Әдебиеттану мен мәдениеттануда көркем мәтін және автордың рөлі ғасырлар бойы талқыланып келеді. Әдеби шығармаларда автордың маңызы, оның шығармашылық үдерістегі рөлі және оқырманға ықпалы туралы пікірлер әрқашан өзекті болған. ХХ ғасырдың ортасында Ролан Барттың «Автордың өлімі» мақаласы осы тақырыпқа тың серпін берді, ол автор мен мәтіннің арасындағы байланыс туралы дәстүрлі түсініктерге қарсы шығып, жаңа көзқарасты ұсынды. Бұл эсседе көркем шығармалардағы автордың рөлі, оның кейіпкерлермен байланысы және мәтіннен тысқары тұруы, сондай-ақ заманауи поэзия мен прозадағы авторлардың шығармашылық процесі талқыланады.
Жалпы, көркем мәтін – автордың ойын, дүниетанымын және ішкі әлемін көрсететін құрал ретінде қабылданады. Әрбір автордың өзіндік стилі, тілі және дүниетанымы бар, сондықтан олардың шығармаларында бұл сипаттар айқын байқалады. Классикалық әдебиетте автор көбіне өзінің көзқарасын кейіпкерлер арқылы немесе баяндаушының атынан жеткізетін. Бұл тұрғыда автор шығармасының толық бақылаушысы, басқарушысы болып көрінеді. Ол сюжетті құрып, кейіпкерлерді қалыптастырып, оқырманға не айтқысы келетінін анық түсіндіруге тырысады.
Дегенмен, ХХ ғасырда Барт және басқа да постструктуралистік теоретиктер бұл дәстүрлі тұжырымдаманы өзгертіп, автордың мәтіннен тыс тұру мүмкіндігін зерттей бастады. Бұл идея автор мен оның шығармашылық өнімі арасындағы байланыс туралы жаңа ойлар туындатты.
Ол өзінің «Автордың өлімі» мақаласында автордың мәтіндегі маңызын қайта қарап, дәстүрлі әдебиеттанудағы авторлықтың рөлін жойды. Оның пікірінше, автор мәтінді бірден-бір түсіндіруші емес, мәтіннің мағынасы оны жазған адамның ниетінен немесе жеке өмірінен тыс жатыр. Барттың көзқарасы бойынша, автордың міндеті – мәтінді жарату, бірақ мәтін оқырманға жеткен сәттен бастап автордың ықпалы жойылады.
Барт автор мен мәтіннің арасындағы қатынасты бұзып, авторды дербес тұлға ретінде мәтіннен алшақтатады. Ол автордың көзқарастары мен өмірбаянынан тәуелсіз түрде мәтіннің көпқабатты мағыналарын ашу қажеттігін көрсетеді. Бұл тәсілде оқырман мәтіннің басты құрастырушысы ретінде қарастырылады, себебі оқырман мәтінді өз тәжірибесіне сүйене отырып түсінеді және мәтіннің әрбір оқылымында жаңа мағыналар туады. Яғни, автордың «өлімі» оқырманның «тууына» мүмкіндік береді.
«Автордың шығармадан аласталуы (Брехттің ізімен бұл ретте нағыз «жаттану» жайлы айтуға болады; әдеби «сахнаның» түкпіріндегі бейне секілді Автор бәсең тартып қалады) – жай тарихи факті яки жазудың әсері ғана емес. Ол бастан-аяқ заманауи мәтінді қайта қалыптап шығады немесе қазіргі күні мәтін құралып, оқылған шақта (әрбір оқырман шығарманы өзгеше түсініп, қайтадан жазылғандай ұғады деген мағынада) автор оның әрбір сатысында шетке ығыстырылып қалады» дейді әдебиеттанушы ғалым. Бұл идея да – жоғарыда айтқан концептуалды жүйелердің дәлелді жалғасы деуге болады.
Яғни, автор өзінің диктатуралық принциптерін тысқары қоя тұрып, мәтінге демократия береді.
Тағы бірде Р.Барт: «Авторға мәтінді меншіктеу дегеніміз – мәтінді кідірту, оған үзілді-кесілді түрде мызғымайтын мағына беру, жазуды құлыптау, шектеп тастау дегенді білдіреді. Бұл көзқарастың негізгі мақсаты шығармадан авторды табу (немесе оның қоғам, тарих, жан-дүние, еркіндік секілді түрлі негіздерін табу) деп білетін сарындағы сынды толықтай қанағаттандырады. Автор табылса, демек мәтін «түсіндірілген», сыншы жеңіске жетті деген сөз» деп қорытынды шығарады.
Ал М.Бахтин болса, былайша тұжырымдайды: «Автор сөзі, әңгіме айтушылардың баяны, кірістірілген жанрлар, кейіпкерлер сөзі – бар болғаны романға гетероглоссияның кірігуіне септесетін іргелі композициялық тұтастық қана, оның көмегі арқылы бұлардың әрқайсысы әлеуметтік үндердің, айтылған сөздер, тілдер арасындағы байланыстар мен қарым-қатынастардың көптүрлілігін қамтамасыз етеді, бұл – сан алуан тілдер мен сөз сөйлеу типтерінің көмегімен жүзеге асатын тақырыптар қозғалысы, оның әлеуметтік салалардың жіктеліп көрінуіне қосқан тамшыдай үлесі, яғни диалогизациялануы, бұл – роман стилистикасы ерекшелігінің негізгі сипаты».
Классикалық әдебиетте автор мен кейіпкердің арасындағы байланыс тығыз болып, кейіпкер арқылы автордың ойлары мен идеялары жиі берілетін. Бұл жерде кейіпкер автордың «дауысы» ретінде қызмет атқаратын, ал оқырман автордың көзқарасын сол кейіпкердің мінезі, әрекеттері арқылы түсінетін. Бірақ Барттың теориясына сүйенсек, кейіпкер де мәтіннің дербес элементі болып шығады. Оқырман кейіпкерді оқығанда оны автордың көрінісі ретінде емес, өз алдына дербес тұлға ретінде қабылдайды.
Осы тұрғыдан алғанда, автор мен кейіпкердің арасындағы байланыс шектеледі, өйткені кейіпкердің әрекеттері мен сөзі автордың ниетінен тыс өз мағынасына ие бола алады. Барт үшін кейіпкер – автордың құралы ғана емес, мәтіннің құрылымдық элементі ретінде өз мағынасын өздігінен қалыптастырады.
Р.Барттың «Автордың өлімі» идеясын кеңейте отырып, автордың шығармашылық процеске еніп, өзін толық мәтінге арнау барысында өзінің бастапқы еркінің жойылуы туралы түсінікті қарастыруға болады. Бұл жерде автор мәтін жазғанда өзінің жеке ниеті мен мақсатынан айырылып, мәтіннің ішкі логикасы мен құрылымына толық бағынып кетеді. Басқаша айтқанда, автор мәтінді бастау кезінде оның соңы қалай болатынын нақты білмейді, себебі мәтін өз заңдылығымен дамиды және авторды өз ықпалына алады.
Осы процесте автор шығармашылық үдерісіне толық беріліп, өзінің шығармашылық еркінен айрылады. Бұл идея әсіресе қазіргі постмодернистік әдебиетте көрініс табады, мұнда авторлар көбіне оқиға желісін немесе кейіпкерлерді өздері емес, мәтіннің ішкі динамикасы анықтайтынын мойындайды.
XXI ғасырдағы әдебиетте автордың мәтінге ықпалы туралы пікірлер мен тәжірибелер әлі де алуан түрлі. Кейбір авторлар классикалық тәсілді ұстанып, өздерінің көзқарастарын мәтін арқылы айқын жеткізуге тырысады, ал басқалары Барттың идеяларына сүйеніп, оқырманға еркін интерпретация жасауға мүмкіндік береді.
Поэзия әлемінде қазіргі замандағы көптеген ақындар дәстүрлі тәсілдер мен жаңа эксперименттерді біріктіреді. Мысалы, қазақ поэзиясында Олжас Сүлейменов пен Мұхтар Шаханов сияқты авторлар өз өлеңдерінде ұлттық мәселелерді ашық түрде қозғап, автордың позициясын айқын көрсетеді. Сонымен қатар, заманауи жас ақындар да метафоралар мен күрделі тілдік құрылымдарды қолданып, поэзияны оқырманның интерпретациясына қалдырады.
Проза саласында Әбіш Кекілбаев, Әлібек Асқаров, Асқар Алтай сияқты жазушылар қазіргі қазақ прозасында ұлттық болмысты, әлеуметтік мәселелерді, жеке тұлғаның ішкі әлемін талқылайды. Сонымен қатар, постмодернистік бағыттағы дас авторлар да оқырманға мәтінді бірнеше деңгейде оқуға мүмкіндік беріп, автордың біржақты позициясынан алыстайды.
Сәкен Жүнісовтің «Ақан сері» романында мынадай диалог кездеседі:
— «Айналайын, мына өлеңіңді менің итіме айттым дей көрмеші, ауызбастырық үшін ертең бір семіз тай сойып шақырайын. Елге тарап кетсе, мазақ етеді ғой... Айналайын!..
— Оны ана жігіттерге айтыңыз. Ауыздан шыққан соң ол, енді ол менің өлеңім емес, жұрттікі, — деп Ақан маңайлатпай келді де, әлден уақытта өз-өзінен ыңылдап аңшылардан бөліне берді».
Бұл үзіндіде автордың позициясы кейіпкер арқылы беріледі. Яғни, автор мәтінді тудырғанымен, ауыздан шыққаннан кейін немесе қағазға түскеннен кейін ол еркін «қалықтап», я болмаса жұрт арасына тарап, қоғамға сіңіп кетуі керек. Солай болғанда ғана көркем мәтін немесе ән туындысы – классикалық дәрежеге көтеріледі.
Басқаша айтқанда, әннің мәтіннің жаттап алып, ыңылдап айтатын тыңдаушы немесе белгілі бір шығарманы қызығып оқып, одан кейін барып қана «мұны кім жазған» деген қызығушылық тууы қажет.
Осы орайда, автордың диктаторлық принципі мен билігіне қатысты Ф.Ницще «Билікке құштарлық» мақаласы еске түсіп отыр. Онда ғалым: «Ойлау, пайымдау, қабылдау бәрі салыстыру болып қабылданған жағдайда, оның алғышарты «теңдікті білдіру», ал одан бұрын «теңестіру» болмақ. Теңестіру процесі амебаның берілген материалды қамту процесімен бірдей. Яғни, мәтін эволюциялық жолмен автормен теңесе білді. Ендігі кезекте автор мәтінге феодалдық, диктатуралық көзқараспен емес, өзімен тең дәрежедегі «субъект» ретінде қарауына туралы келеді» дейді.
Шынымен де, Ф.Ницщенің идеясында авторларды ащы сынға итермелейтін, тіпті кейбір сәтте көбіне жақпайтын позициялар жасырынған секілді.
Сонымен, автор мен көркем мәтіннің арасындағы байланыс күрделі әрі көпқабатты. Р.Барттың «Автордың өлімі» концепциясы автордың мәтіндегі рөлін өзгертті, бұл оқырманның рөлін күшейтті және мәтіннің мағыналарын көпқабатты етуге жол ашты. Қазіргі заманғы әдебиетте авторлардың мәтінге деген көзқарасы әртүрлі: кейбіреулері шығармашылық еркінен айырылып, мәтіннің ішкі динамикасына берілсе, басқалары мәтінді бақылауында ұстап, өз ойларын жеткізеді. ХХІ ғасырдағы поэзия мен проза бұл мәселені жаңа қырынан көрсетіп, автор мен мәтіннің жаңа қатынастарын зерттеп келеді.
Сөзіміздің қорытындысы ретінде Ф.Ницщенің мына бір сыни пайымын ұсынғымыз келеді:
«Субъект – әсерді туғызатын нәрсе емес, жай ғана жалғандық (фикция) екенін түсінген кезде, біраз нәрсе өзгереді».
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.