Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

Блогтар

07.11.2020
4224

Шылым

Кеңсе көп қабатты үйлердің ортасында тұр. Бұл бір кездегі ортасына қамыс салып, сыртын уық тәрізді жіңішке ағашпен шегелеп, сылап тастаған ескі бала бақша болатын. Кейін әлдебір мекемеге берілді де ол мекеме өзінен қалған бос бөлмелерді кеңсе іздеген түрлі кәсіпкерге, шағын ұжымдарға, 2-3-ақ кісі жұмыс істейтін баспаларға жалға берді. Оның ақшасы қайда, кімге түсетіні белгісіз. Заман саудаға айналған сайын бос тұрған бөлмелер де қызмет қыла бастады.

 

Бұларға да ай сайын осындағы қожайын тектес бас мекемеден айлық аяғында есепшотқа қарыз сомалар үзбей келіп тұрады. Оны бұғалтыр қолына ұстап алып жарық сонша, су мұнша, қоқыс мұнша деп санап жүргені. Естігені болмаса өздері төлемеген соң бес-алты қызметкердің онда шаруасы жоқ. Әйтеуір, жалға төлейтіні көбейіп кетті деп орталықтағы әдемі ғимараттан осында көшіріп жібергенін біледі. Содан бері ақысы өспеді ме, әлде оған төлейтін ақшасы болмады ма о жағы білгісіз. Енді екі қабатты үйдің бір жағы өздерінікі. Шеткі үш бөлменің екеуі үш кісілік те, біреуі бастық пен анда-санда айлық бергенде бой көрсететін есепшінің бөлмесі.

 

Бұл жерде бас алмай жазу жазатын төрт-бес қызметкер. Басы айнадай жарқырап, төбесінде селдір ғана бір уыс шашы қалған бас редактор бұ жерге бастық болғалы отыз жылға тақады. Онда жас еді талай адамды салып, дәметкен не азаулыларды езуінен жырып әрең алып еді. Бұ жерден кетсе өлетіндей болып жабысып алған. Осы баспа деректірі деп қауқитып атағанмен пәлендей пәрменді, зор бедел жиған адам емес. Сол сәбеттік кезден қалған дәрежесін әлі өршелене көтеріп келеді.

 

Жоғарыға барып жылда шығатын кітаптардың тізімін әкеледі. Соны жыл бойы шығарып, беттеп, қаттап, жіберетін жеріне жібереді. Көбіне баратын жері кітапхана. Мұнда жастар жоқ. Сәбет баспасында істеген кәрі құртаңдар осында пенсияға шықса да соңғы күндеріне дейін жүргені. Өздері әбден шаршаған. Киімдері көнетоз. Неше жыл бұрынғы, таза болса да  модыдан қала бастаған ескі киімдер.

 

Байлаулы қызметкердің бірі – ұзын бойлы, шашы бурыл тартқан, дене бітімі арбиған, бет сүйегі шығыңқы, қырым ет жоқ қушиған бетінде дөңес мұрны ғана көрінетін алпыс алты жастағы Шерубай деген ақын. Өзі кейін әңгіме, повес, тіпті роман жазып кетті. Романдары ұзақ. Бас редактор Тұрғанбай ақын күні түскен соң оны жер суға сыйғызбай мақтайды. Онысы– өзіме тимесін, пәлесі болса арырақ тұрсын,– деген есеп.

 

Шерубай ақын ешкімнен кем емеспін деп жастайынан атақты көп қуған ізденгіш, түпкіш адам. Талай мекемеде қызмет етті. Оның жан жолдасы–шылым. Мұнда жасы қырықтан асқанда келіп, Тұрғанбай ақынның қулығына қанып, алдағанына арпалысып жүріп әрең көндікті. Тұрғанбай бұған қол жетпей жүрген сыйлығын әперді. Кітаптарын неше қабат шығартты. Оның шығарған кітаптары саны жағынан Тұрғанбайдан да асады. Бірақ атақ жағына келгенде оның жанында түйе қасындағы арық ешкідей. Есебі күшті бастық мен көп жазбаймын дегенді ұстанып сол азғана жазғанын шылғи жақсы дүние дегізіп, мақтауға жатқызатын. Бұ жерден кітап шығаратын адам Тұрғанбайды өз жанынан артық бағалап, басынан асыра мақтауы шарт болады. Оған көнбесе бұ жердің бетін көре алмайды.

 

 

***

 

 

Шерубай ақынның досы – шылым. Қазір де күншуақтап тұрып, ойына әлдебірдеңе түскендей шылымын қомағайланып соруда. Алғаш келгенде бірер ай Тұрғанбайға көнбей темекіні бөлмеде жұмыс істеп отырып тарта беретін. Кейін бәрі жабылғандай болып, иісі болмеден асып, дәлізге жетіп, одан бүкіл қабатқа тарай бастаған соң еріксіз далаға шығуға көндіріп еді бірге отыратындар. Шерубай шашы жалбырап әлі де темекі шеккенін қойған емес. Таңертең ұйқыдан тұрғанда күркілдеп оянады. Көрші бөлмеден кемпірі шығып, суық тиіп қалмады ма екен дегендей бәйек болады да әлгі темекі құрғыры екен ғой деп ас үйіне қарай кетеді.

 

Шерубай күнделікті таңертең ыстық сүт ішеді. Оны дайындар беретін арық келген үзынша, басына орамал тартқан аққұба кемпір Дәмеш. Бұрын оқытушы болып жүріп зейнетке шыққан, одан соң мұны жұмыста көп ұстамады. Ендігі жұмысы осы Шерубайдың үш уақ тамағы мен киімінің таза жүруі. Үйдің шаруасы. Жатса-тұрса қадағалайтыны Шерубайдың қағаздары. Орын ауысып кетпесін деп әр кітапты жатқан жерінен қозғамайды. Шаңын сүрткіштеп орнына қоя салады.

 

Тамақ ішіп алған соң Шәкеңнің істейтін шаруасы – кітап оқу. Балконда шылым шегіп отырып әлдебір ойларға берілу. Дәмеш жас кезінде де отағасы не айтса соны істеп қана жүретін жуас әйел еді. Үйрене келе небір мінез шығара ма дегенде ондайы білінбеді. Бұлардың екі ұлы бар еді. Бірін ағасы асырап алды да екеуі жалғыз ұлды жолға салған соң енді солардың қызығын көреміз дей бергенде қызметке шақырды деп басқа қалаға көшіп кеткені. Одан туған үш немере едел-жедел өсіп келеді. Алды бойы сорайып жігіт болуға айналды. Шылымға мұны дос қып кеткен өнер ғана емес осы айнала өмір сияқты.

 

 

***

 

 

Шерубай ұяң бала еді. Үйдегі төрт ұлдың үшеуі де шетінен ауыл азаматы болып, оқымай-ақ қара жұмыс істеп кетті де ең кішісі осы кітапқа қадалды да қалды. Бала күннен оқу. Жігіт кезде оқу. Оқу бітірген соң да оқу. Марқұм әкесі мұнша оқуды түсінбей-ақ қойды. Бірақ бөгет жасамады.

 

Бала күнде жат қылыққа үйір болмады. Сынып балалары үзілісте мектеп артындағы жылуға от жағатын жерде қыстыгүні қаз-қатар отырып шылым шегетін. Өзі шылым шекпеген соң бұл жерде көп бөгелмей үзілістен кейін келесі сабақтан қалмай қоңырау соғылғанда өз партасында отыратын. Шылым шегушілер қарды омбылап, әлгінде аяғымен басқан көмір, күл жерді айнала жүріп, мектепке келгенше қоңырау соғылып, оқытушылар сабақтан қалған балаларды түгіндеуге кірісетін. Бұлар кешігіп келіп, дәлізде есік қағып бір топ ұл есіктен сығалап тұрар еді. Әдетте, Сәдір мұғалім бұлар қайдан, не істеп келгенінен хабардар болатын. Асықпай кезекшіден сұрап кім жоғын белгілеген соң есік жаққа қарайтын. Ұлдар мұғалімнің қайдан келдіңдер, неге кешіктіңдер деген сұрағын тосады. Бірақ Сәдір мұғалім басқалар сияқты өйтіп сұрақ қойып әуре болмайды.

 

– Отырыңдар,–дейді. Ұлдар үш қатар партаның әр тұсына қарай жөнелгенде еденге еріген қармен бірге көмір іздері қалар еді. Сәдір мұғалім ізге қарайды. Өзі шылым тартпайтын адам мүңкіп кеткен темекі иісін бірден сезеді. –Темекі тартқан қайсың?–дейді.

 

Жауап жоқ. Кірген ұлдарды бір-бірлеп шақыра бастайды. Қалтасында не барын стол үстіне ақтартып, сыртқа шыққан қалташаны газет бетіне қаққызады. Шылым тұқылы, сіреңке шиі, сарғыш мохоркі сияқты нәрселер шыға бастайды.

 

– Иә,–дейді оқытушы.–Түсінікті болды немен айналысып жүргендерің. Бұдан ары Сәдір ағай темекінің залалын, денсаулыққа зиянын, дәретхана маңында, от жағатын ауасы қапырық жерде жүру оқушыға дұрыс еместігін айтады.

 

– Жарайды. Әкелеріңмен сөйлесу керек екен. Сабақ бастаймыз,–дейді.

 

Сол шылым шегуді 5-6 сыныпта балалықпен бастаған ұлдардың кейбірі үйлерінде де әке-шешесінен тығып қора ішінде, үй сыртында, көше бұрышында жүріп жалғастыратын.

 

Бірақ Шреубай аузына шылым алған емес.

 

 

***

 

 

Бұлар мектеп бітірер жылы дүкенге күн сайын аудан орталығынан мәшинеге тиелген қызыл шарап әкелетін. Бір бөтелкесі 90 тиын. Жүзім шырынынан жасалған деседі. Қызығы сол оны ішкен соң небір сабырлы деген адамдар бала сияқты жеңейіп, дабырлап шыға келетін. Әлгіні екі-үш бала бөліп ішсе кәдімгідей қызып, өздерін үлкендер сияқты сезінетін. Бұл мектеп бітіргенше оның да дәмін сезбеді. Тек сынып болып топ ұлдар жиналғанда шылым шегіп мен қызыл шарап ішу есейгендіктің белгісі саналғандай екен. Бір қызығы шарап ішкен сайын көк түтінге деген құмарлық арта беретін көрінеді. Шерубай алғашқы жылы оқуға түспей қалып сапқозда жұмыс істеп жүргенде балалықпен небір қызықтарды көріп еді. Ащы «Беломорды» гармонның жиырылып ашылғаны тәрізді сәнді ғып, саусақпен күлін түсіріп қойып әңгіме соғу әдемі-ақ көрініс.

 

Сөйтіп, жүріп бұл да темекіге үйренді-ау.   

 

 

***

 

 

Әскерде жүргенде Сібірдің қар басқан суық орманында аспанға тік шаншылған әлдебір антенналарды күндіз-түні күзетіп жүрген бұлар үшін жалғыз ермек шылым болатын. Қарлы суықта қатып қалмас үшін темекі жылуы да түтін де бойға кәдімгідей жылы киім сияқты жылу беретін. Керзі етікпен бетон ауланы сарт-сұрт ұрып әскери жүрісті, қару атуды үйренген кездерде терлеп келіп, бес минутқа командар рұқсат еткен шылым шегу уақыты ең рахат кез-тін.

 

– Разаойдись. Пять минут перекур,–дегенді естіген кезде бойың жеңілдеп сала беретіндей еді. Онда ылға солдаттардың тартатыны «Прима» деген қызыл пәшкідегі темекісі еді. Бірақ оның қайдан шыққанына қарамайтын. Әр солдаттың қалтасында сіреңке, пәшкі темекі, азын-аулақ тиын-тебен жүретін. Баяғы ауылдың жүзім суын мұнда орыстың ащы арағы, не қолдан ашытылған «самогон» ауыстыратын.

 

Кешкілік жатар мезгілде аяғы жүйрік қулау жігіттер қоршаудан жасырын өтіп жақын жердегі деревнядан самогон алып қайтатын. Алғашқы бір жылын өтеп екінші жылға ауысқан сақа солдаттар офицерлердің көзін ала беріп жеке бөлмеге жиналар еді. Самогон ішіліп, небір әскери әңгімелер айтылар еді. Гитара үні қосылып сағынышты әндер айтылатын. Мұнда шылымның көк түтіні бүкіл казарма ішін алып, сырттан кірген адамға бірден ащы иісі білініп тұрар еді.

 

Шылым иісі әскерде тек аузынан ғана емес әр сазбаздың киіміне, жататын жеріне, денесіне сіңіп кеткендей еді.

 

Сол шылым иісі әскерден келгенде Шерубайға да әбден сіңіп еді.

 

 

***

 

 

Шерубай оқуға түсті. Кітап оқығанын әскерде де қоймады. Мұның өлең жазатынын білген орыс тілшісі жолма жол аудармасын алып, орысша өлеңін полк газетіне шығарды. Орыстар мұны «Шер» дейтін. Кейін поэт деген атты ажырамайтын ғып тақты да сол бойы кетер кеткенше ақын деп атады. Шерубайға жастай таңылған ақын, шылым, кітап деген сөздер сол бойы қалмады. Студент кезде де балконда отырып шылым шегу, сыра ішуге сыраханаға барғанда шылым ала бару, көктұман бөлмеде былдырлап өлең оқу, ақындардың өлеңін жатқа айту өзінше бір сән еді. Әскерден келгенде «Космос» деген темекі шыға қалды. Қорабы сәнді еді. Одан «Қазақстан» деген сүргісі бар фильтрлі темекі пайда болды. Кейбіреулер оны сән үшін шегетін. Шеккен болып саусағына қыстырып алуды сән көреді. Шерубайдың оған құшыры қана қоймайды.

 

Баяғы әскердегідей ащы темекі тартпаса құмары қанбады. Өлең жазған мазасыз түндері бір қорап шылымды біртіндеп тауысып, өзі мәңгірген адамдай апиын шегіп мас болған күйге түсетін. Біреу тәттіге үйір. Торт, балмұздақ дейді. Шампан ішеді. Шерубайдыкі баяғы қырлы стақан мен ащы орыс арағы. Көк түтінді будақтата, құшырлана сорып, ащы арақтың уытын басып, тұзды қиярды иіскеуден өткен рахатты Шөкең көрді ме екен.

 

Оның дәмін қазы-қартаға да айырбастамас, сірә. Біздің кезімізде қымыз неге аз болды деп өкінеді енді. Шерубай шаршады. Бірақ темекі, қомағайлана тартқан түтін басын айналдырып, ішінде жатқан шабыт теңізін аласапыран дауыл тұрғандай аяусыз қозғайды.

 

Шарап, өлең, ащы арақ құйылған қырлы стақан… Шөкеңнің бар өмірі осымен өте шыққандай. Ұйықтаса сөреде жиылып тұрған кітаптарды көреді. Түсіне аспан кірсе шұбырған ақша бұлттардың арасынан темекі түтіні будақтап, созалаңдап шығып жатқандай болады. Тоңазыған денесіне бірдеңе қызу бергендей болса, иісі ап-ащы баяғы орыс арағы қан тамырын қыздыра тал бойын қуалап бара жатады.

                                                                                                    

18.09.2020.


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: