Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
«Фариза Оңғарсынова. Таңдамалы» жинағының тұсау ке...

26.12.2024 116

«Фариза Оңғарсынова. Таңдамалы» жинағының тұсау кесері өтті 12+

«Фариза Оңғарсынова. Таңдамалы» жинағының тұсау кесері өтті - adebiportal.kz

25 желтоқсан, Астана қаласы, ҚР Ұлттық архивінде қазақтың ақын қызы атанған, қайраткер, халық жазушысы Фариза Оңғарсынованың туған күні аталып өтті. Көзі тірі болса ақын биыл 85 жасқа толар еді. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйытқы болуымен ақынның туған күніне орай Ұлттық архивте «Поэзия падишасы» атты іс-шара өтсе, «Астана опера» театрында «Өлең, мен сені аялап өтемін» атты әдеби сазды кеш болды.

Іс-шараға  ҚР Мәдениет және ақпарат министрі, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері және ақынның ұлы Алмас Оңғарсынов қатысты.

Алқалы отырыста сөз алған Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ақын туралы жылы естеліктерімен бөлісіп былай деді: «Фариза Оңғарсынова өлеңдері рухани еркіндіктің, адамгершілік пен әділеттің, сыршылық, сұлулықтың символы. Ақын – өз өлеңдері арқылы әйел болмысының нәзік те қайсар бейнесін, адам жанының тереңдігін асқан шеберлікпен айшықтады. Бұл өмірдің шынайы көріністерін, махаббат пен парасатты, қоғамдағы өзгерістерді ерекше сезімталдықпен жырлады. Халық қалауласы, қоғам қайраткері ретінде мемлекетімізді нығайтып, тәуелсіздік мұраттарын орнықтыру ісіне үлкен үлесі қосты. Қаламгерлік пен қайраткерлікті қатар ұстап, соңына көптеген шәкірттерді ертіп, ғибратты өмір сүрді. Фариза есімі ерлік пен өрліктің, дегдарлық пен бекзаттың символына айналды. Бүгінде елімізде Фариза есімін еншілеген он төрт мың мыңнан аса қыз бар екен. Бұл да болса ақынның алты Алаш үшін аяулы тұлғаға айналғанының бір дәлелі деп білеміз», - деп сөзін аяқтады. 

VIІІ шақырылым Мәжіліс депутаты Бақтықожа Ізмұқамбетов Фариза есімінің қойылуына Уфадан молдалық оқыған атасы Ізмұқамбеттің себепші болғанын, Оңғарсынова әулетімен өз әулетінің тым арыдан келе жатқан жақын қарым-қатынасы, кейін әпке-бауырлық қарым қатынасқа ұласқанын әсерлене еске алып, әңгімелеп берді.

Өз кезегінде Дарын Шамұратов, Қуаныш Сұлтанов, Жанарбек Әшімжан, Жанат Аймұхамбет, Әлия Дәулетбаева сөз сөйлеп ыстық лебіздерін білдірді. 

Іс-шара барысында ақын өмірбаянына арналған қысқа да, нұсқа «Фариза Оңғарсынова. Таңдамалы» жинағының тұсауы кесіліп, ҚР Ұлттық архивіне Фариза Оңғарсынованың жеке тектік қоры салтанатты түрде ашылды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар