Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПРОЗА
Дәулеткерей Кәпұлы. Бостандық жырының бозжорғасы е...

15.10.2024 720

Дәулеткерей Кәпұлы. Бостандық жырының бозжорғасы еді 12+

Дәулеткерей Кәпұлы. Бостандық жырының бозжорғасы еді - adebiportal.kz

Ақиық Мұқағали ақын Несіпбектің алғашқы аяқалысының шалымды екенін таныды. Тілінің шұрайлылығына сүйсінді. Алғаусыз ағалық тілегін арнады. Болашақ ақынға бата берді. Ұлы ақынның тілек батасы тұңғыш жыр жинағы «Қозыкөшке» тізгінқағар лепес болды.

Қиядан тайып атан құлаған,

Қиямет өтті ботаң жылаған.

Түсіме кірсең, ғайыптан келіп,

Беріп кет, баба, батаңды маған! – 

деп бабасы Дулат Бабатайұлына жүгінді.

Өсиетіңді мәңгі тозбас мұрадай,

Қаршадайдан жаттап өстім дұғадай.

Өлең де бір оқтан қашқан құралай,

Саған жылар, Тәңіріге жыламай.

Шапаныңның шалғайымен қорғай жүр,

Айналайын, аруағыңнан ұлы Абай! - 

деп ақ қағаздың бетіне қаршығадай қақшиып шүйілерде ата-баба аруағына сыйынды. Ұстаз-аға, академик Рымғали Нұрғалидың қасына ерген телғара Тұрсын Жұртбай досы екеуі ерте есейді. Ахмет пен Мағжанды Рымғали аға екі шәкіртке кешкісін үйдің барлық пердесін жауып тастап, есігін іштен іліп, Бейсенбай Кенжебаев берген «жабық» кітаптардан сусындатты. Академиктің «ақ бұзау» атанған ақ жигулиімен Жәнібек Кәрменов, Құныпия Алпысбаев, Тұрсын Жұртбай, Несағаң қазақ даласын шиырлады. Ұстаздың әңгімесін Жәкең мен Құнекеңнің алқоңыр әндері тұздықтап, көңіл марқайды, жүрек жайланды. Несіпбек ақын тынысы ашылды, көңілінің көкжиегі кеңейді. «Бассүйектер» поэмасымен әдеби ортаны жалт қаратты. «Үндістер, үзілмеңдер» поэмасы сол уақытта Америкадағы көшпелі өркениет иесі үндістердің қияметін арқау еткен жер тағдыры – ел тағдырына арналған шығарма еді. Кеңестің қылышынан қан тамып тұрған уақытта бұл тақырыпта сөз қозғауы да жиырмадан енді асқан бозбала ақынның эпикалық тынысын әрі еркін ойлылығын байқатпай ма?! «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында Несағам өзі былай толғанады: – «26 жасымда жазылған, сол тұстағы республикалық «Жалын» журналының бәйгесін алған «Бассүйектер», «Үндістер, үзілмеңдер» деген поэмаларымда азаттықты аңсау идеясы айқын көрінді. Кеңес заманында бассүйектерді сөйлету арқылы және үндістердің ауыр халін жазған боп отырып өз халқымның бостандығын аңсадым. Үндістер туралы поэмамда мынадай жолдар бар:

Қару тілін меңгергенше,

Қапылыста өтті өмір.

Тәңір бізге жер бергенше,

Берсең етті көктемір.

Айыққанда мұнардан күн,

Көктеп қайта шығармыз.

Өртке кеткен ну орманның,

Түбіріміз мына біз.

Шынында біз өртке кеткен ну орманның түбірі едік.

Кейін толысқан шағында қазақтың қаһарман ұлы, солтүстік бес облыстың тағдырына басын тіккен Жұмабек Тәшеневке арналған «Жер – жаннан қымбат» поэмасын жазуға қоламтадағы қоздай болған арманы арқау болды, бозбала шақта жазған «Үндістер, үзілмеңдер» секілді батыл ойының айғағы еді. Кейін Тәшеневке арнаған поэмасын былай түйіндейді:

Басынан көне тарих төмен құлдап,

Тағдырын туған елдің келем жырлап.

Өзегім талып жеткен, Тәуелсіздік,

Өмірде не бар екен сенен қымбат!?

Азапты бірге тартып қалың елмен,

Аһ ұрып атамекен тебіренген.

Көк туды көкке бойлап желбіреген,

Қазақтың арманы жоқ көріп өлген!

Шарқ ұрып, сермесе де көкке құлаш,

Ажалдан құтылмайды ноқталы бас.

Бөркімен бұлт сапырған талайлардың,

Өмірден өкінішпен өткені рас.

Құласа қызметінен күні батып,

Аты өшер талайлардың тірі жатып.

Мансаптың құлы болу – зор қасірет,

Ұлтыңның ұлы болу – ұлы бақыт!

Несіпбек ақын да Ұлтының ұлы болды, ұлы бақытты көрді!

Көкірегі көк сандық шалдардың әңгімесіне қанық еді. Шәкір Әбеновтің іні досына айналды. Шәкір атаның Итжеккеннен оралып, Құндызды мен Мамырсудың арасында поштабай бола жүріп, «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» поэмасын қайта қарап, толықтырып жазып жүргендегі әңгімесін айтқанда Несағаңның көзі шырадай жанатын. Бір басында біраз өнер тоғысқан тағдырлас ағасы Қажытай Ілиясовпен де әңгімесі қызырлы еді. 2001 жылы Аягөзде Байғара би мен Ақтайлақ бидің кесенесінің ашылуына Несағаңа шопыр болып бардым. Қазақтың игі-жақсылары түгел жиналған. Қасым Қайсенов, Әзілхан Нұршайықов, Тұрсынбек Кәкішев, Тұрсынхан Әбдірахманова, Қабдеш Жұмаділов, Мұхтар Мағауин, Ілия Жақанов, Қажытай Ілиясов, тағысын тағылар. Аягөздің әкімі Айбек Кәрімов өзі де әдебиетке қанық, тарихқа жетік азамат. Асқа ақшаңқан үйлер тігілген, аста-төк дастарқан. Әңгіме ағыл-тегіл. Қажытай аға: «Жылқы танимын, бәйге аттардың қайсысы алдымен келерін шаппай тұрып айтып берем!» - деген сыңайда желпінді. Таңертең бәйгетөбеге жиналдық. Қабдеш ағалар Қажытай інісінен кеше түндегі төркіндес әңгімесін жаңғыртып:

– Ал, айт, қай ат келеді? – деп қолқалады. Қажекең: «Мен аттарды аралап қарап, мүшелерін көріп, көзіне үңіліп барып айтам», - деді. Шатырда отырған игі-жақсылардың алдынан алпыс-жетпіс метрден ат өтетін шеңбер. Топ бәйгеге сөреден ат жіберілді. Көрерменнің алдынан өткенше бес жүз метрдей ғана болады. Топтың ортасында кетіп бара жатқан алтыншы нөмірлі торы атты Несіпбек аға нұсқады. Ағаларына сол ат келерін шегелеп айтты. Алда әлі бес айналым бар еді. Айтқаны айдай келді. Ағалары құттықтап жатты. Енді аламанға шыққан отызға жуық атты бақылаған қонақтар Несағама қарады. Ортаңғы топтан жиырма бірінші нөмірлі алаяқ кер атты көрсетіп, сол бәйгенің алды боларын болжады. Бірақ аттар екінші айналып жұрт алдынан өткенде орта тұста бөкен шабыспен бара жатқан тоғызыншы нөмірлі күрең аттың бірінші келерін айтып, алдыңғы сөзін қайтып алды. Жеті айналымнан кейін тоғызыншы нөмірлі күрең ат бірінші, бірінші айтқан жиырма бірінші нөмірлі алаяқ кер ат екінші келгенде, жиналған жұрт Несіпбек ақынның ат танитын күреңбайкөз сыншылығына таңдай қағысып, ағалары бауырына басып, құттықтағанын көрдім. Аламаннан бірінші келген аттың есімі – Диана екен. «Асында сөз ұстаған би ағаның, шабысы құтты болсын Диананың», – деп мен де арнауымды айтып едім. Сол сапардан ары Үржарға барып, Көкөзекте әкем Кәп Құмарұлы екеуі таңды таңға ұрып үш күн, үш түн жылқы туралы әңгімелесіп, әкеме «Арпакер» деген дастан жаздырып кетіп еді-ау. Әкем де арғы бетте жорға, жүйрік баптаған, бәйгенің қызығын көрген, биенің ішіндегі құлынды сатып алған жылқыжанды, атбегі адам еді. Несағам болса, Шұбартауда әкесі Тұрысбектің Еркеторысын өзі баптап, өзі шауып талай бәйгеден келген, Мұхтар ағаның әкесі Мағауия ақсақалдың Нарқызылымен де талай сайыста бәйгеге тізгін ұстатқан тастақым шабандоз бала екен ғой!

Кезінде қазақ баласының танымын кеңейтіп, таразысын теңеген «Балдырған» журналында ұзақ жыл қызмет істеген Несіпбек Айтұлы балаларға да молынан базарлық ұсынды. Баланың тілін біліп, қазақы танымда, ұлттық нақышта өлең өріп, жас өркендерге ана тілдің қаймағын ұсынды. Мұзафар Әлімбаев, Тұманбай Молдағалиев бастаған аға ақындардың соқпағында талай соқталы дүниелер қалдырды.

Былтыр Несағам жалғаннан озғанда «Дариға-ай, қара өлеңнен дәурен көшті» деп «Қазақ әдебиеті» газетіне көңіл айту беріп едім. Ақселеу Сейдімбек ағаның бүгінде халық әні секілденіп, қазақтың жүрегіне сіңіп кеткен «Сарыарқа», «Дәурен-ай» сияқты әндерінің мәтінін асқан шеберлікпен өрген де Несағам. «Дәурен-ай» әні бір шумақтан ғана тұратын, қалғаны қайырма ән. Сол бір шумаққа қаншама мән, мазмұн сыйдырған неткен ұсталық деп ойлаймын. Жәнібек досы жазған «Ағалар-ай» әнінің мәтіні көтеріп тұрған жүкті қараңыз!

Ағалар-ай,

Барында аз ғұмырды бағаламай,

Өздерің қонақтаған бәйтеректің,

Тамырын балталамай, араламай... – 

деп күйінішін де, сүйінішін де араластырып бе­ріп отырады. Мұқағали жырларының бағын ашып, бәсін көтерген әнші, композитор досы Тұрсынғазы Рахимовпен бірқанша ән жазған. Соның ішінде «Ақ бөкеннің» айтары басқа. Мен үшін Сәкеннің «Ақсақ киік» өлеңі мен Несағамның «Ақ бөкенінің» прототипі – Қазақ секілді.

Адасып жүрген ақ бөкен,

Қай жаққа маңып барасың,

Қай жерден пана табасың?!

Өзегі өксік дүние-ай,

Өртеніп іштей жанасың?!

Оқиғасын өзі жылап отырып айтып берген еді. Алпысыншы жылдары Қытайдан Қабдеш, Қажытай ағалар бастап оралған көштің басын Қырғыз еліне дейін созды. Балқаштың Бектау ата, Үлкен Толағай, Кіші Толағай атты ауылдарына албан жұртының қаншасын әкелді. Айтыскер ақын Оразалы Досбосыновтың әке-шешесі сол Балқаш жаққа келген еді. Жайыртауы жұртта қалған Жәркен ақын Көкшетаудың Зерендісінде қой бағып жүрген жерінен Алматыға алдыртқан Еркеш Ибрагимов болатын. Бұның барлығы да Кеңестің қитұрқы саясаты еді. Он екі жасында шекара асқан бала Несіпбектің ауылы Шұбартау, Бақанасқа қоныстанды. Жайлауда қараша үймен қой бағып отырған бір үйлі жанды жергілікті жынды суға тойып алған «ЗИЛ-130» жүк машинасының шопыры таптап өтіп, жантәсілім еткен екен. Осы оқиға бала Несіпбектің жүрегін жаралап, көз алдынан кетпей қойған. «Кейін Тұрсынғазы досым «Ақ бөкеннің» ән нұсқасын ұсынғанда сол бір қанды оқиға есіме түсіп, анау Қытайдан ұрпағы үшін қаша көшіп келіп отырғанда ажал тапқан отбасы есіме түсті. Соны: Шексіз ғой мына қара жер, 

Өзіңді өзің пана көр. 

Ажалдан қашқан тіршілік, 

Сағымдай зулап аға бер, - 

деп жазып едім, – 

деп ақтарылып еді-ау, ағам!

Күйші, композитор Секен Тұрысбек іні досымен жазған әндерінің сүрлеуі бөлек, сорабы соқталы. «Есіл де есіл, есіл күн», «Бауырым, сонау күн қайда» атты екі шығарма байырғы жыраулардың жүлгесімен сарыны сабақтасып, мазмұны байып тұр. Ала­шына насихат жеткізген терме, толғау іспеттес. Тұрсынжан Шапай жазған әндерге тек Несағаң ғана сөз жазды. Ішкі үндестік пе, жүрек қылын қозғайтын, жүйке-жүйеңді шымырлатып әкететін сөз бен саз үйлесімділігі! Ол әндерді бірде құмықтырып, бірде ойнатып, бірде қоңырлатып шырқайтын Рамазан Стамғазиевтің қоңыр дауысы ма, әйтеуір бір тылсым да жұмбақ дүниеге еніп кете бересің... Халық Ризабек жазған «Арман-ай» әнінде «Жеңілген махаббатта майдангермін» деген жолымен де көп сыр жеткізгендей. «МузАРТ» тобы айтатын эстрадалық әндердің мәтінімен бүгінде ән сөзін арзандатып алған кейбір ақындарға ескерту жасағандай, қазақ тілінің икемін көрсеткендей, әннің мәтінін қарапайым сөзбен де мағыналы етіп жазуға болады дегендей ишараны берген секілді Несағам!

Сонау «Бассүйектерден» басталған эпикалық дүниелер Несағаңның поэзиядағы шыққан биігі, алған асуы. Бәзбіреулер «Бәйтеректі» жазды деп жазғырды, балағына жармасты. Өздері ол поэманы оқымай тұрып, Несағаңа тас лақтырды. Бұл поэма азаттықты жырлаған, бабалар рухын дәріптеген шығарма болатын. Ақынды да заманы зар илетіп, қоғамы пайдаланады. Уақытында кейбір шенеунікке, болмаса басшыға керек болған шығар, мен өз басым «Бәйтеректі» қолжазбасынан оқығам. Жолдан қосылған шумақтар сол адамдардың қостырған «қоспасы» еді. «Мұқағали – Желтоқсан», «Көкала үйрек», «Шақантай», «Ту», «Жер – жаннан қымбат», «Қаныш», «Мағжанның жұмбақ құсы», т.б. қырыққа жуық қазақ тарихынан сыр тартып, ұлт рухын ұлықтар поэмалары Несіпбек Айтұлының қазақ руханияты үшін орнын бөлек, ордасын биік етті. Ақынның жүрегі былайша аласұрған:

Сарғая сартап болған сүйегі ыстан.

Мен де бір домбыра едім тиегі ұшқан.

Бұғауда қызыл тілім бұлқынғанда.

Бақсыдай аласұрдым ие қысқан.

Мен-дағы бір белгімін ғасырдағы,

Дүркіреп дәурен көшер басымдағы.

Ұстамын ескі үлгімен өлең соққан,

Көз жазбай көргенімнен жасымдағы.

Өмірім өлеңіммен бірге өрілген,

Өрнегін келтіре алмас кім көрінген.

Ақынның құпиясы өзіне аян,

Ұясын жүрегінің мұң кемірген.

Түріктің ұлы шайыры Жүніс Емреден қаншама өлең аударып, төлтумаға айналдырды. Шығыстың жарық жұлдызы, түркі дүниесінің ғұламасы Әлішер Науаидың «Ескендір қорғанынан» бастап аударуы да ерен ерлік. Әлішердің бес хамсасын түгел аудармаққа бел буған еді, үлгергенінше аударды. «Бес хамса» шықты, көзі тірісінде. Өзбекстанның Науаи қаласының «Құрметті азаматы» атануы да еңбегінің еленгені шығар. Әттең, Абай облысы мен Астана қаласының да «Құрметті азаматы» атануына еңбегі жетіп-ақ тұр еді, кешігіп қалған біз бе, жетпей қалған уақыт па?! 2009 жылы «Алтын тамыр» деген журнал аштық, бірлесіп. Бірінші санына даңғайыр ақын Қалихан Алтынбаевтың «Айқас» атты Хан батыры Қабанбайға арналған поэмасын маған іздетіп, таптырып бастырды. Дарабоз Қабанбай бабасына құрметі бөлек еді. Ақыры, сол Қабанбай бабасы жатқан Ұлттық пантеонға өзі де барып мәңгілік құндағын тапты.

Жалықпас қуаныштан, қайғыдан да,

Тіршілік мінезінен айныған ба?

Байлығы жолдас болмас бұл жалғанның,

Қаламнан қайыр күткен ойлы жанға.

Жансая іздемедім салқын белден,

Қайтемін рахатты әркім көрген.

Сіміріп сөз тұнығын – шөл қандырғам,

Бабалар жүзіп ішкен алтын көлден.

Осылайша, Несіпбек ақынның бес күндегі түйгені артындағы Алашына аманат, ұрпағына мұра болып қалғаны рас.

Қазақ поэзиясының Ілияс Жансүгіровтей кең тынысты, алшағыр жүрісті, Абай атасындай сыршыл Несіпбек ақынның енді басталған шығармашылық ғұмырында өзі жалғызындай көріп жырлаған Астанасы алдағы уақытта еңселі ескерткішін қойып, есіміне даңғыл мен мектеп ұсынып дәріптейтініне еш күмәнім жоқ! Несіпбек Айтұлының шығармашылығын саралаған ғалымдар, зиялылар «Бостандық жырының бозжорғасы» атандырды. Лайық бағасы да сол еді. Ал Несағаң арқасына ер батқасын болған қайқаң жорға емес, ана тілінің уызына жарыған, ақындығы туа бітті тайпал жорға болатын! «Қозыкөштен» басталған жыр керуені алыптар көшінің соңында тоғанағы тоқ кетіп бара жатқанына сенімдімін!

Жатқан жерің жарық болсын, жан көкем!

Дәулеткерей КӘПҰЛЫ, ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері

Материал “Түркістан”  газетінен алынды

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар