Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПРОЗА
Нобель сыйлығының лауреаты И.Буниннің «Зұлматты к...

24.04.2018 6078

Нобель сыйлығының лауреаты И.Буниннің «Зұлматты күндер» шығармасы (жалғасы)

Нобель сыйлығының лауреаты И.Буниннің «Зұлматты  күндер» шығармасы  (жалғасы) - adebiportal.kz

19 сәуір.

Өзімді тым болмаса бірдеңемен сейілтейін, жейтін әлденеңе алайын деп шығып едім. Бәрі де жабылады, ештеңе де қалмайды деседі. Шынында әлі жабыла қоймаған ләпкелерде дәнеңе жоқ дерлік – бәрі жоғалып кеткен секілді. Ойда жоқта Софийскідегі ләпкешікте качкапал дейтін дөңгелек қатқыл сырға киліктім. Бағасы удай – қадағы 28 сом.

А.М. Федоров (Бунин отбасының жақыны, жазушы Александр Митрофанович Федоров (1868-1949). Өңі жағымды көрінді, өзі кедейшілік ахуалына шағынды. Шындығында, соңғы күнкөрісі жоғалыпты – енді оның саяжайын кім жалдайды? Өзгеге де өткізе алмайсың, ол бұл күнде «халықтың дәулеті», ғұмыр бойы жұмыс істеп, өзінің тапқанына алақандай жер сатып алудың сәті түсіп еді, қарызға кіріп әлгі жерге кішкене үй тұрғызып еді – енді қараса, үйі «халықтікі» екен, онда сенің отбасыңмен бірге әлдебір «еңбекшілер» тұратын болыпты. Ызадан асылып қала жаздайсың!

Күні бойы румындардың Тираспольді басып алғаны, Макензеннің ендігі Черновцыға кіргені, және тіпті «Петербордың құлағаны» жайлы сыбыстар кернеп кетті. О шіркін, жұрттың бәрі осындайды неге қалайды екен! Әрі осының бәрі қып-қызыл өтірік.

Кешкісін Н.-мен бірге (филолог, профессор В.Ф. Лазурскийдің әйелі Наталья Михайловна Богомолец-Лазурская) синагогада болдық. Айналаңның бәрі жиіркенішті де зәре кетерлік, содан әзірге ластық пен аюандықтың аяғы жете қоймаған соңғы жансауғалар жерге – шіркеуге қарайлайсың. Тек бұған дейін операңыз тым көп болатын, оның өзі кей-кейде ғана, әйтпесе тағыларша үздіккен еңіреу, боздау, олардың сыртында қайғының панасыздықтың тұтас ғасырлары, шығыс, қаңғу жатыр, – және Бірегей ғана, тек Оның алдында біресе күдер үзушілік, балалық қайғыдағы жаныңды тербер айғайыңмен, әсіресе түнеріңкі, ашумен долданып барып басылатын өкіруіңмен шеріңді тарқата аласың.

Бұл күнде күллі үйлер қараңғы, қала тұтастай қапаста, қарақшылардың ұялары ғана жарыққа малынған – шамдалдар жарқырайды, балалайкалар естіледі, «Қырылсын, буржуйлар, қырылсын!» деген жазулары бар ақ бассүйектер салынған, қара жалаулар ілінген қабырғалар көрінеді.

Асүйдегі сасық шамның қасында, кәрәсіннің қалғанын жағып, қағаз жазып отырған жай бар. Жаның ауырады, не деген қорлық! Қайдағы бір «Новая Жизньнің» «патша әскері» тарапынан болуы кәдік лаңкестігінен сақтандырғанда киелі ызаға булығатын менің Капридегі жарандарым Луначарскийлер мен Горькийлер, орыс мәдениеті мен өнерінің діттеушілері, менің сасық шамның жанында мына қылмыстық жазбаларымды, әйтпесе ойларымды тап бір ұрыларша терезенің ернеуіне тыққыштап жатқанымда ұстап алсаңдар, мені не істер едіңдер?

Аула сыпырушы жөн айтты (Мәскеу 17 жылдың күзі):

– Жоқ, кешіріңіздер! Біздің парызымыз – елімізді Құрылтай жиналысына жеткізу!

Қақпаның алдында отырған және осы екпінді сөздерді естіп отырған аулашы, – оның қасынан ел жылдам басып және дауласып өтіп бара жатты, – басын күйіне шайқады:

– Іс жүзінде қайда жеткіздіңдер, иттің балалары!

– Алдымен меньшевиктер, сонсоң грузовиктер, сонсоң большевиктер мен броневиктер...

Жүк мәшинесі – ол біз үшін қаншалықты үрейлі нышан болып қалды, біздің ең ауыр да зардапты естеліктерімізде солардың қаншамасы өз бейнелерін қалдырды десеңізші! Революция ә деген алғашқы күннен бастап-ақ осынау өкірген, сасық малмен байланысты, оған алдымен шыңғырған сайқалдар мен майданнан қашып келген солдатсымақтармен, ал сонсоң ойдан-қырдан жинақталған каторгаға сотталғандармен толтырды.

Қазіргі мәдениеттің тұрпайылығы мен оның «әлеуметтік рухы» осы грузовикке сіңірілген.

Әлдебіреу қақалып-шашалып, кекештеніп, ауызына сілекей тола көкіп тұр – қисық ілінген көзілдірігінің ар жағынан едірейген көздері одан сайын қаһарлана түскен. Галстугы желкесіндегі кір-кір қағаз жағасына шығып кеткен, желеткесі әбден былғанған, тылтиған пенжегінің иығынан қайызғақ саулайды, майланған сирек шаштары үрпе-сүрпе... Міне, осы сұр жыланды «адамға деген жалынды, шексіз махаббатқа», «әсемдік, мейірбандықпен әділеттілікке» ынтызар деп мені иландырғылары келеді!

Ал оның тыңдаушылары ше?

Күні бойы күнбағыстарды жұдырығына қысқан, сол күнбағыстарды күні бойы еш ойланбай шайнаңдап тұрған қашқынның түрі анау. Шенелі – желбегей, кәртөзі – желкесінде. Кең иықты, есесіне – сирағы қысқа. Әрі байсалды, әрі кеудемсоқ қалыпта, шайнаңдай түседі, ара-арасында сауалдар қояды, – сөйлемейді, тек сұрай біледі. Және берілген жауаптың біріне де сенбейді, бәрінен өтірікті іздейді. Оның өзіне деген, қысқы хаки киген жалпақ жамбастарына, бұзаудікіндей кірпіктеріне мал мен тағылардікіндей ерніне езілген күнбағыстың сүтіне деген жиіркеніштен жаның ауырады.

Татищевтің «Ресей тарихынан»:

«Бауыр бауырына, ұлдары – әкелеріне, құлдары – қожайындарына, жолдас – жолдасына тек тойымсыздық, нәсіпқұмарлық пен билік жолында бірін-бірі қырып жоюға андағайласқан, бауыры бауырының дәулетіне ұмтылғандар ескіден қалған қағидат – өзгеден іздеп, түртінектеп жүріп, түбінде өзінікін жоғалтып алып өкіретінін еш ұқпайды...»

Сөйте тұра қаншама мақұлықтардың ресейлік тарихта бұрындары еш болмаған, мүлде үр жаңа әлденеге бастамақшы ұлы «өзгеріс» орын алды дегенге имандай сенетіндігін қайтерсіз!

Бар пәле (және ең қорқыныштысы), ешбір пенденің «ресейлік тарихтың» нағыз мәнін титтей де болсын түсінбейтіндігінде жатыр.

20 сәуір.

Гәзиттерге ұмтылдым – пәлендей ештеңе жоқ. «Ровно бағытында жаудың әрекет жасауы орын алды...» Осы жау, сайып келгенде, кім өзі?

Гәзиттердің сарыны баяғыдай – кеудемсоқтық-боқтампаздық әуен, – баяғы қорқыту, жұлынып тұрған әумесерлік, бәрінің де жайпақтығы, жалғандығы сондай, бір ауыз сөзіне де сенбейсің, әрі қайдағы бір Шайтандар аралында бүкіл ғаламнан аулақ, итеңдеп, итшілеп жатқан тәріздісің.

Анюта айтады, міне, екі күн бойы ауладағы елдің бәрі бүйірлері шаншып өле жаздаған бұршақты нанды сатудың өзін доғарыпты, сонда кімге бермей жатыр? – кешелері ғана көтермелеп жатқан пролетариатқа емес пе! Ал қабырғалардағы ұрандарды қараңыз: «Азаматтар! Баршамыз спортты игеруге кірісейік!» Адам нанғысыз, бірақ ақиқаты осы. Қайдағы спорт? Мыналардың ми қораптарына қайдан қонған спорт?

Волошин келіп кетті. Оған Қырымға зытып кетуге «теңіз комиссары һәм Қаратеңіз флотының қолбасшысы» Немицтің (көрнекті әскер басы А.В. Немиц (1879-1967) көмегі арқылы жағдай жасамақ көрінеді, ал ол, айтқандайын, «рондолар мен триолеттерді тәуір жазатын ақын болған». Севастопольге қайдағы бір құпия сапар ойлап тапқан деседі. Гәп оны жөнелтерлік дәнеңенің де жоғында жатыр: Немицтің бар флоты желкенді жалғыз ғана кемешіктен тұрады, ал оны ауа райы бұзылса және жібере алмайсың.

Сыбыстарыңыз сең соққандай: генерал Гурко Петерборды алыпты, Колчак Мәскеудің түбіне келіпті, немісер әне-міне Одессаға ойран салмақ...

Зығырданы әбден қайнаған ел солардың сонадай қырылғанын аңсаумен әлек! Біздің оларға тілемеген інжілдік азапты ажалымыз және жоқ. Егер қалаға жын-перінің тура өзі басып кіріп, кеңірдегінен қанға қалқып жүрсе де, жарты Одесса масаттана өкірер еді.

Айнала кернеген жалғандықтан тұншығып өлердейсің. Бұрындары өтірікші деуге аузың бармайтын күллі достарың мен таныстарың бұл күнде қит етсе өтірік соғады. Бір тірі пенде жалған айтпай тұра алмайды, оған өз жанынан шығарғанын және қосады, күні бұрын өтірік екендігі белгілі дүниеге өзінің өңін айналдырғанын қосақтайды. Әрі осының бәрі былай болсыншы деп аңтарыла аңсаудан туындайды. Адам қояншық ұстағандай күй кешеді, күні бойғы сандыраққа өлердей сенесің және өзіңе жұқтырып тыныш табасың. Әйтпесе бір аптаға да жетпес едің. Және күн сайын осынау өзіңді өзің есеңгірету кешке қарай ерекше белең алады, – оның қуаты соншалық, тура өткір иісті үшпаға қаныққандай халде ұйықтауға жатасың, түнде қайткенде бір жағдаят боларына толық сеніммен дерлік қисаясың, үздігесің, саусақтарыңды мығымдап күллі денеңді ауыртқанша қазбалап шоқынасың әрі дұға оқисың – бұдан кейін Құдай да, ғажайып та, заңғарлық күштер де қол ұшын бермей қоймайтын сияқты көрінеді. Жауларға апат тілейтін, және де мың шақырымға, түнге, түнекке, беймәлімдікке, жақындарың мен ағайындарыңа өзіңнің шыбын жаныңды, оларға деген қорқынышыңды, оларға деген махаббатыңды, азабыңды жолдайсың – Жасаған оларды сақтай және құтқара көргей, – сол ақылға сыймас күштенуден соң сілең қатқан күйі ұйқыға жығыласың, кенет түн ортасында құтырына безектеп кеткен жүрегіңді уыстап атып тұрасың: әлдебір маңда тарс-гүрс, тарс-гүрс, кейде тап-тақау жерде шатырларға тасбұршақ соғып өткендей күй кешесің, – міне, ақыры болары болды, әлде әлдебір қол қалаға шабуыл жасады ма – сөйтіп мына құдай атқан тірлік құрдымға кетті ме! Ал таң атқанда тағы да ес жинау, зілдей масаңдық, гәзиттерге ұмтыласың, – жоқ, ештеңе де болмапты, сол баяғы озбыр айғай, жаңадан келген «жеңістер». Күннен сәуле түсіп тұр, әрлі-берлі зеңген ел, ләпкелер толған өшірет... сонсоң тағы топастық, қайрансыздық, алда тағы текке кетер ұзақ күн, жоқ, олай емес, күн емес, бос та бозалаң, түкке де керегі жоқ ұзақ күндер! Неге, не үшін тірлік етемін? Әлденеге әлектенудің қажеті не? Мынау әлемде, олардың әлемінде, бас-басына аң болған, ардан жұрдай болған әлемде маған түктің де керегі жоқ...

«Біздің жүз жыл кейін жазатын мүлде өзгеше мінезіміз бар». Ал содан маған келер жұбаныш қайда? Мүрдеміз мүлдем тозаң боп кететін уақытта менің нем бар? «Мұндай жазбаларға баға жетпейтін болады». Болса қайтейін, бәрібір емес пе? Ендігі жүз жылдан кейін де осындай азған адамзат ғұмыр кешеді, – мен болсам оның құнын білемін ғой!

Түн. Шамлы қызулау қалыпта жазып отырмын. Кешкісін қастандық жасаушыдай ұрлана басып А.В. Васьковский жымиып келді, күндіз айтқанның бәрі деген ақиқат деп нығарлай сөйлеп, күбір әңгімеге көміп тастағаны сондай, Петр құлақтары қызарып кеткенінше толқыды, сонсоң сатының астына түсіп екі шиша шарапты суырып алды. Өзім де күйгелектеніп жүрген басым, екі тартқаннан кейін масаңсып қалдым. Осы сыбыстардың түгелдей бос сөз екенін түсінемін, – сөйте тұра сенемін әрі діріл қаққан, суық қолыммен жазып отырған жайым бар...

1812 жылғы Мәскеудегі өрттен кейін Батюшков жазғандайын: «Аһ, кек алсақ қой, шіркін, кек алсақ қой!»

Савина (М.Г. Савина (1854-1915) – ресейлік әртіс. – Ауд.) 15 жылдың жазында Қапқаздан күйеуіне былай деп жазып еді: «Қалайша Жасаған сөйтіп біздің солдатсымақтарымыз, біздің керемет батырларымыздың мына ұятымыз бен қасіретімізді – біздің жеңілісімізді көтеруіне тиістілігіне жол бермек!»

Бұл не? Халықты білмеуден ғана емес, оны білгісі келмегендіктен де бастау алған ақымақтық пен надандық па? Бәрі де болған. Әдеттегі қалай болғанда да марапат әкелетін ашкөздікке иілген жалғандық болған. «Мен орыс халқына сенемін!» Мұндайға қол соғылатын.

Қоғамның белгілі бір бөлігі әсіресе осындай жалғандыққа әбден малтыққан еді. Өздерінің «халықтың, жастардың және барша болашақтың достары» дейтін кәсібінде өңдері айналып өзгеріп кеткендіктері соншалық, шын адалмыз деп есептейтін. Мен балғын шағымда олармен бір жүріп, бір тұрғандай болдым – сонда олардың жалғандығын бағамдап, ылғи табан астында зығырданым қайнайтын, ал өзгелері маған:

– Бар ғұмырын халқына сарп еткен мына жауһардай адамды жалғаншы деп тұрсың ба, ей?! – деп жиі ақыратын.

Шындығында: деген «адал», бәденді шал – көзілдірігі, будыраған ақ сақалы, жұмсақ шләпасы анау... Бірақ бұл дегеніңіз, әрине, баяғыда екінші пошымға айналып кеткен, адамның өзі сезінбейтін дерлік, десе дағы ойдан шығарылған дағдылы тірлік, ерекше бейжалғандық қой.

Менің зердемде осындай суайттардың қаншамасы қаптап жүр десеңізші!

Романға, жай емес, зәре ұшырар романға арқау боларлықтай әдеттен тыс желінің тура өзі.

1919 жылдың 20 сәуірі.

Біз өзіміздің «ғаламат баһадүрлеріміз» – әлемдегі ең мықты отансүйгіштер, соғыстағы жанкештілер, жеңілген жауға мейірім төккендер деп бір-бірімізге қаншалықты бөсіп бақтық!

– Яғни мұның бірі болмаған ба?

Жоқ, болған. Сонда кімде? Халықта екі түрлі үлгі бар. Бірінде – Русь, екіншісінде – Чудь, Меря (бағзы замандағы финн-угор тайпалары. – Ауд.). Бірақ бұлардың екеуінде де көңіл-күйдің, бет-бейнелердің масқара өзгергіштігі, бұрындары айтқандай «шатқаяқтылық» мығым орын тепкен. Халық өзі жайлы: «Бізден ағаш сияқты – шоқпар да, икона да шауып шығаруға болады» деген, – гәп бұл ағашты кім: Сергий Радонежский немесе Емелька Пугачевтің қайсысы баптайтындығында жатыр. Егер мына мен осынау «иконаны», осынау Русьті өбектемеген, көрмеген болсам, неге осынша ұзақ жылдар бойына есімнен тандым, неге осынша шексіз қайғы-қасіретке жаныға малтықтым? Ал мені тек жек көруді ғана біледі деуші еді ғой. Сонда солар кімдер? Сайып келгенде өз халқына шекесінен қарайтындар, ел-жұртты егер өздерінің «тамаша сезімдерін» көрсетуге түрткі болмаса, мүлде білгісі келмейтіндер, әрі білмейтіндер, тіпті қайдағы бір Ерікті-экономикалық қоғамға сан апарған кірешілердің кейіптерін мүлде аңғармайтындар. Бірде Скабичевский маған:

– Мен қарабидайдың қалай өсетінін ешқашанда көрмеппін. Бәлкім, көрген де шығармын, тек назар аудармаппын, – деп мойындаған еді.

Ал ол жеке тұлға ретіндегі мұжықты көріп пе екен? Ол тек қана «халықты», «адамзатты» білген. Тіпті атақты «ашаршылыққа ұшырағандарға көмек» дейтіннің өзі де біртүрлі әдеби тұрғыда ғана үкіметті және бір мытып қалып, астын қазбалау үшін ғана жүргізілді. Айтарға қорқынышты, бірақ ақиқаты сол: егер халық жадап-жүдемесе, әбден жұтамаса, мыңдаған бекзатпын дейтіндер тура ең бақытсыз адамдарға айналар еді. Әйтпесе, мәжіліс қашан құрылмақ, қарсылық қашан айтылмақ, не жайлы аттандап, не жайлы жазылмақ? Ал мұнсыз өміріңізде мән қалмас еді.

Соғыс кезінде де сол. Сайып келгенде, халыққа деген баяғы ғаламат немқұрайдылық орын тепті. «Солдатсымақтар» қалжақтың нысанына айналды. Оларға кәмпит пен бөлке нан апарып, тіпті балет билеп елпектеді ғой! Солдатсымақтар да қылжақтасты, ыржалақтап ырза болып, мойынсұнғандай кейіп көрсетті: «Е, медбике, бәрі Құдайдың салғаны!» десті, оларға да, әлгі кәмпит әкелген әйелдерге де, репортерлерге де бастарын изеңдетті, Гельцердің билеріне ғажап қалдық деп бөсті (ал мен бірде солдаттан оның пікірінше бұл не дегенімде: «Е, шайтан соққыр... Е, шайтан боп, ешкі боп көрсетеді өзін...») деді.

Соғыс кезінде халыққа сұмдықтай селқос болдық, тіпті бала-шағаға дейін ұрыс-керістің әбден жалықтырғанын көріп-біліп отырып, оның патриоттық жігерленуі жайлы қылмысқа бергісіз өтірік соқтық. Сол селқостық қайдан келген? Былайша айтқанда, өзімізге ғана тән бейқамдықтан, алаңғасарлықтан, деген байсалды болар сәтте байыпты болып әдеттенбегендіктен және тіленбегендіктен іргемізді түре келді. Еске алайықшы, күллі Ресей ғаламдағы ең алапат соғыс кезінде, өз тарихынан орын тепкен ең алапат оқиғаны, тулаған төңкерістің басталуын уайым-қайғысыз, салдыр-салақ, тіпті ырду-дырдумен қарсы алды емес пе? Иә, біз бәріміз (мұжықтар да солардың ішінде) тым кеңқолтық, деревнялық емін-еркіндікпен дәулеті шалқыған мекендерде тірлік кештік, сонда тұрмыстан шетқақпай қалған, шабата киген сабазыңыздың өзі әлгі шабатасын көкке көтеріп керенау жата беретін, әйтеуір сұрағаны жабайыға тән шектеулі болатын.

«Біз бәріміз шамалы ғана оқыдық, әрі әлденені шатып-бұтып үйрендік». Әрі біз бірдеңені кейде ыстық күлшедей күйде қолға тигіздік, десе дағы көбіне Құдайдың беті қарағанды істедік – күллі халықты жалғыз Петербор сүйреледі. Ұзақты күнгі еңбектен жирендік, негізінде ақсаусақтардың деген көкесі болдық. Енді осыдан біздің былқыған байбатшалығымыз, біздің ежелден бергі не болса соған қарсы шығушылығымыз, жер-көкті сынағыштығымыз бас көтереді: әдетте сынау дегеніңіз жұмыс істегеннен әлдеқайда жеңіл ғой. Енді міне:

– Оу, мен мына Николаевщинадан тұншығып барамын, шенеунік болғым, Акакий Акакиевичпен қатар отырғым келмейді, – маған күйме, күйме әкеліңдер!

Герцендер, Чацкийлер осындайдан шығады. Бірақ, менің «Деревнямдағы» Николка Серый да осыдан шығады ғой, – қараңғы, суық жертөледегі сәкіде «жамбасқа жақын» жұмыс қашан тиер екен деп отыр, күтеді, зарығады. Бұл сарылу, бұл зерігу, бұл еркетотайлық – әлдебір бақа сиқырлы сақинасымен жетіп келіп, сен үшін бәрін де төңкеріп тастайды: тек шығаберіске шығып, әлгі сақинаны бір қолыңнан бір қолыңа аударыстырсаң болғаны дейтін орыстың бәз-баяғы дерті мен қашанғы үміті!

Бұл біздің «тереңімізден» шығады дейтін «сұраныстар» емес, ежелгі жүйке ауруының бір сиқы.

«Мен ештеңе бітірмедім, өйткені әманда әдеттегіден көбірек істегім келетін».

Бұл Герценнің мойындауы.

Оның өзге де тамаша жолдары еске түседі:

«Адамзат бізбен бірге мастықтан есін жияды, біз оның масаң қалпымыз... Біз адамзатты қағидатқа айналдырдық... революцияны қағидатқа айналдырдық... Біз өзіміздің түңілуімізбен, өзіміздің күйінуімізбен өзіміздің келер ұрпақтарымызды қайғы-қасіреттерден айықтырамыз...»

Жоқ, ес жию әлі алыс жатыр.

Көзімді жұмамын және оны тап тірідей елестетемін: матростың күнқағарсыз телпегінің артындағы таспалары, далиған шалбары анау, аяғында Вейстің дүкенінен алған би билейтін төплилер, тістері шықыр-шықыр, жақ сүйектері бұлтың-бұлтың етеді... Енді мұны өлгенше ұмытпаспын, моламда сан аударылып жатармын сірә!

21 сәуір.

«Раковский мен Чичериннің Румынияға қойған үзілді-кесілді талабы (ультиматумы) – 48 сағаттың ішінде Буковина мен Бессарабия тазартылсын!» Адам сенгісіз ақымақтығы сондай (тіпті бұл қара халықты баяғы келеке ету болса дағы), басыңа мынадай ой келеді: «Осының бәрі әлдекімдердің (немістердің бе?) бұйрығымен күннен күнге коммунистерді, революционерлерді, жалпы революцияны масқарлау үшін жасалып жатқан жоқ па?» Сонсоң – «Жеңістен жеңіске – айбынды қызыл армияның жаңа табыстары. Одессада 26 қаражүздікшілердің атылуы...»

«Известияда» – жөн жазған орфографияларының сиқы! – ултиматум жайлы басмақаладан кейін кеше атылған ана жиырма алты адамның тізімі берілген, одан соң Одессадағы төтенше жағдайлар бойынша «жұмысы» «жолға қойылып келе жатқандығы», негізгі «жұмыстың өте көп екендігі» туралы мақала, кеуде соққан мәлімдеме: «Кеше пойызды Киевке жөнелтуге көмір табуға қол жеткізілді». – Бақытты күн! Бұл және ультиматумнан кейін!

Жарайды, ал егер румындар Раковскийге құлақ аспаса, не болмақ? Осынау сайқымазақ қылықтардың бір-бірінен аумайтындығы қандай? Мүмкін, бәлкім, әлденені көшесіз әспеттеп, біреуге әдейі тиісу керек шығар? Сонда тура кімге?

Иә, ал «буржуйлар» Петерборға сенгендей болды емес пе? Петербордың басып алынғаны жайлы тілгәрамды (ағылшындар қалаға нан жеткізген соң) өз көзіммен көрдім дегендер болды ғой...

Киевке тараған масқара тонау бізге де жетті – киім мен аяқкиім «жинау» басталыпты.

Алдында ана жиырма алты адамның атылуы туралы мән бермей оқи салып едім.

Енді әлдебір сіреспе соққандай болдым. Иә, жиырма алты, және қашан дерлігі жоқ, тура кеше ғана, бізде, менің маңайымда. Қалай ұмытарсың, мұны орыс халқына қалай кешірерсің? Е, бәрі кешіріледі, бәрі ұмытылады. Айтқандайын, менің өзім де – қорқуға тырысамын, бірақ өйте алмаймын, оған қабілеттілік керек. Большевиктердің де ең тозақтық құпиясы – сол қабілеттілікті жоя білетіндіктерінде жатыр. Адамдар өлшеммен ғұмыр сүреді, оларға қабілеттілік те, қиялдай білу де мөлшермен берілген, – межеден сырт аттасаңшы. Бұл – нанға, сиыр етіне деген бағалар іспеттес. «Не дейсің? Қадағы – үш сөлкебай?!» Мыңды тағайындасаң – таңғалу, айғай, сезімсіздік доғарылады. «Қалай? Жеті адам асылған ба?!» – «Жоқ, жарқыным, жеті емес, жеті жүз! – Сіреспе соққанның көкесін енді көресің – ілулі тұрған жеті кісіні елестетерсің, ал жеті жүзді, тіпті жетпіс адамды көз алдыңа әкелші, қане!

Сағат үште шықтық – күні бойы жаңбыр жауып тұрды. Полевицкаяны (Әртіс Елена Александровна Полевицкая (1881-1973) және оның күйеуі Иван Федорович Шмит (1939 ж. Ригада қайтыс болған) күйеуімен кездестірдік. – «Өзім үшін мистериядан дегбірім қалмай рөл іздеп жүрмын – Құдай ананы ойнағым келеді!» – О, Жасаған, о Жасаған! Иә, мұның бәрі де большевизммен қамырлана иленіп кеткен. Оның әдебиет пен театрға кірігіп кеткені қашан...

Сіріңке сатып алдым: қорапшасы – 6 сом, ал бір ай бұрын жарты сом еді.

Сыртқа шыққанда, ауыр сырқат басталғандай күйде боласың.

Жаңа (кешкі сағат сегіз, ал «кеңестік уақыт» бойынша он жарым) қыдырыстан оралған бетте терезелердің қақпақтарын жаптым: айдың тура алтын кесегі батыстағы қатпары жіңішке әрі әлі жарық аспаннан терезе түбіндегі ағаштың жас та жасыл жапырағы арасынан таза жарқырап тұр.

Әлгінде, жеті де шыққан едім, жаңбыр дамылсыз себездей береді, күзгі кешке ұқсас. Херсон көшесімен бойлап өттім, одан Собор алаңына бұрылдым. Әлі жарық, бірақ барлығы жабық, дүкендер болса болмаса, – жаныңды ауыртар, үрейлендірер әлдебір кеуек дүние. Алаңға жеткенше жаңбыр іркілді, соборға жарқыраған ылғалды асфальтпен, ендігі гүл төккен талшын ағаштардың астында жеттім. «Бірінші мамырдың» түнекті кеші есіме түсты. Ал соборда некелесу рәсімі өтіп жатты, әйелдер хоры ән салып тұрды. Кіріп едім, «жаңаның» ластық, арамдық әрі опасыздық жайлаған теңізіндегі «ескі» әлемнің мынадай аралы жанымды тербеп жіберді. Терезелердегі кешкі заңғар қандай! Әртаманда, мехраптың бас жағында, терезелер ендігі ақшыл көк түске малынды – мен ұнататын заңғардың бояуы... Хорда ән салушылардың мейірбанды бет-бейнелері, бастарына ақ жамылғы салған, маңдайларындағы алтын кірештер, қолдарындағы ноталар мен балауыз шырағдандардың алтын ұшқындары – осылардың ғаламат әсемдігі сондай, қарап тұрып, тыңдап тұрып, егіле жыладым. Үйге қайттым, – жастықтың, жеңілдіктің сезімі алаурады. Әрі сонымен қатар – қандай қасірет, жаныңды қаншалықты езгілейтін шемен шер десеңізші!

Оралғанымда, біздің аулада, милиционердің пәтерінде фортепьяно ойнап, би билесіп жатты. Марусяға кездесіп қалдым, – ымыртта менің де бір сәтте жүрегімнен сонау алыста қалған, енді қайтып келмес балғын шағымда бастан кешкен, деревня бағындағы тап осындай сәуірдің көгілдір кеші жанарымның алдына жетіп келмесі бар ма...

Маруся өткен жазда біздің саяжайда тұрып аспаздық еткенде, асүйде ай бойына менің наныммен өзінің ашына большевигін жасырып, қоректендіріп отырды, ал мен білдім мұнысын, білдім. Менің қаныпезерлігімнің бар болғаны осы, бар шаруа да осында. Біз олардай бола алмаймыз ба, онда біз біттік!

Майшамның қасында жазу жазып отырмын, – май мен қалтқы банкіде. Түнек, құрым күйе, жанарды бұзу баяғы.

Шынын айтқанда – біздің бәріміздің қағылып-соғылғанымыз, күллі құқық пен заң атаулыдан жұрдай болғанымыз, толас таппас таяқ жеу мен қорлықта жүргеніміз сондай – баяғыда асылып өлуіміз керек еді!

Какое самообладание

У лошадей простого звания

Не обращающих внимания

На трудности существования!

Айналайын балақай, аспан патшалығынан орын ал! (Бұл – өткен қыста идеясының итермелеуімен полицейлікке барып, большевиктердің қолынан қаза тапқан студент, жап-жас ақынның әзіл-оспақты өлеңі! (Сөз ақын Анатолий Фиолетов (1897-1918) турасында болып отыр). – Иә, біз енді атауы өте қарапайым аттармыз.

22 сәуір.

Жаңбыры, қары, былғанышы аралас бір жексұрын күн ойыма оралды, – Мәскеу, былтырғы жыл, наурыздың аяғы. Кудринск аралы арқылы кедейқолды жерлеу рәсімі созылып келе жатыр еді, – кенет, мотоциклетін жын қаққандай тарсылдатып, Никитинская жағынан әлдебір тері телпек және тері күрте киген бір малғұн табыт әкеле жатқандарды қою сазбен көміп етіп, дәу маузерін аспандатып, аттан салды:

– Қане, босатыңдар жолды!

Табыт көтергендер шалт қозғалып, сүрініп-жығылап бір жағына қарай ойыса берді. Ал бұрышта әлдебір кемпір, бүгілген күйі еңіреп тұрды, мен амалсыз кідіріп, әлгі байғұсты уатуға кірістім. Күбірлеп: «Құдай үшін сабыр етші!» – деймін: «Мына өлік жақының ба еді?» – деймін. Кемпір болса, жасын іркіп, күш жинауға әлектеніп жатыр, ақыры әлсіреген қалпы әрең сыбырлайды:

– Жоқ... Бөтен... Қызғанамын...

Және есіме түсті. Мәскеу, арғы жылғы наурыздың соңы. Дәу, талпақ князь Трубецкой (Философ Евгений Николаевич Трубецкой (1863-1920) кішкентай жұдырықтарын лепірме жасандылықпен түйіп алып, қиқылдап тұр:

– Қаперлеріңде болсын, мырзалар! Прустардың етігі орыс бостандығының нәзік өскіндерін езіп кетпек! Оны қорғауға бәріміз де ұмтылайық!

Сонда князьдің айтқанын жүздеген мың жан езулеген. Айтары жоқ, «орыс бостандығын» кім үшін қорғауды тапқан ғой, сірә!

18 жылдың қысында сол жүздеген мыңдар өздерінің құтылуға деген үкілі үміттері (ендігі жерде орыс азаттығы емес) немістерге артты. Бүткіл Мәскеу олардың келуін күтіп сандырақтады.

Дүйсенбі, гәзиттер жоқ. Мен олдарды оқығаннан тапқан (соғыс басталғалы бері созалаңдап келе жатқан) қиялилығымның тыныстайтын күні. Мен осы неге өзіме өзім аюандық жасаймын, осынау оқумен неге жүрегімді жұлмалаймын?

Мына Пешехоновтардың (халықтық социалист Александр Васильевич Пешехонов (1867-1933) бәрі де орыс тағдырын шешу тек өздеріне жүктелген дегенге көзі жетерліктей сенімді. Сонда қашан? Олар өздерінің 17 жылғы алты айлық билік жүргізген кезінде бүкіл әлемге көрсеткендеріне деген бір ғана ұяттан құлдиға құлауы керек еді ғой.

Большевиктердің сөз саптасына мүлде жыным келеді. Ал жалпы біздің солақайлардың тілі қандай еді? «Әсемдікке жақындаған шімірікпестікпен... Бүгін – қараторы, ертең – аққұба... Жүрекке жанықтырып оқу... Әділетсіз тергеуге салу... Не олай – не былай: үшіншіге жол жоқ... Тиісті қорытындылар жасау... Мынаны игеру кімге қатысты... Өз шырыныңда қайнау... Қолдардың ептілігі... Жаңа кезеңдегі жігіттер...» Ал мына жоғары стильдегі зәрлі кекесінмен (кімді және нені мұқататыны беймәлім) қолдану ше? Бұл тіпті Короленконың өзінде де (әсіресе хаттарында) аттасаң болды, алдыңнан шығады. Міндетті түрде жай ат емес, Россинант, «мен жазуға отырдымның» орнына – «мен өз Пегасыма ер салдым», жандармдар – түстес мундирлер». Айтқандайын, Короленко хақында. Оның 17 жылдың жазында «Русские Ведомостиде» Раковскийді қорғаштап, күркіреген мақала жариялағаны қайда?!

Кешкісін зәре кетерлік қорқыныш жайлайды. Әлі жарық, бірақ сағаттар миға қонғысыз әлдебір уақытты көрсетіп тұрған сыңайлы. Панарлар жағылмайды. Бірақ әрқилы «үкіметтік» кеңселерде, төтенше комитеттерде, «Троцкий атындағы», «Свердлов атындағы», «Ленин атындағы» театрлар мен клубтарда санқилы медузалар, қызғылт шыны жұлдыздар самаладай жанып тұрады. Енді осы таңғаларлық бостан бос, әзірге жарығы басылмаған көшелермен сол клубтар мен театрларға (өздерінің малай шайқымазақтарына көз салуға) автокөліктер мен асау ат жеккен арбаларға тиелген небір қызыл бекзаттар: белдеріне браунинг қыстырған матростар, қалтаға түскіш ұрылар, жанкешті қылмыскерлер және френчтер мен жүрек айнитын галифе шалбарлар киген, өкшеге ілген тепкілері шылдыр қаққан етіктері жарқыраған, жылмаңдата қырынған, ауыздарын алтын тістері кернеген, кокаин түсті көздері мөлиген әлдебіреулер әлем-жәлем бикештерін ертіп алып шауып бара жатады... Бірақ күндіз де зәрең қалмайды. Күллі ұланғайыр қала тірлігі көмілгендей, ел-жұрт үйлерінде бұғып отырады, көшеге сирек шығады. Қала өзін ықылым замандағы печенегтерден әрман ерекше жауыз өзге халық жаулап алғандай сезінеді. Ал басқыншылар болса, шалқақ-шалқақ етіп, дүңгіршектерден сауда жасап, шемішкесін шыртылдатып, шешеден құлатып жүр әне... Дерибасов көшесінің бойымен көңіл жұбату үшін қалың тобыр «оққа ұшқан күрескерге» баланған қайдағыбір жүліктің мәйітіне еріп келеді – анау қызыл табытта жатыр, ал алда оркестрлер әрі жүздеген қызылды-қаралы жалаулар желбірейді, гармондатқандар, билегендер мен әндеткендер өз алдарына бір керуен:

Эх, яблочко,

Куда котшься!

Жалпы, қала табан астында «қызылданғанда», сол сәтте көшелерге толып кеткен жұртыңыз кілт өзгереді. Бейнелердің әлдебір іріктелуі жүзеге асады, көше күрт жаңғырып сала береді.

Мені осынау іріктеу Мәскеуде сан рет есімнен тандырды ғой! Мен осы шаһардан әлгі іріктеудің кесірінен қашып кеткен едім.

Енді міне, Одессада да сол – қалаға «революциялық-халықтық армия» кіргелі мерекелі күннен бастап, тіпті арбакештердің аттарында да қызыл түйіншектер мен таспалар жанып тұрған шақтан бастап солай.

Бұл бейнелерден бәрінен бұрын әдеттегі қарапайымдылық жоқ. Олардың барлығы дерлік әлдебір жауыздық топастығымен, күллі дүниеге деген жабырқаңқы жағымпаздық қасарысқан қарсылығымен бетке ұрып тұрады.

Осындай сұмдықтың созалаң тартқанына үш жыл болды міне. Үш жыл бойына тек қана пәстік, пасықтық, аюандық атойлап келеді. Ал тек ойын-күлкіге жарқыраған жақсылық болмай-ақ қойсын, тым болмаса жадағай жайдан шамалы бірдеңке берілмей ме?

«Халықты беталды жатып алып жамандауға болмайды!»

Ал «ақтарды» өйтуге болады.

Халыққа, революцияларға бәрі кешірім – «бұлар тек қана ұшқарылық, ұстамсыздық».

Ал отаны, тал бесіктері мен зираттары, аналары, әкелері, әпкелері тартып алынып, бәрі ойнаққа, зорлыққа тасталған ақтарда, әрине, «ұстамсыздықтар» болмауға тиісті.

«Революция дегеніміз сұрапыл...»

Жер сілкінісі, тырысқақ, оба да – апаттар. Бірақ, оларды дәріптемейді, қағидаттамайды, олармен күреске шығады. Ал революцияны әманда «тереңдетеді».

«Пушкинді, Толстойды туған халық».

Ал ақтар халық емес.

«Салтычиха (Салтыкова Д.Н. (1730-1801), Подольск уезіндегі аюан помещик әйел, жүзден аса басыбайлы шаруаны азапқа салған. – Ауд.), крепостниктер, зубрлар...» Ғасыр бойына Салтычиханы, кәдуескі жынды қатынды желпеңдету не деген ақымақтық? Ал декабристер, ал отызыншы һәм қырқыншы жылдардағы Мәскеу университеті, Қапқазды жаулаушылар мен тізеге салушылар, анау түгелдей батысшылдар мен славянофилдер, «ұлы реформалар дәуірінің» қажымас қайраткерлері, «тәубесіне келген дворянин», елдің ығына жығылған алғашқы халықшылдар, Мемлекеттік Дума қайда сонда? Атақты жұрналдардың редакторлары ше? Ал олардың кейіпкерлері ше? Әлемдегі ешбір елде дәл мұндай дворяндықты туындатқан емес.

«Ақтардың азғындауы...»

Ал «қызыл» халықтың ғаламда жоқ «іріп-шіруінен» соң осындайды айту деген жантүршігерлік әдепсіздік емес пе?!

Айтқандайын, көп жағдаят ақымақтықтан да бастау алады. Толстой пендеңіздің көрсеткен кейіпсіз қылықтарының оннан тоғызы тек қана ақымақтықтың желеуімен жасалады деген.

– Менің жас кезімде, – депті ол, – бізге жақсы таныс бір жарлы адам кенет соңғы соқыр тиындарына бұрамалы, темірден жасалған канар бұлбұлын сатып алмасы бар ма? Біз мұнысын түсінбей дал болыстық, ақыры оның кәдуескі, барып тұрған масқара мақұлық екені ойымызға түсті.

23 сәуір.

Әрбір таң атқанда асықпай киініп, гәзиттерге деген шыдамсыздығымды іркуге күш саламын – бірақ шамам жетпейді. Бүгін де сөйттім. Жаңбыр, күн суық, сонда дағы осынау пәлекетке және жүгірдім, тағы да тұтастай бес сөлкебайымды тәрк еттім. Петербор не болды? Румындарға жарияланған ультиматум не болды? Не анау, не мынау жайлы, әрине, селт еткен сөз жоқ. Бадырайта жазыпты: «Еділді енді Колчактың төбесі де көрмейді!» Сонсоң: Бессарабияның «Уақытша Жұмысшы-Шаруалық Үкіметі» құрылыпты; Нансен «Төрттік Кеңестен» «ай сайын аштық пен ауру-сырқаудан жүз мыңдап қырылып жатқан» Ресей үшін нан сұрапты. Абрашка-Гармоншы («Биржевкадағы» Регинин) қызылгвардияшылардың кеуілін көтеріп, алдарқатып жатыр. «Осы тұста зәресі кеткен Колчак атып тұрып, «үстелчакқа» жығылыпты», «Парижде – баррикадалар, кәрі қанішер Клемансо есінен танып қалды», болгарлық коммунист Касанов «Францияға соғыс жариялапты» – тура осылай жазылған! – одессалық айлаққа кеше арнайы жөнелтілген француз кемесі келіпті, ал «блокада алынған жоқ, француздар желкенді кемелерді де тоқтатуда...» Қаладағы халық француздардың ойындағысын түсінбей, дал болуда, жұрттың бәрі Николаев саяжайына жүгіріп, алыста, бос теңізде қарауытқан минамен жарақтанған француз кемесіне көз салуға барады, әрі дір-дір етіседі: Құдай сақтасын, ол кетіп қалса не боламыз? Баршаға шамалы болса да қорғаныш бар, ал егер мына бізді одан сайын аюандықпен илектей бастаса, миноносең атқылай бастайтын шығар... егер ол кетсе бәрі де бітті, масқара, әлем бос қалды дей беріңіз...

Кеш бойына Волошин отырды. Ана теңіз комиссары Немицті өлгенше мақтады, – «ол Ресейдің бірігуі және құрылуы жүріп жатқанын көріп, біліп отыр». Өзінің Верхарннан аударғанын оқыды. Тағы да ойға қаламын: Верхарн әйдік талант, бірақ мынаның он шақты тәржімесін оқығаннан кейін әдістемелерінің бір сарындылығынан, бостекі көпірмелерден, оқырманның қиялына деген естен танарлық «большевиктік» қияңқы қысымнан кейін тұншыға бастайсың.

Орыс әдебиеті кейінгі онжылдықтарда таза азғындап кетті. Көше, тобыр өз рөлін ойнай бастады. Бәрі де – әсіресе әдебиет – көшеге шықты, онымен байланысқа түсті әрі оның илектеуіне килікті. Ал көше дегеніңіз өзінің көңілін тапса, мақтауларын көкке шарықтатады, сонысымен-ақ жүйкеңді құртады, азғындатады. Бұл күнде орыс әдебиетінде тек қана «кемеңгерлер» белең алған. Өрге ұмтылған өнімділік! Кемеңгер Брюсов, кемеңгер Горький, кемеңгер Игорь Северянин, Блоқ, Белый және бар... Оп-оңай әрі жып-жылдам кемеңгерлікке секірейін деп тұрғанда қайдан тыныш таппақсың? Барлығы да иықтарын қарыс керіп, алға ұмтылғысы, естен тандырып, елді өзіне қаратқылары келеді.

Волошиныңыз міне. Алдыңгүні ол Ресейге «қыз жүрегіне кісі өлтіруден масаттану мен бөбектің жанына қанішерлік армандарды аялатуға» тиісті «Құныкер Періштені» қиқулай шақырды. Одан кеше ғана ақгвардияшыға айналып еді, ал бүгінде большевиктердің сойылын соғып жүр. Ол маған кейінгі күндері «жаман болған сайын жақсара түсеміз, өйткені жерге түсіп, біздің жанымызға еніп, бізбен бірге керіп тастау һәм жалынға орануды бірге көтермек тоғыз періште серафим бар, ал олардан үр жаңа, қатты қызынған, жан дүниелері жаңғырған бейнелер туындайды» дегенді тықпалауға тырбанып бақты. Мен оған мұндай бәйіттеріңді тыңдауға мақұлықтау біреулерді таңда деп кеңес бердім.

А.К. Толстой бірде: «Мен қарғыс атқан моңғолдарға дейінгі өзіміздің тамаша тарихымызды есіме алғанда жер бауырлай жата қалып өкіре жылағым келеді» деп жазған екен. Орыс әдебиетінде күні кеше ғана Пушкиндер, Толстойлар мекендеген, ал бүгінде тек «қарғыс атқан моңғолдар» ғана қалған.

24 сәуірге ауысқан түнде.

Мен Петерборда соңғы рет 17 жылғы сәуірдің басында болдым. Әлемде сол кездің өзінде әлдебір ақылға сыймас алапат орын алған-ды: қашан еді демеңіз, сұмдық қырғынның кезінде жер бетіндегі ең ұлы ел тағдырдың талқысына тасталған болатын. Батыстағы окоптар әлі үш мың шақырымға созалаңдап жатты, бірақ олар бұл күнде жай шұңқыршақтарға айналды: қолға алған шаруаның шәт-шәлекейі шықты, өйткені әлгі үш мың шақырым жер мен қарулы оспадар орда боп кеткен пәленбай миллиондық армияның бар билігі Соболь, Иорданский сықылды журналистерден шыққан «комиссарлардың» қолына тие бастады. Бірақ Ресейдің өзге де кеңістігінде одан да қорқынышты жағдаят орын тепті, онда ғаламат ауқымды, ғасырлар бойына орныққан тіршіліктің белдеуі үзіліп, әлдебір түсініксіз тірлік және адамзаттық қоғам арқау еткеннен ақылға сыймас азаттық пен мағынасыз ырду-дырдулық үстемдік етті.

Мен Петерборға келдім, вагоннан түстім, вокзалды бойлап біраз жүрдім: мұнда, Петерборда, Мәскеудегіден де қорқыныштырақ көрінді, әйтеуір вокзалдың бүкіл қуыстарында не істерге білмей, құдай аманаты қаңғып жүрген халық көбірек пе деп қалдым. Мен кіреші жалдауға шығаберіске келдім: арбакеш те апарар-апармасын білмей абдырап, қандай баға айтарын тап баспады.

– «Европейскаяға» жеткіз, – дедім мен. Анау сәл ойланды да, соғып қалды:

– Жиырма сөлкебай.

Мұндай баға сол кездің өзінде мүлде жобасыз еді.

Бірақ мен келістім, отырдым да жөнеп кеттім – жан-жағыма қарағыштап едім, Петерборды таза танымай қалдым.

Мәскеуде жаңа биліктегілер тарапынан әлдеқандай соны құрылыс, шен көрсету, тіпті тірлікті көтермелеу тұрғысынан естен танарлық жобасыз бояма әрекеттер алға тартылса да, тіршілік әбден тоқыраған-ды. Ал Петербордағы ахуал одан да әрман екен. Үздіксіз өтіп жатқан кеңестер, мәжілістер, митингілер, қаптаған үндеулер, декреттер, атақты «тікелей хабарласу» жұлқына жұмыс істеп жатты – осынау хабарласуда сонда кім аттандамады, оған кім басшылық етпеді десеңізші! – Нева даңғылымен ара-арасында қызыл жалаулатқан үкімет мәшинелері, жүк көліктері гүрсілдеп, әлгі жалауларын бұлғақтатқан, музыкасын шалықтатқан әлдебір отрядтар сарт-сұрт әрлі-берлі өтіп жатты, өтіп жатты... Даңғыл сұрқай тобырға, шенелдерін желбегей киген солдаттарға, жұмысты таза тастаған жұмысшыларға, дүңгіршектерден сұрағандарының бәрін – темекі де, қызыл түйіншек те, тәтті-мәтті де сатқан әлдебір азғындар мен сайран салған малайларға толып кеткен. Ал жаяужолдарға қоқыс атаулы, күнбағыстың қауыз-қабығы үйілген, төсемелі көшедегі қи сіңген мұз, сеңкиген қар таза жүргізбейді. Сөйтіп, орта жолдың бағамында көшір маған ойда жоқта сақалдары будыраған мұжықтардың көбісі айтқанды бұл да қайталады:

– Халық ендігі жерде бақташысыз қалған мал сияқты, дүниенің бәрін ластайды да, өзінің түбіне өзі жетеді.

Мен сауал қойдым:

– Енді не істейміз?

– Не істейміз? – деді ол. – Енді істейтін ештеңе де жоқ. Енді шаруа бітті. Енді үкімет жоқ.

Мен айнала қарадым, мына Петерборды шолдым... «Рас, шаруа біткен екен».

Бірақ мен әлі де жан дүниемнің түбінде әлденеге үміт артып, үкіметтің толықтай жоқтығына онша сенбей отырдым.

Мен мұны Петерборда әсіресе жақын сезіндім: баршамыздың мыңжылдық заңғар ғимаратымызға ажал келді, әне, үйдің есігі далиып ашық жатыр және оның ешбір бөлмесінде киелі де тыйым салынған ештеңе де қалмаған текке сенделген тобырға толған. Әрі осы тобырдың ортасында марқұмның аялаудан, өбектеуден басы айналған мирасқорлары да өріп жүр, ал оларды тыңдап жатқан және тірі пенде жоқ. Тобыр болса бір сәтке шекілдеуік мыжғылағанын тоқтатпастан, ара-арасында жатын жерден жатын жерді, бөлмеден бөлме қоймай аралап жүр. Мирасқорлар безектеп, әлгі тобырдың асты-үстіне түсіп, иә, тек державалық тобыр ғана «қасиетті ашумен» «бұғауларын» бұзған деп оны да, өздерін де сендіруге өңмендеп, іс жүзінде ешқандай да мұрагерлер емес, жай ғана уақытша өкілеттік етушілерміз деп көкіді.

Мен Марс алаңын көрдім – онда әлгінде ғана революцияға дәстүрлі құрбандық шалу рәсімін, қаһармандардың азаттығы жолында жер құшқандарды көмудің комедиясын көрсетті. Ылғи қызылдардың табыттарға шегеленіп, тірілер қаласының тура ортасына көмілуі таза христиандық рәсімге қарама-қарсылық, сайып келгенде өлгендердің мазақ етіліп, қорлыққа орануы масқара емей немене! Мазақ ету ешкімге белгісіз бейбақтардың мүрделерін жер қойнына берердегі бөспе сөзге ұласты, қорлаумен жалғасты, ғаламат алаңды әрлі-берлі қазбалап, топырақ үйінділері мен кейпін кетіріп, әлдебір қилы шүберектермен әлеміштеген таяқтар тікті, өздерінің тағылық малғұндығымен теп-тез соқталанған ағаш дуалмен қоршап тастады.

Мен финдердің суреттер көрмесінің ашыларындағы ауқымды жиынды көрдім. Сол кезде картиналар біздің немізді алған десеңші! Сөйтсек, олай емес екен. Халықтың барынша көп жиналуына күш салып бағыпты, әйтеуір кейбір жаңа министрлер, атақты думалық депутаттар бас болған «бүкіл Петербор» келді – елдің бәрі финдерге Ресейді лақтырып тастап, өз еріктеріңмен өмір сүрсеңдерші деп жалынып жатты: «Финляндия аспанында жарқыраған арайға» орай төгілген сөздердегі сүйінішті басқаша жеткізе алмаймын. Және Марс алаңының маңында тұрған осынау бай оңаша ғимараттың терезесінен мен тағы да оны масқара зираттық келекеге айналдырған көрініске көз салып тұрдым.

Және сонсоң мен сол баяғы Финляндияның, көрме ашылғаннан кейінгі салтанатты зияпатына қатыстым. Содан, о Құдайым, менің Петерборда көргенімнің бәрі банкеттің Гомерге сай, бұзақылыққа ұласуымен соншалықты үйлесім мен үндестік табуын қарасаңызшы! Оған да өңкей жақсы мен жайсаң – «орыс бекзаттарының қаймағы», яғни атақты суретшілер, әртістер, жазушылар, қоғам қайраткерлері, жаңа министрлер әрі шетелдік жоғары лауазымды жалғыз мейман – атап айтқанда, Францияның елшісі келді. Бірақ баршадан ақын Маяковский жоғары көтеріліп кетті. Мен Горький және фин суретшісі Галленнің арасында отырғанмын. Ал Маяковский мынадан бастады – еш шақырусыз бізге жетіп келді де, арамызға орындық кіргізіп, соған отырды да, біздің тәрелкелеріміздегіні асап, ыдыстарымыздағыны ішуге кірісті. Галлен оған бақырая қарап, сілейіп қалғандығы сондай – мына банкет залына тура атты сүйреп әкелгендей күй кешкен болуға керек. Горький шегі қата күліп жатты. Мен кейін сырғыдым. Маяковский мұнымды байқап қалды.

– Сіз мені мүлдем жеккөресіз бе? – деп сұрады ол көңілді күйде.

Мен айылымды еш жимастан, жоқ дегеннің өзі оған бірталай сый болуы кәдік дедім. Ол ендігі және бірдеңе сұрамаққа астау тәрізді ауызын аша бергені сол еді, бірақ осы сәтте құттықтау сөз айтуға сыртқы істер министрі орнынан орнынан тұрды. Енді Маяковский үстелдің ортасына қарай оған ұмтылды. Жетіп барған бетте орындыққа атып шығып, әлдебір боқтық сөзбен ақырып жібергенде, министрдің жағы қарысып қалды. Секөнт өтіп, ол есін жиып, дауыстады: «Мырзалар!» Бірақ Маяқовский бұрынғыдан әрман бақырды. Содан министр және бір талпыныс жасап, амалы таусылды да, қолдарын жайып, орнына отырды. Оның отырғаны сол еді, енді француздық елші орнынан тұрды. Шамасы, ол мына орыстың әлдебір басбұзары аптығын баса алмай тұр деп ойласа керек. Қайдағы! Маяковский ақырудан аттанға кетіп, оны да әп-сәтте тұқыртты. Ол ол ма: «есеңгіреген елшінің өлшемсіз таңғалысы жайына қалып, бүкіл зал кенет тағылық және санасыз долданыспен дүр ете қалды: Маяковскийден зарарланған жұрт құдай аманаты өкіріп, етіктерімен еденді, жұдырықтарымен үстелді тарсылдатып, сақ-сақ күле, гуілдей, қыңсылай, шошқаша қорсылдай бастады – электр жарығын сөндіруге кірісті. Және кенет осының бәрін – ұстарамен қырынған, сойдақ тісті морждан аумайтын әлдебір фин суретшісінің зар илей еңірегені жер жастандырмасы бар ма?! Тап мынадай аюандық, доңыздық мінезден жүрегі жаман шайлыққан әлгі пақыр масаң, сұп-сұр күйде өз қарсылығын білдірмекке, көз жасын төгіп тұрып өзі білетін орыстың шамалы сөздерінің бірін қайталай айтып бақырып кеп қалды:

– Жетер! Жет-ер! Жетер! Жет-ер!

Сол тұста Петерборда Лениннің келуіне орай және бір салтанат болған. «Хош келіпсіз!» – деді Горький өз гәзитінде. Сөйтіп ол мирастан дәмелінің бірі ретінде жетіп келді. Ал оның дәмесі әжептәуір әрі айқын екен. Бірақ оны вокзалда құрметті қарауылмен және музыкалатып қарсы алып, оған үш қайнаса сорпасы қосылмайтын петерборлық тамаша үйлердің бірін дайындап қойды.

«Жетер» ме? Не деуге болады? Өйткені онда бізде бүкіл әлемге жайылған той гуілдеп жатқан, ал мұндайда тек Лениндер мен Маяковскийлер ғана ішпей жүретін.

Жаһан кезіп жүрген Одиссейді қолына түсірген Полифем оны жеп қоюға ұмтылған ғой. Ленин мен Маяковский (мұны сонау гимназияның кезінде көрегендікпен Идиот Полифемович деп атаған) екеуі де едәуір жалмауыз болған әрі жалғызкөздіктерімен күш көрсеткен. Екеуі де біраз уақыт елдің бәріне алаңда далаңдаған шайқымазақтар болып көрінген. Тек Маяковский бекерге футурист – яғни келер заманның адамы атанған: Ресейдің полифемдік болашағы солардың, Маяковскийлердің, Лениндердің уыстарында болмақ. Маяковский сол кездегі орыс тойының көп ұзамай не дүниеге айналарын іштей сезінген, және Лениннің Ксешинскаяның (М.Ф. Ксешинская, революцияға дейінгі белгілі ресейлік балерина. – Ауд.) балконынан сөз тастағанда өзге мінберлердің баршасының көмекейлерін кептейтінін, бізді лақтырып тастауға әзір тұрғанын Финляндияның құрметіне жасалған тойда өзі істегеннен әрман ететінін болжап білген.

Әлемде сол кезде Пасха жүріп жатты, Петерборда жайшылықта бола бермейтін таңғаларлық көктем келді. Ал менің сондағы сезімдерімде мұңлы пернелер басым еді. Кетердің алдында Петропавловск соборына бардым. Бәрі де – бекіністік қақпалар, шіркеудің есіктері – айқара ашық жатыр. Қайда барсаң да, айналаға алақтай қарап, шемішке қабығын түкірген жұрт... Мен де соборды араладым, патшалардың зираттарына көз тастадым, әруақтарына иіліп тәжім етіп қоштастым, ал басқышқа шығып едім, мелшиіп ұзақ тұрып қалдым: шексіз барша көктемгі Ресей менің оймен қарпыған көзқарасымның алдынан заңғайыр жайылып сала берді. Көктем, пасхалық қоңыраулар көңілді, қайта түлеген сезімдерге шақырып тұрғандай. Бірақ әлемде ауқым жетпес қабір үңірейіп тұрды. Осынау көктемде соңғы сүйіс, өлім орнықты...

«Түңілу дегеніңізді, – Герцен айтқан: әлем ұлы француз революциясына дейін білмеген, шүбәлану 1792 жылғы республикамен бірге ере келген».

Өзімізге келсек, әлемдегі ең ауыр шүбәланысты көрге бірге ала кетуге тиістіміз.

Жазғандарымды қайыра оқып шықтым. Жоқ, ол тұста әлі де болса құтылуға болар ма еді, бәлкім. Онда азғындық әуелі тек қалаларды шарпыған болатын. Ал деревняда әлі де болса шамалы парасат пен ұят сақталған-ды. Өзімнің бұрынғы жазбаларымды есіме түсірдім, алдым да, айқара аштым: міне мәселен, 1917 жылдың 5 мамырындағы:

«Диірменге барып едім. Қаптаған мұжық, бірер қатын жүр. Диірмен шуылының астындағы әңгірлеген әңгіме. Қызғылт реңді, қара бұйра сақалды, ұзын бойлы бір мұжық есіктің жақтауына сүйеніп, иықтары бүріскен күйі, жерді шұқи қарап, Коляны мұқият тыңдап тұрды. Телпегін танауының шеміршегіне қарай баса киіпті. Коля болса, солдаттардың ешкімге бағынбай майданнан қашып жатқандықтарын айтып жатқан. Кенет мұжық сілкініп қалды да, анаған жарқ-жұрқ еткен қара көздерін бұрғылай үңіліп, ызамен сөйлеп кетті:

– Әне, әне! Әне, иттің балалары! Оларды кім бетімен жіберген? Мына жерде олар кімге керек? Ондай иттің балаларын қамап тастау қажет!

Осы кезде сұр атқа мінген, алабажақ кеуде киімі мен сырма шалбар киген жас солдат ысқырып қойып ән сала жақындап келді. Мұжық оған тұра ұмтылды:

– Міне, міне! Серуендеп жүр бетімен! Кім оны қоя берген? Оны несіне жинақтап, асай-мұсайын ілгізген?

Солдат аттан түсіп, оны байлады да, талтаңдай басып, қасақана байқамағансып диірменге кіріп бара жатты.

– Бар соғысқаның осы ма? – мұжық оның соңынан айғай салды. – Сен немене, қазынаның тақиясы мен қазынаның шалбарын үйде отыруға киіп пе едің? (Солдат қысылған жымиыспен бері қарады.) Сен, қызығы ол жаққа таза бармай-ақ қоюың керек еді, иттен туған. Мен тап қазір сенің мына шалбарың мен етігіңді сыпырып алып қабырғаға бір-ақ соғамын! Енді бастығыңның жоғына қуанасың ба, оңбаған! Сені әкең мен шешең несіне тойындырған?

Қалған мұжықтар да мұны қолпаштап, бақаша шулап кетті. Солдат сол қысылған кекесінде, жексұрын көрінгісі келіп, иықтарын қопаңдата берді.»

24 сәуір.

Кеше түнде осы жазбаларымды барынша ықтияттап жасырып, дәл шайтанның өзі де таба алмастай етуді ойға алдым. Айтқандайын, бұл күндегі ібілісіңіз балақай мен күшік қой. Түртінектеп жүріп тауып алулары да кәдік, онда оңбаспын сірә. Мен жайлы «Известияда» былай деп сүйкектетіп те тастаған: «Осы бір бет-ауызы Гогольдың кейіпкеріне ұқсас академикке назар аударар кез келіп бақты, оның Одессаға француздардың келгендіктерін қолпаштап сайрағаны қайда!»

Гәзиттерді шолып шықтым. Бәз баяғы былдырық. «Кеше бессарабтың жұмысшы-шаруа үкіметі Румынияға соғыс жариялағандығы жөнінде манифест жариялады. Бірақ бұл империалистердің қанішерлік соғысы емес...» және т.б.

Тройкийдің «Колчакты түпкілікті талқандаудың қажеттілігі жайлы» мақаласы. Әрине, бұл тек Троцкий үшін ғана емес, орыс халқының тура жартысы қырылса да қажет болатын баршаларға керек бірінші қажеттілік.

Одессада жай халық большевиктерді талмай тосты – «әне келе жатыр». Көптеген өзге тұрғындар да күтіп бақты – биліктің ауыса беруі елді титықтатты, тым болмаса біреуі табан тіресе екен, сонда тірлік қалыпқа түсетін шығар. Бәрі де сүрініп жығылады емес пе! Енді қайда барады, үйренеді ғой. Тап жәрмеңкеде күшті көзілдірік сатып алып танауына ілгенде көз жасы бұрқ ете қалған мұжық сияқты.

– Ей, Макар, сені жын соқты ма? Мынау сенің көздеріңе дәл келмейді, таза соқыр болып қаласың ғой! – десе.

– Кімді айтасың мырзам? Көзілдірік ие? Ештеңе етпес, көзім төселіп кетеді ғой...

Волошин одессалық төтенше комиссияның төрағасы Северныйдың (одессалық доктор Юзефовичтің ұлы) оған:

– Бірде қолыма түскен Колчакты жіберіп алғанымды өзіме өзім еш кешпеймін! – дегенін айтты.

Мен ғұмырымда бұдан әрман қорлық сөзді естіген емеспін.

Дыбенко... Чехов бірде маған былай деп еді:

– Міне, матросқа арналған әспет фамилия: Кошкодавленко. Мына Дыбенкоңыздың да Кошкодавленкодан кем түспейді!

Коллонтай жайлы (кеше Н.Н. әңгіме етті):

– Мен оны өте жақсы білемін. Кезінде періштеге ұқсас еді. Таң атпастан киімін іліп алып, жұмысшылардың тұрағына – «шаруасына» шауып кететін. Ал үйге оралысымен, ванна қабылдап, көгілдір көйлегін киіп алып – кәмпиттің бір қорабын алып барып, құрбысының кереуетіне күмп ете қалатын: «Кел, қалқатай, емін-еркін гәпілесейік!»

Соттық және психатриялық медицина туғаннан қылмыскер һәм зинақор болғандардың арасындағы осындай да (періште іспеттес) түрін баяғыдан біледі.

«Известиялардан»:

«Шаруалар: бізге коммуна берсеңдер болды, тек мына кадеттерден құтқарыңдаршы десіп жатыр...»

«Саяси басқарманың» есіктері алдында дәу плакат ілінген. Әлдебір қызылбет, ауызы ақсиған, тістері ырсиған қатын жүгіріп келіп, зытып бара жатқан жандаралдың жамбасына айырды бойлата сүңгітіп үлгеріпті. Жамбастан қан заулап жатыр. Әне жазуы:

– Деникин, бөгде жерге көзіңді тікпе! «Көзіңді тікпе» дегені «көзіңді салма» болуы тиіс.

Тура Архангел Михаилдың пәрменімен большевиктердің орфографиясын ешқашанда қабылдамаймын. Әнің үшін мұндай дұрыс жазу сияқтыны пенденің қолы бұрын-соңды бұған ұқсайтынды жазбағандығының өзі де жетіп жатыр.

Менің әлдебір Пролеткультке қызмет етуге бармайтындығымды әрі көлденең көрінгенге неге түсіндіруім керек! Оның үстіне сағат сайын дерлік әлдебіреудің басын жарып жататын «чеканың» өкілі жанында, немесе қолы терге малшынған доңыз қатынды «өлеңді қалыптастырудың соңғы табыстары» туралы әңгімеге тартуға келмейтінін дәлелдеуім керек! Жетпіс жеті тұқымына дейін алапес шалғыр бұл қатынның өлеңде несі бар?!

Жалпы бұл күнде ең сұмдығы сол, масқара мен ұятты талдау емес, олардың қандай екендігін жеткіземін деп тәжікелесуде жатыр. Мәселен, менің сол малғұндарды ямбылар мен хорейлерге үйретуім, және олардың жолдастарының жер-көкті талапайлап, соққыға жығып, зорлық жасауын, шіркеулерді былғауын, офицерлердің арқасындағы қайыс бауларын жұлып алғанын, поптарды байталдармен некелестіруін өлеңге қосқанын естігенімнен мың сан рет аштықтан арам қатқаным жақсы емес пе!

Айтқандайын, одессалық «чека» жайлы. Оларда енді бір мәнер – әжетханаға отырғызып қойып атып тастау пайда болыпты.

Ал Волошинның айтқанына бақсақ, бұл «чеканың» төрағасы Северныйдың «жаны жайсаң» көрінеді, және Волошиніңіз онымен осыдан бірнеше күн ғана бұрын «әлдебір өте әдемі бикештің қонақ бөлмесінде» танысыпты.

Анюта:

– Ресейден қызылгвардияшыларды айдап әкеліпті, – деді.

Білемін, біразын көрдім де. Жуықта және біреуін – жалпақбет, қутыңсирақ, сөйлегенде ернінің сол жақ миығы көтеріліп тұратын солдатты кездестірдім. Зәрең кетеді. Мен Торговая көшесінің аяғынан кемежайға қарай түсер тұста тұрдым, ал анау өзге бір солдатпен бірге дуалдың ішінде шемішкені маймылша шыртылдатып, қабағының астымен маған жақтырмай қарап жатты. Мен байғұс сол жаққа неге барғыштай берем осы? Бос жатқан айлаққа, теңізге, сол жақтан түбінде бір құтылыс келер-ау деген үмітімді үзбей көз сүзу үшін бе?

Булгаковтың естеліктерін аяқтадым. Толстой оған:

– Горький мен Андреевті оқитын курстағы қыздар олардың тереңдігіне жете алмайтындықтарына кәміл сенеді... «Анатэмаға» (Л.Н. Андреевтің пьесасы. – Ауд.) кіріспені оқып едім – түкке тұрғысыз шалдыр-шатпақ... Сол Брюсовтар, Белыхтардың кәлләларындағы не нәрсе өзі?

Чехов та ештеңені түсінбеген. Кісі алдында «тамаша» дегенімен, ал үйіне келгенде қарқылдап күлген: «Ех, пері соққарлар! Осыларды тұтқындағылардың роталарына берсе ғой!» Және Андреев турасында: «Екі парағын оқысам – таза ауада екі сағат қыдырыстау керек!» деген.

Толстой былай депті:

– Бұл күнде әдебиеттегі жетістікке тек ақымақтық әрі арсыздық арқылы қол жеткізілетін болды.

Ол сыншылардың берер көмегін ұмытып кетіпті. Сол сыншылар кімдер?

Дәрігерлердің консилиумына дәрігерлерді, заңгерлік кеңес беруге – юристерді шақырады, теміржол көпіріне инжерерлер, үйге – сәулетшілер баға береді, ал көркемсөзді оған күллі кейпімен қарама-қарсы келетін адамдар бағамдайды. Және тек соларға ғана құлақ асады. Ал Толстойдың пікірі, бәрінен бұрын оның сыншылық сезімталдығы көк тиынға алынбайды, «Соғыс және бейбітшіліктегі» әр сөздің жазылуы сол сөздің дәл таразылануы, әрқайсысының нәзік баға берілуіндей емес пе.

Рухтың әбден торыққаннан толық құлазығанның өзінде қайтсе де кек алар күннің туатындығына, осынау күндерге жалпыадамзаттық қарғыс жолдағанның өзінде арманыңа үмітіңді артасың, бұл үмітсіз тірлік жоқ. Иә, бірақ адам жайлы мынадай қорқынышты ақиқат алдан ашылғанда не нәрсеге сенуге болады?

Бәрі де ұмыт болады әрі даңққа бөленеді тіпті! Және бәрінен бұрын әдебиет көмек қолын созады. Кезінде әлемдегі ақындар деп ат жамылған ең кесірлі тайпа француз революциясын қалай күлтелемеді? Әлгі тайпаның ішіне нағыз жалғыз әулиеге қашанда он мың мылжыңдар, азғындар мен дүмшелердің тура келетіні және шындық.

Блажен, кто посетил сей мир

В его минуты роковые!

Иә, біз бар дүниенің қазіргі болып жатқанның үстінен асыра сөйлейміз, көсемсиміз, пәлсапа соғамыз. Біздегінің бәрі жай жіп емес, баяғы апанға құлап кетсе де, сол апанда ділмарлығын жалғастыра берген Крыловтың данагөйіндікіндей таспа баудың өзі. Әрі осы күнге дейін, мәселен, Блок турасында әлі қиқылдасып жатырмыз ғой: оның көшедегі қызды керіп тастаған азғындары әулиелердің өздері ме, әйтпесе сәл төмендеу ме? Венециялық айнаны шоқпармен шатырлатқан Михрютка бізде ғұндар мен скифтерге теңестіріледі, ал біз оған затбелгіні жапсырып қойып, сонымыздан жұбаныш табамыз.

Жалпы, тірлікке деген әдебиеттік көзқарас өзімізді уландырып бітті. Мәселен, біз Ресейдің соңғы жүзжылдықта ғажап ауқымды, сан қырлы ғұмырын не істедік? Оны онжылдықтарға, жиырмасыншы, отызыншы, қырқыншы, алпысыншы жылдарға әдеби қаһарманымен безендірдік: Чацкий, Онегин, Печорин, Базаров... Егер осы қаһармандардың бірі он сегізде, екіншісі он тоғызда, үшіншісі, ең үлкені жиырмада ғана екендігін еске алсақ, досқа күлкі дұшпанға таба болғанымыз емес пе?

Гәзиттер Еуропаға жорыққа шақырып жатыр. 14 жылдың күзі, мәскеулік бекзаттардың заңгерлік қоғамдағы жиыны есіме түсті. Горький толқығаннан түрі жасылданып, өрекпіп сөйлеп тұрды:

– Мен орыстың жеңісінен, тағы Ресейдің жүз миллиондық қарнымен Еуропаға былшия құлағанынан зәрем кетеді!

Бүгінде сол қарын енді большевиктердікі, ол ендігі еш қорықпайды.

Мұнымен қоса гәзиттерде «ескерту» де бар. «Отынның түгелдей таусылуына байланысты жуық маңда электр жарығы іске қосылмайды». Сонымен, бір айдың айналасында бәрі үптелді: фабрикалар да, теміржолдар да, су да, нан да, киім де – бірі де жоқ!

Иә, иә – «міне, жеті тырық сиыр жеті семіз сиырды жеп қояды, бірақ одан өздеріне шыр бітпейді».

Міне, (сағат он бір, түн) терезені ашып, көшеге көз салдым: ай төмен тұр, еш жерде тірі жан жоқ әрі тыныштығы сондай, әлдебір иттің төсемелі көшеде сүйекті шықырлатып жатқаны естіледі, – ол бұл сүйекті қайдан тауып алды екен, ә! Әне, жеткен жеріміз – тіпті сүйек екеш сүйекке де таңғалатын болдық.

«Тік жарды» (И.А. Гончаровтың романы) қайта оқып жатырмын. Әттең ұзақтау, әйтпесе мығым шығарма. Оқып шығуға күш саламын – тек мына бір Марк Волховтар қаншалық жеккөрінішті десеңізші! Осынау Марктен қаншама бетпақтар өрбіді! «Сіздің өзге бақшаға кіріп кетіп, өзгенің алмаларын жегеніңіз қалай?» – «Ал, өзге өзгенің деген немене? Қарным ашса, неге жемеске!» Марк – керемет кемеңгер туынды, және ол суреткерлердің ғаламат дүниесі: пенде дегеніңіз кеңістіктегі қарабайыр болмысты ұстап алып, иірмелеп, қоюландырып оның тірлігі мен әсер етуін жүз есеге дейін күшейтіп жібереді, онысы кейде көздегеніне кереғар келіп жатады. Рыцарьлықтың қалдықтарын қалжақ етемін деп Дон-Кихотты мәпеттейді, енді өмірден емес, ойдан шығарылған Дон-Кихоттан жүздеген тірі Дон-Кихоттар туындай бастайды. Марковщинаның түбіріне балта шабамын деп жүріп, кітаптан шыққан мыңдаған Марктерді қаптатты. – Тіпті кітап, театр, кинематограф алға жаятыннан ақиқатты қалай айырып алуға болады өзі? Менің өмірімдегі өте көп адамдар маған Шекспирдің, Толстойдың қаһармандарынан гөрі шамалылау әсер еткен сыңайлы. Ал бағзы біреулердің өміріне Шерлок кіреді, үй шаруасындағы әйелге – өзінің экрандағы автокөліктен көрген жыныстасы енеді.

25 сәуір.

Кеше кешкісін, біздің үйдің «комиссарымен» бірге біздің мекенжайды «пролетариатпен тығыздау үшін» біздегі барлық бөлмелердің ұзындығын, енін және биіктігін әрлі-берлі өлшеуге келді. Бүкіл қаладағы барлық бөлмелерді осылайша өлшеп жатыр лағынет атқырлар, дөңбек ағаш дөңгелеткен маймылдар өңкей! Мен лә деместен диванда үнсіз жаттым, бірақ мына қорлықтан кейін шекем зыңылдап, жүрегім ауызыма тығылды. Иә, бұндай жағдай жүректі қажытпай қоймас, сірә. Бірақ ол мықты еді, әлі талайға жарар еді, әлі қаншама шаруа тындырар едім!

Біздің үйдің «комиссары» бөлме жалдаушылардың ең жасы, әрі ең қарапайым болғандығынан «комиссар» атанған ол комиссарлық дәрежені қорыққанынан қабылдап еді; енді бір ауыз «революциялық трибунал» деген сөзден зәресі кетеді, бүкіл үйді аралап жүріп, декреттерді орындауға шақырды – ана сұмпайылар қорқытуды тамаша біледі әрі өздерінің аюандықтарын аспандата жарнамалауға әбден әдістеніп алған! Ал менің тек осындай «революциялық трибунал» деген сөздерден сол жақ емшегімнің асты шымырлап кетеді. Неге кәдуескі сот емес, неге трибунал, неге комиссар? Өйткені тек осындай «қасиетті» революциялық сөздердің аясында ғана тізеден қан кешіп еркін адымдауға болады, жай кездің өзінде өткінші адамды кеңірдектен алған жалаңаяқты байлап-матап полицияға сүйреудің қажеттілігін жақсы түсінетін, талаудан, ұрлықтан, кісі өлтіруден ыза буатын тіпті байыпты және орнықты деген революционерлердің өздері де әлгі жалаңаяқты марапаттайды, себебі ол «төмен таптың, әлеуметтік әділеттілік құрбандарының ашу-кегін» алуға толық құқылы.

Алдағы сөздерімді жазып аяқтай бергенімде – кіреберіс есікті қақты, келесі сәтте одан сайын тарсылдатты. Ашып едім – тағы комиссар, бір тобыр жолдастар мен қызылармияшылар. Асығыс дөрекілікпен басы артық матрастарды талап етеді. Ондай жоқ деп едім, төрге беттеді, түртпектеп қарады, ақыры кетті-ау. Тағы да басымнан жан кеткендей болды, жүрегім дүрсілдеп кетті, ызадан, жынданғаннан қол-аяғым бір-ақ уыс болып қалды.

Кенет аулада музыка ойнап қоя берді – қаңғып жүрген немістің гармоны, шләпа киген жебірей және бір қатын. Польканы ойнап жатыр – мынадай кезде қандай оғаш, қандай масқара!

Күн ашық, тап кешегідей салқын. Бұлттар бар, бірақ аспан көкпеңбек, ауладағы ағаш қою, тұйық жасыл түсті.

Аулада матрастарды жинап жатқанда, аспаз қатындар айғайлап жатты (біздер жайлы): «Ештеңе жоқ, ештеңе жоқ, дұрыс-ақ, олар да шабақтар мен қу тақтайға ұйықтап көрсін, түге!»

В. Катаев (жас жазушы) келіп кетті. Қазіргі жастардың шімірікпейтіндігі таза айтуға келмейді. Былай деді: «Жүз мың үшін кімді болса да өлтіруге әзірмін. Менің де тойынып тамақ ішкім келеді, тәуір шләпа, әдемі бәтіңкем болса екен деймін...»

Қыдырыстап қайтуға Катаевпен бірге шықтым, кенет бір минөтке бар болмысыммен биылдыққа (тіпті ғұмырымда алғаш рет) аңғармаған көктемнің сиқырлы кереметін сезіндім. Онымен қоса тәнімдегі әрі жанымдағы көрегендік қасиетімнің кеңейіп кеткенін байқадым. Дерибасовская (Одессаның басты көшесі. – Ауд.) тым шолтиып қалғандай, оған жапсарлас жатқан әртаманғы үйлер ентелеп жетіп келгендей болды. Ал сонсоң Екатеринская көшесі, жалбыр шүберектермен қымталған ескерткіш, бұл күнде «чека» орныққан Левашовтың үйі, одан әрі – тайыз, кішкене ғана теңіз – бәрі де алақандағыдай. Және әлдебір ширақтықпен, айқындықпен, әлдебір бәрінен де безе қашқандай түрде, – ал онда қасіреттің де, үрейдің де еш ізі болған жоқ, тек көңілді торығумен ғана кенет мына Одесса мен бүткіл Ресейде не болып жатқандығын түйсіндім.

Үйден шыға бергенімде, аула сыпырушы біреуге:

– Ал мына коммунистер, қандай төсектерді талап алып жатыр, деген иттің балалары. Оларды самогонға қандырып, ауызына темекі қыстырсаң болды, – өз әкесін де көрге лақтырады! – деп жатты.

Бәрі осылай, бірақ оның үстіне ақылдан таза адасушылық және бар. Жолда көргенімнің бірі осыны дәлелдегендей болды. Әсіресе, Пушкинскаяда әдейі киліккендей болғаным: вокзалдан бері маған қарай алқа-салқасы шыққан, ескі шинелдің астына кір-кір түнгі көйлек киген, шашы будыраған басына тозығы жеткен картуз жапсырған, аяғында табаны тозған башмақтары анау, иығына ауызын төмен ұстап жіппен ілген винтовкасы бар әлдебіреулер әлдеқайда шауып бара жатады. Автокөлік жын соққандай зу ете қалды – ал онда бір топ жолдастардың арасында мүлде құтырынып кеткен студент мылтығын серт ұстап тұр: көздері алайып алға тігілген, ашарықтығы сондай, бет-аузының бөлшектері жіп-жіңішке, иығындағы қызыл күләпарасының жіптері желбең-желбең етеді... Жалпы студенттерді жиі көресің: тек ол студент пе, әлде басқа ма, оны шайтан ғана біледі.

Басқасы да қатып тұр. Кейде, мәселен, («чеканың» қарсысындағы) бұрынғы Қырым мейманханасының қақпасынан солдаттар отряды шығады, ал төсемелі көшемен әйелдер келе жатады: сонда жаңағы отряд кенет тұра қалып – әлгілерге қарап тұрып дәрет сындырады. Ал «чекадағы» дәу плакат ше? Онда басқыштар салынған, ең ұшар басына тақ орнатылған, тақтан қанның ағындары заулап жатыр. Жазуы:

Мы кровью залитые троны

Кровью наших врагов обагрим!

Ал Думаның маңайындағы алаңда, осы күнге дейін, бірінші мамырдағы мінбелер қарғыс атқыр қып-қызыл бояуымен көзге ұрып тұр. Ал одан әрірек өзінің пасықтығымен, түсініксіздігімен және иір-шиырлылығымен таза ақылға сыймайтын – әлдебір футуристік суретпен соқталанған, тақтайлардан құрастырыла салған тұтастай үй алдан шығады, өзінің жоғарғы жағы қушиып қалған, жел қаққан қақпалары және бар. Ал Дерибасовскаяда тағы да плакаттар: екі жұмыскер престі бұрап жатыр, астында болса-болмаса сығымдалған бәз-баяғы буржуй, екі езуінен және астынан алтын ақша тынымсыз ағуда. Ал тобыр ше? Бәрінен бұрын не деген сатпақ, не деген ластық! Боққа малынған толып жатқан солдат шинелдері, аяқтардағы сарғайып кеткен орамалар және бит басқан бастардағы май сіңген картуздар – өздерімен тура көшені сыпырғандай! Өліктерден, қаза тапқандардан сыпырып алған киіммен қаншама халық жүр, масқара!

Ал қызылармияшылдардағы ең бастысы – жүгенсіздік. Тістерінде папирос, көздері бұлдыр, картузы желкесінде, шекесіне бұйра шашы төгіліп тұр. Қайдан жинағаны белгісіз алба-жұлбаны тауып киген. Кейде 70-інші жылдарғы мундир, кейде қып-қызыл, қыздар киетін шалбар ілген, мұнысымен қоймай жаяу әскер шинелімен беліндегі баяғы заманғы қылышы анау.

Күзетшілер басып алынған үйлердің кіреберістерінде алқа-салқа порымда отыра береді. Кейде нағыз қаратабан қаңғыбастың өзі отырады – белінде браунинг, бір жағында немістің қосжүзді пышағы, екіншісінде қанжары салбаңдайды. Су құбырын көлкітіп тастау үшін, мына «жаңа өмірдің құрылысшылары» баяғы атақты одессалық эстакаданы (су бетіне салынған жүк түсіретін құрылғы. – Ауд.) айлақтағы пәленбай шақырымдық ағаш арнаны қиратуға бұйрық берді, ал онымен кезінде астық құйылатын. От жағарға ағаштарды да шауып алып жатыр – көптеген көшелерде екі қатар жалаңаш діңгектер тізіле ербиіп тұр. Қызылгвардияшылар самауыр қою үшін мылтықтарының дүміне дейін сындырып, жоңқалап жатыр.

Үйге оралған соң, өзімде көптен жатқан «Еңбекшіл халықтың кітапханасы. Халық ашуынан туған әндер. Одесса, 1917 ж.» деген қарадүрсін кітапшаны қайта парақтап шықтым. Иә, мына жерде бұл да бар:

Кровью народной залитые троны

Мы кровью наших врагов обагрим,

Месть беспощадная всеп супостатам,

Смерт паразитам трудящихся масс!

«Жұмысшы Марсельезасы», «Варшавянка», «Интернационал», «Азат халық гимні», «Қызыл жалау» да бар... Және бәрі де ызалы, қаныпезерлі, құсқың келердей жалған, ақылға сыймас жабайы ақымақтық:

– Мы пошлем всем злодеям проклятье,

На борьбу всех борцов позовем...

– Вихри враждебные веют над нами...

Но мы поднимем гордо и смело

Знамя борьбы за рабочее дело...

– Мы в плуги меч перекуем

И новой жизью заживем...

Құдайым-ау, мынау не алапат! Иванюков пен Марксті тақпақтаған, құпия баспаханалармен әлектенген, «қызыл крестке» алым жинаған және Пахомдар мен Сидорларға деген махаббаттан өлуге жақындадық деп ұятсыздықпен өтірік соққан «әдебиет», минөт сайын өздерінде помещикке, фабрикантқа, тоғышарға, күллі «қанішерлерге, өрмекшілерге, басқыншыларға, озбырларға, дарақыларға, мещандарға, надандарға, түнек пен күштеудің рыцарьларына» деген өшпенділіктің өртін алаулатқан балақайлар мен қызалақтардың тұқымдарына қандай қорқынышты, табиғатқа қарсы қандай қазымыр шаруа жасалған, ә!

Иә, жағалай естен тану. Осы халықтың ойында не бар өзі? Жақында Елизавета көшесінде келе жаттым. Басып алынған үйдің кіреберісінде күзетшілер отыр, мылтықтарының бекітпесімен ойнап қояды, біреуі екіншісіне:

– Ал Петерборыңыз тұтастай шыны жапқан төбенің астында болады... Яғни, қар да, жаңбыр да, ештеңе да қауіп төндірмейді...

Таяуда проф. Щепкинді, «халық ағарту комиссарын» жолықтырдым. Есалаң адамша алдына мөлие қарап, баяу қозғалып келе жатыр. Иығында майланған, шаң қапқан әйелдердің жамылғысы. Шләпасы де сондай, қарасаң құсқың келеді. Былғаныш қағаз жаға желкесіндегі вулканша атылардай шиқанды тіреп тұр, майлы қызыл бояуға көмілген жұп-жуан, көнерген галстугы анау.

Фельдман шаруалардан шыққан әлдебір «депутаттарға» сөз тастапты деседі:

– Жолдастар, көп ұзамай бүкіл әлемде Кеңестер билігі орнығатын болады!

Кенет депутаттар тобырынан дауыс шығады:

– Әніңіз бола қоймас!

– Е, неге? – деп Фельдман едірең ете қалмай ма.

– Әніңе жебірейлер жете қоймас!

Ештеңе жоқ, алаңдамаңыз: есесіне Щепкиндер жетіп артылады.

26 сәуір.

Жүрегім қағып, алтыда ояндым. Гәзиттерге бара жатып, әлдебір кемпірдің ойбайын естідім: кәрзеңкесіндегі титтей балығы – 80 сом!

Мәскеуден келген гәзиттерде: барлық теміржолдардағы ағаш отын арту 50 пайызға құлаған... Наркомпрос көркемөнер ескерткіштерін жаңғыртуға бел буыпты... Индия большевизмге малтығып жатыр...

«Известия» пошта жәшігін ашыпты:

– Азамат Губерманға. Сонымен Колчак һәм Деникин аюандармен мына қырқыс, сіздіңше, ағайындылар бірін-бірі өлтіретін соғыс па, қалай?

– Жолдас А.-ға. Ресейді кеңестік тұрғыдан мадақтау мұндай мәселеге марксистік байыптылықпен келумен үш қайнаса сорпасы қосылмайды.

– Гликман азаматшаға. Сіз, немене, ақшаң болса бәрі бар, ал жоқ болса аштан өлетін билік баяғыда сәбізі біткенін әлі ұқпағансыз ба?

Николай желекжолына бардық. Көктемгі ақбауыр бұлттар, ауқымды да айқын көрініс – бос жатқан айлақ, алыс жағалаулардың әсем бояулары, теңіздің мығым көкшіл де жыбыр толқыны... Осипович пен Юшкевичті ұшырастырдық. Үйренген әдет сол: бет-ауыздарын жылдам сопитады да, сыбырға көшеді: «Тираспольды немістер мен румындар басып алыпты. Петербордың да халі сол...»

Сағат үште Анюта үріккен күйде кіріп келді:

– Немістердің Одессаға кіріп келе жатыр дегені рас па? Күллі халық бүкіл Одессаны қоршап алыпты десуде. Большевиктерді шығарған өздері ғой, енді оларға большевиктерді қыруға бұйрық беріпті дейді. Одан бізді оларға 15 жылға беретін көрінеді. Сөйтсе жақсы болар еді өзі!

Бұл не пәле тағы? Шамасы, беталды бөсу шығар, сөйтсе дағы қобалжудан қол-аяғым мұздап кетті. Сабыр тұтайын деп Овсянико-Куликовскийдің қолжазбасын, оның Драгоманов, Зибер, П. Лавров жайлы жазған естеліктерін оқи бастадым. Әдеттегі Куликовскийдегідей, бәрі де тамаша тұлғалар. «Жасаған олардың жандарын керемет эфирден жасаған...» дейді. О, Құдай! Кәртайғанда жазған сиқы.

Одан Ренанға кірістім. «Lhomme fut des milliers dannees un fou, apres avoir ete des milliers dannees un animal». («Тағы да мыңдаған жылдар бойына есалаңдану үшін, адам деген мыңдаған жылдар бойына малша өрген...» – франц.)

27 сәуір.

«Известия»: «Контрреволюционерлер сіресіп алып, пролетар коммунистер қалай қорқытсақ екен деп қалың ойға батады... олардың тайпақ маңдайлары қыртыс-қыртыс, ауыздары аңқиып кеткен, жап-жалпақ, ырсиған еріндерінің арасынан сап-сары тістері ырсияды... Құдай ақыны, нағыз қылжақпастар, әйтпесе кабактардағы жұлынғұрт жүліктер...»

«Красноармеец Голосында» жуан әріппен:

«Подвойский жолдас Румынияға шабуыл жасауға бұйрық берді... Румындық жәллаптар өздерінің қанішер корольдарымен бірге бүкіл Еуропаға жайылған революция жалынын бұқтыру үшін Венгрияның жас кеңестік республикасын кеңірдектен алды».

Вознесенскіде қабылданған қарардан:

«Біз, вознесендік қызылармияшылар, бүкіл әлемнің бостандығы жолында күресе отырып, озбыр антисемитизмге – жебірейлерді жеккөрушілікке үзілді-кесілді қарсылық білдіреміз!»

Киевте «екінші Александрдың ескерткішін құлатуға кірісіпті». Белгілі шаруа ғой. 17 жылдың наурзынан бастап-ақ бүркіттерді, гербтерді түгелдей сыдыра бастаған жоқ па...

Петербор да, Будапешт те басып алыныпты деген сыбыс тағы жетті. Олар үшін өзі қалыпқа салғандай әдіс пайда болды: «Менің бір танысымның бір танысы келіп...» деп бастайды.

Жойқын жаңалық. Өрекпіген Радецкий мен Койранский келіп жетті.

– Одессаға Григорьев келе жатыр!

– Қайдағы Григорьев?

– Кезінде Одессадан одақтастарды қуып шыққан. Енді Махномен тізе қосып, большвиктерді бүріп жатыр. Киевке Зеленый ентелеуде. «Наным һәм Туған жер үшін жидтер мен көменестерді көрге тық!» Менің өзім де, былайша келгенде, жидпін, бірақ мен үшін жын-пері келсе де бәрібір. Маған кеше С. келіп, ол демократ, ол қандай да болмасын интервенция, қол сұғу дегендеріңізге мүттәйім қарсымын деп қарап тұр. Мен оған: егер бүкілресейлік жебірейлік қырғын-сүргін соғып кетсе, оларға не демексің дедім.

28 сәуір.

Тап солай!

«Қалада кеулеп кеткен сыбыстардың алдын алу үшін үшінші украиндық кеңес армиясының штабы атаман Григорьевтің соңына ерген жақтаушылардың бір тобын жинап алып, өзін гетман деп жариялағанын және кеңес үкіметіне соғыс жариялайтынын мәлімдейді...»

Одан Антонов-Овсеенконың бұйрығы: «Ақгвардияшыл оңбағандар қызылдарды қазбалап, оны бейбіт халыққа айдап салуға күш ұмтылуда... Отанды сатқан сұмырай, біздің жауларымыздың мәймөңке малайы бұл Қабыл (Інжіл бойынша ағасын өлтірген Адамның ұлын меңзеп отыр. – Ауд.) құтырған иттей көзі құртылуы керек, өзі былғаған жерге құртша сіңірілуі керек...»

Одан әскери-революциялық кеңес мүшелерінің үндеуі:

«Баршаңа, баршаңа, баршаңа! Социалистік Украина еңбеккер халқының ұлдары! Содыр, маскүнем, ескі тәртіп иттері тобырының жандайшабы, поптар мен помещиктердің, енелерін емген ұлшықтардың жалшысы Григорьев өзінің нағыз бейнесін көрсетті, ол өзін өңкей қара қарғалардың легімен қоршап алды... Большевиктер бәрімізді коммунаға жегетін болды деп көкуде... ал коммунистер болса ешкімге күш көрсетіп жатқан жоқ, тек Христі керіп тастау большевиктердің шаруасы емес – Құтқарушымыз кезінде өзі де байларға қарсы шыққан... Мас болып жасаған мұндай арандату, әрине, кесірін тигізуі кәдік... Ура, жабыққан, ашыққан жұмысшылардың қанына тойынғысы келген арандатқыштың көзін құртайық... Біз сатқындар мен жезөкшелерден күн көріп жүргендерді ұстап алып, оларды жұмысшылар мен шаруалардың қолына тапсыруымыз керек...» Былай деп қол қойылыпты: «Дятко, Голубенко, Щаденко жолдастар», – тура менің Бунин мырза деп қол қойғаным сияқты.

Негізі таңертең ел тағы дүрлікті. Юшкевич келіп кетті. Жебірейлік қырғыннан зәресі ұшады. Қалада антисемитизм лаулап тұр.

Е, тағы да – «жергілікті тіршілік тынысынан»: «Кеше әскери-революциялық трибуналдың қаулысымен 18 контрреволюционер атылды».

Дүрбелең және жанкешті аюандық. «Күллі буржуазия есепке алынуда». Мұны қалай түсінуге болады?

Таң ата шығып едім, Розентальды кездестірдім, Собор алаңында әлдекім бомба тастапты дейді. Олардікіне бардым, жолай Л.-ға соқтым. Ондағы терезелерден көк бұлыңғыр бұлттардың арасынан көктемгі қызғылт батыс жақ көрініп тұр. Сонсоң, кешкісін, Дерибасовскаяның бір жағында халық көп, екінші беті – бос, солдаттардың ызалы айқайы: «Жолдастар, мына жаққа өтіңдер!» Бірнеше автокөлік, жедел жәрдем кареталарының даңғыр дауысы, дедектеген екі атты, оларды қуалай үрген ит өте шықты... Арғы жаққа таза жібермейді.

Фома бүрсүгіні нағыз аласапыран – «бейбіт көтеріліс күні», барлық буржуйларды бас-басына тонау басталады деп хабарлады.

30 сәуір.

Масқара! Д.-ға барып едім, бейшараның екі шалбарын, екі көйлегін ғана қалдырыпты, «бейбіт көтеріліс күні» ендігі басталып та кетіпті; мына қалғанын да тартып алады ма деп қорқады.

Бірге шықтық. Дерибасовскаяда аттылардың отряды шауып барады, орталарында – автокөлік, ол да өкіріп-бақырып қояды. Овсянико-Куликовскийді кездестірдік. «Жан түршігерлік сыбыстар, түн бойына атыстар жүріп жатты, енді тонау басталады» – дейді.

Түнгі үш. Қалаға және бардық: «бейбіт көтеріліс күні» кенет тоқтатылыпты. Шамасы, жұмысшылар көтерілген болуға керек. Оларды да тонауға кірісіпті, себебі алдында жиған-тергеннің ауқымдысын солар басып қалды ғой. Жаудырған оқпен, қайнаған сумен, атылған тастармен қарсы алыпты.

Күн күркіреп, бұршақ жауып, жаңбыр құйып тұр, қақпалардың қалқасына тығылдым. Мылтық асынған жолдастар тиелген жүк мәшинелер әрлі-берлі гүрілдеп өтіп жатыр баяғы. Қақпалардың астына екі солдат кірді. Біреуі дәу, әрең иіледі, картузы желкесіне кеткен, колбасаны тістерімен жұлмалап, сол қолымен қарнының астыңғы тұсын шапалақтап қояды:

– Міне, менің коммунам мына жерімде! Мен оған: аттандама, иерусалимдік мәртебелі мырзам, оныңыз менің ішімнің төменгі жағында ілулі тұр... – дедім.

1 мамыр.

Одессада ғана емес, сонау Киев пен Мәскеудің өзінде де ел есеңгіреулі халде. Шаруаның сиқын қараңыз – «Қорғаныс кеңесінің төтенше өкілі Л. Каменевтің және бір үндеуі жарияланды: «Баршаңызға, баршаңызға, баршаңызға! Енді бір күш салу, сөйтіп жұмысшы-шаруа билігі бүкіл әлемді жаулап алмақ. Осы сәтте сатқын Григорьев жұмысшы-шаруа билігінің арқасына қанжар сұқтық...»

Үйдің комиссары келіп, менің жасымды тексерді – буржуйлардың барлығын «тылдағы жасаққа» айдайтын көрінеді.

Ұзақты күнге суық жаңбыр толастамай қойды. Кешкісін С. Юшкевичке барып едім: әлдебір «әскери бөлім» жанындағы жолдастар үшін театр құрылмақшы екен, енді ол, сол театрдың кеңесіне жеке кіруге қорқақтап, мені де қоса сүйремекші. О, есалаң! Қараңғы да түнегіңкі қаламен, жаңбырдың астында үйге қайттым. Кей жерлерде қыздар, боқмұрын қызылармияшылар, сақ-сақ күлкі, шақұр-шұқыр жаңғақтар...

adebiportal.kz



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар