Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Кәдірбек Сегізбай: Бәрі де уақыт еншісі...

10.02.2016 5040

Кәдірбек Сегізбай: Бәрі де уақыт еншісі

Кәдірбек Сегізбай: Бәрі де уақыт еншісі - adebiportal.kz


 


 

cb3f63d3a4730049fa3d96d9a7478a02.JPG


 

І


 

 

– Сен тағы келдің бе? – деді жаралы адам дәрігерді көрген бетте. Өңі күреңітіп, екі көзі ежірейіп кетіпті. – Саған жасаған жақсылықтарымды осылай қайтарайын деп пе едің? Өзің де бір отқа айдаса, боққа қашатан миғұла екенсің. Тарт деймін ана мылтығыңды!


 

Қақ маңдайынан сойылмен бір қойғандай, мына сөзді естіген дәрігер әуелде қысылып қалғанмен, науқастың сандырақтап жатқанын бірден білген. Демек ыстығы да барынша көтеріліп кеткен.


 

– Өкін бауырым, Тұрсын. Өкін енді. Ойпырым-ай, кеміріп жатыр аяғымды. Мені мына бәледен құтқарар біреуің бар ма?..


 

– Мылтық оғынан жаралы болған дей ме? Қашан болған оқиға? – деп дәрігер жанындағы медбикеге сұраулы жүзбен қараған.


 

– Осы жаңа ғана әкелді ғой. Қашан болған оқиға екенін білмеймін, – деді ол.


 

– Аяқтың сүйегі сынғаны болмаса, оншалықты ауыр жарақат емес. Әттеген-ай, тек кешіктіріп әкелген екен. – Оташы дәрігер Кәмиләға қараған.


 

– Мені не үшін өлтірмексің сонда? Әй, өзіңнің де бір маңдайыңның қырсығы төрт елі адам екенсің ғой. Мына аяғымды кеміріп жатқан бәлені алып тасташы. Жасаған бар жақсылығың сол болсын. Мүжіп жатыр-ей кәдімгідей. Жоқ, ол болмайды, рас айтайын мен. Тұрсын-ей, сен онан да анау Сәлім сорлыға айтсаңшы. Қартайғанда тыныш жүрмей ме? Өнімсіз, болымсыз байғұс қой ол... Әй, тентектігің бұзақылыққа айналыпты-ау. Енді неге бір санымды түгел отқа қақтап отырсың? Жоғал әрмен көзіме көрінбей! Бар деймін енді, аулақ жүріңдер түгел маңымнан!


 

Науқас дәрігер жігітті бар күшімен итеріп қалды. Сонан кейін ғана көзін ашып, есік жаққа тесірейе қадалды. Шамасы есін жиып алса керек.


 

– Мен қайда жатырмын, осы?.. Кәмиләш бұл сенбісің? Сен қайдан жүрсің мұнда? – Дәрігер жігіт есіктен кірген Кәмиләны көрді. Қыз кереуеттегі науқасты көрген бетте, босағадан бері аттар-аттамасын білмегендей, оған үрке қарап, орнында тұрып қалды.


 

– Кәмиләш! Сенбісің бұл? Мен қайда жатырмын, осы? – деді жігіт тағы да. Кәмиләнің де аудандық ауруханаға диплом қорғар алдындағы тәжірибеден өту үшін аудандық ауруханаға келіпті дегенді естіген болатын. «Бір көріп қайтсам» деп жүргенде, мінеки, амалсыздан алдына келген жайы бар.


 

– Менмін ғой, Расылбек аға. Сабыр етіңіз.


 

– Аяғымды қарашы, Кәмиләш... Шыдатпай барады ғой...


 

– Қазір, аға.


 

– Әттең-ай, алдыға қойған мақсатым көп, қол жеткізсем деген арманым мол еді. Елеусіз күйде олай-бұлай болып кетсем, бәрі де жайына қалар-ау. «Ауылға-ауылға» деп қанат байлап ұшардай болғандағы аңсаған жан не айтар...


 

Кәмиләнің қабағы дірілдеді... Ол медбикеге:


 

– Ота жасауға дайында! Тез, – деп бұйрық берді де теріс айналды.


 

Дәрігер жігіт екеуіне кезек қарады. Ол Кәмиләнің жанарынан жылт еткен жасты көріп қалды. Қыз бетінің қаны қашып, сол сәтте-ақ күнге күйген бөздей болып бозара қалыпты. Кәмилә екеуі үш-төрт айдан бері талай жауапты оталарды бірге жасап, қанша қиындықты бірге көріп жүрсе де оның дәл осындай толқыған сәтін көрмеген еді. Кәмиләнің дәрігерге тән қажет кезінде қатал да бола алатын, қажет кезінде мейірбан бола алатын мінезіне бұл әр уақытта сүйсінер еді. Бірақ оның дәл осы сәттегі осалдық көрсетуіне дәрігер жігіт жіп таға алмай тұр. Кәмилә мен науқастың бір-бірінің есімдерін атап, абдырасып қалулары оның көкірегінде қызғаныштың отын тұтата бастағандай. «Несі бар, жанашыр жақын достар болуы мүмкін ғой» деп өзін жұбатса да, студент қыздың үш-төрт айдан бері осы аудандық ауруханаға өндірістік тәжірибеден өтуге келген қолқанат-хирургті көргелі бері алдынан арман отындай шақырып жеткізбей жүрген бойжеткен ықыласының бөгде жанға бір сәтте-ақ елти құлауын жақсылыққа жори алмай тұр. Ол қыз жанының құпиясын ашып, ләззат қазынасын игертер жүрек кілтін өз көкірегінен іздеп, аяулысын бар болмысымен өзіне ғана балайтын, онымен қоймай бар болашағын һәм бақытын, тіршілігін Кәмиләнің жанынан ғана елестете алатын. Сондықтан да болар, оның көкірегін қыз күлкісі, қыз назы тек өзіме ғана бағышталса шіркін дейтін бір тілемсек сезім жайлаған еді.


 

Дәрігер жігіт науқасқа қарайды. Қарайды да оның жан дүниесіндегі алас-ұрып, кеудесіне симай буырқанып жатқан әлдебір долы дауылды сезінеді. Сан құбылып жеткізбей, сан соқтырып кеткен әлдебір өкініш өзегіне өрт болып түсіп, жігіт жанын құм ғып шашып жатқандай. Жетермін деп жүргенде жексен болып үзіліп кеткен үмітке ұқсатқан ол науқас жанындағы тебіреністі. Жанына батқан тән азабынан жан азабы бекем шығып, қинап жатқандай. Науқас жігіттің кере қарыс кең маңдайында сол қиналыстың куәсіндей болып, моншақ-моншақ тер тамшылары мөлдіреді. Отты жанары Кәмиләны бар болмысымен арбап, ішіп-жеп бара жатқандай.


 

– О, ескі таныс болып шықтыңыздар ғой, – деп, ол осынау бір сәтте орнай қалған тыныштықты бұзбақ болып. Оны мазалаған жаралының «аңсаған жаны» кім болды екен деген сауал болатын. Жігіт міз бақпады. Тек Кәмилә ғана шошып оянғандай түр танытты. Ол өзінің дәрігер екенін жаңа есіне түсіргендей, жігіт жарақатын таңған шүберекті шеше бастады. Оның сүйріктей саусақтарының да сәл дірілдегенін дәрігер жігіт аңғармай қалған жоқ.


 

– Кәмиләш! – деді Расылбек. Үнінде еркелетумен қоса өтініш бар. – Кәмиләш, сен араласпасаң етті! Жаман ағаңның мүшкіл халін көрмей-ақ қойсаң деп едім.


 

Дәрігер жігіт «ағаң» деген сөзді естіп, өз күдігі жеңілдеп, іші жылып қалғандай болды.


 

– Жо-жоқ, Расылбек аға, мен сізді өз қолыммен емдеймін!


 

Жарақатты қөрген соң дәрігер жігіт Кәмиләға оңашада:


 

– Кәмилә, жарасы асқынып кетіпті. Алдымен денедегі қадалып тұрған оқты алып тастаған соң тамырды кеулеген дертті газды шығаруға күш салуымыз керек. Қарасанның белгісі көріне бастаған екен. Егер қолдан келмей бара жатса ғана аяғын кесуге тура келер. Тамырларды үрлеу арқылы ісікті кеулеп бара жатқан газды шығарып тауыссақ, сүйектің сынығын іліктіру қиын емес. Қане тұрмайық, – деді ол.


 

Расылбекті ота бөлмесіне апарып жатқызып, нарккоз уколын бергеннен кейін де ол жаралы аяғының қатты шаншып ауырғанын көп уақыт сезіп жатты. Ол ұйықтап кеткенше Кәмиләнің ақша бетінен, мөп-мөлдір көзінен жанарын алмады. Кәмилә кінәлі адамдай бұған көп назар аудармай жанарын тайдыра берді. «Аяғымды кесетін болды ма екен? Қарасанға айналғанын өзім де сезіп едім. Шіркін, бір шарасын табар ма екен, Кәмиләштар? Әлде... Ол: «Аяғымды кесе көрмеңдерші! Ғұмыр бойы соғыстан қайтқан солдаттар сияқты шолақ аяқ болып қалай жүремін?» деп, жалынғысы келді. Бірақ үні шықпады. Денесін әлдене зілдей басып барады. Бүкіл жан-тәні балбырап, тәтті ұйқы қыса бастады. Көз алдына қызыл галстук байлаған балдырған қыз бейнесі елестеді. Ол ағалап келіп, мойнына асылады... Іле-шала мұны көріп, көзінің жасы мөлтілдеп тұрған дәрігер қыздың ақ құба өңі көз алдынан көлбеңдеп өтті. Ол сол бір балаң бейнені көруді жан-тәнімен аңсайтындай. Елестетіп жатқысы келді. Бірақ көз алдына қос ауыз мылтықтың үңірейген қос ұңғысы тұра қалды. Тұрсынның қып-қызыл көздерін, сұсты өңін анық көрді. «Әй, мына ессіз шынымен атқалы тұрғаннан сау ма өзі? Тарт былай мылтығыңды!» – дейді бұл. Бірақ сол кезде мылтық аузынан жарқ етіп шыққан жалын мұны қалпақтай түсірді. «Әй, иттің баласы-ай, қанша жерден ит болсаң да жазығым жоқ дәл менің балағымнан алар деп ойламап едім!»


 

Ол осыдан бір-екі күн бұрын болған оқиғаның қайтадан ойына оралып жатқанын сезді. Әрі қарай ештеңе де ойлауға шамасы келмей талықсып бара жатты...


 

Айбар мен Кәмилә отаны аяқтап, тысқа шыққанда таң шығыстан құланиектеніп атып келе жатқан.


 

– Кәмиләш, бұрын-соңды кездеспеген кесел болды ғой мұның өзі. Көрініп тұрған жараны емдегеннен де адамның тәнін кеулеген дертті газбен алысқан қиын екен. Дегенмен өзінің бағы бар жігіт болды, оқты алу да, газды шығару да, сынған сүйектерін салу да – бәрі де өте сәтті орындаған сияқты, – деді Айбар. – Оның үстіне сенің бұл кісіге деген ықыласың ерекше болды.


 

– Дәрігер барлық науқасқа ықыласпен қарау керек қой.


 

– Дегенмен де дегенім ғой...


 

– Дегенмен десеңіз, кісінің өмір бойы ұмыта алмайтын адамы болады. Расылбек мен үшін сондай кісі, – деп, ол жігіт бетіне тіктеп қараған. «Қалай түсінсеңіз де өзіңіз біліңіз» деген сыңай танытып еді.


 

Айбар үн қатқан жоқ...


 

Кәмилә Расылбектің тағдырын білгісі келіп, түнімен аурухана маңында жүрген адамдарға қарай бұрылды.


 

Жігіттердің түнімен бұларды сыртта күтіп, Расылбектің жанашырлары болып жүргендеріне сүйсінді. Сонан кейін өзі де осынау күйге Расылбектің қалай душар болғанын білуге ынтыққан. Ота жасардың алдында ғана Айбар оны әлдебіреудің атқанын айтқан.


 

– Немене, аман қалатын түрі бар ма?


 

– Айтыңызшы, сүйегі біте ме, әлде мүгедек болып қала ма солай?


 

Кәмилә баршасына қарсы сұрақ қойды:


 

– Неге кешіктіріп жеткіздіңіздер?


 

– Жарығым-ау, итарқасы қияндағы жерде, тауда емеспіз бе?! Атпен сонау таудан ілбіп түсіріп, машина келе алатын жерге жеткенше-ақ біраз уақыт өтіп кетті ғой, – деді ат жақты, шоқша сақал қария кемсеңдей сөйлеп. – Түсі жылыдан түңілме деген. Өртте күйген жанға аузымен тасып су құйған қарлығаштай, ақ ниетіңмен келіп арашаға түскен соң жүрегім жылып қалып еді. Жалғызымның жолына жаным пида деп жүрген жанмын, қарғам... Қай пиғылымнан тапқанымды қайдан білейін?! «Жеткердің бе, жеттім бе Тәңірі?» деп едім, желкемді қиып, жетемді үзіп кетті ме, қайдам... Айт қарағым, сүйіншіңе жаным садаға! Аман қала ма, әйтеуір?!..


 

Ол кемсеңдеп жылап жіберді. Кәрі көзден домалап түскен жас сақалына тамды.


 

– Қайтсін жарықтық! Оңай деймісің?! – деді жастау жігіттердің бірі теріс айналып.


 

– Сабыр, Молдаға. Жаман ырым бастап, осалдық көрсетпе. Жалғыз сенің ұлың емес, бәріміздің де ұлымыз. Жарты жайлау қотарылып, соның жоғын жоқтап, сенің қолтығыңды демей келмеп пе едік. «Ер жігітке өмірде жеті сыннан өтпек бар». Бір сыны болар ұлыңның. Жұртқа ақыл айтар мына сенің мөлтектейтін жөнің жоқ. Жеті сын емес жетпіс сынды қыңқ демей көтерген Молдаш емес пе ең! Кәртейгенде сүйегіңе таңба салып, сықсыңдамай тұр, түге! Мына дөктір баланың лебізін тыңда онан да!


 

Қапсағай денелі қара шал Молдашты тиып тастады. Үнінде зеку сарыны болғанмен, ер намысына салмақ сала айтқан достық базынасы басым.


 

– Онда, сүйінші, ата! Расылбек 3–4 айдан кейін бұрынғы қалпына келеді.


 

– Рас па, қарағым?! – Жаңа ғана досынан ескерту алса да жақсы xабарды естіген Молдаш қарт жылаған күйі Кәмиләні құшақтай алды. Өз баласындай мейірлене құшып, бейтаныс бойжеткеннің маңдайынан өпті. – Өркенді бол, қарағым, дегеніңе жет!


 

– Шіркін-ай, сол! Мешкей көңіл қу әке-ай, сол! – дейді жаңа ғана Молдаш қартқа тоқтау айтып, ақыл салып тұрған ақсақал. Теріс айнала беріп, жанарына келіп қалған жасты саусағының ұшымен сүртіп тастады. Өзінше босаған көңілін жасырғандағысы.


 

– Оқасы жоқ, сауығады әлі-ақ, – дейді Кәмилә тұрған топқа күле қарап.


 

– Айтқаның келсін, қарағым!.. Тумай ғана туа шөккір ит-ай, тал түсте арысымды қанға бояп, қапияда құрта жаздады ғой, – деді Молдаш күрсініп. – Жаманның кесепатына ұшырап, ұнжырғамды түсірді-ау, шіркін


 

Сол кезде Айбар Кәмиләға:


 

– Шаршадың ғой, біраз тынығып ал. Жүр, мен шығарып салайын.. – деді.


 

– Рақмет! Біраздан кейін өзім қайтармын. Жүре беріңіз, Айбар аға.


 

Айбар өзің біл дегендей нышан танытты да, жай басып, көше бойлап жүріп кетті.


 

– Ағасы, айтыңызшы, қалай ұшырап қалып жүр бұл күйге? – деді Кәмилә қойшы жігіттердің біріне.


 

Сол кезде тағы да Молдаш ақсақал сөйлеп кетті.


 

– Әй, қарағым-ай, «Кесел қайдан дермісің, қауыз шықса асыңнан, пәле қайдан дермісің, жауыз шықса қасыңнан». Алты алашы бүлінсе де ағайынға мылтық көтергенді көріп пе едің?!


 

– Айналайын, отыршы өзің, – деді ол әлі ширақ, тым сергек денесімен ықшам бұрылып. Тұғырға қонақтаған қырандай түксиіп, түйіліп біраз отырды. Содан кейін жайлап күрсініп алды. Ол ұзақ әңгіме айтатын сыңай танытқандай.


 

 

II


 

Расылбек оқу бітіріп келген бетте үйінде анық бес-алты күн тынығып жата алмады. Әкесі байғұс: «Жалғызым диплом алып келді. Құдай қаласа өз қолы өз аузына жетіп, ел қатарынан бой көрсетті деген осы», – деп, шала шабылып, той жасаған. Ат шаптырып, палуан түсірген ұлы дүбір болмағанмен, көңіл жетер ағайын мен фермадағы қойшылардың басын қосып, бір дүрілдетіп алған болатын.


 

– Ұжымшар* «жасың жетті, зейнеткерлікке шық, деміңді ал» десе де Расылбегімді оқуын бітіріп келгенше шыдаймын деп, кәрі сүйегімді біраз сүйредім. Енді осы жалғызыма ақылымды айтып қана үй бағып отырмасам, бұл кәрілік деген итің дендеп барады, – деген ол.


 

Той тарқаған соң Расылбекті біраз ағайындар мен ауыл ақсақалдарына сәлем бердіре жіберіп алды да, үйде көп жатуын қаламайтын сыңай байқатты.


 

– Ер жігітке дем алу деген не, тәйірі. Науқан болса мынау қызып жатқан, ұжымшар болса анау балшықтан жұмыс қолын жасай алмай отырған. Жұмысқа ертерек орналасып, ел жайлауға шықпай тұрғанда шаруаға бастыға бергенің жөн, – деген-ді. Ол сол әңгімеден кейін-ақ баласын ұжымшар орталығына аттандырған болатын. Әйтеуір, істейтін жұмыс болған соң бір күн де болса төселе берсін, – деп ойлады. Екіншіден, «Молдаағаңның жалғыз ұлы оқу бітіріп келіп, жұмысқа орналасыпты» деген көптен көңілінде жүрген мақтанышқа ұқсайтын жан қалауының орындалуын ол Расылбек оқуда жүргенде-ақ армандайтын. Міне, сондай атты бақытты күнге оның қолы енді жетіп отырған соң баласын әрі қарай үйде отырғыза алмады. – Расылбектің өзінің де байламы осы еді, оның үстіне әке сөзі қамшы болды да, орталыққа сол күні-ақ баруға бірден келіскен.


 

  
  

 


 

*Ұжымшар – шығарма өткен ғасырдың жетпісінші жылдары жазылған кездегі нұсқасындағы «колхоз», «совхоз», «сынып», «самолет», «аэродром» т.б. сияқты сол кездегі қолданыстағы терминдер қайта өңделген нұсқасында бүгінгі ұрпақ оқитындықтан, қазір тілімізге кіріккен «ұжымшар, «кеңшар», «сынып», «ұшақ», «әуежай» сияқты сөздермен ауыстырылды. (Автор).


 

 

Обалы қане, өзін жастайынан танитын ұжымшар төрағасы Қабатай орнынан тұрып келіп, мұның қолын алды.


 

– Міне, жігіт, аман-сау елге оралғаныңа қуанып жатармыз. Өзіміздің қолда өскен бала еді, енді қараңызшы ортан қолдай маман болып оралып отыр. Бәрекелді! Ақсақал да қуанып жүрген болар, – деді ол Расылбек кеңседе отырған жүз таныс шаруашылық басшыларымен сәлемдесіп шыққан соң. Бәрі де қауқылдасып, құтты болсын айтысып жатыр. – Жұрт: «Расылбекті аспирантурада қалып, оқуын жалғастырады екен» деген сөз шығып еді, қайтқаның дұрыс болған. Алдымен өндірісте жұмыс істеп, тәжірибе жинақтап алсаң, ғылымға сонан соң ден қойсаң да кеш болмайды. Оның үстіне жолыңды тосып отырған қарт әкең бар дегендей... Ауылға келгенің білгендігің, шырағым.


 

Баяғы өзінің бала кезінде шолақ белсенді болып жүретін Сәлім де осында екен. Жұрттан ерек ықылас көрсетіп жүрген де сол.


 

– Маладес! Азамат деген осы. Оқу деген де оңай деймісің, өзіңді әбден жеп қойыпты-ау. Нешауа, енді құтылдың ғой, әйтеуір.


 

«Әлі баяғы мінезіңді қоймаған екенсің-ау» деп ойлады Расылбек. Ол Сәлімді сонау қаршадай бала кезінен жақсы білетін. Тіпті ол кезде Сәкеңнің тасы өрге домалап, ұжымшар төрағасы да бола қалған. Қысы-жазы жалы қарағайдай құр айғырға мініп алып, күн демей, түн демей аш бөріше жортар еді. Қой күзететін әйелдер қалғып кетсе немесе қойшылар отарды уақытында өргізе қоймаса, ойда жоқ жерде сайтандай сап ете қалып, ауыл үстінде ат ойнататын, қойшы-қолаңды бір шыбықпен айдайтын, әйел демей, ер демей ат бауырына алып, көкала қойдай ғып сабап жіберетін Сәкеңнің содырлығын да Расылбек ұмыта қойған жоқ. Тіпті оның алғаш ұжымшар төрағасы болып келе қалған бетінде мұның әкесімен қалай жанжалдасып қалғаны да қаз-калпында жадында сақталыпты.


 

Соғыстан кейінгі жылдар болатын. Онда Расылбек қара сирақ бала еді. Ұмытпаса сол жылы әкесі Қызылқырқаны қыстаған болатын. Ауыл төңірегінің шөбін көзінің қарашығындай қорып, мал төлдеген кезде іскектетем деп қыстай отарын Үйдененің қолат-қолат аңғарына дейін апарып жайып жүрген. Аяқ астынан ақпанның ақ бораны киіп кетіп, мал қорада бірнеше күн бойы қамалып қалды. Ақ боран сол соққаннан төрт күн тыныс алмай ышқына ұлыды. Тіпті ауыл төңірегіндегі сақтық қор жайылымына отарын бір-екі күн шығарып, қарын күрегенмен, одан да ештеңе шығара алмаған. Бораннан ыққан малын қораға қайтадан айдап кіргізе алмай қиналған. Ақ түтектен ат құлағы әрең көрінеді. Әкесі мен шешесі су-суанын да алаңсыз отырып іше алмай, таудан қараған-бұта шауып әкеліп, қойларға қажақтатқан болады. Бірақ ол өртке қасықпен су шашқандай ғана мардымсыз тіршілік еді. Арқалап әкелген бүрген алты жүз бас қойдың жұмырына жұғын болмай қалады, Төртінші күні де боран басылмаған соң бар үміті әбден үзілгендей болған әкесі белсенді атаулыларды түгін қоймай сыртынан жіпке тізіп алып, сықпыртып нәлеттеумен болды. «Осы қысқа сенбеңдер, қайрылып келіп соғары бар мұның. Ерте бастан бірер мая пішен жеткізіп беріңдер», деп ферма меңгерушісіне талай ескертсе де олардың естімей керең болып келгендерін айтып налыды. Айтты-айтпады, ашығып бір-бірінің жүнін жұлып жеп жатқан қойларды көргенде Расылбектің де төбе шашы тік тұрған. Іштері қабысқан аш қойлар кіріп барған адамнан өмір сұрағандай үздіге маңырап, шулап қоя береді. Киімдерін жұлмалап, талмай бастайды.


 

– Мынаны қарашы, саулықтардың жартысы қозы тастаған, әй, обалы жібермегірлер-ай, сендерге болсын обалы, – деп, әр жерде көңге аунап жатқан қызыл шақа қозыларды етектеп теріп жүрген әкесінің түрі өрт сөндіргендей еді. Оның сол кездегі кейпі өмір бойы жинаған бар байлығын құрдымға жіберіп алған, немесе бар жиған-тергенін өрт жалмап жатқан адамның бейнесіндей еді. Бірақ Расылбектің қолынан да келер не бар, әкесінің шолақ қызыл тонын сүйретіп алып, дірдектеп қораға қайта-қайта келеді. Келген сайын мал қамымен қайғылы болған әкенің жадау көңілі, жабырқау қабағын көріп, онан әрі дірдектей түседі. Оның қолынан келер қайрат-қажыр бар ма, отарды қойып өзі де таңертең қатқан құрт салып ішкен бір-екі кесе ақ судан басқа нәр сызған жоқ. Екі тәуліктен кейін азыққа бес-он кило арпа жібертемін деген ферма меңгерушісі бұжыр Мұқаштың да қарасы батып көрінбей кеткеніне көп болған.


 

Ол тағы да бүрсеңдеп, қораға таяй беріп еді, қыстауға таяп қалған ат дүбірін есітті. Расылбек келіп қалған екі салт аттының бірінің бұжыр Мұқаш екенін ат үстіне қондырған қарақшыдай обиып қолапайсыз отыруынан-ақ танып, қуанып кеткен. Баланың көз алдына ақ суға сеуіп жүздіріп жейтін баданадай-баданадай қызыл күрек арпа елестеді. Ол тамсанып қойды.


 

– Әй, жүгермек, шал қайда?


 

Бұл – бұжыр Мұқаштың сөзі. Сол кезде әбден қалжыраған әкесі де мойнынан суы кетіп сүйретіліп, қорадан шығып келе жатыр еді. Салт аттылар аман-саулық сұрасып сызылысып жатпай-ақ «іске» көшті.


 

– Әй, шал, қой қайда?


 

Бұл – екінші аттының сөзі.


 

Онсыз да азуын кімге басарын білмей ашуға булығып жүрген әкесі де тілегенге сұраған дегендей, шап ете қалды.


 

– Қойлар мына қалтамда жатыр.


 

– Онымен не айтқың келіп тұр?


 

– Қойың қорада бір-бірінің жүнін жұлып жеп тұрмағанда сен әкелген көк пішенді жастанып жатыр деп пе едің?!


 

– Неменеге тұлданып, қызыл итіңді қыңыр шаптырып тұрсың, сен шал?


 

– «Қой қайда?» дегенде арқалап әкелген шөбің бар ма еді? Мал ашуы – жан ашуы. Дікектемей аулақ жүріңдер! Қойыңды айтпағанда өзіміз де аштан өлейік деп тұрмыз. – Бірақ ол сөз аттыларға әсер ете қоймаған сияқты.


 

– Мен кіммін саған?


 

Бұл да – екінші аттының сөзі.


 

– Қаңғыған көп қаратаяқтың бірісің де. Сен дікілдемей не малға, не жанға берерің болмаса, мына Құдайдың ақ боранын тоқтат. Әйтпесе жөніңді тап!


 

– Ә, солай ма! Тіліңе шоқ түскір! Мен саған көрсетейін! Өкімет адамын «қаңғыған» дейтін кім едің сонша! – деп тақылдады жуан ақжал айғырдың бел ортасында отырғызылған қасқыр тұлыптың жағасынан анда-санда қылтыңдаған бейтаныс бастың иесі...


 

Расылбек сол сәтте әкесінің төбесіндегі әпжылаңдай ысылдап жүрген қамшыны көрді. Қос танауынан будақ-будақ буын атқылаған ақжал айғырдың көзі шатынап, үстіндегі иесінің бір шалғайынан жармасқан жаяудан үркіп, ала қашып жүр. Ойда жоқта шыққан жанжалдан аулаққа-аулаққа иесін алып қашып жоғалайын дейтіндей. Бірақ иесінің ауыздығын шірене тартқанынан ғана амалы таусылып, тықыршық атады. Расылбек бар даусымен шар ете қалды. Бір қарағанда әкесі ала қашқан айғырмен бірге дедектеп ілесе жүгіріп бара жатқандай еді. Әудем жер сүйретіліп барып құлап түсті. Басындағы кұлақшыны да қарға көміліп анадайда қалған. Сөйткенше сырттағы шуды естіп, шешесі де есік алдына шыққан. Қос салт аттымен жаяу арпалысып жүрген отағасын көріп, үйдің жанында тұрған ақ бақанды ала ұмтылған. Бірақ ол бақан сілтеп үлегере алған жоқ. Қос салт атты бұл кезде ақ боранға сіңіп, жоғалған болатын.


 

– Қап, иттер-ай! Тал түсте келіп ойрандады-ау. Бүйткенше қолында өлгенім бағана артық еді, – деп сүйретіліп орнынан тұрып келе жатқан әкесінің бір жақ бетін қамшы осып түсіпті. Боран ішін тарта гуілдеп, жаңа ғана құйындатқан күйі бел асқан салт аттылардың ізін қиыршық қармен жаба бастады. Ендігі боран сыртта ғана емес Расылбектің ішінде, бүкіл тұла бойында ала құйын салып жатқандай.


 

Ертеңінде боран басылып, күн ашылды. Бірақ екі-үш күннен соң орталықтан келген екі милиционер әкесін айдап әкеткен, «Қоғамға зиянкес, онымен қоймай, бізге қол жұмсады» деп аудандық милиция бөліміне арыз берген сол боранды күнгі қос салтатты екен. Қойды бағуға деп фермадағы «алып кел, барып келде» жүретін Ғазиз дейтін жалғызілікті кісіні жіберіпті. Бірақ көп ұзамай Молдаш қайтып келді. Қасқыр тұлыптың ішіндегі ауыл үстіне ат ойнатып жүрген адамның ұжымшарға төраға болып келген Сәлім деген жаңа бастық екенін, сот болып өзінің ағарып шыққанын, ал төрағаның ұжымшардың көп жылдан бері «озатымыз», «бетке ұстарымыз» деп жүрген атақты қойшыға қол жұмсағаны үшін және мемлекет малына уақтылы жем-шөп жеткізбей көп шығынға ұшыратқаны үшін екі аптадан аспаған жұмысынан қуылғанын айтып келген.


 

Сол баяғыдағы азуын Айға білеген Сәлім осы. Артынан ферма меңгерушісі болып біраз жүргенде де бұрынғы әпербақан мінезін қойған жоқ болатын. «Текені жезде, ешкіні апа» дейтін жағымпаздығын, әлі жеткенге әңгір таяқ ойната жүретінін, қырдағыны қияннан шалып, соның ыңғайына қарай кесіртке сияқты түсін өзгерте қоятын бақал есепшіл бақи тіршілігін білуші еді Расылбек. Оның ферма менгерушілігінен түскен соң бірер жыл ветеринарлық санитарлар даярлайтын курста оқыған болып, кейінгі жылдары ферма зоотехнигі деген кішігірім лауазыммен күн кешіп жатқанын да естіген. Расылбектің көз алдына күн-түн жортар күнінен айрылған пішпе бұқаның мүсәпір де мүләйім түрі елестеді.


 

Осының бәрін бағамдаған Расылбек Сәлімнің қазіргі елпелектегеніне ішін бермей, сүлесоқ тыңдап отырды.


 

– Мына біздерді қашан босатасыңдар жұмыстан? Шаруашылыққа сонау ұжымшарда екі мың бас қана қой бар кезде келіп едік, шүкір, қазір оның ұзын саны елу мыңның әр жағына асып кетті. Енді осы біздің кәрі сүйегімізді жайлауға-қыстауға деп сүйрей бермей, шаруашылық тізгінін өз қолдарыңа алмасаңдар, шаршап-шалдығып қалғандаймыз.


 

– Рас айтасыз, шындығында, шаршап жүрсіз ғой, – деді отырғандардың ішіндегі Құсыман дейтін есепші жігіт. Басқалары мырс-мырс күлісті. Сәлім жақтырмаған сыңай көрсетті. Шынында, «Сәлімді қызметінен босатып, орнына Молдаштың оқып келген баласын зоотехник қояды екен» деген сыбыс ауыл арасында сыңар аяқтап жүре бастағанын Сәкең әлдеқашан білгенмен, оны Расылбек әлі ести қоймаған.


 

– Сендер туғанда неге қуаныппыз. Міне, «Ат тұяғын тай басар» деген осы...


 

– Әйтеуір, екеуміздің тұяғымызды баспаса жарар еді, – деді Құсыман тағы да. Сәкең тағы да сыр берген жоқ. «Өсиетін» жалғастыра берді.


 

– Сені жұрт дипломын алып ауылға қайтып келе жатыр екен деген кезде-ақ қуанышымызда шек болған жоқ. Нешауа, қалада қалып қалмай қайтқаның жақсы болған. Қала дегеннің өзі ит байласа тұрғысыз жер қөрінеді ғой. Алматыңның да қызығын көргенбіз. Екі күн әрең шыдағанмын. Біз сияқты, мына тау-тастың арасында жүрген, былайша айтқанда, тауда туып, таста өскен адамдар онда барса торға қамалған адаммен бірдей болады екен. Көк тіреген үйлері де екі өкпеңнен қысып, бір түрлі адамды көп халықтың ішінде жүрсең де жалғызсыратқандай ма, әйтеуір... Сөйтіп, қайсыбіреудің баласына ұқсамай туған жеріңе ат басын бұрғаның әбден абзал болған, шырағым.


 

– Сәке, кішкене тұра тұрыңызшы! – Ұжымшар төрағасы Қабатай Сәлімнің жалпақтай қалуын жаратпаған кейіп танытты.


 

– Енді былай, інімізбен амандасқанға да шәжілі бола қалдық па?! – деді Сәлім.


 

– Амандасқан артық болмас-ау, бірақ сөзге қонақ бергенді қойдыңыз ғой, түге!


 

Сәлім бір қызарды, бір бозарды, еңсесі түсіп, емінген күйі қамшысының сабымен саптамасының қонышын ұрғылап, шұқынып отырып қалды. Өз әлінше заманында шайқап қалған, енді бүгіндері өрісі тарылып, май ішкен мысықтай мүләйім ғана монтаны күйге түскен жан. Мына отырысы Расылбекке мүсіркерлік болып көрінді.


 

Сол күні кешке-ақ басқарма жиналысында Расылбекті Сәлімнің орнына ферма зоотехнигі етіп тағайындаған. Басқарма мүшелері: «Бір отар қой алыңыз» дегенге Сәлім ер-тоқымын бауырына алып тулаған соң, оны Кішкенетаудағы қора-жай, пішенге қорықшы етіп жіберуге пәтуаласқан. Оған да көнгісі келмей бұлталақтап көрген, тіпті аудан басшыларына барып, арыздана алатынын да ескерткен Сәлімге төраға:


 

– Есен-сау құтылғаныңызға рақмет айтыңыз, Сәке!.. – деп ызғарлы жүзбен бетіне бір қарап-ақ келістірген. Соған қарап, Расылбек те мойынында біраз кінәң бар-ау, шамасы, деп бағымдаған болатын Сәлім туралы...


 

Сол күні Сәлімнің шамы ерте сөнді, ал Молдаш қарт әр кепті әңгімелеп, үркер ауа жастыққа бастарын әрең тигізген...


 

 

* * *


 

Ертеңіне-ақ Расылбек Сәлімнің тоқпақ жал торысына мініп, одан малды санап өткізіп алуға шыққан. Зоотехникке тиесілі екінші атын аударып алғанды ыңғайсыз көріп:


 

– Сәке, екінші күрең атты өзіңіз міне беріңіз. Үйренісіп қалған көлігіңіз ғой. Мен ат тауып алармын, – деген. Сәкең оған ризалық білдірген де жоқ, солай болуы әбден заңды шешім деп қабылдағандай.


 

Шындығында, өзінің орнына білімді де, білгір маманның келгеніне қағанағы қарқ болып қуанатын адамның сыңайын көрсетіп келеді. Бір ауылдан бір ауылға жеткенше өзінің мынау алақұйын өмірден түйген өсиеттерін құлағына құйды. Мал санағын қалай өткізуге болатындығы, жем-шөпті қалай пайдалану керектігі, әрбір қойшылармен қалай сөйлесіп, кімге сену, кімге сенбеу керектігі – бәрі-бәрі жөнінде көп уағыз айтты.


 

– Іс басында жүрген соң біреумен түс шайысасың, біреумен қабақ шытысасың, бірақ қай адамның қай жағынан жүру керектігін білгейсің қашанда. Бұл заманда біреуге сену қиын. Мұндайда өмірдің өзі мысал. Мына өзіңнің бүгін тақымың толып келе жатқан торыны он жыл мәпелеп міндім. Бірақ әлі күнге дейін маған ішін берген емес. Тағдыры мұны мал ғып жаратқан соң амалсыздың күнін кешеді. Байлап-матамай бір еркін жіберіп көрсең «өлмесең өрем қап» деп айдалаға қаңғыртып кете беруге бар. Онысы аздай, орайы келсе омпаңнан түсіруден, қос аяқтап тебуден де қашпайды. Xайуанның хаяры. Ал аяқ артар мына күреңді мінгеніме де төрт-бес жыл болды. Жо-жоқ, жануардың обалы қане. Алып соғып, кеңірдегіне пышақ апарсаң да «Тәңірі салды, біз көндік» деп жата береді. Ерекше момын жаралған жануар. Ал адамдар да жылқы мінездес. Қайсы біреуі алды-артын орап, өте беруіңді жаратпайды. Жанды жеріңнен теуіп, шалқаңнан түсіруі қиын емес. Назыңды екінің бірі көтере бермейді. Сөзің өтер, замандас құрбы, я туыстарың болмаса бөгде жанға ағат айтып, артық кетсең, өзіңе қара күйеше жұғады. Баяғыдағыдай дымға түсінбесе де ымға көнер жай жоқ бұл күнде. Қолы өңешіңе жетпесе, өңіріңде жүреді. Бұл күнде жұрттың бәрінің көзі ашық, көкірегі ояу, қымс етсе салып ұрып, райкомыңа кіріп барудан тайынбайды.


 

«Енесі тепкен құлынның еті ауырмайды» демекші, баяғыда сенің бала кезің. Білмейсің. Осы ұжымшарға төраға болып келе қалғаным бар. Сонда Молдаағама бір артық еркелік жасаған едім, – деді ол ұзақ толғап, ой қорытқан соң.


 

Расылбек мұның не айтқалы келе жатқанын ұға қойды.


 

– Ә, оны жақсы білемін ғой, – деді әдейі. – Ондай есте қалар оқиғаны өмір бойы ұмыта алармысың. Бұдан кейін қайтер екен дегендей, ол Сәлімнің жүзіне барлай қарады. Жоқ, сыр беретін емес сабазың. Айылын да жиған жоқ, ағытылып келеді.


 

– Білсең тіпті жақсы, Молдаағаңдар нар ғой, шіркін. Парық қылған да жоқ. Кірген сайын өзім қипақтап қысылыс тапсам да, ол кісінің қаперіне де кірмейді-ау. Әнеки, көрдің бе?! Сонда осы күнгі жаужүректер болсыншы, соңыңа тура шырақ алып түссін. Біз не көрмедік? Біраз нәрсені өмір үйретті ғой. «Қоянды қуып, бір қорқытсам, тазыдан қашып, бір қорықтым» депті ғой түлкі. Сол айтқандай, жаман ағаң бұл тіршілігінде қуып та көрген, қуылып та үйренген. Қуғанда қайтсең де жету, қашқанда қалайда жауыңа шаң қаптырып кету жағын әр уақытта естен шығармаған абзал. Осы Кішкенетаудың жоталары қаншалықты үлкенді-кішілі болса, адамдарының да сондай үлкенді-кішісі бар. Олардың бойына қарап емес ойына, жаратылысына қарап айтып отырмын. Үлкеніне күле қарап, кішісіне түйіле қарауды үйренсең, өз пешенеңе жазылған нәпақадан құр қалмақ емессің. Жүз адамды басқарсаң жүз түрлі мінезді зерттеп, жеңерменге ұрымтал оңай жерін біле жүргін. Жылқының бәрі мына қүрең ат сияқты емес, адамның бәрі ана Молдаағаң сияқты емес.


 

Расылбек әбден жалыққаңдай болды. Әңгіме арнасын басқа салаға бұрғысы келіп, әдейі сұрақ қойған.


 

– Қазіргі бет алысымыз қай жақ, Сәке?


 

– Мынау Құрсайдың шатқалында Тұрсындар отыр. Алдымен соған соға кетсек, мал санағын содан бастасақ деп келемін.


 

– Ол қай Тұрсын? – Расылбек Сәлімге сұраулы жүзбен қарады.


 

– Жазықбайдың Тұрсыны ше!


 

– Оу, әлгі тентек Тұрсын ба? Білем, білем. Мен ана жылдары мектеп бітірген соң Қарабұлақтағы интернатта тәрбиеші, әрі меңгеруші болып бір оқу жылы жұмыс істей қалғаным бар. Сонда ол жетінші сыныпта оқып жүретін. Әй, өзі де бір тынышсыз тентек еді-ау.


 

– Иә, иә сол. Ой-хой, несін айтасың, нағыз сен тұр, мен атайын дейтін көкжал жігіттің өзі болып өсті. Сол жылдары болса керек, мектепті тастап, бұзық та болып кете жаздады. Жаздады деймін-ау, айтулы бұзық атанып, бүкіл ауылды шулатқаны да бар. Қойшы, әйтеуір, ақыры, бір жыл қамақта отырып келген соң ғана тыныш тапты ғой. Нешауа, қазір үйлі-баранды, ара-тұра ептеп ақаңнан ұрттап алатыны бар иттің, әйтпесе қай жұмысыңды болсын қақырата, қабырғасын сөгіп, тындырып істейді. Алғаш алдына бір отар қойды салғанда жынды неме қолымнан келмеді деп басы ауған жаққа бір күні тартып отыра ма деген қорқынышта да болғанымыз рас. Жоқ, аз уақытта-ақ аты шығып, ел қатарына қосылып кетті. Биыл аудан бойынша бетке ұстар озат шопаныңыз сол болып отыр. Төл алуда алдына жан салмады ғой нарың.


 

– Солай деңіз, онда жарады. Көзінде оты бар бала сияқты еді, болса болар, – деді Расылбек шын риза кейіппен.


 

Бұлар Құрсайдың биік жотасына шыққанда сайдың терең аңғарында отырған жалғыз үйлі қойлы ауыл бірден көзге ұрды. Шаңырақтан көтерілген көк шуда түтін биіктей ұшып, ауаға сіңіп жатыр. Үп еткен жел жоқ, күн де шәйідей ашық. Төңкерілген қоңыраудай қараша үйден әкесі мен шешесі шыға келердей. Түскі ыстықта үйездеген қойлар қойнауға шөккен ақша бұлт сияқты бүтін бір аппақ дене боп, әудем жерден көрінеді.


 

Осынау өлке, мынау бунақ-бунақ болып қатар-қатар тізілген үлкенді-кішілі жоталардың ортасымен Үйденеге қарай етпеттей құлаған ұзыннан-ұзақ терең сай, қыз бұрымынан түсіп қалған күміс шолпыдай, жалтырап жатқан дөңгелек тұма, үй алдындағы сары дөңдегі өзі мотоцикл ғып ойнай беретін екі бунақ қойтас, анау жыртқыш аңның тісіндей сойдиған шағыл жартастар, боз қарағанды бозалаң маңғаз жоталар, сай түбінен қарағанда түндіктей болып көрінер көгілдір зеңгір аспан – бәр-бәрі де сол қалпы, аз да болса өзгерсе не ғыл дейсіз. Бірақ мынау шағын ғана қоңырқай үй орнында мұның әкесі Молдаштың бес қанат киіз үйі тұрар еді жайлауға шығарда. Жайлаудан түсерде көктеулігім мен күзеулігім деп әкесі осы құтты қонысына келіп жайғаса кететін. Бұл қонысқа ол ғана емес, қыс қыстауы Қызылқырқаға, жаз жайлауы Айғыркөмгенге Молдаш мал шетінде жүрген кезде ешкім таласып көрген емес. Сондықтан да болар осы жерлер өздеріне мәңгі мекен болып қалатындай көрінер еді Расылбекке. Ол қателесіпті, жер шіркін енді Молдаш емес, Тұрсындардың құт мекеніне айналған. Сол баяғы келбетімен, сол баяғы кереметімен келесі буын, келесі ұрпақтың көктеулігі мен күзеулігіне айналған. Расылбек балалық шағын өткізген үйреншікті жайлы мекеніне ерекше ынтықтықпен назар тастайды.


 

Қойшының үш-төрт иті бұларды көріп, жау қаптап келе жатқандай, арсылдасып, өре түрегелісті. Келе ауылға жібермейміз дегендей, аттылардың алдарын орап, қызыл тер болды да қалды. Талай қойшы иттерінің «базынасын» көріп үйренген аттар оларды қаперлеріне де алған жоқ. Тек тілерсекке жақындап қалған төрт көз сабалақ қара төбетті Расылбектің аты қос аяқтап теуіп, шөкесінен жатқызып кетті. Жер-көкті басына көтеріп, «Не болдымға!» ұшырыған төбет қалды орнында. Басыңа таяқ пен тұяқтың тигені бір бұл емес шығар деп ойлады Расылбек. «Апырым-ай, кейбір адамдар да басына талай-талай соққы тисе де өстіп әркімнің тілерсегіне жармасам деп жүріп, шөкелеп қалады-ау кейде».


 

– Жәмән неменің бәжілдәуін қәрәшы! – деді Сәлім айызы қанып. Ит емес ата жауын сұлатып салғандай сүйсінді. Сыртта жүрген қара борбай бала да аттыларға үдірейе бір қарап алып, үйге қарай зытты. Іле киіз үйдің есігінен талдырмаш келіншектің бейнесі көрінді. Еңістен төмен қарай құлдап келе жатқан үш аттыға сәл ғана назар сап тұрды да, үйге қайтадан сүңгіп кетті. Сөйткенше бұлар да келіп ат басын белдеуге тіреп, түсісіп жатқан.


 

– Өй, неғып жатырсың омалып? Тұрсайшы былай, кісілер келіп қалды ғой. – Бұл – жаңағы келіншектің дауысы.


 

– Жандарал келгендей не ғып шабылып жүрсің? Келген кісі болса кірер, кірмесе жолын нұсқап жіберерсің. Есікті ішінен бекітіп қойған жоқпыз ғой! – Бұл – Тұрсынның дауысы болар. «Ит-ай, баяғыда көгала қырсықтың өзі еді, Әлі қоймаған екен?» – деп ойлады Расылбек.


 

Шыдамаса керек, келіншектің өзі қайтадан тысқа жүгіріп шықты. Тұрсын үйде жатып: «Кім екен-ей?» деп дауыстады.


 

– Ағай! Тұрсын!.. Ағай-ау, бұл шынымен сізсіз бе?


 

Келіншек келе Расылбектің мойнына асыла кетті. Өзімсінген, бүкпесіз, ақ ниетті адал ықылас. Туған қарындасындай еркелеп келіп асылды.


 

– Ақмарал-ау, сен екенсің ғой. Иә, есен-саусыңдар ма? «Жас кезінде шолжаң, еркелігі бар еді, әлі де сол қалпы. Жұдырықтай ғана қызды арадан өткен біраз жыл қалай ғана бұлықсытып жіберген!..» Расылбектің көз алдына өзінің бір кезде тәрбиесінде болған, бар болғаны алтыншы сыныпта ғана оқитын ерке қыз Ақмарал елестеді. Мөлдіреген қарақаттай қос жанары онсыз да мінсіз жаралған тал бойына, қос бұрым ғып өріп қоятын мойылдай қап-қара шашына, аққұбаша өңіне ерекше, бір әр беріп тұрар еді. Оның үстіне, киіміне дақ түсірмейтін, қызыл галстугі мен ақ жағасы ине-жіптен жаңа шыққандай болып тұратын. Бойы да қазір таралып өсіпті, денесі де сәл толысқан. Тек жүзінен баяғы балаң шаттық азайып, өмір талқысынан сәл шаршағандық байқалады.


 

– Міне, қызық! Мен осы келінжанның ағасын ертіп әкелгенмін-ау, шамасы, той жасап жүрмейік бүгін дүрілдетіп.


 

Сәлім әзілге айналдырып айтса да екеуінің талтүсте кымтырылмастан, қысылмай қауыша қалғандарын іштей жөн санап тұрған жоқ.


 

– Өй, жетер енді былай... Біз де бір... Амандасайық та.


 

– Иә, бауырым, есен-сау жүрсің бе?


 

Расылбек дәл жанында тұрған кесек тұлғалы қара торы жігітті көрген бетте таныды. Сол баяғы қадалған жерін қарып өтердей отты жанар, қалың қабақ, дөңгелек жүз. Тек нар көтергендей палуан денелі болып ержетіпті. «нағыз батырға бітер түр-тұлға ғой мынау» деген ой келген Расылбекке.


 

– Есен-сау келдіңіз бе, Реке?!


 

Тұрсын баяғыдағы әдетінше «ағай» деп сызылып тұрмай-ақ әр саусағы сабаудай жалпақ алақанын ұсына берді.


 

– Оқу бітіріп келгеніңізді естісем де арнайы барып сәлем беріп шығуға мұршасы құрғыр болмай қалды. Молдаағам әнеу күні қуанышына шақырған екен... сол жалғызілік қой баяғы аяғыңды тұсай беретін. Бара алмай қалғаныма ренжіп қалды ма, қайдан білейін.


 

– Оқасы жоқ. Отау тіккен екенсіңдер, қайырлы болсын. Екі шәкіртім бірлесіп шаңырақ көтеріпсіңдер. Бәрекелді, ағаларыңды бір қуандырдыңдар.


 

– Иә, мынау өзіңіздің жаман бір шәкіртіңізбен бірлесіп, әйтеуір, түтін түтетіп дегендей...


 

– Ағай, естідіңіз бе, Кәмилә да оқуын биыл бітіреді білем, аудандық ауруханаға практикадан өтуге келгенін естіген соң арнайы барып, сәлемдесіп қайттым, – деп, Ақмарал жаңалығын айтуға асықты. Қу қыздың көмейінде «Сіз оны ерекше еркелетіп, ерекше жақсы көруші едіңіз ғой» деген ойдың тұрғанын Расылбек те сезе қойған. Бұл сөзінің тігісін жатқызайын дегендей әңгіме ауанын басқаға бұрды. – Зейнеп те тұрмысқа шыққан. Қалада тұрып жатыр. Кезінде сіздің белсенділеріңіз болған үшеуіміз – мына Тұрсындар, «Великолепная тройка» деп айдар таққан үш құрбы қалған тірлікте де аралас-құралас достар болсақ деп қиялдайтын.


 

– Әрине, оларыңды күйеулерің қоштаса, – деп күлді Тұрсын.


 

– Қоштамай қайда барасыңдар? Алдымен Кәмилә тұрмысқа шығып, осы ел шетінде жүрсін деп тілейік те.


 

– Кәмиләнің келгенін екі-үш күн бұрын ғана естідім, – деді Расылбек. – Мына санақ біткен соң барамын ғой.


 

– Иә, баруыңыз керек.... – деп, Ақмарал сөзін «қалай түсінсеңіз де өзіңіз біліңіз» деген мағынада аяқтаған.


 

Қонақтар төрге шығып жайғасты. Сәлім төрдегі орынның бұдан былай Расылбекке тиісті екендігін біраз дәлелдеп жүріп, жас маманды ақыры көндірді. Өзінің талай төрде талай жылдар бойы шалжиғанын, ендігі жөн алыстан, сонау Алматыдан келген, оның үстіне осы ферманың меңгерушіден кейінгі екінші басшысына тиіс екеніне жұрттың да көзін жеткізіп берді.


 

Ақмарал шай қамына кірісіп жүргенде Тұрсын ақ марқаны жетелеп үйге кірді.


 

– Жоқ-жоқ. Атай көрме, інім. Ел шетіне ат тұяғын іліктірдік қой. Алдымен жұмысты бітірейік. Қонақ болу қашпас. Бүгін Белбастау жаққа шығып кетсек деген де ойымыз бар.


 

– Есігімді тұңғыш ашып отыр екенсіз, бүгін осында қадірлі мейманым боласыз. Кетем дегеніңіздің еш жөні жоқ, оған берер келісімім де жоқ, – деді Тұрсын алақанын жайып. – Қане, бата беріңіз.


 

Расылбек тағы да ағасына қарап еді, ол бұл жолы да жас маманның алдына түсуге хақысы жоқ екенін айтып, безек қақсын. Құсыман бір мырс етті де, алақанын жайып тұрған Тұрсынды көп тостырмайын дегендей: «Алла кең пейіл, кетпес дәулет берсін» деп батаны қысқа қайырды. Сәлім болса үй иесінің жаңағы өтінішін қолдауға кідірмей кіріскен.


 

– Бәсе, Тұрсынжан, жөн сөз айтып тұрсың. «Асықпаған арбамен қоянға жетер». Сен қашпасаң жұмыс қаша қоймайды сенен. Бала болып, біраз қызықты серуен құрасың. Жігіт болып, біраз жыл сәркілдеген сергелдеңмен жүресің. Ал азамат атанып, жұмысқа шегілген екенсің, өле-өлгенше оны мойныңнан түспейтін азап қамыты деп біл. Iніңнің дастарқанын дәл бүгін аттап кете қоятын жөнің жоқ. Нешауа, мына жаман ағаң осылай асықпай аяңдап жүріп-ақ, азды-көпті жиырма бес жыл ел басқарған. Жассыңдар ғой, әлі жассыңдар. Қызық дүниенің қиындығы да барын, тәтті тірліктің кермек дәмі де болатынын түсінерсің әлі. Әй, алып-ұшқан жастық-ай, шіркін.


 

– Сәкең аман болса Белбастауларыңа ертең қонаға жетсеңдер де үлкен олжа болар. Бұлардың қасына санақшы ретінде орталықтан қосып жіберген Құсыман әлгі сөзді күліп айтты. Бірақ Сәлімнің жыла қонақтап, жұмыс жайы емес, өз құлқынының қамымен ғана қозғалатын сырын Расылбекке таныстыра кеткендей раймен сөйледі.


 

– Осы шіркіннің жаман әпкесіне үйленемін деп пәлеге қалдым. Жездем деп желкемнен түспейтін болды. – Сәлім Құсекеңнің аяқтан шала беретін қатқылдау әзілін жұмсартқан болды.


 

Расылбек Тұрсын мен Ақмаралдың көңілдерін қимай ғана амалсыз келісті. Сәкеңнің де көңілі сабасына түскендей бір жамбастай жатып алып, осы үйдің қара сирақ күлшашары Қуанышбаймен «әзілін жарастыра» бастады.


 

– Әй, сумұрын, бері кел, екеуіміз біраз әңгімелесіп алайық.


 

Қуанышбай да жиі келіп, өзімен әзіл-қалжыңын жарастырып жүрген «сырлас» ағасының шақыруын күтіп тұрғандай-ақ оған қарсы сұрақ қойды.


 

– Әнеугүні әкейем деген кәмпитің қайда?


 

– Қап, ұмытып кетіппін-ау. Келер жолы болсын, бүкіл магазинді көшіріп алып келейін, бәлемді. Арақ көп пе үйлеріңде? Хе-хе-хе... – Ол арзан күлкісін аяп қалған жоқ. – Арақ бар ма деймін, айт, қане? Әйтпесе шүметайыңды кесіп аламын. Қайда кетті әлгі бәкім. Хе-хе-хе...


 

– Бал.


 

– Көп пе?


 

– Көп. Мынандай көп, – деп бала бар саусағын тарбита түгел жайды.


 

– «Балалы үйдің ұрлығы жатпайды» деген осы екен ғой, – деп күлді үйге кіріп-шығып жүрген Ақмарал.


 

– Баланы жақсы көремін, – деді Сәлім басын көтеріп. – Шіркін, бұлар бұралаңдатуды, бұлтаңдатуды білмейтін, ағынан жарылып, анығын айтатын ақжүрек сәби ғой. Мына біз сияқты жердің жеті қат астындағы қулық-сұмдықты барлап-бақылап отыратын қасиеттен әзір ада бұлардың жүрегі.


 

Құсыман тағы да мырс етті. Жездесі ішегін біреу жұлқа тартып қалғандай кіржің ете қалды. Жақтырмаған сыңайы. Расылбек олардың осы бір сәттегі қам-қарекетіне назар аударған жоқ. Өз ойымен отыр. Арақ ішу, бас мүжу. Өнбейтін көксоқта әңгіме. Баяғы өзінің бала кезіндегі ауыл белсенділерінің тіршілігі тағы да сол қалпымен, сол кейіп-кеспірімен алдынан шыққандай. Басқасын қойғанда, сондай бір сылбыр ғана күнкешті күйге өзім де түсіп, соған біржолата көндігер ме екенмін? Болмаса жоғары білімді азамат ретінде жаңаша шаруа істеп, мына жұртқа басқаша басшылық жасармын ба? Шіркін-ай, не керек, мына Сәкеңдер де жиырма бес жыл бойы ел басқардым, жұмыс істедім деп жүр-ау. Бір үйде түстігім, бір үйде кештігім деп жұртқа өтілі өтіп кеткендей арақ іздеп жүріп, «баяғы жартас – сол жартас» күйінен тайсашы бір. Атқа мінгенді ғана емес, алты аласы, бес бересі жоқ көлденең өткен көк аттының шылбырын алып, шылауына оралатын xалықтың жақсы қасиетін өмірі өз пайдасына асырып үйренгендер өңшең...


 

– Сәлеметсіздер ме?!


 

Үйге бес биенің сабасындай етжеңді әйел кіріп келе жатты.


 

– Жаным-ау, мынау Расылбек пе? Иә, аман-сау келдің бе-ей?


 

Үйге кірген әйел алдымен келіп, Расылбектің қолын алды. Мұның да үнінен, қимылынан өзімсінгендік байқалады.


 

– Сен келді деген соң, шыдай алмай өзім жүгіріп келгенім.


 

Расылбек көңілге болмаса, жастайынан бірге өскен құрбысы Раушанды танымай қала жаздады. Қайда, бұлар көріспегелі де он бес-он алты жылдың жүзі болған.


 

Раушан осы ауылда қартайғанынша қошқар баққан Қожантай деген шалдың қызы болатын. Екеуі мектепке бір жылда барып, алтыншы сыныпқа дейін бірге оқыған еді. Одан әрі қарай Раушан жетіншіге көше алмай қалды да, оғып-бұғып алтыншыны екі жыл оқыған соң Шілікті жақтағы біреуге күйеуге қашып кеткен еді. Одан кейін көріп отырғаны осы. Тері-тарамысына ілінген, шілбиген арық сары еді. Нағыз кең-молынан пішілген бәйбіше болыпты. Расылбек әлі өзін жаспын деп жүргенде құрбысының жә деген сарықарын әйел болғанын көріп, торығып қалғандай күйге түсті. «Уақыт қалай жылдам өте шығады бұл?» деген ой келді оған.


 

– Осы ұжымшарға былтыр көшіп келдік. Замандасыңды «қайда барсаң да бір отар қой табылар, ет-бауырыңды елжірететіндей қимайтын ағайын-тумаң қалып бара жатқан жоқ. Ерте бастан ел жаққа таман жылжиық» деп, құлақ етін күндіз-түні кеміріп жүріп әкелгенмін, әйтеуір. Шүкір, қазір біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей жүріп жатқан жайымыз бар.


 

– Бала-шаға бар шығар?


 

– Үйбай-ау, сен оқу түбіне жетем деп жүргенде бұл жақта біз не бағамыз? Оның үстіне қойшының үйінде электр шамы болмайды. Содан ерте жатамыз... – Ол рахаттана күліп алды. Күлген кезде бүкііл мол денесі селкілдейді екен. – Құдай тіл-көзінен сақтасын, тоғыз жаманымыз бар, әйтеуір... Өзіңде әлі қатын да жоқ деп естідім-ау деймін. Әлде өтірік айтып отырмын ба?


 

– Ол жағынан ұяттымыз. Болған, қазір бойдақпын.


 

– Кішкентайларың бар ма? Қалалықтар бір бала, әрі кетсе екі бала тапқан соң кей жерлерін тұмылдырықтатып алады дейтін... – Ол тағы да айналаны жаңғырықтыратындай күлкіге басқан.


 

– Әй, сен қатын, қаладан оқып келген мәдениетті жігітке өйтіп бейпіл қалжыңыңды көйітпе. – Сәлім қызындай жастағы келіншекке құрдасындай тіл қатқан.


 

– Жоқ, кішкентайымыз бола қойған жоқ. Мен әйелмен ажырасуға көнгенмен, баланы тастап кететіндердің сойынан емеспін, Раушан. Бірер жыл отасқанмен, дәм-тұзымыз жараспады, – деген Расылбек.


 

– Үйлену керек. Пенсияға шыққанда үйленбесең, енді не ойлап жүрсің? «Молдаағама Алматының сүрме көз, тік бақай біреуін әкеліп берді» деп естіп едік. «Онысынан құтылыпты» деп те естігенбіз. Ауылда тұрып, ауылша өмір сүруге ауылда өскен біз сияқты біреуді алуың керек қой. Молдаағам да немере иіскей алмай сені тосып, сарсылып жүрген болар.


 

– Асықпа, енді бір оншақты жыл мұрсат берсең, өзіңе жетпесек те жете қабыл болатын балалардың әкесі болармыз.


 

– Үйбай-ау, ол кезде біз он үш, он төрт баланың қарасын мөлшерлеп қалмаймыз ба? Тіфә-тіфә, Алла кесірінен сақтасын... Жаман замандасың екеуміздің деніміз сау болса, әлі тізгін тежейтін түріміз жоқ. – Ол раxаттана, сылқылдап күліп алды.


 

– Құдай-ау, Жайлаубегім туған жылы ма, әлде Боранбай туған жылы ма еді?.. – Раушан әлденені есіне түсіре алмағандай сұраулы жүзбен бір сәтке кідіріп қалды.


 

– Е, сенің қай ұлыңның қашан туғанын білетіндей беліңді біз тартып па едік?! Хе-хе-хе...


 

Раушан өзінен екі мүшелдей үлкен Сәлімнің әзілін парық та қылған жоқ, әңгімесін жалғап кетті. – Е, иә, Жайлаубек туған жылы екен ғой. Қызылитті жайлаған момын қайнағаның үйіне екі қонып аттаныпсың. Біз іргесіндегі Қанжығабұлақты жайлағанбыз. «Баяғы Расылбек болса бізге де бір соқпай кетпес» деп ойлап, бауырсағымды пісіріп, қуырдағымды турап дегендей, замандасыңды Шіліктідегі магазинге түнделетіп шаптырайын. Ертеңіне орныңды сипап қалдық. Сендерге ренжідің не, ренжімедің не?!


 

– Сол жолғы және бүгінгі сыбағаңды жиып-теріп, бір-ақ көрсетудің мүмкіндігі енді келді. Ертең түс әлетіне таман ауылыңның тұсынан шаң беріп қалармыз. Сен бұл жерде отырып, бұлбұлша сайрағанша онан да байыңды магазинге тағы да шаптыра бер. – Сәлім әңгіменің төркінін үйреншікті әуеніне қарай қақпайлай берді.


 

– Тақыр жездеке-ай, құлқыныңа құрт түссе сендік бірдеңе үйден де табылып қалар. Қой, үйбай, мен әлгі келінжанға көмектесейін. Расылбек аттан түсіп үлгермей-ақ өкпемді айта бастаппын ғой.


 

Ол қолымен жер тіреп, орнынан ауыр көтерілді. Өз қатарынан озып, егделердің ортасынан көрініп қалған құрбысын Расылбек көз қиығымен шығарып салды. Сәлім ұйқыға бас қойған. Шәй қайнап, қуырдақ піскенше мызғып алмақшы. Құсыман етігінің қонышына тыққан әдеби журналға үңілді. Расылбек болса, институтта жүрген қамсыз күндері туралы ойлады, Алматыны еске алды. Өзін аспирантураға қал деп өтінген ұстаздарын ойлады. Сонан соң туған жер деп арманындай алдына ұстаған атамекенінің шетін көрген соң, өрекпіп келген өр көңіл шіркіннің демде басылғанына таңқалғандай. Таңқалмай қайтсін, ер жетіп, есейіп оралған шағында балалық күндерінің ізін көріп, толқығанымен сол кездегідей бұл өлкенің тіршілік-тынысымен бірге тыныстай алмай өзін аспаннан түскендей елінен де, жерінен де тым-тым оқшау сезініп отыр. Мүлде басқа ортаға сіңісіп, табиғатымен өзгеріп, бөтен де бөгде болып келгендей. Кеше ғана тығылмақ ойнап, қысқа күнде қырық төбелесетін сары қыздың бүгінде салпы етек, сарықарын әйел болған түрі мынау. Иі қанбаған көнтеріден үлгісіз пішіліп, жобалап қана көктеле салған қаусырма тондай пошымсыз болып кетер ме осынша. «Тоғыз балам бар» дейді-ау тағы да...


 

Үйде жатқан үшеуге тыста жүрген үшеу ақ марқаның уыздай қуырдағы мен буы бұрқырап деміккен сары самауырды үйге алып келді.


 

Тұрсын жаюлы тұрған жүктің астына қолын сүңгітіп жіберіп еді, шөлмектердің нәзік сыңғыры естіліп қоя берді. Ұйқысын аша алмай есінеп отырған Сәлім жымиды. Сөйтті де: «Біздің Тұрсынның дүкені жүгінің астында орналасқанын білеміз ғой», – деді.


 

– Қонақ келіп қалса деп сақтық жасаймыз да, әйтпесе жаныңда тұрған дүкенің жоқ әкеле қоятын, – деп, Тұрсын жуып-шайып жатты.


 

Сол күні қой түстен кейін күндегідей ұзап жайыла алған жоқ. Ауыл алдындағы өріске шығар таптаурын сары доңғалда жатты. Конақтары бар, қойшысы бар төрт азаматтың дастарқаны ымырт үйіріліп, қараңғы түскенше жиылған жоқ. Талай шөлмектер іштеріне сақтаған ашулы сусынан босаған соң көк тиындық құндары қалмай іргеде домалап жатты. Шөлмек ішінен адам ішіне орын ауыстырған заһарлы сусын талай-талай әңгіменің тиегін ағытып, талай-талай кептерді қайырттырды.


 

Құсыман өзгеден сақ ішті. Аз сөйлеп, көп тыңдады. Қабақтың астына шалқалай салынған үтір сияқты қысық көзін әркімге қадай қарайды, сынай қарайды. Бір ескі, бір жаңа, бір кәрі, бір жас – қос зоотехникті өзінше салмақтап, екеуіне шақтап, өзінше тон пішеді.


 

Тұрсын кеше ғана аңдаусызда аңғырттықпен өткізіп алған балалық шағын жиі-жиі өкінгендей еске ала берді. Жайшылықтағы тұйық жігіт арақтың әсері ме, әлде бөгет болар Сәлім есік алдындағы жатқан ескі туырлықтың үстіне барып ұйқыға кеткен соң ба, Тұрсын әйтеуір, әңгімешіл болып алды.


 

– Өткен күнде белгі жоқ, әйтпесе заманында тізеңіз тәуір-ақ батып еді-ау, – деді Тұрсын бұған күле қарап.


 

– Е, бір үйлі жанның бар жүгін мыңқ демей арқалап алып, маң-маң басып жүре беретін баяғыдағы Мәуітқан ақсақалдың Балабурасындай жігіт болып жеткен екенсің. Ендеше сонда кеткен есеңді енді қайтаруыңа болады ғой.


 

– Жоқ, – деді ол ыстақанын қолына нығарлай ұстап. – Мұны сізге ағаға айтар зілсіз еркелік, базына ретінде ғана әншейін еске алып отырғаным ғой. Әйтпесе менің де адам сүйер қылығым бар ма еді?! Мен үшін күйіп-пісіп, ашуланатынсыз, мен үшін сөз естіп, мұғалімдердің жиналысына түсетінсіз, бәрін де білетінмін. Иен бөлмеге қамап алып, нығарлап та алар едіңіз ондайда. Сонда да маған деген бір бүйрегеңіздің бұрылып тұратынын сезетін едім. Ақыл айтатынсыз. Адам болуымды тілейтінсіз. Сіз қанша тізе батырсаңыз да ол жайлы ешкімге ләм деп тіс жармаушы едім. Айтсам сізге тым жақсы бола қоймайтынын да білетінмін...


 

Ол қолыңдағы арағын өңешіне құя салды да, тоңази бастаған бағланның етін тісіне басты.


 

– Бір күні Нағыштай жездем қойын өргізіп, ауылдан екі-үш шақырым шығып кеткен соң, екі етегі екі жаққа далақтап, ит қуғандай ауылға қайтадан шауып келіпті. Әлі ояна қоймаған апайымызға үй сыртында тұрып:


 

– Уәй, бәйбіше, бермен шығып кетші тезірек, – деп айғайласа керек.


 

– Не болып қалды, байқұс-ау, – деп үйден ұйқылы көзімен жүгіре шыққан апайымызға не айтқан екен дейсіз ғой?..


 

– Бәйбіше-ау, айтылмаған бір сөзім қалыпты. Өткен жылы осы уақытта, дәл осы жұртқа келіп қона қалдық қой. Сонда осы Қараарықтың жағасында Кәлім екеуміз мұқыр мүйіз қара өгізге таласып, қатты тәжікелесіп қалған едік. Ол да сен тұр мен атайын дейтін қызыл көздің өзі емес пе. Екі ауыз сөзге келмей ат үстінде тұрып, шаппа-шұп ұстаса кетейік. Әйдәй, жұлқысып жүрміз, жұлмаласып жүрміз. Қойшы, әйтеуір, сүт пісірімдей уақыт өткенде көкпарға тартқан көк серкедей өңгеріп-ақ әкеткенім... Жоға деймін-ау, пәтшағардың қарулылығына таңғалғаным.


 

– Өй, былтырғы әңгімеңді неғып биыл айтып тұрсың маған? Әңгүдік-ау, малың қайда? – деген апайымызға:


 

– Беу, соны айтқалы келдім емес пе саған. Еске түскенде айтып тастамасам, тағы бір жыл ұмытып жүрермін, – деп, қойына қарай қайтадан далбаңдай жөнеліпті ғой.


 

Расылбек жәй ғана жымиып қойды.


 

– Не айтайын деп едім? – деді Тұрсын. – Е-е, иә, «айтылмаған сөзім қалыпты» демекші есіңізде ме, бірде интернат жанындағы қара моншаны жағып, алдымен ұлдар жуындық. Бізден кейін қыздардың моншаға жуынатын кезегі болатын.


 

– Иә, есімде. Күні кешегідей. Айта бер, бауырым. Екеуіміз де біраз қызық дәуренді бастан кешіппіз ғой. Мен өз өмірімдегі ең бір тамаша кезең деп сол өздеріңе тәрбиеші болған тоғыз айды айтар едім. Тұңғыш рет ғашық болу деген дерттің дәмін де татқаным сол жылы болатын. Ойлап отырсам, мен де сарауыз бала екенмін ғой. Сол кездерді бұл күнде еске алу маған жанның рақаты сияқты... Иә, айта бер.


 

– Содан, желкеме мінген ақсайтандарым бүйірден түрткілесін-ай кеп. Тағы бір сұмдықты бастауға тәуекел еттім. Ол жаман ой моншадан шығып, киініп отырғанда есіме түсе қалғаны.


 

– Балалар, – дедім мен сияқты желөкпелерге, – мен осы моншаның ішіне тығылып қалайын, – деген сөз аузымнан шығуы мұң екен, әйтеуір, қызыққа жандары құмар балалар ду ете қалысты. Арқамнан қағысып, тамаша идея тапқаным үшін гуілдесіп берді дейсің. Не керек, моншаның буланатын сәкісінің астына жасырынып қала бердім. Дәл сол күні сіз аудан орталығына жолаушылап кеткен болатынсыз. Бар шаруаны өзіміз Сарыбүйрек атап кеткен Әмірге, содан кейін менің мына жаман әйелім бар... Айтпақшы, ол да бір кезде төбемізге шәй қайнататын шолақ белсенділердің бірі еді ғой. Бәрібір сол кезде-ақ ұнатып жүретін қу екен. Қыз қулығы қырық есекке жүк деген рас-ау. Маған қоқаңдауы өзінше қулықсымағы болса керек, баяғы...


 

Басшыларымыз – осылар. Содан бір кезде интернатта жататын ірілі-ұсақты қыздардың жиырма шақтысы тыр жалаңаш келді шуылдасып. Нартәуекелмен буланатын сәкі тақтайдың астынан тұрдым да, бір-бір елегендерін құшақтап алып, арық тоқтыдай тыртиып-тыртиып жүрген жалаңаш қыздардың қақ орталарын жарып өтіп келе жатырмын. Қыздар болса, қасқыр шапқан жылқы үйіріндей шу ете қалды. Біреулері қолдарымен кеуделерін жасырса, енді біреулері күнтиместерін көлегейлеп жатысты. Енді біреулері елегендеріндегі суларын маған шашты. Қаша жөнелу үшін киініп даяр отырғанмын ғой. Моншаның ыстығынан тер басып онсыз да малмандай болып отырғанда суға түскен тышқандай әбден малшынып шықтым. Қыздардың жалаңаш денесін көрсем деген қиялым әдіре қалды. Біреуіне көз тоқтатып үлгермеппін ғой. Су-су болған күйімде тысқа бір-ақ шықтым. Біздің қулар болса, мәз болысып, сұрақтарын жаудыртып жатыр. «Көрдің бе, қалай екен?» дейді иттер. Амал не, он минут өтпей барлығы жылап-еңіреп, мектеп директорының кабинетінен бір-ақ шықсын. Сонымен не керек, сіз ауданнан оралғанша интернаттан қарамды өшірдім.


 

Сол бір кездегі менің жалғызілікті халімді білсеңіз, әттең... Өзімді интернаттан қудырған барша қыздардың алдарында еңсемді түсірмей, қабақ шытпай сол жайраңдаған күйімде кетсем де былай шыққан соң езіліп көп жыладым, Реке. Өгей шеше жазықсыз ұрғанда да, сіз жеке бөлмеге қамап алып, аяусыз жазалағанда да бала болып көзіме жас алмаушы едім. Тек әзиз анамды ойлап, ол болса менің бүйтіп көрінгенге жұртта қалған иттей жеккөрінішті болып жүрмесімді ойлап жабығатынмын, қамығатынмын. Бірақ, бала да болсам әр қиыншылықты қасқайып тұрып қарсы алар едім. Жылау деген әйел затына ғана тән осалдық деп білетінмін. Иә, аға, мен сол жолы қатты жыладым. Тұңғыш рет қатпаған қабырғамның қайысқанын, бекімеген бұғанамның майысқанын мойындағандай болдым. Өзгеге емес, өзімнің содыр жаратылысыма налып жыладым.


 

– Сен бір жыласаң қөзіңе көлегей болып тұрған қыңырлық пен қайсарлықты жас жуып кетірер деуші едім... Естуімше одан кейін де түзу жолға түсе алмай біраз сүрінген көрінесің...


 

– Меңзеп отырғаныңыз менің түрмеге түскен жайым болар. Рас, кінәсіз едім деп ақтала алмаймын. Бірақ, қиратып тастаған қылмыстымын десем өз бетіме өзім күйе жаққаным болар еді. Мен сізге бар шындығымды айтайын, бұл жанымнан шығарып отырған пәлсапам емес, өмірдің өзі үйреткен ақиқат...


 

Адам іштен ақымақ болып тумайды – бұл жаңалық та емес. Ақымақтың да, ақылдының да өздеріне сондай айдар тағыларына алдымен төңірегіндегі адамдар себепші болады екен. Әсіресе, мен сияқты оң мен солын танып үлгірмеген, оның үстіне қызыл иті қыңыр шауып жүрген адамның жолдан тайып құлап түсуі қиын емес екен. Кім біледі, сол кезде менің жанымды да ұға білген жан болса, «сотталған» деген сұрқай сөзді тағдырыма жалғамаған болар едім... – Ол қолындағы орта ыстақан арақты үстемелей толтырды. «Ішесіз бе?» – деді Расылбекке отты жанарымен түйіле қарап. – Iшпейсіз, ә?!.. Мен тағы бір шындықты айтайын ба? Сіз дәл қазір мен жайлы «бұрын ақымақ бала болса енді ақымақ жігіт болып өскен екен» деген ойда отырсыз ғой.


 

– Тұрсын, аз-кем тынығып алғанымыз жөн шығар, – деді Расылбек әңгіме ушығып кете ме дегендей.


 

– Әңгімем аяқталған жоқ әлі... Адамдардың адымын аштырмайтын, төрге сүйремей көрге итеретіндер де тек өз қамымен қалтырап жүретін жандар. Әрі-бәріден кейін, қоғамға, айналасына ақымақтан гөрі сондай алаяқтар зияндырақ келеді. Ондайлар өз беделіне кішкентай ғана кір түсіріп алмаудың жолында басқаның қанатын қырқудан да қымсынбайды...


 

– Сөйтіп өзіңді неге қылмысты емеспін дедің?


 

– «Қылмысым жоқ» дейтінім мектептен қалған соң айналамнан демеу болар жылы қабақ іздеген едім. Егескенде тым ақымақ емес екендігімді ісіммен, еңбегіммен дәлелдегім келді. Бірақ, «жасың жетпейді» деген сылтаумен ешқайда жұмысқа алмады. Бір жылдай өгей шешемнің сиыр фермасындағы жұмысына көмектестім. Ақыры механизаторлар даярлайтын оқу орнына келіп түстім. Оншақты күн оқыдым. Менің техникаға деген ыңғайымды, ынталылығымды жетекші мұғалімдерім мақтап та жүрді. Ойламаған жерден бір күні директор шақырады дегенге, алдымнан қарбыз жарып тосып отырғандай, аңқалақтап жетіп келейін. Томпақ көз төртбақ қара еді директорымыз, суық қарсы алды. Сәлеміме ернін де жыбырлатпастан әңгімені сауал қоюдан бастады.


 

– Шырағым, не бүлдіріп жүрсің? – дейді ол «үй-ішің аман ба?» деген сияқты жайбарақат қана. Қаракүрең жүзінде, адырайған томпақ көзінде мысқыл бар.


 

– Ештеңе де бүлдірген жоқпын, – деймін мен сасқалақтап. Кінәм жоғын білсем де, «Бөрінің аузы жесе де қан, жемесе де қан» дегендей әбден «бүлдіріп» деген сөзден аузым күйіп қалыпты. Айдарымнан жел есіп, есіктен еркін кірсем де екпінім қайтып, айылымды жия алмай төменшіктеп қалдым.


 

– Шырағым, оқудан шығарамыз, – дейді ол сызданған қалпында жайбарақат қана.


 

– Неге? – деймін мен таңырқап.


 

– Сен сияқты айтулы бұзықты оқытып опа таппаспыз, – дейді ол түпкілікті шешімін айтып. – Бүгін бүлдірмесең ертең бүлдіресің. «Құтырғаннан – құтылған».


 

– Көзіңіз әбден жетіп отыр ма, менің «айтулы бұзық» екеніме? – деймін мен.


 

– Жетіп отыр шырағым. Оқыған мектебіңнің директоры жаңа телефонмен бәрін де қолмен қойғандай түсіндірді, – дейді ол. – Біздің оқу орны – облыстағы ең таңдаулы училище.


 

– Бірер жыл бұрын артық кеткен жерім болғаны рас, ағатай. Бірақ оның бәрі өткен іс әрі жазамды алып едім ғой. Болашақта ондайлар қайталанбайды, ағатай. Ант етейін! – деймін мен оның қатал үкімінен зәрем ұшып.


 

– Сөз қысқа, шырағым, ерте бастан табаныңды жалтырат. Әйтпесе, милициямен айдатып жіберемін, – дейді ол онсыз да қара күрең бетіне қаны теуіп.


 

– Кетпеймін, – деймін мен де қасарысып. – Кісі өлтіргем жоқ, біреуді тонағам да жоқ милиция шақыратындай.


 

Жоқ, кетесің, – дейді ол мені итеріп тастамақ болып орнынан тұрды. Бой бермедім. Күш жұмсағанда мен де күш жұмсадым. Сақалды басымен ұялмай-қызармай қаршадай мені жұлмалап жүрген адамды мен де аяғаным жоқ. Алысып жүргенде аузыма түскен бас бармағын тәуекелмен қышырлатып шайнап алдым. Бар болғаны сол, аға. Содан кейін «сотталған» болып шыға келдім.


 

– Бауырым, қате болған. «Өткен іске өкінбе» деген, өз жолыңа түсіпсің, өмірлік жар тауыпсың. Сәкең сені жеткенше мақтап келді. Табан ет, маңдай терімен, әділ жолмен еңбек етсең болғаны да.


 

– Әділдік дейсіз бе? Иә, әділдік деген жақсы нәрсе ғой. Бұл Сәкең шалдың өзі кім, сөзі кім? Бірақ...


 

Ол көмейіндегі сөзді айтпай, аз-кем томсарып отырып қалды. Содан кейін удай ащы мысқылмен мырс етті. Айтылмай көмейдегі көміліп қалған сөзді ол күлкімен бірге сыртқа шығарып, бойын жеңілдетіп алғандай...


 

– Аға, жақында мен туралы аудандық газет очерк жариялап, суретімді де басыпты. Бала кезімдегі біраз сүрінгенімді тәптіштеп-ақ жазған екен. Қазір жүз пайыз түзелгенімді еңбектегі көрсеткішімнің дәлелдей алатынын атап көрсетіпті... Егер көрсеткішім төмен болса, мінезімнің түзелмегенін білдіретін сияқты. Сонан соң менің дұрыс жолға түсіп, саналы азамат болуыма келіншегім Ақмаралдың үлкен ықпал етіп, оның нағыз ер серігі бола білгенін айтыпты. Оған да дауым жоқ. Бірақ «өз еңбегімен бүкіл аудандағы ең озат шопандар қатарына қосылды. Оған Тұрсынның жүз саулықтан 144 қозы алғаны, әр қойдан үш килограмм жүн қырыққаны куә» – дегені қинайды ғой мені. Өз арымның алдында, азаматтық арымның алдында қиналамын. Амал не, әттең, бәрі де кеш...


 

– Жарайды, – деді ол, – тысқа шығайықшы...


 

Расылбек әңгіменің ар жағын сұраған жоқ. Сосын сыртқа шыққан соң, есік алдында жатқан күйі ес-түссіз ұйықтап жатқан Сәлімді көтеріп апарып, үйге жатқызды. Бұл кезде Құсыман да үйде ұйықтап жатқан. Сәлімді төрге сұлатқан соң Тұрсынның өзі де оның жанына қисайып, бірден қорылға басқан.


 

Үйде қалған үш азамат кешті осылай батырғанда Ақмарал мен Қуанышбай отарды ауылға қарай беттетіп келе жатыр еді.


 

 

III


 

 

Сәния нағыз жезтаңдай әнші еді. Оның майда толқынды нәзік үнін естігенде Расылбек бәрін де ұмытып, жан дүниесімен ерекше бір әсемдік әлемін аралап кеткендей сезінетін. Үзілдіріп Абай әндерін айтқанда бұл ерекше бір рақатқа бөлене, ессіз емірене тыңдайтын. Өз-өзінен елжірей, қос жанарының аясына әлдебір мұң ұялағандай күйде болатын. Ол Абай ауылының «желсіз түнін», «Айының сәулесі суда дірілдеген» терең сайын көз алдына елестеткісі келетін. Сол маужыраған мөлдір тыныш түнде қол ұстасып қыдырып жүрген қос ғашықты – Абай мен Тоғжанды көз алдына елестеткісі келетін. Бірақ олар көкірек түкпірінен көмескі елес бергенмен, жанды сурет болып әсер бермейді. Көз алдына Абай ауылы емес, өз ауылы, көбінесе көктеуде әкесі барып қозы аяғын сергітер Үйдене өзенінің жағасындағы қонысы, не Айғыркөмген жайлауы елестей беретін. Түн құшағында мүлгіген қолат-қолат қойнаулы таулар, қалың қарағайы ну болып өскен сыңсыған орман, сай-салалы, терең шатқалды жайлаудың арқар-маралы жортқан жондарын елестетеді. Құлағына Үйдене немесе сол Үйдененің таудағы басы болып саналатын Күркелі өзендерінің айбынды сарыны келеді. Ауыл маңында серуендеп жүрген қос ғашық – Абай мен Тоғжан емес, өзі мен Сәния болып елестейді. Бір кезде оның қасындағы Сәния емес Кәмилә болып: «Ағай, мен қайтайыншы, жеңгем іздеп қалар», дейтін сияқты. Оның жәудіреген қой көзі Ай сәулесімен ойнап, жарқ еткендей. Жігіт осындай ойлардың әлегімен, осындай елестердің әлегімен отырғанда ән аяқталар еді. Бар жұрттың дүрілдете қол соғып, әншіге құрмет көрсеткенде тағы да Расылбек көңіліндегі кішкентай Кәмилә бейнесін жырақтатып, көз алдындағы бойжеткен Сәния дидары оның орнын басар еді. Орнын басар еді де, өзінің болашақ жан жарының осындай үлкен өнер иесі болғанына масаттанғандай жанында отырған курстас жігіттерге көз салар еді. Әрине, олар да кеу-кеулесіп, Сәнияның қол-аяғын жерге тигізбей мадақтап, әншілік өнерін аспандата бастар еді. Қайсыбір еті тірі пысықтары Расылбекпен бірге қыдырып, қалыңдығының құрбы қыздарымен танысуды көздейтін. Олар Сәнияның құрбылары да осындай өнерпаз болар деп ойласа керек. Тіпті Қожаштың бірде: «Өзі әнші, өзі сұлу қалыңдық тапқан біздің Рекеңде де арман бар ма екен, шіркін?» дегені бар. Қызығудан гөрі қызғанышы басымдау екенін бұл да сезген. Шындығында қыз өнері Расылбектің өзін ғана емес, жанындағы жігіттерін де сүйсіндіретін. Әрқайсысы осындай сегіз қырлы, бір сырлы жар табуға жан салып жүргендей көрінетін. Расылбек Сәния жанында жүргенде өзін әмәнда бақытты сезінетін. Тілерсегіне түскен қос бұрым, келісті сымбат, еш міні жоқ ақша бет, оймақ ауыз – нағыз жігіттің жігітін мойын бұрғызар қаса сұлуға бітетін мінсіз мүшелер.


 

Олардың танысқанына да бір жылдан асып қалған. Одан бері Алматы кештерін жұп жазбай бірге өткізіп келеді. Соңғы кезде үй болып, отау тігу мәселесін де жиі сөз ететін бұлар.


 

– Асықпайықшы, – дейтін Сәния. – Оқуымызды бітірейік. Тек институтты ойдағыдай аяқтап, аспирантурада қалуды ойлан. Мен институтты қалай бітірсем де бәрібір, әйтеуір, диплом алсам болғаны. «Қазақконцертке» орналасуының мүмкіндігі бар сияқты. Басшылары қазір барсам да қабылдайтын сыңай танытып жүр.


 

Бұл тұсқа келгенде Расылбек қиналар еді. Оқуды өте жақсы оқығанымен өзінен ғалым шығатынына күмәнданады. Шаң басқан ескі арxивтерді ақтарып немесе қорадағы жемге байлаулы малдардың төңірегінде ғылыми зерттеу жүргізіп ғалым болғанынан салқар жайлау төсінде нағыз өмірмен қоян-қолтық жүріп білгір болғанды жоғары санайды. Оның үстіне, «Ертең ұлым оқуын бітіріп келіп туған жердің өрісін малға толтырар маман болады» деп, өзіне үлкен үміт артып отырған әке арманын жер еткісі жоқ. Әке-шешеден бес-алты ұл-қыздың ішінен Расылбектің әпкесі мен өзі ғана сарқыт сияқты болып қалған. Оның үстіне әке шіркін қызды «жатжұрттық» санап, олармен сырттан ғана сыйласқанды жөн көреді. Қара ормандай алды-артында қаптап жатқан аға-іні, жалғыз әпкеден өзге ешкім жоқ. Жалғыз шалдың жалқы тұяғы, жалғыз үміті өзі ғана. Астанада қалып, алшаңдай басқанмен ата-мекеннен алты шақырым жер ұзап баспаған, басқысы да келмейтін әкені мұнда көшіріп әкеле алар ма? Бәрін койғанда, аспирантураға түсуінің өзі де неғайбыл, бұл да бір үміт қана емес пе. Қалай да менің Сәниямен отбасын құруым үшін әйтеуір, екеуіміздің біріміз кішірейіп, екіншіміздің айтқанымызға көнуіміз қажет. Осы жайларды ойлаған Расылбек өзінің қыздың дегеніне көнуін қисыны аз қиял екен деп түйеді. Сол сияқты Сәнияны да ауылға алып бару оның үлкен өнеріне, табиғи талантына аяусыз қиянат жасау екенін де іштей мойындайды. Әрине, ауылға барғанда да оған кішігірім сахна табылар, бірақ үлкен өнер ортасынан жырақтатып, шалғай шығарып әкету оның қанатын қырыққанмен бірдей емес пе. Бірақ ол «бәрін уақыты келгенде көре жатармын» деген оймен өз пікірін ашып айтпайтын. Кейде: «Мен саған қашан үйленемін, қай жаққа алып барамын, ол – өз еркімдегі іс. Өйткені, мен сені лотореяға ұтып алғаным жоқ па!» дейтін әзілдеп.


 

– Сен лотореяға машина немесе басқа бір зат ұтып алсаң ерік өзіңде болар еді. Менің өзімді ұтсаң да еркімді ұта қойған жоқсың, мен пікірі бар адаммын, оны да ұмытпа, – дейтін ол да күліп.


 

Расылбектің «Мен сені ұтып алдым» дейтіні екеуінің алғаш танысуларына дәнекер болған бір үйлену тойындағы лоторея ойыны еді.


 

Расылбек ол кезде екінші курсты тәмәмдап, студенттердің құрылысшы отрядтармен бірге басқа облыс жеріне аттанғалы жүрген. Соңғы курста оқитын ауылдас бір жігіті үйленіп, мұны да тойға шақырған. Студент халқы қандай, той десе жанып түседі. Барша студент атаулының тойға апарар орамалы – кесімді он сом. Шамасы жетер, жора-жолдастардың бүтін бір стипендияға дейін мырзалық жасап, той жасаушыларға көмекке беріп жіберуіне болады. Ал бір қызыл қағаздан кем беру – ұят. Студент шіркінді шақырмаса амал жоқ, шақыра қалса, көйлегін сатса да шашу-жоралғысының кесімді пұлы табылып тұр дей бер. Оны өздері той жасаушыға жолдастық көмек беру деп түсіндіреді. Сондықтан да той иесі жүз студент шақырса кемі дөңгелек мың сом келіп тұр деп есептейді. Студенттер жалпы кедей халық деп аталса да той жасарда олар осындай жолдастарының көмегіне сенгендіктен, «жығылсаң нардан» дегендей, тәп-тәуір кең-мол асханалардың жалына бір-ақ жармасады. Ресторан-кафе дегендер туралы әңгіме болмайды.


 

Расылбек те тойға апарар шашуға қиналған жоқ, өз бөлмелеріндегі мөлтек «ұжымшар кассасынан» қарызға алды. Бір жақсы жері жігіттердің біреуі ақшаға тарығып қалғандай болса өздері ұйымдастырған «ұжымшар» қиыншылықтан құтқарады ондайда. Олар әр стипендия алған күні жарты ақшаларын тамаққа деп, бір адамға жиып береді. Мұндай «ұжымшарлар» әр бөлмеде бірден бар, әр «ұжымшардың» өздері бекіткен қатаң жарғысы болады. Расылбектердің «Ұйымшыл» атты «ұжымшарларының» жарғысы бойынша ақша тойға барушыға, кім көрінгенмен емес, меншікті қалыңдығымен қыдырушыға ғана үш-төрт күнге қарыз түрінде берілетін. Бұлардың «кассирлері» өздері «шөтке бас» деп атайтын бәкене сары жігіт, бекер обалы қане, Расылбекке он сомдықты сөз айтпай ұстата берді.


 

Ол кеш бата бір досының ақ көйлегін, бір досының қара галстугін тағып кердеңдей басып, той өтер асханаға жетті. Несін айтасың, ақ көйлек, қара костюмді сайдың тасындай жұтынып тұрған жігіттер, аққудай мамырлаған аршын төс қыздар жиналып-ақ қалыпты. Қалыңдық пен күйеу келгенше «жар-жар» айтылып, қызу әзірлік жасалып жатыр. Әр жақ, бер жағы ат шаптырым кең үстелдердің үсті көздің жауын алады. Қазы-қарта, жал-жаясы болмаса да қуырылған тауық, балық, арзанқол шұжықтар, жеміс-жидек, салат дегендей нағыз ауқатты студент тойының дастарқаны.


 

Екі жақтың ауылынан келген құда-құдағилар төр басына жайғасып алып, жастардың қызылтанау қарбалас тіршіліктерін алыстан ғана болжасып отыр. Әдетте той қызығы қалыңдық келіп, салтанатты алғашқы бөлімі –«жар-жар», «беташар» өткенше басталмайды. Бұл жолы да тойдың сол салтанатты бірінші бөлімі жарты сағатқа созылып, бата жасалғаннан кейін ғана жұрт шүпір-шүпір әңгіме қаужақ-қужақ ас алуға кірпіскен.


 

Той басқарушы асаба әбден талай тойдың басына су құйып, ысқаяқтанған қу екен, бірде өлең, бірде желдірме қара сөзбен-ақ елді күлкіге көміп жүрді. Бірнеше сөзді дүркін-дүркін беріп тастап, ыстық ас алдындағы жарты сағаттық бірінші «бас жазар» демалысын жариялады.


 

– Әнге конкурс! – деді ол дауыстап. – Жеңіп шыққан үш өнерпазға бәйге бар. Біздің кіші бәйгеміздің өзі кішігірім тойдың бас бәйгесімен таласа алады. Қане, үміткерлер, ортаға шығыңдар!


 

– Оу, міне Алпысбай ән айтамын деп алты күн даярланған, осы айтсын. – Орта бойлы, төртбақ жігіт жанындағы жалпақ бет сарыны нұсқады.


 

– Қой-ей әрі, біздікі әншейін ауыл арасындағы жаяу әншілік емес пе, – деді ол шегіншектеп. Бірақ тым тартынып, бетінен оты шығып тұрғаны да байқалмайды. Әншейін, кішшейілдік үшін жұқалап қана сылтау айтқаны болмаса ортаға шығар сыңай танытып-ақ қалды. «Айтсын-айтсын» деп біреулердің сөз-демеуін күтетін сияқты.


 

– Иә, біздің Алтекең айтсын, – деді тағы біреулер.


 

– Қане, «Қаракесекті» аңыратшы бір.


 

– Міне, бәрекелді, қане жігітім, ортаға шыға қал. Өнеріңді қыздарға осындайда көрсетпесең, соңынан өкініп жүрерсің. Кім біледі, маңдайың жарқырап, мына көп күлімкөз арулардың бірі ғашық бола қалғандай болса... – дейді асаба сумаңдап.


 

Жалпақ сары қамшылаушы жаңағы бірер сөзді күтіп әрең тұр екен. Талтаңдай басып ортаға шықты. Жұрт оның тұрқы мен көлденеңі бірдей жуан денесіне, салбыраған етшең бұғағына қарап, жер жарғандай күркіреген жуан дауыс күтіп тұрғандай еді. Жалпақ сары қыз үнінің әнтек алдында ғана жіңішке дауыспен сызылтып қоя берді. Қыздар жағы мырс-мырс күлді, жігіттер де бір-біріне қарасқан.


 

 

«Келе жатсам көшеде көнілім тасып,

Бір сұлу қыз келеді кердең басып...

 

«Апырай, қызық болмаса игі еді», – десіп қалды бір қулар.

 

– Жедел басып, жанына келсем-дағы

Сөз таба алмай, шіркін-ай, қалдым сасып...


 

 

– «Қап, бүлдіреді-ау өстіп»...


 

– Содан не болды?


 

Аузы қышыған жігіттер әншінің алдын кес-кестеп, орай берді.


 

 

– Келсем-дағы жаныңа жанасалап,


 

Алып қетті Қошқарбай «құдашалап».


 

 

– Уа, бар бол!


 

– Жігіт-ақ, екенсің онда!


 

Дегенмен жалпақ, сары жол ортасына келгенде өнер шығарды. Әннің орта тұсынан ауа үнін мүлде өзгертіп, гүрілдеп қоя берсін. Жігіттер тына қалды. Қыздар бір-біріне қарасты. Қызыққойлар қол соғып, әншіге үлкен ықылас қойды. Бұл Алпысбайдың әншілік өнеріндегі көптен қолданып жүрген кәнігі тәсілі болса керек. Сонысымен-ақ біраз бедел жинағандай. Өнерпаздарды сарапқа салатын қазылар алқасының мүшелері сияқты төр алдында жайғасып отырған құда-құдағилар да: «Өркенің өссін, шырағым өркенің өссін!» десті.


 

Әлдебіреуі Расылбекті де сыртынан сатып қойыпты.


 

– Жолдастар, зооветтің студенті Расылбек деген жігіт ортаға шығуға сұранып тұр, – деп қойып қалды асаба.


 

Расылбек институтқа түскелі факультеттің көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып жүрген, әдемі ғана майда қоңыр дауысы бар еді. Кезінде қала болмаса да ауыл тойларының бетжүздік әншісі атанған. Ол өзінің сүйікті әні «Сырымбетті» бастады. Үні бабында сияқты. Кең тыныспен, асықпай, абдырамай ғана тереңнен толғап шырқайтын Ақан әні оған талай жерде абырой әперген. Расылбек әннің сәтті басталғанына қарап, ойдағыдай аяқталарына кәміл сенді. Әуелетіп, аспандата сорғалататын әннің ең құдіретті шарықтау шегіне келгенде ол шын шабыттанып, бұйра шашын сілкіп тастап, ерекше екпінмен шырқады. Тіпті, өз дауысына өзі риза болып қалғандай.


 

Өлең айтып тұрған оның көзі мана өзімен дастарқандас отырған қолаң шаш аққұба қызға түсті. Бір-біріне ұрлана көз тастасып қалған. Расылбек оны көріп бүйрегі бұрғанмен қыз жанында отырған қайрақ қара жігітті көріп, өзіне сап-сап тоқтау айтқан. Ән айтып тұрған Расылбек өзіне деген қыз назарының бөлек екенін байқағандай. Әншіге қөрерменнің бәрі де қарап тұрары белгілі, дегенмен ол өзіне деген қыз ықыласын ерек аңғарып, ерекше сезінеді. Кім біледі, мүмкін өзіне солай көрінген болар. Расылбек да жанарын тайдырған жок. Қызға қадалған күйі:


 

– Бөктергіге қор болып барасың ба, еркем-ау, – деп шырқады.


 

Қайрақ қара жігіт қызға бірдеңе деп сыбырлады. Қыз жақтырмаған сыңай танытып, қабағын кіржің еткізді. Расылбек оны да аңғармай қалған жоқ. Ол Ақан айтқан ән жолдарын өзі шығарып, осынау аруға арнайы айтып тұрғандай сезінген.


 

 

– Алтын қайық жарасар күймесімен,

Наздана алмас сұлу қыз сүймесімен...


 

 

«Жасырма, сұлу қыз, жаныңдағыны жаратпай-ақ тұрсың ғой, мен оны бір қарағаннан-ақ сезіп тұрмын. Сондықтан да Ақан әні арқылы айтып тұрған өз ойым ғой» дейді ол қызға әннің мәнін жанарымен ұқтырмақ болып. Расылбек әнді аяқтап болған соң да жаңағы қыз тұрған жаққа көз салды. Ол шын риза болған рай танытып, ықыластана қол соғып тұр екен.


 

– Тағы да айтсын, – деген қошеметші дауыстар естілді.


 

– Иә, айтсын, – деді құдалардың біреуі.


 

– Көпшіліктің сұрауы бойынша тағы бір ән, – деді асаба да.


 

Расылбек бұлданған жоқ. «Сырымбеттегідей» емес, ойнақы, көтеріңкі дауыспен «Шегенің ариясын» аңыратсын.


 

– Оу, бәрекелді Жібекжан,

Айың тусын оңыңнан,

Жұлдызың тусын солыңнан...


 

Ән аяқталғанда жұрт дуылдата қол соқты.


 

Жігіт үлкен бір сыннан сүрінбей өткендей еркін басып, оңаша барып тұрды. Ортаға шыққан күйшілерге, бишілерге көп назар аударған жоқ. Әйтеуір әзір өзінен ешкімнің аты озбағанына іштей сенулі. Бір кезде: «Ортаға Сәния шықсын, Сәния шықсын! Әу дегенін есту үшін ғана ат арытып келсең де өкінбейтін Сәния тұрғанда оның бұлбұл үнін естімеу кешірілмес күнә ғой» деді бір жігіт.


 

– Қане, Сәния қыз, қайдасың? Ортаға! – деді асаба.


 

Расылбек керіле басып, топ ортасына шығып келе жатқан манағы сұлуды көрді. Оның әрбір қимылы, жүрісі бәрі де ерекше жарасып тұрғандай. Өзіне сынай қараған ондаған көздер де қызды қаймықтыратын емес. Шаршы топта талай-талай сынға түсіп, көздерге де, сөздерге де әбден төселіп қалғанын танытып тұр. Сәл иіліп, көпке алдын ала тағзым етті де жанына жақын келген сырнайшы жігітке сыбыр еткендей болды.

Расылбек бейтаныс қыздың да сахнадан өзі сияқты абыройлы оралуын іштей қалайтын сияқты.


 

Бойжеткеннің мөлдір үні бірден-ақ тыңдаушыларын елең еткізді. Ән баяу да емес, тым әуелеп те кетпей орташа үнмен басталып, қалықтай жөнелді. Оймақтай еріндер дөңгелене ашылғанда төгілген тау суындай сылдыраған мөлдір үнде ерекше бір сиқыр бардай құлақтан кіріп, бойды жаулады. Үндегі табиғи діріл қыздың туа бітті дарын екенін, ал сахнада әншіліктің, сұлулықтың үндестігін дәлелдеп тұр. Жанға жайлы, кедірі жоқ, бұдыры жоқ қалықтаған әсем әуен қыз аузынан төгіліп, барша тыңдаушыларын тәтті ләззатпен қымтап алды. Расылбек те әншіден көз алған жоқ. Қыз да оқтын-оқтын жанарын бұған тастайтындай. Абайдың әсем сазды «Желсіз түнде жарық айы» қыз аузымен жаңаша түрленіп, жаңаша әрленіп төгіледі. Ғажап ән өз құдіретін xалыққа жеткізе алатын орындаушысын тапқан соң жігіт жанын ерекше мөлдір сезімге бөлеп алды.


 

Тұңғыш рет осы әнге осылай ғашық болып, тұңғыш рет Сәния бейнесін сол әнімен, сол сәнімен көкірек қойнауының саялы түкпіріне осылай ұялатып еді. Ол манағыдай емес, дәрменсіз күйге түскен. Өз өнерін еңсеріп кеткен қыз әні оның мысын басып, діңкелетіп кеткендей. Бұрынғыдай қыз тұрған жаққа жанарын тура тіктей алмай, ұрланып қана көз салады. Оның үстіне бас бәйгеге сеніп тұрғанда үшінші – кіші бәйгеге қолы әрең жетті. Сәния бас бәйгені – үкілі тақияны иеленді.


 

Тақылдап қалған қу асаба үшінші бәйге иесі деп Расылбекті шақырған соң ол бұған да шүкірлік айтып, ортаға шыққан.


 

– Жүз грамм коньяк басытқысымен! – Бұл – бәйгесінің түрі. Жұрт жапырласа ду күлді. Расылбек не дерін білмей, бір қызарып, бір бозарды. Кері бұрылып кетудің ретін таппай тәуекелмен рюмканы төңкере салып, орнына қарай беттеді. Сөйтті де қалтарыстау бір орындыққа жайғасып алып, бірден шөлмекке жармасты. Біреулер тойға айналғанда бұл жаңағылардың көрсеткен жәбірін, кеудесінде тұтана бастаған намыс отын арақпен өшірмекші болды. Кішкене құтысын ерніне тақай берген кезде:


 

– Сізбен билеуге болар ма екен? – деген қыз дауысы оны жалт қаратты. – Шөлдеп қалған екенсіз.


 

– Ә, жаңағы бәйгелерінің түріне ренжіп, күлкі еткендей... – деді ол күмілжіп. Оның жүзінде өз ісіне ұялғандықпен қоса жұрттың бәрін аузына қаратқан қыздың өз жанына арнайы келіп, шақырып тұрғанына таңданғандық та бар еді. Ол орнынан ықшам көтеріліп, вальс екпінімен қызды қолтықтаған күйі дөңгелене жөнелді. Алақанында жатқан нәп-нәзік сүйрік саусақтар, қыз шашының ерекше бір сүйкімді хош иісі, күлімдеген бота көздер – бәр-бәрі де оны мас еткендей. Тізесі дірілдей бастады. Қыз кеудесіндегі қос анардың сүйір ұшы мұның да жүрек тұсын мамықпен сызып өткендей, сызып өткен сайын тұла бойын ерекше бір ыстық жалын шарпып кеткендей болады.


 

Расылбек оған бірдеңе айтпақ болып оқталды. Ерні де, тілі де икемге келмей, аузына сөз түспеді. Осы бір қияметтің қыл көпірінен өтуге қыздың өзі қолын созған.


 

– Сіздің әніңіз маған өте ұнады.


 

– Жоқ-ә, біздікі әншейін той қызығы үшін әу деген ғой. Нағыз әнші сіз екенсіз.


 

– Ә-ә, рахмет! Мақтағанды кім жек көрсін, – деді қыз күліп. Осы кезде музыка тоқтап, олардың әңгімесі аяқталмай қалды.


 

– Сізді биге шақырған мен ғой, жүріңіз орныңызға апарып қондырайын, – деп күлді қыз. «Күлкісі мұндай жарасымды болар ма» деп ойлады жігіт.


 

– Жолдастар, лоторея ойыны басталады. Бақтарыңды сынаңдар. Түйенің тағасынан баска ұтыстың бәрі бар, қыздардың жігіт, жігіттердің қыз ұтып алуы да әбден мүмкін. Қыз ұтқан жігіт осы тойда сол қызбен ғана билеуге толық хақысы бар. Әрі қарай бір ошақ қасында, бір шаңырақ астында өмір бойы «билеп» өткілері келсе оны өздеріне тапсырдық, – деп жар салды асаба.


 

Расылбектің бір сәтке болса да пәс болып қалған көңіл-күйін Сәния келіп көтеріп кеткендей. Ол да барып бір билет алды. Он үшінші номерлі екен. «Бақытсыз билет екен» деп ойлады ол. «Нем кетті, ең жаманы ұтыссыз билет шығар. Тағы да басытқысымен бір құты коньяк деп жүрмесе». Біреу айна, біреу тарақ дегендей ірілі-ұсақты ұтыстарын жұрт алып жатты.


 

– Номері он үшінші билет, – деді асаба. – Оһо, жолдастар. «Он үшінші билетке бүгінгі бас бәйгені алған әнші қызбен еркінше билеу» деген сөз жазылыпты Салымын-ай, ә! Мұның жанында машина ұту деген бес тиындық бақыр ақша тауып алғанмен пара-пар шығар-ау.


 

– Жолдас, он үшінші билеттің иесі, «ұтысыңызды» алыңыз.


 

Ол орнынан көтеріліп, ортаға таман жақындады. «Он үшінші билет – нағыз бақытты билет болып шықты», – десті жігіттер, өздерінше қызғанған түрлері.


 

– Билетті дұрыстап тексеріңдер, жалған болып жүрмесін, – деді асаба. Өзінше сақсынғандағысы. Оның да ішін қызғаныштың ала күшігі тырнап жатқанын Расылбек сезіп тұр. Ол келген бетте қайрақ қараға «кешірерсіз, ойын заңы» дегендей иіліп тәжім етті де қызға білегін ұсынды. Ол да тілегенге сұраған дегендей іркілген жоқ, «мен де ойын тәртібінің құлымын» дегенді жанарымен білдіріп, жанындағы жігітке ишарат көрсетті де, Расылбектің қолтығында ортаға шыға берді.


 

Екеуі сол күні ұзақ биледі. Қатар отырды. Сәнияның жанында отырған жігіт қызбен кешелі-бүгіндері танысқан жанға ұқсамайды. Қыздың өзін ұтып алған жігітпен қайта-қайта билегендеріне, әңгімелері де жарасып қалғанына шыдамаса керек, қабағы түсіп, қыздың қасына келіп, құлағына әлдене деп сыбырлаған. Бірақ қыз қысылып-қымтырылмай-ақ ашық түрде мәлімдеме жасаған.


 

– Ойын тәртібі бойынша, мен бүгін осы жігіттің құзырындамын, – деп күлген. Оның есесіне қайрақ қараның жүзі күреңітті. Сөйтті де ол да ашық мәлімдеме жасады:


 

– «Ойнақтаған бота от басар». Ендеше, ойының осылғанын да көрерміз!


 

Ол енді маған бұл тойдың мәні қалған жоқ дегендей, теңселе басып, есікке беттеді.


 

– Ыңғайсыздау болды-ау өзі, – деді Расылбек.


 

– Түк те ыңғайсыз болған жоқ. Бес-алты күн қыдырған жігіт некелеп қосқан күйеуім емес қой. – «Демек, басым бос дегені ғой бұл сөзі. Бәлкім, менімен таныстықты жалғастыруға қарсы емес шығар» деген ой келген жігітке. Оның осы ойын растайын дегендей біраздан соң қыз:


 

– Шаршадым, мені шығарып саласың ғой, – деген.


 

Тойшылардың біразы тарап, біраз жігіттер дәудірлеген сөздері қаттырақ естіле бастаған тұста екеуі тысқа шыққан. Сәния жатсынып-жатырқамай-ақ Расылбектің қолтығына тығылып, екеуі бір денеге айналғандай қатар басып келе жатты. Өз өмірлері туралы қысқаша ақпар беріскен. Сәния консерваторияның үшінші курсында оқиды екен. Ауылы Көкшетау маңы. Өзі осындағы әпке-жездесінің үйінде тұрады. Жігіт өзінің болашақ мал маманы екенін естігенде:


 

– Мал соңында жүріп, өз өмірлерін өткізген барша қазақ не марқадам тауыпты?! Инженер, дәрігер деген сияқты бір «современный» мамандыққа түспеген екенсің. Тіпті консерваторияға да сені мынандай даусыңмен қабылдар еді, – деп, бір түрлі реніш білдіргендей сыңай танытқан. Жігіт:


 

– Өзің жақсы болсаң мамандық атаулының «современный» емесі жоқ болар, – деді де қойды.


 

Екеуі түнгі қаланы жаяулап қыдыра жүріп, ара-тұра кездескен орындықтарға құшақтасқан күйі барып отырып дем алады. Ондай сәтте қыздың жып-жылы демі білінер еді. Жігіт ол демге өз демін жақындатуға жүрегі дауаламайды. Манағы бір мұның болашақ мамандығы туралы айтқан сыни пікірі болмаса, бойжеткеннің мұны ұнатып қалғаны рас еді. Қоштасарда:


 

– Енді қашан кездесеміз? – деп сұрауы, өзінің жақындап келіп, бетінен шөп еткізіп сүйіп алуы соның дәлелі еді.


 

Расылбек қала халқы оянып, күндегі тіршілігіне кіріскен шақта ғана жатақxанасына жаяулап оралды. Төсегінде бір уыс болып, әлі ұйқысын аша алмай жатқан «Шөткебасты» жұлмалады. Бүгінгі танысып келген қызы жайлы айтты. Тыңдаушылары әбден мезі болып жалықса да айта бергісі келді...


 

Оның Сәнияны «Лотореяға ұтып алдым» деп әзілдеуінің мәні осында болатын.


 

 

* * *


 

Солтүстікті бетке алған жолаушылар поезы сары даланың апшысын қуырып, анда-санда бір боздап қойып, сар желіп келеді. Әр жерде шөккен нардай дөңкиіп жатқан жалқы төбелер болмаса жол бойы кедір-бұдыры аз, жылмиған жайдақ жазық. Пойызбен жарысқан бағандар ғана қалыспай серік болып ілесіп келе жатқандай. Шілденің ми қайнатқан шіліңгірі бүкіл жалпақ дала төсіндегі қылайған өсімдік атаулыны әлден-ақ сап-сары бояуға малып үлгірген. Әр жердегі аялдамаларда ұшырасатын жапырайған тоқал тамдардан көрінген бірлі-жарым кісілер болмаса, осынау маңнан қараңдаған көп адамды ұшырата бермейсіз.


 

Әйтеуір, елге барамын деген сағыныштан туған бір ынтықтық қана болмаса. пойыз Алатаудан алыстаған сайын Расылбектің бойын көңілсіздік билеп алғандай болды. Жол жағалай қапталдап өскен саялы қалың ағаш Үштөбеге дейін ғана шығарып салып, жерін қимай қалып қойғандай. Жасыл өлке бірте-бірте сарғыш тартты. Кепкен балық, помидор қияры ма, әйтеуір бірдемесін әкеліп, алмасыңа жаныңды қоймайтын әр станциядағы сатымшақ әйелдер де бұл жақта тым сирек ұшырасады. Тіпті пойыз біраз аялдайтын станңиялардың халқы да саған бар мәзірін ұсынып, «қамқорлық» жасап жатпайды бұл жақта.


 

Ол оның себебін бұл жақта жолаушыға ұсынар зат жоқтықтан емес, ондайды ұсақ тіршілік санап, ар көретін халқының бір жақсы қасиетіне жориды.


 

Журналға үңілген болып, өзін алдандырып жатқан Сәнияға қарады ол. Жаңағы азғантай қабақ шытысудан кейін өзінше өкпелеп жатқан түрі. Бұлар бағана Аягөзге аялдағанда ол Расылбекке: «Алма ма, помидор ма, бірдеңе сатып әкелші», – деген болатын. Расылбек купеге екі шөлмек қымызбен ғана оралған. Ол Сәнияға бұл жақта жемістердің көп бола бермейтіндігін, болса да әлі пісе қоймағанын айтып, түсіндірмек болған.


 

– Елі де, жері де қурап тұр екен, қаңсып, – деді Сәния зілді үнмен. Даусында жатқан удай ащы мысқылды Расылбек сезбей қалған жоқ. «Аңсап келе жатқан жұмағыңа жақындаған сайын қу далаға қуғынға кетіп бара жатқандаймын» деген сөзі еді ол. Расылбек мұның бәрін Сәния жанарынан қалт жібермей оқып тұрғандай.


 

– Және бұл маңнан енді жеміс сатқан жанды ұшырата қоймаспыз. Мә, мына қымыздан ішіп, сусыныңды қандыр, – деді ол кінәлі адамдай кібіртіктей сөйлеп.


 

– Көк шалабыңды өзің-ақ ішіп қарық бол! Қайдағы бір ит арқасы қиянға сарсыламыз деп жүріп... – Ол әрі қарай сөйлей алмай булығып қалды. Жанарынан мөлтілдеген жас моншақтары көрінді. Амалсыз айдаумен келе жатқандай бейне. Расылбек те осы арада төзімі таусылғандай бірден морт кетті.


 

– Саған қиыр шет көрінген жер – менің кіндік кескен, туған өлкем. Болашақ қосағын қосынына қарап таңдамайды, ал өзіме көңілің орта болса, жерім жәннәт болса да тұра алмасың белгілі емес пе. – Ол осыны айтып, купеден тоң-теріс шығып кеткен. Сәнияда үн жоқ. Екі-үш сағат бойына теріс қарап жатып алды.


 

Расылбек өмірлік жарым деп қосылған соң тойлары өткеніне он күн болмай жатып Сәнияға ауыр сөз айтып, оны ренжітіп алғанына опынды. Бірақ осы бір ауыз сөзді айтуға ол талайдан әзірленіп те жүрген еді. Өйткені той дастарқаны жиналмай жатып, Сәния Алматыда қалудың амалын ойлаумен басын қатыратын.


 

– Апырау, әлі екі жыл бар ғой біз бітіргенше. Реті келер, сонда көрерміз, – деген жауап оны көп қанағаттандыра бермейтін. Расылбек осы мінезінің барлығын бірсыдырғы әйел затына тән осалдық деп бағалап, көп мән бермесе де мұның: «Жазғы демалыс кезінде үйге барып, жолымызды тосып отырған қарт әкемді қуантып қайтамыз» дегеніне келіншегінің көнгісі келмегені шымбайына қатты батқан. «Расылбегім келгенше түтінімді өшірмеймін», – деп туған қызының қолына да бармай, қаңқиған төрт керегені бағып жатып алған қарт әке, сенен кымбат мен үшін деп айтып тастай жаздап, әрең қалған. Бірақ жаңа отау отбасының иесі өзі екенін тұңғыш рет пайдаланып, берік шешімін бірден айтқан


 

– Екеуміз соңғы емтиxандарды тапсырып болған соң кідірмей елге жүріп кетеміз. Аз уақыт болса да әке алдында болып батасын алып қайтамыз, – деген. Бұған Сәния да амалсыздан көнгендей еді.


 

– Папаңның өзі күзге қарсы келіп қайтса деп едім. Біз оның есесіне ауылға бармай-ақ Ыстықкөлге жолдама алып, бірер ай күнге қыздырынып қайтсақ деген ойым ғой. Жарайды, сенің көңілің ауылға ауып тұрса, барсақ барып қайталық, – деген еді ерекше жақсылық жасаған кісідей.


 

Сәнияның жаңағы сөзі де еріксіз айдаумен келе жатқан жанның қөкірек түбінде бұрыннан бұғып жатқан өзіндік қарсылығын бір сездіріп қалдыру үшін айтылған пікір еді. Олар сол үнсіздікпен өздері түсетін Жалғызтөбе станциясына да жетті. Екеуі үнсіз киініп, жүктерін алды да перронға шықты.


 

Сол кезде вагоннан түскен жұртқа қарап тұрған үш-төрт қыздың бірі бұлар тұрған жерге қарай жүгірді.


 

– Ағай!


 

– Кәмиләш!


 

Кәмилә өзінің бұрынғы ерке қылығымен келген бетте Расылбекті құшақтай алды.


 

– Ой, азамат, жол болсын! – деді Расылбек сасқалақтап. – Қайда бет алып барасың?


 

– Оқуға. Алматыдағы медицина институтына бара жатырмын. Біздің пойызымыз енді екі сағаттан соң келеді екен. – Ол мұның бетіне баяғы шолжаң мінезімен күле қарап:


 

– Ой, ағай, мен сізді Алматыға барған соң «Қалай іздеп тапсам екен?» деп ойласам, сіз ауылға келе жатыр екенсіз ғой.


 

– Иә, демалысты пайдаланып келе жатқанымыз ғой... – Жөн, жөн. Мектепті биыл бітірдің ғой?


 

Кәмилә басын изеді.


 

– Мен сендерді таныстыруды ұмытып барады екенмін... Кәмиләш, мына кісі – Сәния. Жеңгең болады.


 

Кәмиләнің кірпігі дір ете қалғандай болды. Ол «шын айтасыз ба?» дегендей, құралайдың көзіндей мөлдіреген мұңсыз жанарын алдымен Расылбекке тіктеп қадады. Содан кейін Расылбек Кәмиләнің үлбіреген қызыл ерніндегі ұялап тұрған балаң күлкінің нышаны әп-сәтте жоғалып, оның орнына әлде бір таңдану, әлде бір түсінбеу сияқты аңғал ғана сауалдың пайда болғанын байқамай қалған жоқ. Кәмилә онан кейін Сәнияға қарады. «Шын айта ма, мына кісі, рас па?» деген сұраулы жанармен қарады.


 

– Сіңлім, бір жерде мені бұрын көріп пе едің? – деді Сәния жаратпай.


 

– Жоқ-жоқ. Сау болыңыздар! – деді Кәмилә ақырын ғана. Ол жүгірген күйі қайтадан шағын вокзалға кірген. Қадала қарап тұрған жанарларды сезгендей артына мойнын да бұрмай кетті.


 

– Есі дұрыс па өзінің? Тапыр-тұпыр келіп сені құшақтай алғанына, өзіңді іздеп тауып алмақ болып бара жатқанына қарап, жоғалтып алған қарындасың ба десем... Өзінің көзқарасы қызық екен тіпті. Кісіні ішіп-жеп жіберердей тесірейе қадалады.


 

– Танымаған адамыңа сонша не ғып ат қойып, айдар таға қалдың. Жүгіріп келіп сәлем бергеніне жазықты ма еді? – деді Расылбек қатқыл үнімен. – Іздегісі келсе, іздейтіндей жанашыры шығармын...


 

– Білмей қалдық, сенің шамдана қалатындай жанашыры екеніңді. Мектебін енді бітіріп жатқан қызға жанашыр болып үлгергенің ғажап екен...


 

– Иә, ол тумаса да туғандай қарындасым, әр уақытта оның жанашыры болғанмын...


 

– Қайдам, әйтеуір, ауылыңнан ұшырасқан бірінші адамға жақпай қалған сияқтымын. «Сен бұл жігітке неге тидің?» деп тұрғандай көрінді.


 

– Не ойласа да оның өз еркі. Тек біз өз ойымызды оңға бастайық. – Ол әдейі осылай деді...


 

Кәмилә жайлы екеуінің әңгімесі осымен үзілді. Бірақ Расылбектің көз алдынан кешегі бала Кәмилә мен бой түзеп, бойжеткен атанып қалған бүгінгі Кәмиләнің сұрақты жанары олар автобусқа отырғанда да бір кетпей қойды.


 

«Жолың болсын, кішкентай Кәмиләшым!» деп күбірледі ол іштей. «Мен сенің қашан да жанашыр жақының болатынмын, әрқашан саған айтар ақ тілеуім қайда барсаң да жолың болсын!». Ол сол бір күндерін осы кезге дейін талай-талай еске алып, ойын онға бөлген тәтті күндерін тағы да аралап кетті.


 

Автобустағы түнгі жолаушылардың біразы қалғып-шұлғып ұйқыға кеткен. Сәния ояу отыр. Маңдайын терезенің әйнегіне сүйеген күйі қараңғы түнге көз тігеді. Кім білсін, ұзатылып бара жатқан болашақ қайын жұрты туралы ойлап отыр ма, әлде ол да балалық шағын, болмаса тұрса ойынан, жатса түсінен кетпейтін алғашкы маxаббатын еске алып отыр ма, ол жағы Расылбекке әзір беймәлім.


 

Оның да алғашқы маxаббаты демекші, таяуда ғана Расылбек өмірлік қосағының өзімен қол ұстасқанға дейінгі кездерінің кейбір жайынан xабардар болған. Ол ойда жоқта келіншегінің қол сумкасынан есіктің кілтін іздеймін деп, онда жатқан бөгде біреудің хатын тауып алған соң қызғаныш болды ма, еріксіз оқыған еді. Қызға қолы жетпей қалған жігіттің үйреншікті гөй-гөйі баяғы. Расылбек тұңғыш рет қызғаныш деген сұмдықтың жан-дүниені оңды-солды осқылаған кесапатын сезінген, талай жанның арманы болған аруды талайлардың қолына тигізбей, тек өзінің, өзінің ғана пешенесіне еншілегеніне, жігіттің өмір жолындағы үлкен бір сында өз жұлдызының басқалардың жұлдыздарынан жарығырақ туғанына тұңғыш рет масаттанғандай болған. Бірақта келіншегінің соңғы кездері себепті-себепсіз кешігетініне «Е, болашақ өнер адамы ізденбесе бола ма?» деп өзін алдарқатқанмен, кейіндері қызғаныш дейтін қызыл ит иектей бастаған болатын. Қатар оянған қос сезім – қызғаныш пен насаттану бір-бірін бәсеңдеткендей жігіт жанын қайтадан сабырлылық соқпағына қарай бұра берген.


 

Расылбек өз ойының құшағында әлі отыр. Оның көз алдына осыдан біраз жыл бұрынғы сол бір балалық шақтары келе береді...


 

 

* * *


 

Ол тәрбиешілік жұмысын бастағанына небәрі бір-ақ апта болған.


 

Бұған дейін де ол екі-үш жұмыстың басын шалып үлгірген. Мектепті бітірген соң жұртпен бірдей Алматы барып, тауы шағылып қайтқан. Жоғарғы оқу орындарына өндірісте екі жыл жұмыс істеп келген талапкерлер қабылдау емтихандарын ілдалдап тапсырса болды, оқуға алдымен солар қабылданады дейтін мизамның күшіне еніп тұрған тұсы. Расылбек емтихандарын ойдағыдай тапсырса да «өндірісшілерге», әскери борыштарын өтеп оралғандарға жол беріп, чемоданын арқалап, ауылға қайтқан. «Ендеше, сол екі жылдық жұмысын мен де атқарып, бір-ақ оралайын» деген оймен оралған. Бірден-ақ пішеншілер бригадасына орналасып, қарапайым еңбектің дәмін татты. Мектепте жүріп-ақ қоғамдық жұмыстардың белсендісі болғанының арқасы ма, бастауыш комсомол ұйымына жетекші болып сайланды. Арада екі-үш ай өтпей ұжымшар төрағасы қой фермасына есепші-бригадир ғып аттандырған. Арада бір жыл өтер-өтпестен мектеп директоры оны ұжымшар төрағасынан қалап-сұрап, жаңадан ашылған интернатқа меңгеруші-тәрбиеші болуға көндірген.


 

– Бір оқу жылы ғана істеймін. Жазда оқуға баруыма қарсы болмайсыз, – деп, мектеп басшысына әңгіменің басын ашып алып, шаруаға кіріскен беті болатын.


 

Алыс жайлаулар мен қыстаулардағы малшылардың қырық-отыздың шамасындағы 4–7-сынып оқушысына басшы болуды және балалардың азық-түлігі мен интернат үйі шаруашылығының есеп-қисабын жасап отыруды «бел кетіп, белбеу үзілер» шаруа санамағаны да рас. Оның үстіне «бір жылға қоян терісі де шыдамақ». Тіпті бір жыл емес, 9–10 айдың мөлшері ғана. Сөйтіп, ол жаңа жұмысына бел шеше кірісіп кетсін. Интернаттағы отыздан астам оқушыны бұл кезде түгелдей танып үлгермесе де бөлме басшылары, вожатый, комсомол ұйымының хатшылары сияқты белсенділері мен және Тұрсын, Садық сияқты көп ішінен содырлығымен оқшау танылған оқушылармен әлден білісіп үлгірген. Онжылдықты жаңа ғана бітіріп келген тәжірибесіз жас тәрбиеші өзінше педагогика ғылымын зерттеп оқыған болады, өзіне сеніп тапсырылған қойшы, малшылардың ұл-қызының ақылшы ағасы да, жақсы істеріне қуанып, жаман істеріне ренжитін әке-шешесі де, білмегенін үйрететін мұғалімі де бір өзі іспетті болған соң бәрінің міндетін мүмкіндігінше ойдағыдай атқаруға белді бекем буған. Сол үшін де ол біреуін әкедей ақ пейілімен еркелетсе, біреуін оғаш басқан қадамы үшін қатаң жазалайды. Бар ойы, әйтеуір солар жақсы болсын деу ғана. Балалар да оның жайдың бұлтындай сәтте өзгеретін мінезіне үйреніп, еркелетсе еркелеп, ұрыса қалса, үрпиісіп қалатын. Әсіресе алтыншы сыныпта оқитын Зейнеп пен Ақмаралды ол ерекше жақсы көретін еді. Екеуі тойған қозыдай томпиып қатар :жүргенде қандай десеңізші. Өздері сабақты болсын, мектептің, интернаттың қоғамдық жұмысында болсын, басқалардан көш ілгері жүретін пысық-ақ. Расылбек алғашқы күндерден бастап-ақ интернаттағы негізгі биліктің тізгінін сол екеуінің қолына ұстатқан. Өзі сырттай ғана бақылайды. Бір күні екеуі сүйінші сұрағандай болып асығып-аптығып, Расылбектің бөлмесіне кірді.


 

– Ағай, Кәмилә келді! – десті жарыса сөйлеген екеуі.


 

– Е, ол кім еді соншама?


 

– Жолдасымыз, ағай, биыл жетінші сыныпта оқиды ол. Әкесі науқастанып қалып, ауылдарынан жете алмай жатыпты.


 

– Шын айтыңдар, егер жақсы оқитын болса ғана интернатқа қабылдаймыз. Ал жалқау оқушылардың бірі болып жүрсе, ертеңгі күні екеуің жауап беретін боласыңдар, – деді ол шындығында оқушыларды интернатқа осындай шартпен ғана алатын адам сияқты.


 

– Ой, ағай, ол бәрінен де жақсы оқиды. Өзі былтыр алтыншы сыныптың старостасы болған, – деді екеуі қатарласа. – Биыл да староста бола береді ғой.


 

– Ә, жарайды онда, келсін, әңгімелесейік.


 

Он үш, он төрт шамасындағы ақсары қыз ұяла басып ішке енді. Көгілдір ши барқыттан тігілген күртесінің жағасынан шығарып қойған ақ көйлегінің кіршіксіз жағасы, арзанқол басқа киімдерін де мұнтаздай ғып жарастыра киюі оның ерекше ұқыптылығын танытқандай.


 

– Ал, Кәмилә, отыра ғой, – деді ол.


 

Кәмилә қолындағы төрт бүктелген қағазын үнсіз әкеліп Расылбектің алдына койды. Мектеп директорының оны интернатқа қабылдау жөніндегі Расылбекке жазған тапсырмасы екен.


 

– Сөйтіп, аты-жөнің кім болды, айналайын?


 

– Кәмилә Ибрагимова, – деді ол үлкен адамша балаға тән емес, ерекше бір салмақтылықпен. «Бетінен нұры шуақ шашып тұрған бала екен» деп ойлады Расылбек ішінен. Шындығында, қос бұрымдап өріп, ұшын әппақ лентамен бантиктеп түйген қоңырқай шашы тілерсекке төгіледі. Қараға да, көкшілге де жатпайтын қой көзінің мөлдіреген қос жанары әлі пәк, кінәмсіз, кінәратсыз аңғал қарайды. Он екі мүшесі бір-біріне өзара үндес жаратылғандай қыздың жалпы сырт бейнесі, бейкүнә ғана момақан тұрысы Расылбекке ақ кептердің балапанындай сүйкімді көрінді.


 

– Ал, Зейнеп, Ақмарал, достарыңды орналастырыңдар. Өз бөлмелеріңде бір бос орын бар сияқты еді ғой...


 

– Ағай, біз ол орынды Кәмилә үшін әдейі сақтап жүргенбіз, – деді олар.


 

Арада оншақты күн өтпей-ақ Кәмилә да жаңа тәрбиешісін ежелден білетіндей әбден үйренісіп алды. Қашан да озат оқушының шолжаң мінезіне басып, ол да тәрбиеші алдында өзін еркін ұстай бастаған. Зейнеп, Ақмарал үшеуі бірлесіп алған соң бүкіл интернаттағы оқушыларды ашса алақаны, жұмса жұмырығында ұстайды. Тек Тұрсын, Садықтар ғана бұлардың билігіне қөпқе дейін көне алмай жүрісті. Ондайда екеуінің үстінен Расылбекке шағым түсіріп келген қыздар тәрбиеші алдынан мерейлері үстем болып оралады. Тұрсындар болса: «Ағайдың шауып кел, барып кел шабармандары болғанға құдайдың құлағын ұстағандай болып жүргендерін қара бұл «Великолепная тройканың», – десіп, үшеуін сыртынан мұқатысып бағады. Егер бұлардың өзара қарым-қатынастары шиеленісе қалғандай болса, олар төрелік сұрап, Расылбекке келер еді. Ал тәрбиеші болса, тіпті істің ақ-қарасының байыбына бармай-ақ, екі содырды үшеуінің алдына жығып беріп қарап отырады. «Касқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан» дегендей, мұндайда екеуі еріксізден өздерінің кінәлі екендіктерін амалсыз мойындайды. Тәрбиешілері қыздардың екі ұлға себепсіз жала жаппайтындарына кәміл сенеді. Содан кейін өздері «қызыл көз пәлелер» деп атайтын үшеуінен іргелерін аулағырақ салып жүруге тырысар еді.


 

Расылбек өзінің оң қолы болған үш «атқа мінер» белсендісін күн өткен сайын жанындай жақсы көріп кеткен. Интернаттағы тәртіп, тазалық мәселелерін арнайы қеліп шолып жүретін мектеп директоры да бұларға әзір риза сияқты. Тәрбиешінің қолы жеткен табысына ол үшеуінің де біраз ықпал жасап жүргенін ол жақсы түсінеді. Әр сенбі сайын Расылбек алты-жеті шақырымдай жерде тұратын үйіне жаяулап барып, ертеңіне жаяулап оралатын. Сол жылы науқасты болып, төсек тартып жатып қалған шешесінің халін біліп тұруға асығатын. Ол ауылға кеткенде интернаттағы бар басшылықты баяғы сол үшеуіне тапсырады. Барлық оқушылар да тәрбиешілерінің ауылынан қай мезгілде келерін біліп алған, өз шаруаларын тап-тұйнақтай тәмәмдап қойып, қарсы алатын. Сондай кездерде мұның алдынан өзінің «меншікті» үш оқушысы шығып, амандасар еді. Олар шәкірттің ұстазға деген қатаң ғана сыпайы сәлемімен емес, қарындастың ағаға деген еркін, еркелік сәлемімен есендесер еді. Тіпті олар шын көңілімен, пәк ниетімен келіп, еш аласыз ақ жүрекпен Расылбекті құшақтасып жататын. Сәл кешіксе, ол үшін өздерінің мазасызданғандықтарын жарысып айтатын. Содан кейін барып, Расылбек басқа оқушылармен сәлемдесер еді. Олар өгей шешенің баласы сияқты, мына үшеуіндей тәрбиешілермен емін-еркін сәлемдесе алмай, таяқ тастам жерде тұрып иілісетін. Сойған қасқырдай қашан да ыржаңдап, қашанда «Сырдың суы сирағынан келмейтін» Тұрсын, әйтеуір, сол ыржиған күйі бас көрсетеді. Ондайда неше түрлі сұмдықты бастап алып, қойдан қоңыр болып отыра қалатын Садық та біртүрлі мүләйім күйге түсіп, қипақтап алдында тұрар еді.


 

Расылбек кішкентай шәкірттерімен жұмыс істеуге үш-төрт айда әбден үйренісіп алды. Тіпті үйіне барса, бесікте баласы қалған анадай мазасызданып, интернатына қайтқанша асығады. Өзін тыңдап, өзін сыйлаған, сыйлағандықтан ғана емес, өзгеге өнеге бола білген балаларды өзі де жан-тәнімен жақсы көретін. Содан ба, әйтеуір интернатта бір күн болмаса, оларды көргенше асығатын. Көбінде ең алдымен көз алдына Кәмилә бейнесі елестер еді, әлі аузынан уыз сүті кетпеген балауса қызды топты баладан бөле-жара артық көретініне оның өзі де таңқалады. Өзі әке-шешенің қенжесі болып, соңынан іні-қарындас ермегеннен кейін бе, әйтеуір өзгеден бөлек, туған қарындасы іспетті Кәмиләні жанына басқалардан әлдеқайда жақын санайды. «Шіркін, өз қарындасым болар ма еді» деп те ойлайтын кейде. Сондықтан да ма, Кәмилә ағайлап келіп қолтығына кірсе, өзін ең бір бақытты жандай сезінер еді. Оған деген көкірегіндегі ағалық ықылас асып төгіліп, құралайдай сүйкімді қызды жерден көтеріп алғысы келетін. Бірақ оның педагогикаға мүлде жатпайтын, шектен тыс мейірімділік екенін аңғарып, өзіне сап-сап сабыр айтатын.


 

Расылбек кейде шәкірттерін жиып алып, болашақ туралы сырласады. Кімнің кім болғысы келетінін сұрайды. Кәмилә – дәрігер, Зейнеп – мұғалім болғысы келетіндерін айтады. Ақмарал болса: «Бір үйдегі 6–7 баланың үлкені менмін. Інілерім мен сіңлілеріме мен оқуға кетсем кім қарайды? Кейінгі бір-екі жылдан бері шешем де аурушаң болып алды, – деп мұңаятын. – Әйтпесе, мен де бір оқуға барар едім». Ондайда Расылбек: «Шешең оған дейін сауығады әлі. Уайымдама, сен де оқисың» деп оның көңілін сөзбен демейді. Бұл дүниеде қанша мамандық барын білмесе де өздері білетін мамандық түрлерін шамаларына қарай бөліске салған болады. Ондайда Тұрсын жұрттың ортасына бір қыңыр әңгімені, жерден шұқып тапса да, бастауға тырысатын. Бірде оның айтқан сөзін Расылбек әлі ұмытпайды.


 

– Ағай, мен оқу-шоқу деп басымды қатырмай қойшы болатыныма әбден сенімдімін. Ал сол үшін менің оныншы сыныпты бітіріп, аттестат алып жүруімнің қанша қажеті бар? Мысалы, ана бұжыр Мұқаш деген қой фермасының меңгерушісі мен барсам «Әй бала, аттестатың жоқ екен, сені қойшылыққа қабылдамаймыз» деп, қуып жібермейтіні анық. Біздің әкелеріміз де ешқандай аттестатсыз-ақ қойшы-малшы болып жүр емес пе. Шынында, ағай, түбі қой жаяды екенмін, мектеп бітірем деп уақыт өткізгенше отардың ортасына барып, тәжірибе жинақтай берсем, өзіме де, ұжымшарға да пайдалы болмас па?, – деген ол.


 

– Ол – қате пікір. Қазіргі әрбір азамат қойшы болсын, жұмысшы болсын, білімді болуы міндетті. Сонда іске тәжірибе мен білім қоса жұмсалады. Оның үстіне оныншы сыныпты бітірген соң әрі қарай оқуыңды жалғастыруыңа да болады, – деп, Расылбек оған жалпылай жауап берген.


 

– Дегенмен, менің түсінбейтінім, аттестат алып әрі қарай окығысы келетіндерді алдап-сулап, қойшылыққа, сауыншылыққа жібергілеріңіз келеді де тұрады, керісінше, мен сияқты оқудан жолы болмай кежегесі кейін тартып, қойшы болуға даяр тұрғандарды «оқы-оқы» деп, байлап ұстағандай ғып жібермей қоясыздар... Сонда қалай, өзі?


 

Расылбек, шынында да, қаршадай қырсықтың қыңыр сөзіне ә дегенде тосылып қалды да, содан кейін оның пікірінің мүлде шикі екенін өзінше түсіндірді.


 

– Біріншіден, – деді ол. – Оныншы бітіргендердің әрі қарай оқуына ешкім де бөгет болмайды. Сенің айтайын деп отырғаның, оныншы сыныпты былтыр бітіріп, өз алдарына ұжым құрған бригада жайлы ғой. Олар жұмысқа өз тілектерімен барған жастар. Екіншіден, бір-екі жыл жұмыс істеп барып, білім алса, әр жеткіншек парасатты, өмір туралы, адам еңбегі туралы кеңінен пайымдай алатын азамат болар еді. Білімнің тек жеке бастың жеңіл өмір сүруі үшін ғана емес, қоғамы үшін, елі үшін қажетті өмір талабы екенін түсінер еді. Үшіншіден, сен сияқты қыңырларды «оқы-оқы» деп нығарлағанда барша мұғалімдердің мақсаты сенің біліміңе қоғамның зәру болып тұрғандығынан емес, өзіңді қалай да ақылды азамат қатарына қосуды көздегендіктен. Ал төртіншіден, мектепте бірге оқыған жастардың еңбекті де бірге бастағандары көңілді болмас па...


 

– Аға, бір-ақ сұрақ қояйыншы, – деп, Тұрсын оның сөзін бөлді. Жаңағы айтылған уәжден Тұрекеңнің қыңбағаны көрініп-ақ тұр.


 

– Айт, – деді Расылбек.


 

– Сонда, сіздің ойыңызша, оныншы сыныпты бітірмеген адамдардың бәрі ақылсыз болғаны ма?


 

Расылбек, шындығында, өз сөзінен ағат пікір жіберіп алғанын енді сезіп қысылып қалды. Бірақ, онысын білдірмейін дегендей, іле жауап беруге тырысты.


 

– Тұрсын, сенің өз басыңа келетін болсақ, тым ақылсыз бала емессің. Қандай іске болса да жететін қабілетің де бар. Бірақ бойыңдағы қабілетіңнен қырсықтығың, қыңырлығың бекемірек. Сол қыңырлықпен хош айтыспай түбі барып, маңдайыңмен жер соғарың анық. Ендігі сөзді доғар да сабағыңды қара! Қане, бәрің де сөйтіңдер.


 

Ол ендігі әңгіменің реті жоқ дегендей сыңай танытты. Тұрсын сол жайнаңдаған күйі орнынан тұра беріп: «Рақмет!» – деді. Оның бұл алғысты шын пейілімен айтпағанын Расылбек те түсінбей қалған жоқ. Содан кейін де оның ойынан жаңағы әңгіме кетпей қойды. Өзінің қаршадай балаға пікірін дәлелдеп жеткізе алмағанына, қашан да болмасын Тұрсынның өзіне қарсы шығып, тәрбиешісін бір сүріндіріп қалуға әзір тұратындығының себебін іздейді іштей. «Ол теріс азу күшік біле білсе бұл соның нағыз азамат болуы үшін ғана қашан да қамқор, қашан да жанашыры болып жүр емес пе?! Не ол жақсы сөз жанына жақпайтын туа да қыңыр қу болар, не мұның педагогтік аяқ алысында үлкен ақаудың болғаны. Осы екеуінің бірі ғана. Айтушысы табылса ақылға көнбес адам болар ма, сірә, кемшілік өзінде болар. Түбі менен педагог шыға қоймас». Ол іштей осылай ойлады. Бір қыста ақылмен де, ашумен де Тұрсынды иліктіре алмағандығын өз кінәсіне жорыды. Мектепте болсын, интернатта болсын, күніне бір шу шығаратын Тұрсынға оңашада аяусыз тізесін батырса да, мұғалімдерге оны әйтеуір бір дарынды жан болады деп сыртынан қызғыштай қоритын. Айтты айтпады, оның бір оқыған кітабын жатқа соғатын ерекше зейінділік, сонан соң шешендік қабілетін, өз пікірі оң болсын, теріс болсын дегенінде тастай қатып, табандап қалатын бірбеткейлігін, қажетті жерінде қасындағы досы үшін жан қиюға әзір тұрар қасиетін сырттай өзінше бағалайтын. Сол үшін де оны оң жолға салып, өзінің бекерге шыж-быж болып жүрмегендігін түбі бір ұқтырсам деп қиялдайтын. Анадан жастай жетім қалған соң түзу өнсе де өгей шешенің өгей тәрбиесімен қисық өсуге мәжбүр бала жайымен бұрыннан сыралғы болғандықтан ба, ол өзі интернатқа келген күннен оны ерекше тәрбиелеуге бар білер тәсілін қолданып баққан.


 

Тұрсынның жазғы демалыс кезінде суға кетіп бара жатқан баланы құтқарған ерлігі туралы естіген соң мектептің қабырға газетіне мақала да жазған болатын. Шынында да, оның сол жолғы батылдығы мектеп қана емес, аудан, облыс оқушыларына үлгі етер іс еді. Бірақ оны ескерген ешкім бола қойған жоқ. Ауыл арасының «жергілікті ғана маңызы бар» оқиға болып қала берген.


 

Расылбектің өз басы оны үлкен ерлік деп бағалайды. Қаншама қыңыр болса да, қаншама қисық болса да бұл тентек қараны өзінің ерекше жақсы көруіне сол бір оқиға да себепші болған еді. Расылбектің оны мақтап қабырға газетке мақала жазуы арқылы тәртібін түзетпек болған тәсілі о баста біраз жемісін берген сияқты еді, бірақ жарты айы өтпей-ак Тұрекең, бұрынғы әуеніне кайта басқан.


 

Расылбек әлі оңы-солын танып болмаған жас баланың болашағын ойлайтын. Сол үшін де оның адам болуына қалай да көмектесу керек екендігін өзінше шешкен болатын. Мүмкіндігінше жанынан ұзатып шығармай, қолы боста көркем әдебиеттерді оқытып, оны балаларға әңгімелеп беруді ұйымдастыра бастаған. Оның есте сақтау, айта білетін, сонан соң оқыған дүниесінен қорытынды шығара білетін қабілетін пайдалана отырып, кісілік жолына икемдей беру болатын. Амал не, ол жоспары да ойламаған жерде тоқырады...


 

Ол сол күні ауданға бір шаруасымен жүріп кеткен еді. Ертеңінде Тұрсынның интернаттан ғана емес, мектептен де біржола қуылғанын бір-ақ естіді. Өкінгенмен өңдірері шамалы болған соң амалсыздан бәріне де көнген. «Әй, маңдайы тайқы, жолы ауыр, тағдыры қайқы байғұс бала-ай! Мәуелі жеміс берер деген жеткіншегім-ай, жетілмей жатып, өз тамырыңа өзің балта шаптырдың-ау. Ертеңің не болар?!» – деп қамыққан.


 

 

* * *


 

Расылбектің туған топырағын бетке алған автобус қою қараңғылықты өткір сәулесімен оңды-солды осқылап, тоқтаусыз зырлаумен келеді. Автобустың ырғағымен тербеліп, Сәния да тәтті ұйкының құшағына енген. Оның басы қисайып келіп, Расылбектің иығын жастаныпты.


 

Олар бағана іңір қараңғылығы қоюлана түскен шақта «Николаевка» деп аталатын шағын ауыл тұсындағы асханадан тамақтанғаннан кейін-ақ сапарларын жалғастырған. Сәния қайын жұртына емес, айдауға кетіп бара жатқандай пойыздағы тоң-теріс қалпы, үнсіз отырып тамағын ішті. Автобусқа отырған соң да теріс қарап, иір-иір тау жолына, қарауытып қалып жатқан жоталарға үңілген болады. Не ойлап отырғаны өзіне ғана мәлім. Расылбек келіншегін сөзге тартпақ болып, өзінше жер тарихын айта бастаған.


 

– Жаңағы тамақтанған ауылымызды «Николаевка», оған дейінгі үлкен елді мекенді «Георгиевка» деп атайды. Бұл маңда «овка», «евкалар» жетерлік. Заманында жер ауып келген «қара шекпендер» Шығыстың шұрайлы жерлерін иемденген соң «құлақ» болып, ауылдардың атауларын өзгертіп, өз есімдерін «тарихқа» қалдырған түрлері ғой... Заман өзгеріп, заң ауысып, қоғам қозғалып жатса да олардың есімдері әлі тарихтан үміткер. Бұларды да өзгертер заман туар әлі-ақ. Әйтпесе, қазір өзіміз қолат-қойнауын қуалап келе жатқан Қалбатаудың әр жотасы үшін арпалысып, әр сайына бастарын қалдырған Қабайбай, Бөгенбай бабаларымыздың мыңдаған сарбаздарының рухы бізді кешірер ме?! Қазір төрт-бес сағат жүрген соң қазақ-қалмақ майданының ең бір қанды-қасап шайқасы өткен Шорғаның жанынан өтеміз...


 

– Маған оларыңның түк қызығы жоқ... Ұйықтауға мұрша берші, – деді Сәния.


 

«Расында жолға түнде шыққанымыз қандай жақсы болды. Әйтпесе қазір Көкпектіден өте таусылып бермейтін, не бір елді мекен ұшыраспайтын, суы да, нуы да жоқ бедірейген сары жазықты көргенде мына шіркін одан әрмен тулар еді. Қайтарда да түнделетіп жүретін автобусқа отырғанымыз жөн болар» деген ой келген...


 

Расылбек келіншегінің әлдеқандай бір хош иіс шығарар қолаң шашынан иіскеді. Бір қолымен қаттырақ құшақтай отырып, өзіне қарай қысып-қысып қойды. «Кәмиләш пойызда не істеп отыр екен?» деп ойлады ол. «Әлде бейтаныс қалаға тұңғыш рет бара жатқан бір кездегі өзі сияқты көпшілік вагонында чемоданын құшақтап, қалғып отыр ма екен? Мүмкін, ол да бұл туралы ойлап отырған шығар? Апыр-ау, оның бағана «мынау жеңгең» дегенде жалт бұрылғаны қалай? Қызық. Дегенмен, кешегі аңғал шәкірт қыз бүгін ақыл тоқтатқан бойжеткен болыпты».


 

Расылбек ұйқыдағы келіншегін бір қолымен қаусыра құшақтай отырып, көңілімен Кәмиләны іздеді. Бүгінгі бойжетіп қалған Кәмилә емес, осыдан төрт жыл бұрынғы балғын да балаң Кәмиләні іздеді.


 

...Қалай болып еді әрі қарай? Сол бір қой көзді ерке қызды бұл оқу жылы аяқталған сәтте бұрынғыдан да елжірей жақсы көріп кетіп еді-ау. Оқуға жүріп бара жатқанда жарты жанын сол бір сәби жүзді қыз жанарында тастап кеткендей болған... Иә, дәл солай болған.


 

 

* * *


 

Ол кезде бастауыш сынып оқушылары сабақты бітіріп, таудың әр қуысында отырған ауылдарына қайтқан. Ертең-бүрсігүндері алтыншы-жетінші сыныптың оқушыларын үйлеріне шығарып салып, жұмысымды мектеп басшыларына түгелдей тапсырармын деп жүрген болатын. Бір бала ентіге басып келіп, аулада жүрген бұған:


 

– Ағай, сізді мектеп директоры тез келсін деп жатыр, – деген.


 

Ол кабинетке кіргенде мектеп директорының қасында екі-үш мұғалім отыр екен. Тымпи ойнап отырғандай, бәрі де төмен қарап, тұқырайысып қалыпты. Тек директор ғана орнынан тұрып келіп, күндегіден де ерекше қолын беріп, жылы амандасты. Сонан соң: «Иә, қалың қалай?» – деген болды. Расылбек оның шылым ұстаған саусақтарының сәл дірілдеп тұрғанын сезіп калды.


 

– Ра-сыл-бек, ауылыңа барып қайт! Ептеп... шешең науқастанып жатыр екен. Соған...


 

– Шынын айтыңызшы, бар ма екен өзі, шынын айтыңызшы, ағатай? – деді ол өңі бұзылып.


 

– Ештеңе жоқ, абдырайтын. Қарт адамдар басының сақинасы ұстаса да... Үйіңе барып қайт, айналайын. Заттарды сонан соң мектептің шаруашылық меңгерушісіне тапсырасың ғой... Сөйт, барып қайт...


 

Расылбек бұлардың осынша абдырауына қарап, бір сұмдықтың болғанын сезгендей, жүрегі кеудеге сыймай бұлқынып, «сұм-дық, сұм-дық» деп соққандай. Оның бүкіл тұла-бойын өрт шалғандай бар жан-дүниесі лаулай жөнелген. Iштегі жалын лықсып кеп дем арасында қос жанарда мөлтілдеді. Көз алдында кеше ғана өзін бетінен сүйіп, қимай шығарып салған ана бейнесі «Расжан, мен болсам бір аяғым көрде, бір аяғым жерде тұрған жанмын, әлбамыңда сүйкімді-сүйкімді қыздардың суреті көп қой. Осылардың бірі келінім болса, жетектеп әкелсеңші. Тым болмаса болашақ келінімді көріп кетейін», – деп еді ол кеше түнде ғана. Ананың болашақ келінін көріп кетсем деген тәтті қиялға батқан сол бір әжімді жүзі көз алдынан кетер емес. «Шынымен көрмеймін бе, шынымен мәңгілікке қоштаспай аттанғаны ма?» деген суық ой оның оттай лапылдаған жан-жүрегін қарып өтті.


 

Ол жүгіріп келеді, жүгіріп келеді, қарсы соққан өкпек жел ғана бетінен өбіп сабыр сұрағандай. Өзінен озып барып тоқтаған мектеп машинасы мұны отырғызып алды. Қартаң шофер ауыр күрсініп алып, алдымен шылымын тұтатты. Сонан кейін жолға қадалған күйі:


 

– Сабырлы бол, шырағым, өмір заңы осылай болса, шараң бар ма?! Алды-артыңды аңдаған азамат болдың мінеки. Сен сияқты артында жылап қалған ұрпағы бар еш ана бакытсызбын деп аттанбас... Ақылға келіп, бекем болғанын абзал! – деген сөзін ол жылап отырып, анық естіді. Машина айдаушының бұл сөзі оның күдігін біржола расқа шығарып еді. Ол машина кабинасында отырып, бар даусымен өкіріп жылаған. Дем ала алмай ықылық атқан күйі үйіне жетті. Сөйтіп оның жарты аспаны ойда-жоқта осылай құлап түсті...


 

Бір апта өткен соң ол интернатқа қайтып оралған болатын. Бұрынғыдай ағалап келіп, тұс-тұсынан оқушылары қарсы алған жоқ. Бәрі де оқу біткен соң мал жайылымындағы үйді-үйлеріне тарап кеткен. Көшкен жұрттай болып бұрынғы өз қызығы өзімен болып қайнап жататын бүкіл интернат ауласы да құлазып қалған. Анадан айрылған ауыр қүнде оқушыларының тарап, аз уақытқа үйлеріндей болған ортақ мекендеріне қара құлыптан күзетші қойып, иен тастап кете берулері оған екінші бір соққы болып тигендей. Ол есікті ашып, ішке енді. Барлық бөлмелер жинастырылып қойылған. Бірақ осынау үйге мүлде жарасымсыз өлі тыныштық орнаған. Ол үстелінің үстінде жатқан қағазды алып оқыды.


 

«Ағай! Қайғыңызға ортақпыз! Оқуға түссеңіз, бізді ұмытпаңыз. Сізді тоса алмағанымызға ренжімеңіз. Зейнеп, Ақмарал, Әмір, Садық...»


 

Өз төсегіне келіп, киімшең құлаған сәттегі оның қиналысы ерекше еді. Езіле-егіле ұзақ жылап жатты. Тоқтау айтар ешкім жоқ, иен үй де оның қайғысына ортақтасқандай, үнсіз. Әбден көз жасы таусылып, ұйқылы-ояу бей-жай халде, бар дүниеден бейxабар, еш ойсыз, еш қиялсыз күйде көп жатты.


 

Кенет ол көзін ашып алды. Оның алдында өзінің жанындай жақсы көріп, сүйікті карындасым деп жүрген Кәмиләсінің балаң жүзі тұрды. Оның да көзіне жас тамшылары мөлтектеп ұялай қалған. Ұзын кірпіктерінің арасынан домалап түсіп, мұның бетіне келіп тамады. Ол шалқалап жатқан күйі Кәмиләнің басын өзінің кеудесіне қарай тартты. Ып-ыстық, өзі ерекше бұрын-соңды сезіп көрмеген бір тәтті дем оның бетіне білінді.


 

– Неткен аяулы едің, Кәмиләшім! – деп сыбырлады ол. – Мен сені, мен сені мәңгілік ұмыта алмаспын! Сен менің жанымның гүлісің. Сен менің ең аяулы... Ең аяулы... қарындасымсың! Ең аяулы... адамымсың, Кәмиләшім!


 

Ол көзін ашқан жоқ. Өзі өмірінде тұңғыш рет кездескен жаңағы бір рахат сәтті қыздың ыстық қолынан, балдай тәтті демінен, құс мамығындай үлпілдеген жұмсақ бетінен де сезінгендей. Осы бір қас-қағым уақытты әлемдегі барлық ләззат атаулының бәрінен де артық санады.


 

– Үйіңе неге қайтпадың, Кәмиләш?


 

– Сізді тостым, ағай.


 

– Неге, Кәмиләш?


 

– Жалғызсырамасын деп, ағай... Және заттарды көшіруге көмектесейін деп ойладым.


 

– Кәмиләш, егер оқуға түсе қалсам саған жиі-жиі хат жазып тұрайын, жарай ма?!


 

– Жарайды, аға...


 

Олар сол күні интернаттың бар мүлкін мектеп шаруашылығын басқарушыға өткізді де, кешкісін екеуі интернат ауласындағы баққа барып, ұзақ отырды. Расылбек өзінің шәкірті алдында бұрын-соңды көрмеген бір дәрменсіздік халге түскендей сөйлесе де үні дірілдеп шығады, жылап жіберетін сияқты. Кәмилә да үнсіз, қызарып батқан күн шапағына жәудіреп көз тігеді. Оның да бұрынғы шолжың еркін де ерке әңгімесі жоқ. Үлкен жолға оқу іздеп, екі-үш күннің ішінде аттанғалы отырған ағасындай көрер тәрбиешісімен қоштасар сәтте қиналатын сияқты. Тұйыққа тіреліп, ол да жүрегін шымырлатқан белгісіз күштің сырын іздейтін сияқты.


 

– Кәмиләш, – дейді Расылбек.


 

– Әу, – дейді Кәмилә.


 

– Сен де хат жазып тұр, жарай ма... Ағаңмын ғой.


 

– Жарайды, аға, – дейді Кәмилә.


 

– Мен сені бір күн де есімнен шығармаймын. Үнемі сағынып жүретін боламын... Енді үш жылдан кейін сен де мектебіңді бітіріп, оқуға келесің. Сонда үнемі бірге жүретін боламыз... Сен де сағынасың ба?


 

– Иә, аға...


 

Сыйлаған адамына айтылар «ағайды» айтпай, одан да жақын жанға балап «аға» деп атады бұл жолы.


 

Ауылдың жұп-жұмсақ барқыт кеші бірте-бірте барқын тартты. Күндіз-түні жер шарын айнала беруден әбден жалыққандай, еріне жылжып көкжиектен көгілдір күмістей болып Ай көрінді. Жұлдыздар да тым биіктен өлеусіреп қана жылтырайды. Кеңсайдың ең биік шоқысының ұшар басынан көтерілген жалғыз жарық жұлдыз ғана қозыкөш жерде жарқырайды. Дәл сондай бір жұлдыз олардың алдынан арық тола ағып жатқан судың түбінде де жарқырап жатыр. Кәмилә еңкейіп барып, жұлдызды саусағымен сүзіп алғысы келді. Су ішінде ойнап, бұлталақтап, ұстатар емес. Жаңа ғана үнсіз отырған Кәмилә қайтадан балалық бейғам қалпына түскендей, сумен бірге сыңғырлай күледі.


 

– Аға, жерде де, осындай сулардың ішінде де жұлдыздар болса ғой, теріп ала беретін, – дейді ол.


 

– Жұлдыз болған соң ол жерде қайдан болсын, болмайды ғой. Бірақ жүрегі, жаны сол жұлдыздай жарқырап тұратын адамдар бар жерде. Олар адал жандар, олар... Олар жұлдыздай кіршіксіз маxаббат иелері.


 

Кәмилә ойланып қалды. Бірақ ештеңе айтқан жоқ.


 

– Аға, мен қайтайыншы, жеңгем іздеп қалар, – деді бір кезде ол. Расылбек тұңғыш рет иіліп келіп Кәмиләнің маңдайынан сүйді. Еш бөтен ойсыз, қарындасына деген ағалық аппақ ықыластың белгісіне балап сүйді.


 

Жігіт ақ бантигі ағараңдап бара жатқан Кәмиләні көпке дейін жанарымен шығарып салды. Ол Кеңсайдың ұшар басынан көрінген жалғыз жарық жұлдызды бетке алып бара жаткандай. Расылбек сол сәтте-ақ жанында бір жалғыздық күйі ойнағандай, жаңа ғана қасынан кеткен Кәмиләні сол сәтте-ақ сағына бастағандай күйге түсті. Ол кішкентай ғана қызды сол сағынған күйі үш-төрт күннен кейін алысқа, сонау Алматыға аттанған. Бірақ ол адам өз туысын ғана осылай сағынуға тиіс деп ойлады...


 

 

* * *


 

Автобус жол апшысын қуырып, біраз жерді артта калдырды. Оның есесіне түннің де бір шамасы өткен сияқты. Оның әлі ұйқысы келетін емес...


 

Одан кейін ше? Одан кейін ол студент партасына отырды. Дәл сол күні Кәмиләш та сегізінші сыныптың есігін ашты деп ойлады ол. Дәл сол күні қарындасына арнап, ұзақ хат жазды. Жақсы оқуы керектігін, тіпті үнемі озат оқушы болуы керектігін мұқият тапсырды. Өзі бардағыдай жаңа тәрбиешіге тым шолжаңдай берудің қажеттігі жоқтығын айтып, сырттай ұрысқан да болды. Өз хал-күйін айта келіп, интернатты, оқушыларын сағынып жүргенін жазды. Ақмарал мен Зейнепке, басқа да балаларға сәлем айтуды да ұмытқан жоқ.


 

Ол бұдан кейін де Кәмиләға хатты күнара жазып тұратын. Одан да дүркін-дүркін екі-үш хат келіп қалды. Зейнеп, Ақмарал, үшеуінің түскен суреттерін салыпты. Оны Расылбек кішкентай оюлы рамкаға салып, тумбочкасының үстіне қойып қойған. Содан кейін ең киыны «Сәлеметсіз бе, аға! Оқуыңыз жақсы ма?» деп басталатын, бұл үшін ең аяулы хаттар пышақ кескендей тыйылып қалды. Бірер ай өткен соң ғана «Аға, енді хат жазбай-ақ қойыңызшы. Тек мені кінәлай көрмеңіз» деген жұмбақты екі ауыз сөзі бар хаты келген. Оның соңынан өткен жылы өзімен бір мектепте аға вожатый болып бірге жұмыс істеген таныс жігітінен хат келген.


 

«Расылбек!.. Бұл кезде пәле іздеп жүрген жұрт аз ба?! Қыстаубаев деген мұғалім сенің Кәмиләға жазған хатыңның біразын қолына түсіріп алыпты. Педсоветте оқушы тәрбиесі туралы арнаулы мәселе қарауға дейін жеткізді. «Былтырғы тәрбиешінің оқуға кетіп құрығаны абырой болды. Әйтпесе қуырдақтың көкесін биыл көретін едік» деп соқты ол жиналыста. Абырой болғаңда xаттарыңда ешқандай бөгде сөздер жоқ екен, әйтеуір, сонымен ғана әрең басылды. Ол ақымақ Кәмиләға да: «Сенің қандай қыз екенің белгілі болды» деген көрінеді. Ол үш күн жылап, интернатта жатып алды да, төртінші күні басқа мектепке ауысып кетті.


 

Бөтен ойың болмаса да ол мектепте де Қыстаубаев сияқты теріс ауыздар болмас деймісің. Қайтесің хат жазып, байғұс балаға зияны тиіп жүрер...»


 

Ол төбесінен әлдебіреу қос қолдап ұрып қалғандай, мелшиіп отырды да қалды. Өгіз мұрнын жұдырықпен тескендей мынау жосықсыздыққа, қисынсыз қиянатқа қатты налыды. Бірақ сол бір қатал шартқа Кәмилә үшін ғана көнуіне тура келген.


 

Ол Кәмиләні қанша сағынса да іштей тынумен жылдарды өткізді. Содан кейін қаршадай қызды соншама жақсы көруінің жай ғана ағаның қарындасын жақсы көруі сияқты нәрсе екеніне өзін зорлықпен сендіргендей болды. Шындығында, ағайым деп алабөтен жақсы көріп жүрген бала жайлы бөгде ойға бару дегеннің өзі күнә ғой. Бірақ бір кезде оның да бойжететінін, әлдебіреудің оның да жары болатынын ойлағанда жігіттің жанын әлдебір құпия күш келіп шымшылай бастайтын. Ондайға оны өзімнің қарындасым деп өзін сендірсе де қызды қимайтын сияқты. Осындай дел-сал күймен Расылбек үш-төрт жылды артқа салды.


 

Айтпақшы, бұл екінші курста жүргенде қысқы каникулға шығып ауылға келе жатып, Өскеменнің әуежайында Кәмиләмен ойда жоқта ұшырасып қалғаны бар. Онда да екі-үш ауыз сөзден әріге бара алмаған. Озат оқушылардың облыстық слетіне келіпті. Онда да «Аға!» деп жанына жүгіріп келген. Бұрынғыдай келген бетте мойнына асыла түскен жоқ. Өзіне қарап тұрған мұғалімдерінен, оқушылардан ыңғайсызданса керек. Бірақ мөлдіреген қос жанарында ерекше бір өзімсінгендік, бәлкім-бәлкім, сөзбен айтып жеткізуге келмейтін ерекше ықылас байқалғандай еді.


 

– Жаным, Кәмиләшім, мен бәрін де естідім. Қыстаубаевтың жазған хаттарымды саған бермегені өз алдына, жасаған қысастығын да естідім. Басқа мектепке де менің кесірімнен ауысқаныңды да білемін. Бәрі үшін де кешір... Бірақ мен сені ұмыта алмайды екенмін, – деген.


 

Көзі жасаураған Кәмилә:


 

– Мені мұғалімдерім тосып тұр, Сау болыңыз, аға, – деп жанынан ұзай берген.


 

Расылбек қанша ойланса ла «Мен сені ұмыта алмайды екенмін» деген сөзінде өзінің тұра алмағанын алғаш рет мойындаған. «Ол әлі бала. Тумаса да бірге туғандай қарындасым» деген сөздің өзін-өзі алдарқату ғана екенін түйсінді. Неге сәбидей балаң қыздың бейкүнә бейнесі көкейінен кетпей қойды? Неге бұрқақты жастықтың желігімен Сәниямен отау құрғаннан кейін де ойынан өшіре алмайды, тіпті жар құшағында жатып та оны ойлай беретіні неліктен? Әлде... Әлде алғашқы сүйіспеншілік деген осы ма? Иә, әнші қызбен студенттік қоңыр төбел тойын жасап, оңаша отауға шыққан кейінгі тәтті күндер мен ләззатты түндер жанын масайратқан тұстарда: «Міне, мен де өз жолымды таптым. Бар болашағы алдында тұрған оның да өз бақытын табары анық, жас баланың ойында жақсы көрген ағаға деген ықыласы ғана болар» деген ниетпен Кәмиләні мүлде ойынан шығаруға тырысқан... Ұмыта бастаған да сияқты еді. Оны қанша ұмыттым десе де ұмыта алмапты, ойда жоқта бүгін кездескен соң... «Неше жыл бойы хабарласа алмағаным үшін ғана жан етімді жегідей жеп жүрсем де ол мені ұмыта бастаған ба, қалай? Уақыт деген адамдарды тасбауыр ғып жібере ме деймін. Әйтпесе «Сау болыңыз, аға» дегенге жарамай, кете бергені қалай болғаны? Иә, бәріне де уақыт шығар кінәлі. Ал өзі жаман болып өспеген екен. Түнде жанар гүлдей жайнап тұр-ау» деп ойлады ол. «Аягөзге де жеткен болар ендігі, мүмкін, қазір қалғып-шұлғып отыр ма?! Әлде ол да бұл жайлы ойға берілді ме екен?..» Ол өзі-өзінен жымиып күліп қойды. Кәмиләнің вагонда отырған бейнесін сырттай елестетіп, сырттай мейір білдіреді. Алматыға жол тартқан Кәмилә бейнесін көңіл түкпірінен тауып, көз алдына ойша әкелген ол одан пәлен шақырым шалғайдағы жол үстінде бара жатып, өткен күндерді ойша аралайды. Құшағында отырған Сәния автобустың бірқалыпты жүрісіне үйренгендей ол да ұйқы құшағында. Расылбек болса әлі ояу отыр, ұйқысын ұйыта алмай әуіре.


 

 

* * *


 

Расылбек Сәниямен елге келгелі Молдаш қарттың көңіл жетер ағайынына, жора-жолдасына той жасап берген соң да тойға келе алмағандар да түгелдей келіп, құтты болсын айтқан. Кемпірін оралмас сапарға аттандырып салғалы жарым көңілді күн кешіп, жалғызілік тауқыметін тартқан қартқа бәрі де бір күнгідей болмай өте шыққандай. Көсеу қара мылтығын арқалап, қырмаса да күн сайын қыр асатын қарт бұлар келгелі тіпті үйкүшік болып алған. Қысқа күнде қараша үйге кырық рет кіріп, қырық рет шығады, екеуін айналып-үйірілуден бір жалығар емес. «Тәубә, тәңіріме, төрт жыл бойғы түтінімді өшірмеймін деп төрт кереге бағып жатқаным төрт күндей болмай өтті-кетті, жеткізе көр деген тұяғымның жетілгені, жеткені осы да. «Молдаш шалдың баласы сонау Алматының тура өзінен келіншек әкеліпті» деген сөздің өзі бойға қуат құйған жоқ па! Ендігі қалған жас осы екі қарашығымның садағасы болғай-ды. Арманым жоқ, бұл пәниден дәл қазір аттанып кетсем де» дер еді ол. Аз күнде сыртта ұл, үйде келін жұмсап, бір жасап қалды.


 

Санаулы күндер сау желіп өте шығыпты. Ұл мен келін қайтадан оқуларына аттанатын күн де жетті. Қоштасарда Молдаш қарт екі баласын емірене құшаққа алып, өмірі көрсетпеген осалдық байқатып қойды. Кемсеңдеп көзіне жас алды. Шығарып салушы көрші-қолаңға онысын жуып-шайғандай: «Орнында бар оңалар» деген емес пе. Тұяғым болып, түңілік көтерген балаларымның қуанышы да кәрі көзді шылап тұрған. Оның үстіне мынау жаман неме, келді-кетті демеуші едім, Сәниямді қия алмай... – деді ол ақтала сөйлеп.


 

Олар мінген машина тау арасында таспадай иіріліп жатқан жолды қуалап, орталықты бетке алып, жүріп кетті.


 

Сәния алдынан көз алмайды. Машинаның жүрдек жүрісіне көңіл шіркін қанағаттанбай, қайтар жолды ойша шарлап келеді. Ақпа-төкпе адамы ағылған астанаға жетуге асығады. Бұл жоқта бүкіл қала жетімсіреп тұрғандай қөрінеді оған.


 

Расылбек қыр басында қалқайып жалғыз қара болып қалған әке жаққа қайта-кайта мойын бұрады. Ата-бабаның ғасырлар бойы арпалыспен қорғап-қорып, иемденіп, құтмекені ғып келген осынау қыземшек қырлар, шағылды, адырлы, асқар белді таулы алқабы бар тағдырын осыған ғана тапсырып қойғандай қия алмай, қынжыла кетіп барады. Туған өлкесінен алыстаған сайын жігіт жаны жетімсірей түскендей.


 

Болашақ бір отаудын қос тіреуі жас күйеу мен жас келіншек осылайша екі түрлі ойда, екі түрлі күйде аттанды. Бірі құба жон, қу даладан екі өкпесінен қысып, жан-жақтан қаумалаған меңіреу таулардан құтылғанына қуанғандай болса, бірі аз уақытқа болса да жер ұйығындай өз мекенінен жырақтап бара жатқанына ренжігендей...


 

Молдаш қарттың «Сәнияшым – егізімнің сыңары» деген келінін бірінші көруі де, соңғы рет көруі де сол болыпты. Ауылға барғаннан кейін екі-үш ай өткен соң Расылбек кіші офицер ретінде бір жылдық қана әскери міндетін өтеуге аттанған болатын. Сәния екі айдың әр аптасын жібермей үзбей хат жолдап, қатты сағынғанын жазып жүрді. Содан соң аман-саулықты салғырт қана білдірген хаты қосағын сағындырып жететін болды. Ал содан кейін қантардың қара дауылы соққан күні Сәниядан барлығы үшін де кешірім сұраған хат келді. «Расылжан, мен сені шын сүйіп-ақ қосылып едім. Әдемі өңіңе, әлде өнеріңе қызықтым ба, білмеймін. Сенің ауылыңсыз, менің астанасыз тұра алмайтынымыз түсінікті болды. Бөлісе алмайтын үйіміз де, күйіміз де жоқ, оның үстіне, етегімізден тартып жатқан нәрестеміз де жоқ (бұл да құдайдың көмегі шығар). Өнер жолында демейтін де, сүйейтін де өмірлік серігімді таптым. Жағдайы да бар дегендей. Сен мені кешір. Өзіңнің де шын бақытыңды, ауыл өміріне төселген сыңарыңды табуыңа тілектеспін. Некеден шығу үшін сенің ажырасу жөніндегі қағазға қарсы еместігіңді білдіріп, қол қойып, қайтарып жіберсең ризамын. Сәния» депті қысқа хатында. Әрине, ол жерде Расылбек кешірмеймін десе де етер шара, істер амалы жоқ болатын. Тек соңғы рет келіншегіне бақыт тілеп, хат жазды. Сұраған қағазына қолын қойып, салып жіберген.


 

 

IV


 

Құрсай ішіндегі Тұрсын ауылының күні ерте батып, ымырты ерте үйірілді. Ақмарал қойды қоралап, үйге оралғанда арыстай-арыстай төрт бірдей азаматтың үшеуі шағын киіз үйдің ішінде оңды-солды айқаса сұлап жатыр еді. Жалғыз ғана Расылбек бас қарайтып, үйден «Бәріне де мен кінәлімін, Ақмарал» дегендей жапақтап, келіншек жанарына қарай береді.


 

– Ағай, серіктеріңіздің бәрі жолда қалыпты ғой! Расылбек Ақмаралдың бұл сөзді қандай оймен айтқанын аңдамай қалды. Мысқылмен айтты дейін десе сол баяғы ақжарқын, зілсіз жүзі.


 

– Иә, төртеуіміздің бірдей отырып, жалғыз саған тағам әзірлетіп, саған қой жайдырғанымыз жараспады-ау, Ақмарал?!


 

– Е, ағай, онда тұрған не бар дейсіз?! Біздер бәріне де үйрендік қой.


 

Бұл келіншек сөзінен әлде бір қажығандық, әлде бір торыққандық па, әйтеуір өз тіршілігіне наразы жанның әуенін танып қалғандай болды. Ақмаралдың бір сәтке кірбің ұялай қалған қабағы да, ішіндегі көлеңкелі бар сырды ала шыққан күрсінісі де соны айтып тұрды.


 

«Апыр-ай, аз жылда қалай өзгеріп кеткен? – деп ойлады Расылбек. – Ұшып-қонып жүрген жас қыз еді. Басына қонған балғын балалық дәуірдің ақ көбелегі іспетті, ақ бантигі жоқ қазір. Оның орнына гүлді орамалды икемсіз де ебедейсіз етіп, басына тарта салған. Мұның да балалық базарлы күні сол ақ бантикпен бірге ұшып, бір отбасының ыстық-суығын бөліскен салауатты адам бола қалған. Жас кезінде пысық-ақ бала сияқты еді. Байғұс бәрін де жоғалтып алғандай ма, қалай?! Әлде Тұрсынмен тату тұрмай ма екен?!»


 

Расылбек өз ойының түйінін шеше алмады. Ауыл үстіне түннің қара барқыты жабылды. Өрістен қайтқан қойлардың бырт-бырт жусауы естіледі. Терең шатқалдан түнгі аспан түңіліктей ғана болып көрінеді. Жұлдыздар жамырайды. Ауыл үстінен төнген биік шағылдың иек артпасынан жартыкеш Ай сығалап еді, Расылбектің алдында таяқ тастам жерде мөлдіреп жатқан бастау судың түбінен де бір жартыкеш Ай сығалайды. Расылбек есік алдында отыр. Ақмарал тыпыр-тыпыр үйге бір кіріп, бір шығып әлі тыным көрмей жүр. Енелерімен бірге сай құлдап, су бойымен жайылып кеткен бұзауларды әкеліп байлады. Онан кейін отын бұтап, от жақты. Шаңырақтан ұшқан түтін жұлдызды зеңгір аспанға қарай жел лебімен көлбей ұшып барады. Тау ішіндегі қойлы ауылдан от жанып, түтін шығып жатқанымен, бөтен үн естілмейді. Қозысын іздеп маңыраған қойлар да тыншыған. Тамақ дәметкен иттер ғана әрі-бері өткен Ақмаралдың аяғына оралады, Құр сияқты жалғыз ойнап, жалғыз жүріп үйренген баланың да үні естілмейді. Ол да ұйқыға кетсе керек. Қарауытқан таулар да қалғып бара жатқандай. Жусап жатқан қойлардың көздері де жап-жасыл болып жанады.


 

Екеуі ғана – Ақмарал мен Расылбек ояу. Бірі – бар қызығын, бар бақытын еңбек пен жар болашағынан күткен, жас та болса жаманды-жақсылы дүниені көрген, шет жайлап, қыр қыстаған малды ауылдың қарапайым еңбекқор әйелі. Енді бірі малды ауылда туып, осынау ен жайлау, кең даланы бесігі етсе де үлкен шаһар тіршілігімен етене таныс болып, білім алған, бірақ... Бірақ... сол шаһарда жастық жалынын емес-ау, өмірлік деген серігін, сонымен бірге сенімін қалдырған, енді сол сайын даласының кәдесіне керек-ақпын, жоғалтқан серт пен сенімді осы даламнан қайта табармын деген үлкен үмітпен келіп, еңбек жолын бүгінгіше масаң да мазасыз күйде бастағанына опық жеп отырған, ұшқан ұясына топшысын бекітіп қайта оралған өлкенің өз түлегі. Бірі – бір кездегі алаңы аз, алданышы көп албырт қана еркетотай қыз емес. Бірі – бір кездегі сол «еркетотай қыздардың» арманшыл «ағайлары» емес. Араларынан жымысқы, ұры жүрісті уақыт өтіп кеткен. Бірі бұрынғыдай «ағай» дейді. Бірақ бұрынғыдай мойнына оралып, еркелей алмайды. Екіншісі сол күндердегідей-ақ жақсы көреді. Бірақ, бұрынғыдай еркелете алмайды...


 

– Ағай шай дайын болды! Ол селт етіп, үй жаққа мойын бұрды. Бағана сөніп қалған шылымының тұқылын өші кеткендей өкшесімен езіп тастады да үйге қарай аяңдады, Алғашқы келгенде алып тастардай, жұлып тастардай болып алаөкпе мінезбен ұмтылысқан иттер де «бір байқамастық өтті, жаздық-жаңылдық» дегендей, құйрықтарын жәркелештене бұлаңдатады.


 

– Мыналарды оятамыз ба, ағай, қайтеміз? – деді дастарқан әзірлеп жүрген Ақмарал.


 

– Көрейік.


 

Расылбек әуелі Тұрсынды оятпақ болды.


 

– Тоқ-т... тоқташы, әке-ау... – деп, түсініксіз былдырлап алды да Расылбектің қолын тым дөрекілеу қимылмен қағып тастады.


 

– Өй, жатушы ма едің? Тұрсайшы былай, мына кісілерге төсек салайық.


 

Ол Ақмаралға да жаңағыдай түсініксіз екі-үш сөзді былдырлаған болды. Тағы тербете бастаған соң бір жеріне от басып алғандай, басын көтеріп алып, келіншегін бар күшімен итеріп жіберді де теріс аунап түсті. Керзі етігі дастарқан шетінде тұрған кесені домалатып түсірді. Ақмаралдың бота көзінен мөлтілдеген тамшы көрінді.


 

Расылбек теріс қарады.


 

Ол енді Сәлімді оятпақ болды. Расылбек таяй бергенде-ақ ол ұйқысырап әлденені былдырлады. «Сені құртамын!» Расылбектің жүрегі мұздап кетті. Тұп-тура өзіне арнайы айтылып жатқан сияқты. Ол сол орнында тұрып қалған еді. «От солай, жаман ағаң жиырма бес жыл ел басқарған... үйренген... Ұғып ал, бала... Сендер әлі мені танымай жүрсіңдер ғой, танытармын... Е, жарайды, басеке, орындаймыз...»


 

– Орындарсың, жаманнан қатты! – деді Ақмарал. – Жиырма бес жыл ет жеуден, жиырма бес жыл арақ ішуден орындаған шығарсың! Жайдың ұшқыны тиген ешкі беттеніп алып, бұл да бір жітікке қосылған саяқ болды ғой, әйтеуір...


 

Олар Құсыманды оятқан жоқ. Дастарқанның екі басында екеуі шошайып отырып, үнсіз шай ішті.


 

– Өмір деген қызық.. – деді Расылбек.


 

– Иә, қызығын көріп жүрміз ғой, – деді Ақмарал.


 

Шай үстіндегі бар әңгіме осымен тәмәмдалды. Расылбек тағы да есік алдына барып, үйдің жанында жатқан қойтасқа отырды. Бұл кезде Ақмарал да тысқа шыққан еді. Иттерге жуынды-шайынды құйды да, түн құшағында жатқан шатқалға қарап, «Әй-й-й! әйт-әйт!» – деп сызылта айғайлады. Кеудесін кернеген жаңағы ренішін тап бір сол үнімен сыртқа әдейі шығарып тұрғандай.


 

«Қойшылар өмірінен бейхабар адам болса, ұйден шыға келіп, айғайлаған кісіге күлер еді» деп ойлады Расылбек. – Оу-у-у! Айт-айт! – деген Құрсайдың төменгі жағынан екінші әйелдің жуандау үні естілді. «Бұл Раушан болар» деп ойлаған жігіт. Бұл қайта әйелдердің осынау түн қараңғылығын қақ жаратын абай үндерін сағынып қалған сияқты. Өзі де бар дауысымен айғайлағысы келді. Ақмаралдың жіп-жіңішке нәзік, бірақ өткір үні түнгі даланы дір еткізсе, Раушанның жайбарақат қоңыр даусы айналаны тыныштыққа шақырғандай. Ұйқысынан шошып оянған құз-жартастардың өздері де үн қосты. Байғыз да ащы дауысымен терең сай түкпірінен шаңқылдайды. Құрсайдың бас жағынан тағы бір келіншектің дауысы естілді. Мен де ояу отырмын дегендей, бір тұстан басқа бір әйелдің барлыққан жуан даусы келіп жетті.


 

– О-у-у-у!


 

Біртүрлі, бейбіт үндер. Бәрі де аманшылық деген сияқты, әйелдердің осынау дауыстары тау ішінің түнгі сәніндей, түнгі әніндей.


 

– Ақмарал, кел отыр. Біраз әңгімелесейік, – деді Расылбек. – Біртүрлі, ұйкым келетін емес. Күндізгі араққа емес, мынау кешкі саф ауа тыныштығына масайып отырғандаймын.


 

Келіншек қол созым жерге келіп отырды. Бағанағы жартыкеш Ай жүзген бойы төбеге келіп қалыпты. Бастау суының жиегінен қылтиған жартыкеш Ай да су түбінде жатқан үлкен күміс алқадай жаркырайды.


 

Екеуі сол бір мөлдір түн құшағында үнсіз отырды. Әуелі біраздан соң бірінің оқушы, бірінің тәрбиеші болған жылдарындағы алаңсыз өткен кездердің кей сәттерін еске алып, соған қазіргі ересек адамдардың көзімен барлап, риясыз күлісті. Бір сәтке әрқайсысының басынан өткен содан бергі жылдардың ізін ұмытысып, балаң қыз немесе балауса жігіт күндеріне қайта оралғандай. Содан кейін бір-біріне сол жылдар арасындағы өздерінің қайда болып, не істегендеріне қысқаша тоқталған.


 

Расылбек студенттік жылдарын, үй болып, отау тіккен күндерін әңгімеледі. Ақмарал Сәния мен Расылбектің аз уақыт тұрмыс құрғанын, одан кейін екеуінің келісе алмай ажырасып тынғанынан xабардар екен. «Демек, бір-бірлеріңізді шын сүймегенсіздер» деп байлам жасап қойды ол сөз арасында.


 

– Ағай, әлі күнге дейін Кәмиләға барып жолықпағаныңызды түсіне аплмадым. Ол қыз сізді әлі күнге дейін жақсы көреді ғой. Сіз балаң махаббатқа адалдық таныта алмасаңыз да, меніңше ол ешқашан айныған жоқ, айнымайтын да сияқты, – деді Ақмарал құрбысының сырын жайып салып.


 

– Мен оның сезімін тым балаң қыздың ағаға деген ықыласы болар деп ойладым ғой... – Оның аузына басқа сөз түспегенмен, кеудесінде бір қуаныштың жалыны атойлап еді.


 

– Ал енді біздің Тұрсынның жаратылысын сіз жақсы білесіз. Өмірі адасумен, оң жолына түсе алмай келе жатқан жан ғой бұл. Бірақ оның менен басқа жанашыры бар ма, сірә. Соны адам етсем, жанындағы жақсы қасиетін аршып алып, адал істің азаматы етсем деп едім. Сол үшін де бар болашағымды, бар бақытымды Тұрсыннан ғана іздеп едім. Оған жетемін де...


 

Расылбек манағы бәріне де мойыған, бәріне де көнген момақан тіршілікке әбден үйреншікті қойшы әйелі емес, бұрынғы Ақмаралды қайта көргендей болды. «Жастық жалыныңды жоғалтпапсың-ау, көкірегіңе сақтап жүрген екенсің ғой» деп ойлады ол. Бірақ үн қатқан жоқ. Келіншек сөзінің жалғасын сабырлылықпен күтті.


 

– ...Тұрсын қазір де ақ емес, адал емес. Оны мынау Сәлім сияқты сұмырайлар қылмысқа қарай қақпайлап жүр. Мен бәрібір Тұрсынымды ешкімге теңгермеймін.


 

Расылбек Ақмаралдың күйеуін «ақ емес, адал емес» деуін анық естісе де әрі қарай қазбалап сұрай алмады.


 

– Оған сіздің көмегіңіз қажет, ағай. Сіз бәрін де түсіндіруге тиіссіз. Оның ендігі тағдыры өз қолыңызда ғана қалғандай... Аршып аларыңызға сенемін, аға!


 

Сол кезде:


 

– Келін, а келін?! – деген Сәлімнің үні естілді. Іле қазан-ошақ салдырлады. Ақмарал ұшып тұрып, үйге қарай жүгіре бергенде алдынан:


 

– Қарағым, келінжан-ау, мынау айраныңа у құйып жібергенбісің? Тіпті бүткіл өңешімді қырнап кетті ғой, – деген даусы естілді.


 

Киіз үй туырлығының саңлауларынан жарық көрінді.


 

– Қаталап жатыр екенмін, сені оятпай-ақ өзім тауып ішейін деп мынау ағарғанның екі ожауын жұтып жіберіп едім... Тіпті өңешімді өртеп...


 

– Қайнағасы-ау, ол айран емес, терінің иі еді ғой...


 

Ақмаралдың күлкісі естілді. Тыста отырған Расылбек те мырс етті.


 

– Тө-өһ, шіркін, даланың һауасы-ай, – дейді Сәлім сыртқа шығып.


 

– Өу, Расылбекжан, сен де әлі ұйықтаған жоқсың ба? Келінжанмен бірге кой күзетіп отырғаннан саумысың өзің?


 

– Күзетсек, күзетіп отырған шығармыз. Күзетіп көрмеген қой ма еді бұл?!


 

– Жә, жә, айғайлама! Мен жәй әзілдеп...


 

Ол енді тері иінің шуашы мен арақтың иісі қосылып аңқыған ауызын Расылбектің құлағына тақай сыбырлады. Расылбек теріс айналды.


 

– Нешауа, жастық итке бәрі де жарасымды. Біздер де сендей кезімізде ұйқы көрмей, талай ауылдың итін шулататынбыз. Ой-й-й, мына басы түскір сынып барады ғой тіпті...


 

– Өзіңіз сасық теке сияқты қандай жексұрын болсаңыз қашан да ішіңізде сасып, ит өліп жатады екен, – деді Расылбек. Ашумен сөз сойылын көме сілтеп алғанын артынан аңдап қалды. Бірақ айтылған сөз – атынан оқ, қайтып ала алмайсың. Ол орнынан ықшам көтеріліп, үйге қарай адымдады.


 

– Не-ме-не! Өй, боқ мұ-р-ын! Әкеңді танымай жүр екенсің ғой сен.


 

Расылбек оған үн қатпастан Тұрсынның жанына келіп, жантая кетті. Көрпенің астына кіріп бара жатып, Ақмаралдың үрейлі көзін көрді. «Енді қайттік?» деген сұрау тұрды жанарында. Сәлім ештеңе болмағандай «келінінен» айран сұрап ішті де теріс қарап, жатып қалды.


 

Расылбек таң ала кеуімдене бастаған кезде ғана көз шырымын алды...


 

 

* * *


 

– Малыңның ұзын саны түгел, – деді Расылбек Тұрсынның отар кітапшасына қарап отырып. – 452 бас, қозы – 634, О-һо, сонда жүзінен жүз қырықтан айналдырып тұр екенсің ғой. Жарайсың, қара тентек.


 

– Аудандағы ең озаты осы болып тұр ғой шопандардың.


 

Бұл – Сәлімнің сөзі. Тұрсын төмен қарады. Ақмарал әрі-бері сипақтап тұрды да шелек көтеріп, сыртқа шыға берді.


 

– Әрі қарай кеттік, – деді Расылбек. – Одан басқа жүз он еркек қой бар екен... Оны неғып саулық қойға қосқансыздар?


 

Ол Сәлім мен Құсыманға қарады. Құсыман естіген емеспін дегендей иығын бір қозғап қойып, отар кітабына үңіле берді.


 

– Ә, ол әлгі... күзде... отар шағын болған соң... Және қыста еркек қой дегеніңіз қарды жылқы сияқты теуіп, саулықтарға шөп аршиды... Сонан соң...


 

– Жоқ! Ондай мал менде жоқ!


 

Тұрсынның даусы жарықшақтана шықты. Расылбек оның мұнша түнеріп, түңілуінің себебін ұға алмады.


 

– Жоқ, – деп отырмын ғой мен, Сізге! Жоқ, ондай еркек қой атаулы. Мына сүмелектердің істеп жүрген айла-шарғысы ол! Мені даңққа бөлемекші. Осы былықтырғандарың да жетер! Одан әрі шырмалып жүре алмаймын. Адамша өмір сүргім келеді менің де. Адамша!


 

– Әй, бала, албаты тантымай отыр сен. Былығыңды аулақ тарт әрі. Білмедім ғой, әйтпесе сен итті сол үшін сотқа беріп, екі көзіңді тор темірден бір-ақ жылтырататын едім!


 

Бұл – Сәлімнің сөзі.


 

– Аһ, солай ма еді! Онда мен саған қөрсетейін. Ине жұтқан иттей ілінген сүмелек.


 

Сәлімге қарай тұра ұмтылған Тұрсынды Расылбектер әрең ұстап қалды. Ештеңеге түсінбеген Расылбек мынау аяқ астынан тұтанған жанжал отының басты себебін ұға алмай дал болды.


 

– Не болды? Айтыңдаршы, кәне? Неге бүлініп жүрсіңдер, түге? – деді ол. Бірақ өзі де бір былықтың шетін сезіп қалғандай. «Кеше Ақмарал да «ол ақ емес, адал емес» деп еді-ау. Тоқта, мұнда бір сыр бар».


 

– Ұқпайтын несі бар, зоотехник жолдас. Бұл сырды менен қорыққанынан айтып отыр деп ойлама. Өзімнің де жеткен жерім осы ғана. Мына сүмелектің енді жол ортадан жалт беріп, танып жатқанын қараңызшы.


 

 

* * *


 

Ол кезде қаңтардың қақаған қысы болатын. Тұрсын отарды Қызылшағылға қарай өргізіп бара жатқан. Ауылға беттемей өзіне қарай төтелей салып келе жатқан жалғыз салт аттының Сәлім екенін Тұрсын оның атқа бір жамбастай отырысынан-ақ таныған. Жуан тобық, тоқпақ жалды монғолы торының бүкіл тұла-бойын түтіндетіп, тізгінін Тұрсынның жанына әкеліп бір-ақ тартты.


 

– Жол болсын, Аға!


 

– Әлей болсын! Үй-іш, келіннің дені сау ма? Қуанышбай қалай, үйленем демей ме?


 

Ол бастырмалатып, келінінен бастаған амандық сұрауын ақсақ-тоқсақ қойға әкеп бір-ақ тіреді. Тұрсынның жауабын күтпей-ақ бәріне тоғайғандай: «Маладес» деп қойды.


 

– Тұрсынжан, сені қуантайын деп келдім, – деді ол.


 

– Иә, айта отырыңыз. Сүйінші бізден! Ортақ қуаныш болғай, әйтеуір.


 

– Жақын отыр онда, – деді ол ен далада олардың әңгімелерін біреулер тыңдап тұрғандай сыбырлай сөйлеп. – Кеше басқарма жиналысында ұжымшар қошқарлары ферма меңгерушісі екеуімізді біраз мүйіздеп алды. «Әр ферманың сорпа бетіне шығар бет-жүздігі бар. Сендерде көптен суырылып шығар біреу болсайшы», – дейді.


 

Сәлімнің аузынан қуанышты хабар күткен Тұрсын оның ұзын-сонар әңгімені бастағанына қарап, айтпағын алдын ала білуге асықты.


 

– Қуанышыңызды айтпайсыз ба? – деп қалды ол.


 

– Сабыр ет. Содан меңгеруші екеуміздің басқармадан құр сүлдеріміз шықты. «Нешауа, ақылын өзім табамын» дедім меңгерушіге. «Осы жұрттың бәрі етегіне намаз оқып жүрген жоқ», дедім.


 

– Ағасы-ау, неғып қоян бұлтаққа салып кеттіңіз?


 

– Асықпа, қазір айтайын... Ал өзің озат шопан болғың келе ме? Атағың дүрілдеп, аудан, облыс, Алматыға дейін кетеді. Әйда, сонан соң мінбеде сөйлеген әрбір бастық сөзінің бісмілләсін сенің фамилияңнан бастайды.


 

– Ал, болғым келеді дейік... Қане, озат болудың ішірткісі бар ма, ішкен бетте жұрттың алдына шыға келетін?


 

Ол күліп, зоотехникке алақанын жайды.


 

– Өй, қалжыңдауыңды қоя тұр былай. Тәк, мәселе былай, келісемісің?


 

– Жарайды, келісейін.


 

– Онда қолды әкел.


 

Екеуі қол алысты.


 

– Тәк, мәселе былай... – деді Сәлім қайталап. – Меңгеруші екеуміз өзіңнен артық еті тірі, еңбекқор жігітті таба алмадық. Содан нетіп... өзіңді озат шопан етуге келісіп...


 

– Жұмбақтамай бар ойыңызды айтпайсыз ба, Сәке?


 

– Қазір қолыңдағы 460 саулыққа 110 еркек қой қосамыз.


 

– Маған соғымға ма?


 

– Сөзді бөлме. Бірақ ол қағаз жүзінде еркек қой болып жазылғанымен, шындығында саулық қойлар. Демек, қозы күнінен жыныс түрі өзгертіліп жазылған «қамқор малды» қосамыз.


 

– Түсінсем бұйырмасын.


 

– Есеп ұжымшарға 460 саулықтың қозысын беру керек болса, сен іс жүзінде 570 саулықтың қозысын тапсырасың. Демек 570 саулықтың қозысы 460 қойдың өнімі болып табылады. Себебі еркек қой «қоздамайды» ғой. Түсінген боларсың, ә? Жаман ағаңның басы кейде істеп кетеді, шорт пәберие, хи-хи-хи.


 

– Түсінікті дейік. Сонда осы мен үшін ғана жасалып отырған қамқорлық па, әлде...


 

– Өй, осы сенің тергеп-теқсеріп алмай, жарайды дейтін күнің бар ма, сірә. Өзіңе де абырой, атақ, фермаға да, тіпті ұжымшарға да мақтаныш болмаспысың.


 

– Жоқ, мен бұған келісе алмаспын.


 

– Әй, сені де жігіт деп салмақ салған біздің миымызды тауық шұқып кеткен ғой. Анау «Қызылжұлдыздың», анау «Ұйымшылдың» Қыдыр, Көкебайлары шын мәніндегі озаттар деп ойлап па едің? Ж-жоқ, бауырым, әне, олар заманы түлкі болғанда тазы болып шала білетін жігіттер...


 

– Сіз өзіңізге өзіңіз сенбей жүргендіктен, жұрттың бәріне күйе жағуға неге даяр тұрасыз, осы?


 

– Жә, бауырым, бүгін осымен әңгімені доғарайық. Ертең айналып соғармын. Қабырғаңмен кеңес, бірақ келінмен кеңесіп жүрме. Еркектің шаруасына әйелдің араласпағаны абзал.


 

Ол торының ауыздығын салып, сипай қамшылап, жолға түсті. Тұрсын ойланып қалды. Бір сәт көз алдына газеттің бірінші бетіндегі өз суреті елестеді. Күліп тұр екен дейді. Ол апыл-ғұпыл папиросын суырды...


 

 

* * *


 

– Оқасы жоқ, – деді Расылбек.


 

– Жала, – деді Сәлім.


 

– Тұрсын, сенен көптен күткенім осы еді ғой, – деді Ақмарал.


 

– Да-а-а! – деді Құсыман инесін жоғалтқандай от басына үңілген күйі.


 

– Ұжымшар төрағасына барамын, бәрін де өз аузыммен айтамын. Мейлі, мені пісіріп жесе де өздері біледі. Бірақ әлден-ақ атымды айтып, бүкіл облыс шулап кетті. Газетке шыққан өз суретіме өзімнің қарар бетім жоқ... – деді Тұрсын.


 

– Оқасы жоқ, – деді Расылбек тағы да. – Адасқанның айыбы жок, азаматша қасқайып тұрып, мініңді өзің айттың. Арың таза болса болғаны. Ал ұжымшар басшылары қалай жазалауды өздері біледі. Олардың да ақиқатын түсінулерін сұрармын.


 

Ол Ақмарал мен Тұрсынның қолын алып, аттануға ыңғайланды.


 

– Аға, бүгін қуанышқа ішем әкесін танытып. Ал одан кейін, тек адамша ғана өмір сүрсем деймін...


 

Расылбек жас досының ақ пейілін білдірген тілегіне қарсы тұра алмады.


 

– Мен бүгін жүрмеймін, ініммен татуласамын. Ертең жон жақтан жолығармыз.


 

Бұл – Сәлімнің сөзі. Жаңа зоотехник оған да дау айта алмады. Тіпті, онсыз, Құсыман екеуі ғана кетуді артығырақ санаған. Тағы да Сәлімнің былықтары шығып жатса, басшыларға айтуы қашпас.


 

– Оқасы жоқ, қарағым, – деді Сәлім екі жігіт аттанып кеткен соң Тұрсынға қарап. – Мені де тілдеп, жұдырық ала жүгірдің, көрген бас, көнген бас біздікі. Мен шыж-быж болып, сол іске жетектесем өзім үшін емес, өзің үшін еді ғой. Марқұм шешеңнің қолынан дәм татып, замандасы болған жан едім.


 

Жаман ағаңның артық айтып, ағат кеткен жері болса, әдейі істегені демегейсің, жаным. Бізден қажыр-қайрат кетіпті, аюдай ақырып, осы қоғам малы үшін жиырма бес жыл отқа түсіп едім, қасқыр жеген қотыр байталдың тулағындай кәдесіз болып қалған күй болса мынау. Мен жазған әйтпесе, кешегі шылбырымнан ұстатуға жарамайтын боқ мұрынның бүгін келіп, атымды аударып мінерін біліппін бе?!.. Солай, бауырым, мені кінәлі десең кешіргейсің...


 

Тұрсынның Сәлімге жаны ашыды. «Шынында, бұл міскінді бекер ренжіттім-ау» деп ойлады.


 

– Жоқ, Сәке, сіз емес, мына мен өзім бәріне де кінәлі. Бәрі де өтті-кетті, оны ұмытыңыз. «Балам» десеңіз бала болуға жараймын, «інім» десеңіз, іні болуға жараймын. Бәрі де осы жерде қалсын. Бәрін істеген өзім деймін ертең-ақ. Сізге пәлемді артпаймын. Бүгін арнайы қонағым болыңыз. Бағана айттым ғой. Бүгін жақсылап отырып ішемін. Бұдан кейін қайтадан ащы судан ұрттап алсам, жер басып жүрмейтін боламын. Соған куә боласыз.


 

Ол осыны айтып, жедел Шіліктідегі дүкенге аттанды. Екінші күн Ақмарал мен Қуанышбай қой жайып кетті...


 

Құрсай күні батқан шақта Тұрсын мен Сәлім құшақтасып отырған болатын.


 

– Пырағым, жануарым, тоқпақ жал торым-ау, Молдаштың жаман ұлының тақымында кетер деп кім ойлағам сені. Пырағым-ай, бағана мен қалып бара жатқанда оқырынды-ау, өзіме қарап. Ол қорлықты көргенше өлсем нетті!.. «Жақсы адам, жайсаң ағам дейсің-ау», сен сорлы. Атымнан айрылып, бүгін мен жылағанда қатыныңнан айрылып, сен көрерсің ертең көресіңді.


 

– Не! Не дейсің? – деді Тұрсын бірден есін жиып.


 

– Естігем ол итті. Баяғыда интернатта жүргенде-ақ елдің қаршадай қыздарын аламайлап бітіргенін.


 

– Өй, не деп кеттің сен?!


 

– Қойдым, қарағым, алтын басыңды аяққа тепкізбе, қарқарадай Тұрсын атыңмен ер қазынасына қаңғырғандардың қолын салдырма дегенім де. Ер жігіттің жары – асыл қазынасы.


 

– Кәрі төбет! Тағы неңді қоңырсытып едің? Айт, қане, жаныңның барында. Әйтпесе шыбын жаныңды қылқа мойныңнан суырып алайын.


 

Ол Сәлімнің кеудесіне алпамсадай болып, мініп алды. Түрі өрт сөндіргендей.


 

– Тарт әрі былай, кимелемей, әкеңдей адамға әкіреңдегенше қатыныңа ие болсаңшы, – деп ол қайтадан түзеліп отырды. Сонан кейін өте бір байсалды хабар жеткізіп отырған адамдай күйіне сөйлеп, «көзіммен көрдім» деді. «Түнде, осы түнде екеуі түні бойы.... Сол кезде Тұрсын оны алқымынан сығымдап ала түсті. Көзі ақиған Сәлімнің «біткен шаруа» дегенге ғана тілі келді. Оның нені біткен шаруаға санағанын Тұрсын пайымдай алған жоқ.


 

– Ойбай-ай, мынау не дейді? Өлім! Өлім! Өлті-ре-й-ін!..


 

Ол Сәлімді көтеріп жерге бір ұрды да, мылтығын оқтап, сыртқа атып шықты. Сәлім басын көтермек болып, бір ұмтылды да оған шамасы жетпеген соң сылқ етіп құлап түсті. Іле қорылдап, ұйықтап кеткен.


 

Тұрсын жайдақ атқа міне ұмтылды. Ол Қуанышбайды жетектеп, отарды ауылға қарай қаптатып келе жатқан Ақмаралға қарай ат қойды.


 

– Қане, айт! Тек шыныңды айт! Екеуміздің дәм-тұзымыздың таусылған жері осы!


 

Ол Қуанышбайды бауырына қысып, үрейленіп тұрған Ақмаралды жонынан қамшымен көме бір сілтеп өтті. Баланың шырылдаған даусы жер жарды. Жүрегі ұшқан сәби анасының кеудесіне шырылдап жабыса түседі.


 

– Жаным-ау, айтып өлтірсеңші бізді? – деп зарлады Ақмарал құлындай даусы шығып.


 

– Ә, қайлақы! Мекерсуді шығарған екенсің. Кеше не болды, айт қане?


 

Ол әйелін тағы бір осып өтті.


 

– О, айуан! Солай де! Мә, онда мына шикі өкпеңді жетім етіп қалдырмай екеуміздің де қанымызды ұртта! Мә, енді неғып тұрсың мелшиіп? Өз обалым өзіме, сен малғұнды адам етпек болған! Неғып тұрсың, қане? Ат енді!


 

Тұрсын алды-артына қарамай екі кештің арасындағы бейуақытта атын оңды-солды борбайлап, Молдаштың зейнетке шыққалы мекен етіп отырған ферма орталығы саналатын он шақты үйлі шағын ауылға бет алды.


 

Өлі мен тірінің арасында қалған Ақмарал әлі дірілдеп, қолды-аяққа тұрмай селкілдеген баласын құшақтап, Раушандардың үйіне қарай жүгірді. Өрістен тойып қайтқан қой үйреншікті қораға қарай өздері шұбырып барады. Найзадай биік шағылдың иек артпасынан жартыкеш Ай сығалады. Ұйықтап жатқан Сәлімнен басқа жан жоқ иен үй алдындағы таяқ тастам жерде мөлдіреп жатқан бастау судың айдынынан да дәл кешегідей жартыкеш Ай жалтырады. Қыз түсіріп алған сыңар алқа сияқты... Бейуақыттағы бейбіт тіршілік. Ештеңе болмағандай.


 

 

* * *


 

Расылбек пен Құсыман жаңа ғана келіп аттан түсіп отырған беттері сол еді, тыстан тасырлаған ат дүбірі естілді. Отырғандар «Не болып қалды?» деп елеңдескенше суыт жүрісті адам ат басын белдеуге келіп бір-ақ тіреді.


 

– Уә, Расылбек, бармысың?! Шық бермен!


 

– Бұл бар болғырға не жетті, мен білейінші, – деп Молдаш қарт орнынан тұра берген.


 

– Әке, тоқтаңыз. Өзім...


 

Расылбек есікті ашып, сыртқа аттай бергенде «Мә, саған, менен сыбаға!» – деген ашулы айғайы естілді де, дәл іргеден мылтық гүрс етті.


 

Расылбек қиралаңдап барып, белдеуге жармасты.


 

Молдаш қарт аттандап, баласының жанына жете бере сүрініп жығылды. Есік алдына жиналып қалған жігіттер мен Құсыман жалғыз аттыға жабылып, қолын байлап жатты.


 

Сөйтіп бір түнде екі ауыл бір адамның ылаңымен жау шапқандай шуласып қалды. Бұл кезде Сәлім тәтті түс көріп жатыр еді. Түсінде тоқпақ жал торы өз тақымында ойнап келеді екен дейді...


 

 

V


 

– Кәмиләш, Тұрсын мен Ақмаралдың осындай күйге ұшырағанына өзім себепші болдым. Сол үшін қиналамын. Бір жолы болмаған жігіт екен өзі де. Өзімді мүгедек ете жаздаса да, есіл ердің еңкейген бойын тіктей алмағаны өкінішті-ақ. Біз оны ақтап ала алмас па екенбіз? – Расылбектің сөзі. – Қолымда заң жоқ, әттең. Әйтпесе, нағыз жазаланатын адам анау Сәлім шал ғой. Қоғамға зиянынан басқа пайдасы жоқ нағыз арамшөп сияқты жандар ғой олар. Естуімше, ештеңе болмағандай қорықшы болып жүрген көрінеді ғой.


 

– Жоқ, Реке! – деді Кәмилә. – Ақтап ала алмаймыз. Ал Сәлімнің сазайы Алладан келер. Алладан келмесе аман-сау оралса, Тұрсынның өзі-ақ келтірер. Сіз ол шіркінге ауыз ауыртып, қол былғап жүрмеңіз, Реке.


 

Кәмилә тұңғыш рет оны өз есімімен атады. «Ағай», «аға» дегенді айтпай «Реке» деп атағаны «мен қазір бала емеспін» дегені болар деп ойлады Расылбек.


 

– Иә, Реке! Тұрсынды ақтап қалу мүмкін емес, қажет те емес сияқты. Ақмаралдың маxаббатын, тіпті сенімін ақтай алмады. Алар жазасы соның барлығының өтеуі болар.


 

Кеше ас әзірлеп апарып едім, жөнді сөйлеспеді. «Расылбек аға Ақмарал мен Қуанышбайыма көз қырын сала жүрсін, мен үшін емес, кінәсіз жандар үшін. Мені кешірулерін бәрінен де сұраймын. Бірақ адам дегеннің өмірдегі міндеті не екенін кеш ұғып қалдым ғой. Осыны айта бар. Расылбек ағаны құдайы қағыпты. Мен оны, ешқандай кінәсі жоқ, тіпті жанашырлық көрсетіп жүрген жанды жазым ете жаздаппын. Сәлім сияқты сұмның сөзіне сенемін деп қылмыс жасаған маған ақталу жоқ. Қолмен істегенді мойныммен көтеремін» деп еді.


 

– Иә, адамға артынан өкініп, опық жегеннен артық ауыр жаза бар ма? – деді Расылбек. – Оны құтқарып қалғым келеді-ақ. «Мені ашу үстінде байқамай атты» десем, оным заң алдында уәж болар ма?! Дегенмен, «Мен кештім» деймін ғой.


 

Сол кезде аурухана алдындағы орындықта отырған бұлардың жанына Айбар дәрігер келген.


 

– Иә, Реке, қалай, айығып келесіз бе? Асықпаңыз, аз күнде құлан-таза сауығып шығасыз әлі. Мына бес минутсыз дәрігер болғалы тұрған Кәмилә қарындасыңыз да сіздің сауығып шығуыңыз үшін жаны қалмады ғой, – деп әзіл айтқан болды.


 

Ол шылым тұтатты. Содан кейін:


 

– Кәмиләш, қайтпайсың ба? Бірге өрлейік, – деді тура өткен жолғыдай өтінішін қайталап.


 

– Рақмет, Айбар. Мен Рекеңмен аздап әңгімелескен соң қайтармын. Сенің де тоспай-ақ қойғаның жөн.


 

Айбар орнынан сылбыр көтеріліп, самарқау ғана қоштасты.


 

– Жұлдыздардың жамырауын-ай, – деді Расылбек.


 

– Білесіз бе, Реке, баяғыда: «Жерде де жұлдыздар болады» деуші едіңіз ғой.


 

– Иә, Кәмиләш, есімде. «Олар жүректері сол жұлдыздай жанған кіршіксіз махаббат иелері» дегенім де есімде.


 

Мен әлі ол пікірімнен айный қойған жоқпын, қайта, ол ойымды екеуміз алшақ жүрген жылдар орнықтыра, бекіте түскендей. Бірақ... Бірақ... Мен сондай жеке дара жалғыз жұлдызымның жарығын өз ақылсыздығымнан ба, әлде бұлаңдаған жастықтың қызығына бой алдырдым ба, әлде сол жұлдызымның сәулесі маған түсеріне сенбедім бе, әйтеуір өз көңіліме көлеңке, жаныма жарықшақ, ал сенің де маған деген пейіліңе дақ түсіріп алған жайым бар, Кәмиләш, Мен саған не дейін?.. Екі-үш күннен соң Алматыңа жүресің. Егер құп десең, үш-төрт ай емес, қалған ғұмырымды өзіңе ғана арнасам деп армандаймын.


 

– Әрі қарай айтпай-ақ қойыңыз. Менің де кінәм, қаршадай кезімнен өзіңізді ғана пір тұтумен жастығымды, студенттік жылдарымды бөліп-жармай жолыңызды тосумен өткізгенім. Алда да өмір бар ғой. Бәрін де уақыт өз орнына қоя жатар. Сондықтан, дәл қазір ештеңе дей алмаймын...


 

Бұл ауруханадағы жұмысым тәмәмдалды. Енді мұнда соқпаспын. Сондықтан, тез сауығып шығыңыз. Мен қайтайын, Реке, үйдегілер тосып отырған болар, – деп ол қолын ұсынған. Жігіт оның нәзік саусақтарын аялай қысқанмен, одан әріге бара алмады. Тым болмаса, баяғыдағыдай маңдайынан иіскей де алмаған.


 

«Бәрі де уақыт еншісінде» деп ойлады ол көшемен аяңдай басып кетіп бара жатқан қыздың тұлғасы қараңғылыққа біржола сіңісіп кеткенше қарап тұрып.


 

Бұл кезде Кішкенетаудың ұшар басынан жалғыз жұлдыз көрініп еді.


 

 

 

Соңы.


 

1974 жыл.

 

 

 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар