Бақытгүл Зарқұмар: Ақынды кез-келген соттан ақтап алатын – Өлеңдері...

Бөлісу:

19.05.2017 10755

-Бақытгүл әпке, шығармашылық өмірбаяныңызды оқып отырсақ Монголияда алған әдеби жүлделеріңіз ғана аталады екен. Ал Атажұртқа оралған соң әдеби байқауларға қатыспадыңыз ба әлде?..

-Мен әдебиетке жасқанбай келдім,жанып өтермін...
Ел-жұртымның құрмет,сыйын бала жасымнан көріп,ержеттім.Қазақстанға келген соң үш мүшәйраға қатыстым.Үшеуіне де еркімнен тыс жағдайда,жансақтаудың қамы үшін.Соңғысы Шаңырақ оқиғасына байланысты «Шаңырақ»қоғамдық қоры мен «Дат»газеті ұйымдастырған мүшәйра еді. Балқаштық талантты ақын Бағдат Мүбәрак екеуіміз жүлделі орындарға ие болдық.Бірақ,жала мен налаға толы сергелдеңге тап болдым.Бір Алланың құдірет күшімен бір шырмау-шырғалаңнан аман қалдым.Алайда,күні бүгінге дейін соңымнан қиянатшыл көз бен сөздің көлеңкесі қалар емес.Содан бері мүшәйра,әдеби байқау дегендерге жанымды жалдағым келмейді.


-Осыдан біраз жыл бұрын «Жалын» баспасынан «Жүректегі жүзік» деген атпен жыр жинағыңыз жарық көрді. Одан бері де біраз уақыт араға түскен сияқты. Жаңа кітабыңызды қашан оқи аламыз?


-«Жүректегі жүзік» Ғалым Жайлыбайдай жақсы ағаның,жайсаң ақынның жанашырлығымен жарыққа шықты.Мен секілді әдеби ортадан саяқ жүретін,тағылау ақынды тасадан тауып, шығару үшін де үлкен адамгершілік пен кең жүрек болу керек деп ойлаймын.
Екі-үш кітаптық өлеңдерім қатталып жатыр.Есік қағып,қоңырау шалып жүріп кітап шығартуға құлқым жоқ.Мүмкін,бір замандар келер,мені де елеп-ескерер...

-Сіз қазақша ғана емес монгол тілінде де өлең жазасыз. Шығармашылық адамы үшін бір тілді артық білу – өзгелерден қарағанда бір өрісінің кеңдігін білдірсе керек. Жалпы, Монгол ақындарының артықшылығы қандай?


-Моңғол тілін білуге міндеттімін.Жазылмайтын заңдар заңдылықтарды алып келеді кейде.
Моңғл ақындары сахараның самалын,жас құлынның жанарын,ерменнің исін,көк пен жердің сүйісін өлеңдеріне қотарып,қорытып шығара алатындығымен ерекшеленеді.


-Аудармамен де айналысасыз ғой. Қазір кімдерді аударып жүрсіз?


-Қазір моңғолдың ақын қызы Б.Ичинхорлооның өлеңдерін,орыс ақындарынан құрдасым Ника Турбинаның өлеңдерін аударудамын.

-Ника Тубинаның шығармашылық жолы, жалпы тұтас биографиясы өзімді қатты қызықтыратын еді. Сіздің Ника Турбинадан бір аудармаңызды тыңдасам?

-Әлдилеңдер мені...

Әлдилеңдер тек мені тербетіңдер,

Келген кезде ақшамда терме түндер.

Бесік жыры алданыш болсын маған,

Толқытып бір өтсінші жер бетін шер.

Мұңдар көшіп дүниеден көрге түнер...

Түс сыйлаңдар тағы да таңдарда әрі,

Шам өшкені көктегі шам жанғаны.

Күндердің де суретін жасырыңдар,

Жастығымның астына...қалған зары.

Кетіңдерші,кетіңдер,сендер түгіл,

Тастап кетті балалық...аңғал жаны.


-Әлеуметтік желілерде белсендісіз. Бұл әдеби үдерісті бақылап отыру үшін бе, әлде технократтық қоғамға бейімделгеніңіз бе?


-Әлеуметтік желі қазіргі таңда шығармашылық адамдары үшін виртуальдық байланыс құралы ғана емес.Өз аудиторияңды табу үшін,өзіңді тану үшін мүмкіндігі мол әлем.

-Өлеңге шапалақ соғатын қоғамнан шаршаған жоқсыз ба, өлең деген шын мәнінде көзбен оқылып жүректен өту керек дүние секілді?


-Дұрыс айтасың! Өлең жүрекпен жазылып,жүректен өту керек...

-Әр шығармашылық адамының бір айналысатын сүйікті ісі болады ғой. Мысалы, бір жас ақын қаламгерлердің дауысын таспаға жазып алып сақтағанды ұнатады екен. Сіздің ерекше айналысатын ісіңіз бар ма?

-Менің сүйікті ісім кітап оқу,шахмат ойнау.Сосын,адыраспанмен аластау...


-Жалпы, өмірдің заңдылығы бойынша бақталастық бар жерде өсу, өркендеу болады. Ал, бақталастық әдебиетке керек пе?

-Бақталастық дегенге бар болмысыммен қарсымын.Өзімшілдік,күншілдік жақсылыққа апармайды.Әдебиетке тазалық керек!

-Шығармашылық адамын сын мен мақтаудан өзге не өсіреді?


Тағдыр жолындағы көлденең жатқан тас та...

-«Адалдығын аласартқан қоғамның,

Алдында мен келмейді рас тоналғым»-дейсіз бір өлеңіңізде. Жаныңызды қоғамдағы ластықтан арашалап қалу үшін неге жүгінесіз?


-Мен жүрегіме жүгінемін. Жүрек деген нұрдың пейіші ғой?!

-Осы өлеңіңіздің тағы бір тармағына тоқталайықшы:

« Даралығым бағым ба әлде, сорым ба,

Даңқ пен атақ тапталады жолымда»-депсіз. Жалпы, атақ-абыройды қанша жерден керек емес десек те, жақсылығымен келсе мерейді үстем қылатын дүние ғой. Өлеңім өз бағасын алмады-ау деп қынжылмайсыз ба?


-Өлеңге атақ керек емес,ар керек!

-Қазіргі әдебиеттің кемшілігін бәрі айтады, ал артықшылығы жайлы сіз не дейсіз?


Артықшылығы,өлеңдері өлшемге сыймайтын,өресі биік жастардың өсіп келе жатқандығы.

-Сіз туралы аңыз әңгімелер әдеби ортада еміс-еміс естіліп қалады.Қайсыбір вокзал маңында арба сүйретіп жүрген қаңғыбас ақынға арашашы бопты,жындыханада жатқан ұлы ақының ұрпағына барып хабарласып тұрыпты,жетімдер үйіндегі балаларға көмек жасапты деген секілді т.б.Өзіңіз баспанасыз,жұмыссыз жүргенде бұл қаншалықты ақталатын әрекеттер деп ойлайсыз?


-Ақынды кез-келген соттан ақтап алатын – Өлеңдері...

-Кітап көп оқисыз білемін. Қазір қандай кітаптар оқып жүрсіз?


Қазір Абай шығармаларының екі томдық толық жинағын қайталап оқып жатырмын.

-Әңгімеміздің басын әдеби байқаумен бастадық қой, аяғын әдеби сыйлықпен аяқтайықшы. Сіздің қолыңызда мүмкіндік болса қандай үш ақынға «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын берер едіңіз?


-Шерхан Талап, Жадыра Байбұланова, Әділет Шопен...

-Ақыннан өлең сұрайық?

***

Бар ма екен мендей мұңылық?

Бар ма екен мендей құсалы?
Жанымды жатыр кім ұғып?!
Жандырған түннің құшағы...
Бар ма екен мендей шерлі өлең?
Бар ма екен мендей арман ән?
Кездесіп бәлкім,көрмеген,
Кешіккен бақыт... зар маған...
Бар ма екен мендей ғұмыр мұң?
Бар ма екен мендей ғашық жан?
Жасына көздің тығылдым,
Жанымның сырын жасырған...
Бар ма екен мендей іңкәрлік?
Бар ма екен мендей жанкешті?
Аңсаумен талай түн қалғып,
Арманмен талай таң көшті...

***

Қадалса да қара түнге кірпігім,
Қалғымауды тіледім...
Менің ғазиз жүрегімнің бүлкілін,
Менмендік деп түсінесің,білемін.
Көздерімнен өбе берсін ай нұры,
Көңілімді көтерсін!
Құшағыма қысамын деп қай күні,
Құсалықпен мені сүйіп өтерсің...
Махаббат ол-аңсауменен ғұмырлы,
Малындырып мұңына.
Талығумен көздерім де жұмылды,
Таң да атты шұғыла...

***

Көктем келді...
Көрікті қыз қайыңға,
Көп сыр айтып қайттым мен сіз жайында.
Сіз жайында тау жақтан ән естілді,
Сізше сүйе алмаған әлі ешкімді.
Әлі ешкімді әуірелеп үлгермеген,
Әлі ешкімге әдемі гүл бермеген,
Көктем келді...
Көктем келді,
Көктетіп жұмыр жерді,
Көк талдарға жан берді,ғұмыр берді.
Ғұмыр берді ғұрпы әсем сезімдерге,
Ғұмыр берді сүйгенге,сезінгенге.
Сезінгенге сембейтін құт дарыды,
Сеңгірлерге моншағын құстар ілді,
Көктем келді...

***

Тағдырдың қатты, тасбауыр екені рас-ты,

Талай күндерім арманмен,мұңмен қыр асты...

Асыл дегенің бақыр боп шығар сәттерден,

Асқақ тұруға құдайдың өзі дәт берген...

Қара көздің де жасырған сыры бар ұқсаң,

Қараңғылықты ысырып тастар жарық таң...

Анық дегенің тамұқ боп жатса жоқ шара,

Арман бар сірә,алаулап жанған отта да...

Таланттың бәрі күйініп өтер тағдыр шын:

Талқылап,талап, тобырға көрін қаздырсын!

Жаласы жалған,өсегі өрттей қоғамда,

Жауһарды көрсе тоғытар тоқтау тоғанға...

Атақ пен мансап құлқынға ғана тәуелді,

Ақиқат жалғыз аспанда қалды, әуелгі...

Жасанды бәрі,жасанды әлем,тіршілік,

Жалған дүние жасайды көкке құлшылық...

Аспанның бірақ,жетпейді-ау пенде сертіне,

Ағып түседі жасындар ғана жер тіле...

***

Өлеңмен бірге өткізер талай күн-айды,
Ақынның мұңы неліктен сұлу,шырайлы?!
Өртеніп-жанған,өкінген құса жүрегі,
Аңсарын іздеп аспанда жүрген сыңайлы.
Күтеді бәлкім, күткендей құстар көктемді,
Сағыныш екен аңсаудың бәрі өткенді.
Күміс сырғалы жастықтың нұрлы бейнесі,
Самырсын толы аралап жүрер бөктерді.
Қаншама арман түсіме еніп,қара үзді,
Шаштарым қара шашылып кеткен тәрізді.
Қасқайып тұрған Алтайым сенің бауырыңда,
Шайқалмай қалған дүниедегі асыл,бар ізгі.
Алтайын аңсап көңілім көкті шарлайды,
Сағыныш екен мендегі білдім,бар қайғы.
Аршасы аңқып түсіме енген туған ел,
Самалыңменен сипайсың келіп маңдайды...

Әңгімелескен Айжан Табарак

Бөлісу:

Көп оқылғандар