Цветаеваның үйі

Бөлісу:

18.05.2017 6053

«Мені «Литфондтың» асханасына ыдыс жуушы етіп жұмысқа алуыңызды өтінем». Жоқшылықтан жеңілген ақын өлерінің алдында «Литфондтың» директорының атына осындай өтініш жазды. Мәскеудің орталығындағы (арбатта) Марина Цветаеваның еңселі, зәулім үйін аралап жүріп, ақынның аштықтан азап шеккеніне сене алмадым. Пародокс! Марина Цветаева – Мәскеу университетінің профессоры, музей директоры, зиялы адамның қызы ғана емес, өзі де мықты әдебиетшілер мойындаған, танымал ақын еді. Сол кездегі жүйе табиғатынан талантты, бітбеткей, шынайы, жағымпаздану мен жалтақтауды білмейтін қаншама ақын-жазушының тағдырымен ойнады... Зұлым жүйе Марина Цветаеваның да нәзік жүйкесін жаншып, шетелге тентіретіп жіберді...

Ақын үйінің табалдырығын аттай бергенде «Мені ыдыс жуушы етіп жұмысқа алуыңызды өтінем» деп алыстан талып жеткен үнді естігендей болдым. Кібіртіктеп, бір орнымда тұрып қалдым. Музей қызметкері бетіме күлімсіреп қарап: «Бері жүріңіз, сізді Марина Цветаеваның қонақ бөлмесіне алып барайын. Сіз қонақсыз ғой» деді. «Бір кезде мынандай еңселі үйде тұрған ақынның бір тілім нанға зар болғанына кім сенеді?! Құлағыма алыстан «мені ыдыс жуушы етіп жұмысқа алыңызшы» деген дауыс естілгендей болды» дедім ойымды жасыра алмай. «Музейде жұмыс істеп жүргелі біраз жыл болды. Мұнда ақын-жазушылар көп келеді. Екі-үш ақын-жазушы да солай деп еді. Цветаеваның үйін көрген адамның бәрі оның ашыққанына сене алмайды, бірақ бұл – шындық» деп мені қонақ бөлмеге бастап кірді.

Қонақ бөлме үлкен де, кішкентай да емес, бөлмеге кірген кезде камин бірден көзге түседі. Бұл үйді жалға алған кезде (1914-1922) ақынға, әсіресе, қонақ бөлмеден терезеден қараған сәт және камин ұнаған екен. «Осы бөлмені көргенде-ақ «бұл менің үйім» дедім. Түсінесің бе? Бұл үй ешбір үйге ұқсамайды. Бұл жерде кім тұруға тиіс? Әрине, мен!» деп балаша қуаныпты ақын. Бөлмедегі үлкен сағат, Пушкиннің бюсі көзге бірден түседі. Мәскеуде әдеби музейлерді аралап жүріп байқағаным: орыстың ақын-жазушылары өздері талантын мойындайтын қаламгерлерге құрмет ретінде портреттері мен мүсіндерін кабинеттеріне, жұмыс үстеліне қойған. Кеңес кезеңіндегі сән бойынша кішкентай буфеттің ішіне жаңа ыдыс-аяқтарды әдемілеп, әсемдеп қойған. Сондай-ақ бөлмеде екі диван, стөл, үстелдер бар.Қабырғада Марина Цветаеваның, ата-анасының портреттері ілулі тұр.

Қонақ бөлмеден келесі бөлмеге өтетін кішкентай дәлізде роял, ақынның оқыған кітаптары салынған шкаф тұр. Марина бала кезінде әйгілі композитор Николай Рубинштейннен дәріс алған. Цветаеваның үйінің төрінен Бетховеннің портретін көруге болады. Жаны мұңайған кезінде ақын Бетховенді, жалпы классикалық музыканы жиі тыңдайды екен.

Ақынның бөлмесі қарапайым: жазу үстелі, диван, шкаф, құнды кітаптары және граммофон... Жазу үстелі үстінен ақынның қолжазбасын, өлеңдері жазылған дәптерін көруге болады.

Марина ақын ғана емес, ана, балаларының бөлмесін барынша жарық, әдемі етуге талпынғаны байқалады. Мұндағы заттардың бәрі өте талғаммен қойылған. Бала кезінде ата-анасының мейріміне бөленіп өскен Марина шама-шарқынша балаларына жағдай жасап, олардың бақытты балалық шағына куә болғысы келгені анық. Әдемі ойыншықтар, аю, құлыншақ, балалар стөлі... бәрі де қиялыңмен балалық шаққа саяхат жасатқызады. Бір сәт осы бөлмеде қалып, балалық шағыңмен бетпе-бет келгің келеді.

Марина Цветаеваның үйінде әдемі әсер сыйлаған тағы бір бөлме – екінші қабаттағы, дәлірегі, ақынның күйеуінің бөлмесі. Бұл – шығармашылық шабыт шақыратын, кемеге ұқсайтын, дизаины ерекше бөлме. «Мына бөлме негізі Цветаеваныкі болуы керек еді» дедім. Қасымда тұрған орыс қыз: «Менің ойымды оқып қойғандайсыз» деп жымиды. Бөлмедегі заттардың бәрі өз орнында, мұнда да кітап толы шкаф, диван, кресло, жазу үстелі... Бәрінен де көзге бірден түсетіні дәу қыран. Төбесі пәс бөлмеге сән мен айбар беріп тұрған да – осы құс.

Біздің әңгімемізді естіп тұрған музей қызметкері: «Қателеспедіңіз. Азамат соғысы кезінде Эфрон көп уақыт үйінде болмады. Ол өзінің азаматтық міндетін сезінді. Сол кезде бұл бөлме Маринаның шығармашылық кабинетіне айналды, бұл бөлме туралы ақын өлең де жазды. Бұл жерде ақын шабыттанып, ең жақсы өлеңдерін жазды» деді.

Бағалы жихаздар, түкті кілемдер, ақынның жеке заттары Марина Цветаеваның бір кезде әлеуметтік тұрмысының деңгейін, зиялы отбасының қызы өзін ақсүйектерше ұстап, жақсы өмір сүргенін көрсетеді.

...Бірде РУДН-де оқып жүрген кезімізде сабақ үстінде Марина Цветаева туралы әңгіме болды. Оның поэзиясын талқылап отырып, оның аштықтан қиналғаны, ауыр тағдыры туралы да әңгіме еттік. Мескин атты ұстазымыз «Анна Ахматова мен Марина Цветаеваны салыстыруға қарсымын. Екеуі екі түрлі ақын. Бірақ... Цветаева – тағдырлы, терең ақын» деді.

...Цветаеваның үйінен шығып бара жатқанда да құлағыма алыстан: «Мені ыдыс жуушы етіп алыңызшы» деген үн талып естілді. «Марина, сенің өмірің – тағдырдың картинасы» дедім құдды ақын мені естіп тұрғандай.

Ақынның әдебиеттегі шенеуніктерге жазған өтініші архивте сақтаулы тұр. Марина Цветаева «Литфондтың» асханасында ыдыс жуған жоқ. Өтініш жазғаннан кейін арада көп уақыт өтпей өзіне қолжұмсады. Күйеуі ату жазасына кесіліп, қызы «Кеңес Одағының жауы» атанып, түрмеге қамалып, аштықтан азап шеккен ақын өзін-өзі құтқара алмады... Дәлірегі, таланттың тағдырымен ойнаған қоғам ақынды өзін-өзі өлтіруге мәжбүр етті.

Аягүл МАНТАЙ

Бөлісу:

Көп оқылғандар