Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Әдеби мәтіндерді қалай және қандай деңгейде талдау...

20.04.2024 642

Әдеби мәтіндерді қалай және қандай деңгейде талдауға болады немесе бір мәтінді бірнеше түрде талдау мүмкін бе? 12+

Әдеби мәтіндерді қалай және қандай деңгейде талдауға болады немесе бір мәтінді бірнеше түрде талдау мүмкін бе? - adebiportal.kz

Көптеген басқа салалардағы сияқты, әдебиеттану ғылымында әдіске қатысты түпкілікті, объективті пайымдаулар жоқ. Шындығында, объектіні түсіндірудің бірнеше әдісі болатыны сияқты, әдеби шығарманы немесе кез келген әдеби формацияны түсіндіруде әртүрлі әдістерді қолдану заңды.
 

Әйтсе де, әдеби дүниені, әдеби өмірді, әдеби шығарманы, жалпы әдебиетті белгілі бір құндылықтар тұрғысынан түсіндіру тікелей менталитет пен дүниетанымға, көзқарас пен қабылдау мәселесіне қатысты екенін ұмытпағанымыз жөн. Яғни, әдебиеттегі кез келген көзқарас, авторға, шығармадағы субъектінің жағдайына және одан не көргісі келетін оқырманға тікелей байланысты. Осы арқылы әдеби шығарманың өзіндік қыр-сырына қанығып, оны қайта мағыналандыруға тырысамыз. 

Әдебиеттану ғылымындағы әдісті іздеу көркем мәтінді, оны тудыратын әлеуметтік-психологиялық жағдайларды, оның авторын, автор психологиясын нақтылау мақсатынан туындайды. Бұл бізді әдебиеттану ғылымын зерттеуге, мәтінді бірінші реттік талдауға, мәтіннің қалыптасу жағдайларын, қалыптасу кезеңдерін, қалыптасқаннан кейінгі сыртқы саяхатын, оқырманның көз алдында орын алған бөлшекті сезімдер мен қиялдарды ашуға жетелейді. Осылайша, әдебиет әлемі мен көркем мәтіннің өзін жіті бақылап, оған макроскопиялық және микроскопиялық көзқарастарды жатқызудың астарлы негіздемесі мен қозғаушы күші әдебиеттану ғылымының зерттейтін салаларын заңдастырушы элементтер болып табылады. Сәйкесінше әдебиеттің қазіргі зерттеп жүрген салаларын әдебиет теориясы, әдебиет тарихы, әдебиеттану, әдебиет философиясы, әдебиет социологиясы, әдебиет психологиясы, салыстырмалы әдебиет, әдебиет және семиотика, әдебиет және тіл білімі және т.б. деп жіктеуге болады. 

Ал мұндағы әдебиет теориясы – әдебиеттану ғылымы үшін ең қажетті салалардың бірі десек артық айтқанымыз емес. Дегенмен бүгінгі күнге дейін әдебиеттану ғылымының теориялары мен әдістеріне қатысты әдебиеттанушылар арасында біртұтас консенсуске қол жеткізілді деп айта алмаймыз. Бірнеше дәуірден бері бүгінге дейін әдебиеттің анықтамасы, оның принциптері, категориялары, мақсаты мен қызметі, әдеби шығармалардың болмыс стилі мен өлшемдері; әдебиет-шынайылық, әдебиет-тіл, әдебиет-қоғам, әдебиет-адам қарым-қатынасы, әдебиет құндылықтары мен мәселелері жөнінде әртүрлі таудай-таудай түсіндірмелер жасалды. Осы және осы сарындас түсініктемелердің шеңберінде 1900 жылдар бастап әдеби мәтіндерді зерттеу және талдау үшін позитивистік сын теориясы, социологиялық сын теориясы, марксистік сын теориясы, психоаналитикалық сын теориясы, структуралистік сын теориясы, постструктуралистік сын теориясы сынды теориялар жүйелі дамығанын көзі қарақты оқырман жақсы біледі деген ойдамыз. Бұл жазбамыздың «Әдебиет порталы» сайтқа арнайылап дайындалғанын ескере отырып, аталған сын теорияларға қысқама мәлімет бергенді жөн көріп отырмыз. Сонымен қатар, жазбаларымызда берілген мәліметтер аясында әдеби мәтіндерді қалай және қандай деңгейде талдауға болатынын практикалық түрде көрсететін боламыз.Олай болса негізгі тақырыбымызға көшпес бұрын классикалық әдебиет теориясына қысқаша тоқталғымыз келеді.

Классикалық теория әдебиет пен әдеби шығармаларды бағалауға авторлық көзқарас тұрғысынан қарайды. Белгілі бір мағынада өмірбаяндық әдіс терминін классикалық теория үшін де қолдануға болады. Өйткені қазіргі заманға дейін тек әдебиет саласында емес; саясаттың, тарихтың, мәдениеттің және өнердің басқа салаларында жүргізілген зерттеулердің барлығында дерлік шығармадан гөрі адамға бағытталған ой басым болды. Сондықтан ол өмірдің қай саласында жұмыс істесе де, шығарманың өзіне емес, сол шығарманы жасаушы авторға мән берілді. 

Осы тұрғыдан алғанда, өмірбаянды зерттеу өте ескі әдістердің бірі деп айтуға болады. Мысалы, бірнеше жыл бұрын қазақ медиасында «Бір өлеңнің тарихы» атауымен түсірілген видеоларды алсақ болады. Жазбамыздың теориялық жағымен практикалық жағы тең дәрежелі даму үшін, аталған видеолардың ішінен қазақ ақыны Ерлан Жүністің «Қараусыз бақ» атты өлеңін алайық. Егер бұл өлеңді классикалық әдісте талдайтын болсақ, ең әуелі автордың өмірбаянына назар аудару керекпіз: «Ерлан Жүніс Төсбайұлы, 1984 жылдың 7-ші қарашасында Алматы облысы, Жамбыл ауданында дүниеге келген. 2002 жылы Тараз қаласындағы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «әлем тілдері» факультетіне оқуға түсіп, 2007 жылы «филолог, әдебиетші» мамандығын алған». Классикалық талдау әдісінің минатюралық кескінін көрсету үшін автордың өмірбаянындағы осы бөлікті жазуды ұйғардық. 

Сонымен, ақынның Тараз қаласызда Жеңіс саябағын жазғандағы бірден бір себеп, оның Тараз қаласында өмір сүргені және сонда өмірінің белгілі бір бөлшегінің өткенінде жатыр. Автор араға жылдар салып, Жеңіс саябағына қайта келгендегі күйді жазады. Егер классикалық талдау бұдан әрмен жалғасатын болса, ақынның өмірбаяны тереңінен зерттеліп, оның өлеңдегі көріністі бағамдайтын боламыз. 

Бірақ жоғарыдағы да айтқанымыздай біздің мақсатымыз толыққанды классикалық әдісте шығарманы талдау болмағаннан кейін, осы жерден тұрақты жөн санаймыз. Яғни, мұнда мәтіннің қалай жасалғаны немесе ерекшелігіне емес, автордың өмірбаянына, бастан кешкен оқиғаларына мән берілетінін көруге болады. Осылайша, классикалық әдіс, әдеби процестің эпицентріне шығарманы емес, авторды қояды. Алайда, өмірбаянды шығарманы түсінудің, оған тереңірек қараудың бірден-бір жолы ретінде көрсету қазіргі қоғамда ескірген әдіс деп айтатын болсақ, қателеспейтін шығармыз. 

Бұрындары шығарма талдаулары жүргізілмей, өмірбаяндық зерттеулер мен өмірбаяндық әдіс автордың өмір жолына негізделген көркем мәтінге жетудің астарлы санасын көтеріп, әдебиет тарихына байыпты жарық түсірсе де, бүгінде бұл түсінік кейде оқырманды шығарма туралы жаңылыстыруы немесе тіпті оқырманды басқа бағытта адастыруы мүмкін деп саналады. Әрине, классикалық сын теориясына қатысты негативтер пікірлер абсолютті дұрыс дегенді білдірмейді. Себебі көркем шығарма мен оның авторының өмірі арасында тығыз байланыс бар екенін жоққа шығармау керекпіз. 

Десе де, көркем шығарманы дәстүрлі қазақ сыншылары сынды өмірдің тек көшірмесі деп ешқашан түсінбеуі керек. Себебі мұндай түсінік әдеби шығарманың қалай жасалғанын түсінуді қиындатады. Яғни, өмірбаяндық көзқарас кейбір өте қарапайым психологиялық фактілерді де ескермейді. Бұл аз десеңіз, көркем шығарма автордың шынайы өмірін емес, оның арманын немесе шынайы өмірге қарама-қарсы тұлғасын яки қашқысы келетін бейнесін, қысқаша айтқанда мүлде бөлек аспектілерді бейнелеуі мүмкін. 

Қорыта айтқанда, шығарма өмірдің де, оны жазған адамның дәл көшірмесі де емес. Алайда жоғарыда да айтқанымыздай, өмірбаяндық әдісті мүлде жоққа шығару дұрыс емес. Яғни, белгілі бір ескертпелер мен кедергілерді айтпайтын болсақ, өмірбаяндық әдістің әдебиеттану ғылымына тигізер пайдасы зор. 

Классикалық теориядан кейін, әлеуметтік ғылымдар саласында позитивистік сын теориясы «модаға» айналды. Позитивистік философияның негізін салушы Огюст Конт тек қана эмпирикалық тәжірибенің нақты және шынайы болатынын басшылыққа ала отырып, философиясын антиметафизикаға негіздеді. Осылайша, позитивизмде скептицизм, агностицизм, релятивистік көзқарастардың барлық түрлері мен метафизика жоққа шығарылды. Нәтижесінде мағына деп отырғанымыз материяның жалғасы, оның толықтауышы деп есептелді. Яғни, материя мен мағынаның арасындағы айырмашылық мүлдем қабылданбайды, екеуі де біртұтас, сондықтан материяға қатысты заңдарды мағынаға да қолдануға болады деген түсінік пайда болды. Басқаша айтқанда, жаратылыстану ғылымдары ашқан әдістерді қоғамдық ғылымдар мен әдебиеттерге қолдану мүмкіндігі туды. Сәйкесінше позитивті ғылымдарда себеп-салдар байланыстары аясында аналитикалық ағым әлеуметтік ғылымдарда да көрініс тапты. Бұл тұрғыда авторды және оның туып-өскен әлеуметтік-физикалық ортасын білмей, генетикалық элементтерді есепке алмай шығарманы түсіну мүмкін емес деген ұғым ортаға шықты. Яғни, жазушының өмірін білмей, дәліре айтсақ, уақыты, орны мен генетикалық белгілерінен хабарымыз болмай, оның шығармашылығын білу, талдауға болмайды деген сөз. Белгілі бір шығарманың жазылуына қазақ ақындары мен жазушылары жиі айтатындай, тылсым күш пен шабыт емес, автордың мінезі, білімі мен өмірі, өткені мен бүгіні, амбициялары, қабілеті мен қасиеті, қиыншылықтары, оның идеялары мен әсерлері толыққанды әсер етеді. Классикалық теориямен белгілі бір деңгеде ұқсастықтары болғанымен, позитивистік сын теориясы өз ортасына таза объективизмді қояды. Мысалы, жоғарыдағы Ерлан Жүністің «Қараусыз бақ» атты өлеңін позитивистік сын тұрғысынан талдауымыз үшін автордың қайда туып-өскенін, уақыты мен жазылған орнын және оларды позитивті білімді шеңберінде қарастыра аламыз. Яғни, позитивистік сынға сәйкес, әдеби мәтінді түсінудің қайнар көзі әлеуметтік құбылыстарды «заттарға» ұқсас табиғи құбылыстар ретінде қарауда жатыр. Осылайша, авторды механикалық және детерминистикалық түрде әрекет ететін, фактілер мен объектілік схемадағы тұлға ретінде зерттейміз. Позитивистік әдіс әдеби мәтінді нақты және ашық білімдер негізінде талдаса да, шығарманың эстетикалық жағын көзге іле бермейді. Осы тұрғыдан алып қарағанда позитивтік әдіс белгілі бір деңгейде шығарманы түсінуде көмектессе де, оқырманды жаңылыстыруы мүмкін. 

Мұнан бөлек, позитивистік әдістен тәуелсіз, әдебиет социологиясынан шыққан қолданбалы әдіс ретінде әлеуметтанулық (социологиялық) әдіс те әдеби мәтіндерді талдауда өзіндік орны бар. Көркем мәтіндердің мазмұнын талдауға негізделген бұл әдіс мәтіндегі әлеуметтік элементтерді бір-бірінен ажырату арқылы әдебиетке негізделген қоғамды тануды, көркем мәтінді социологиялық құжат ретінде бағалауды көздейді. Сөйтіп, көркем мәтінді мазмұндық тұрғыдан талдай отырып, қай дәуірдің, қай ғасырдың туындысы болса да сол кезеңге жататын діл, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, киім-кешек, сән, т.б. тұрғысынан қолға алып, әлеуметтану, әлеуметтік тарих және мәдениет тарихы шеңберінде бағалайды. Расын айтқанда, әлеуметтану ғылымы диахрондық материалдың едәуір бөлігін, әсіресе көркем мәтіндерден алады. Себебі социологиялық зерттеулерде, халық ертегілерінен, эпостары мен аңыздарынан, халық әдебиетіндегі әңгімелерден алынған әлеуметтанулық деректер тарих ғылымының жалаң күйінде ұсынатындарынан әлдеқайда мол әрі жарқын деп есептейді. Ал мұндағы социологиялық әдіс бойынша әдебиет пен әдеби шығармалар туралы талдаулар мен мәліметтерге көшпес бұрын сол кезеңнің қоғамдық, саяси және мәдени ахуалы беріліп, одан кейін өзі өмір сүрген қоғамның бір бөлшегі болған автор туралы мәліметтер берілгеннен кейін көркем мәтіндер ұсынылады. Сәйкесінше әдебиет социологиясы қолданатын әдіс қоғамның барлық дерлік аспектілерімен және категорияларымен вертикальды және горизонталды байланыстарды қарастыру арқылы алынған күрделі қатынастарды әдебиеттің барлық жанрлары, стильдері, теориялары мен тәжірибесі контекстінде талдауға мүмкіндік береді. Мысалы, жоғарыдағы мәтінді социологиялық әдіс тұрғысынан зерттейтін болсақ, мәтіннің өздігінен қалыптаспағанын, қазақ қоғамның ішінде және осы қоғамның көрінісі ретінде зерттеуіміз керек. Өлеңдегі «бақтың өзгергені» арқылы қоғамның экономикалық және әлеуметтік потенциалын бағамдап, қоғамның қаншалықты деңгейде өзгеріске ұшырағанын анықтауға болады. Яғни, әдеби шығарманың жазылуын социологиялық деректермен салыстырып, ақынның басынан өткерген әлеуметтік-мәдени оқиғалардың шеңберінде талдауымызға болады.

Жоғарыдағы позитивистік әдістің шекпенінен шыққан әдеби талдаулардың ішіндегі ең ауқымдысы – марксистік сын тоериясы. Марксизмдік дүниетанымәлеуметтік, саяси және экономикалық өлшемдері бар маңызды идеология болумен қатар, өнер мен әдебиеттің өзіндік философиясын да осы бір позитивимнің шеңберінде қалыптастырғанын айта кету керекпіз. Яғни марксистік идеология адамзат тарихының белгілі кезеңдерден өткенін, дәлірек айтсақ, алғашқы қауымдық, құлдық, феодализм, буржуазия, капитализм және социализмнен кейін коммунизм кезеңі келетінін жайлы пікір түйеді. Сәйкесінше шығармадағы жеке адамды тану, түсіну жолын жеке адамның өзі емес, өзіміз өмір сүріп жатқан қоғамды, қоғам құбылыстары әлемін аралау арқылы мүмкін болады. Бұл бізді адам санасы мен оның барлық түрлері туралы қоғамдық болмыс формаларынан біле аламыз деген қорытындыға еріксіз жетелейді. Осылайша, материалдық жағдайлар априорлық және әр түрлі тәсілдемеде ажырамас атмосфера ретінде елестейді. Маркстік теорияның алғашқы эстетикалық теоретиктерінің бірі Плеханов: «Қоғамдық қарым-қатынастар өзгерген сайын адамдардың эстетикалық талғамы, соның салдарынан қаламгерлердің туындылары да өзгереді. Белгілі бір әлеуметтік дәуірде өмір сүретін адам әрқашан сол дәуірдің талғамын көрсететін өнер туындыларын сақтайды. Таптарға бөлінген қоғамда белгілі бір жасқа тән талғамдар көбінесе сол қоғамды құрайтын таптарға қарай бөлінеді. Әрбір өнертанушы өзінің әлеуметтік ортасының туындысы болғандықтан, оның эстетикалық пайымдаулары да осы ортаның ерекшеліктерімен айқындалады. Сондықтан да сыншы бір-біріне қарама-қарсы әдебиет немесе өнер мектептерінің бірін екіншісіне артықшылық беруден тайынбайды» дейді. Осыған сүйене отырып, Плеханов Кант пен Шиллердің: «Өнер – адамдар зерігуден құтылу үшін баратын ойын, сондықтан одан ешқандай пайда күтпеу керек» деген пікірлерін сынайды. Плеханов, сұлулықтың шын мәнінде пайдасыз, ал өнер ешқандай ойын емес екенін, оның керісінше «жұмыс» екендігін және оның еңбектен туындайтынын алға тартады. Плехановтың пікірінше, идеология мен өнердің арасында бұлжымас себепті байланыс бар, қаламгер қай таптың өкілі болса да, оның шығармашылығы сол таптың идеологиясын көрсетеді. Сәйкесінше марксистік әдісте шығарманың тілі, стилі, құрылымы, эстетикалық сипаты оның мәні мен мазмұнымен, яғни суреткер айтқан идеологиямен, оның өткізген тәжірибесімен және шындыққа негізделген бейнелеуімен анықталады. Марксистік теорияның көрінісі ретінде маркстік сын социологиялық сынмен едәуір дәрежеде ұқсастық танытса да, өзара ерекшеліктері де жоқ емес. Ең басты ерекшеліктерінің бірі, марксистік сын объективті емес, партия ретінде жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Социологиялық сын анықтаулар мен диагноздар шоғыры болса, маркстік сын шешімдер мен баламаларды шығару арқылы алтернативалар ұсыну жүйесі ретінде де қаралады. Яғни, марксистік сын, социологиялық сын сияқты, әдетте, көркем оқиғаның себептерін зерттейді. Алайда социологиялық сын бұл себептердің әртүрлі болуы мүмкін екенін айтса, марксистік сын қоғамдағы экономикалық жағдайлар мен таптық қайшылықтарға негізделеді және оқиғаны осылармен түсіндіреді. Яғни, маркстік сыни теория әдеби шығармаға оның философиялық болмысы, идеясы, идеологиясы сияқты тақырыптық ерекшеліктері мен мазмұндық талдауы жағынан ғана емес, оның формалистік қасиеттерімен де тыңғылықты назар аударуды талап етеді. Маркстік сынның соңғы теоретиктерінің бірі Луис Альтюссер де өнерді идеологиямен байланыстыру оған әділетсіздік емес, оны танудың ең тиімді және ең қысқа жолы екенін алға тартады. Бұл тұрғыда Ерлан Жүністің «Қараусыз бақ» өлеңіне қысқаша тоқталатын болсақ, әдеби шығарма төменгі тап өкілдерінің негізгі элементтерімен тікелей байланысты екенін көреміз. Осыған сәйкес, шығармадағы «соқпағы бар сойдақ-сойдақ шөп басқан, Көсемдердің мүсіндері тот басқан... Ескі ағаш орындықтар, Қайыңдар Көктем сайын дегбірімді ап қашқан...» жолдарынан, шығармаға қатысты марксистік сынның ең іргелі пайымдауы оның қоғамның тарихи-таптық ерекшеліктерін бейнелеуіне байланысты жасалғанын көруімізге болады. Сәйкесінше марксистік сын теориясы тұрғысынан ақынның өлеңіне қарайтын болсақ, өлең де тарихи даму сияқты таптық қайшылықтар мен тартыстармен өмір сүретінін аңғарамыз. Осы тұрғыдан алғанда, мәтін идеологиялық ерекшелік пен ұстанымды көрсететін динамикалық құрылым деп есептесек, аталған әдіс шеңберінде қателікке ұрынбаймыз деген ойдамыз.  (жалғасы бар)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар