Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ШЕБЕРХАНА
Рудольфио. Аманат...

28.11.2024 799

Рудольфио. Аманат 14+

Рудольфио. Аманат - adebiportal.kz

Кешке қарай жұмыстан қайтып келе жатқан Рудольфке трамвайда бір жас қыз келіп соқтықтыеңес кезінде «автобусқа отыратынсың» да, тікаяқ тұратынсың). Рудольф өзі үйлі-баранды жігіт еді, екеуі қоғамдық көліктен түсіп, қатар аяңдап келе жатқанда да өзіне тұтқыр сары желіммен жабысып қалған әлгі қыз баламен әңгімелесуге онша құлықты бола қоймады. Рет үшін атын сұрағанында қыз өзін Ио деп таныстырды, бұл таңданып қалған, ал қыз Ио-ны мұның есіміне қосақтап, «Енді сіз екеуміз Рудольфио боламыз» деген кезде сақа жігіт құлап қала жаздады. Ио соңыра, әйелі жоқ кезде Рудольфтің үйіне келіп тұрды. Екеуі оңашада ашылып сөйлесіп, біраз мән-жайға қанықты. Өзі әдебиетке, жалпы руханиятқа жақын, жаны шыңылтыр қыз екен, сонысымен де Рудольфке ұнай бастаған еді, алайда бірде екеуі өзен жағасымен қыдырып келе жатқанда Ио аяқ астынан өнер ашып, жігітке «Ернімнен сүйші» деді. Отбасылы мауыздай еркек мұны ерсі көріп, «Кісі ең жақын адамын ғана ерінінен сүйеді» дегені сол-ақ екен, қыз ер-тоқымын бауырына алып туласын. Бұл қыдырыс екеуінің соңғы кездесуі болды. Содан бастап жас қыз «тормоз» еркектен бойын біржола аулақ салды...

Валентин Распутинның ертеректе жазылған «Рудольфио» дейтін әңгімесінің фабуласы ғой. «Ангара» журналының  1966 жылғы бір нөмірінде жарияланған хикаят соңыра түзетіліп, жазушының повестер мен әңгімелер жинағына енді, қазіргі тілмен айтқанда, қырғын «пресса» жинады. 

Қазақта, жалпы Шығыста өзі арлы болғанымен, жігіттің арсыздау болғанын ұнататын қыз шіркін жігітке өз аяғымен келмейдіазірде бізде ол жағы өзгеріске түскен болар, сөйтсе де бұл типтік жағдай емес). Ердің бағы талаптанса ашыладыыбағадан әуелім жігіттің өзі құр қалмауы керек, әйел болатын қызды табу, келіншек қып әкеп, әке-шешенің іргесін қыздыру еркек кіндіктінің міндеті – әлімсақтан келе жатқан біздің түсінік осындай.  Ал орыстарда автобуста еркекке жеп қоярдай тесіле қарауқарап тұрған жігітке қыздың өзі келіп артылуы» – үйреншікті, қалыпты нәрсе және бай орыс әдебиетінде бұған мысал жеткілікті, тіпті аткөпір. Бірақ В. Распутин әңгімесінің жөні бөлек. Жазушы мұнда өзінің көркемдік әлемі үшін таңсықтау сюжеттік оқиғаны және бас кейіпкер – жасөспірім қызды таңдап алған. Нәтижесінде қаламынан жап-жас үргедек қыздың алғаш рет сүйіспеншілік сезімін бастан өткізуі туралы романтикалық әңгіме дүниеге келген. Распутин шығармашылығындағы ғана емес, жалпы 1960-1970- жылдардағы орыс прозасы үшін де тың бұл қадам өз кезінде оған рецензия жазған авторларды да әрі-сәрі күйде қалдырып, пікір айтқандар бұлтаққа түсіп көп ізденіп, сол ізденістер, шамырқанулар мен ширығулар барысында өзара диаметральды қайшылықтағы ой-пікірлерге бой ұрады. 

Бірқатар әдеби сыншылардың пайымдауынша, «Рудольфиода» кейінгі Распутинның қалыптасқан көркемдік әлемі атымен жоқ, мұнда жалпы санғасырлық орыс әдебиетіне тән, шындықтың сөлін шығарып тұрып айтатын аса шыншыл, тұрақты-қатаң Распутинды атымен таба алмайсыз, қаламды енді жасақтап жүрген жас автор көнекті сыртқа салып, Батыс прозасына, соның ішінде Ремаркқа, Сэлинджер мен Хемингуэйге еліктеп-солықтап кетулі. Өзге рецензия авторларының бір парасы әңгімеге баға берген кезде оншалықты қатты кетпейді, «жас жазушының талантты тәжірибесі» деп атайды, сөйтсе-дағы олар да шығармада жас қыздың романтикалық арманының көрініс табуын, әлгі арман-аңсары қатаң өмір жағдайымен бетпе-бет келгенде күйрей жеңілген драманы ғана көреді. 

«Рудольфио» мен оқыған В. Распутин шығармаларының ішінде жазушы шеберлігінің жоғары пилотажы «Соңғы сүрек» повесімен ауыл-үй қатар қона алмайды, әрине. «Последний срок» – жазушының әбден шығармашылық кемеліне келіп, ой мен қырды бірдей шолып, топтан тосырқамай озып тұрған шағында қаламынан қорытылып шыққан дүние болса, «Рудольфионы» ол бар болғаны жиырма сегіз жасында жазған. Бір қызығы, жоғарыдағы рецензия иелері жас қаламгерге Батыс прозасының тигізген ықпал-әсерін әуезе еткен кезде әлденеге әңгімедегі А. де Сент-Экзюпери шығармаларына жасалған тікелей интермәтіндік сілтемелерді ескермеген. Сыншылар әңгімені «Кішкентай ханзада» мен «Адамдар мекені»-нен туған аллюзияларды қаперге ала отырып талдаған болса, бас кейіпкер образы әлеқайда толық, толымды ашылар ма еді, қайтер еді!? 

Біз бұл жерде «Рудольфио»-дағы «жаһаттас, рухтас жан дүниелер» мотивін зерттеу мақаласына арнайы арқау еткен жас зерттеуші А. Игнатьеваның «В. Распутинге француз жазушысы тигізген шапағатты әсерді асыра бағалауға болмайды, мұның өзі орыс қаламгерінің көркемдік нұсқалылығын теріс түсінуге әкеп соқтыруы мүмкін» деген пікірімен толық келісеміз. Шынында да, айтылмыш қисынға салып талдайтын болсақ, Ио қызды дүние тіршілігіне ғайыптан тап болған өзгепланеталық ғажайып тіршілік иелерінің қатарына апарып қоя салудың да ауылы алыс болмас еді. Ересектер әлемінде қабылданған жүріс-тұрыс, өзін ұстау нормаларына, үлкендердің жалпы өмір сүру салтына келмейтін қылықтары, өз құрбы-құрдастарының ортасынан дос, сырлас таба алмай, бозқаңғыр ретінде қалет етілуі де сондықтан еді деп, әңгімені адасқақ алыс қиырларға ұзатып алар едік. 

Ал негізінде олай емес. Распутинның Ио қызы аспаннан түскен әпсін, ирреалды бейне емес, жазушының жалпы әйел кейіпкерлері образының шекпенінен шыққан, автордың әйел затына көзқарасының аясынан табылатын бейне (Валентин Распутинның бүкіл шығармашылығын бір орынға жиып-түйіп, түйіндеп айтар болсақ, жазушы қай шығармасында болсын «адам өмірінің әйел затына тән бастау-қайнары» дегенді әңгімелейді). Яғни әйел әйелдік қалпын жоғалтса, өмір де мәнін жоғалта бастайды, шалбар киіп, дөрекі сөйлеп, тұрпайы жүріп-тұрып, еркекше сөйлеген шықта, ондай әйел дереу еркекке қызықсыз боп қалады. Өзіне қарама-қарсы мағыл жыныс өкілін алғаш рет ұнатып, жүрегі қолға түскен торғайдай шым етіп сүйіп қалған тәжірибесіз, арманшыл жас жанның жүрек өрекпуінің дүрсілдері жөнінде бұл әңгіме. Кішкентай принц Ио қызға идеал болса, басқаларға мүлдем ұқсамайтын алабөтендігімен идеал. Қаршадай қыздың ойын қараңыз: ол үшін ең қауіпті нәрсе – өзі тілеген жанның (идеалының) өзінің осы талабын тәрк етіп, әшейін көптің бірі, көпшіктің кірі қатарға түсіп қалуы. 

Ио үшін көптің бірі болу деген не? Осының өзі жас қыздың өзгелерге ұқсағысы келмеген, оқшау көзге түскісі келетін кәдуілгі романтикалық ұмтылысы ма? Біздіңше, Ионың – ол арқылы берілген автордың – ойы әріде. Ионың тілегіндей мақсұт-мұрат образы – мына дүниеге, өзін қоршаған адамдарға алғаусыз ақ көңілімен, соған сәйкес бойындағы барын сарқып беруімен сипатталатын өмірдегі ерекше қабылдау, басқаша мағынадағы дүниетүйсік. Ионың романтикалық ұмтылысы – бір адамның екінші адам үшін мойнына жауапкершілік алуы, сол ауыр жүкті қиынсынбай, міндетсімей атқаруы, орнына келтіруі. Сол себепті де Ио өзіне Рудольф оқуға берген «Адамдар мекені» повесінде қалтасындағы бүкіл ақшасына балаларға аяқ киім әперіп, өзі түксіз қалатын Барктың қылығына қайран қалады. «Бұл деген адамдардың арасында жүріп адам болып қалудың жарқын көрінісі ғой!?» деп сүйсінеді. Өзінің ішкі жан дүниесін, іштегі долығын ғана құрметтеп, әспеттеп қоймай, жанында жүрген адамның да жан дүниесін, іштегі долығын сыйлаудың, құрметтеудің жүрек тебірентер мысалы ретінде қабылдайды. Осылайша автор – түкпірдің түбіндегі Иркутскіде жатқан жазушы – бас кейіпкері арқылы Экзюпери персонаждарының тұла бойын шарбыдай шырмаған жан жомарттығына, сезім сергектігіне үн қосады. Қосқанда да, алдымен әйел затына тән шыңылтыр сезімшілдік арқылы көрінетін тіршілік бастауына, өмір қайнарына назар тігеді. Суреткер үшін әйел адамның етжақын кісінің бойында жан сезімшілдігін, сергектігін сақтау жөніндегі табиғи мазасыздығы принципті нәрсе түрінде алға шығады. Ионың қорқынышы, Ионың қауіп илеуі – бір есептен, жазушының адам боп дүние тіршілігіне келгеннен кейін рух сынымен қуатталмаған кездейсоқ өмір сүрулерден сескенген секемшіл жүрегі де. 

«Рудольфиода» В.Распутин Ио образын сомдау үстінде осынау жас кейіпкерінен жарқын да жұмсақ, сәулелі бояуларды аямаған. Жас адамның бүткіл жан дүниесін сары қымыздай мөлтілдетіп, төкпей-шашпай, шайқалтпай, өз суретімен, өз бояуымен алға тарта қояды. Чеховтың Тoмпышы (Пышка) сияқты Құдайдың сәулесі түскен бұл қыз өмірден өзі тәрізді жан тазалығымен тіршілік кешетін ақшағи көңіл, жүрегінің түбіне кір жасырмай сөйлесер адам іздейді – таңғы шықтай мөлдір жаны дәл сондай таза тіршілік иесін кездестіргісі келеді. Сол ежеттестікті, сол жеделдестікті Рудольфтен тапқандай болып, көктемгі бәйшешектей құлпырған нәзік жаны өмірінде бірінші рет сәулелі, шынайы сезім тасқынын бастан өткереді. Мұны жігіт те қапысыз сезеді және жас қыз мұның бойынан бұрын ешкім байқамаған қасиеттерді тап басып көре білгені бұған дейін оған белгілі бір сақтықпен қарап келген оның бойында да қызға құмарлық сезімін оятады. Қыздың шыншылдығы, ақшағи аппақ жүрегі, өмірді еш боямасыз, тікелей шығармашыл табиғи қалпымен қабылдауы адамдар арасындағы қарым-қатынаста бұрын өзіне танымсыз болып келген әлдебір басқа, жаңа қарым-қатынастар, беймәлім өңге жаңа дүниелер бар екенін ұқтырады. Ионың әпсіндік, иррационалды дүниетүйсігі мұның прагматтықпен тұншыққан рационалды тіршілік тақыретін таңғы желмен тазартқандай, толықтырғандай болады. Осы орайда кейіпкерлердің есімдерінің де ерекше екендігі назар аударарлық: Рудольф пен Ио, бұл екі есім сондай-ақ Рудольфтың зайыбының есіміне (Клава) өзінше бір антонимия. Оған қоса Ио екеуіне бір ат таңдап қояды, мұнымен автор қос кейіпкердің жанқостығынан да нышан тастағандай болады.

Өкінерлігі, Рудольф өзіне тосын берілген бұл өмір сынағынан өте алмады: жүрегінің үнін қанша мұқият тыңдағысы, сол жүрегінің тілін алғысы келгенімен, соңында өзін иектеп, тұқыртып алған рационал дүниенің шылауынан шыға алмай, ақыры одан жеңіліс табады. Сол себепті де өзіне құлай беріліп, ернін тосып тұрған қыздан ат-тонын ала қашады (О, тормоз!). Өзіне жаны жаһаттас жанды кездестірдім деп ойлаған Ио үшін бұл жағдай ашық күнде найзағай ойнап, жасын түскенмен бірдей еді: сөйтсе, ол өзі Рудольфке әсте жақын адам емес екен ғой, жігіт мұны тіпті керексінбейді де екен ғой... 

« – Жоқ, адам өзінің жақын кісісінің ғана ернінен сүйеді.

– Ал мен ше?!»  

Осылай деген Ио – енді басқа адам. 

Календарьдың беті жігіттің әлгі сөзінен соң аударылып түскен. Әулие тұтып, әс көргені әшейiн қатарда жүрген көп ерқараның біреуі болып шықты. Жүрегінің үніне құлақ аспайтын, соның тілін алмайтын, «көп айтса – көндім» мырыңбай тобырдың бірі ғана. «Сен... сен Рудольфио емессің, сен барып тұрған Рудольфсың. Кәдімгі Рудольф екенсің ғой, түсіндің бе?» дейді өмірге еркін бойламаған нәзік жанды Ио булығып, төгілмеген көз жасын ішіне жұтып. Ал жігіт... Рудольф «өзенмен екі арадағы жаңбыр сіңбей көлкіп жатқан арқайым кең жерді кесіп өтіп, өзен жағасына түсті де, кенет қалт тоқтап: енді қайда барамын деп ойлады» – «Штирлиц ещё никогда не был так близок к провалу»... 

Ашық структуралы финал. Әдейі таңдалған жазушылық тәсіл. Сонда да Рудольф тақырдан тұғырға көтерілем деп жүріп тірелген жол тұйығы, кейіпкердің өмірдегі тұйыққа – экзистенциалды тығырыққа тірелуі екендігін, жігіттің жан дүниесінде әлдебір қопарылыс болып өткенін бүкіл жұлынтұтамыңмен ағатсыз сезінесің. Ио, көз алдында күйзеліске түсіп, жаны шырқырап кеткен жас қыз жігіттің алдына бүйірінен бір сұрақты қойды: ол өзі, сонымен бірге өзі сияқты ондаған, жүздеген, бәлкім тіпті мыңдаған «ерқара» жан қалайша бір демде жар басына, құзға кеп тірелген – адамдар арасындағы қарым-қатынас тіндерінің, еркек пен әйелдің арасын жалғастырып тұрған нәзік қылдардың быт-быты шығып үзілуінен шыңырау құзардың ернеуіне қашан, қалай кеп қалдық? Бұдан әрі не болады?.. 

«Рудольфиоға» сын жазғандар негізінен проблеманы «еркек пен әйел» тандемі тұрғысында тұрып қарастырады, ал біз оны кеңейтіп, жалпы социумға, соның ішінде үлкен өмірге енді қадам басқан жас адамдар мен ересектер дүниесінің арасындағы келіспеушіліктерге, бүгінгі күннің социологиялық проблематикасына дейін ұлғайтар едік. 

Қазірде күніге болмағанымен, өте жиілеп кеткен жастар суицидінің ең үлкен себебі өмір сүру тақыреті өздерінен бөлек жастарға (перзенттеріне, шәкірттеріне) үлкендердің дәл өздерін қарағандай қарауында, өздерін сол жастардың биігіне апарып қоя білмеуінде, сүйсе құлай сүйетін, сенсе қалтқысыз сенетін пубертат жастағы көкөрімдеріміздің жан дүниесін түсінбеуінде емес пе екен деген нарратив қой. Махаббат деп жүргені махаббат маусымы болып шығуы жүрекке қаншалықты әлектік әкелетінін түсіну үшін біз, үлкендер, қайтадан жасөспірім болып көруіміз керек шығар. Осы проблема, біздіңше, В.Распутин әңгімесінде жанама көтерілген, жазушылық ғаламат түйсікпен қай заманда да арылмас қалыптағы жас буынның – жас адамдардың көркемниет нәзік физиологиясы тереңнен ашып көрсетіліп, образы көркем сомдалған. Қасымызда, үйімізде жанына медеу болар жылы сөз іздеген, қауымнан қолдау, адамнан ұғу таппаған қаншама жас адамдар жүр, олар не ойлайды, арман-мұраттары қандай, кімдермен сөйлеседі, кімдермен сырласады... мұның бәрі де біздер, үлкендер үшін тылсым жұмбақ десек, адаса қояр ма екенбіз. Тіпті олардың Рудольф тәрізді домбауыл дуалдарға соқтығып жатуынан да бейхабармыз ғой, шынына келгенде. Біздің білетініміз, суицидке жан күйзелісі әкеледі, ал депрессияға өзін ешкімге керексізбін деп торығу түсіреді.

«Адам баласынан өңге ешбір тіршілік иесі жан жарасынан өзін өлімге қимайды, өзіне қол қатпайды» деседі. Бұл сұмдық қорқынышты теріс қылыққа адам ғана барады екен. Бірақ көшеде жүретін бұралқы иттердің жолға шығып, өзін мәшін қақсын деп отырып алатын жағдайлар да кездеседі. Өлім күтіп, қозғалмастан шоқиып отырады екен. Бұл, әрине, суицид. Бала кезімізде әжемнің Маңғыстаудан бері келе жатқан түйелері біз көшіп келген Мақаттан түбек жаққа қашып тұрмайтын. Темір жолдың үстіне шығып тұрып алады екен. Бәрі де пойыз қағып өлді. Ойлаймын, жануарлар туған жерлеріне жете алмасын білгеннен кейін өлімді артық көрді ме екен деп... Ал бізде «Рудольфио» жоқ. Дәлірегі, Ио, Иолар жайлы көркем шығарма жоқ. Серік Асылбекұлының «Рәбиғаның махаббатынан» басқа алмадай қыздарымыз бен өріктей ұлдарымыздың өзін өлімге қиған түсініксіз әрекеттерін ізерлеген, ішкі жан дүниелерін, барзақ әлемін қопарып зерттеуге талпынған шығармалар жазылмай келеді деуге ауызымыз барады. Біздің әдебиеттің алда тұрған кезек күттірмес міндетінің бірі – жасөспірімдер жайлы янг-эдалт туындылар жасау. 

Ілгеріде Рудольф бейнесіне қатыстырып жауапкершілік мәселесін айтып қалдық қой. Бір адамның екінші адам үшін мойнына жауапкершілік алып, қайбармастан соңына дейін атқарып шығуы Ионың идеалының бірі дегенбіз. Рудольф бұл үдеден шыға алмады – жеме-жемге келгенде қыздың тосын ұсынысынан бас тартып, табаны тайып қашты. Қиындықтан, проблемадан қашты («жап-жас қызды бүлдіріп қойса, оған оның үй-іші, қоғам және ең бастысы өзінің әйелі қалай қарайды?!; ойбай-ау, бұл дегеніңіз өзіңе-өзің үкім шығару ғой!»). Ионың көзімен (бәлкім, тіпті оқырманның көзімен) қарағанда, «жауапкершілікті» желеуретіп, сезімнен, махаббаттан қашу бұл. Ие, рас, бірте-бірте, Ионың жан тазалығын тани бастаған соң жігіттің де қызға көңілі кете бастайды. Қауашағындағы боз быламық қыздың түртиіп, енді білініп келе жатқан төсіндегі өртеңгірге алағызып, сұқтана көз салады. Сонымен бірге өзінің жиырмадағы бозөкпе емес екенін, отбасының, әйелінің жағдайын ойлап, әлгі жақсы емес ойлардан, жалпы Ио жайындағы тәтті арманнан өзін тежейді. Табаным тасқа тиер деп сақтанып, сақсынып, қиында болса, отбасын, әйел-баласын жылатып тастап кетуден өзін күшпен тыяды. «Маған тағдырын сеніп тапсырып, қосылған қос өзендей қосақтады ғой, маған аманат етіп берілді ғой, қалайша құдайдың аманатын тәрк етіп, обалына қаламын?!» – әлбетте, әңгімеде ондай сөз жоқ, бірақ болмаса да соны шығарманың өн бойынан, Рудольфтың бүткіл конституциясынан сезіп-біліп отырасың. Валентин Распутин шідерсіз шын шебер, қай туындысында болсын осындай көпмағыналылығымен, көппландылығымен, қат-қабаттығымен кісіні аруанадай жетелеп отыратын шебер және онда ой салмайтын сөз, кітап шындығынан тыс әдеби қабат болмайды. Бұл жағынан ол бұл алғашқы әңгімесімен-ақ өзі өкілі болып саналатын орыс әдебиетінен, оның классикасынан да қосын аулаққа апарып тігеді: Куприннің белгілі «На разъезде» әңгімесінде купеде кездейсоқ жолыққан жас офицерге аяқ астынан көңілі кеткен (өзі іздеген жан жаһаттасын тапқан) келіншек жанында теңкиіп ұйықтап жатқан (жаны жиһаттас емес, сүймей қосылған) күйеуін тастап, жолшыбай бір бекеттен офицермен бірге түсіп қалады ғой. 

Рудольф үшін де Ио жаны жаһаттас жан еді. Алайда құдайдың аманаты, адамның тағдырына деген жауапкершіліктің қорғасындай салмағының шеккісі одан басым түсті. 

Ертеректе Шыңғыс Айтматов тағдырдың ретті кездейсоғымен ажарлы да білімді Бүбісара есімді қырғыз қызына кезігеді. Екеуі бірін-бірі шын ұнатады. Бірақ Бүбісара Шыңғыстың шығармашылық жолына, қызметіне кедергі келтіргісі келмейді. Шыңғыс та отбасын, әйелін тастап кете алмайды. Екеуі бір-біріне сырттай тілекші ғана болады. Екеуі де аманатқа қиянат жасауға батылдай алмайды. Есесіне, әлем әдебиеті «Шынарым менің, шырайлым менің» дейтін мөлт еткен әсем шығармаға ие болды. 

Ей, жігіттер, сілкіп тастап кекілді, / Ойға алғанда үйді тастап кетуді. / Ұмытпаңдар қыз тағдырын – аманат, / «Жауап бар» деп тас-түйін боп бекуді.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар