Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ШЕБЕРХАНА
Жазушы және қолжазба: қаламұш, мәшіңке, компьютер...

30.10.2024 1729

Жазушы және қолжазба: қаламұш, мәшіңке, компьютер 14+

Жазушы және қолжазба: қаламұш, мәшіңке, компьютер - adebiportal.kz

2024 жылдың 30 сәуірінің кешінде американ жазушысы, «Нью-Йорк қасіреті» бестселлерінің авторы Пол Остер Бруклиндегі үйінде өкпеден жабысқан дерттен бақилық болды. Эксперименттік постмодерн стиліндегі шығармаларымен белгілі марқұм аптасына жеті күн, күніге алты сағат уақытты тапжылмай жазу үстелі басында өткізіпті. Ғұмырынша барлығы 34 кітап (18-і роман) шығарған. Соның бәрін де қолмен, кәдімгі сияға батыратын қаламұшпен қойын дәптеріне, не блокнотқа жазып, сосын жазу мәшіңкесінде терген. Компьютер пернетақтасын мойындамаған, «саусақтарым клавиште жатқан кезде анық, айқын ой ойлай алмаймын» дейді екен. «Ал қаламұш дегенің әлдеқайда қарапайым да ыңғайлы құрал ғой. Қолмен жазған кезде сөз денеңнен сөл сияқты бөлініп шығып жатқанын сезініп отырасың, тек соны ақ параққа бастыра таңбалап үлгер. Сөзді, жазуды сезіну – жазушылықтың тактильдік қыры, бұл өзі тұла бойыңмен түршіге сезінетін қара тәжірибе», – депті жарықтық, №11-ші қаламұшын сықырлатып отырып.

Сол Пол әріптесім сияқты мен пақыр да өмірімше қолмен жазып келемін. Табақтай торкөз қағазға (А3) автоқаламмен жазамын да терімшіге беремін. Көркем жазу сабағы – мектептегі жалғыз «бесім» ғой, дегенмен, адамның жазуы жасымен бірге өзгеріп отырады екен. Әсіресе, аграфия (әріптерді бұрынғыша қосып жаза алмауым) терімші жолдастарға біраз әлектік әкеліп жүр. Онан соң терілгенді оқып шығып, қателерін салу керек. Осының бәрі уақыт алады, материалдың әзірлену мерзімін жойдасыз ұзартады, бірақ қайтерсің – компьютерге бірден терер болсам, бауырымды жаза алмай қалатындай көрем. Мұзға түскен тағасыз аттай түйткілденем, салдарынан жазғаным өзіме тақ-тұқ, өң-сөлсіздеу шыққандай болып көрінеді де тұрады. Компьютерде тергенде жазу тәртіпке түсетінін, ой ықшамдалып, сөз арам еттен арылатын біле тұра мойындағым келмейді. Оның себебі, шыға шабатын шабағаншыл жүйрікке керек кеңістікті, еркіндікті тілеймін. Ол кеңістік, ол еркіндік – А3 қалыптағы торкөз қағазда ғана бар (А 2 болып жатса, тіпті жақсы, аттың басын қоя бересің). «Шағын дүниелерді, ие, қолмен жазуға болады, ал көлемді кітапты қолмен мықшыңдап жазу, бұл – суицид!» деген пікір бар ғой. Шынымды айтайын, «Димаш» кітабымды – қарамы мың төрт жүз бет – төрт жыл отырып, қолмен жазып шыққанымда, нешауа, өлген жоқпын. 

Менің бұл асқан консерваторлығымның практикалық жағы да жоқ емес. Ойымша, жазушының күні бойы үстел үстінде мықшыңдап отырып жазатын жазуы – қолжазба – қаламгердің соңында қалатын басты материалдық мұра. Ал енді компьютерде жазсаң, әлгі шартты қолжазбаң – компьютерлік файл техникалық «глюк» кезінде және Интернеттегі пабликтерден де жойылып кетеді, алдын-ала back-up жасап қоймаған болсаң поштадан да жоғалтып алуың әбден мүмкін, ал қолмен жазып сақтап қойған қолжазбаң жоғалмайды да, жойылмайды да – күтімі келіссе, қағаз 150 жылға дейін сақталады. Әлгі «Қолжазба өртенбейді» деген сөз содан шыққан.

«Жазушы Бейімбет атамыз зайыбына: «Күлжамал, менің қаламымның ұшы тиген қағаз көрсең тастама, жинай бер, күндердің күнінде керек болады, сені асырайды» дейді екен, – деп жазады оралдық өлкетанушы Айтуар Ұябас.  – «Айтқаны келді жарықтықтың», –  депті Күлжамал апамыз кейін естелігінде. Биағаң ақталып, кітаптары қайтадан жарық көре бастағанда, сол қаламының ұшы тиген қағаздары пайдаға асқан ғой».

***

Әлем әдебиетінің тарихына қарап отырсаңыз, жазушылар жазу құралы мен әдістері бойынша негізінен үш топқа бөлінетінін көреміз. Бірінші топ – қолмен (қарындаш, қаламұш, автоқаламмен) жазып, сосын жазу мәшіңкесіне теретіндер (тергізетіндер). Екінші топ – жазу мәшіңкесіне, компьютерге өздері бірден теретіндер. Үшінші топ – терімшіге (стенографшыға) ауызекі айтып тергізетіндер.

Неге бұлай? Қаламгерлердің өздері не дейді екен, құлақ түрелік.

«Қарындашпен жазамын. Кемі он екі қарындаш, оларға ұштағыштар және аткөпір қағаз пайдаланамын. Жазу мәшіңкесі – түпкілікті нұсқа мен көшірмелерін жасау үшін керек». (Э. Хэмингуэй).

«Қолмен жазған кезімде өзімді шын, шынайы жазып отырғандай көремін, артықша әдебиленбейтіндеймін. Мәшіңкеге бассам, текст тым жылтыр, тақтайдай теп-тегіс болып кетеді. Фортепиано гаммаларын ойнап отырғандай болам. Қолмен жазғанда саусақтарым бүткіл ойымды әлденеткен түрде басқарып отырады» (Г. Миллер). 

«Қолмен жазамын, мәшіңкеге бассам ойлана алмай қалам. Қолымдағы қарындашты сезініп отыруым керек, оның ұшталған ұшынан сөздердің көктүйнектей домалап жатқанын көріп отырмақ керек, ұнамаған сөзімді өшіріп тастап, орнына жаңасын жазамын. Сондықтан мен үшін текстің алдымен қағазға қолмен түсуі маңызды. Сонан кейін барып мәшіңкеге басамын, бірақ жазу қалайда қолмен нұсқалануы тиіс» (У. Фолкнер). 

«Қаламұш қой біздікі. Жазу мәшіңкесі сөз тіркесінің ырғағына теріс әсер ететін тәрізді» (М. Горький).

«Қаламұшпен жазам. Қарындашпен ара-тұра сөз тіркестерін жөндеп жіберем. Бірден жазу мәшіңкесіне басу дегенді дым түсінбеймін» (М. Смоленский). 

«Тек қана қаламмен, тек қана сапалы қағазға жазамын. Ондай қағазды Швейцариядан алып келгенмін. Қағазға жазу таңбасын анық салып, жүйткіп тұратын сапалы сиялы қаламды ұнатамын. Қағаз бен қалам сапасыздығымен маған кедергі келтірмейтін болуы керек» (В.Токарева). 

«Жұмыс жасап отырғанда мәшіңкенің шуын жақтырмаймын. Жақсы жазатын қалам мен төртбұрышты жылтыр қағазбен бетпе-бет қалғанға не жетсін» (Н. Никитин).

«Ыңғай қаламұшпен жазам. Жауапты тұстарда, жазбас бұрын сөйлемді мида әбден пісіріп аласың. Қаралай нұсқа дайын болғанда оны мұқият жөндеп шығасың. Бұл екінші түзетуден соң қолжазбаның беті бытықы-шытықы оқылмай қалады. Мәшіңкіде басуға бересің. Шыққанда қателері бірден көзге ұрады. Үстінен жөндейсің – бұл үшінші, үлкен түзетуден кейін стиль, ал кейде шығарманың жалпы концепциясының да өзгеріске түсетіні болады. Мәшіңкіде қайта тергізесің. Әңгімеңнің қаралай нұсқасын бір ай жазсаң, өңдеуге үш аптадай уақыт кетеді. Лұғаттың әуезділігін, құралдамасын бірінші орынға қоятын мен сияқты автор үшін қаламұшпен жазу өте керек» (В. Шишков). 

«Сіздерге жазу кітапшамды көрсетсем, ондағы ілмек-ілмешектер, ерсілі-қарсылы түсірілген бағыттаушы сызықтар мен өшіріп-сызып тасталған жерлерден аяқ алып жүре алмай қалар едіңіз. Ал енді осы шым-шытырықтың тасасында «мен мұндалап» шығарманың ілкі нұсқасы жатады. Компьютерге тергенде басқаша әсер – өң-сөлінен айырылып қалғандай болады. «Компьютерде еркіңше ойнап отырып жазасың» деген сөз – сандалбай сөз. Қолмен жазғандағы мүмкіндіктерге ештеңе теңесе алмайды. Қолмен шимайласаң, текстің кесегін қағаз бетінен қозғамай-ақ ауыстыра аласың, яки ауыстыруға болатын жерді ишаралап көрсетесің. Солай еткенде, бастапқы ой жойылмай сақталады. Компьютерде олай ете алмайсың, онда түпкі нәтиженің ес-жады, шыққан тегі болмайды, тарихы жоқ – экран ортасында титтей курсор, ойыңдағыңның иллюзиясын жасап, дір-дір етіп тұрғаны» (М.Эллис). 

«Колледжде жазушы шеберлігін оқығанымда Times New Roman-мен қос интервал арқылы терілген шығарма жаздыратын. Жазғаным өзіме ұнамайтын. Ал қолмен жазсам, жүйітки жөнелемін және көңілденіп отырып көстеңдеймін. Қысқасы, компьютерден аулақ кеткенде миым тазарып, басыма күшті идеялар келе бастайды. Microsoft Word – менің жауым. Оны тек жұмыс кезінде пайдаланамын, басқа уақытта аулақ жүремін. Меніңше, жазушылықта физикалық үдеріс көбірек болған сайын шығарма да сапалы шығады. Қағазға түскен сияны сезінесің. Парақтарды үстел үстіне жайып тастап, аударыстырасың. Жазғаныңды кез келген жерге жайып тастап, ара-тұра қарап кетесің, өте ыңғайлы» (О.Клеон). 

Сонымен қатар, бұрынырақта кейбір орыс жазушылары қолмен тек қана оқушы дәптеріне жазғаны, тегершік қаламның бір ғана түрін пайдаланғаны келтіріледі. 

Өкініштісі, біздің қазақ әдебиетінде жазушылықтағы құралдама мәселесі жоғарыдағыдай арнайы жүйеленбеген, жіктелмеген. Қаламгерлердің әр жылдары баспасөзге берген сұхбаттарынан шөпшек етіп теріп алған деректер ғана кездеседі. Бірқатар жәйттер жазармандар арасында ауызша айтылып жүр. Солардан байқалатыны, алғаш жазба әдебиетіміз пайда болғанда, мысалы, Абай, Шәңгерейлер дәуіт қаламмен жазған. Кейінірек, ХХ ғасыр басында химиялық қарындашпен типографиялық сары қағазды шимайлаған (Мағжан: «Терезеге қараймын, қарындашты жалаймын...»). Қарасауыттағы көк сияға қаламұш батырып, жастарымыз «Садақ» сынды қолжазба журналдар шығарған.  1920-1930 жылдары дені ұшталатын графит қарындашқа көшкен. 1940-жылдардан былай қарай сыясауытқа малып жазатын қаламұшпен жазған. 1970-жылдардан соң тегершік автоқалам келді, алайда аға буын қаламгерлердің кейбіреуі қарындашпен де, ескі араб қаріпті әліппемен де біржола қоштаспаған (мысалы, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин). Мұхтар Әуезов әуелде қолмен жазған. «Абай жолының» екінші томын орталай, баяғы Лион Фейхтвангер сияқты мәшіңкеге ауызекі айтып бастырған. Мұхтар Мағауин жөнінде мәлімет екіұдай: бірқатар дерек берушілер қаламұшпен жазады десе, екінші бір сөздерде бірден мәшіңкеге басатыны, мәшіңке лентасын көп қылып алып қойып, мұздатқышта сақтайтыны айтылады. Және ол қазақ жазушылары арасында алғаш «диктофон» жүйесін қолданған қаламгер ретінде белгілі, сірә, диктофонға айтып жазып алған тексті соңыра мәшіңкеге басатын болса керек. 

Бөлмені кезіп жүріп диктовка жасаған, соны дәптерге түсіріп отырған сценографшы қызды әйел етіп алған Достоевский сияқты мәшіңкеші қызға үйленген жазушыларымыз да бар болған. Мысалы, Ғазиза Бейсенованы өзіне жар еткен Ғабең (Ғабит Мүсірепов). 

Кейінгі толқын жазушылар да негізінен қолмен жазған, мысалы, Молдахмет Қаназов қалам шимайын соңынан өзі айыра алмай отырады екен. Кезінде марқұм Әнес Сарайдан қалай жазатынын сұрағанымда, мақала-эсселерін компютерде теретінін, ал көркем шығарманы қолмен жазатынын айтқан еді. Өз тұстастарымнан Қали Сәрсенбайдың қолмен жазатынын, ал Бауыржан Омарұлы, Ахмет Өмірзақтың бірден компьютерге теретінін білемін. Оны айтасыз, бүгінде шығармасын арнаулы бағдарламамен дауыстап оқып «жазып», соңыра әріп қателерін түсіріп, сауырға бір салып қоя беретін шырақтар да шықты, кімдер екенін бұл жерде айтпай-ақ қояйын. Марк Твеннің «Жұмбақ бейтаныс» дейтін романын мәшіңкешіге телефонмен айтып отырып тергізгені сияқты тірлік қой. Айтқандай, Твеннің «Том Сойердің бастан кешкендері» повесі тексі жазу мәшіңкесінде басылған алғашқы көркем шығарма болып саналады.

***

Бұрынғылар қалам-сыяға қаншалықты шық жуытпай бақса да, замана, индустрияландыру заманы, техникалық прогресс өз дегенін істетпей тұра алмады: 1920-шы жылдардан бастап жазу мәшіңкесі көптеген жазушылардың сенімді серіктесіне айналды. 

«Мәшіңкеде бетті басып болғасын, сол бойда түзетемін, бір сөйлем ұнамаса, бетті соламайымен қайта басып шығамын. Нәтижесінде әр бет желімделген сегіз-тоғыз бөліктен құралады. Бұл қарқынмен күні бойы бес бет қана жазылады» (И. Эренбург).

«Мәшіңкеге басам. Қолмен жазсам анықтық болмайды – шимай-шатпақ болып кетеді. Сөз тіркесі күрделі яки сөз керуені молырақ болса ғана алдымен қолмен жазып аламын. Үш-төрт беттен артық қолмен жазған емеспін» (А. Толстой).

 «Бір параққа толмайтын қысқа нәрсемді бірден мәшіңкеге түсіремін, одан асса қолмен жазып, сосын мәшіңкеге басам» (Б.Пильняк).

Ағайынды Стругацкийлердің біреуі диванда қисайып жатып, «диктовка» жасайды екен де, екіншісі мәшіңкеге басып отырады екен, шаршағанда орын ауыстырған. Рэй Брэдбери жасырақ уақытында жазу мәшіңкесін сатып алуға шамасы жетпегендіктен, жергілікті университеттің оқу залында тұрған мәшіңкенің біреуін сағатына он пенс төлеп жалға алып, жазуды бастаған. 

Қызығы сол, қазіргі компьютер, гаджет заманында да жазушылар (соның ішінде жас авторлар) тарапынан жазу мәшіңкесіне сұраныс артып отыр, соған сай мәшіңке жасау өндірісін қайтадан жандандырған компаниялар бар.

Дегенмен бұрын мәшіңке басқандар кейін компьютер келгенде оған бірден көшіп алғанын көреміз. 

«Бұрын қолмен жаздым. Қолжазбаны мәшіңкеде басып, түзетіп, қайтадан басып әлек болып отырмайтынмын. 1980-ші жылдардың ортасында компьютерге қуана көшіп алдым, енді бүгін жазу мәшіңкесі механикалық дөкір бір нәрсе болып көрінеді. Текстік редакторда интимдік бірдеңе бар, ол кісінің ойын жақынырақ, жылдамырақ танитын тәрізді. Маған тіркесті қажетіңше жөндей беруге болатыны ұнайды» (И. Макъян).

Енді қалам мен компьютерде ұштастыра жұмыс істейтіндердің тобы не дейді екен, кәне. 

«Алдымен қолмен жазып аламын. Екі сағаттай жазам, одан арғыға саусақ шыдамайды. Сол кезде қаламды былай қойып, жазғанымды теремін, теріп отырып жөндеймін, бұл – қолжазбаны жөндеудің алғашқы сатысы» (М.В.Льоса).

«Алғашқы жүз бетті еш алаңдамастан қолмен жазып шығам. Осы қаралай нұсқаны әйелім мәшіңкеге басқаннан яки компьютерге тергеннен кейін үстінен қарап, қайтадан пішіп шығамын, суын сығып тастаймын. Он қолжазба беттен бір компьютерлік бет қалса, бұл мен үшін ойдай қол жетістік» (А.Рыбаков).

«Компьютермен де, қолмен де жаза беремін. Қолмен қалай шығатынын білейін деп 2 шығармамды әдейі жаздым. Өзгеріс бары байқалады. Біріншіден, уақыт көбірек кетті. Бастағанымда ішімде отырған жалқау кісі наразы болып, күбірлейді. Ие, қолыма сүйел шықты, а бірақ қолжазбамен әлдеқайда беріле жұмыс істейтінімді аңғардым. Қолмен жазғаным қырланып-жонылып шыққандай көрінді, себебі, асықпай, баппен жаздым ғой. Жазудың өз жылдамдығы бар – мотоциклмен жүйткігендей яки жаяу жүргеніңдей бір жылдамдық» (С.Кинг).

Сонымен, қазіргі жазушылардың басым көпшілігі текстік редакторлар мен компьютердің артықшылықтарын іркіліссіз пайдаланады екен. Бұған қарап отырып, қолмен жазған, не жазу мәшіңкесіне басқан қолжазбалар тарих қойнауына өтті деген ой түюге болады. 

Әйткенмен де, жүрген жерлерінде блокноты мен қаламын алып жүретін, жол-жөнекей қолмен ой-пікірін, өлеңін, болашақ шығармасының идеясын, кейбір прозалық шағын дүниелерін жазып, күнделік жүргізетіндер әлі де бар екенін өмір көрсетіп отыр. Осы орайда жаңа бастаған жазушыларға арналған «Роман жазуды жоспарлау» кітабының авторы R.M.Weiland қолмен жазу мен техника көмегімен жазудың артық-кем тұстарын егжей-тегжейлі былайша саралайды.  Жазуынша, қолмен жазғанның мынадай артықшылықтары бар екен.

Біріншіден, автор қолмен жазу кезінде ішінде отырған сыншыны елемейді. Енді ғана жазылған сөз тіркесін, қайырым-абзацты жөндеуге, цензураға қоюға алаңы аздау болады. Басқан, терген кезде жазғаныңды сол бойда, тінтуірдің жаңғыз кликімен артық тұстарын арылта жөндегің, өшіріп тастағың келіп тұрады ғой, ал қолмен шимайлауда олай әуейі болмайсың. Қолмен жазған автор бірден шығармашылық «ағынға» қойып кетеді. Екіншіден, текст жасалып жатқанын өзің тікелей сезініп отырасың. Қалам ұшының сиқыры, қағаздың судырлағаны, сияның түсі, жазу үлгің әлдебір терең бастау-қайнарларға сүңгітеді, сөйтіп өзіңді «шын» қалам иесі ретінде сезінесің. Үшіншіден, қолмен жазу авторды шығармашылық дағдарысқа түсуден сақтайды. Қолға алған тақырыбыңның үдесінен шығу қиынға соғып жатса, сюжеттің ең шешуші сәтін суреттеуге шамаң келмей қалса, не тақырыпты көп ойлаймын деп «күйіп» кетсең, текстік редакторда тұрған файлды жауып, ескінің көзі – қалам-қағазға ауысудың өз уанышы – жаңа, соны сезімдерді бастан өткерудің өз қызығы болады. Төртіншіден, қағаздың бетінде адам өзін ұшқан құстай еркін сезінеді. Бейшара қағаз не жазсаң да көтере береді, тұтас қайырымдарды сызып тастап, жаңадан құрастырамын десең, патша көңілің білсін. Компьютердегідей жалғыз дұрыс сөзді тауып жазам деп бас қатырмайсың, басыңа келген сөз керуенін керегінше тоғытасың. Бұл жағдай әсіресе бастап жазғанда, шығарманың «қаралай нұсқасын» түзуде өте керек. Соның ішінде айтылмыш әдіс өлең жазғанда қолайлы – поэзия прозаға қарағанда «стихиялы» түрде туындайды ғой, ал қолмен жазудың да табиғаты – стихия. Сондай-ақ комбинаторлық поэзияны қаламсыз, фломастерсіз, қарындашсыз көзге елестете алмайсың. 

Қолмен жазу кезінде автордың көңілін алаң ететін жағдайлар кемірек келеді. Алдыңда – тек қана ақ қағаз, қалам. Компьютерде өзіңді қызықтырған ойынға ауысып кетуің ғажап емес, немесе факт іздеймін деп Интернеттің жыныс тоғайына кіріп кетіп, қайтып шыға алмай қалуың кәдік. Әрине, мұндайда көп нәрсе өзіңді өзің бақылауда ұстауыңа байланысты, десе де, біз пайдаланып жүрген техниканың мультимақсаттылығы жазушының алтыннан да қымбат уақытын жеп жіберуі, сөйтіп пайдасынан зияны көп болып шығуы әбден мүмкін. Бұл – бесіншіден. Ал алтыншы артықшылық редакциялау үдерісін жеңілдетеді, оны тиімділігі жағынан жеттіктіреді. Қолмен жазып алсаң, компьютерде терген кезде қолжазбаның артық-кемі, бөлек-салағы дереу көзге ұрады. Ал тіке техникаға жазғанда ондағы нұсқа «дайын кітаптың» нышанын тастайды да, одан көп қате көре бермейсің. 

Соңғы артықшылық: қолжазба – қағаз нұсқалы кітап, ол енді ешқайда кетпейді де, өшпейді де, тек үйіңіз өрт сияқты пәле-жаладан аман болсын деңіз. Кітаптың электрон нұсқасы жоғалып кеткен күннің өзінде де шұрқ етпеңіз, азар болса қолыңызда қалған қағаз қолжазбаны қайта теріп шығарсыз. 

Ең соңында, қолыңдағы қағаз қолжазба копирайт үшін де керек. Қайбір жылы ресейлік бір газет «Дарья Донцова өзі жазбайды екен, «әдеби негрлерді» пайдаланатын көрінеді» деп шықты. Сонда Дарья үйіне журналистерді шақырып, қолмен жазған қолжазбаларын көрсетті. Сөйтіп журналистердің аузына құм құйды. Шынында да, «әдеби негрлердің» қолынан шыққан тұтас кітаптарды компьютер, не қол нұсқадан қолмен қайта көшіретіндей оны жын ұрып па?! Жылына екі кітап шығаратынына келсек, әдебиет тарихында тез жазатын қаламгер аз болмаған және Дарьяға психолог күйеуі өз клиенттерінің тарихынан қарайласып тұрса, неге тез де жиі жазбасқа! 

К.М.Уиландтың бұл сипаттамалары үшбу жазбамның басында өз тәжірибемнен бөліскен ойларымның дұрыс екендігін көрсетеді. 

Дегенмен, осы жерде компьютерде терудің де өз артықшылықтарын көрсетпесек әділетсіздік болар еді. Олар негізінен мынадай. 

- Компьютерде кітап уақыт жағынан тезірек әзірленеді (егер жаңғыз саусақпен термесеңіз). Саусағыңызға сүйел байланбайды, қол шаршамайды. 

- Компьютерде терілген текст түсінікті оқылады. Өмірде жазғанын түсіну мүлде мүмкін емес адамдар да бар ғой. Кейде өзінің жазғанын өзі түсінбей жататындар да кездеседі, ал текстік редакторда жазғаның тайға таңба басқандай көрініп тұрады. 

- spell-checker-дің, текстік редактордың өзге де құралдарының артықшылықтары. Мысалы, абзацтарды бір қиырдан екінші қиырға көшіріп әкеп қиюластыра салу, қағаздағыдай былғамай-былықтырмай тез өшіру, жазылғанға ескерту беру, көлемді прозалық шығарманың структурасын жасау. 

- Қолмен жазғанда үлкен, кең, ұзын үстелдерден материалдық ақпарат жүйесін жасауыңа тура келеді, ал компьютерде оны бір ғана программамен істейсің. 

- Теріп болған бойда жазғаныңның электрон нұсқасын жасап, екі кликпен ынталы оқырмандарға жіберіп, блогке не мамандандырылған сайтқа салып, алғашқы сын-пікірлер жинай аласың. 

- Компьютерде жазып отырып, бір мезгілде гуглдетіп, қажет факт-сөзді дереу анықтап алуға болады. 

Зерттеушілердің пікірінше, қолмен жазуға және компьютерде жазуға адам миының әртүрлі бөліктері жауап беретін көрінеді. Сол себепті бұл екеуін ұштастырса, Қожекең айтпақшы, «дегенбай» палау шығады екен. Болашақ шығарманың идеясын, жоспарын, эпизодтар идеяларын, сеттингті қолмен жазып алып, негізгі тексті компьютерде жылдам теріп, ойыңа ілесіп отыруға ұмтылудың осы замандық тренді жоғарыда айтылған жағдайға ыспат. Тұтас эпизодтарды олар қиын, күрделі болып келгенде ғана толығынан қолмен жазу үрдісі байқалады. Сонымен бірге жазармандар компьютерде теріп отырып көңілі басқа нәрсеге кетіп, алаң көңілден текске оралып келгенінде оған қайтып кіре алмай, кібіртіктеп пұшайман болатындарын, ал қолмен жазған кезде әлгіндей үзілістен кейін қолжазбаға оңайырақ кірігіп кететін кететіндерін аңғарған.

Тек қана компьютермен жұмыс істейтін қаламгерлер де бар. Мысалы, эссеист Бауыржан Омарұлы былай деп жазады: «... Әуелі әріден келе жатқан 11-қаламұшты сиясауытқа ауық-ауық малып отырып, ақ қағазға ойымызды өрнектедік. Талай рет қара сияны дәптерімізге тамызып алып, жазуымызға кесел келтірдік. Кейін қолың тиіп кетсе, зырлап ала жөнелетін автоқаламға ауыстық. Он ойланып, тоғыз толғанып, қағазға түсіргеніміздің бәрін жиып-теріп, машинкаға бастырдық. Бара-бара диктовкаға дағдыландық. Біз өз дәуіріміздегі қазақ журналистикасын осылай жауладық. Ақпараттың алқабына қазығымызды қағып, баспасөздің бір биігіне байрағымызды тіктік. Қазір қаламнан компьютерге көшкенімізге отыз жылға жуықтады. Бұл бір аса тиімді жазу құралы болды. Ойыңды орнықтырады. Қиялыңды қозғайды. Жылдамдығыңызды жетілдіреді. Жеделдікке жетелейді. Оның өңеші мен жемсауына сыймайтын нәрсе жоқ. Сүйкегеніңді сүйкегендей ми қыртысына сақтай салады. Тересің, көресің. Өңдейсің, жөндейсің. Өшіресің, көшіресің. Зерлейсің, зерделейсің. Жақын маңайда компьютер болмай қалса, алақандай смартфонның пернетақтасында саусағымыз жорғалай жөнеледі. Осы қол басындай жалпақ телефон тетіктерінің кейде көкіректе тұнып тұрған ойды түрткілейтіні бар...»

Бауэрдің бұл жазбасын оқып отырғанда ойыма Энцо Ферраридің «Аэродинамика деген двигатель жасай алмайтындардың ермегі ғой» деген сөзі оралды. Айналып келгенде, әрқандай қаламгер не жазатынын, қалай жазатынын өзі шешетіні сияқты, НЕМЕН жазатынын таңдауға да бір өзі құқылы. Немен жазғанда, әркім-ақ өзіне ыңғайлы, оң жамбасына келетін құралмен жазады. Солай болсын-ақ, еш қарсылық жоқ – әйтеуір оқырманға өзін селт еткізіп, ой түсіретін, таңғы ауадай ширықтыратын сөзі жетсе болды да дейміз ғой. Соның ішінде біз де бой үйренген, қара қабырғамызға әбден сіңген қол жазуымызбен қала берерміз. Бәлкім, сағаты соққанда сол жазғанымызды компьютерде теруге дағдыланармыз, ал мен үшін ең дұрысы – смартфонға қазірде арнайы шығарылып жатқан клавиатураны орнатып алып, отырған-тұрған жеріңде, әуежайда – бағзалда көстеңдеп желіп отыру сияқты, еншалла. 

Тек бір жағдайдан абай болмақ керек. Кітап сатушылардың айтуынша, бұл күнде кітап жазатындардан (кәсіби жазушылардан) жазғысы келетіндердің (авторлардың) қарамы көбейіңкіреп тұр екен. Жұрт кітап оқуды қойып, кітап жазуға көшкен-ау шамасы. Және бұл трендтің етек алуында техниканың, цифрлық технологияның қолжетімділігінің, оның толып жатқан мүмкіндіктерінің әсер-ықпалы болып жатса, өзі білсін. Алайда осы жағдай – жалпы кәсіби жазушы еместерге де жазуға (автор ретінде шығарма жазуға) кең өріс ашатын технологиялық мүмкіндіктер – болашақта әдебиеттің сапасына қалай әсер етеді, міне, бұл қазірдің өзінде мәселенің мәселесі болып отыр деу жөн. Мұндағы гәп жазбаса отыра алмайтын және өздерінің қолынан жазу келетініне бек сенімді «графомандардың» күпінің жәндігіндей қаптап кеткендігінде ғана емес. Мәселе солардың қоғамда өз дауысына, өз орнына ие болып отырғанында. 

Бұрын «жазушы» деген ат киелі ұғым еді. Бірдеңе жазған адам өзін «жазушы» деп айтуға жүрексінетін. Композиторлар одағына мүше емес кісі шығарған әуен ән ретінде қабылданбайтыны сияқты, Жазушылар одағында жоқ жазарман жазушы, яғни кәсіби қаламгер деп қаралмайтын. Бүгінде ол жағдай өзгерді. «Жазушы» ұғымы киесізденді. Сакралды кейпінен айырыла бастады. Қазірде екі сөйлемнің басын құрай алатындар өзінің басынан кешкенін, көргенін, білгенін, аңдап-аңыстағанын жазып, тіпті баспасыз-ақ, компьютерлік арнайы бағдарламалардың көмегімен, ия болмаса ЛитРес электронды кітаптарды тегін шығару платформасының көмегімен жазбасының электрон кітап нұсқасын жасап, оқырмандарын таба бастағалы әркім-ақ «жазушы» деген атақпен аталу құқығына ие болды. 

Интернет, цифрлық технологиялар контент жеткізу, кітапқа реакция жеткізу шапшаңдығын өзгерте отырып, мұнымен бірге кәсіби жазушылардың өздерін де қатты өзгертіп жіберді. 

Әдебиет өнімі ретінде ғана емес, процесс ретінде де шыр көбелек айналды. Ендігі жерде жылына жып еткізіп екі, тіпті үш кітап шығарып, таратып жіберуге мүмкіндік туды. Бұл қарқынға ең өнімді деген талантты кәсіби жазушылардың өздері ілесе алмай отыр. Сәл босаңсысаң, оқырман (дәлірегі, автор-оқырман) сені ұмыта бастайды. Жылына екі-үш кітап беріп отырсаң ғана елеп-ескереді, олай болмаған күнде оқсауыттан зып етіп ұшып жоғаласың. Мұндай жағдайда дәстүрге адал қаламгерлердің өздері тақырып-стильді ғана емес, жазу, жұмыс істеу инструментариін де қайта қарап, заман ыңғайына бейімделуге мәжбүр. «Заманға адам күйлемек, замана сені илемек». Ал енді, солай екен деп, бұрынғының бәрін ысырып тастау, жасынға шығару қаншалықты дұрыс? 

Қызық үдеріс: кейінгі кезде дәстүршілдікті тренд ретінде негізге ала бастаған Ресейде қайтадан қаламға, оны айтасыз, мектептерде дәуіт қаламмен жазуға көшу мәселесі, тіпті жоғары деңгейде кәдімгідей әңгіме болып жүр. Үкімет тарапынан ақындардан бұрын дәстүрде болған «қолжазба кітап» ұғымына көшу де сұралған (1917-жылдардан бұрын бұл елде Алексей Ремизов, Федор Сологуб секілді ақындар таралымы жиырма данаға дейін баратын қолжазба кітаптар шығарған ғой). Ондай кітаптарды салалық федералдық агенттік қайырымдылық шара аясында аукцион арқылы сатуға ынта қойып отыр. Әдебиетке мемлекеттік қолдау көрсетудің бұл да бір тосын тәсілі болса керек. Несі бар, бізге де осыны неге байқап көрмеске?! 

«Пишу всё, кроме доносов» деп Евгений Шварц айтқандай, не нәрсені де қолмен жазып, қаламмен шимайлап, нағыз әдебиеттің мектебінен өткен буын үшін «сияның исінде құдірет бар» (Жарас Сәрсек). 

Жазушыны үстел басына ыждаһат қана отырғызбайды. Ыза ғана отырғызбайды. Жазушыны жазу үстеліне өткен өмірі, оның ішінде сол өмірден алған жан жарақаттары жетелеп алып келуі әбден мүмкін. Басқаша айтқанда, жазушы үшін жан жарасы – сұрақ. Оның туындысы – сол сұраққа жауап іздеу. Жауаптың қандай болмағы маңызды емес, әлгі сұраққа жауап іздеу, яғни іздеу, ізерлеу процесінің өзі маңызды. 

Осы орайда сомдаған кейіпкерлерің, ойластырған сюжеттерің «егер олай болмай, былай болғанда олар қайтер еді, өздерін қалай ұстар еді, оқиға өрісі қалай бұрылар еді?» деген дилемманың төңірегінде жүріп жатады. Немесе әлдебір тарихи уақиға олай болмай, былай болып кеткенде, яки шынтуайтында болмаған нәрсе болып кеткенде нетер еді деп ұзақ ойлану, салыстыру, салғастыру, орын ауыстырулар болашақ шығармаңа үнемі өз әсерін байқатпай тигізіп отырады. Өз тәжірибемнен мысал келтірсем, он алты жылдан бері зерттеп келе жатқан «обер-лейтенант Ағаев» тақырыбындағы кітабымды әзірлеу үстінде ылғи өзіме-өзім «Егер Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес өкіметі жеңбей, немістер жеңіп кеткенде, біз, қазақ елі қандай болар едік, қазір қандай жағдайда отырар едік?!» деген ой мені ылғи да мазалап отырады. Бұл – альтернативті, балама тарих қой, ал жазушылық процесс, меніңше, әлгіндей үнемі ізденудің, сол ізденулер туындататын жан жараларының тарихы. Тағдыры талайлы Ағаевтардың жан жарақаттарының тарихы. Автор ретінде сол жарақаттарға қоса күйзелген өзімнің де жанымның жаралары. 

Ал енді, осы бір кіді, тіпті интимдік эмпатияны шығармаға айналдыру ісін техникаға сеніп тапсыруға бола ма? Ие, машинада тез, таза жазып шығарсың, оны кітап етіп бастыру, тарату жұмысы да айтарлықтай жеңілдер, – оған сөз бар ма! –  а бірақ, бойын кернеген даға мен долықты мігірсіз жазудың көмегімен ауыздықтап, күн мен түнді айырудан қалып жазып отырған қаламгердің жан дүниесінде болып жатқан буырқанысты он жерден цифрлы болғанымен бәрібір жансыз техника ойлағандай етіп бере алар ма?! 

Кеңестік эстрада тарихында өзіндік мәнерімен ерекше тұратын Валерий Ободзинский экраннан: «В каждой строчке, только точки, после буквы «Л», / Ты поймешь, конечно, всё, что я сказать  хотел» деп шырқап тұрушы еді. Сол айтқандай, қолмен жазуда әр ноқаттың салмағы қорғасындай. Жазу – қашанда бейтаныс, беймәлім әлемді ашу. Набоковтың «Оқып отырған романың өзін-өзі жазып шыққандай бір әсер қалдырса, онда ол – ұлы роман» деген сөзі осы жерге дәл. 

Шынында да, «шабыт» деп аталатын, онша дәл емес сөзді иеленген ұзақ та машақатты жазу   ЖҰМЫСЫНЫҢ үдерісінде, бір мезгілде, сен тақырыпқа әбден бойлап кіріп, уақиғамен, кейіпкерлеріңмен қойындасып, оларды жағымды-жағымсыз деп бөлмей, бірдей жақсы көріп, кейіпкербейнелі емес, кейіпкержанды авторға айнала бастаған сәтіңде – иә, иә, дәл осы әуейі, әпсін сәтте – шығарманы өзің шығарып отырғандай емес, керісінше шығарма сені жетелеп, әкетіп бара жатқандай түсініксіз алабөтен бір күй кешесің. Бұл сөзге жазу-сызудың маңында арқан сүйретіп жүргендердің Құдайдың сәулесі түскен бөлігі түгел қол қоятынына мен кепіл. Мәселен, журналист Дина Иманбайдың «Қолмен жазған кезде ойың жүйеленіп, өзінен өзі қағазға түсе беретіндей болады» дейтіні осы әлденеткен бір күш қағаз бетімен қалам ұстаған қолыңды итере жүргізіп отырғандай бір ғажайып.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні. 

Бүгінде, айнала дүние күніге мың құбыла өзгеріп жатқаны сияқты, жазушылық кәсіптің де зертханасы, девайс – әдіс-құралдары үлкен өзгерістерге түсті, әртараптанды. Бұрынғыша қолмен шимайлай бере ме, әлде цифрлық технологияны ерттеп міне ме, диванда қисайып жатып, жазғанын дауыстап оқып тергізе ме, ол енді кісінің өз еркі, өз шаруасы. Жазу, нағылса да, кісінің ара-дара құлшылық тағұты ғой. Ең бастысы, тағұтымыз берекелі болсын. Сол арқылы туған әдебиетіміз талантты дүниелермен байып, қоғамды рухани жетілдіріп, Адам дейтін атқа лайықты өмір тақыретін кешуге тәрбиелесе, руханиятымызды белден белеске алып шықса, біз бақтияр!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар