Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Қирабаев тұрған үйге ескерткіш тақта қойылды...

23.09.2022 8637

Қирабаев тұрған үйге ескерткіш тақта қойылды 14+

Қирабаев тұрған үйге ескерткіш тақта қойылды - adebiportal.kz

Бүгін Астана қаласында Мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі әдебиеттанушы ғалым, академик  Серік Қирабаев тұрған үйге ескерткіш тақта қойылды. Ескерткіш тақта ғалымның өзі он жылдан аса тұрған Шәмші Қалдаяқов көшесінің бойындағы үйінің қабырғасына орнатылды. Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына ғалымның асыл жары Әлия Бейсенова мен туыс-туғандары және Астана қаласында тұратын ел ағалары, ұлт зиялылары, ғалымның шәкірттері қатынасты.

Ескерткіш тақтаның салтанатты ашылу салтын белгілі алаштанушы ғалым, «Егемен Қазақстан» РГ» ЖШС Бас директоры Дихан Қамзабекұлы жүргізді.

Дихан Қамзабекұлы алғашқы сөзді Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұловқа берді. Бақытжан Жұмағұлов өз сөзінде: «Серік Қирабаев ХХ ғасырдың ерекше тұлғасы, Алаш арыстарының соңғы буынының көрнекті өкілі. Академиктер Зейнолла Қабдолов, Зәки Ахметов, Серік Қирабаев сынды ағаларымыз өткен ХХ ғасырдың әдебиетін, ғылымын, руханиятын қол жетпес биікке жеткізген тұлғалар деп есептеймін. Сер ағаң бірінші болып 1965 жылы қырық жасқа жетпей докторлықты қорғады. Сөйтіп өз замандастарына жол ашты. Сер ағаң саналы өмірінде бір күн, бір сағат бос отырған жоқ. Сер ағаңның қаламынан елуден астам монография, ондаған оқулықтар, бес жүзден аса іргелі зерттеу мақалалары, бірнеше мемуар, эсселер, көркем шығармалар туды. Тынымсыз бел жазбай еңбек етті. Оның осыншама мол рухани мұрасына қарап отырып, Сер ағаңның энциклопедиялық біліміне таң қаламыз. Әдебиетші ретінде бірде бір қаламгер Сер ағаңның назарынан тыс қалған емес»- деп атап өтті. Сонымен қатар Бақытжан Жұмағұлов Серік Қирабаевтың адамгершілік парасатын, ғылымға адалдығын, шәкірттеріне деген жауапкершілігін, махаббатын тебірене жеткізді. Сөз соңында Сер ағаңның артындағы ұрпақтарына ұзақ өмір, жары Әлия Бейсеноваға мықты денсаулық тіледі.

Келесі сөз ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов мырзаға берілді. Академик Серік Қирабаевтың ескерткіш тақтасының ашылу салтанатына арнайы келген вице-министр жиналған жұртқа өз ықыласын білдіре келіп, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Саясат Нұрбектің арнайы құттықтау сөзін оқып берді. 

Келесі сөз Жоғары білім саласының ардагері, белгілі Мемлекет және қоғам қайраткері, төтенше және өкілетті елші Әділ Ахметов мырзаға берілді. Әділ Ахметов өз сөзінде: «Бүгінгі бұл іс-шара Серік ағамызға ескерткіш қойғанмен бірдей. Ол кісі Астанада он шақты жыл тұрса, жай тұрған жоқ Еуразия университетінде ұстаздық етті, шәкірт тәрбиеледі. Мен Серік ағамыз бен Әлия апамызды өте қадырлеймін. Өйткені, қандай бір жиналыс болсын екеуі егіз қозыдай бірге жүретін. Бір отбасында қос академиктер өте сирек кездеседі. Жай академиктер емес Сәтбаев Академиясының академиктері. Қазір бүкіл ел болып сол Академия қалпына келер деген үмітте жүрміз. Өйткені, сол кездегі Академияның сапасы өте жоғары әрі биік болатын. Ғылыми мектебі аса қуатты еді. Біз одан айрылып қалдық. Қазір аты бар да заты жоқ. Міне енді ғана қайтадан соған оралып жатқан жайымыз бар. Сондықтан бүгін, еліміздің ардақты ұлының ескерткіш тақтасы өзі тұрған үйде тұруы өте құптарлық іс. Өткенді сыйламасақ, өткенді құрметтемесек келешек ұрпақ ұлағатты болып өспейді. Серік ағамыз бен Әлия апамыз ұлағатты ұлдарды тәрбиеледі. Артына із қалдыру деген осы. Сондықтан да бүгін ағамыздың аруағы бір аунап түскен шығар. Ең бастысы Серік аға құрған ғылыми мектеп жалғасып жатыр. Мінекей бүгінгі шараға еліміздің сүт бетіне шығар қаймақтары жиналып отыр. Осының бәрі Серік ағамызға деген шәкірттік құрмет пен ізет»- деп ағынан жарыла сөйлеп, ескерткіш тақтаның орнатылуына құтты болсын айтты. 

Серік Қирабаев қаламдас інілерін, шәкірттерін ерекше сыйлап, құрмет білдіріп, жол нұсқап отырған ұстаз. Сондай шәкірттерінің бір Сауытбек Әбдірахманов. Келесі сөздің реті Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Әбдірахманов мырзаға берілді. Сауытбек Әбдірахманов өз сөзінде: «Ардақты ағайын, әуелгі сөзімді бір фактымен бастайын. Биыл 2022 жылы –  Серік Қирабаев шығарған «Қазақ совет әдебиеті» деген оқулықтың алғашқы басылымы жарық көргеніне тура 70 жыл толды. Бұл недеген феномен құбылыс. Бұл недеген таңқаларлық жағдай. Сер ағаң 25 жасында «Қазақ совет әдебиеті» оқулығының авторы атанған. Содан бері Сер ағаң жазған сол оқулықтың ондаған басылымдарымен миллиондаған қазақ балалары оқып шықты. Отыз-қырық жылдың ішінде өте кең таралыммен басылатын мектеп оқулықтары сондай тиражға жетеді. Осы жылдар ішінде милиондаған қазақ баласы, ХХ ғасырда жасаған сөз өнерінің асылдығына, құндылығына көз жеткізіп қана қойған жоқ, осы жылдар ішінде жүз мыңдаған қазақ жасы Қирабаевтың оқулығы арқылы әдебиетке ынтықты. Сөз өнерінің қадыр-қасиетін біле түсті. Осы арқылы әдебиетке толқын-толқын болып келе берді, келе берді. Бұл Серік Қирабаевтың ұлт алдындағы ұлы еңбегі. Біз мектепте жүргенде «Қирабаевыңды» бере тұршы, менің «Қирабаевым» қалып кетіпті деп сөйлейтінбіз. Қирабаев есімі осылайша ұғымға айналған. Бұл деген басқа категорияға шығып кеткен киелі ұғым. Шын мәнінде Қирабаев Ұлт Ұстазы»- дей келіп Серік Қирабаевтың әдебиет сыны саласына қосқан үлесін атап өтті. Не жазсада өз қадырымен, өз биігімен жазатын дегдар болмысын баса айтты.

  

Серік Қирабаев тұрған үйге ескерткіш тақта орнату салтанатына Л.Н.Гумилев атындаы Еуразия ұлттық университетінің ғалымдары, ұстаздары арнайы келді. Сонымен бірге Сер ағаңның алдынан дәріс тыңдаған шәкірттері келді. Сол шәкірттерінің атынан белгілі қоғам қайраткері Бейбіт Мамыраев мырза сөз алды. 

Ғалымдар мен қайраткерлердің құттықтау сөздерінен кейін Серік Қирабаев тұрған үйге қойылған ескерткіш тақтаны ашу салтанаты басталды. Ескерткіш тақтаны Бақытжан Жұмағұлов, Әділ Ахметов, Ерлан Сыдықов, Сауытбек Әбдірахманов, Дархан Мыңбай, Сәрсенғали Әбдіманапов, Ирақ Елекеев сынды ел ағалары салтанатты түрде ашты.

Жиналыс соңында Серік Қирабаевтың асыл жары, академик Әлия Сәрсенқызы Бейсенова жиналған жұртқа ақ тілегін айтып, ақ батасын берді. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар