Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПРОЗА
«Адамтану» арқылы әдебиетті оқытқан...

09.04.2024 1902

«Адамтану» арқылы әдебиетті оқытқан

«Адамтану» арқылы әдебиетті оқытқан - adebiportal.kz

 

Рита Сұлтанғалиева, 

                                      М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің 

қауымдастырылған профессоры, 

                                          филология ғылымдарының кандидаты (Орал қаласы)

 

«Секеңе жақсы шәкірт боласың!»

 

Профессор Серік Мақпырұлы 2000  жылы Алматыдағы оқушылардың «Дарын» қосымша білім беру орталығына келіп дәріс оқыды. Республиканың әр өңірінен келген оқушылар жиналған. Түске дейінгі уақытта университет ғалымдары дәріс оқиды. Басқа уақыттарда танымдық кештер өтеді. Әр аудиторияда ғалымдар белгіленген уақытта дәріс оқиды. Кезекті кесте де ілінді. Дәріс тақырыбы – «С. Мұқановтың «Ботагөз» романының шығармашылық тарихы (жазушы лабораториясы)». Мен үшін өте қызғылықты тақырып. Ертеңіне асыға дәріс өтетін кабинетке келдім. Ең бірінші болып кірдім де, алдыңғы партаға отырдым. Ұстазымды, болашақ ғылыми жетекшімді ең алғаш көруім. Ағай дәрісін оқыды. Бірнеше рет кездестік. Сонымен білімді жетілдіру уақыты да аяқталып, елге қайттық. Сол жылы 11-сыныпты аяқтап, Алматыға оқуға келдім. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне оқуға қабылдандым. Бірінші курстағы алғашқы дәріс. 404-аудитория. «Әдебиеттануға кіріспе» пәні. Оқытушы аудиторияға кіре бергенде, көңілде қуаныш орнағандай күйде болдым. Бір жыл бұрын танысқан Серік Мақпырұлы. Ағай көп студенттің ішінен мені бірден тани қоймады. Сабақ аяқталысымен ағай беттеген кафедраға қарай келдім. Кафедрада академик Серік Қирабаев, Нығмет Ғабдуллин бастаған ұстаздар. 

Студенттік өмірдің төрт жылы зымырап өте шықты. Осы жылдар аралығында ағайымның арқасында уақыттың текке өтпегенін бүгінгі күні анық сезіледі. Ғылыми конференцияларға үзбей қатыстым. Студенттің жазған мақаласы республикалық «Ұлт тағылымы» журналында да басылды. Серік Мақпырұлының жетекшілігімен диплом қорғадым. Университетті үздік аяқтап, аспирантураға түстім. Кандидаттық диссертациямды уақытында аяқтап, қорғауға дайындалдым. Ғылыми кеңестердің уақытша тоқтатылған кезі. Уақытты өткізбей, ағайым жетектеп, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ге алып барды. Сол кезде академик Тұрсынбек Кәкішұлымен таныстырды. Академиктің ақ батасын да алдым. Мені 25 жасымда кандидат қылған, одан кейін де осы саладағы жалғасқан жетістіктерімнің барлығында да ұстазым Серік Мақпырұлының қолтаңбасын аңғармау мүмкін емес. Жай ғана қарапайым нәрсе боп саналатын, тапсырманы уақытынан кейін кешіктірмей, дәл уақытында не айтылған уақыттан бұрын орындауға да тәрбиелеген Серік ағай болатын. 

Серік Мақпырұлының ұстазы Нығмет Ғабдуллинге сүйікті шәкірт болғаны көз алдымда өтті. Ұстаз бен шәкірт арасындағы ыстық қарым-қатынасқа барлығы қызыға қарайтын. «Секеңнің жетегіне ерсең, өрге қарай жүресің, қарағым» деген Нығмет Ғабдуллиннің «Сен, Секеңе жақсы шәкірт боласың» деген сөзі мені ұстазыма одан да жақындата түсті. 

«Адамтану» арқылы әдебиеттегі адамды таныдық...

Серік Мақпырұлының ең алғаш зерттеген тақырыбы Сәбит Мұқановтың  шығармашылық лабораториясы болса, осы бағыттағы ғылыми еңбектері, монографиялары да жарық көрді. Ғалымдықпен қатар ұстаздық жолды жоғары қойған Серік Мақпырұлы «Әдебиеттануға кіріспе», «Әдебиет теориясы» сынды пәндерді қамтитын «Адамтану өнері» деп аталатын оқу құралын жазды. Осы оқу құралының алғысөзінде: «М. Горькийдің әдебиетті «адамтану ғылымы» дегені баршаға белгілі. Сондай-ақ белгілі орыс әдебиетші ғалымы В. Днепровтың Лев Толстойдың суреткерлік тәжірибесі хақында жазған «Искусство человековедение» (Советский писатель, Ленинградское отделение, 1985) деген зерттеу кітабы да бар. Горький сөзінің шындығы, В. Днепров атауының дәлдігі дау туғызбайды. Сондықтан да оқу құралын «Адамтану өнері» деп атауды жөн санадық» (Мақпырұлы С. Адамтану өнері. Филология факультетінің студенттеріне арналған оқу құралы. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2009. – 214 бет.) делінген. Әдебиет ұлы өнер болса, ал өнерге әрқашан  адалдықпен қарау керек дегенді ағай шәкірттеріне ұғындырып өтті.

«Адамтану өнерінің» алғашқы тарауы көркемөнер табиғатына арналып, көркемөнер түрлері мен ерекшеліктерін қарастырады. «Көркемөнер қоғамға қызмет етеді дейміз. Бұл бір қарағанда, өзінен-өзі түсінікті тұжырым секілді. Себебі, өнер – қоғамдық құбылыс, қоғамдық сананың көрінісі. Өнерді, оның алуан түрлерін қоғамның, адамның рухани-мәдени, көркемдік-эстетикалық, практикалық т.б. қажеттіліктері туғызған. Сондықтан көркем өнер (оның түрлері) алдына қоғамның рухани, саяси, эстетикалық қажеттіліктерін өтеу міндетін қояды. Бұл жауапты әрі күрделі міндетті көркемөнер қоғамдық өмір шындығын, адамзат тіршілігін, күрес-тартысын суреттеу арқылы атқарады» (сол еңбегінде) дейді автор. 

Шынында, әдебиет қандай өнер? Өзіне тән ерекшеліктері қандай? Оны неліктен сөз өнері дейді? Осы сұрақтарға автор нақты мысалдармен дәлелді түсіндіреді. Көркемөнер түрлерінің ерекшеліктерін сипаттай келе, әдебиеттің өзге өнер түрлерінен өзіндік басты бір ерекшелігі – бейнелеу құралына – көркем сөзге байланысты екенін, осы себепті де әдебиет сөз өнері аталатынын, суретті сөз, бейнелілік деген ұғымдар тек әдебиетке, ондағы сөз қолданысына қатысты ерекшелікті танытатынын тұжырымдаған. 

Көркем сөздің құдіреті, оның мағыналық аясының кеңдігі, шексіздігі, әсіресе бейнелілік – суреттілік секілді сиқырлы, сазды сипаты қаламгерге өмір-болмысты қалауынша қамтып, шындықты кеңінен жинақтап, оны қабілет-дарынына сай құлпырта, көркем кестелеп, жанды да нақты танытуына мүмкіндіктер беретінін айтады. Бұлай өмір-болмысты, құбылыстарды, заттарды бейнелеу өзге өнер түрлерінің қолынан келмейтіні, бұл тек сөз өнерінің еншісіндегі ерекшелік екендігін, бейнелілік (образдылық деп те атайды) автордың нені суреттесе де, сөз құдіреті арқылы сол заттың, құбылыстың т.б. айшықты, жанды, көркем бейнесін танытуы (бұл да сонда) деп көрсетеді. 

«Не керек, әдебиет өнері тірі, жанды сөз құдіреті арқылы өмір-болмыстың сыртқы сипатын ғана танытпай, сол құбылыстардың, заттардың, жағдаяттардың ішкі мәніне, сырына да терең бойлайды, олардың себебін ашып көрсетеді. Адамның күрделі жан әлеміне еніп, оны тірі пенде ретінде жанды қимыл-қозғалысымен, ішкі толғаныс-тебіренісімен, шаттық-мұңымен жан-жақты нақты танытады. Тіршілік, табиғатты бір күйде емес, өсу, даму, өшу секілді әр күйде, алуан сапада алып, өзгеріс үстінде суреттейді. Бұлай суреттеу өмірді, адамды толық таныту десек, бұл тек сөз құдіретінің арқасы. Өзге өнер түрлері нені болсын тек белгілі бір қырынан таныта алса, сөз өнері ғана құбылыстарды, өмір-болмысты, оның иесі – адамды әр алуан жағдайларда алып суреттеп, сыртқы-ішкі болмысын қамти отырып бар қырларынан кеңінен танытатын мүмкіндікке ие» (сол еңбегінде) деген тұжырым жасайды. 

Әдебиеттану әдебиет туралы ғылым болғандықтан, оның қарастырар объектісі де, айтар әңгіме, талдар тақырыптары да түгелдей көркем туынды жайлы болмағы заңды екендігін,  бұл ғылым сөз өнері – әдебиеттің өзіндік жаратылыс-ерекшеліктерін, оның қоғамдық сипаты мен рөлін, көркем туындының құрылысы мен сюжетін, тілі мен бейнелеу құралдарын, өлең сөздің табиғатын, өнер дамуындағы көркемдік әдістер, әдеби бағыттар мен ағымдардың, өнер жайлы эстетикалық ой-пікірлер мен ғылыми тұжырымдардың туу, жалғасу тарихын, көркем туындыны талдау мен бағалау жолдарын қарастыратынын айтқан. 

«Көркем туынды» аталатын тарауында көркем туындының ішкі мәні және сыртқы құрылым, өрнегі дегеннен өнердегі ең күрделі де аса маңызды мазмұн мен пішін мәселесін, көркем туынды тілін, көркем туындыдағы адам тұлғасын, оның жасалу жолдарын, көркем бейненің жасалу жолдарын әңгімелеу, сайып келгенде, шеберлік жайлы толғану, танымдық, тәрбиелік, көркемдік-эстетикалық тағылымы жоғары, реалистік толыққанды бейне сомдау – шеберлік белгісі екендігін айтады.

Әдеби процесс заңдылықтарында әдеби процесс және әдеби бағыт-ағымдар, әдеби мектептер, дәстүр мен жаңашылдық жалғастығы мәселелері кеңінен сөз болады. Әдебиеттің тектері мен түрлері тақырыбына  бөлім ғана емес, оқу құралын да арнаған. Әдебиеттегі тектерге бөлудің негізі бейнелеу тәсілдеріне қатысты екенін, өмір шындығы, болмыс бояуы сан алуан әрі күрделі болғандықтан, оны әдебиетте бейнелеудің формалары мен тәсілдері де біреу емес, түрліше болып келуі заңды, бұл әдеби тәсілдердің, формалардың пайда болуы мен қалыптасуы адамзаттың қоғамдық, көркемдік-рухани даму тарихымен тығыз байланысты екендігін тұжырымдайды. Әр тектен тарайтын жанрларға кеңінен тоқталады. Аралас жанрға да сипаттама беріп, мысалдармен түсіндіріледі. «Әдебиет деген адамгершілікке сүйіспеншілік деген сөз. Өйткені, шын мәніндегі көркем әдебиет азаматтық  терең ойдан, адамгершілік асыл идеялардан, биік парасаттан туады» деген Ғ.Мүсіреповтің сөзімен «Адамтанудан» ұққанымыз.  Ал профессор Серік Мақпырұлынша қорытсақ, «әдебиет – адамгершілікке тәрбиелеу ілімі» (сол еңбегінде). Әдебиетші ғалым С. Мақпырұлының «Ботагөз» романының жазылу тарихы», «Қазақ поэзиясындағы Махамбет бейнесі» және әдістемелік шығармашылық жұмыстарынан арналған  «Қазына»  зерттеу еңбегі әлі күнге дейін маңызын жойған емес. 

 

«Нағыз адамның белгісі – кісілік»

Серік Мақпырұлы әдебиеттанушы ғалым ретінде ғылымды дәріптеді, ұлағатты ұстаз ретінде мыңдаған шәкірттің жүрегін жаулады. Ғылымға деген адалдығымен, тазалығымен, өнегелілігімен, парасаттылығымен, турашылдығымен, әділдігімен ғана көрінді. Шәкірттерін де солай тәрбиеледі. Әр адамның басты парызы еліне, ұлтына адал қызмет ету болса, Серік Мақпырұлы сол міндетті биік тұғырда орындады. Ол ұлт мүддесін жоғары қойды. Білімді студент, білікті маман даярлауға бар күшін жұмсады. Ел ертеңі жас ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім беру басты міндет болса, білімді, білікті, тәрбиелі жастардың қалыптасуы үшін аянбай еңбек еткен зиялы жандардың бірі де бірегейі болды десем, артық айтқандық болмас. 

 «Нағыз адамның белгісі – кісілік» деген екен шығыс ғұламасы Жүсіп Баласағұн. Серік Мақпырұлы кісілік келбетін келістіріп, шынайылықты асқақтатып келген ардақты тұлға бола білді. Ана сүті дарытқан абзал қасиеттің жемісі  айналасына ғибрат нұрын шашқан ғұмыр сыйлады. Ғылым майданының қатардағы жауынгері тек үнемі оқу, іздену, талпыну, тану, өмір мектебінен өту арқылы ғана оның ірі қайраткері дәрежесіне дейін көтерілетіні анық. Е. Букетов: «Парасаттылық, шарапаттылық, кеңдік, адалдық ғылымда қызмет істеген әрбір адамға лайық, халқымыздың мәпелеп, бетке ұстары – ғылым адамдары» десе, Серік Мақпырұлының бойынан  осы ғылым адамына лайық абзал қасиеттердің барлығы  табылары сөзсіз. 

         «Ойлар, ойлар,

         Қамығам кейде

         Өмірім мынау

Толқыған бейне

         Қас-қағым сәтте өтердей.

         Ауырлық батпай, 

         Төгілмей тер де,

         Парызым мынау

         Туған бір елге

Қалар ма деп өтелмей».

Бұл «Көңіл сазындағы»  шумақтар... Ұстаздың азаматтық парызы да туған елге аянбай ету болса, ұстаз парызы өтелгендей. Оған елдің әр түкпірінде жүрген, ұстаздықтың кемесіне мінген шәкірттері мен ғылым әлеміне қадам басқан ғалым шәкірттерінің еңбектері куә. Дәстүр сабақтастығы деген осы шығар. Серік Мақпырұлы арамызда жүрсе, дәл бүгін қаумалаған шәкірттері боп 80 жасымен құттықтар едік, ал біз ұстазды еске алып, ол салған сара жолға тек бас иеміз. 

         Ағай туралы еске алғанда, сыйлас інілерінің бірі, әдебиетші ғалым Бауыржан Омарұлының 2015 жылы «Ана тілі» газетінде жарияланған «Ақ жаңбыр»  атты мақаласын (эссе) бірнеше рет оқып шыққам. Мақала Серік Мақпырұлының:

 «Шолақ сайдай тасығам жоқ күркіреп, 

Даңқ-дақпыртым дабыра емес, дүркіреп.

Өтсем болды туған дала төсінде,

Ақ жаңбыр боп сіркіреп...» 

деген өлең жолдарымен басталған. Мақала авторы Серік ағайымыздың осы бір шумақ өлеңімен ағайдың бар болмыс бітімі мен табиғатын ашқандай. «Ақ жаңбыр секілді үнемі өзгелерге жақсылықтың нұрын сеуіп тұрды» десе, енді бірде «атшаптырым аудиторияны адамгершілік алаңына айналдыра біліпті»  деп бағасын берген. Ақ жаңбыр ұғымының ағайдың адами болмысын әйгілегеніне көз жеткізесіз. Жаны ізгі асыл жандардың бірі ретінде кемел тұлға, парасатты ғалым, ұлағатты да сүйікті ұстаз, рухани әкемнің ғибратты ғұмыры мен азаматтық тұлғасы мен үшін әрқашан биік тұғырда тұрады. Сіз әр шәкірттің жүрегіндесіз, асыл ұстаз!!! Өзіңіз ғұмырыңыз бен еңбек жолыңызды арнаған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті 80 жылдығыңыз қарсаңында республикалық-теориялық конференция ұйымдастыруда. Игі жақсылар бас қосқан жиында сіз туралы тек әдемі  естеліктер ғана сөйлері анық...  


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар