Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Әділет Ахметұлы. Сағыныш - егіз ұғым Жәркенменен...

28.10.2024 793

Әділет Ахметұлы. Сағыныш - егіз ұғым Жәркенменен 14+

Әділет Ахметұлы. Сағыныш - егіз ұғым Жәркенменен - adebiportal.kz

 ЖӘРКЕННЕН БАТА СҰРАУ 

 

Өлеңде десі басым, сесі де өктем, 

Оу, менің теңбіл шұбар тесік өкпем.

Алашқа ақын керек болғандықтан 

Мұз құрсау шекараны кесіп өткен. 

 

Даусынан ғажайып жарылыстың

Атажұртым қайда деп алып ұштың. 

Мұңына мұрагерсің Махамбеттің,

Абайдан қалған ауыр сағыныштың. 

 

Жалғызсың Жәркен – Жайыр, Жәркен жырау,

Өлеңіңмен сілкінген өлкең мынау. 

Күйіктен болған шөлге суат таппай,

Жаныңның жалынына өртендің-ау?!

 

Алдыңда опырылды қамал біткен, 

Ақын болдың жыр аға, ғалам күткен. 

Тәнтті еттің жұртты шексіз тазалықпен, 

Өнерге деген ұлы адалдықпен. 

 

Қазақ қайта оянды жүз жыл өліп, 

Кетпеді кесір ғасыр ізді көміп. 

Әулие Абай тіріліп келсе егер, 

Бір қуанса қуанар сізді көріп…

 

Доспамбет, Бұқар жырау, Марқасқа да,

Шалкиіз, Жиембеттей бар жақсы аға. 

Бәрі де сүйінеді-ау ырзалықпен, 

Құбылыс болып туған «Сарқасқаға[1]»! 

 

Мен де өзіңдей, өзімше қалам ұстап, 

Толғанамын жолыңа қарағыштап. 

Өмірім де өзіңе қалады ұқсап,

Өлеңім де өзіңе барады ұқсап. 

 

Көкше жырың сілкілеп жер жаһанды,

Көк бөрінің көз жасы көлге тамды.

«Ай бермейді орынын жұлдыздарға»[2],

Шынды іздеген бір ұлға бер батаңды!

 

Оу, өлеңнің өзгеше «Құбылысы»[3],

«Бөрінің асығындай»[4], «Бұрылысы»[5]

Жал-құйрығын өлеңнің жетілдірген, 

Тәңірдің сыйға берген Ұлы күші! 

ЖЫР ПЕРІШТЕСІ 

(Жәркен Бөдешұлымен қоштасу)

 

Жәркен ақын тау еді, тау құлады, 

Қайғыдан дос егіліп, жау жылады. 

Жайырдың сай-саласы қазаны естіп, 

Қарт таудың тас сүйегі саудырады. 

 

Жәркен ұлы дана еді, кетті дана, 

Тудырған ұжымақ тау, текті дала. 

Артына ұлы ескерткіш салып кетті, 

Ескерткіші – сағыныш – от мұнара. 

 

Ғұмыры – өлең өзен жосыла аққан,

Шабыты шағылдан от шашыратқан. 

Жәркеннің жыры қайта дәлелдеді, 

Адамның жаралғанын Топырақтан.

 

Аршаның бүріменен арды аластап,

Жантайды ғазиз басын қарға жастап. 

Өнерінің рухы көкті сүйген, 

Өлеңінің рухы таудан асқақ. 

 

Жәркентай – сәби еді, шетінеді, 

Аялап жабар ептеп бетін елі. 

Қаратаудың сөгілді қабырғасы, 

Алатаудың етегі сетінеді. 

 

Жәркенжан ұшып кетті, періште еді, 

Махамбет, Мағжандармен көріскелі.

Қазақстан дейтұғын ұлы өлкенің 

Оқыстан опырылды кеніш белі. 

 

Қош, қош бол, бала мінез алып кісі, 

Адамның өзің едің даңқтысы. 

Жалғыздық демалайын деді ме екен, 

Келмеді-ау өзен өртін ағытқысы. 

 

Сағыныш - егіз ұғым Жәркенменен, 

Нар еді аспанды артып, тау теңдеген. 

Бір арманын орындап берді Құдай, 

Алатауды жастанып өлсем деген. 

 

Кетті бүгін қазақтың нақ ақыны, 

Кетті бүгін Алаштың сара тілі. 

Жәркендей ақын туған анасы ұлы, 

Жәркендей батыр туған даласы ұлы. 

 

Ұлы, ұлы, бәрі ұлы еш талассыз, 

Өтті өмірден айғайсыз, бақталассыз. 

Жәркен деген жырауы ер түріктің, 

Біз деген жас қауырсын, жас қанатпыз. 

 

Бақұл бол, айналайын, жыр атаны, 

Бейіште сағынышың бүр атады. 

Алтай мен Атыраудың арасында, 

Жәркеннен қалған өлең гүл ашады. 

Солай, солай!

Сөнбейді жыр ошағы. 

 

Әкемнен айырылғандай – егейімнен, 

Бір өксік кетер емес көмейімнен. 

Жайырға жолым түссе топырағын 

Әкеліп қабіріңе себейін мен! 

Әділет АХМЕТҰЛЫ

Алматы қаласы музейлер бірлестігі Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің ғылыми қызметкері, ақын, түркітанушы (докторант)

 

[1] Белгілі күйші Ғизат Сейітқазин Жәркен Бөдешұлына арнап «Сарқасқаның сарыны» атты күй шығарған. 

[2] Жәркен Бөдешұлының «Жұлдызға орнын Ай бермес» атты жинағы бар. 

[3] Жәркен Бөдешұлының «Құбылыс» атты жинағы бар.

[4] Жәркен Бөдешұлының «Бөрінің асығы» атты жинағы бар.

[5] Жәркен Бөдешұлының «Бұрылыс» атты жинағы бар.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар