Сәдібек Түгел: Алты бура асуындағы насыбай жарысы
Бөлісу:
Повесть
1-бөлім.
ЖАЗҒЫ КАНИКУЛ. Менің КЕҢЕС ағаны тосуым.
1967 жылғы маусым айының 15 жұлдызы. Бүгін мен туған ауылымда жазғы демалыстамын. Тұп-тура төрт күн бұрын Аманкелді сегіз жылдық мектебінің 5-ші сыныбын бітірдім. Өткен оқу жылын өте нәтижелі аяқтадым. Барлық пәндерден 4 пен 5 деген жоғары бағаларға қол жеткіздім. Сонымен қатар ауыл, мектеп өміріне арналған хабарларым, мақалаларым аудандық "Өркен" – "Расцвет" газеттерінде жиі-жиі жарияланып тұрды. Басылым ұжымының аудан өмірін жан-жақты көрсететін өткір мақала, очерк, репортаждарға арналған шығармашылық бәйгесінде бағым жанып, Ұлан ауданының үздік жас тілшісі атағын иелендім, аудандық комсомол комитетінің Құрмет Грамотасымен марапатталдым. Бұл грамотаны маған мектеп директоры Нәби Қалиев оқу жылының қорытындысына арналған салтанатты жиналыста табыс етті. Шынымды айтсам, осы ерекше оқиға бала көңілімді шалқытып, мерейімді өсірді, қанат бітірді. Шығармашылық жолды таңдауыма бірден-бір себеп болды.
Шіркін, әкенің көңіліне не жетсін! Мақтау қағазыма төбесі көкке жеткендей болып қуанған әкем Түгел бүкіл ауылды аралап шығып, ертеңінде көрші-қолаңға той жасады.
Той үстінде маған байланысты тағы бір жылы хабар келді. Оны бізге пошташы Сағымбай ата жеткізді.
Ол: "Кеше аудан орталығы Никитинка селосынан келдім. Онда өзіміздің Кеңесті жолықтырдым. Үйінде болдым. Сәдібектің шығармашылық бәйгеде жеңіп шыққанына көңілі марқайып, мақтанып жүр екен. Бәріңе сәлем айтты. Өзі азық-түлік таситын су жаңа мәшине алыпты. Құдай қаласа екі-үш күнде келеді. Жайлауды араламақшы. Сәдібекті қасына ертіп аламын, – деді".
Кеңес аға – үлкеніміз. Үлкен болғанда – біздер ұлдар үшін нағыз авторитеттің өзі. Оны тек біз емес,бүкіл ауыл-аймақ сыйлайды. Мінезі ашық. Бауырмал. Әрқашан күліп жүреді. Мерекелердің көркі. Гармон тартып, ән салады. Оның үстіне жұдырықтасу және самбо өнерінің қыр-сырын толық меңгерген, жауынгер-десантник.
Атақты Рязан әскери десант дивизиясында 3-жыл қызметін абыроймен атқарды. Бір сөзбен айтқанда азаматтың-азаматы, жігіттің сұлтаны. Үйленгеннен бері аудан орталығында тұрады.
Сонымен мен Кеңес ағаны асыға күтудемін. Бүгін үшінші күн – Қасымханның қасқа жолындай бәйге төбеден асып жатқан қара жолға қарай берем, қарай беремін. Машина дүрілі естілсе болды, далаға ытқып шығамын.
Сыртқа шыққан сайын Есір өзенін бойлай қоныстанған ауылыма көз саламын.
Біздің үйдің басқалардан бір ерекшелігі – өрде тұр. Сақан апамның айтуынша, әкем үйді таудың нақ биігіне жылқыларды көздеу үшін салған. Шын мәнінде біздің үйдің алдынан төңірек тегіс көрінеді. Оған кеше, бүгін көзім әбден жетті.
Әр жылдың төрт мезгіліне табиғаты сәйкес келетін біздің өңір, біздің ауыл. Ол – Өр Алтайдың, Асқар Алтайдың Қалба тауларын өрлей қоныстанған Ұлан ауданына қарасты Сатый ауылы. Төрткүл дүниеде мен үшін мұндай жер жаннаты жоқ.
Алтын күзде диқандар көктемде егіп, жаз бойы маңдай терін аямай төгіп өсірген мол егінді орып, қырманнан өткізіп, қамбаға құйып алу қамымен тыным таппайды, дайындалған жем-шөпті, отын-көмірді ысырапсыз үйді-үйге, қыстаққа жеткізіп алудың өзі қыруар шаруа. Жаз жайлауынан малын семірткен малшылар ойға түседі. Бәйге төбеде сабан той өткізіледі. Онда әкем Түгелдің бастауымен ұлттық спорт түрлері бәйгеден, күрестен жарыстар өткізіледі.
Кеште алтыбақан тербеліп, ақсүйек ойналады. Жастардың отау тігіп, шаңырақ көтерген үйлену тойлары да осы алтын күзде өте жиі өтетін.
Қыс қарлы болады. Кей жылдары көп үйлерді қар басып қалатын. Боранның күштілігі сондай, қатар келе жатқан адамдар бірін-бірі көре алмайды.
Балалар үшін қыстың қызығы - шаңғы мен шана. Таудан шаңғымен ылди-төмен зымырағанда керемет күй кешесің. Денең сергиді, көңілің көтеріледі. Қыста ауыл кеші әрдайым әсерлі, өз қызығы өзінде. Соғым сойылып, ауыл үй бір-бірін шекеге, омыртқаға, уызға кезектесіп шақырып, думандатып жатқаны.
Наурыз келісімен көктем лебі жетеді. Қар еріп, күн жыли бастайды. Қыс бойы қорада, қолда болған малдар өріске бет түзейді. Дала төсінде сүтке тойған құлын-тайлар, қозы-лақтар ойнақ салады.
Ең бір ғажайып көрініс – Есір өзенінің арнасынан шығып тасуы!
Жаз айларына келетін болсақ - мен үшін маусым айының орыны ерекше. Біріншіден, каникулда боласың. Екіншіден атқа мініп, асау үйретесің. Даладан бүлдірген теріп, тау басынан бүркіт балапанын алуға барасың.
Үшіншіден, жер-ана бусанып, кең дала көкке оранады. Міне, қанша қарасам көзім тоймайды. Алқаптағы бидай, қаулап өскен жоңышқа шөптер, жапырақтары жайылған қайың, тоғайлар төңіректі нұрландырып, құлпыртып тұр.
Сайраған сансыз құстар, өзендегі шолпылдаған аққайраң мен қойтан балықтар қандай десеңізші! Міне, мен бүгін Кеңес ағамды тосып, жолға қарап табиғаттың осы бір таңғажайып көріністеріне бала көңілмен қызыға қарап тұрмын. Қиялым қияға самсап, аталарымыздың қан кешіп жүріп, осынау Ұлы даланы, қасиетті туған жерді аман-есен сақтап қалғанына бала көңіліммен шүкіршілік етіп тұрмын.
Олар бұл қасиетті жерді біздерге аманат ретінде қалдырды. Енді біздің міндет осы жерді көздің қарашығындай қорғау деген ой ұшқыны баурап алған. Осы сәттегі Бәтима тәтемнің: – "Қараңдаршы шаң көрінді, осы Кеңес болар" – деген сөзі мені ой құшағынан шығарды.
Ия, бұл келе жатқан менің ағам – Кеңес! Қасқа жолмен бейне бір, көк теңіздегі ақ кемедей жалт-жұлт етіп, ақ машинасымен үйге қарай зымырап келеді. Машина келіп, есік алдына тоқтағанға дейін дегбірім кетіп, тағатсыздана тосып тұрмын. Тек мен ғана емес, ағаның келетінін естіп, үй алдына жиналған барлық ауылдастар да асыға күтуде.
Кеңес аға кабинадан жүзі жарқырап, нұрланып түсті. Алдымен үлкендерге сәлемдесті. Сосын бүкіл балалармен амандасты. Жаңа машинасымен жиналған жұртты таныстырды. Сақан апам шашу шашты. Біздер, балалар шашудың кәмпиттерін теріп, бір жағында қазақша "Автодүкен", екінші жағында орысша "Автолавка" – деген жазуы бар ағамыздың жаңа машинасына тамсанып, айнала қарап жүрміз.
2- БӨЛІМ
КЕҢЕС АҒАМЕН САНДЫҚТАС ЖАЙЛАУЫНА АТТАНУ.
АҒАНЫҢ СҮЙІКТІСІ АЛЕВТИНА МИХАЙЛОВНАМЕН ТАНЫСУ.
Бала бақытты болса, әке бай болады. Бағанадан бері ұлының су жаңа машинасына және ауылдастарының құттықтауына көңілі толып, марқайып тұрған әкем Түгел:
– Алмас қылыш қын түбінде жатпайды. Аудан бойы бірінші, облыс бойынша алғашқылардың бірі болып жаңа көлікке ие болуы жайдан-жай емес. Бұл біздің Кеңестің орыстардан кем болмағаны, соларға өзін сыйлата білгені. Темір тұлпарың құтты болсын, игілігін көр, – деп Кеңесті құшағына алып, маңдайынан искеді.
– Екі-үш күн бұрын келуші едім, әке. Мына қазақша "Автодүкен" – деген сөзді жаздыру үшін бюрократтармен айқасуға тура келді. Таза қазақ ауданында тұрамыз, тек орысша жазылуы ыңғайсыз ғой. Бәрібір, шенеуніктерге бой бермедім. Қазақша сөзді жаздырттым, – деді Кеңес аға әкеме қарап.
– Дұрыс, Кеңес, алған бетіңнен қайтпа. Туған тілімізді сақтауымыз керек. Әйтпесе ұлы тіліміз жоғалып барады ғой.
– Әке алғашқы сапарымның мақсаты – Сандықтас жайлауына бару. Малшыларды азық-түлікпен, киім-кешекпен, ұнмен қамтамасыз ету. Сол үшін бүгін Өскемен қаласына түсемін. Тауарларды тиеп, қайта өрге шығамын. Алдымен Ертуған ағаның жолымен жүріп өтсем деп ойлаймын. Әке рұқсат етсеңіз, Сәдібек маған серік болсын, деген ағама әкем келіскен сыңаймен бас изеп, соңынан "Алла жол амандығын берсін, інің ел араласа ысылады, шыңдалады, сапарларың сәтті болсын" – деп батасын берді.
...Әкемнің бір кіндіктен тараған Жамал, Сақан атты екі апайы, Бәтима деген қарындасы және Түкі есімді інісі бар. Ал, Ертуған аға әкемнің әкесі, яғни Құмар атаның екінші әйелінен туған. Бірақ ол бала жасынан әкемнің қолында өсіп, тәрбиесін алған. Ертуған аға өз кезегінде Кеңес ағаны тәрбиелеп өсірген.
– "Марқұм, Ертуған десе Ертуған еді ғой. Жарқылдаған семсерім, қайтпас-қайсар өжетім болатын. Әттең жарық дүниемен ерте қоштасты. Ерлігі қандай?! Ұлы Отан соғысы. Мәскеу түбіндегі шайқас. Совет Одағының Батыры, жерлесіміз Төлеген Тоқтаров ерлік жасап майдан алаңында жалғыз қалады. Ауыр жараланады. Сонда қарша бораған оқтың астынан Төлегенді алып шыққан Ертуған ағамыз екен. Оның жүрек жұтқан ерлігі бір төбе де, азаматтығы, жігіттігі бір бөлек болатын. Ол туралы жеке естелік әңгіме жазса да болар еді..." – деп әкем әңгімесін аяқтады.
Сонымен, менің қуанышымда шек жоқ. Үйге бір кіріп, бір шығамын. Қалаға да, жайлауға да баратын болдым. Өскеменге малшыларға қажетті азық-түлік алу үшін, ал атақты Сандықтас жайлауына сол заттарды тарату үшін барамыз. 12 жасар балаға бұдан артық қуаныш бола ма?! Анамыз Мәрия даярлаған асты тездетіп ішіп жолға шықтық. Сатый ауылы мен Өскеменнің арасындағы 40 шақырымды артқа тастап, түс ауа межелі жерге, Өскемен қаласындағы Красина поселкесіне жеттік. "База облпотребсоюза" деген жазуы бар жерде ығы-жығы машина. Аға бірден қоймаға қарай аяңдады. Жарты сағаттай уақыттан кейін келген Кеңес аға:
– Сәдібек, алдымызда жүк тиюге кезекте 23 мәшине тұр. Әрқайсысын тиеуге 1 сағаттан кеткенде екі күн тосуымыз қажет. Бұл біздің жоспарға мүлдем сәйкес келмейді. Уәде бойынша ертеңнен қалмай Сандықтаста болуымыз керек. Үлгермесек өрдегі бауырларымыздан ұят болады. Сондықтан мен "бесінші скоросты" қосамын. Сол үшін орталыққа барамын. Біраз кешігуім мүмкін. Сен әбіржімей мені тос. Оқы, – деп қолыма 5-6 "За рулем" журналын ұстатты. Мәшинаның кілті орнында, – деді де такси ұстап Кеңес ағам шұғыл жүріп кетті. Автодүкеннің кабинасынан байқап отырмын, машиналарға тауарлар тиеу өте баяу жүргізілуде. Жүргізушілер тоқталып тұрған жерде: – "Потребсоюзда тәртіп жоқ. Тоса-тоса тозатын болдық қой" – деген реніш сөздер естіледі. Шынында біз келгеннен бері бір жарым сағат уақыт өтседе, азық-түлік автодүкендерінің кезегі алға жылжыйтын емес. Бүгін, үлгермесек, қай үйге барып қонуды да ойлаудамын.
– Где автолавка Уланского района? Ребята, помогите найти машину Тугелова? – деп бір топ шоферлар қасына еңгезердей орыс әйелі барды. Шоферлар әлгі әйелге жапа-тармағай, біздің автолавканы, оның ішінде отырған мені көрсетті.
– Әй, мынау облторгтың қоймасының меңгерушісі ғой. Оның Кеңесте не шаруасы бар?
– Не шаруасы бар дейсің, Кеңес – көкжал емес пе, орыстың әйелдерінің жүрегіне тура жол тапқан ғой. Әйтпесе атағынан ат үркетін мына қатын жәйден-жәй іздемейді.
– Вы братишка Кенеса? Нас послала Алевтина Михайловна – наша начальница. Вашему автолавку продукты будем грузить в нашем складе. Есть ключи зажигания? Есть, Андрей садись за руль, – деп талдырмаш жас жігітті ағаның орнына отырғызды да, өзі жолаушы жағынан келіп, менің жаныма жайғасты.
Облпотребсоюздың қоймасы мен облторгтың қоймасының арасы алыс емес, небәрі 200-300 метрдей ғана екен. Қоймадағылар тек Кеңес ағаның автолавкасын тосып тұрғандай, жапа тармағай тауар тиеуге кірісті.
Әп-сәтте автодүкеннің іші түрлі-түсті кәмпиттер, үнді, грузин шайына, сабын, тұз, сереңке салған қораптарға толды. Оның үстіне ұсақ қанттар, күріш, макарон салынған бірнеше қаптар мен жәшік-жәшік ішімдіктер мен шырындар тиелді. Ал, балаларға, үлкендерге арналған киімдер әкелінгенде дүкеннің іші мүлдем лық толды. Тауарлар тиеліп болды, бірақ Кеңес ағам жоқ. Мен аң таңмын. Осындай ойдан аздап мазасыздана бастаған едім, - қасыма бағанағы қойма меңгерушісі келді де, «все товары загружены, надо подписать накладную» – деді. Қолындағы бір буда қағазын маған ұсынды. Қатты қобалжығанымды бірден байқаған ол:
– Вы не переживайте, ваш брат в надежных руках. Он в гостях у самой Алевтины Михайловны на даче. Сейчас Андрей отвезет автолавку туда. Кенес вас там ждет.
Тұңғыш рет автодүкенге тиілген барлық тауарлардың тізімі, бағасы жазылған накладнойға қол қойдым. Менен кейін қойма меңгерушісі қағаздарға өз қолын қойып, мөрін басты да, бір данасын маған берді.
– Здесь все документы по товарам, Кенесу передайте. Муку отправим завтра.
Кеңес аға бағанағы кеткеннен бері беймаза күй кешкен көңілім, Андрей автодүкенді Ертіс бойындағы үлкен көпірден өткізіп, ең ұшар басында телевизиялық мұнарасы бар Атығай асуына қарай бұрғанда ғана толық орнына түсті. Өйткені, Кеңес ағам ауылдан шыққанда-ақ айтқан болатын – «Алты бура асуына тек Атығай жолы апарады». Андрей машинаны жылдам жүргізіп, ағамдар бізді күтіп тұрған телемұнараның қарсысындағы белестің сыртқы бетіндегі кең түбекке алып келді.
Осы жерде, осы сағатта көрген көріністер әлі күнге дейін көз алдымда, көңілімнің түп тереңінде. Мені таңқалдырғаны түбектің тамаша табиғаты. Аралдың шығыс жағы таумен, оңтүстік жағы биік жармен қоршалған. Түбекті орап тау өзені ағып жатыр. Өзен бойында жарыса өскен жас талдар мен аққайындар өсіп тұр. Айнала тып-тыныш. Алаң толы гүлдер, гүлдер, гүлдер! Гүлдер болғанда кәдімгі даланың қырмызы қызғалдақтары мен жауқазындары!
Бейне бір түрікменнің түкті, масаты кілеміндей құлпырады. Қайталанбас керемет көрініс. Міне, осы дала кілемінің нақ ортасынан бізге қарай қол ұстасып Кеңес ағаммен, құшағы гүлге толған, жүзі нарттай, келбетіне қарасаң көзің тоймайтын, аса көрікті орыс әйелі келеді.
Жақындаған сайын байқап тұрмын, әйелдің түр-түсінде, бойында бір мін жоқ. Суреттеп айтсам, кең маңдай, қиғаш қас, мөлдіреген көз, пісте мұрын, қызыл ерін, аршын төс, нәзік бел, тығыз бөксе, түп-түзу сырықтай ақ балтыр. Үстіне киген киімі өзіне сондай жарасымды. Сыңғырлаған күлкісі мен алтындай болып күнге шағылысқан жібек шашы қандай десеңізші?!
Маған сол сәтте бұл әйел сол кездегі журнал, газеттердің бетінен түспейтін, Американың киножұлдызы Мәрилин Монродан мың есе әдемі көрінді. Реті келгенде шынымды айтсам, содан бері Ресейдің ондаған қалаларында, бірнеше мәрте Мәскеу мен Санкт-Петербургтерге барып жүріп дәл осындай, менің Кеңес ағамның сұлуындай орыс әйелін көрмедім.
Жалпы алғанда қазақ жігіттерінің орыс қыздарымен махаббаты көп болған. Соның ішіндегі 19-ғасырдағы ең белгілісі Сарыарқаның қазағы Дүйсен мен орыс қызы Мариям Жагорқызының, ал XX ғасырдың ең айтулы махаббаты Алтайдың көкжалы менің Кеңес ағам мен орыс аруы Алевтинаның сезімдері деп есептеймін. Екеуінің хикаясы нағыз, кино түсіретін дүние ғой. Сәті келгенде ол жобалар да жүзеге асар. Менің осы ойымды әйелдің сыңғырлаған сәнді дауысы бөліп жіберді.
– Андрей, посмотри, сколько у меня цветов. Эти цветы для меня по всей поляне нарвал сам Кенес. Здесь все виды полевых цветов. Аккуратно положи в салоне "Волги". Домой отнесу, - деді де қолындағы көп гүлдерді жүргізушісіне берді.
Содан кейін орыс әйелі автодүкеннің алдында тұрған маған қарай аса бір жылылықпен бетін бұрып, Кеңес ағамен қол ұстасқан бойда менің жаныма келді.
–Здравствуйте, меня зовут Алевтина Михайловна. Я, Вас заочно хорошо знаю. Кенес сегодня много говорил о тебе. Он называл Вас писателем. Великое дело быть писателем и поэтом. Бастыки, чиновники, бухгалтера, директора, министры становятся, а писатели рождаются. Это талант от Бога. Я, желаю тебе творческого успеха, - деп, аңқылдаған әйел бетімнен сүйді.
Бірден байқағаным - хош иісті әтірдің иісі. Әтір болғанда - жақсы әтір. Әдемі иістен кәдімгідей елітіп қалдым. Осындай күйімді байқаған Кеңес ағам екі иығымнан ұстап, - "бұл әйел менің досым, ол туралы жолда айтамын" - деді.
Ендігі кезекте Алевтина Михайловна, бізден 60-70 метрдей жерде, судың жағасында, ойпатта тұрған "ГАЗ-21" машинасы тұрған жаққа қарап: "Андрей, в багажнике есть коробка. Принеси, пожалуйста, сюда", - деді.
Кеңес аға рульден кілттерді алып, автодүкеннің есігін ашып ішіне көтерілді. Үйіп тиелген азық-түліктерді, тауарларды өзінің көңілі қалайтындай реттеп алды. Андрей әкелген үлкен қорапты жанына қойды.
– Кенес, здесь продукты для Вас на дорогу. Муку отправлю завтра прямо в Сандыктас, - деді Алевтина Михайловна.
–Большое спасибо, Аля! Если бы не ты, мы бы ждали очередь два дня, тем самым сорвав график посещения животноводов.
Ағам дүкеннің есігін мықтап жауып, құлыптарын ілді. Мен өз орныма келіп отырдым. Аға мен Алевтина құшақтасып, сүйісіп қоштасты. Сондағы Алевтинаның ағама айтқан сөздері әлі күнге дейін құлағымда.
– Кенес, береги себя! Ты эмоциональный человек, у тебя чувства справедливости через край. А в наше время это не везде срабатывает, кое-где надо быть гибким. Потому что ты мне нужен, я тебя люблю. Еще раз говорю, один Бог свидетель, настоящей женщиной чувствую себя только с тобой, Кенес!
Алевтина Михайловнаның ағама айтқан ыстық лебіздері мен су жаңа "Волгасымен" Өскемен - Алматы жолына дейін шығарып салуы көп нәрсені аңғартты. Оның Кеңес ағаммен тығыз байланысы бары маған анық білінді. Кеңес аға да не ойлап отырғанымды сезгендей мені сөзге тартты.
– Сәдөк, (туыстардың еркелеткенде айтатындары) неге үндемей қалдың. Бағанадан бері көрген білгендеріңді ой елегінен өткізіп отырсың ба? Ал жазушы бауырым айтшы, бүгін не көрдің, не білдің? - деп ағам маған сынай қарады.
– Аға, бұл әйел кім? Оны қайдан білесіз? Сіз неге сондай үлкен бастық болмадыңыз? Ағамның өзі сұраған соң, көкейімде тұрған сауалдарды бірден қойып салдым.
– Сұрақтарың дұрыс, Сәдөк. Алдымен, сені қасыма ертуімнің себебін айтайын. Жол амандығы болса 3-4 сағаттан соң Алты Бура асуына жетеміз. Сонда түнейміз. Заманында сол жерде өзім көзіммен көрген Ертуған ағамызға қатысты қызықты оқиға болған еді. Соны, мақала жазып, талпынып жүрген саған оқиға болған асудың басында әңгімелеп берсем деп едім.
– Ал, қазір жаңағы сұрақтарыңа жауап берейін. Жол ұзақ, әнгімелесіп отырайық. Мен айтып отырайын, сен санаңа тоқып отыр. Менің негізгі мақсатым сені болған оқиғалармен қамтамасыз ету, сенің міндетің оларды жазу.
3-БӨЛІМ.
КЕҢЕС АҒАМНЫҢ ЖЕМҚОР АЛАБАС БАСТЫҒЫН СОҚҚЫҒА ЖЫҒЫП, БАР БОЛҒАНЫ 150 МИНУТ ҚАНА БАСТЫҚ БОЛУЫ.
Сонымен, жауапты, әңгімені соңғы сұрағыңнан бастайын, неге мен бастық емеспін?
Мен, неге бастық емеспін? Дұрыс сұрақ. Бұл кезде қазақтың бәрі бастық болуды қалайды ғой. Мен де нағыз бастық болған адаммын. Таңқаларлығы сол, мен бар жоғы екі жарым сағат, минутпен есептесек 150 -ақ минут бастық болған адаммын. Оқиға былай болды.
1965 жылдың қазан айының 25-күнінде аудандық тұтынушылар одағының есеп беру, басқарма мүшелерін сайлау конференциясы өтіп жатқан. Президиумда облыстық тұтынушылар одағының атышулы бастығы, түйені түгімен жұтатын алаяқ - Алабас Балқыбаев, аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Таңатар Долдашев және басқалар. Есепті баяндама оқылып, жарыс сөз өткізілді. Кезек ұйымдастыру мәселесіне, басқарма мүшелерін сайлауға келді. Райпотребсоюздың бастығына Орынбасар Ахметовтың кандидатурасы ұсынылып, бірауыздан бекітілді. Енді оның бірінші орынбасары - аудандық сауда кәсіпорындары бірлестігінің бас директорын сайлауға келгенде дау шықты.
Алабастың ұсынған адамдары шетінен жемқорлар, сотталғандар болып шықты. "Оңбаған тамыр-таныстарыңызды бізге тықпалауды қойыңыз" – деп конференция делегаттары облпотребсоюздың бастығы А. Балқыбаевқа қарсы шықты.
Енді не істеу керек? Сіздерден қандай ұсыныс болады, - деді аудандық партия комитетінің екінші хатшысы. Сол-ақ екен, залдағы делегаттар менің кандидатурамды ұсынды. Кәсіби маман. Жоғары білімді, сауда институтын бітірген. Әділ азамат. Репутациясы таза. Орысша жатық сөйлейді, - деп мені мақтап делегаттар тұрып алды. Сонымен қойшы, әп-сәтте аудандық тұтынушылар одағы бастығының бірінші орынбасары - аудандық сауда кәсіпорындары бірлестігінің бас директоры болып шыға келдім. Делегаттар келіп, қолымды алып, құттықтап жатыр. Шын мәнінде үлкен лауазымды қызмет.
Конференция аяқталды. Орталық асхананың банкет залында облпотребсоюздың бастығы мен райкомның 2-ші хатшысын аяқтан тік тұрып күтудеміз. Біреуге қалай болса, солай жалпақтау маған жат болса да, күтушілердің ішінде жүрмін. Қызмет солай. Бәрі аста - төк. Қойдың басы мүжілді, қуырдақ желінді. Армян коньяктары бірінен-соң бірі ішілді. Өлеңді айта-айта аудандық мәдениет үйінің әртистерінің дауысы қарлықты.
Банкеттің соңында екі дөкей бастық үйлеріне қайтудың орнына, жаңа сайланған потребсоюздың бастығы Орынбасардың үйіне баруды қалады. Дайын тұрған ыстық қуырдақты асап жеген екі дөкей, коньякті суша ішті. Әдеттегідей, қуырдақтан кейін ет келетін болды.
Бар пәле қартадан шықты. Облпотребсоюздың бастығы "алты қарта ойнаймын", - деді. Айтылды, болды. Қарта ойнауға кірістік. Екі дөкей бастық бір жақта, біз Орынбасар екеуміз бір жақта. Ойын тәртібі маған бірден ұнамады. Тек олар жеңу қажет. Көріп отырмын, Орынбасардың қолында күшті қарта отырса да, "менің бұны басатын шамам жоқ"- деп тастай салады. Ана екеуі мәз, олардың қарқ-қарқ күлгендері, өздерінен кейінгі қызметтегі адамдарды менсінбеулері, мәдениетсіздіктері менің намысыма тие бастады. Оның үстіне облпотребсоюз бастығының қайта-қайта қайталап айта берген:
– Мен тек жеңісте болыппын, болыппын - жеңілуді білмеппін, білмеппін, - деген өлеңі жүйкеме тиді, жиркендірді. Келесі ойында Орынбасардың қартасы тез бітті де - екеуіне мен жалғыз қарсы болып қалдым. Орынбасар аяғымен түртіп, түр-түсімен, көзқарасымен, ымдап жеңіле сал - деп отыр. Ойынның соңына қарай менің колымда екі тұз, олардың қолында бір-бірден екі алты отыр. Жүріс облпотребсоюздың бастығында. Орынбасарша алғанда мен "өле алмай жүргем жоқ, бастық Алабастың картасын басуға шамам келмейді, біз жеңілдік", - деп қолымдағы қарталарды ойналған қарталардың астына сала салуым керек.
Жоқ, бұл жолы олай болмайды. Семіз саусақтарымен облпотребсоюздың бастығы қолындағы алтысын, "біз әрқашан осылай жеңеміз", - деп менің алдыма тастай салды. Бұл кезде менің тұла бойымды екеуіне деген - жиіркеншілік, жеккөру басып тұрған-ды.
– Жолдас Алабас тек жеңісте ғана емес, жеңіліс те болу шарт, Тұз ешқашан шестерка болмайды, - деп қартасын бастым да, екінші Тұзды хатшыға көтерттім. Ойын бітті. Олар жеңілді. Біз жеңдік.
Жеңілістің ащы дәмін татқан облпотребсоюздың бастығы өре түрегелді. Былшыған ауызы көбіктеніп, көзі шытынап жұдырығын алып маған тұра ұмтылды. Екі қолын ұстай алдым. Сол кезде ол маған түкірігін шашырап, "шешеңді" бәлен етейін – деп боқтық сөз айтты.
Әлгі сөзді естігенде көзім қарауытып кетті. Бұл дүниеде анадан, шешеден құрметті, қасиетті жан бар ма? Сол қасиетті жанға ауыр сөз тигізіп тұрған адамға не істеу керек? Рахмет айтпайсың ғой. Менің түсінігімде «шешенді» деп боқтау барып тұрған қорлаудың өзі.
Сол жаман былапыт сөзді естіген бойда оның екі қолын сілкіп жібердім де, былжырыған ауызына тастай жұдырығымды сарт еткіздім. Еңгезердей денесімен ұшып барып, табалдырықтың қасында тұрған кір су құйылған шелекке басымен құлады. Екінші хатшы далаға қашып шықты. Оны сабайын деген менде ой да болған жоқ. Орынбасар ботадай боздап жылады:
– Құрттың, құрттың, қызметімнен айырылам ғой, - деп. Мен оған абыржыма дедім. Қызметтен кетсем, мен кетейін, - деп, стол үстінде жатқан оқушы дәптерінің бір парағына сол жерде дереу өтініш жаздым.
Аудандық тұтынушылар одағының
Президиумына, райпотребсоюз
төрағасының 1-ші орынбасары -
бірлескен сауда кәсіпорындарының
бас директоры Кеңес Түгелұлынан
Өтініш
Мен, Кеңес Түгелұлы екі жарым сағат уақыт ішінде сайланған қызметімнен кететінімді жариялаймын.
Себебі, мен әділетті Совет қоғамының әділетсіз бастықтарымен жұмыс істей алмаймын. Мен олардың жемқорлығынан, екіжүзділігінен жиіркенемін.
Сондықтан осы қызметтен кетемін.
Өтініш беруші - Кеңес Түгелұлы
25 қазан 1965 жыл
Ұлан ауданы Никитинка селосы
Шығыс Қазақстан облысы.
Өтінішті бірден Орынбасардың қолына ұстаттым да, хош айтысып үйінен шықтым. Сол оқиғадан есімде қалғаны үйден шығарда - Орынбасардың сексенге келген қарт анасының:
"Кеңес баланікі дұрыс, әлгілердікі ақымақтық" - деп айтқаны еді.
Бастықтықтан көңілім қалғаны сондай, кейін қаншама ұсыныс болса да еш қызметке келіспедім.
Бір жылдай Алтай тауларында Балабек досыммен аң аулап жүріп алдым. Алевтина да қызметке шақырды. Көнбедім. Жүрегім әділетсіздікті қаламайды, бауырым. Маған шындық, әділетті мемлекет қажет. Мен еркіндікті сүйетін қазақпын. Мына Ұлы дала мен Асқақ тауларда емін-еркін жүргім келеді, - деп ағам ұшы қиырсыз созылып жатқан даламен тауларды қолымен көрсетті.
«Беломорын» будақтатып тартып алған ағам әңгімесін одан әрі жалғады.
– Сәдөк, жаңағы мен айтқан Алабастар жүрген жерге шөп шықпайды. Олар халықтың, мемлекеттің дүниесін кеміріп жей беретін көр тышқан сяқты. Оларды коррупционерлер дейді. Ал, мен оларды құртудың жолын білемін, - деп ағам маған қарады.
– Ол қандай жол? - деп мен сұрақ қойдым.
– Сен ойла. Әр бір облыста бір-бір Алабас бар. Сонда біздің республикамызда - 19 алабастар жер басып жүр. Соларға арнап 19 дар ағашын тұрғызу қажет. Міндетті түрде өзеннің жағасына. Әр бір облыс орталығының жанында өзен бар. Мысалы, Шымкент қаласында Келес өзені ағып жатыр. Қызылордада - Сырдария, Атырауда, Оралда - Жайық, Алматыда - Іле, Қостанайда - Тобыл, Торғайда - Торғай, Ақмолада - Есіл, Қарағандыда - Нұра, Жамбылда - Талас, Павлодар, Семей, Өскеменде - Ертіс өзендері ағып жатыр. 19 өзеннің бойына - 19 дар ағашын тұрғызып, шектен шыққан 19 коррупционерлер, ұры - бастықтарды аяқтарынан байлап, бастарын төмен салбыратып іліп қою.
– Аға, дарға аяқтан емес, мойыннан асып іліп қоймай ма?
– Міне бар мәселе осында. Аяқтан іліп, басын салбыратып қойсақ олардың ішкен-жегендері, ұрлағандары ауыздары арқылы сыртқа шығады.
– Ал, неге оларды дарға өзендердің қасына асамыз?!
– Сұрағың дұрыс, бауырым. Олардың ішінен шығатындары арам лас қой. Сол құсқандарымен қасиетті жерімізді былғамау керек. Біздің аталарымыз бойларындағы жандарын берсе де, жерін бермеген ғой. Жеріміз таза болу шарт. Ал, өзенге құсса, сумен кетіп қалады, жерге төгілмейді, қасиетті жерді былғамайды.
Арманым - қазақтар жеке мемлекет құрса. Онда әділеттілік орнаса. Қазақ - қазақты құрметтесе өте дұрыс болар еді. Ондай күн де туар. Сол екүжүзділер, парақорлар, коррупционерлер жоқ тәуелсіз елде сендер өмір сүресіңдер. Оған мен сенемін.
...Қайран, Кеңес ағам. Жемқорлардың, парақорлардың, коррупционерлердің Егеменді ел болғанда арам шөптей қаптап кеткенін қайдан білсін.
Бүгін біздің елге 19-емес 1900 дар ағашын тұрғызсақ та аздау етеді. Атадан қалған байлықты сасық кенедей сорып жатқандар көп. Дегенмен аға, мен кәміл сенемін, жемқорларды ауыздықтайтын, желкесін қиятын күн де келеді. Мен, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі болсам, дәл солай істеген болар едім. Мен істемегенде бұл істі менің ұрпақтарым атқарады. Сонда қазақтың жерінен арам қолды коррупционерлер, парақорлар, жемқорлар жоғалады. Осындай ой құшағында отырғанымда Кеңес аға тіл қатты.
– Қалай, Сәдөк жауабыма қанағаттандың ба?
– Иә, аға.
– Онда екінші сұрағыңа жауап қайтардым, деп есептеймін. Ал, бірінші сұрағыңа - "Жаңағы орыс әйелі Алевтина Михайловна деген кісі кім, мен оны қайдан танимын?" - дегенге сәлден соң жауап берейін.
Ағам мәшинені тоқтатып жерге түскеннен кейін темір тұлпарының дөңгелектерін тексеріп шықты, капотты ашып майын, суын қарады. Сосын әскери әдетімен 15 минутық дененің құрыс-тырысын жазатын қимылдар жасады. Мен оның жасаған қимылдарын қайталаумен болдым. Екеуіміз де таза ауа жұтып сергіп қалдық.
Денешынықтыру қимылдарына көңілі толған ағам маған қарап тіл қатты.
– Сәдөк, мына дала жәй ғана дала емес, Ұлы дала. Көз жүгіртші. Бұл Аллатағаланың қалауымен біздің қазақ халқына берілген еншілі жер. Асты да, үсті де толған байлық. Менделеев таблициасының барлық элементтері осы қазақ жерінде. Мұндай жер әлемде некен саяқ. Мы просто обречены на большое богатство благодаря Аллаху.
Ең бастысы, осы байлық тістегеннің ауызында, ұстағанның қолында кетпесе болды. Байлық қара халықтікі. Сендер еліміздің болашағысыңдар. Жерге ие болыңдар! Айтарым осы. Қой жүрейік. Алда талай жол бар.
Кабинасына отырып, машинасына от алғызған Кеңес аға, жайлап әңгімесін одан әрі жалғастырды.
4- БӨЛІМ
КЕҢЕС АҒАНЫҢ ҚЫЗДАРДЫ КАВКАЗДЫҚ СОДЫРЛАРДАН ҚОРҒАУЫ.
– Мен, Аляның үш жағдайда қасында болып, қиындықтан құтқарып қалдым. 1958 жыл. Маусым айы. Үш жылдық әскери міндетімді аяқтап ауылға келгем. Бейсен ағаның ұсынысына келіскен әкем Семей советтік сауда техникумына түсуді қалады. Әке айтты. Бізге заң.
Семейге келіп, техникумға құжаттарымды тапсырдым. Төрт емтиханды ойдағыдай тапсырып, оқуға қабылдау туралы бұйрықты асыға күтіп жүргем. Сондай күндердің бірінде оқу бөлімі арқылы техникум директорына шақырылдым. Айтқан уақытында келсем директордың кабинетінде кіре берістегі бөлмеде үш абитуриент қыздарды жолықтырдым. Біреуі қазақ, екеуі орыс қыздары.
Сәл уақыттан соң қабылдау бөлмесіндегі қыз бізді директордың кабинетіне кіргізді. Бөлмеде директордың өзі, оның оқу ісі жөніндегі орынбасары және біз танымайтын ақ шашты үлкен адам отырды. Техникум директоры қолындағы қағазға қарап Татьяна Никитина - Семей қаласы, Гүлбану Нұрахметова - Шұбартаудан, Алевтина Астахова - Өскеменнен, Кеңес Түгелов - Ұлан ауданынан, - деп тізімді қасында отырған адамға ұстатты. Сосын бізді бейтаныс адаммен таныстырады. Ол кісі Добрынин Сергей Владимирович - Барнаул мемлекеттік сауда институтының кафедра меңгерушісі, профессор екен. Сол жерде тұнғыш рет профессорды көрдім. Өз сөзінде Сергей Владимирович ССРО Жоғары және Орта білім беру Министрлігінің тапсырысымен Семейге арнайы келгенін, квота бойынша 4 талантты жасты өзі жұмыс істейтін институтқа шақыратынын, төртеумізді барлық талапкерлердің ішінен іріктеп алғанын айтты.
Сонымен қойшы бір күннің ішінде техникум оқушысы, Барнаул сауда институтының студенті болып шыға келдік. Төртеуміз де ұсынысты қабыл алып, Сергей Владимировичтің бастаумен сол күні кешкі поезға отырып Барнаулға жол тарттық. Ол кезде тәртіп мықты еді ғой, келген күннің ертеңінде ректордың өзі қабылдап, институтқа қабылданғанымыз туралы бұйрыққа қол қойып, жатақханадан орын берді. Институттың төрт факультетіне 200-дей адам қабылдандық. Бірден 15 күндік алғашқы сабақ басталды. Жатақхана мен оқу корпусының арасы да қашық емес. Тек, ортасында "Алтай" атты қалалық саябақ орналасқан. Оқуға бара жатқанда және қайтарда паркті кесіп өтеміз.
Қолымыз боста сол тамаша жерді аралап, қыдырамыз. Көбінде волейбол, баскетбол ойнаймыз. Анда-санда би кешіне барып тұрамыз. Сондай күндердің бірінде жігіттермен волейбол ойнап жүрген едім, алып-ұшып, ентігін баса алмай семейлік Таня жетіп келді. Ол шашлық сатып тұрғандардың Гүлбану мен Алевтинаға тиісіп, жібермей тұрғанын айтты. "Алтайда" атышулы Бабудың бірнеше "Кавказский шашлык" деген орындары болатын.
Жүгіріп жетіп барсам, екі қызымызды сақалдары сапсиған үш жігіт қоршап алған. Дәл жандарында есігі ашық "Победа" машинасы тұр. Түсінгенім, кавказдықтар біздің қыздарды машинаға салып, бір жаққа алып кетпекші, ал олар болса оған үзілді-кесілді қарсылық айтқан. Сақалдылар айтқанымызға көндіреміз, айдағанымызға жүргіземіз, - деп Аля мен Гүлбануға күш көрсетіп тұр.
Мені көрген екі қыз еңіреп жылап жіберді.
– Жігіттер, қыздарды тез босатыңдар, - дедім келген бойда, ентігім басылмай. Сол сәтте:
– Әй, азиат, көзіңді жоғалт тірі тұрғанда, - деп біреуі маған жұдырығын түйген күйде тұра ұмтылды. Ойлап тұратын уақыт жоқ, қолын қағып жібердім де, иектің астынан сарт еткіздім. Ол сұлап түсті. Қалған екі сақалдыны да екі соққымен құлаттым. Кезекші милиционерлер келгенде мен қыздарды босатып, жатақханаға кетіп бара жатқам. Сақшылар тергеу жүргізбекші болды. Мен, оларға ешқандай кінәміз жоқ, - деп қарсылық білдірдім.
Соққыға жығылғандарда үн жоқ. Көздерін жерден алмады. Бәрін бірден түсінген милиционерлер бізді өз жөнімізге жіберді.
Осы оқиғадан кейін менің беделім тек жатаханада, институтта ғана емес, бүкіл орталық саябақ бойынша күрт өсті. Өйткені, масқара жеңілістің ашы дәмін татқандар, бұған дейін зорлық-зомбылықтың бастаушылары болған оңбағандар екен. Сол күннен бастап Семей техникумынан бірге келген үш қыздың шексіз құрметіне ие болдым. Олар мені мақтан тұтты. Әсіресе Өскемендік жерлесім Алевтинаның маған деген көзқарасы айрықша өзгерді. Сабаққа бірге барып, бірге қайтамыз, тамақты бірге ішеміз.
Аляның өмірбаянына қанық болдым. Ол Өскеменнің іргесіндегі Глубокое ауданында туып өскен екен. Мектепті бітірген соң қаладағы бір гастрономда сатушы болып істеген. Өзінен 22 жас үлкен, әйелі қайтыс болған гастроном директорына тұрмысқа шығады. Күйеуі қазір қалалық сауда басқармасының бастығы болып істейді. Оқуға жіберіп отырған да байы екен.
5- БӨЛІМ.
КЕҢЕС АҒАНЫҢ АЛЯНЫ ӨЛІМНЕН ҚҰТҚАРЫП ҚАЛУЫ.
ЕСІНЕН АДАСҚАН АУДАНДЫҚ ПРОКУРОРДЫ ТӘУБЕСІНЕ КЕЛТІРУІ.
15 күндік сабақ аяқталысымен студенттік құрылыс отрядының құрамында Барнаулдан 300 шақырым қашықтықтағы кішкентай деревняға мал қорасы мен малшылардың үйін салуға келдік.
Келген жеріміз Алтай тауларының етегіндегі қалың орманды аймақ. Бір сөзбен айтсақ - "барса келмес" аралы сияқты. Бұл жерде орман қожайындары аюлар өріп жүреді екен. Сондықтан да деревняның аты "Медведка" деп аталады. Жұмыс бірден қызу бастау алды. Өңкей өршіл жастар қойсын ба, малшыларға арналған үйді екі аптаның ішінде бітіріп, ұзындығы 80 метрлік мал қорасының қабырғасын көтеруге кірістік. Күндіз қайнаған жұмыс, кешке қарай ән айтып, би билейміз.
Осы кештердің нәтижесінде концерттік бағдарлама жасалды. Менің орындауымдағы қазақтың "Сәулемайы" бәрінің көңілінен шықты. Біздің көркем өнеріміз, көріністеріміз совхоз директоры Зубов Александр Ивановичке бірден ұнап, дала жұмыстарының аяқталуына арналған мерекеде концерт қойып беруге совхоз орталығына шақырды.
Айтқан күнінде 50-шақырымды артқа тастап, борты ашық машинамен совхоз орталығына келдік. Совхоз күніне арналған салтанатты жиналыстан соң біздің концерт басталды. Клуб ішінде ине шаншар орын жоқ. Совхоз еңбекшілерімен бірге аудан орталығынан келген уәкілдер де отыр. Концертіміз өте сәтті өтті. Көрермендер, әсіресе Аляның өнеріне риза болып, дуылдап қол соғып, ерекше қошамет көрсетті. Мен оны гармонмен сүймелдеп тұрдым. Екеуміз бірігіп "Подмосковные вечераны" орындағанда көрермендер орындарынан тұрып кетті, бізді сахнадан жібермей қойды.
Концерт соңынан мерекелік дастарханға шақырылып, қонақ болдық. Онда да өлең айтылып, би биленді. Ауданнан келгендер Аляның жанынан үйіріліп шықпайды. Уәкіл, аудандық прокурор Борисов Андрей Игнатьевич деген біреу Аляны қайта-қайта биге шақырып, есін шығарды. Алевтина өлең айтудан, би билеуден бас тартса болды, учаскелік инспектор келіп жалынады. Сонымен қойшы бәрі өтті де, енді құрылыс басындағы қосымызға қайтатын болдық, жолға жиналдық. Мәшинеге мінерде қасыма Аля келді.
– Кеңес, менің саған бір тілегім бар.
– Айта бер, Аля, - дедім.
– Бүгін, аудандық прокурордың туған күні екен. Туған күнін совхоз омарташысының үйінде атап өтпекші. Мені сонда өлең айтып беруге шақырды.
– Оған менің қандай қатысым бар, Аля? Сені шақырды, сен бар. Мен шақырмаған жерге бармаймын, - дедім.
– Сен дұрыс түсін, Кеңес. Мен еріккеннен бара жатқан жоқпын. Қостағы студенттерге бал ала келемін. Ол жөнінде жаңа совхоз директоры Зубовтың өзі тапсырма берді. Мәселе мынада, маған прокурордың тәртібі онша ұнап тұрған жоқ. Жалғыз жүргеннен қорқамын.
– Мен не істеймін? - деп Аляға қарадым.
–Сен маған қорғаушы, оққағарым, бір сөзбен айтқанда телохранителім боласың.
– Ол үшін не істеуім керек?
– Мен, гармонистсіз өлең айтпаймын деп, сені ертіп аламын. Сен гармонды жақсы тартасың ғой.
– Мен келістім, - дедім.
Сонымен омарташы Егор Панкратовтың үйінде 11 адам жиналдық. Аудан прокуроры, оның көмекшісі, совхоз директоры Зубов Александр Иванович жұбайымен, совхоз партия комитетінің хатшысы әйелімен, учаскелік инспектор, Алевтина, мен және Егор аға жұбайы Зина тәтемен.
Келгеннен өлең айтылып, би биленді. Небір тостар айтылды. Түннің ортасына дейін отырдық. Тағы да Аля кештің көркі болды. Кеш аяқталысымен совхоз директоры мен партия комитетінің хатшысы хош айтысып, үйлеріне қайтты. Олар кеткен соң стол басында тағы біраз отырдық. Түнгі үштер шамасында ылғи еркектер өзен жағасындағы таза ағаштан жасалған моншаға түсуге келдік. Тек арамызда прокурор болған жоқ. Көмекшісі "ол қазір келеді", - деп қояды. Омарташы Егор күлдіргі әңгімелердің нағыз шебері екен, небір қызықтарды айтып, ішегіміз түйілгенге дейін күлдіріп отырды. Моншаның буына бусанып, жақсы әңгіме тыңдап рахаттанып отырғанбыз, кенеттен түн тыныштығын бұзған мылтықтың үні естілді. Бұл не, дегенше болған жоқ, екінші мәрте мылтық атылды. Апыл-ғұпыл киініп далаға атып шықтық.
– Қайдасыңдар, өлтірді, өлтірді, - деген Зина тәтейдің даусын естіген бойда, омарташының үйіне қарай екі өкпемді қолыма алып, жүгіріп жеттім.
– Дәл осындай ақымақты кім көрген. Еркектік күші болмаса да қызды зорлаймын, - деп бөлмеде ұстап тұр. Аля, молодец, оған шамасы келгенше қарсылық көрсетуде, - деп әбден шошынған Зина тәтей дір-дір етеді.
Оқиға былай өрбіген. Біздің моншаға кіріп кеткенімізді көрген бойда прокурор үйдің екінші бөлмесінде демалып жатқан Алевтинаға тиіседі. Зорламақ болады. Онысынан түк шықпайды. Аля қарсылық көрсетеді. Ес түсінен айырылған маньяк-прокурор тапаншасын алып, оңды-солды оқ атады. Үйдің ішінен ілгешекті жауып алған.
Сонымен прокурор мен Алевтина үйдің ішінде, қалғандарымыз сыртта тұрмыз. Не істеу керек? Тұра беруге болмайды. Сөзді мен бастадым.
– Жолдас прокурор, сабыр етіңіз, ашуды басыңыз, Аляны босатыңыз, - деп қатты дауыстадым.
Менің дауысымды естіген бойда прокурор терезені айқара ашты да:
– Әй, иттер, кетіңдер, бәріңді торғайдай қырамын, - деп тапаншадан тағыда екі мәрте оқ атып, айғай салды. Инспектор мен көмекші үйдің артына қашып тығылды. Әлгі екеуінің қорққандары сондай, 80 шақырымдық аудан орталығына барып, қосымша қүш әкелмекші болды. Мен ол ұсынысқа үзілді-кесілді қарсы болдым.
– Бізге әрбір секунд, минут қымбат. Біріншіден, қазір шара қолданбасақ ес-түстен айырылған прокурор қызды өлтіруі мүмкін. Екіншіден, таң атып келеді, қолында тапаншасы бар ол сырттағыларға шабуыл жасаса, оған қалай қарсылық көрсетеміз. Оның үстіне, омарташы Егордың қос ауызы да үйде қалған. Осы сәтте маған бұл шырғалаңнан шығудың бір-ақ жолы айқын көрінді. Ол, ашық тұрған терезе арқылы прокурорды тоқтату, тұзақтау. Ал, оған қалай қол жеткіземіз. Жоспарды былай құрдым:
– Егор Давыдович, сіздер есікті сыртынан тоқылдатып, прокурорды сөзге тартыңыздар. Егерде, ол сіздердің дауыстарыңызға құлақ асып, төргі бөлмеден дәлізге қарай жылжыса, мен терезеден түсіп, қимыл жасаймын, - дедім.
– Сен қарусызсың ғой. Қаруы бар адамға қалай қарсы шықпақсың. Атып тастайды. Опық жемейік, ойлансақ қайтеді,- деді Зина тәтей.
– Жоқ, Зинаида, ойланатын уақыт жоқ. Қайта жылдам әрекет жасауымыз қажет, - деп Егор Давыдович мені қолдады. Ол қолына сүйменді алып, қасындағыларды ыммен есікке қарай шақырды. Мен, аяғымды ұшынан басып, ашық тұрған терезенің жанына келдім.
– Андрей Игнатьевич, бұл омарташы Егор ғой. Райыңыздан қайтыңыз. Бүлінген ештеңе жоқ. Біз тоңып қалдық. Есікті ашыңыз, - деді Егор ағай қатты дауыстап. Байқап тұрмын бағанадан тапжылмай Алевтинаның қасында тұрған прокурор дауыс шыққан есікке қарай тұра жүгірді. Сол сәтті жылдам пайдаланып, мен терезе арқылы ішке кіріп үлгердім де, прокурорға қарсы ұмтылдым. Шапшаң қимылдап, оның тапанша ұстаған қолын жас қарағайдан жасалған ауыр орындықпен салып өттім.
Қатты ұрғаным сондай, тапаншасы бір жаққа, өзі бір жаққа ұшып түсті.
Есін жиғызбай шекесінен және бір сүйкеп өттім. Бірден есікті ашып, сырттағыларды ішке кіргіздім. Сосын Алевтинаны көтеріп, далаға алып шықтым. Осы сәтте Аля мойнымнан екі қолымен айқара құшақтап, бетіме бетін тигізіп "Кенес, мен саған ғашықпын" - деді. Мен де оның ақ бетінен сүйіп, оны жақсы көретінімді айттым.
– Аля, қымбаттым, мына азамат сенің құтқарушың, ол бүгін ерлік көрсетті. Сүйсең осындай батырды сүй, - деп Зина тәтей бізге үй квасын ұсынды.
Осы жерде бағанадан бері әңгімені ұйып тыңдап отырған мен ағама сұрақ қойдым.
– Кеңес аға, мылтық атқан кісіге не шара қолдандыңыздар?
– Сәдібек, әңгіменің қызығы осы жерде, - деді ағам.
– Оқиғаның аяғына дейін үй артына тығылып, қорқақтық танытқан прокурордың көмекшісі мен учаскелік милиционер қол - аяғы маталған прокурорды көргенде, ал кеп белсенділік көрсетті. Бірі қылмыстық іс қозғаймын десе, екіншісі тергеу экспериментін жүргізу қажет, - деп әлекке түсті.
Бізді осы әуре сарсаңнан совхоз директоры Зубов Александр Иванович алып шықты. Досының сырын жақсы білетін ол таң атар-атпастан омарташының үйіне қайтып келді. Бар жағдайды тез түсінген ол мәселені өз қолына алды.
– Ағайындар, мен досымды жақтамаймын, ол адам өміріне қауіп төндіретін жағдай жасады. Сол үшін жауап беруі керек. Бірақ, оның есінен адасуы - соғыстың зардабы, контузияға ұшырауы деп білемін, - деді.
Сонымен қойшы, прокурор Алевтина екеуміздің аяғымызға жығылып, кешірім сұрады. Жұмысынан кететінін, емделетінін айтты. Алевтина, Зина апай, Егор ағай, мен төртеуіміз ақылдасып, кешірім жасауға келістік. Олар аудан орталығына, біз Зубовтың машинасымен құрылыс отрядының лагеріне қайттық. Жолда тағы да қызық оқиға болды. Лагеріміз биік, әдемі таудың етегінде болатын. Тауға жақындағанда Алевтина маған қарап ұсыныс жасады.
– Кеңес, мен Өскеменді сағындым, мына таудың басына шықсақ Шығыс-Қазақстанның жерлері көрінеді. Лагерге тіке тау арқылы барайық, - деді. Мен келістім.
Александр Иванович, түнгі оқиғадан соң көңілдері орнына түссін деді ме, бізге қарсылық жасамады. Тек байқап жүріңдер, тауда жалма тастар көп және аюлар да кездесіп қалуы мүмкін, - деп ескертті.
Биіктігі 3 мың метрден асатын тау шыңына түнгі 10, 11 шамасында көтерілдік. Шыңның үстінен айнала алақандағыдай көрінеді. Тау етегіндегі лагеріміз көзге оттай басылды. Әсіресе, жер кіндігі болып саналатын қасиетті Мұзтауымызды көргенде Аля екеуміз ерекше күй кештік, балаша бірімізді-біріміз құшақтап қуандық.
– Таулар, таулар, мен Кеңесті сүйемін, - деп Аля дауыстады.
– Мен де Аляны сүйемін, оған мына Алтайым куә, - деп мен дауыстаймын. Дауысымызға тау жаңғырып, үн қосқандай.
Сол сәтте біз өте бақытты едік. Көп тұра беруге болмайды, төмендегі лагерімізді бетке алып, тоғыз-он қадам аттаған шақта кішігірім алаңға тап болдық. Алаңның биіктігі бір метрдей теп-тегіс тастарымен дөңгелене қоршалған. Асты жұмсақ шөпке толған. Кәдімгі тау төсегі.
– Аля, қарсы болмасаң, осы тау төсегінде түнеп шығуды ұсынамын, - дедім мен.
– Жаным, бағанадан осы сөзіңді тосқанмын. Мен сенің еркіңдемін, - деп Аля менің құшағыма құлап түсті. Сонымен қойшы, бауырым, ағаң сол түні, Алтай тауының ұшар басында өмірдің рахатына кенелді, махаббаттың ләззатына бөленді.
Алдыңғы түндегі прокурордың әлегінен ұйықтамағандық және тау төсегіндегі бұлқыныстардан кейін қатты ұйықтап қалыппыз. Таңертең:
– Кеңес, бізге біреу қарап тұр, - деп Аля мені оятты. Көзімді ашып қалғанымда, кешегі біз шыққан шыңның басынан Алтайдың дәу қоңыр аюын көрдім. Жәй тұрған жоқ, штангашы сияқты тай қазандай үлкен жұмыр тасты басынан асырып көтеріп алған. Бірден, Кәрібай атамның аюды кездестірсең сабырлық таныту керек, - деген сөзін еске алдым да, ыммен Аляны тастың қабырғасына жатқыздым. Өзім Алла тағалаға сиынып, аюдан көз алмай тұра бердім. Тас бізге қарай домаласа таптап тастары анық. Не болса да құдайдың жазғанын көреміз, - деп ойлап тұрғанда, О тоба, аю кілт кері бұрылды да қолындағы тасты сол жаққа қарай тастай салды. Домаланған тастың дүмпуі көпке дейін естіліп тұрды. Өзі тасы домалаған жаққа қарай кетті. Есімізді жиып, бұл не болды екен, - деп биіктен қарасақ, бізден 40-50 метрдей жерде төмен құлдилап аю кетіп барады.
Ештеңеге түсінсек бұйырмасын. Аю неге келді, неге кетті? Неге тас ұстады? Жұмбақ. Дегенмен, біз оны жақсылыққа жорыдық. Аюдың қолдағанын түсіндік. Біз түнеп шыққан жер-орман, тау иесінің мекен-жайы екені белгілі болды.
Көтеріңкі көңілмен лагерге түссек, студенттік құрылыс отрядының жұмыстарының қорытындысына арналған мерекелік шаралар жүргізілуде екен. Совхоз директоры Зубов Александр Иванович Алевтина екеумізді үздіктер қатарында атады. Маған мына командир сағатын, Аляға жақсы көйлек сыйлады.
6- БӨЛІМ.
КЕҢЕС АҒАМНЫҢ ЖЕКПЕ-ЖЕКТЕ ЖЕҢІСКЕ ЖЕТІП, БАРНАУЫЛ ҚАЛАСЫНЫҢ «ГЕРОЙ ҚАЗАҒЫ» АТАНУЫ.
Сөйтіп, жазғы семестрді оңдағыдай аяқтап, Барнаулға келген күннің ертесінде, мен тағы да Алевтинаға қатысы бар шырғалаң қақтығысқа тап болдым. Жатақхана жанындағы асханада Алевтина екеуміз түскі аста отырғанбыз. Қасымызға кавказдық жас жігіт келіп, сыртта Бабудың өзі келіп тосып тұрғанын жеткізді. Бабу - орталық саябақтың атаманы. Барнаулдағы кавказдық топтың жетекшісі. Өткенде біздің қыздарға тиісіп, менен таяқ жеген, үш жігіт осы Бабудың тобындағылар болатын. Мені көрген бойда әңгімені Бабудың өзі бастады.
– Сен мен жоқта жігіттерімді соққыға жығып кеттің. Мен оған ренжідім. Кек қайтаруымыз қажет. Сен менің бір жауынгеріммен жекпе-жекке шығасың. Ұтылсаң өз обалың өзіңе - мына қызыңды маған тастап тез арада үйіңе қайтасың, қайтып мұнда келмейсің. Ал, жеңсең Барнаулдың "геройы" боласың.
– Бабу, мен дайынмын төбелеске, -дедім бетіне тіке қарап.
– Онда, бір сағаттан кейін "Алтайда" бол, - деп ол "Победасына" отырып, жүріп кетті.
Айтқан уақытында паркке келдім. Жекпе-жек парктің сыртындағы тоғайдың жанында өтетін болды. Қарсыласымды тосып, ширығып мен тұрмын. Бір шетте қауқылдасып кавказдықтар тұр. Арасында Бабу жоқ. Сәлден кейін Бабудың "Победасы" менің қасыма тоқтады. Алдымен өзі, сосын еңгезердей кеудесін жүн басқан жігіт шықты.
– Менің айтқан жауынгерім осы. Аты - Артур. Төбелестің шарты - басыңды көтере алмайтындай ұрып құлату, нокаутқа түсіру, естен таңдыру. Уақытта шек жоқ. Дайын болсаңдар бастаңдар - деп Бабу команда берді.
Төбелес алғаннан қызу басталды. Артурдың кәсіби палуан екенін бірден байқадым. Тек алға, аяққа ұмтылады. Менің бойымның ұзындығы 1 метр 75 сантиметр боса, оның бойы екі метрге жуық. Түсі сұсты. Алақандары күректей. Бұлшық еттері білеу-білеу. Қолына түссең сөзсіз бұрап тастайды, тірі жібермейді. Сондықтан мен Рязан әскери-әуе десанттар дивизиясында үйренген әдіс-тәсілдерді қолдануға тырыстым. Взвод командиріміз, лейтенант Баханецтің, "қарсыласың мықты болса, оның тек осал тұстарын тап та, күшті сонда жұмса" - деген сөзін еске алып, барынша сақ қимылдадым.
Алдымен, Артурдың алды-артына қарамай арсылдап тұра ұмтылатын екпінін өзіне қарсы пайдалануды ұйғардым. Оным нәтижелі болды да. Келесі бір шабуылында оны шалып түсірдім де, тұра бергенде оң тіземмен иектің астынан сарт еткіздім. Ол домалаң асты да, іле - шала қолына пышақ ұстап атып тұрды.
– Мен сені бауыздаймын, - деп пышақты оңды-солды сермеді.
Сондай бір серместе, пышақ сол санымды тіліп өтті. Қан сау етті. Аля дауыстап жылап жіберді. Бабуда үн жоқ. Біз олай келіскен жоқ едік қой. Оны даулайтын уақыт та, мұрша да жоқ. Өлім мен өмірдің арасы. Әр секунд қымбат. Бұл кезде төбелесіміз құшақ жетпейтін биік теректің қасында еді. Қарсыласымның пышақты қалай болса солай оңды - солды сермеуін өз пайдама тиімді пайдаландым. Ызаланған Артур маған қарай тұра ұмтылған кезекті жүгірісінде, оның пышақ ұстаған оң қолын екі қолыммен қапсыра ұстап, онымен бірге терекке қарай жүгірдім. Екпінге екпін қосылғандықтан және салмақтың күштілігінен пышақ терекке терең қадалды. Сонымен қатар, Артур басын ағашқа қатты соқты. Сол сәтті мен барынша шебер пайдаланып, алдымен баспен ұрып, сосын жұдырығыммен шекесінен қатты соғып, Артурды құлатып түсірдім. Мен жеңдім. Ең бірінші жүгіріп келіп, Аля қан саулап тұрған санымды көйлегін жыртып, таңып байлады.
– Ну ты, казах - герой. Ты победил. Отныне для тебя все дороги открыты. Ты знаешь, кого победил, абсолютного чемпиона Алтайского края по борьбе, - деп Бабу қолымды қысты.
Сол күннен бастап "герой-казах" деген лақапатпен бүкіл Барнаулға әйгілі болдым. Бедел емей немене, 1-ші курстың студенті сенбі, жексенбі күндері жақсы сыра ішуге Мәскеуге самолетпен оп-оңай ұшып барып келетінмін. Әрине, қасымда Алевтина болатын. Міне осы үш оқиға Аля екеумізді қатты жақындастырды, мәңгілікке достастырды. Өмірдің аты - өмір, бауырым!
Алядан, 22 жасар үлкендігі бар күйеуі, Өскемен қаласының сауда басқармасының бастығы болатын. Қандай себеп болғанын білмеймін, мүмкін қызғаныш шығар - қысқы сессия аяқталысымен күйеуінің өзі келіп, Аляны сырттай оқуға ауыстырып, Өскеменге алып кетті. Содан Алевтинаның қызметі тез жоғарылап отырды. Гастроном меңгерушісі, Бакалейторг, ЦУМ-ның директоры болып істеді. Күйеуі өлген соң орнына қалалық сауданы басқарды. Қазір облыстық сауда басқармасы бастығының бірінші орынбасары болып істейді.
– Сәдөк, міне әңгіменің жол қысқартқаны. Төрт жарым сағаттың қалай өткенін де білмеппіз. Қазіргі келген жеріміз - Алты Бура асуы. Осында түнейміз. Бұл жер Ертуған ағамыздың қатты ұнататын және көзі тірісінде ерекше есте қаларлық, қайталанбайтын өнер көрсеткен асуы. Менің жол бойы саған айтқандарым Ерағаның оқиғасының жанында жәй ғана әңгіме ғой. Қазір мен саған сол керемет хикаяны баяндап берейін. Алдымен жайғасып, жайланып алайық, - деп ағам асу басындағы Керегетас бұлағына көлігін тоқтатты. Бұл кез - күннің батып, асудың түн қараңғысына енді ғана орана бастаған тұсы болатын. Айнала тып-тыныш. Тек, дала шегірткелерінің дауыстары естіледі.
Ағам бірден шай дайындауға кірісті. Алдымен бастаудан құманға су толтырып, отқа қойды. Кабинадан қолдан жасалған текеметті алып, жерге төседі. Оның үстіне дастархан жайды. Сосын автодүкенді ашып, ішінен Алевтина Михайловнаның берген үлкен қорабын түсірді.
– Сәдөк, етті ертең, құдай қаласа жайлауды аралағанда қойшылардан жейміз. Бүгін, Аляның жол-азықтарына қанағат тұтамыз. Ал, кәне не салған екен, - деп Кеңес аға қорапты ашты.
– Ай да, Аля, ай да Аля, дос болсаң осындай бол! Міне, бутербродтар, міне сервелат шужығы, міне шыныдағы қызыл-қара икралар, мынау жылқының шұжығы ғой, мынау тынық мұхитының скумбриясы, мынау сгущенка, мынау халва, мынау жемістер, - деп ағам қораптың ішінен шыққан жылтыр қағазға оралған тағамдармен дастарханды үйіп тастады.
Сосын қораптың түбінен этикеткасында "Посольская" деген жазуы бар шөлмекті алып дастарханға қойды.
– Сәдөк, мына тағамдармен «пир на весь мир» жасауға болады. Мен шұжықтарды турап, реттеп кояйын. Сен су әбден қайнаған болар, үнді шайын соның үстіне, бастырып алып кел, - деді.
Біраздан кейін, күрең шайды ұрттап ішіп, "Посольскаядан" аздап дәм татқан ағам өз уәдесі бойынша керемет хикаяны баяндауға көшті.
7- БӨЛІМ.
Алты Бура асуындағы «Насыбай» жарысы немесе Ертуған ағаның керемет дене конституциясы.
...1955 жылдың көктемі ерте келді. Әкем жылқышылар қосын Алты Бура асуына көшірді. Осында "Қызыл Тау" колхозының төрт жүзге жуық жылқысы айдап әкелінді. Табынды күндіз-түні бағып, күзету үшін жылқышылар бригадасы үш топқа бөлінді. Мен Ертуған ағаның сменасындамын. Бірінші топ жылқыларды күндіз жайса, екінші топ түн күзетін атқарды, үшіншісі оларды алмастырады. Осылай үш смена көктем шыққалы колхоздың қылқұйрықтыларын шашау шығармай қарап, бағудамыз.
Колхоз орталығынан жылқышылар бригадасына арнайы алты қанатты киіз үй бөлінді. Ол осы біз отырған жерге тігілді. Біз оны қара қос - деп атап кеттік. Мен, айтар оқиға осы қарақостың жанында 1955 жылдың 14 мамырында өтті. Бәрі қазақы қалжыңнан басталды.
Колхоз орталығы Сағыр селосына Ұлы жеңістің 10 жылдығына арналған мерекелік шараларға шақырылып, алты күн қатарынан тойлап қайтқан ардагерлеріміз Әлқан, Ақзада, Ертуған, Қырықбай, Қонысбай ағалар қара қосқа өте көңілді оралды. Неге төрт күнге кешігіп қалғандарын жыр ғып айтып келеді. Олар 9-10 мамыр күндері елмен бірге колхоз орталығындағы мерекелік жиындарда болады. Туған туысқандарында болып, қара қосқа қайтуға дайындалғанда атақты аңшы, соғыс кезіндегі жауынгер достары Азамат ағаны жолықтырады.
Сатый тауының басында тұратын Азамат аға жолдастарын болмай үйіне алып келеді. Арқардың етін асады және жабайы тау бұғысының мүйізін кесіп қанын ішкізеді. Бір сөзбен айтқанда, көңілденіп алған жігіттер Азамат ағаның бастауымен 45 шақырымдық Өскеменге жол тартады.
Дала арқарларына өте риза болған қаланың әйелдері оларды жібермей, төрт күн ұстап қалады. Кештеу оралған себептері сол екен.
Келген бойда олар Қарақосқа дастархан жайып, оның үстін жеңіс тойынан және Өскемен қаласынан алып келген сарқытқа толтырады. Кәсіби маралшы Азамат аға дайындаған қуатты "Пантокрин" де дастарқаннан орын алады. Әңгіме негізінен Өскемен сапары туралы болса керек. Қаладағы орыс әйелдерінің бұларды қимай әрең жібергені де айтылады. Соның ішінде Ертуған ағамен төрт күн бірге болған әйелдің жылап қоштасқаны, мені біреуге қор қылмай бірге ала кет деп жалбарынғаны да мәлім болады.
– Басқаңды қайдам, Ертуған інімнің арқасында борщқа тойдым, моншаға түстім, көніл көтердім... Орыс келін аяғының ұшымен жүгіріп күтті ғой. Ереке, бауырымның әйелдерге бірден жағатын ерекше қасиеті бар-ау, әйтпесе олар мені, қазақтың қара шалын неғылсын, - деп Әлқан аға бәрімізді бір күлдіріп алды.
Отырыстың қызған шағында Ақзада аға оғаштау ұсыныс жасады .
- Жігіттер! Маған бір ой келіп отыр. Бағанадан бергі әңгіменің тақырыбы - жігіттік туралы болды ғой. Оның үстіне сендер менің досым Ертуғанды тым мақтап кеттіңдер, бұл әлемде одан асқан еркек жоқтай. Нағыз жүйрік Аламан бәйгеде танылар дегендей, ол (Ертуғанды айтады) өзінің ерекше жігіттік күштілігің мен ойлап тапқан «Насыбай» жарысында көрсетсін. Оған басқаларын да қатыса аласындар. Арамызда қымсынатындай қыз-келіншектер жоқ қой, тұспалдап айтқанда ойынның шарты мынадай:
– Кімде-кім торы аттың мойынына салатын қамытты насыбайына іліп, киіз үйді бір айналып шықса, жеңіске сол жетеді. (Автордан: қамыт – жылқыны арбаға, шанаға жегуге арналған әбзел. Салмағы – 5 килограмм). Қысылатын түкте жоқ, өзіміз ғой, жас кезде ондай да қалжың болады. Қысқассы, қамытты түсіріп алмай, үйді айналып шыққан жігітке қызыл сиырымды беремін.
Жігіттер алғашқыда абдырап қалғанмен, бірте-бірте бірін бірі кеукеулей бастады. Әсіресе көкейлерін қызыл сиыр тесіп бастады. Өйткені біздің ауылда күніне 30 литр сүт беретін тек осы сиыр болатын.
– Сиырыңды шынымен бересің бе, жоқ әлде қалжыңдап тұрсың ба? - деген сұраққа, Ақзада аға қызып кетіп:
– Әй, ата сақалым аузыма шыққанда сендерді алдайтындай маған не көрініпті. Одан да қауқарымы жоқ десендерші, – деп достарын желіктіре түсті. Қонысбай ағай естіп тұрған ешкім жоқ па дегендей жан-жағына қарап шиқылдап бір күліп алды.
– Несі бар, ұрғашыларың көріп тұрған жоқ қой, кеттік онда, – деді.
– Алдымен жарысқа қатысам дегендерің қол көтеріңдер. Сосын тәртіп бойынша жеребе тартамыз, жарысқа кімнен кейін кім шығатынын анықтаймыз, - деді Ақзада аға. Бұған бәрі де келісті.
Сонымен қойшы, Мүсілім, Берік, Мұратқан, Қонысбай, Ертуған, Қырықбай, Мұқан ағалардың арасында жеребе тартылды.
Жеребе бойынша бірінші болып жарыс жолына Қырықбай аға шығатын болды. Екінші кезекте Берік, үшінші Мұқан, төртінші Мұратқан, бесінші Қонысбай, алтыншы Мүсілім, жетінші - соңғы кезекте Ертуған аға өнер көрсететін болды.
Қызық енді басталды. Алғашқыда тартыншақтап тұрған жігіттер нартәуекелге бел байлап белсенділік көрсете бастады. Араларында "Иә сәт" деп қалғандар да бар.
– Ақзада, қызыл сиырдан айрылдым дей бер! – деп Мұқан аға да қоқиланды қарап тұрмай.
– Көрерміз әуселеңді, – деді Ақзада аға оған. – Ал, ағайындар, тілімізді бекерге беземей, ойынымызды бастайық.
Жарысқа қатысушылар, мен сендерді бас төреші ретінде ойынды қылжаққа айналдырмауға шақырамын. Алдымен Қырықбай шығады, – деді Ақзада аға.
Әзілқой, қу тілді Қырықбай аға: "Үшінші аяғым - көк шолағым қайдасың, кәне!" - деп жарыс жолына шыға келгенде, ішегіміз түйілгенше күлдік. Әлі күнге дейін көз алдымда, Қырықбай аға қамытты 11-метрге дейін алып жүрді.
Екінші кезектегі Берік аға қанша талаптанғанымен орнынан бір қадам да жүре алмады. Жүрегі дауаламады ма, әлде көңілі соқпады ма, қамытты түсіріп алды. Үшінші болып шыққан Мұқан аға жүрісті Қырықбай ағадан екі адым ғана асыра алды. Мұратқан аға - төрт қадам жасап барып отыра кетті. Қонысбай аға едәуір ерлік танытты. Ол кісі қара қосты толық айналып шығуға бір-ақ метр қалғанда барып сүрінді.
Мүсілім аға ширақ қимылдағанмен екі-ақ қадам жасады.
Сонымен, кезек Ертуған ағаға келді. Бағанадан бері болып жатқан ойынға бей-жай, тек езу тартып қана қарап отырған ағам орнынан қозғалар емес.
– Ертуған, көрсет кереметтігіңді, ендігі кезек сенде. Шық ортаға, - деді Ақзада аға.
Ақзадаға көзін тіктеп қараған ағам:
– Мына жерде қызыл қасқа сиыр көрінбегеннен кейін, ойынға көңілім соқпай тұр, – деді. Осы кезде әрқашан жылдам сөйлейтін Ақзада аға:
– Әй, Ертуған, сөзімде тұрмасам – маған серт, тайқып шықсан – саған серт. Айтқаным-айтқан, одан сірә қайтпан. Жарысқа шықпасаң, сен Езтуған боласын, уәдемді орындамасам мен Еззада боламын. Шық ортаға! – деді. Осы жерде әңгімеге Әлқан аға араласып, үлкендік көрсетті.
– Қарақтарым, Ақзада, Ертуған. Екеуің де менің жақсы көретін інілерімсіңдер. Өтіп жатқан ойын, менің түсінігімде бәріңе сын. Азаматтың азаматы ғана қатыса алатын сайыс. Айтарым, Ертуғанның сөзінің жаны бар. Егестің аяғы мынадай болған сон, жүлденің осында болғаны дұрыс еді. Бірақ, енді шегінуге жер жоқ. Ойынды аяқтауға таяу қалдық. Ертуған, жеребеге қатысқан екенсің, онда жарты жолда қалуға қақың жоқ. Ақзаданың жүлдесіне мен кепілдік беремін. Егер ол уәдесін таяр болса, мен саған торы биемді құлынымен беруге дайынмын. Келістік қой. Көрсет мықтылығыңды! - деп әңгімеге нүкте қойды.
Мінезі, қиқар болғанмен Ерағамыз - Әлқан ағаны құрмет тұтатын, өзіне ұстаз санайтын. Бір сөзбен айтқанда ерекше сыйлайтын.
– Әй, жігіттер, құйыңдаршы тостағанға "фронтовойды" толтырып, көрсетейін Ақзадаға ойынның көкесін, - деп ағам дүр сілкінгендей болды да толтыра құйған сипама стақанды тартып алған соң, асықпай-саспай шешінді. Үстінде тізеге дейін жететін әскери ақ жейдесі ғана қалды. Сол күйінде ойын алаңына қыннан шыққан алмас қылыштай жарқылдап шыға келсін.
Шабыттанғаны сонша екі көзі түз бөрісіне түскелі тұрған дала қыранының жанарындай жарқылдады. Аз уақыттың ішінде, ағамның орта бойы ұзарып, бұлшық еттері білеуленіп шыға келді. Екі батырдың күш сынасатын жекпе-жегі бір бөлек те, еркектік намыстың қасиеті бір бөлек екен. Бұл енді мықтылардың мықтысының, ердің-ерінің ғана қолынан келетін шаруа.
Ағамыздың жолы болғай, сағы сынбағай, - деп іштей тілек тілеп біз тұрмыз.
О, тоба! Сәдөк, ағамның Қырықбай ағамыз айтқанындай мүшесінің қауқары ересен-ақ екен. Көргенімді қалай саған түсіндірсем. Ағамыздың «шыбығы» кәдімді ЗИЛ-дің домкратындай, немесе әскери баллистикалық ракетадай көтерілді де, әкемнің қазақи ертоқымының басындай болып, қақшиды да қалды.
– Әй, Ақзада, іл қамытыңды, мен дайынмын сайысына – деді Ертуған ағам екі қолын артына қусыра ұстап, тау желіне қарсы турып. Сол-ақ екен, Ақзада аға лып еткізіп бес килограмдық ауыр қамытты оның қасабасына іліп кеп жіберді. Ағамыз кетті екі аяғын нық басып. Ойынның қызығына әбден беріліп қызып алған топ: бір, екі, үш, төрт, бес, - деп, Ерағамыздың соңынан еріп келеді. Ол болса бір мүдірмей сол қалпында қамытты ілген бойда, киіз үйді толық айналып шықты да бізге қарап:
– Жігіттер, қалай, жете ме, жоқ, тағы жүрейін бе? - деді. Қызып алған жігіттер шу ете түсті.
– Ертуған, ұттың, ұттың! Бірақ, даусыз жеңу үшін екінші мәрте айналсаң да болады, - десті.
– Онда кеттік екінші айналымға, - деп, ағамыз тағы да қозғалды.
Бәріміз Ерағамыздың соңынан еріп келеміз. Бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жеті, сегіз, тоғыз... Сонымен екінші айналым да аякталды.
– Ақзада ұтылды, Ертуған ұтты, ұтты, - деп жұрт даурығып кетті.
– Ертуған, жеңісіңе күмәнім жоқ. Тусаң ту ұл болып, бірақ қамыт жүрген жерде доға да жүреді ғой, киіз үйді тағы бір айнал, - деп, Ақзада аға қамыттың үстіне кәдімгі алтайдың қайыңынан иіліп жасалған салмағы 3 килограмдық доғаны қоя салды.
– Өй, Ақзада, бұның әділетсіздік қой. Олай келіскен жоқпыз. Ертуған жеңді. Ойын осымен бітуге тиіс, - деп Әлқан аға бұлқан-талқан болды.
Бұл кезде ағамыздың үшінші аяғы баяғы сол қақшиған қалпында жалпы салмағы 8 килограмдық қамытты да доғаны да көтеріп тұрды.
– Әлқан аға, Ақзадаға сүтті сиырын беру оңай ма, сылтау іздеп тұр да – деді ағамыз. – Саспаңыз, қарақосты тағы да бір айналып өтемін...
Шіркін не деген қасиет, не деген еркектік күш десеңізші, Ерағамыз үшінші айналымда да қамытты доғасымен бірге көтеріп, ойынның даусыз жеңімпазы атанды. Оны жеңісімен бірінші болып Ақзада аға құттықтады.
– Ертуған десе, Ертуған екенсің. Жарадың, бауырым! Мәскеу түбінде қол қалт еткенде де қызды ауылды жағалаушы едік қой. Сол кезде де сен оқ пен оттың арасында жүріп талай арудың сауабын алғансың. Біз бір үйден әлсіреп әрең шыққанда, сен көшенің ана бойынан кіріп, аяғына дейін барлық орыс әйелдерінің көңілінен шығып, жайпап шығушедін. Сонда олар: «Бұл не деген ғажайып күш! Бұл не деген еркектік қасиет!» – деп бастарын шайқап таң-тамаша болушы еді. Соның бәрі бекер емес екен, оған бүгін көзім әбден жетті.
Ақзада аға сөзінде тұратын кісі ғой, атын ерттеді де қыстаққа қарай, жүлдені беруге тартып кетті.
Келген бойда қызыл қасқа сиырды бас жібімен жетектеп Ертуған ағаның қорасына әкеп байлайды. Бұл "мал енді сендердікі" дейді. Не себептен бергенін айтпайды. Атақты сиыр Ерағаның малы болып қала береді. Осы арада әңгімені доғарса да болар еді бірақ, оқиғаның қызығы содан кейін басталады.
Ақзада ағаның әйелі Жарқын тәтей соғыс кезінде колхоз төрайымы болған. Сауатты, парасатты, көзі ашық адам еді. Балаларын ұйықтатқан соң күйеуін әңгімеге тартады ғой.
– Ақзада, осы күнге дейін сенің бетіңе қарамадым, алдыңнан көлденең өтпедім. Бүкіл әулетіміздің асыраушысы болған жалғыз сиырымызды неге бөтен біреуге бере салғаныңа түсінбеймін. Соның жауабын білгім келеді, ашығын айт, - дейді.
Әрдайым тура сөйлеп, тура тұратын Ақзада ағамыз ағынан жарылады, болған оқиғаны басынан аяғына дейін баяндап береді. Содан өзің білесің, отыз тісті ауыздан шыққан сөз отыз рулы елге тарайды.
Ертуған ағаның ерлігі бүкіл аймаққа аян болып, талай күйеулері соғыста қайтыс болған жесір әйелдерді өзіне магниттей тартады. Барлық қызық жылқыны Сандықтасқа, үлкен жайлауға айдап әкелгеннен басталады.
Өзің білесің, жазда Сандықтас жайлауын көрші үш ауданның малшылары бірге жайлайды емес пе. Сол аудандардың басы бос әйелдері ағамыздың кезегін тосады екен ғой.
Қырғыз бауырлардың "сен жылқышы, мен шабан, жылқылар жусап жатқанда" - деген өлеңіндей, жесір әйелдер жоғалған малдарын іздеген болып ағамызға жолығады екен деседі. Жөн сұрасады. Танысады. Емеуірін білдіреді. Қарасумкадағы арнайы салынып әкелінген жылқының сүрленген еті туралады, шөлмектің ауызы ашылып, жүз грамм ішіледі. Соны-мен несің айтасын, ағамыз бейтаныс әйелді риза қылады, есінен тандырады, қанағаттан-дырады, денесін иітіп, көзін ашады. Есін әрең жиған әлгі әйел, ауылына келген сон келесі жесірге жеткізеді. Ол әйел басқа әйелге айтады. Сөйтіп ағамыз бір жазда үш ауданның басы бос әйелдерінің мейірін қандырып, сауаптарын алады.
Міне, ағамыздың осындай аса сирек кез-десетін ерекше ғажайып, еркектік күш болған деп Кеңес ағам ұзақ әңгімесін тәмамдады.
Бұл кезде арайланып таң атып келе жатқан. Әңгімеге ден қойғаным сондай, орнымнан тұрғым келмеді. Тыңдай бергім келді. Ағама екі сұрақ қойдым.
– Аға, Ертуған ағамен осы ғасырдың басында өмір сүрген, аты осындаймен әйгілі болған орыс азаматы Гриша Распутин екеуін жарыстырсақ қайсысы озар еді?
– Сұрағың дұрыс. Григорий Распутин де мықты еркек болған. Ол да, бір деревняның шаруасы, мұжығы. Князь, графтар, сарай байларының әйелдерінің көңілін қалдырмаған. Сонымен аты шыққан. Орыстар оны өте құрмет тұтады. Оған арнап романдар жазыл-ған, спектакльдер қойылған және кино түсі-рілген. Ленинградта оның атындағы музей бар. Бірақ доға мен қамытты қоса көтеріп жү-ру ешбір распутиндердің қолынан келмейді. Ондай қасиетке тек Ертуған аға ғана ие.
– Аға, екінші сұрағым: Ертуған ағаның осындай ерекше мықтылығының сыры неде?
– Жақсы сұрақ. Жарайсың, болашақ жазушы. Болашағың бар. Мұндай қасиетке, күшке ие болу жаратылыстан. Дене құрылысының бітімінен. Бұл құбылыс 100-миллион еркектің біреуінде ғана кездеседі. Ертуған аға туғанында іштен сүндеттелініп туған. Біздің Ертуған ағаның еркектік қабілеті аса зор, күшті болған қасиетті адам. Сондықтан біз ол кісіні ауызға алып, күлкіге айналдырмай, анай-ылыққа жорымай айтып жүруіміз керек. Кө-кейімде көптен бері айта алмай, саған жеткізе алмай жүрген әңгіме осымен тамам. Мін-детімді орындадым. Ендігісі сенде. Журналға ма, кітапқа шығарасың ба оны өзің білесің. Қашан шығарасың, ол да сенің еркіңде. Әй-теуір шығарсаң болды, қателеспейсің, бұл оқиғаның тағлымы мол.
– Аға, бұл керемет оқиға екен. Жазамын. Уәде беремін.
– Жарайсың, Сәдөк. Иығымнан жүк түскендей болды. Ағаларды ұмытпауымыз керек, әрдайым есте сақтауымыз қажет. Ұмытып барады екенмін ғой. Сен де іштен сүндеттеліп туған ұлсың. Қайда жүрсең де аман жүр. Жорытқанда жолың болсын, жолдасың Қыдыр болсын, - деп Кеңес ағам ақ батасын Өр Алтайдың, Асқар Алтайдың Алты Бура Асуында тұрып берген еді.
...Содан бері қырық жылдай уақыт өтті. Ағам о дүниелік болды. Мен, Кеңес ағамның қабірінің басында тұрмын. Қолымда өзі баяғыда шерткен хикаяның қолжазбасы...
Ағамның өз көзімен көрген, маған аманат еткен әңгімесі еді ғой. Кеңес Ағам аманатын енді жарыққа шығармасам қиянат болар деген оймен тәуекелге бел будым.
Алты Бура асуында осындай да "жарыс" өткен...
2005 жылдың 12-ші қыркүйегі.
Алматы қаласы.
Бөлісу: