Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
СІЗ КІМНІҢ «ҚҰЛЫСЫЗ»?

Блогтар

09.06.2018
6187

СІЗ КІМНІҢ «ҚҰЛЫСЫЗ»?

СІЗ КІМНІҢ «ҚҰЛЫСЫЗ»?

«Дін және дәстүр сабақтастығы» атты республикалық конкурсы үшін

Айтайын дегенім, жо-жоқ, сұрайын дегенім, ел арасындағы руға, жүзге, елге, жерге бөлінуді былай қойып, қазіргі қоғамда  «арабқұл», «орысқұл», «түрікқұл», «батысқұл» сынды түрлі  «құлдар» неге қаптап кетті? Дін мен діл, тіл мәселесіне келгенде  бір-біріне қарама-қайшы пікір неге көп? Әлі күнге бір тоқтамға келе алмай жүргеніміз бе? Көпшілік арасындағы көзқарас неге  сан-саққа бөлінген?  Бір-біріне кінә артып, бір-бірінің іс-әрекетін бұрысқа шығарып, бір-бірін «дүмшелер», «сақалдылар», «атеист», «молда» деп келемеждеп, не болмаса кінә артатын қоғам, өзгенің қаңсығын таңсық көретін ел  қашан бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, діні мен ділі, тілі біте-қайнасқан біртұтас  Ұлт болып  қалыптасады?

 Қазақ еліне, қазақ  жеріне тәуелсіздік алғанға дейін де тәуелсіздіктен кейін де жан-жақтан өзге ұлттар мен  ұлыстар көптеп қоныс аударды, олар  жай ғана қоныс аударған жоқ, жас мемлекетімізге, балан елімізге өз елінің салтын, дәстүрін, тілін, дінін алып келді. Ал  оларға оң қабақ танытып, ұлттық  менталитетін, салт-санасын  дұрыс санап, еліктеушілерді  сол  ұлттың құлы атап жүрміз. Мәселен, түріктің асханасынан дәм татып, түріктің киімін киіп, түріктің сериалын көріп, түріктің  елінде демаламыз, тіпті қыздарымызды түріктерге қалындық қылып беріп жатырмыз.  «Түріктер мұсылман ғой, өз бауырластарымыз, түбіміз бір»  дейтіндер табылып жатса «түрікшіл» деп оларды  сөгетіндер де табылады. «Жетпіс жыл бойы  тілімді тұншықтырғаны аз ба,  қашанғы орысқа құл боламыз» -  деп орыс тілді ортаны айыптап, сынап-мінеп болдық. Жастарды «Кешке дейін көк жәшік пен ғаламтордан  көз алмайды, батыстың небір атыс-шабысқа толы фильмдерін көреді, қатыгездікке толы компьютерлік ойындарын ойнайды, батыстық менталитет бізге жат,  қазақ америкада да қазақ болып қалуы тиіс!»   – деп «батысқұлдарды» жер-жебіріне жетіп жамандаймыз. Ал енді, мұсылман болуды араб болу деп қабылдайтын  қате пікірдің арқасында  дінімізді насихаттап, шариғат шартын орындап жүргендерге мәселенің байыбына бармай жатып, сақалдылар немесе  арабқұл деген айдар тағып та үлгердік. Иә дәл қазыргі таңда  осы  «Арабқұл» сөзі  төңірегінде  қызу тартыс,  дау-дамай, пікір-талас  өршіп тұр.  Тіпті зиялы қауым өкілдері біржақты тоқтамға келе алар емес. Менің айтпағым да осы мәселе. Арабқұл сөзі.  Өткенде Қанат Әбілқайыр есімді журналисттің фейсбуктегі парақшасынан оқып қалдым. «Құдайға серік қоспаның» астарында «Өткеніңді ұмыт!» деген тəмсіл жатыр. Қазақ қашанда әруақтың атын атап жауға шапқан! Қазақ əруақтан неге безуі керек? Əруақ – сенің өткенің. Мазар салу – кейінгі ұрпаққа тарихи жөн сілтеу.  Олар өткенімізді ұмыттырып, құлға айналуымызды ғана қалап жүр. «Арабқұлдар» қайтыс болған адамды сыйлау мен қайтыс болғандарға сыйынуды шатастырып алған сияқты – деген мазмұнда  жазба қалдырған екен. Әлеуметтік желідегі  Қанат әріптесіміздің пікірін қолдап, біршама қазақ жастары пікір қалдырып, үн қосыпты.

– Өте дұрыс жазып отырсың! Зиратқа сурет қоюуға болмайды, жермен жексен болып кетсін деген насихаттың артында аталарыңды ұмыттыру саясаты тұр –  деп жазды Арман Әубәкір есімді блогер.

– Бізде «әруақты сыйлау» мен «әруаққа сиынуды» шатастыратындар көп. Қазақ әруақты сыйлаған, сиынбаған. Біз оларға емес, олар біздің дұғаға мұқтаж! – деді тағы бірі. 

–  Алланың пәрмені күшті! Бірақ «өлі риза болмай, тірі байымайды» деген халықпыз ғой. Аруақты неге ұмытуымыз керек? – деген  Зейнеп  Ахметованың әңгімесінен үзінді келтірді үшіншісі.

 Сонымен кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Жауап іздеп көрелік.

      1990 жылғы Қазақстан мұсылмандарының бірінші құрылтайында елімізде діни басқарма құрылғанынан бәріміз хабардармыз. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жауапты және халқымыздың тыныштығы мен әлемдік бейбітшілікті әнұран етіп алған мекеме болғандықтан, еліміздегі дінге байланысты мәселелерде талапты пәтуалар шығаруда. Міне, қателеспесем, былтыр  осы Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасы, басқарма жанындағы Ғұламалар Кеңесі зират қоюға байланысты пәтуә шығарып, қабірді қоршаудың ережелерін  ұсынды. Олар қорымдар аяқ асты болмау үшін тек сыртын ғана қоршап қою қажет деген пікір білдіріп, шариғат бойынша адамның бейнесін қашап, бюст, ескерткіш орнатуға рұқсат жоқ. Жарты ай бейнеленіп, қайтыс болған адамның аты-жөні, туған жылы мен өлген уақыты жазылады. Зират түйенің өркешінен биік болмауы тиіс – деп қадап айтты.

     Пәтуа – қатып қалған заң емес! Десе де дін өкілдері  -  жұртшылыққа арнап шығарылған пәтуалар соқыр фанатизммен күресіп, діни негіздерге қайшы келмей, ғасырлар бойы көздің қарашығындай сақталып келген салтымызды бұзуға апармайды – дейді.  Алайда,  тоқтық немесе жоқтықтың адамы болсаңыз да, баратын орныңыз бір. Өлім бізді ысырапшылдыққа тәрбиелемеуі тиіс – деген  қағиданы ұстанады.

Расында да, бүгінде бақилық болған адамды соңғы сапарға шығарып салу үшін соңғы тиынын санап қалып жатқандар көп.  Тіпті кредит алып, оны жылдар бойы төлеп өтетіндер де аз емес.

   Этнограф зерттеуші Жалаладтин Шәйкен: Тасқа бір рудың таңбасын салып, оны бедерлеп, қашап, сол тасты орнатқан. Қазақ топырағына ислам дінінің келгеніне 14 ғасыр болды дейміз. Әр дәуірдің өзінің қабір тұрғызу мәдениеті болған. Біз осылардың бәріне құрметпен қарауымыз қажет. Қазақ сахарасында өзіне өзі алдын-ала кесене салдырған оқиғалар да аз емес дейді. Этнограф Жалалатдин Шәйкеннің дерегінше, Торғай өңірінде Ахмет Таңқа есімді ауқатты адам өмір сүрген. Ол көзі тірісінде моласын дайындатып қойған. Бірақ оны отарлаушылар келіп, ит жеккенге айдап әкетіп, сүйегінің қайда қалғаны әлі күнге дейін белгісіз.  Мұндай үрдіс әлі де бар дейді. Әсіресе Алматы маңындағы бейіттерден алдын ала орын сайлап, оны арнайы жазусыз, жай ғана қоршап қойғандар да бар екен.

         Ал дінтанушылар дінімізде ережеден тыс жағдай бар. Еліне еңбегі сіңген атақты хан, сұлтан, би, батырлар бар. Бұлар халықтың есінде қалуы үшін, тағылымы халыққа жұғысты болу үшін басына күмбез тұрғызуға рұқсат берілген дейді. Алайда, кейбір қалталылар ата-баба, әке-шешелеріне артында қалған ұрпағына белгі ретінде емес, өзінің атақ-абыройын асқақтату үшін, өзгеден асып түсу үшін көлемі мен мен сәулеті жағынан мешіт пен мұнаралардан  бірде-бір кем емес мазар тұрғызатынын көріп  жүрміз. Ал жаназа дастарханы бірде-бір  мерекелік тойдың дастарханынан кем емес. Ақ балық, қызыл балық, жеміс-жидектің түр-түрі тіпті торт қоятындар да табылады.  Жер бетінде  қазақтай кең, қазақтай жомарт,  қазақтай  мол дастархан жаятын халық жоқ.  Қазақ осысымен қазақ.  Алайда, сол аста төк қаражат одан да халықтың игілігіне жаратылса, балабақша салынса, мешіт салынса, ауру балалардың еміне жұмсалса құба-құп болатын еді дейтіндердің де пікірі орынсыз деп айту қиын.

     Қош. Сонымен, Мазар тұрғызу мәселесін шешіп алдық. Яғни, қалтаңыз көтермеген жағдайда бекер әуре болудың қажеті жоқ, имамдар айтқан пәтуа бойынша қарапайым етіп, мазар тұрғызсаңыз сізді ешкімнің де сөге жамандамасы анық. Ал бақилық болған кісінің басына белгі қою ұрпағының парызы, оған ешқандай  шариғат қарсы келмейді. Сонымен, Қанат әріптесіміздің  айтпағы түсінікті болды фанатизм мен дәстүрлі дінді шатыстырып алмауымыз керек.  

   Ал енді, қазіргі таңдағы байқалып отырған фанатизмнің екі түрін осы жерде  атап өткен орынды шығар.  Бірі – қазақтың салт-дәстүрі мен дінді ажырата алмай, шаманизм мен тотемизмнен қалған әдеттерді орындай жүру болса, екіншісі  керісінше – дәстүрімізді шетке ысырып тастап, ағымдар насихаттаған діни үкімдермен қарым-қатынас жасап өмір сүру. Екеуі де біздің жағдайымызға сай келмейді. Осы екі тәсілден сақ болайық. Қоғамымыздың рухани дүниесінің алға қарай дамуына үлес қосқаны үшін әрі тарихымызда қалыптасқан соң, халқымыздың дәстүрлі ислам дінінен бас тартып, діни ағымға берілгені дұрыс емес, және салтымыздан толығымен айырылғанымыз да жөнсіз. Өйткені, деструктивті ағымға берілу экстремизм мен терроризмге алып келері айдан анық болса, белгілі бір ұлттың дәстүрін ғана қоштау иман мен ислами санадан алыстатуы мүмкін.

VIII ғасырдың ортасында қазақ даласына ислам діні кең қанат жайған соң, даналығы әрі парасаттылығымен танымал болған ата-бабаларымыз мұсылмандықты негізгі сенімі мен дәстүріне айналдырған. Ғасырлар бойы қанымызға ана сүтімен сіңген дәстүрлі дініміз бен сенімімізді соңғы уақытта фанатизм арқылы бұрмалап, ел тыныштығын бұзуға бет алған топтардың пайда болуы ойланарлық жайттардың бірі. Ислам дінінде ешқандай кемшілік жоқ. Бар мәселе біздің оны дұрыс түсінбеуімізде.

     Ал  «арабқұл» сөзін қалай түсінеміз? Бұл  лақаптан арылмасақ, оңы мен солын енді танып келе жатқан жасөспірімдер исламға үрке қарап, арабқұл атанбау үшін діні құрысын деп қолдарын бір сілтеп кеңес үкіметі қалыптастырып берген ескі сананың жетігінде кетпейді ме?

       Өткенде  ғаламтор бетінде  Ақын Айнұр Тұрсынбаева қысқа кисең ұятсыз,  ұзын кисең вахабиссің – деп көпшілікке ренішін жеткізді – деген мақала жарық көрді. Мұны неге жазып отырмыз. Себебі  бұл халықтың бір ақынды сынап жазылған сөзі ме? Жоқ. Бұл айқайлап тұрған  мақала тақырыбы  бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселе. Қазіргі таңда әрбір қадамынды аңдып баспасан, діни жан-жақты, терең  білімін болмаса күтпеген жерден  «салафит» «ваххабис» тағы басқа қаптап жатқан түрлі діни радикалдық топтың «мүшесі» болып, бүркеншік атты бүркеніп шыға келуіңіз ғажап емес. Сондықтан да ислам діні – терең білімді қажет етеді. Осыны жастар ұғынуы тиіс. Себебі, еліміздің болашағы жастардың қолында. Яғни, ұлттық мақсат-мүддемізге сай келмейтін діни идеялармен уланбаған, жан-жақты терең білімді жастардың қолында. Сол үшін жас ұрпақты дәстүрімізге сай тәрбиелеп, жарқын болашақ пен ел тыныштығына ат салысқанымыз біз үшін аса да қымбат екенін барлығымыз түсінетін кез жетті.

Біз қалыптасқан дәстүрлі дінімізбен мен тарихымызды, тіліміз мен ділімізді сақтай отырып жарқын болашаққа бет алуымыз керек.

Алайда, қазақтың барлық әдет-ғұрыптарын дінге телуге болмайтыны секілді, шариғаттың барлық үкімдерін қысқа мерзімде дәстүрімізге айналдыра ала алмаймыз  дейтіндер бар.  Бәріне уақыт төреші. Десе де, қазақ халқының өзінің қайталанбас ұлттық құндылықтары  жетерлік. Тіпті сырттай салыстырып, саралап қарасақ қазақтың бай, көркем тілі мен мәдениет-өнері, қазақтың өнегелі салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпы жер бетіндегі көптеген ұлттардан анағұрлым озық, әлдеқайда биік тұрғанын байқаймыз. Ол туралы шетелдік өзге ұлт өкілдерінің танымал мамандары мен зерттеуші ғалымдары таңғала әлденеше айтып та, жазып та мойындағанын білеміз. Иә, қазақтың ұлттық салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпын ғажап, құранда жазылған аяттардай   ізгілікке толы  демеске болмайды. Үлкенге құрмет көрсету, кішіге қамқор болу, адал еңбек ету, ағайын-туыс, дос-жаранмен етене араласу, жанашырлық таныту, ата-анасын сыйлау секілді ұлағаттар  біздің ұлттық тәлім-тәрбиенің түп-тамырында жатыр. Қазақ мәдениеті мен өнері өз алдына бір төбе. Сол үшін, біз салт-дәстүріміздің дінмен біте қайнасып жатқан жерлерін халықтың алдына паш ету арқылы тепе-тендікті сақтауымыз керек.

Халқымыздың біртуар ұлы перзенті Қаныш Имантайұлы Сәтпаев: «Егер сен ХІХ ғасырдың ІІ жартысындағы қазақ халқының өмірін, тіршілігін, тарихын, әдет-ғұрпын білгің келсе, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын» оқы – деп жазған еді. Міне сол ғасырлық туынды Абай жолы романынын оқып отырып, қазақтың  мейірімділік пен жомарттығына тағы бір  көз жеткізуге болады.  Мәселен, Біржан салды Абай ауылы шығарып салған кезіне  «Біржанға дәл жүрер кезінде Ұлжан өз үйінен, өз алдынан дәм татқызып отырып бата берді де, оң сапар тіледі. Сонымен қатар Айғыз, Нұрғанымдарға әкелгізіп тоғыз-тоғыз сый ұсынды. Біржанның өзіне өз қолынан үлкен күміс тай тұяқ сыйлады. Қасындағы бір жолдасына қоржын тола манат, мақпал сәлем-сауқат берді».

      Құрандағы бірқатар аяттар мен хадистер ислам дінін ұстанушы мұсылманды ағымдардың тар шеңберінде шектеліп қалмай, кең көзқараста болуды, айналасындағы құбылыстарды зерттеп, Құдайдың құдыретін тануға үндейді. Алайда, бұл ақиқаттарды тану үшін белгілі діни білім қажет. Себебі, дін –  адамның рухани жетілуі мен адамдық ізгі қасиеттерімізді асқақтатса, салт-дәстүр – ұлт болып қалыптасуымыз үшін, ұлт болып қалуымыз үшін қажет. Тек дінді дұрыс жағынан түсініп, бұрыс жағынан бұрмаламасақ болғаны.

Жаһандану атты аждаһаның аузында жұтылып кетпей, жан-жақтан келіп жатқан ақпарат, дін, дәстүр, таным мен білімнің тек жағымды жақтарын қабылдап,  келеңсіз тұстарынан аулақ болу үшін не істеу керек? Ұлттық болмыс-бітімімізді жоғалтып алмау үшін және өзге ұлтқа  «құл» болмау үшін не істеу керек?

Құлдық санадан арылу үшін - ең алдымен қазақтың санасын өзгерту керек. Қазақ санасы өзгермей әркімге бір құл болып жүре береді – дейді қоғам зиялылары.  Елбасы айтқандай, салт-дәстүр халықтың генетикалық коды. Меніңше, дініміз бен дәстүрімізді қатар әрі  берік ұстанған жағдайда жан-жақты, жаңаша ойлайтын, жаңашыл көзқарастағы, құлдық  санадан ада, білімді ұрпақ қалыптастырамыз. Жастар рухани әрі саяси сауатты болса, қоғам жаңарады, әрі өркендейді. Ал сіз қалай ойлайсыз, сіздің санаңыз не дейді?

 

Әйгерім ИЕБЕК

 


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: