Қазақ прозашысының бағы жанса, Борхестен де, Маркестен де артық...
Бөлісу:
2016 жылы «Жоғалған буын» атты кітабым шықты деп қуанып жүргенімде, Тауық Жылының басы кірбіңдеу басталды. Арамыздан алаштың тағы бір ақсақалы Сейітмұхамет Тәбәрікұлы кетті. Орхон баспасынан келген Жәмилә Айдос қарындасым Сейітмұхамет ақсақалдың "Кәмилә-Мұхтар жұмбағы" деректі прозасының тұсаукесеріне 2015 жылы Семейге келгенде Дидахмет ағамның артында қалған мұрасына қатысты сүхбат алған еді. Баспақшы болған «Түркістан» газеті белгісіз бір себептермен жарияламады. Төменде осы сұхбаттың толық нұсқасын «Әдебиет порталына» ұсынып отырмын.
Құдай маған жазбаған таныстық...
Мен еркін әдебиеттанушымын, сыншы емеспін Ахмет Байтұрсынұлының қазақ философиясының бір тармағы ұлттық әдебиеттанудағы алаши дәстүрін жалғастырушы үркердей топтың өкілдерінің бірімін. Біз өзара бір-бірімізді танымасақ та, ой-идея ортақтастығынан милеттік философиядағы жаңадан төбе көрсеткен ғылыми құбылыс «неоахметшілдіктің» бағын асырып жүрміз. Өйткені, біздің кей көзқарасымыз кейбірде ресми ғылымдағыларды мойындамайды. Себебі біздің әдебиеттануда философия ғылымының көңілін көншітетін бірізге түскен термин жоқ. Оның жоқтығының себебі жетіп артылады. Бірінші себеп – 28 әріптік кирилдік әліпбиге көшпеуімізде. Басқасын қозғағым келмейді. Менсізде айтушылар да, жоқтаушылары да жетіп артылады.
– Әбіл-Серік мырза сіздің Дидахмет Әшімханұлының «Жынды жел» әңгімесіне жазған сыныңызбен таныспын. Басқа да шығармалары туралы не айтар едіңіз?
– Австрияның экспериментатор ақыны Эрнст Яндль (Ernst Jandl 1925-2000 жж.) өзінің 1966 жылғы «Laut und Luise» туындысында: «Бүгіндері кімде-кім заманалық әдебиеттің жоғын түгендесе оны алдын ала дәстүрге қарсы шығушы деп ағаш атқа мінгізсе, керісінше кімде-кім жан-тәнімен өткенді ұнатып, көбірек білетін болса, замана көшіне топырақ шашушы деп әпенділеу көрінетін ұрда-жық кесік айту бар» деп жазды. Бұл біздің қолдан еш әдеби теориялық негізге, ешбір мәдени-ғылыми концепцияға сүйенбей үрген доп жазғыштардан әлемдік деңгейдегі классик жасаушы бөдене тірлігімізге қатысты.
Біз өңгенің ізіне көз жұма ілесетін ләуһи әдеби әмекбашшалықтың емес, өзгенің мәдени жағасын жыртып, мәдени кеңірдегін қылқындырып өзімізді танытудың милетшіл патриоттық жолына түстік. Осы жолда бізге тағантас болатын туындыны жазған қаламгер ғана керек.
Жақында ғана өмірден озған Дидахмет ағамыздың шығармаларын тек қазаққа ғана танымал етіп қарастыруға болмайды. Бізде әдебиеттанушылар өз әділ бағасын бермегендіктен жаны сүйген қазағына да танымал емес жазушыларымыз қанашама. Мен мойындайтын бір жайт, басқалардың не ойда екенін, не ойлайтынын білмеймін, өз басым Дидағаңның артында қалған үш әдеби туындысы арқылы тамаша тәржіма жасалса, жазушының ұлттық дүниетанымдық сөз айшығына аударма соңынан орынды түсіндірме берілсе, қазақ прозасының бір дарабозын әлемге танытуға болады. Қаламгердің әдеби сын мен оқырмандар тарапынан жоғарғы бағасын алған «Құдайсыздар», «Тас қала», «Жынды жел» сынды үш әңгімесін әлем таныған дүниежүзіне кең тараған тілдерге аударсақ, алашқа пейлі түзу аудармашы аударса, онда Дидағаңның әдеби мұрасы Борхестен де, Маркестен де кемде кем емесіне сенімдімін.
ҚАЗАҚ ПРОЗАШЫСЫ ӘЛЕМДІК БАҒЫ ЖАНСА БОРХЕСТЕН ДЕ, МАРКЕСТЕН ДЕ АРТЫҚ... ОСЫНЫ БІЗ ТІРІЛЕРГЕ ЕМЕС, КЕЛМЕСТІҢ КЕМЕСІНЕ МІНГЕНДЕРГЕ ҚЫСАСТЫҚ ЖАСАМАЙ ҚИЯ БІЛУІМІЗ КЕРЕК...
Бұндай бақытқа жете алмайтындар өте көп. Қазірде аты жазушы, заты ортаңқол туындыларымен қаламгерлер шоғырын көбейткен кеңестік дәуір жаршыларын дәріптеу тіптен көбейді. Осыдан шығарып айтарым: ағамыздың шығармаларының барлығын жауһар деп айтуға болмайды. Қазақты танытуға тұратын, қазақ елінің қазіргі таңдағы басты ұлттық мәселелерін айтатын, болашаққа деген алаши үмітін танытатын артында қалған осы үш әңгімесін әдеби мұрагері, ғылыми жоқтаушысы ретінде әлемге танытуымызға болады.
Мысалы «Құдайсыздарды» алайық, әңгіме «Менің әжем жасы жүзден асқан ауылымыздағы ең кәрі кемпір еді. Жүзден қанша асқанын өзгені қойып өзі де білген емес, жасын сұраған адамға қай уақыттада қызыл иегін малжаңдатып: «Шүкір, түзден астық қой», – деп отырушы еді жарықтық», деп басталады. Дидағаңда рөлдердің ауысуы деген бар. Кез-келген шығармашылық адамы рөлдерді ауыстыра білуі керек. Оған қол жеткізбеген жазушылар бар. Рөл ауысқанда кішкентай баланың көзімен өзінің әжесін беру бар да, әжесін аңсайтын шалдың көзімен өмірді беру бар. Міне осыны Дидағаң керемет берген. «Менің әжем бар еді» деп баланың көзімен әжесін көрсетсе, содан кейін ересек адамның әжесін жоқтаған адамның бейнесін береді. Міне осы арада біздің әдебиеттану терминдері санатына кірмей қалған бірталай ұғым-түсініктер бар, ол «меншіктелген әңгімеші» деген, сонда бала бұл арада «дербес әңгімеші» болады да, ал автор «меншіктелген әңгімеші» болады. Міне, Дидағаңның қаламының құдіреті сонда. Бұл арада біреулер айтуы мүмкін «Дидахметтің сөзі керемет еді, әңгімесі керемет еді, бәрін керемет жазушы еді» деп, ол керемет жазғанда емес, Дидағаңның қолданған сөз ойнатушы қаламгерлік қарымында (стилистикасында). Қазірде тілшілердің жазушыларға таңған бір пәлесі бар: ол – «бірінші жақтан әңгімелеуші, үшінші жақтан әңгімелеуші» деген. Ал Дидағаңның жазу мәнерін осы қалыпқа салып, дігідік қасқалатуға болмайды. Оның әңгімесін оқып отырсаң «меншіктенген әңгімеші» және «дербес әңгімеші» Керқұла атты Кендебай қаққа жарған өзендей сараланып тұрады. Одан кейін Дидағаңның шеберлігі сонда «жарымкеш автор» және «жарым кейіпкер» дейтін шығармашылық шорт кесуі бар. Бұл жерде баланың кім болатынын, шешесінің жайы қалай болатынын білмейміз де, бұларды «жарым кейіпкерге» жатқызамыз, ал «толық кейіпкер» автордың концепциясы ұстанған ұстанымы автор образының бойына байыздаған «Мәңгілік Алтай концепциясы». Өмір бойы ағамыз бұл концепциядан айныған жоқ. Оның қай шығармасын алып қарасаңыз да Алтайдың табиғаты аңқып тұрады. Дидахмет ағамыз Алтайымен қоса қазақтың бар уайымы мен қайғысын баяндап беріп отырды. Сол шығармаларының ішінде міне осы үш әңгімесінен қазақ әдебиетіндегі әңгіме жанрын әлемдік деңгейде өзге жұртқа қалай жарқырата көрсетуге болатынын байқаймыз.
Қазіргі жас жазушыларға «шетелдің мықтыларынан үреніңдер», Луис Борхес пен Габриэль Маркеске бас иіңдер деп айтудың қажеті жоқ. Оларға өзіміздің Дидахмет, Қалихан, Оралхан сияқты жазуышыларымыздың уызына жари үйренуді айту керек. Жастар, міне, осы жазушылар жетпеген биікке жетуі керек. Әлемді қазақ прозасымен жаулауы керек. Алдыңғы үш прозаик соған тек жол сілтеп кетті. Ағылшын тілді, христиан дінді әлемді қазақ әңгімесіне табынтуды аманаттады. Жастар бұл аманатты ақтайды. Өйткені, олардың шығармашылығына алғашқы үшеуіндей құлдық таңбасы басылмаған.
– «Тас қала» жайлы берер сөз айтсаңыз?
– Өз басым аса қадірлейтін Құлбек Ергөбек ағамыз осы туындыға тамаша класссикалық деңгейдегі әдеби талдау жасап, жұртқа жазушының шеберлігін барша қырынан ашып, кең ғылыми тыныстылықпен таныта білді. Атақты әдебиеттанушыдан кейін біз сияқты магистрлердің пікір өрбітуі ақылға сыймайтын дүние. Бұл турасында аз-кем ойымды Дидахмет аға жайындағы «Өлімнен кейінгі өмір» деген мақаламда білдірген едім. Жазылған жайға айналып соққым келмейді. Бұл әкем марқұм «не істесең де аяғына жеткізіп істегін» дейтін өнегесінен алған ғадетім. Біреуден асырып, не пара-пар түсіп әдеби талдау жасай алмасаң, көтере алмайтын шоқпарды беліңе қыстырып не жын ұрды. Шығарманы да, авторды да жайына қалдыр.
– Сіз жаңа ғана айтып өткен Луис Борхес пен Габриэль Маркестің прозаик-жазушы әрі журналист болғаны белгілі. Дидекемді бұлармен қай жағынан салыстырғыңыз келеді?
- ТАҒЫДА ҚАЙТАЛАП АЙТАМ: ҚАЗАҚ ПРОЗАШЫСЫ ӘЛЕМДІК БАҒЫ ЖАНСА БОРХЕСТЕН ДЕ, МАРКЕСТЕН ДЕ АРТЫҚ... ЕГЕМЕНДІК ДӘУІРІ ОСЫНЫ БІЗГЕ МІНДЕТТЕЙДІ. СЕБЕБІ БІЗ БҰРЫН ОРЫС АРҚЫЛЫ ӘЛЕМГЕ ТАНЫЛСАҚ. ЕНДІ ҚАЗАҚ ТІЛІ АРҚЫЛЫ ӘЛЕМГЕ ТАНЫЛУЫМЫЗ КЕРЕК. ӘЛЕМДІК ӘДЕБИ БАҚ ҚАЙ ТІЛДЕ ЖАЗҒАНЫҢА ҚАРАМАЙДЫ. ҰЛТТЫҢДЫ ӨЗГЕГЕ ҚАЛАЙ ТАНЫТА БІЛУІҢЕ ҚАРАЙДЫ. ДИДАХМЕТ ӨЗГЕГЕ ӨЗ ҰЛТЫН ТАНЫТА БІЛЕТІН ТУЫНДЫЛАР ЖАЗДЫ. ОҒАН ІШТАРЛЫҚ ЖАСАУ – ӨЗ АНАСЫНА ШАПҚАН АЙҒЫРДЫҢ ТІРЛІГІ...
Сіз айтып отырған екі жазушы да рухы өлген «үндіс» мәдениетін феникс құстай түлетіп, әлемге танытушы заңғар жазушылар. Борхес – прозаға алғаш рет ғылыми-гипотезалық ой кестелігін енгіссе, Маркес – мистикалық реализмді әдебиет үйіріне қосты. Бұл жаңалық емес, Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шаханов, Мұхтар Мағауин, Әнес Сариев, Тыныштықбек Әбдікәкімов, Балқыбек Әмірхан т.б. қазақ әдебиетіне ұлттық философия тұнған ғылыми-гипотезалық ой кестелігін енгізді. Бар айырмашылық біреулердің әлем артта қалған деп санайтын – мұсылман дінінде, енді біреулердің – әлем озық деп санайтын христиан дінде екендігі.
Мистикалық әдебиетті қазақ әдебиетіне әкелген Адам Мекебаев, оны әлемдік деңгейде жалғастырушы Думан Рамазан. Ал, Дидағаң жерлес, әрі қаламдас інісі Асқар Алтай екеуі Латын Америкасы әдебиетінде болмаған, болуы еш мүмкін емес дүние – алаш мифтуындыгерлігін өмірге әкелген саусақпен санарлық прозаиктер шоғырынан. Өз авторлық мифін өмірге әкеле алған жазушы ғана – әлемдік классикалық әдебиеттен өз орынын таба алады. Дидағаң қаламдас інісі екеуі осы қадамға саналықпен барды. Оған барғызған бір себеп – Адамзаттың Алтын Бесігі – Алтайда туғандары. Сондықтан Дидағаң өзіңнің басты кітабын жаза алмай, оны інісі Асқар Алтайға аманаттап кеткен жазушы. Қазақ әдебиетінде қарап отырсақ, жазушыларымыздың арасында бірыңғай Тұран, Түркістан, Бабыл концепцияларын ұстанушы қаламгерлер бар. Одан бөлек бір ғана Алтай концепциясын ұстанушылар бар. Бірақ бәріннің басын Біртұтас Алаш концепциясы қосады. Өз мифін тудыра алған қаламгер ретінде Дидахмет өзін ешкіммен салыстыруды керек етпейді. Ағамыздың әңгімесіне – Еуропаның емес, әлемге үш бірдей монодінді сыйлаған – Алаштың көзімен қарау керек. Сонда ғана барша дүние айқындала түседі. ҚАЛАМГЕР ТҰЛҒАСЫ ӘЛЕМДІК ӘДЕБИЕТ КӨГІНДЕ АСҚАҚТАЙДЫ.
– Батыс жазушыларының барлығын «Классик» деп жатады. Классик жазушы деген ұғым, қазақ жазушыларына қаншалықты тән?
– «Классик» дегенде біз байқап сөйлеуіміз керек. Ол не? Ол «ұлттық деңгейдегі ме?» әлде «әлемдік деңгейдегі ме?». «Әлемдік деңгейге» жетпей қалғандар көп. «Ұлттық деңгейге де» жетпей шөре-шөреде қалып қалғандар да жетіп артылады. Және классик дәрегейі прозаикке көзі тірісінде емес, өлгеннен кейін жеке зиялылар мен ғалымдардың тарапынан емес, ұлт оқырмандарының ыстық ілтипатымен беріледі. Мысалы: қанша жерден дәріптесек те Ғабит Мүсірепов «ұлттық деңгейде» қалып қалған классик. Мен айтар едім «Әлемдік классиктер» деп ата буыннан Бердібек Соқпақбаев, Тахауия Ахтанов, Тәкен Әлімқұловтарды осылардың қатарына аға буыннан Дидағаңда келіп қосылды. Қазір әдебиетімізде бір жаман нәрсе ақындарды ұмытпауға ден қоямыз да, ал проза жанрында өндіріп жазатындарды кейбірде қаперге алмай да жатамыз. Ал қаперге алатын болсақ, социализм бұлбұлы, марксизм сандуғашы болған прозашылардың түкке тұрғысыз әңгімелерін дәріптейміз. Ал, соцреализмнің қисық бұтағын алаши тезге салып, өзінше жол тапқан Асқар Сүлейменовтей нағыз дара шығармашылық өкілдерінің әлемге танылатын туындылары қағыс қалып жатады. Осы тұста айта кетейін Тәкен Әлімқұловтың Махамбеттің соңғы күніне арналған «Қараой» деген әңгімесі бар, ол классикалық әңгіме. Әлемге танытуға болады. Сол әңгіме ауызға алынбайды да. Оның орнына Ақансеріге арналған «Көк қаршыға» ғана алынады. «Көк қаршығаны» он орап алады «Қарой». Бұл енді менің жеке пікірім.
– Біздің әңгімеміз Д.Әшімханұлының шығармасы жайлы болғандықтан, қайтадан соған оралсақ. Сіз Дидекемді «Әлемдік классик» жасағыңыз келіп отырған сияқты. Осы ойыңызға қарсы шығатындарға не айтар едіңіз?
– Әрине, қарсы шығатындар болады, олар аз да емес миллион болуы да мүмкін. Мен оларға Дидахмет ағамыз сияқты елдің жайын айта отырып, халқына деген жанашырлығын білдіре отырып, өзінің қаламгерлік шеберлігін көрсетсін. Сонда ғана олар жайлы халық Бекер мақтау емес, жақсы пікір білдіреді. Мен мысалы Дидағаңның шығармасына кері ой айтқан оқырманды кездестірген жоқпын. Қай жағынан алсақ та Дидағаң өзі Алашшыл, өзі ұлтшыл, өзі көпшіл азамат. Оны классик етіп отырған бүкіл шығармасы емес, бар-жоғы үш әңгімесі.
Ешкімнің қотырын басып кетпеу үшін Хализев ауанында мысалды шетелден тізбектеуді жөн көрдім.
Қаламгерлер мен олардың туындыларының беделі көп немесе аз тұрақтылығынан байқалады. Мысалға, әдебиет жұлдыздары Данте немесе Пушкиндерді оларға қарама-қарсы XIX ғ. басындағы танымал сентименталист П.И. Шаликов классик дәрегейіне көтеріліп алмастырады дегенді ойға алудың өзі мүмкін емес. Сонымен бірге, әдеби беделдің күрт шатқаяқтануыда орын алады. Осылайша, Шекспир XVIII ғ. ортасына дейін толық танымалдықта болмаса да, жоғарғы беделге ие болмай, өзіне еш назар аудартпады. Ф.И. Тютчевтің поэзиясы көпке дейін өзінің жоғары бағасын ала алмады. Керісінше, В.Г. Бенедиктов, С.Я. Надсон, И. Северяниндер замандастарының ыстық ықыласына бөленсе де, кейін әдеби өмірдің түпкіріне ысырылды.
Оқыман қауымның ықыласындағы қаламгерлерге және олардың туындыларына қатысты "күрт өзгеріс" кездейсоқ жағдай емес. Әдеби табыстың факторы бар. Ол әр қилы болып келеді. Бұған қазақ кеңес әдебиетіндегі «Ленин ата біз – ұлан» сынды марксистік жыр жауһарын төгілткен кейбір жұлдыздардың көктен жерге қалай түскендерін айтсақ та жетіп жатыр.
Оқырман үміт артуында (аталған дәуірдің қоғамдық өмірінің ауанына байланысты) өзгеріске ұшырап, өзге мазмұн мен өзіндік бағдар ұстанған туынды бірде өзіне назар аудартса, енді бірде тарих қойнауына ығыстырылады.
Қаламгер беделінің толқуының басқа факторына 1928 жылғы монографиясында (кейін қайта басылды Литературные репутации: Работы разных лет. М., 1990) И.Н. Розанов өзінің назарын аударды. Ғалым формалды мектептің өкілдерінің пікірлеріне сүйене отырып, әр әдеби дәуірде аға және іні буындар арасындағы талғам мен көзқараста күрт пікір ала-құлалығы орын алады да, соңғылары алғашқыларын мүйіздейді: аға буынның әдеби "кумирлары" өз тағынан тайып, қаламгерлер мен олардың туындыларын қайта қарау орын алады; кешегі "көшбасшыларға" жаңа да, бүгінгі шынайы заманалық қарама-қарсы қойылады деген тұжырым жасайды. Осының бәрі ғалымның қарастыруында әдеби өмірдің тоқырауынан шығып, "ары қарай қозғалуы" жағдайының кепілі. Тоқырауды бастан кешкен аға буын, күні туған постмодернизмге аттап баспаса, іні буын оны аттай ерттеп алды. Постмодернизмнің жалына жабысып, өзінің дарашылдығын танытқан буын өкілдерінің шығармашылығы өмірге келді. Олардың туындысы жаңаша әдеби концепция мен неоғылми зерттеуді керек етеді. Осыған қазақ зерттеушілерінің өресі жете ала ма? Міне, мәселе осында!? Жетеді, әрине, бірақ...
Замандастары алдындағы (әсіресе, бізге жақын дәуірлердегі) табысқа жетуге автордың зор үнімен аңғартқан өзіндік дербестігі мен жаңашылдығын септеседі. Егер жаңашыл-қаламгер "өз жолымен дабырсыз өтетін болса", онда оны көп уақытқа дейін ешкім байқамайды деп жазды И.Н. Розанов. Егер де ол (Пушкин, Гоголь, Некрасов, символизм көшбасшылары сияқты) "ескі сенімдегілердің" аза бойын қаза етіп, "қисық пікір, шу мен былапытты" туындатып, "көкорай көгалға өз ескектерін қатты соқса", онда өздеріне жұрттың назарын аудартып, замандастары арасында беделге ие болып; тіпті кейде "маңызды бастың кеңірдегіне" (бұл арада футуристердің даңғаза бой көрсетулері сөз етіліп тұр) айналады.
И.Н. Розановтың бұл пікірінде көптеген дұрысты ой бар. Сонымен бірге, қаламгерлерді ресми биліктің, ықпалды қоғамдық топтардың, БАҚ-тың арқаға қағулары да маңызға ие. Бөдене таланттың тауы шағылмай тынымысыз тырбаңдап, елеулілікке, көп жариялануға, сыншылар назарына ілігушілікке қол жеткізуі де белгілі бір рөл ойнайды.
Сонымен қатар, өмірлік танымалдыққа ие, өз замандастары жоғары бағалаған Н.М. Карамзин мен В.А. Жуковский, Н. Островский мен А.П. Чехов сынды қаламгерлер "шулы жаңашылдар" болып көрмеген еді. Әлбетте, өзін танытуға жан сала өлеулегеннен бөлек замандастары арасында жоғарғы беделге ие болудың өзге жолы бар. Оқырман арасында ұзақ та, мәңгілік орнығудың бірден бір сенімді факторы (мейлі ол бірден іске аспайтын) автор тұлғасының ауқымдылығы, туындысының төлтумалығы мен айырықшалығы, "шығармашылық пайымының" терең шынайылығы және де жазушының өз талантын толық ашып көрсете алуды жүзеге асыра білуі екендігін мойындауға тиіспіз.
Оқырмандар пікірі қанша жерден мәнді болсын, туынды мен қаламгердің бағасы оқырман қауым арасындағы, оқылуындағы, атақтылығының табысымен өлшенеді деуге негіз жоқ. Т. Манның (Р. Вагнер шығармашылығы негізінде) айтуынша, шынайы да кең ауқымды өнердің үлесіне замандастары тарапынан үлкен табыс сирек тиеді. Шынында да, әдеби-көркем өмірде бір жағынан «орынсыз көтермеленген даңқ» (Пастернактың: «Танымал болу ұнамды емес» дегенін еске алайық), екінші жағынан – «орынсыз ұмтылу жағдайы кең орын алады. Осындай кеңкелестікке жүгініп, осы бір сәйкесімсіздік турасында В.В. Розанов: «Біздің таланттар (сондай-ақ атақты) әлдебір кесір-кесепатпен, ал, ізгілеріміз – белгісіздікпен байланысты» деген ой айтады. Осы бір қаламгер-эссеисті естен шыққан авторлар қатарына қосып: «Тағдыр өзі даңқтан айырған адамын сақтайды», - деп ұйғарады. Ахматовтық мына бір екі тармақты: "Түнде дұға оқы, таңертең кенеттен даңқты болып оянбас үшін" ойға оралтайық. Оқырман арасындағы кең тараған белгілік пен танымалдық ақын үшін шын бағалау емес.
Замандастары тарапынан аз еленген немесе тез ұмытылған қаламгерлер шығармашылығы әр текті. Бұл мәселе оқырман назар аудару мен әдебиеттану талқылауына жатпайтын тек қана графомания деп аталып қоймайды. Сонымен бірге, әдебиет тарихындағы елеулі құбылыс та болып табылады. Аз еленген және естен шыққан қаламгерлер турасында А.Г. Горнфельд орынды байқаған олардың «құмрысқадай тынымсыз тірлігі еш кетпейтін» еңбек болып табылады. Ғалымның бұл сөздері тек өзі зерттеген И.А. Кущевскийге ғана қатысты емес, егерде Ю.Н. Тыняновты пайдаланып тіл безейтін болсақ, жеңіліске ұшыраған (не болмаса, көпшілікке танылуға құлшынбаған) көптеген қаламгерлерге де қатысты.
Отандық әдебиеттің ең өзекті міндеті аз танымал авторларды ірі әдеби құбылыс ретінде айқындау құлшынысы қанат жайып келеді. Бұл жағынан алаштың оңтүстік өңірлері алда тұр. М.Л. Гаспаровша ой толғасақ, «осы бір көбедей көп есімдер оқырмандар үшін елеусіз болып қалмауы үшін әрбір автордың» әлдебір өзіндік нышан-белгісін таныта білуіміз қажет.
Ал, Дидахмет дегеніміз – қазақ әдебиетіне қосылған «жаңа классик». Бұл Сәбит Мұқанов емес, Ғабит Мүсірепов емес, жаңа тұрпаттағы классик, сонысымен құнды. Қазақ жазушыларының ішінде мен нағыз классик деп тек Бейімбетті айтар едім.
Шығарма жазуда басты нәрсе не дер едіңіз?
Бұл сұрақ маған емес, қаламгерге қойылуға тиістін. Бірақ біздің сұхбатымыздың өзегі шығармашылық адамының әдеби даңққа бөленуі мен әдеби даңққа бөлене алмауына қатысты болғандықтан кәләмда жүрген кей ойды елге жаяйын.
Бізде қатып қалған бір дүние бар, шығарма мөлдіреп әдемі жазылу керек деген. Олай емес, шығармада ең бастысы – қазақты өзгеден еректейтін ұлттық идея. Одан кейін жазушының алға қойған мақсаты – ұлтын әлемге таныту. Жазушының алға қойған мақсаты ғаламға танылу болмаса, оның табан тірер ұлттық идеясы болмаса, шығармадағы мөлдіреген әдемі сөзі кімге қажет?! Ешкімге қажеті жоқ. Оқисың, ойланбайсың, жүрегің селт етпейді, санаң сілкінбейді, қаның басыңа шығып тасымайды, эстетикалық ләззат қазақ оқырманын менсінбей басқа байға тиіп кетеді де, кеңкелес қаламгердің әпербақан тірлігінен туған жасық туындыға уақытыңды кетіргеніңе пұшайман боласың...
Әр қазақтың ұлт оқырманы ретінде Жан жүрегімен қабылдайтын шығармасы бар әм тек қана санасымен қабылдайтын шығармасы бар, екеуімен де бірдей қабылдайтын шығармасы бар. Міне оқырманын мұрынын тескен өгізше соңынан сүмеңдетіп, жүрекпен де, санасымен де қабылдайтын туындыны жаза білетін жазушы – нағыз сөз зергері. Дидахмет ағамыздың мен атап отырған үш әңгімесі қазақтың жүрекпен де, санамен де қабылдайтын әңгімелері болып отыр. Дидағаң шығармасын үлкен ізденіс үстінде жазып, өзі өлсе де, сөзі өлмейтін алаш оқырманымен бірге мәңгі жасасатын үлкен ой және алапат идея қалдыруды мақсат еткен жазушы еді. Өкініштісі қайырымсыз ажал қазақтан сол әлеми әдебиетінің бағы үшін үлкен ізденіспен жүрген шығармашылық тұлғаны бойындағы бар асылын бергізбей алып кетті. Бірақ бұл кісінің жазғандары қазақты қай заманда да ойға, ойлануға мүмкіндік бере алатын шығарма болып қала береді. Әлем оқырманына қазағын танытатындары әуелі туған ортасы түркі дүниесінен өз орнын табады. Одан соң әлемдік әдеби көштің қазақи тайлағы болып қосылады.
– Қазақты әлемге танытамыз деп барымыздан айырылып қалып жатқан жоқпыз ба? Қазақты әлемге таныту бізге не береді? Ол қажет пе?
Қазіргі таңда біз бөлініп-жарылмай, әрқайсымыз өз көрпемізге тартпай, біртұтас алаш идеясы аясында егемен елдің азат ойын паш еткен қазақтың мықты жазушыларын испан немесе француз тіліне аударатын болсақ, қазақты әлемге мойындатуға болатынына сенімдімін. Біз аксиомаға айналған тек жеріміздің кеңдігі және жеріміздің байлығымен ғана мақтанып қоймай, сонымен қатар, рухани мықтылығымызды ғылми тұрғыдан әлемді көзге шұқып қарсы дау айтқызбай мойынын салбыратып мойындата отырып, танытуымыз қажет. Сонда ғана бізді әлем еркісіз амалы жоқтықтан мойындайтыны сөзсіз. Ал, бізде мықты шығармалар бар, шетел классиктерінің шығармаларынан да асып түсетін. Сол шығармалардың үшеуін Дидағаң асып туған сөз зергері ретінде ұлттың рухани асыл қазынасына қосып кетті. Біз бұндай қадамнан барымыздан айырылмаймыз, қайта түркі дүниесіне келгенде ауызды қу шөппен сүрітіп отырған әлемдік рухани құндылықтың қарасын молайтамыз.
– Дидекем жас жазушылардың шығармаларын ылғи оқып, танысып жүретін. Олардың шығармасына сынмен емес, жақсы ықыласпен қарайтын. Сіздің қазіргі жастардың шығармасына деген ойыңыз?
– Бұрын жазуға болмайтын, айтуға болмайтын алаштық тыйымдық табулар енді әдеби шығармаларда бой көрсете бастады. Батыста француз «жаңа романистері» өз туындалары бойына жоқтан өзгені енгізсе, біздің неороманшылар басқа мәдениетке тән түрлі ұғым-түсініктерді қазақиландырып қолданудың ретін тауып, жөнін келтіріп отыр.
Осы тұрғыда аға, орта және іні буын арасында постструктуралистік сыни пафос орын алып, орыс үстемдігі қалыптастырған "метафизикалыққа" түбегейлі оппозициядағы «себептілік», «ақиқаттық» және «өзіндік келбеттік» қағидаттарынан тұратын рационалдылық кіші буын өкілдері үшін бүгінгі қазақ қоғамында ұлтты шетқақпайлап, өзгенің шашбауын көтерген биліктің тірлігі қазақ ділді парасат кеңістігінің адымын аштырмайтын "догматизм пәренжесі" түріліп, милети "ақыл-ой империализмі" оқырман тарапынан қолдауға ие болуда.
Осы рационалдылық бұрынғыдай әр ғалым әрқилы ұғындыратын әдеби терминдердің жетегінде кетпей, кез келген туынды бойынан «себептілік», «ақиқаттық» және «өзіндік келбеттік» қағидаттары басшылыққа алынатын «мәдени кодты» іздестіру процесін тудырды. Алаштың "ақыл-ой империализмі" ендігі жерде өзімен санасуды билікке де, өзге ділді, өзге тілді қазақ қоғамның өкілдеріне таңа білді. Оған әдеби-мәдени «Қайырхан» мен «Шыңғысхан» концепциялары арасындағы "догматизм пәренжесі" куә. Екі ұстанымды ұстанушы топ өзінің "догматизм пәренжесін" тас қымтай бүркеніп алған. Әлем тарихындағы ерек тұлғалар (Ғұмар, Гілгемеш және Қорқыт) алаштандырылуда. Біз бұған мәдени-рухани кеңістігіміздегі Алаштың "ақыл-ой империализмі" арқылы қол жеткізіп отырмыз.
Өйткені, жастардың көбісі демесек те, біраз бөлігі өзіне дейін қазақта ешкім жазбағанды жазып, жаңаны өмірге әкелудің жолында есі кетіп, автоматты хат формасына жүгініп, «шизоанализ» рухындағы «кеңестік дүниетанымды тасталқан ету» мен «жаппай әшкерлеуді» қолға ала бастады. Бұлай дейтініміз – реализмнің абақтысына жабылған сөз тұтқын, оның рухы солғын, егер оны аға буын мен орта буынның кей бөлігі қамап ұстап отырған шығармашылық қамақтан шығарар болсақ, ұлттық дисурс өз басына бостандық алып, өзінің жаңа формасын айшықтай алады.
Бұрын біз (оқырман) реалистік әдебиеттің авторларының айтқан ойын қапысыз ұғынып, қаламгер ойын қайталап шығатын «әдеби тоты» болсақ, енді «қосар авторға» айналып отырмыз. Бұндай әдебиетке өту – «автор өлімін» тудырды (постмодернизм теориясында Р.Барт енгізген терминді өз әдебиетінің мәнісін ашу үшін қазақ та қолдана бастады). Бұл ұғымның біз үшін білдіретіні ұлттың оқыған-тоқығаны мол білікті де, зиялы әр оқырманы автор дәрегейіне дейін көтеріле алып, жетпеген жерін жеткізу стилистикалық амал-тәсілінің пырағына мініп, ешкімге жалтақтамай, туындыгердің ойына келмеген идеялардың жалауын желбіретіп, мәтінге кез келген ойды қосақтап, қайыра жазып, өз ойын шектеусіз айта білудің заңды құқығына ие бола алады.
Жастар қазақ прозасының келбетін адам танымастай етіп өзгертті. Қазақ прозасының жас сұңқарлары Қойшыбек Мүбәрак, Жандос Байділда, Серік Сағынтай, Дархан Бейсенбекұлы, Қанат Әбілқайыр, Алмас Мырзахмет, Арман Әлмамбет, Сағадат Ордашева, Жапал Долы, т.б. шығармашылық аяқ алысы ұлт прозасының барша оқырмандарының көз алдында өтіп жатқан әдеби-рухани процесс.
Бізге бар қалғаны – алаш мәдениетінің тарихындағы жаңа буынның қазақ әдеби процесіндегі шығармашылық ізденістерін тарихи-мәдени аңыста қарастырып шығуға талпыныс жасау. Тарихи-мәдени аңыста қарастырылған қазақ прозасының әдеби процесі белгілі бір әдеби құбылысты анықтауымызға көмектесіп қана қоймайды, сонымен бірге, оның өзіне тән заңдылықтарын балшының құмалығындай алдымызға жайып салады.
Ал, проза өлі туған жинағы бар қаламгердің «Ұлттық Әдебиет Алыптары» шекпенін бойына шақтап, цирктің сайқымазағына айналғандығын даңққұмар шығармашылық тұлғаға бірден төрді емес, есікті нұсқап «есің барда елің тап» дей алады. Прозалық шығарма ұзақ жазылатыны сияқты, оның авторының да танылуы да ұзаққа созылады.
Қазақ оқырманы сұлу сөз қуудың емес, парасатты ой қуудың жетегіне ілесетін уақыт баяғыда болды. Қазіргі жастар шығармашылығында парасатты ой оқырман үшін бұрынғыдай поэзиядан емес, көбіне-көп прозадан табылып жатады. Өлеңді қор қылған тағы бір жайт – қазақтың тойы. Асабалар тойдың әрін кіргізем деп, ұлттық поэзияның бағын кемітті...
Қазақ мәдени кеңістігін тойшыл-қызықшыл бір күндік поэзияның көрін қазушы ұлтымызды әлемге танытатын алаши прозаның елесі кезіп жүр...
– Ойымызды түйіндесек...
– Дидахмет ағамыз қазақ прозасын әлемдік деңгейде шығармашылық дарашылдықпен игерген жазушыларымыздың бірі ретінде, жоғарыда мен атын атап, түсін түстеп отырған жас жазушылардың шығармаларымен таныс болуы керек деп ойлаймын.
Мен Дидахмет ағамен бұл жайында тілдесіп немесе пікірлесіп те көрген жан емеспін. Ол кісімен тікелей де таныстығымыз болған да емес, ондай танысуды тасбауыр Құдай маған жазбаған екен. Өз басым оқырман ретінде ағамызды тек шығармалары арқылы ғана танимын.
Дидахмет ағамыз өз туындыларында ешқашан жеріне жеткізіп, оқырманға ұғынықты етіп, ойын ашып айтпайды, тек көп нүкте қойып сөз ұғар жанға ой қалдырып отырады. Мен бұны ең соңғы жазған шығармасы «Кеш» әңгімесінен тағы да байқадым. Шығарманың басты мақсаты бастан-аяқ баяндау емес, ой салып отыру. Бұл өзі бір қарағанда бітпеген туынды. Дидекең бұл қадамға саналы түрде барып отыр. Онда автор өзгенің тағдыры арқылы өзінің орындалмай қалған армандарын жіпке тізіп, көпмағыналы «кеш» ұғым-түсінігі төңірегінде өз авторлық түйіндеулерін жасауға талпынады. Біз автордың әр он жыл сайын өтетін мерейтойлық кештерінде оны жаңа қырынан тани аламыз ба, жоқ па!? Осы мәселені бізге басы ашық қалдырып кетті. Енді ұлт оқырманы мен әдебиеттанушы ғалымдары тарапынан осы бір «Дидахмет жұмбағын» әркімнің әрқилы шешуі ғана қалды. Жазушының жұртқа ұғынықты болуы – оның өнер адамы ретінде түк бітірмей, рухани-мәдени қу бас болып әдеби процестен өтуі. Жазушының еліне ішкі сырын ашпай, құпиясын өзімен бірге ала кетуі – алашымен бірге мәңгіге бірге рухани жасауы. Алашымен бірге мәңгі жасасатын қаламгерлер санаулы, әрі олар өзара әлемдік және ұлттық деңгейдегі деп іштей тағы бір рет дараланады. Ұлттық деңгейдегілер өзара ғасырлық және кезеңдік деп бір топталады. Ал, әлемдік деңгейдегі қаламгерлерді біз ешкіммен салыстыра да алмаймыз, ешкімге балай да алмаймыз. Өйткені, олар қазақ прозасының ешкімді қайталайтын жаһандық дәрегейдегі әдеби феномендері. Осы феномен алаш үшін бір прозаикке артты. Қазақ мәдениеті әлемдік әдебиет қоржынына өз алтын асығының тағы бірін салды.
Міне, Дидахмет ағамыздың әлемге танылуының ұзаққа созылатын алаши марафоны басталды. Біз осы ұлт ғылымында өмірге келген Дидахметтануға қатысты ең алғаш сөз еткен жандар ретінде бір түйткілді сауалдың басын ашық қалдырып отырмыз: «қазақ елі Дидахметтей жазушысын әлемге таныта ала ма, жоқ па????». Оған енді уақыт төреші.
Әбіл-Серік Әліәкбармен әңгімелескен Жәмилә Айдос
Бөлісу: