Ақын Несіпбек Айтұлын білмейтін қазақ кемде кем. «Арқатірек» атты бір ғана кітабы арқылы күллі қазақтың батырлық дастандарының антологиясын жасаған дарынды ақын жайлы Мұқағали Мақатаевтан бастап, күні бүгінгі көзі тірі қаламдастары мен іні-қарындастары жылы лебіз, пайымды пікір білдіріп келеді. Бүгін сондай ізгі тілектердің толқынын топтастырған «Бостандық жырының боз жорғасы» атты көлемді еңбектің тұсаукесер-таныстырылымы өтті.
«Өз жастығы мен жас творчествосына лайық үн аңғардым. Тілі жаттық, ойы анық. Өлеңдерінен жасандылық байқалмайды, жастыққа тән от бар. Ағынан жарылып, таусыла талаптану, ізденіс бар. Қайсыбір жастарда ұшыраса бермейтін мүлде бір бөлек сарын еседі». Бұл Несіпбек Айтұлына осыдан жарты ғасырға жуық уақыт бұрын Мұқағали ағасының берген бағасы.
Бүгінгі Несіпбек ақын осы жолдан тайған жоқ. Боз жорғасын тайпалтып әлі келеді.
«Бұған дейін Несіпбектің 7 томдығы жарыққа шыққан болатын. Ол Несіпбектің осы өміріндегі, өлең өлкесінде халқына берген есебі іспетті еді. Сол арқылы ол өз оқырмандарымен есеп айырысты. Ал мына бүгін қолдарыңызға тиіп отырған «Бостандық жырының боз жорғасы» сол жеті томдық еңбекке оқырмандарының, қаламдастарының берген бағасы деп қабылдаған дұрыс» - дейді ақынның курстасы, ғалым Тұрсын Жұртбай.
Бұған дейін «Сарайымнан шыққан сөз» деген атпен Несіпбек Айтұлының журналистика саласындағы мақалаларының, сұхбаттарының жинағы жарық көрген болатын. Осыған қарап отырып, ақынды нағыз сегіз қырлы, бір сырлы әдебиетші деуге толық негіз бар.
«Мен ақын ретінде Несағаңды «сегіз қырлы, бір сырлы» деп айтар едім. Әуелі ол кісінің балалар әдебиетінен бастағанын, күні бүгін мектеп бағдарламасында оқытылып келе жатқанын айтуға болады. Қазіргі кездегі ең бір күрделі мәселе осы балалар әдебиеті екенін баршамыз жақсы білеміз. Сонымен бірге керемет лирик ақын. «Аққудың көз жасындай көлге тамған» деген бір сөзінің өзі ағамыздың лирикасының қаншалықты таңғы шықтай мөлдір екенін көрсетеді. Ал 1970-80 жылдары Америкалық үндістердің тағдырын, аз ұлттардың тағдырын арқау еткен жырларын оқығанда, латынамерикалық ақындардың жырларын оқығандай боласыз. Оның сыртында аудармашылығы бір төбе. Аударғанда да, Жүніс Әміре, Науаии секілді классиктерді аударады. Кең тынысты, үлкен дастандар тудыра білген эпик ақын. Үш ғасырға созылған қазақтың қасіретті тағдырын Жоңғар-қалмақ кезеңіндегі қазақ батырларын жырлаған ақын жоқ. Несіпбек аға осы олқылықты толтырды. Несіпбек ағамыздың осы батырлар туралы жазудағы ізденімпаздығы, тарихи оқиғалар өткен жерлерге барып, ұрпақтарымен кездесіп, деректер жинауының өзі үлкен қажырлылықты талап етеді. Ал Тәуелсіздігімізді Несіпбек ағамыздай жырлаған ақын кемде кем. Міне, осының барлығын ескере келе ақын ағамыздың жырларынан патриоттықты, рухани болмысты, елдік мүддені танимыз» - дейді «Егемен қазақстан» газетінің басшысы Дархан Қыдырәлі.
Ақын жайлы ағынан жарылып, оның жазған жырларына, поэмаларына, дастандарына жоғары баға берген көп пікірге толы көлемді кітаптың тұсаукесеріне ақынның қаламдастары, іні-қарындастары, ағалары мен қызметтестері көптеп жиналған екен.
Барлығы да Несіпбек Айтұлының бұған дейінгі еңбектеріне жоғары баға берді.
«Бұл кітапқа менің жетпіске тақаған ғұмырымда өлеңіме елімнің берген бағасы енді. Бұрын-соңды жазылған мақалалар кірді. Мерейтойларымның тұсында жазылған мақалар бар, бәйгеге түскен кезде жазылған мақалалар бар. Ондай жағдайда аз да болса демеп айтылады. Артық айтылады, көңілжықпастықпен көтермелеп айтады. Сондықтан мен бұл мақтаулардың барлығын солай екен деп қабылдай бермеймін. Өзімнің ойыма сиятын дүниелерді ғана қабылдаймын. Дегенмен барлығыңызға рахмет!» - деді Несіпбек Айтұлы.
Тұсаукесерге жиналған оқырмандар ақын сөзіне жазылған әндерді тыңдады.
baq.kz