Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Нұржан ақынның жаңа өлеңі табылды!...

14.08.2017 7280

Нұржан ақынның жаңа өлеңі табылды!

Нұржан ақынның жаңа өлеңі табылды! - adebiportal.kz

Асылдың сынығы жерде қалмас деген сөз рас. Таяуда маған революцияға дейін кітап шығарған авторлардың бірі Байбатыр Ержанұлының немересі Қайыржан Едігеұлы хабарласты. Оның қолында атасының кітабы бар екен. Сол кітапта Нұржан ақынның екі өлеңі беріліпті.

Байбатыр Ержановтың Қазан қаласында Орталық баспаханада Шәмсәддин Хұсайыновтың редакторлығымен 1914 жылы басылып шыққан кітабы (екінші мәрте басылуы) «Тұр, Қазақ!» деп аталған. Кітаптың алғысөзінде:

«Қазағым, халің жаздым бұл кітапқа,

Алыңыз оқуменен ілтипатқа.

Жер кетіп, халің нашар болып қалды,

Аянып, мәз болмаңыз құр атаққа», -

деп оқырманға жыр арнаған автордың ойы мен мақсаты Алаш арыстарының жазғандарымен үндес. Нұржан Наушабайұлы: «Ұйықтама, олян Алашым!» десе, Міржақып Дулатов «Оян, Қазақ!» деп жар салды. Байбатыр ақын болса «Тұр, Қазақ!», - деп ұран тастайды.

Шығыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің ақпараттық-аналитикалық орталығының арнайы мемлекеттік мұрағатының архивтік анықтамасына қарағанда, Байбатыр Ержанов – Қарағанды облысының № 14 ауылының тумасы, руы Керей. 1935 жылы Алашорда қозғалысына қатысқанын жасырды деген желеумен абақтыға қамалған. Сегіз жылға сотталған. 1961 жылы ақталды.

«Тәсірлі махтуб» (Әсерлі хат) деп ат қойылған бұл жырдың алғысөзінде автор: «Қостанай уезінің Арақарағай болысында, руы қыпшақ, Құттық тайпасынан Нұржан Наушабаев деген бір мәшһүр ақын бар. Сол әпендеміз хазіретлінің бек ғибратты тәсірлі (әсерлі) сөзі еді. 1904 жылында «Манзумат қазақия» деген рисаласы (тарихи шығарма) да шыққан еді. Менде сол рисаласының бір данасы бар еді. Сол рисаласында жазылған адресімен хат жіберген едім, маған қайтадан өлеңменен хат жазып жіберіпті», - дей келе, хатты түгел келтіріпті.

Сатуы жоқ жігітке шыққан тердің,

Бағасы артық қадірін білген ердің.

Тісті шұқып, кетсе де жара салып,

Ынтық бар сұңқарына әрбір елдің.

Тасындай магниттің леппен тартып,

Көп көрдік пайдасын да қызыл тілдің.

Жүзе алмас нәһан балық өрге найқап,

Толқыған суы бітсе шалқар көлдің.

Биіктен еңкейіске қадам басып,

Осы күнде үшіндеміз біз елудің.

Болған іс мәңгі-бақи болып тұрмас,

Өлшеулі уақыты бар әрбір гүлдің.

Аңқытып бетімізбен біз келеміз,

Бір сарын ортасымен даңғыл жолдың.

Бұл күнде елу асып, шықтым белге,

Өмірді зая өткізіп бекер желге.

Жан тәнде сау-сәламат тұрғанында,

Ешбір сөз айтқан жоқ-ты әркім бізге.

Бізге сіз сөз жазыпсыз кеңес сұрап,

Азырақ білгенімше жаздым құрап.

Өзіңіз өтінген, соң, Байбатырым,

Бір ғазал сөз жібердім сіздерге арнап.

Сауыттың тозыңқырап тұрған кезі,

Нұржанның да тоқталып тұрған кезі.

Зейініміз бұрынғыдан кеткен тарап,

Бұрынғы көп жарыстан қалған кезі.

Бар еді жігіттікте әрбір түрлі,

Дүниені таң-тамаша қылған кезі.

Бар еді неше сөзді жазған кезі,

Қатар жүрген құрбыдан озған кезі.

Ықыласпен айтсақ та тыңдаушыға,

Сөздің де құны кетіп тұрған кезі.

Төр мен есік орнында парық болмай,

Лашын мен қарға қатар қонған кезі.

Пәлен солай дегенді көтере алмай,

Бұл күнде болмағанның болған кезі.

Ағайын бір біріне дұшпан болып,

Көңіліне кәкір-шүкір толған кезі.

Қадірін білмегенге харам астай,

Жатамын көңіл сырын қалай ашпай?

Сөйлеген сөзден сөз де туады екен,

Шығар ма еккен егін тұқым шашпай?!

Ешкім теріс деген жоқ әлі күнге,

Келемін бала жастан қалам ұстай.

Қырымнан көздеп бір күн желіп жүрдік,

Баулыған саятшылар алғыр құстай.

Отбасында шешендік көптен озып,

Білінбес жүйріктігі белден аспай.

Жақсылық, жамандық ет өз басына,

Кез келіп дүниеге, елден қашпай.

Өлшеуліден көп ұзап кете алмассың,

Шүкірлік қыл әр іске асып-таспай.

Бұл күнде ор киіктей орғып-орғып,

Болдырған атша тұрмыз аяқ баспай.

Жігіттік, балалықта тіпті арман жоқ,

Жарамас кете беру артты қыспай.

Қайтадан жігіттігім келсең енді,

Ақырын ойға салып білсем енді.

Ғайыпта сырттан ғашық әпендемсің,

Нәсіп боп сіздерді де көрсем енді.

Қостанай атырабынан табылармыз,

Құттық Нұржан Наушабай дерсің енді.

Бұл хаттың сыртында Байбатыр Ержанов Нұржанның «Тағдырдан кім құтылар қашқанменен» деген шумақтан басталатын төрт шумақтан тұратын жырын «Мұхтарам (Құрметті) Нұржан ақынның сөзі» деген атпен осы жинақта бастырыпты. Бұл шумақтар Нұржан Наушабайұлының 2011 жылы Астанада «Фолиант» баспасынан жарық көрген «Ұйықтама, оян, Алашым!» (құрастырған Ақылбек Шаяхмет) деген кітабында «Әй, Нұржан, қалам алдың сөз жазарға» деп басталатын назымында түгел келтірілген соң оны қайталап жатуды жөн санамадық.

Аталған жыр, сөз жоқ, Нұржан ақын қаламына тән. Оны ақынның сөз саптасынан, келтірген теңеулерінен де айқын аңғаруға болады.

Сөйтіп, Нұржан ақынның тағы бір жырымен қауыштық. Сөз түсінген оқырманға мұның өзі үлкен олжа.

Ақылбек Шаяхмет

Жазушы, Ахмет Байтұрсынов

атындағы ҚМУ профессоры


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар