Үйі жоқ ақын
Бөлісу:
немесе Пушкиннің музейі
Мәскеу – музейімен мақтанатын қала. Әйгілі ақын-жазушылар жалдап тұрған, тіпті табаны тиген үйді де музейге айналдырып тастаған. Мәскеудегі ең алғаш барған музейім – арбаттағы Пушкиннің музейі. Мәскеуге алғаш келген кезімде, «қала күнінде» ұзын-сонар кезекте тұрып, әзер кіргенмін. Ол кезде қаланы әлі жақсы білмеймін. Қызыл алаң жаққа ғана адаспай баратын кезім ғой. Петерборда тұратын Пушкин үйленгеннен кейін Мәскеуден пәтер жалдап, бал айын өткізіпті. Ақынның жұбайымен Еуропаға саяхат жасауға әлеуметтік жағдайы көтермесе керек. Алғаш рет осы музейден Пушкиннің қолжазбасын көрдім. Қалаға әлі үйренбеген, елді сағынып жүрген кезім ғой, сағынышымды ұлы ақынның қолжазбасы басатындай ұзақ қарағаным есімде.
Араға біраз уақыт өткесін Пушкиннің Мәскеудегі ең үлкен музейіне жолым түсті. Музей – үш қабатты, өте еңселі сарай. Әсіресе, ең бірінші залдағы балға жиналған ақсүйектердің мүсіндері өте сәтті шыққан. Бірі – билеуге дайындық жасап жатса, бірі – өзін мәртебелі санап, бағынатын адамның алдында басын иіп тұрғандай. Енді бірі – мына жалған әлемнен өз үлесін алып қалғысы келгендей, ашқарақтана қарайды. Екінші залдағы Пушкиннің кітапханасындағы кітаптар әйнек ішінде тұрса да, көне, ескі кітап исі шығады. Бұлар Пушкин оқыған, Пушкин қолымен аялап ұстаған құнды кітаптар ғой! Пушкиннің кітапханасынан Вольтердің кітаптарының бірнеше томын, Дантенің шығармаларын көрдім. Кітаптардың көпшілігі француз тілінде екен.
Познермен сұхбатында режиссер Андрей Кончаловский айтып еді: «Бір қызығы, Пушкин орыс тілінде қатемен жазған, ал француз тілінде өте сауатты жазған». Рас, Пушкиннің француз тілін еркін меңгергенін пушкинтанушылар жиі айтады. Бір қызығы, Пушкин поэмаларын жазып отырып, парақтың бір шетіне кейіпкерлерінің суретін салыпты.
Музейді аралап жүріп, музей қызметкерін әңгімеге тарттым. «Бұл үйде Пушкин болған ба?» деп сұрадым. Музей қызметкері: «Пушкиннің бұл үйде болғаны туралы нақты дерек жоқ. Бұл үй негізі Хрущев деген дворянның үйі болған. Дворян жиі бал кештерін өткізіп, танымал адамдармен жақын араласыпты. Сол кештерге ақын құрметті қонақ болып қатысқан деген болжам бар, бірақ бұл дерек нақты емес. Бұл – Пушкиннің кітаптары, ақынның және отбасының қолданған заттары қойылған музей. Жалпы кедейленген дворян ақынның үйі Санкт-Петербургта да болмаған. Ол тұрған үйлерін жалдап тұрған» деді.
« О бедность! затвердил я наконец...» деп өлең жазған ақынның мұңлы үні құлағыма талып естілгендей болды...
Музейдегі он бес залдың әрқайсысы Пушкин дәуірінен, ақын шығармашылығынан сыр шертеді. Мысалы, «Евгений Онегин», «Капитан қызы» атты шартты аты бар залдар ақын шығармашылығының композиясын еске түсіреді. Бұл залдардан шығарманың қолжазбасын, алғашқы басылымын, кейіпкерлер бейнеленген портреттерді көруге болады.
Әр залдың қабырғасында ақынның және ата-атасы мен жарының, достарының портреттері ілінген. Музейді аралап жүріп кедей ақынның байлығы кітаптары болғанын және кітаптан ақша аямағанын түсінесің. Себебі, мынау шкафтардағы сіресіп тұрған кітаптар – ақынның кітапханасынан алынған.
Пушкиннің музейінде ақынның шығармашылығына қатысты ғылыми конференциялар, әдеби кештер жиі өтеді. Мен музейге барған күні шетелден бір топ ғалымдар, әдебиетшілер келіп, залды аралап жүр екен.
Екінші қабатты аралап жүргем. Жоғарғы жақтан испан тілінде жарқын-жарқын дауыстар естілді. Жалпы испандықтар эмоциясын жасыра алмайтын, айқайлап сөйлейтін халық қой. Жоғарыға көтерілсем бәрінің қызықтап, талқылап жатқаны Пушкин ертегілерінің кейіпкерлері екен. Музейдің үшінші қабатындағы екі бөлмеге кірсеңіз, өзіңізді ертегі әлеміне кіріп кеткендей сезінесіз. Өзіміз бала кезде оқыған Пушкин ертегілерінің кейіпкерлері қарсы алады. Сиқырлы әлемнен шыққымыз келмей, бәріміз ұзақ аялдадық. Бәлкім, бәр сәт балалық шағымызға оралғымыз келген шығар...
Аягүл МАНТАЙ
Бөлісу: