Есениннің құжырасы

Бөлісу:

11.05.2017 7919

Мәскеудегі ақын-жазушылардың музейін аралап жүріп, екі ақынның тұрған үйіне таңғалдым. Әйгілі ақын Марина Цветаеваның үйі – Мәскеудің орталығында орналасқан әсем ғимарат. Музейді аралап жүріп, бір кезде осы еңселі, сәулетті үйде тұрған ақынның аштықтан бұратылып, бір тілім нанға зар болғанына сене алмадым. Мәскеу университетінің профессоры, музей директоры, беделді тұлғаның қызы аштықтан азап шекті дегенге кім сенеді? Бірақ бұл – шындық.

Лев Толстойдың Ясная Поляна мен Мәскеудегі сән-салтанаты жарасқан коттеждері, Алексей Толстойдың байлықтың исі шығатын үйі, Тургеневтің еңселі үйі, арбаттағы Пушкин жалдап тұрған, заттары талғаммен қойылған пәтер, Чехов анасы мен бауырларымен жалдап тұрған коттежд, Блок, Белый, Булгаковтың пәтері, Достоевскийдің балалық шағы өткен үй... қысқасы, біраз танымал ақын-жазушы тұрған үйді көрдім. Олардың әрқайсысы маған өзінің ерекшелігімен, ақын-жазушылардың қолжазбаларының құндылығымен ұнады. Бұл үйлерде есімі әлемге әйгілі ақын-жазушылар бірнеше жыл бұрын тұрса да, қабырғалардың ар жағынан олардың күлкісі мен күрсінісі талып естілетін секілді. Бұл үйлерде олардың жеке басының, отбасының қуанышты және қайғылы сәттері өтті, ақын-жазушы ретінде шығармашылық шабыттың ләззаты мен мұңын сезінді. Осы үйлерде адамзаттың санасын сілкілеген талай ұлы дүниелер туды. Бұл үйлерден санамдағы рухани сілкіністі сезініп, қанаттанып шығатынмын. Арада біраз уақыт өткеннен кейін қайта барғым келетін. Өзім көрген бір ақынның ғана үйіне қайтып барғым келмейді...

Ерке Есенин туралы талай естелікті оқыдық қой. Ол мына әлемге тек қана ақынның көзімен қарады, әлемді, жалпы өмірді поэзия деп түсінді. Маған Есенин өз тағдырын да саналы түрде поэзияға айналдырғысы келген ақынға ұқсайды. Жо-жоқ, ол ешқашан өз болмысын, шығармашылығын қолдан күрделендіріп, жасанды күрделілікке ұмтылған жоқ. Өзі қандай еркін болса, шығармашылығында да еркіндік алдыңғы планға шығады. Есенин қанша қаласа да, тағдырын поэзияға айналдыра алған жоқ. Тағдыр ешкімге ешқашан бағынған жоқ. Ақын шектен тыс еркіндік ешкімге опа бермейтінін тым кеш түсінді.

Санамда Есениннің шығармашылығы арқылы өзім қалыптастырған ақын болмысы бар, естелік кітаптардан оқығаным бар, ақын жалдап тұрған үйге бара жатқанда сән-салтанаты жарасқан сарайды елестеткенім жоқ. Есенин тұрған үйге кіргеннен кедейліктің исін сезінесің. Ол тұрған аядай бөлмені көргенде еңсемді мұң басты. Сол себепті болар, ақынның бөлмесіне ешкімді кіргізбейді. Есениннің бөлмесін музейге келген қонақтар әйнек терезеден көреді. Бір жағынан бұл да дұрыс, біріншіден, ақынның бөлмесінде адам айналып жүре алмайды, тым кішкентай, екіншіден, ақынның заттарының ешқайсысы көшірме емес.

Ақшасы жоқ, болса да, ақша ұстай алмайтын, тез жұмсап тастайтын, қолы ашық ақын Мәскеудегі ең арзан пәтерді тауып алған секілді. Бөлменің тым кішкентай, қарапайым екенінен-ақ ондағы заттарды елестете беріңіз. Бөлмеге бір кереует қойылған, оның өзі кішкентай бөлменің біраз жерін алып тұр. Бөлмедегі ең бағалы заттар – ақынның баяны мен кітаптары. Кітап та көп емес. Ақынға дін қызметкері сыйлаған икон тұр.

Замандастары жазған естеліктерде Есениннің пәтерге ақша төлей алмай, жиі қарыз сұрайтыны, пәтерінен шығып қалған кезде достарының үйінде тұратыны айтылады ғой. Кім біледі, ақын біз қомсынып тұрған бөлменің ақшасын да төлей алмай қиналған шығар...

Есенин тұрған үйдің кіре берістегі дәлізінде ақынның жеке және жары Айседора Дунканмен түскен фотосуреттері мен өлеңдерінің қолжазбасы ілулі тұр. Дәліздің сол жағындағы залда Есениннің кітаптары мен Есенинге арналған кітаптар, ақынның әріптестерімен түскен фотосуреттері сақтаулы. Бұл залда ақынды еске алу кештері жиі өтеді.

Өмірі кедейшілікте өткен ақынды аяймын ба, әлде әлеуметтік қиыншылықпен күресіп келе жатқан өзімді, өзім секілді қазақ жастарын аяймын ба, Есениннің үйіне қайтып барғым келмейді. Амал жоқ, елден келген ақындар «Есениннің үйіне ертіп баршы» дегенде баруыма тура келеді. Қазақстаннан екенімді білетін музей қызметкерлері Есенинге қатысты өтетін кештерге жиі шақырып жатады. Оларға Есениннің үйіне келсем, еңсемді бір мұң басатынын айта алмаймын...

Аягүл МАНТАЙ

Бөлісу:

Көп оқылғандар