Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Постмодернизмнің басты ерекшелігі – эксперименттер...

17.11.2022 2646

Постмодернизмнің басты ерекшелігі – эксперименттерге ашықтығында 14+

Постмодернизмнің басты ерекшелігі – эксперименттерге ашықтығында - adebiportal.kz

Адамзаттың рухани кемелденуіне, өз-өзіне іштей үңіліп шынайы баға беруіне әдебиеттің атқаратын рөлі аз емес. Халық қандай кезеңде өмір сүріп жатса да – ол жазушы қаламынан тыс қала алмайды. Қазақ ұлтының басынан өткерген қаншама дәуірі бүгінге жеткен жыр-дастандарда оқырманға айқара ашық тұрғандай. Заман ағымы әдебиетті де өзгертетін көрінеді. Ол не дамиды немесе құлдырау кезеңінен өтеді, бірақ жоғалмасы анық. Әдеби үрдістердің дамуында уақыт пен кеңістіктің әсері басым екен. Жаңа замандағы қазақ әдебиетінің бүгінгі тіршілігін М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері, әдебиеттанушы ғалым Гүлмира СӘУЛЕМБЕК әңгімелеп берді. 

– Әдебиет те уақытқа қарай өңін алмастырып, түрленіп тұрады. Жаңа заман әдебиетіне қандай сипаттама берер едіңіз?

– Қазіргі әдебиет әртарапты даму сипатындағы әдебиет деуге болады. Бүгінде бұрынғыдай белгілі идеологиямен, белгілі бағытпен ғана жүру, дайын қалыппен жазу үдерісі артта қалды. Батыстық әдебиетте белгілі бір философиядан туындап, табиғи түрде бірінен кейін бірі келген  бағыттар біздің әдебиетімізде бір қазанда қайнап жатыр. Прозада, поэзияда, драматургияда да әдебиеттің қай саласы болмасын дәстүрді жалғастыру үдерісімен қатар жаңа эксперименттерге де орын беріліп жүр. 

– Қазіргі жас ақындардың жазу стилі, ұйқас құрауы дәстүрлі поэзиядан өзгеше. Жастар көбіне ақ өлең жазады. Бұл үрдіс біздің әдебиетке қайдан келді деп ойлайсыз? 

– Қазіргі жас ақындардың жазу стилі, ұйқас құрауы дәстүрлі поэзиядан өзгеше болуы заңды да. Әдебиет жанды үдеріс болғандықтан, жетіліп, жаңарып отыруы тиіс. Ал өзгешеліктің сәтті немесе сәтсіз шығуы – екінші мәселе. Поэзияның даму тарихында жыраулар поэзиясындағы тирадалардан бастап, поэззияда көптеген өзгерістер орын алды. «Сегіз аяқты» жазған экспериментатор Абайды қабылдағанымыз секілді, жаңалықтың бәріне тым шошына қарамауымыз керек деп ойлаймын. Дегенмен өлеңнің естісі де, есері де бар, соны ескере жүруіміз шарт. 

Ал, ақ өлең жайлы айтар болсақ, оның тарихы ертегілерден, «Күлтегін», «Тоныкөк» ескерткіштері, қазақтың шешендік сөздерінен басталады. ХХ ғасыр басындағы прозалық шығармаларда да ақ өлең кездесіп отырды. Одан кейінірек сахнаға негізделген драмалық туындылар осы ақ өлеңге негізделіп жазылды. Қазақ поэзиясына сіңісті бола алмағанымен, әлі күнге поэзияның бір бөлшегі ретінде өмір сүріп келеді. Әдеби үдерістегі Жұмекен Нәжімеденов, Ұлықбек Есдәулетов, Байбота Қошым-Ноғай, Тыныштықбек Әбдікәкімов («Ақшам хаттар», «Ырауан»), Серік Ақсұңқарұлы, Сұраған Рахметұлы сынды аға буын өкілдері ақ өлеңмен біршама эксперименттер жасаған. Ақберен Елгезек, Тоқтарәлі Таңжарық, Ықылас Олжай, Бауыржан Қарағызұлы, Ерлан Жүніс, Мирас Асан, Тілек Ырысбек, Саян Есжан, Батырхан Сәрсенхан, Файзолла Төлтай, Айбол Исламғали (ескермей кеткендерім болса, ренжімес) сынды қатарластарымыз бен жас ақындар осы ақ өлеңге барып жүр. Қазір ақ өлең жазу тенденциясы жас ақындарда басым. Менің байқауымша,  әрқайсысының ақ өлеңге келу жолы әрқалай. Біріне орыс, біріне қытай, біріне түрік әдебиеті әсер еткен. Аға буын өкілдері мен батыс әдебиетінің әсерін де байқауға болады. Негізгі мәселе ақ өлең қайдан келді дегеннен гөрі, не итермеледі деген дұрыс болар. Верлибрді батыс жұрты ақындары авангардтық бейнелеу әдісі ретінде қолданысқа енгізді. Ақындардың ойды белгілі өлшемге құрылған ырғақ, бунақ, ұйқасқа тәуелсіз еркін айтуға деген ұмтылысынан пайда болды. Меніңше, ақ өлең жазудың жастар арасында тенденцияға айналуы, қазақ поэзиясында да еркіндікке ұмтылудан деп ойлаймыз. Дегенмен ақ өлеңнің ерекше ырғақпен айтылып ой түйінделіп ұйқасатын тұстың болуы, бейнеліліктің астарындағы философияның болуы, көркемдеу құралдарының айрықша қолданысы секілді ерекшеліктері кейде жастар поэзиясында мүлде ескерілмей жататыны да жасырын емес. Бірақ өзіміз айрықша атап отырғанымыз жастар поэзиясы болғандықтан, ерекше болуға ұмтылыс, ізденіс осы кезең поэзиясына тән құбылыс. 

– Қазіргі жас жазушылар жеке адамның жан әлеміндегі жараларды ашуға тырысатындай. Яғни психологизмге терең бойлауға талпынады. Жастардың бұлай жазуына не себеп? 

– Әдебиеттің негізгі нысаны адам болған соң, психологизм әдебиетпен кіндіктес. Адамның ішкі жан дүниесін ашуға тырысу ˗ оқырманды шығарма ішіндегі «өзімен» қауыштыру, сендіру.  Бірақ мұның бәрі тек өнердің өзінен шығып жатыр десек, қателесеміз. Біріншіден, жазушы өнердің өкілі болғанымен, ол да адам. Ал қазіргі жас жазушылардың көпшілігі тоқырауда туғандар, яғни белгілі  дәрежеде алған ішкі травмалары, іштегі сұрақтар да осы бағытта қалам тартуға жетелеуі мүмкін. Екіншіден, қазіргі оқырман кім десеңіз, ол осы жазушының қатарласы, замандасы, тағдырласы. Өзі басынан өткермесе де, куәгер ретінде, шығармашыл адам ретінде іштей терең сезіне алған кейіпкерінің қатпар-қатпар жан әлемін шығармаға сенімділік дарыту үшін осы тәсілді қолданған болар.  Қазіргі жастардың ізденімпаздығы, әлемдік әдебиетке қанықтығы да осы әдіс-тәсілдерді қолдануға жетелуі бек мүмкін. 

– Әлем әдебиетіндегі постмодернистік шығармалардың қаңсығы мен таңсығы қандай екеніне тоқталып өтсеңіз? Постмодернист жазушылар деп кімдерді айтар едіңіз? Шығармасынан мысал келтіре кетсеңіз...

– Постмодернизмде мәтінге жасалатын түрлі тәжірибелердің астарында белгілі бір пәлсапа, тұжырымдама жатады. Оның қаңсыққа айналуы да, таңсыққа айналуы да жеткізе білуге байланысты. Түрлі тәжірибелерге жол ашқан постмодернистік дүниетаным интертекстуалдылық, метапроза, симулякр, стильдік көп қабаттылық пен иронияның шығарма құрылымын барлық деңгейде бұзуға негізделеді. Мәтіндерден жасалған құрақ көрпені У.Эконың деңгейінде жаза алсаңыз – ол таңсыққа айналады. Постмодернизмнің басты ерекшелігі – эксперименттерге ашықтығында.

Бірақ әлем әдебиетіндегі постмодернизмнің басты белгілерін айқындаушы эстетикалық әдіс-тәсілдердің оқырман көңіл күйін аулауға бағытталған меймана дүниетанымға негізделуі адам жан дүниесінің терең қатпарларын назардан тыс қалдыруға себеп болып отырғанын да айтып өтуіміз керек. 

Постмодернизмдегі ирония қызметінің көркем мәтіндерді пішін және мазмұн жағынан толықтай қамтуы көркемдіктің постмодернистік үлгісінің туындауына алғышарт болып отыр. Иронияның жаңа мәндегі қызметі әдеби мәтіндегі тұтастық пен бүтіндікке кереғарлығы, өзіне дейінгі құндылық бағдарын басқа арнаға бұрып, күмәндана қарауы, жалпылай алғанда дәстүрлі классикалық ұғымдағы шығармашылық болмыс, бітім, жекелей алғанда авторлық, мәтіннің сюжеті, композициясы, стильдік, жанрлық ерекшеліктеріне түбегейлі өзгеріс ендірді.

Шығармалардағы құрылымдық, формалық, сондай-ақ сыртқы дүниетанымдық өзгерістерге ұшырауы постмодернизм философиясының дәстүрлі классикалық әдебиетті ақырын ығыстыра бастағанының көрінісі деп білеміз. 

Түрлі нұсқада ұсынылған: нарративтік, шизоанализдік, қайта құрылымдаушы, ирониялық тәсілдер арқылы әдебиетке бірегей құбылыс ретінде орнықты. Жазушы-постмодернистер арқылы ақиқаттың көпқырлылығын қабыл көретін жаңаша көркем ойлау түрі пайда болды. Өз бойына бейтұтастық, плюрализм, монизм, релятивизм, көпнұсқалылық т.б. қағидаттарды жинақтаған жаңаша ойлаудың бұл түрі идеологиядан, күрестен бас тартуды, антитоталитаризмді хош көретіндігін зерттеу барысында бағамдай алдық. Осы тұста жоғарыда айтқанымды қайталаймын. Постмодернизм – өткір жүзді пышақ, қауіптілігі – қаншалықты орынды қолданғаныңа байланысты. 

Мысалы, тілдің құдіретін мойындайтын және сол қарудың белгілі идеологияға қызмет етіп, адамдардың санасын билеп-төстеуіне қарсы шыққан постмодернизм әдеби шығарма тілі құрылымын бұзу арқылы көрініс берді. Алайда өзіндік себебі болып, бастау көзін содан алған тілдік ойындардың жаппай кең етек жаюы, зарары мол идеология екендігін ешкім де жоққа шығара алмақ емес.

1968 жылғы Батыс Еуропа мен АҚШ-тағы қозғалыстардың әдеби шығармаларда пайда болған жаңғырығы анархиялық сипатымен көзге түскен еді. Төңкеріс өмірдегі құндылықтардың барлығына түбегейлі өзгеріc ендіруді талап еткен болатын. Бүгінде барлық иерархиядан бас тартып, постмодернизм арқылы тәжірибе жасап көрген батыстағы өнер иелері, ойшылдар мұның да тығырықтан шығатын жол екендігіне күмәндана бастаған тұста бұл тәжірибелердің әдебиетіміз ғана емес, мәдениетіміз бен ділімізге қауіп төндіретін жағымсыз тұстарын байқаймыз. Қазақстандық әдебиеттегі постмодернизмнің осы тектес  тәжірибелерге құрылуы – оған деген теріс көзқарастың туындауына себеп болды. 

Осы орайда, қазақ әдебиеті де өзінен бұрынғы тәжірибелерден сабақ алып, жаһандану үдерісінің ықпалымен келген бағыттар мен ағымдарды, әдістер мен тәжірибелерді саралап, ой безбенінен өткізіп, әдебиет мүддесіне жаратады деп сенеміз. Осы тұста, көрнекті ғалым Б.Майтановтың төл әдебиетімізде дәл осы бағыттың өрістеуі жайында: «Қазақ тілінде жазатын қаламгерлерден де постмодернистік үрдістердің кейбір нақыштарын аңғарамыз. Бұл дәстүр орыс әдебиетінде тым сайқымазақтанып, нағыз әділ ойдың ұштығына шыққандай болатыны сезіледі. Ол әдет біздің ділімізге соншалық жақын емес тәрізді. Ал Умберто Эко постмодернист болса да, көңілмен қабылдауға қолайлы.  Харуки Мураками да солай. Демек, әрбір ағым, бағыт ішінде саралау, екшеу үдерісіне жұмыс бар» деген тұжырымын қоштай келе, көркем әдебиетіміздің ұлтқа қызмет ету, әдеби дәстүр, ұлттық рухани құндылықтарды сақтау, адамгершілікке тәрбиелеу, ұлт болашағына қызмет ету сияқты басты қызметінен қандай ағымның аясында болса да бас тартпайды деп сенеміз. 

Постмодернист жазушыларды атап айтатын болсақ, жоғарыда  тілге тиек еткен У.Эко, содан кейін К.Воннегут, Д.Барт, Т.Пинчон, Х.Топташ, О.Памук, Э.Назлы, О.Атай, А.Терц, В.Сорокин т.б.  жазушыларды атауға болады. 

Шығармаларынан мысал келтіретін болсақ, Абарм Терцтің «Прогулка с Пушкиным» деген романы бар. 60-жылдары жазылып 1975 жылы жарық көрген «Пушкинмен серуен» («Прогулка с Пушкиным») романы алғашқы постмодернистік романдардың бірі болатын. Романның басты мақсаты –  кеңестік жүйеде қалыптасқан жеке тұлғаға табыну құбылысын әшкерелеу болатын. Заманының ұлы тұлғаларының әдеби және жеке өмірлерінің ішкі құпияларын, пенделік тіршілігін ақтарып сап, «Сіз табынатын жазушы осындай болған» деп ирониямен шектеліп жатса, кейбірінде ақылға қонымсыз, дөрекі гротескілік сипатымен асыра сілтеп жататын тұстары да аз емес. «Строфа у Пушкина влетает в одно – вылетает в другое ухо: при всей изысканности, она достаточно ординарна и вертится бесом, не брезгуя ради темпа ни примелькавшимся плагиатом, ни падкими на сочинителей рифмами» немесе «Короче, от пушкинской личности, препарированной этим способом, в Онегине ничего не осталось, но плавает перед глазами невнятица, над которой второе столетие бьются педагоги и школьники, пытаясь домыслить и выудить образ по частям – из той требухи, что вывалил Пушкин, лихо рассчитываясь с чортом, сосущим его изнутри, как глиста, как некое «я», взятое напрокат, заимствованное у человеческих современников, затем что поэту надо ведь жить, ведь человек же он все-таки...» деп А.С. Пушкинді «қайта пайымдауға» бағытталған орыс әдебиетіндегі алғашқы постмодернистік роман саналатын «Прогулки с Пушкиным» романы тұтастай ақын шығармашылығына арналған.

– Бүгінгі қазақ әдебиетіндегі постмодернизм көрінісі жайында не айтар едіңіз?

– Қазақ постмодернистік прозасында тәжірибе жасаған алдыңғы толқын Д.Амантай, Т.Әсемқұлов, Д.Накипов, А.Жақсылықов пен кейінгі толқын Ә.Байбол, М.Қосын шығармаларында қазіргі постмодернистік дискурстың қайта құрылымдау қасиеттеріне сүйеніп, оқырманмен байланысқа негізделетін, мәтіндердің түрлі мәтіндерден құрастырылған құрылымы мен оқырманға өз нұсқасын ұсынуға да мүмкіндік беретін ашықтық бар. Интертекстуалдылық авторлардың шығармаларына ортақ болғанымен, олардың түрлі тәсілдерді пайдалана отырып, жеке-дара қолтаңбасымен ерекшеленетіндігін айтуға болады. 

Д.Амантайдың «Гүлдер мен кітаптар» романы өз бойындағы мәтіндер диалогымен қызығушылығымызды оятты. Романның интертекстуалдық байланыстарға негізделіп, постмодернизм бағытында жазылуы қазақ әдеби үдерісіндегі жаңалықтардың бірі болды. Романнан қазақ халқына ғана тән мәдени кодтар мен әлемдік мәдени кодтар, сондай-ақ латентті білім қорынан бейсаналы түрде енген мәтіндер, автордың арнайы дайындап ендірген әдеби, діни және фольклорлық мәтіндер, сондай-ақ түрлі зерттеу еңбектері мәтіндері сынды интертекстерді байқауға болады. Сонымен қатар интертекстуалдылықтың аллюзия, реминисценция, референция, гипертекст түрлерін қамти алған. 

Ал осы тарауда сөз етілген Ә.Байбол мен Т.Әсемқұловтың әдебиетке жаңалық, ойды жеткізудің тың формалары қажеттігін сезінуінен туындаған эксперименттерінде постмодернизмнің кейбір формалық үлгілерін пайдалана отырып, дәстүрлі әдебиеттің этикалық қызметін сырт қалдырмауға тырысқанын байқадық. Біздіңше, екі шығармадағы эксперименттердің сәтті-сәтсіз шығуын да осы ерекшелігіне қатысты бағалауға болады.

Ә.Байбол әңгімесінде постмодернизм поэтикасының басты критерийлері болып табылатын интермедиалдылық шығарманың аллегориялық сипатымен жымдасып, сәтті қолданылады. Қосарлы кодтауды ендіру тәжірибесіне мәтінге автордың дәстүрлі әдебиеттегідей өзі араласып, тұжырым жасауы көлеңкесін түсіріп тұрғандай. Дегенмен классикалық әдебиеттің шеңберінен шығып, шығармасын автор-мәтін-оқырман үштігіне құрып және әрі элитарлық, әрі бұқаралық мәтін тудыруға тырысуын автордың басты ізденісі деп бағалаймыз. 

Т.Әсемқұловтың «Бекторының қазынасы» повесі жаңа тәсілдерге бай, терең философиялық астары бар сәтті жазылған шығарма. Бір шығарманың бойына постмодернизм поэтикасына тән интертекстуалдылық, метапроза тәсілдерін, абсолютті мойындамау тұжырымдарын орайымен қолдана отырып, жаңа қалыптағы тың туынды жасап шыққан. Повестегі ертегіге жасаған пародия өзіндік философиясы арқылы оқырманға жағымды әсер қалдырған. Шығарманың ойынға негізделіп, мәтін құрылымы бірнеше рет бұзылғанымен, тіл жағынан құрылым бұзу байқалмағандықтан, классикадан постмодернизмге жасалған қадам оқырман қабылдауына жеңіл тиіп, аса зарарлы бола қоймаған.

Т.Әсемқұловтың «Бекторының қазынасы» повесі мен Ж.Қорғасбектің «Жаконданың жанары» және «Өлмейтін құс» әңгімелерінде пайдаланылған симулякрдің философиялық мәніне үңілсек, адамдардың абсолютті шындыққа жету мүмкіндігінің шектеулі екендігін оқырман сенген шындықтың жаңсақтығы арқылы ұқтыруға тырысқандай. Ал формалық мәніне келсек, мәтін тұтастығын бұзудың әдебиеттегі жаңа тәсілі ретінде симулякр жазушылардың шығармашылық аясын кеңітіп қана қоймай, оқырманға жаңа әсерлер ұсынуға мүмкіндік берген деп айта аламыз. Шығармаларды оқи отырып, компьютерлік технологиялардың көмегімен жасалатын арнайы әрекеттердің шығармадағы баламасын тамашалап отырғандай әсерде қаласыз. Қаламгерлердің өз шығармаларын жазуда бұл мақсат көзделіп-көзделмегенін тап басып айта алмағанымызбен, бұл тәжірибелерді киноға негізделген әдеби шығарма тудырудағы алғашқы қадамдар деп айта аламыз. 

– Әдебиетте тіл тазалығы қаншалықты маңызды? Дәстүрлі қазақ жазушылары мен қазіргі жастар шығармашылығын салыстыра қарағанда, не байқайсыз? 

– Тіл тазалығы қашанда маңызды болған, бола да береді. Қазіргі кейбір жас жазушылардан тілдің жұтаңдығын, қазақ тілінің сөздік қорының мүмкіндігін жете пайдаланбауды байқауға болады. Сонымен бірге өзге тілден енген сөздерді орынсыз пайдалана салу, сөйлемді дұрыс құрмау сынды құбылыстар орын алып отыр. Дәстүрлі жазушылар туралы айтқанда, олар кірме сөздерді пайдаланбады дей алмаймыз. Олар да өз заманының шындығын бейнелеу үшін кірме сөздерді енгізді. Мәселе, орынды қолдануда. Ол үшін жастарға саралап қолдана алу үшін, көп ізденіп, сөздік қорды меңгеру қажет деп ойлаймын. Бұл – біріншіден. Ал екіншіден, қазіргі әдеби үдерістің кейбір бағытында жазып жүрген жазушылардан көрікті ойды көркем тілмен жеткізуді талап ете алмаймыз. Жоғарыда сөз еткен постмодернизм бағыты толықтай құрылым бұзушылыққа негізделген. Онда сыртқы баяндау деңгейінің бұзылысынан, фонетикалық деңгейдегі бұзылыстарға дейін құрылымның бұзылысы жүзеге асып жатады. Оған қоса, мұнда құрылым бұзылыстары мақсатты түрде жүзеге асырылады.

– Жалпы әдебиетте қазір қандай тақырып маңызды деп айтар едіңіз? Әдебиетте уақыт пен кеңістіктің рөлі қандай? 

– Тақырыптың маңыздылығы уақыт пен кеңістікке байланысты өзгеріп отырады. Кейде тіпті әдебиет заманға ілесе алмай, бүгін маңызды болған тақырып, ертең аса ділгір болмауы мүмкін. Сондықтан да қазір аса көлемді жанрлар тоқырауда. Шағын, орта көлемді проза мен драматургия, поэзия көп уақыт алмай оқырманға тез жететіндіктен, көлемді прозаға қарағанда  көбірек жазылуда. Бірақ қазақ әдебиеті тек әртарапты даму жолына түсіп, түрлі жанрлар бой көтеріп жатқандықтан, әрқайсысының өзіне лайық тақырыбы болады. Мистика мен фантастика, магиялық реализм, детектив, фэнтези т.б. жанрлар әдебиеттің бір бөлшегі ретінде өмір сүріп келе жатқандықтан, барлығына ортақ мына тақырып маңызды дей алмаймыз. Менің жеке пікірім, әдебиеттен замандас бейнесін көргім келеді, екіншіден, ғаламдық экологиялық апат және отбасы құндылықтары мәселесінің көркем шығармаларға нысан болғанын қалаймын.

Уақыт пен кеңістіктің М.Бахтин атап өткен жанр қалыптастырушы қызметі бар. Мұнан өзге хронотоп негізгі сюжетті қалыптастыру қызметін де атқарады. Әдеби шығармадағы уақыт пен кеңістік көркем шындықты тұтас қабылдауға ықпал етіп, оқырманның санасында көркемдік тұтастық пен қоршаған шындық арасындағы ассоциативті байланысты қалыптастырады. 

         – Әңгімеңізге рақмет!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар