлердің орындарын алмастырған оттауизм басталады, тоса тұрайық, - деп едім, Қалекең:
– Қой, құрысын! Ондайды айтпа, құрысын! – деді, дауысы бұзылып...
Арының ғана сөзін айтатын тарихшылардың (ресейлік) зерттеу еңбектеріндегі деректер былай деген: руденколардың цифрлары алдына барғанда Хрущев жоқ шашын жұла жаздап, ақырып-бақырып, лақтырып тастап, «құпия баяндамасына» аузына келген 10 миллионды жаза салыпты. Одан бұрында өздерінше есептеп, 5 миллион деген Волкогонов, Медведев сияқты «қасқалар» жолда қалып, Хрущевтан кейін: Антонов-Овсеенко, Феофанов сияқты «басқалар» 16-20 миллионға жеткізіпті. Ал Кириллов деген бір «тарихшы ғалым»: «Гитлер 20 миллион адамды құртса, Сталин 40 миллион адамды құртты» деп лағыпты. Алайда, ол пәлеқорлардың өкінішіне қарай, ешқайсысы еврей-выкрест Исаакийдің (басқа дінге кіріп Исай болғанның) баласы А. Солженицынның «рекордын» жаңарта алмаған...
Әдеби қазынамызға қыруар үлес қосып жүрген Қалекеңнің «мен сөйттімділегенін» көрген де, естіген де емеспін. Себебі ол қарапайым болды. Ал қарапайымдылық пен кішіпейілділік «ағайынды» ғой, Қалекеңнің табиғи ол қырларына жазушылар мен журналшыларымыз қанық дей аламын. Әрқашан көңілді жүретін ағамен Жазушылар одағы құзырында он шақты жыл қызметтес болғанымда оның әзіл-қалжыңға ерекше құмар жан екенін де көрдім. Бірер мысал келтірейін.
– Анау Қалмұқан да бір Мырқымбай екен, – деді бірде партизан жазушы Қасым Қайсенов. «Мырқымбай» оның Би-ағаңның, Бейімбет Майлиннің, әңгімесінен «жекешелендіріп алған» сөз сыралғысы еді.
– Иә, қалайша? – дедім.
Ол былайша екен: Қаскең бірде Жазушылар одағына барып, оны-мұны шаруасын реттеп, үйіне қайтуға шықса, есік алдында бірнеше ақын-жазушы тұр екен. Араларындағы Қалекең: «Қаске, мені ала кетсеңіз қайтеді?» – дейді. «Мәшініме сисаң, жүр», – дейді Қаскең, шағын денелі інісін қағытып. Екеуі аутомәшінге отырып, жылжып кетеді. Ауладан көшеге шығатын тұсқа жете бере Қалекең: «Тоқтаңызшы, тоқтаңызшы!» – дейді де, тоқтаған мәшіннен абың-күбің түсіп, кейін жүгіре жөнеледі. Аңыраған Қаскең соңынан қарап қала береді. Қалекең есік алдында тұрған жаңағы жігіттерге барып, бәрімен қол алысып, қайтып келеді. «О не, не болды?» – дейді ағасы, салқын сөйлеп. «Үйбай-ау, Қаске-ау, сіздің мәшініңізге отырдым ғой, анау жолдастарымды енді аман-есен көре алам ба, жоқ па, қоштасып келдім», – депті. Екеуі ішек-сілелері қата күліпті.
Қалжыңбас Қалекеңнің олайша «мырқымбайланғанына» себеп бар-ды. Содан екі ай шамасы бұрын Қаскең үлкен ұлы екеуі «ГАЗ-69» аутомәшінімен Талғар тауын жолсыз тұспен қиялап келе жатады да, он шақты метр биікте мәшіні аударылып кетіп, бірнеше аунап, етекке бір-ақ түседі. Әйтеуір, екеуі де мертіккеннен аман болып, Талғардың ауруханасында бір апта емделіп шыққан. Қалекең соны меңзеген ғой.
«Ертіс-Қарағанды» каналы туралы «Арман арнасымен» деп жазған күнделік-кітабының қолжазбасын баспаға алып барған Қалекеңе әзілі жарасып жүрген інілерінің бірі, бөлім редакторы: «Ағасы-ау, қолжазбаңыз тым қалың екен, су көп-ау, ә?» – дегенде Қалекең: «Сен қызықсың, ей! Канал туралы кітапта судан басқа не болуы мүмкін?» – депті.
1990 жылы, мамыр айының 19-20-күндерінің бірінде болар, Қалекеңнің үйіндегі жеңгеміз Зәпекең телефон шалып:
– Ғабеке, бағана мына ағаң бар ғой, айырылысып кетуге болатын қылық жасады», – деді.
Түсінбедім. «Қылығы» не? «Айырылысып кетуге болатыны» не? Зәкең жауабымды күтпеді, сөзін жалғады:
– Бағана, түскі шайдан кейін, ағаң: «Зәке, берірек отыршы, саған балалар жоқ оңашада айтар бір сөзім бар еді, – деді, күмілжіп сөйлеп. Қарасам, өңі де біртүрлі, өзгеріп кеткен. Маған тура қарамайды, үстелді шұқылап отыр. Не дерімді білмедім. Жақындап отырдым. Ағаң басын бір сипап алып, тұқырған күйінде: «Айтайын деп ойланғалы көп болды... батылым жетпей жүрді... енді айтпауға мұршам жоқ, тек сен, Зәке, сабыр сақтап тыңда, жарай ма?» – деді де, адамның өмірі, тағдыры, өзінің соғыста ажалдан аман қалғаны, отбасымыз жайында біраз айтып, ауыр күрсініп қойып, махаббат туралы айта бастады, екеуіміздің қалай қосылғанымызды есіне алды, махаббаттың да тағдырға байланысты екенінен мысал келтіріп, өзінің ойда жоқта, бұдан төрт жыл бұрын бір әйелмен қатынас жасап қалғанын, әнеукүні онымен осында, орталық алаңда оқыс кездескенін, үш жаста ұл баласы барын айтып: «Зәке, кешір, кешіре гөр, мынау сол ұлым екеуіміздің сонда түскен суретіміз еді», деп, бір суретті алдыма қойып, тұрып кетті. Есім шығып, үндей алмай отыр едім, фотоға еріксіз қарасам «Әзиз! Құдай-ау, мынау өзіміздің Әзиз ғой! Ғаббас пен Заданың Әзизі ғой?!» деп ағаңа жалт қарасам, диванның алдында қыстығып күліп тұр екен, қарқылдап күліп, диванға құлай кетіп: «Қап! Сені алдап, бір қатырайын деп едім, болмай қалғанын қарашы!» – деді.
Ол суреттің мынадай тарихы бар. Жеңістің 35 жылдығы қарсаңында отставкадағы майдангер Қалекеңнің әскери шені өсіріліп, майор болған. Сол 1980 жылы 9-мамырда үш жастағы Әзизімді әскери шеруді көрсетуге ертіп барғанмын. Шеруден кейін алаңды аралап жүріп, майор Қалекеңе кездестік. Әзиз атасына сәлем берді. Мен мерекемен, жаңа шенімен құттықтап: «Генерал болуыңызды күтеміз!» дедім. Қалекең: «Маған осы да жетеді, ал мен мына жігітіміздің бейбіт өмір генералы болуын тілеймін!» – деп, Әзизді көтеріп алып, бетінен сүйді. Жарты сағат мөлшері бірге қыдырыстадық. Қолымда фотоаппаратым бар еді, Қалекең мен Әзизді екі-үш жерде суретке бірге түсірдім. Сондағы суреттердің ең тәуір шыққанын Жазушылар одағында бір аптадан кейін болған бір жиында Қалекеңе сыйлағанмын. Аралас-құралас болып жүрген жеңгеміз Әзизді танып қойып, Қалекеңнің «0:1 есебімен жеңіліп қалғаны» ғой.
«Қалмұқан былай деген екен», «Қалекеңнің бір қалжыңы былай еді» деп, ақкөңіл ағаекеміздің көзі тірісінде-ақ айтылған әзіл, мысқыл аз емес. Өзі айтқанды өзгеден естігенінде тақыр басын бір сипап қойып, қой көзі күлімдеп, жылы жымиып отыратын. Кейде ернін жорта қомпайтып: «Жо-жо-о-оқ, олай емес, былай болатын» деп, қалжыңының «түпнұсқасын» қайталайтын. Сол сәті де сағыныштың сағымына айнала бастады-ау!..
Үстімде сұр шинелім,
Ақсаңдай басып келемін...
Ұмытса да достарым,
Ұмытар ма мені елім?!
Ұмытылмасқа жаралғандар ешқашан ұмытылмайды! Сол санаттағы Қалекеңнің де екінші өмір жолы ешқашан тұйықталмайды!
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ, жазушы
Бөлісу: