Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
САТИРА
Гранвильдің жануар кейіпті адамдары

17.03.2022 572

Гранвильдің жануар кейіпті адамдары 12+

Жан Гранвиль француз карикатурасының тарихында көш бастап тұрған қос алып – Гаварни мен Домьеден кейінгі үшінші тұлға. Оның елден ерек талантын айшықтайтын нәрселер – адамның ойына келмес фантазия, көрместі көре аларлық аңғарымпаздық және уытты юмор. Бойында бар осы бір мүмкіндікті керек жеріне бағыттай білген Гранвиль, өз туындыларында тарихтың күлкілі тұстары мен заманының шадыр келбетін жеріне жеткізе суреттейді. Бастабында ол адам физиономиясы мен оның бойындағы кесапат мінездерді жануарлар мен өсімдіктер сипатында бейнелейді. Келе-келе нысанаға алған субъектіні түрлі жансыз заттар кейпінде көре бастайды. Осы мазмұндағы шеберлігі шарықтағаны сонша, өмірінің соңына қарай кей картиналарын тіпті, көрген жан ұғып-түсінуден қалған деседі. Солай болған күннің өзінде, Гранвиль нағыз ойшыл еді. Оның мақсаты біреудің бет-жүзін жануар кейпінде қағазға түсіру арқылы екінші біреуге күлкі сыйлау емес-тін. Өйткені, суретші біреудің бойында бар жамандық пен инстинг екінші адамнан да табыларына сенетін.

Азан шақырып қойған аты – Жан Иньяс Изидор Гранвиль. Туған жылы – 1803, туған күні – 13 қыркүйек. Француз бейнелеу өнерінің тарихында суретші-иллюстратор ретінде қалған тұлға. Суретшілер мен актерлер әулетінен шыққан. Гранвиль – аталарының сахналық ныспысы. Алғашқы ұстазы – әкесі. Ол да суретші-миниатюрист. Содан соң қалтасында көк тиын жоқ Парижге келген жиырма жастағы Гранвиль сатиралық журналдарға жалдана бастайды. Сөйтіп жүріп 1828 жылы күтпеген атаққа жетеді. Өйткені сол жылы оның Париждің белгілі тұлғалары түрлі жануарлар кейпінде бейнеленген «Метаморфозалары» жарық көрген еді. Аса аңғарымпаз суретші өзі жолықтырған кейіпкер-тұлғалар мен әлдебір жануарлардың сырт-сипатындағы таңқаларлық ұқсастықтарды тап басқан болатын. 1830 жылғы төңкерістен кейінгі елді жайлаған баспасөз еркіндігі Гранвильдің екінші тынысын ашады. Ол енді саяси карикатураға ауыз салады. «Caricature» мен «Charivari» басылымдарында оның шілдедегі монархия өкілдерін әжуалаған тапқыр да уытты суреттері күн сайын бұрқырап шығып жататын. Гранвильдің «Семіз діңгек» («Mât de cocagne» – фр.), «Еркіндік айдауылы» («Convoi de la liberté» – фр.), «Мал қора» («Basse-cour» – фр.) сынды үздік карикатуралары сол жылдары қағазға түскен.

Қыркүйектегі заңдар Гранвильдің еркіндігіне біраз тұсау салғандай болады. Сөйте тұра бұл кезде суретшінің қарындашы шлаяпалар мен жағаларды, таяқтар мен қолшатырларды құбылта бастаған болатын. Осы бағытта ол кезекті бір тамаша альбомын жарыққа шығарады да, талтаңдаған талай саясаткер майысқақ таяқ немесе қауқиған қолшатыр кейпіндегі өзін танып жатты.

Мың жерден саяси карикатураның сайыпқыраны болғанымен, жаңа бір сөзімізде Гранвиль француз бейнелеу өнерінде суретші-иллюстратор ретінде қалғанын айтқан болатынбыз. Сөзіміздің дәлелі – «Лафонтенің мысалдары», «Робинзон Крузо», «Лабрюйер», «Дон Кихот», «Гулливердің саяхаты», «Флорианың мысалдары», «Беранженің әндері», «Жером Патюро», «Тірі гүлдер» сынды көптеген туындылардың иллюстрациясы осы Гранвильдің қолынан шыққан.

Шын таланттың өмірі әрдайым шымыр өлеңдей құйылып түспейтіні өнер тарихында талай дәлелденген аксиома. Жан Гранвильдің де тағдыры трагедиямен аяқталыпты. Әйелі мен балаларының өлімінен соң қатты күйзелген ол ақыр соңы 1847 жылы 17 наурызда О-де-Сендегі жындыханада көз жұмады.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар