Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Авторлар
Қ
Қанағат Әбілқайыр

Қанағат Әбілқайыр

Қанағат Әбілқайыр, сатирик-жазушы: «Қазір соңынан санағанда бірінші атаманмын»

 

 

Рейтинг: Мына өмірге не болып кетті, Қақа?

 

Қанағат Әбілқайыр: Өмірге ештеңе болған жоқ. Күн шығыстан шығып, батысқа батып жүр ғой. Ал адамдарға анық бірдеңе болды. Қысқасы, рахат қазір! Шыныңды айтсаң, сенбейді. Өтірік айтсаң, аузы ашылады. Түйе ұрлаған ақталады, ине ұрлаған сотталады. Қасың – досыңа, досыңа қасыңа айнала салады. Адамдар ұсақ, кіршіл, тызетпе, «намысқой». Өз атын мүңкіген күресіннің арасынан да ақтап ала алады. Адалдық, сенім, жауапкершілік, достық Қызыл кітапқа кіріп, сатқындық, алдап-арбау, опасыздық қамаудан шықты.

 

Рейтинг: Сатқындық пен оның достары абақтыдан шыққан заман қандай екен?

 

Қанағат Әбілқайыр: Ол заман рахат қой. Басыңда ешқандай жауапкершілік жоқ. Айтқаныңды айтпаған ғып шығара салудан оңай ештеңе жоқ. Қалай алдауды, қалай сатып кетуді, біреуге жаланы қалай жабуды үйреніп алсаң болды. Ал оны үйрететіндер айналада өте көп. Есесіне, «Мә-ә, ұят болды-ау», «Қой, достыққа сызат түседі», «Мен оған адалмын» деген сөздерге ішек-сілең қатқанша бір күліп аласың. Керісінше, ақшасын сыйлау – адалдық, байлыққа өлермендене ұмтылу – мақсаттардың шыңы, болып-толғасын ешкімді танымай кету «тренд» болып тұр.

 

Рейтинг: Өзіңіз әлі сол «Қағаз қалада» тұрып жатырсыз ба?

 

Қанағат Әбілқайыр: Баяғыда «мен Қағаз қалада тұрамын» деп өтірік айттым. Мақтанғым келді. Қалай байып кеткенін өзі де білмей қалғандардың, басы істемесе де жоғарыда отыра беретіндердің жанында болғым келді. Негізі, ол жақта тұрмаймын. Қағаз да болса ол қала мені өзіне маңайлатпады. Қағаз қалада Қағаз қаланы жасағандар тұрып жатыр. Тәттіні де өздері жейді, жылыны да өздері киеді, қымбаттың бәрі соларда.

 

Рейтинг: Тимберлейк ақсақал немересі Кэтринді ұзатқан тойында болдыңыз ба?

 

Қанағат Әбілқайыр: Ой, сол тойда Байжұма деген ескіріп кеткен атын Блэйк деп өзгерткен досым екеуміз «Жазда апамның ауылында» деген әнді хип-хоп һәм рок-н-ролл үлгісінде айтып, оған Тимберлейк ақсақалдың туған құдасы Астана мен құдағиы Жанета секіріп биледі. Тағы бір қатты есімде қалғаны, той ортасында қалыңдық, әкесі, анасы, атасы, әжесі және өзге туыстары бәрі қатар-қатар тұра қалып, ламбада сәннен қалыпты, мен атын білмейтін бір биді жартылай жалаңаш бірге биледі. Бәріміз айызымыз қана риза болдық. Енді өзіміз де кіші немеренің тойына сондай тосын сый дайындап жатырмыз. Біздің басты ерекшелігіміз, біржола жалаңаш шықсақ па деген ой бар.

 

Рейтинг: Әлі де жүз отызыншы атамансыз ба?

 

Қанағат Әбілқайыр: «Жиырма бес қайта айналып келмес саған» деп, баяғыда бір халық айтыпты ғой. Сол айтқандай, 130-атамандық қазір қайда маған? Таңсық көріп әркімді бір шақырып алдық. Өзінің кім екенін ұмытып бара жатқандардың да қолтығына су бүркіп жүріп, күшіне мінгіздік. Қазір олардың қай-қайсысымен бірге-бір шықсаң да, жабылып кетеді. Құрығанда «братандары» бар. Ең қызығы, біздің «братан» да солардың сөзін сөйлейді. Сондықтан қазір мен 130 емес, соңынан санағанда бірінші атаманмын.

 

Рейтинг: Сіз осы Қ әрпінен неге тұтыға бересіз?

 

Қанағат Әбілқайыр: Білмеймін, әйтеуір тілім келмейді соған. О баста қ, ғ, ң әріптеріне қарындастарымның ғана тілі келмеді. Келмеді болғанда, келіп жүріп келмей қалды. Кеше өзіңмен ауылдан бірге келген қыз бетіңе қарайды да, айдың-күннің аманында «менін гана», «сенін гана», «койшы» деп тұрады. Бір рет ескертесің, екі рет. Сосын бір күні өзің әлеуметтік желілерде көзіңді жұмып алып «койсан кой, бир ешкинди сой. Маган барибир» деп, қ-ның жақын туыстарымен айтысып отырасың...

 

Рейтинг: Әлі де Басекеңізге бас ұрасыз ба?

 

Қанағат Әбілқайыр: Бізге қаратып оқ атса да, қымбатымызды тартып алса да, байлығымызды сыртқа тасыса да, өз тілін сыйламаса да, елін сүймесе де, ішкиімсіз қалдырса да – ол менің Басекем! Ең бастысы, «бәрі соның арқасы» деген ой менің санама ұя салып алған. Көре алмайтын біреулер көзімді ашқысы келсе де тарс жұмып алып отырмын оңаша. Мен үшін адам теңдігінен гөрі, өзімді құрбан қылатын тыныштық артық. «Өзге елдерді қарашы. Осыған тәуба!»

 

Рейтинг: Шректің қайынжұрты қалай?

 

Қанағат Әбілқайыр: Шректің қайынжұрты қазір «гүлденіп» кеткен. «Дамыған елу елдің қатарына кіреміз» деп тұра жүгіріп едік, аз ғана уақытта кірдік те кеттік. Ендігі мақсат – отыз елдің қатарына ену. Шындасақ, ол да аз жылда іске аспақ. Бірақ олардың да қатарына кіріп алған соң не істейміз? Мені сол алаңдатады. Кіретін жер таба алмай қалып, бәрін қайтадан басынан бастап жүрмесек болғаны. Мұны негізі Шректің жанынан бір елі шықпайтын, барлық жерге өзінің ағайындарын отырғызып қойған, төрт дүниесі түгел Есектен сұрау керек-ау...

 

Рейтинг: Құтипаш, Сақыштармен әлі араласып тұрасыз ба?

 

Қанағат Әбілқайыр: Біздің ауылдың қыздары өзі екіге бөлінеді. О баста Құтипаш та жап-жақсы қыз еді. Кейін ақшасы барлармен, Дубайға баратындармен, яхтасы барлармен есеп көңілмен ғана өмір сүретін болды. Тағы бір қыздар бар. Қара нанды қанағат тұтқан, бала-шағаның қамын ойлаған, нәпсіні емес, арды ойлаған. Бірақ олармен көбінесе араласа бермеймін. Менің ойым – алғашқылар азайып, кейінгілер көбейсе ғой.

 

Рейтинг: Қазір не жазып жүрсіз өзі?

 

Қанағат Әбілқайыр: Не екенін өзім де білмеймін, әйтеуір, қолымнан келгенін шимайлап жазып жатырмын. Көзі ашықты күлдірсем, күлдіре отырып жылатсам деп қоям. Бірақ оның қаншалықты жүзеге асып жатқанын менен гөрі сіздер білесіздер ғой. Менің жазғаным жақсы болмаса да, елде бәрі жақсы болса екен деймін. Сатириктер күлкі қылар ештеңе таба алмай, лириктер көбейсе керемет емес пе?..

 

 

Сұхбаттасқан Есей Жеңісұлы

Көп оқылғандар