Биыл Қазақ мемлекеттігінің бастауы болған Жошы Ұлысының 800 жылдық мерейтойы ел көлемінде аталып өткен еді. Осыған орай, еліміздегі бірқатар қаламгерлер Жошы Ұлысын ұлықтауға қатысты қомақты еңбектер жазғаны белгілі. 25 қазан – Республика күні қарсаңында, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Жошы хан ұлысының тарихына қатысты елеулі еңбек еткен, жазушы, «Жошы хан» тарихи романының авторы Ұларбек Дәлейұлы мен «Жошы Ұлысы» ғылыми зерттеу институтының жетекшісі, PhD Жақсылық Сәбитовке «Құрмет» ордені табыс етілді.
Осыдан бұрын, Президент Ұларбек Дәлейұлының «Жошы хан» романын оқығанын, роман ұлт руханияты мен төл тарихымыз үшін жасалған елеулі еңбек екенін ескере отырып, жалғасты еңбектене беруін айтып, авторға ресми хат жолдаған болатын. Ұлттық мереке қарсаңында Мемлекет басшысының жарлығымен құрметке бөленіп жатқан қос қаламгерге құтты болсын айта отырып, шығармашылық толағай табыс тілейміз!
Ұларбек Дәлейұлы – 1980 жылы қазіргі Қытайға қарасты таулы Алтай аймағының Көктоғай ауданында туған. Қазақстанға танымал ақын, жазушы, тарихшы.
2001 жылы Қазақ еліне қоныс аударған. Түркістан қаласындағы Халықаралық Қазақ-түрік университетінде филология факультетінің магистратурасын бітірген.
Оның «Қанымдағы қасқыр иісі», «Күз жауған соқпақ» атты екі жыр кітабы оқырманның зор ықыласына бөленген. Жазу стилінде Ғұн, Түрік заманындағы жылқы дүбірі мен ержүрек көшпенділердің жорық дабылының үні бар.
Поэзия мен қоса прозаға да қалам тартқан автордың 2021 жылы «Хат бармайтын қыстақ» атты хикаялар жинағы ел көлемінде оқырмандар тарапынан зор аңыс қозғады.
Соған жалғас, 2023 жылы күзде шыққан «Қарғыбаулы қасқыр» атты жаңа хикаялар жинағы оқырман сұранысын тудырып, қазіргі күні қолдан қолға түспей оқылуда.
2024 жылы көктемде шыққан «Жошы хан» атты тарихи-деректі романы қазақ оқырмандарының қызу аңысын қозғады. Шынайы тарихқа шөлдеген жұрт романды өте жоғары бағалады. Тіпті, Ел президенті қызыға оқып шыққанын айтып, авторға арнайы хат жазды. Астана, Алматы, Жезқазған қалаларында кездесулер өтіп, жұрт алқауына бөленді.
Сонымен қатар осы жылы жазда балаларға арналған «Жошы хан кім?» атты кітабы «Мазмұндама» баспасынан жарық көріп, оқырманын тапты.
Автор шығармаларының негізгі өзегі – адамгершілік, ұлттар мен жеке адамдардың бостандығы, үлкен ұлттардың кіші ұлттарға жасаған отарлауы мен езгісіне қарсылықты негізгі арқау ретінде алады.
Жақсылық Мұратұлы Сәбитов – Қазақстан тарихының орта ғасырдағы кезеңін зерттеп жүрген медиевист-тарихшы. Елімізде орта ғасырлардағы қазақ тарихын зерттейтін «Жошы Ұлысын» ғылыми-зерттеу институтының жетекшісі, PhD. Ғалым жоғары білім, ғылым, Орталық Азия тарихы, тарих мифологиясы, тарихи жады, әліпбиді романизациялау, халықаралық қатынастар, ішкі саясат мәселелері бойынша талдамалық материалдардың авторы. 300-ден астам ғылыми жарияланымдар, 3 ғылыми монографиялық еңбектің авторы.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.