Қызыл асық
Лық толатын қос дорба шамасында,
Асықтарым болатын, нанасың ба?
Атып келіп жіберсең алшы түсер,
Құлжасы да бартұғын арасында.
Аяныпты перзенттің жолында кім?!
Шешем байғұс, жинады-ау соның бәрін.
Тегіс қызыл сиямен бояп қойып,
Күтіп жүрді өскенін "Қоңырларын".
Көңіл, шіркін, тоятты, асылы мәз...
Кішіректеу сол кездер жасы біраз.
Топ балаға қосылсам жасқанғанмын,
Асығым көп болғанмен, машығым аз.
Немере ағам бір күні үйге келді,
Көрші ауылдан достары бірге келді.
Келе сала қос дорба асықты алып,
Менің құлжа сақамды іздеген-ді.
Жылпос еді сол ағам, тентек еді,
Ерсі емес қылығы, көркем еді.
Өзі менен он жасқа үлкен болып,
Туыс түгіл, өмірге еркеледі.
Еркін билеп тұрған соң ерік бойды,
Мен сазара қалып ем, көріп қойды.
Анам сол күн үйде жоқ, әкем көніп,
Бауырына асықты беріп қойды.
Қызыл асық, шіркін-ай, қызыл асық,
Құлазыдым көңілдің сызы басып.
"Көп қып саған әкеліп береді" деп,
Әкем қалды мың ойы құжынасып.
Әлі есімде өксікке жұтынғаным,
Қыстығып кеп жыладым, қысылмадым.
Көп ұзамай көршінің баласынан,
Естіп келдім ағамның ұтылғанын.
Тыққыштаймын затымды мен де лезде,
Сол бір ағам үйіме келген кезде.
Қиналамын әркімнің қолдарынан,
Қызыл асықтарымды көрген кезде.
Өмір солай, өкініш қалып кетті,
Өткен күндер оралмас, тайып кетті.
Өкпелеген әкеме анашым да,
Енді асық жинамас болып кетті.
Жылдар өтті толқыны жұлмалаған,
Жадымыздан сан сәттер сырғанаған.
Өкініш те қалады-ау өткінші боп,
Өмірменен жарыста құрбан адам.
Ойын сынды бұл тағдыр ораған-ды,
Иіреді асықтай бар адамды.
Жасын ғұмыр жарқ етіп ерте сөніп,
Жер қойнына тапсырдық сол ағамды.
Өкпе айтып қайтейік заманға көп,
Асық кеткен, ендігі ағам да жоқ.
Тартып алу тағдырдың еншісінде,
Саған да жоқ,
Ей, дүние,
Маған да жоқ...
Үзік ғұмыр, бір ғана үзім далам,
Бір жұтым дем қымбат-ау бүгін маған.
Қызыл іңір ұшында ілініп тұр,
Қызыл асық сияқты қызыл ғалам!
Қысқы ностальгия
Қаритын адамның жанарын,
Саршұнақ аяз тұр далада.
Сығалап әйнектен қарадым,
Сырғанақ жасаған балаға.
Күнұзақ ойынға тоймаған,
Оралды шақтарым көзіме.
Кексе жал көк тайды байлаған,
Не жетсін, дәурен-ай, өзіңе.
-Көршіден қазанын алып кел!
-Бұзаулар қораға кірген бе?
-Барып кел!
-Шауып кел!
-Тауып кел!
Қолбала болғанбыз біздер де.
Мұрыннан ағатын еріне,
Судың да дәмін сан сезгенім.
Өктемшіл өмірдің өзіне,
Өкпелей алмайтын кездерім.
Ақ мамық оранған ауылым,
Үйіңе қамаған бораны.
Кешкұрым сөнетін жарығы,
Кешігіп келетін қонағы.
Табадан алынған нанды да,
Ыстықтай таласып жедік қой.
Жоқты да көрген соң, барды да,
Расында біз жомарт едік қой.
Бәріміз бір пима киіп ек,
Құдды бір кезекші тәрізді.
Ақ қардан көресің жиірек,
Мекенін таппаған сары ізді.
Ал қазір бәрі бар жаныңда,
Естіміз, есейген, ес білген.
Сол пима әлі бар ауылда,
Қонышы кесілген, ескірген.
Қаритын адамның жанарын,
Саршұнақ аяз тұр далада.
Сығалап әйнектен қарадым,
Сырғанақ жасаған балаға.
Қай кезде есейдім осы мен?
Қызығып сәбиге қарадым...
Домбыққан баланың бетінен,
Дөңгелеп дүние барады.
Шәкәрімнің сүйегі салынған шабадан
Ахатпен сырласу
Ақиқат пен ақыреттің арасы,
Қамшысілтер қашықтыққа толмайды.
Жұмақ пенен қазағымның даласын,
Ұлылардың рухтары жалғайды.
Атқан таңның шапағында кие бар,
Батқан күннің іңірінде қасиет.
Баба жолын бүгінгі ұрпақ біле алар,
Біле алмаса, қасірет...
Сіз аштыңыз Шыңғыстаудың шындығын,
Тірілді үміт сөніп қалған жалғаусыз.
«Мұтылғаным» қайта ақталып тұр бүгін,
Догмаларсыз, болжамдарсыз, долбарсыз.
Ғасыр кеше алмайтындай қайғы бұл,
Ағайын да алыс болды аталас.
Жалғыз құдық, жалғыз мүрде, жалғыз ұл,
Жалғыздарға жақтас болған Бақанас.
Қоңыр желмен жоқтап жатқан сияқты,
Саят қора қаңыраған Шақпағым.
Өкінішім сан жылдарды ұзатты,
Жақындады бізге, бірақ Шаһкәрім!
Жақындады, жеңіп шығып уақытты,
Азаттықты арқаладың, ағажан.
Құнсыз қылды алтын, гаухар, жақұтты,
Жидебайға келе жатқан «шабадан»!
Элегия
Болғанменен мінезімнің сырты бай,
Ашуым бар лап ететін шырпыдай.
Күндіз күншіл болуыма уақыт жоқ,
Түнгі ойларым күлдірейді жылқыдай.
Болғанменен пайымымның іші кең,
Өзім біліп, өзім ғана түсінем.
Бөрі құсап жалғыз өзім жортамын,
Бөлініп ап бар құрдастың ішінен.
Қайыңға айтып қызға ашпаған сырымды,
Ай тербетті алақанға ап жырымды.
Айыға алмай келемін бе?
Білмеймін,
Айна бұзып тастаған ба түрімді?
Жан жанғырығы
Қорғасын таулардың мүйісі сияқты,
Тас-тұғыр иектен құлжалар құлапты.
Құлапты олар да тәкәппар ақындай,
Қалдырып мәңгіге жаңғырық тұяқты.
Құлақты үңгіген қобыздың үніндей,
Мәңгіге мүлгіген тас бейне тіліндей
Үңіліп мен сенің қария жүзіңе,
Іңірде жортамын ілбістің ізіндей.
Шыңырау түбінен, қиянат құздардың,
Қарағай жал кешкен ақ сауыт шыңдардың.
Шындығын естуге, ынтызар жүрекпен,
Жүз бардым, мың бардым...
Тыңдармын!
арғымақ толқынның тепкісін жағада,
Самұрық ойларды тербетсе тау-ана.
Ауаным, аңсарым сенікі дей бердім,
Қазанат болдырған ғаламат далама.
Молалар, шаһарлар өсиет қалдырып,
Мазалай берген соң кеудемнен сан жұлып.
Мен келдім сондықтан күркіреп дауысым
Жөргектен шығады жылаған жаңғырық.
Жусанның хошынан жамылып дүрия,
Жарқабақ бұлттардан жасап бер жылы ұя.
Мен сені құрметтеп, оянып кеп тұрмын
Еңсемді тірейін,
Өлшеусіз дүния!
* **
О, менің құдіретті ақ пырағым!
Көк мұхит өмірім көшпелі.
Адассам алдымнан Хақ шығады,
Керуен тіршілік, кеш мені...
Көк ала дәуреннің сәттері,
Ол дағы біреудің тоқыған кестесі.
Таңдайға тамған у тәтті еді -
Өзімшіл көздердің өкпесі.
Ақ қанат пырағым тарт кәні,
Жылауық жұлдыздар төсіне,
Дөңгелеп жазира бақтағы
Жаралған ғаламның осьіне.
Арбауыш тұманнан жүзіп өт,
Ол менің адасқақ арманым.
Теңіздің маржанын сүзіп өт,
Көрейін Жалғанның жалғанын.
Тарпаңым, тартқызбас тізгінін,
Басып өт, бабамның іздерін!
Түндерім түрмесін түңдігін,
Көктемге көшпесін күздерім!
Тұяғы жай отын жаншыған,
Тұлпарым шаң қалмай соңында.
Бейкүнә мәдениет бар шығар,
Тастап кет жолында!
Ақ таңды оятсын дүбірің ақырғы,
Бусанған ғаламда қалдырған соңғы ізі.
Тосып тұр сол жерде ақынды,
Хан қызын жылатқан хор қызы...
Суреттер ғаламтордан алынды
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.